14) 26-бапта:
1) 1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Сараптамалық кеңестің отырысы бір тоқсанда кемінде бір рет жүргізіледі.»;».
мынадай мазмұндағы 3-1 және 3-2-тармақтармен толықтырылсын:
«3-1. Сараптамалық кеңестің нормативтік құқықтық актілердің жобасын қарауы осы Заңның 5-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбестен жүзеге асырылуы мүмкін.
3-2. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.»;
5-тармақта:
бірінші бөлік «мониторингiн» деген сөзден кейін «кәсіпкерлік жөніндегі» деген сөздермен толықтырылсын;
екінші бөліктегі «Уәкiлеттi органның» деген сөздер «Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның» деген сөздермен ауыстырылсын;
1-бабының 56-тармағының 15) тармақшасы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
15) 28-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Орындалмаған мiндеттемелерi жоқ және мемлекеттік органдар төмен немесе орташа дәрежедегі тәуекел санатына жатқызған жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен қайта ұйымдастырудың және ерiктi таратудың оңайлатылған тәртібі белгіленеді.»;
16) 7-тараудың тақырыбындағы «әкімшілік ету» деген сөздер «реттеу» деген сөзбен ауыстырылсын;
17) 29-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«29-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің
мақсаттары мен түрлерi
1. Жеке кәсiпкерлiкті мемлекеттік реттеудің мақсаттары жеке кәсiпкерлiк субъектiсi өндiретiн және өткізетін өнiмнiң адамдар өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн, олардың мүліктік мүдделерін қорғауды, қоршаған ортаға қауiпсiздiгiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау болып табылады.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің түрлерi:
1) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсiпкерлiктің субъектілеріне, сондай-ақ өнiмдерiне, процестерiне талаптар белгiлеу;
2) сәйкестiктi, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдарды аккредиттеу;
3) өнiмнiң, процестердің жекелеген түрлерiнiң Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн мiндеттi растау;
4) жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік бақылау;
5) лицензиялау, сертификаттау, аккредиттеу және рұқсаттардың өзге де түрлерін беру;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру;
7) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгiлеу.»;
18) 33-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«33-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік бақылау
1. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік бақылау, өнiмдерге, процестерге Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен белгiленген талаптардың және өнiмдердiң жекелеген түрлерiнiң, процестердiң сәйкестiгiн растау жөніндегі талаптардың орындалуы мемлекеттік әкiмшiлiк ету мақсаттарына қол жеткізу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайларда белгiленедi.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау:
1) ұйымдастырылу және жүргізілу тәртібі осы Заңда айқындалатын тексерулер;
2) ұйымдастырылу және жүргізілу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын алдын алу-профилактикалық сипаты бар бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті органдар бақылау объектілеріне (субъектілеріне) келместен, тәуекелдерді бағалау жүйесінің бекітілген критерийлерін ескере отырып, қажеттілік пен жеткіліктілік принциптеріне сәйкес жүргізеді.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүргізген кезде жеке кәсіпкерлік субъектісін алдын ала хабардар ету және өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнаулы есеп саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда (бұдан әрі - құқықтық статистика органы) тіркеу талап етілмейді.
Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарының түріне қарай оның қорытындылары бойынша бұзушылық анықталған жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауаптылық туралы істі қозғамастан, бірақ оған бұзушылықты жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, қорытынды материалдар (анықтама, нұсқама және басқа да) жасалуы мүмкін.
4. Осы Заңның 37-бабын, 39-бабының 2 және 3-тармақтарын, 41-бабын қоспағанда, осы баптың және осы Заңның 8-тарауының күші:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесiп өтумен;
2) Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 59-тарауында көзделген талаптарды қоспағанда, кеден ісі саласындағы мемлекеттік бақылаумен;
3) кедендік шекараны кесіп өткен кездегі өсімдіктер карантині бақылауын, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық бақылауды жүргізумен;
4) жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтаумен;
5) көліктегі қауіпсіздік талаптарын сақтау тұрғысынан көліктік бақылау бекеттерінде автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өтуімен;
6) кеме иелелерінің және шағын көлемдi кемелер экипаждары мүшелерінің Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі және сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңдарына сәйкес шағын көлемдi кемелерді қауіпсіз түрде пайдалану жөніндегі талаптарын орындауын бақылаумен;
7) жеке тұлғалардың азаматтық қаруды сақтау, тағып жүру және пайдалану талаптарын сақтауымен;
8) базарларда, жануарлардан, өсімдіктерден алынатын өнімдер мен шикізаттарды бір технологиялық циклде өндіруді, дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдарда ветеринария және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асырумен;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және мемлекеттік орман қоры аумағында орман қорын күзету, қорғау, оны пайдалану, ормандарды молықтыру жөне орман өсіру саласындағы талаптардың сақталуына, сондай-ақ жануарлар және өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуын бақылауды жүзеге асырумен;
10) карантиндік аймақтарды және қолайсыз мекендерде жануарлар мен құстардың аса қауіпті аурулары бойынша іс-шараларды бақылаумен;
11) жеке тұлғалардың әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтауымен;
12) ішкі істер органдарының жүрізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде қарудың, жарылғыш және улы заттардың, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, азаматтық, пиротехникалық заттардың және олар қолданылған бұйымдардың заңды айналымы саласындағы бақылаумен;
13) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруді жүзеге асыратын субъектінің аумағында Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес орнатылған акциздік бекеттер арқылы бақылаумен;
14) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптарын сақтаумен;
15) Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржылық ұйымдар мен қаржы нарығының қызметін реттейтін заңнамасын сақтаумен;
16) Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының, сондай- республикалық бюджеттің атқарылуын реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтаумен байланысты қатынастарға қолданылмайды.»;
19) 35-баптағы «әкімшілік ету» деген сөздер «реттеу» деген сөздермен ауыстырылсын;
20) 37-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасындағы жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік бақылау:
1) заңдылық;
2) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң адалдық презумпциясы;
3) жариялылық;
4) бәрiнiң заң мен сот алдындағы теңдiгi;
5) мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының кәсіптік біліктiлiгi мен құзыреттiлiгi;
6) лауазымдық мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және олардың өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны үшiн мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының жауаптылығы;
7) жазалау алдында құқық бұзушылықты болғызбаудың басымдығы;
8) қажеттілік пен жеткіліктілік;
9) мемлекеттік органдар арасында бақылау өкілеттіктерінің аражігін ажырату;
10) адал жеке кәсіпкерлік субъектілерін көтермелеу, құқық бұзушыларға бақылауды шоғырландыру;
11) жеке кәсіпкерлік субъектілері мен тұтынушылардың өздерінің заңды құқықтарын өз бетінше қорғау қабілеттілігін арттыру;
12) мемлекеттік бақылау жүйесінің есептілігі мен ашықтығы принциптерiне негiзделедi.»;
4-тармақ «Мемлекеттік органдарға» деген сөздерден кейін «осы Заңның 38-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда,» деген сөздермен толықтырылсын;
21) мынадай мазмұндағы 37-1-баппен толықтырылсын:
«37-1-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру түрлері
және оларды тағайындау негіздері
1. Жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру - мемлекеттік бақылау нысандарының бірі, оны бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мынадай іс-әрекеттерді:
1) мемлекеттік орган лауазымды адамының тексерілетін объектіге баруын;
2) мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүргізу кезінде қажетті ақпаратты талап етуді қоспағанда, тексеру нысанасына қатысы бар қажетті ақпаратты сұрату;
3) жеке кәсіпкерлік субъектісінің Қазақстан Республикасының заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтауы туралы ақпарат алу мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектісін шақырту арқылы жүргізеді.
Тексерудің нысанасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларының талаптарын сақтауы болып табылады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мынадай түрлерге:
1) жоспарлы;
2) жоспарлы емес болып бөлінеді.
Жоспарлы тексеру - бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органның тәуекелдерді бағалау жүйесіне сәйкес және адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген қатердің алдын алу мақсатында алдыңғы тексерулерге қатысты белгіленген уақыт аралықтарын ескере отырып бекіткен тексерулер жоспары негізінде жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісіне қатысты тағайындайтын тексеру.
Жоспардан тыс тексеру - бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне тікелей төнген қатердің алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісіне қатысты тағайындайтын тексеру.
Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер бірнеше жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мынадай:
1) салық органында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;
3) этил спиртін босатуға лицензияның, рұқсаттың, патенттің, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 574-бабында көрсетілген тіркеу карточкасының болуы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының салық заңнамасының талаптарын сақтау жөнінде ғана бір мезгілде жүргізіледі.
Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер ішкі еңбек тәртібі қағидаларында белгіленген жеке кәсіпкерлік субъектісінің жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
3. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер:
1) кешенді тексерулер;
2) тақырыптық тексерулер болып бөлінеді.
Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті бірнеше мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеруді бірмезгілде жүргізуі қажет болған кезде осы органдардың әрқайсысы тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика жөніндегі органда тіркетуге міндетті.
Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті бір ғана мемлекеттік орган бір ғана сол мәселелер шеңбері бойынша жеке кәсіпкерліктің бірнеше субъектісін тексеруі қажет болған кезде осы орган жеке кәсіпкерліктің әрбір субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика органында тіркетуге мынадай мәселелер:
1) салық органында тіркеу есебіне қою;
2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;
3) этил спиртін босатуға лицензияның, рұқсаттың, патенттің, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 574-бабында көрсетілген тіркеу карточкасының болуы мәселелері бойынша жүргізілетін тексерулерді қоспағанда, міндетті.
Кешенді тексеру - жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін оның Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау жөніндегі мәселелер кешені бойынша тексеру.
Тақырыптық тексеру - жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау жөніндегі жекелеген мәселелер бойынша тексеру.
4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жоспарлы тексерулер жүргізудің жыл сайынғы жиынтық жоспарын қалыптастыруы үшін уәкілетті мемлекеттік органдар жыл сайынғы тексеру жүргізу жоспарларын жоспарлы тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі мерзімде құқықтық статистика органына жібереді.
5. Жыл сайынғы тексеру жүргізу жоспарларын өзгертуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жоспарлы тексерулер жүргізудің жыл сайынғы жиынтық жоспарын ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми сайтына орналастырады.
6. Уәкілетті мемлекеттік орган тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде бекіткен жоспар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жоспарлы тексеру тағайындау үшін негіз болады.
7. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін жоспардан тыс тексеруге:
1) тексерудің нәтижесінде және мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарының нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың (қаулылардың, ұсынулардың, хабарламалардың) орындалуын бақылау;
2) жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан, Қазақстан Республикасы Парламентінің және жергілікті өкілді органдардың депутаттарынан адамдардың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілгені не зиян келтіру қатері туралы ақпарат пен өтініштер алу;
3) тексеруді жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алу мақсатында, тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнің азаматтық-құқықтық қатынастары болған үшінші тұлғаға қатысты жүргізілетін қарсы тексеру;
4) жеке кәсіпкерлік субъектісінің өз қызметіне тексеру жүргізу туралы бастамашылық өтініші;
5) жеке кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспарлы тексеру жүргізу белгіленбесе, оны қайта ұйымдастыру;
6) жеке кәсіпкерлік субъектісінің бастапқы тексеруге келіспейтіні туралы өтінішіне байланысты қайталама тексеру;
7) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер;
8) салық төлеушілердің өтініштері, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 627-бабында айқындалған мәліметтер мен мәселелер негіз болып табылады.
8. Жоспардан тыс тексерулер иесі бүркемеленген өтініштер болған жағдайларда жүргізілмейді.
9. Жоспардан тыс тексерулерге осы жоспардан тыс тексеруді жүргізу үшін негіз болған фактілер мен мән-жайлар жатады.
10. Эпидемия, карантинтік объектілер ошақтары, инфекциялық, паразиттік аурулар таралу, уланулар туындаған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда объектілерге жоспардан тыс тексеру алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика органына келесі жұмыс күні ішінде табыс ете отырып жүргізіледі.
11. Бақылаушы және тіркеуші органдар орналасқан жерден шалғайда тұрған объектілерде немесе субъектілерде жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бары анықталған жағдайда жоспардан тыс тексеру алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика органына келесі бес жұмыс күні ішінде табыс ете отырып жүзеге асырылады.
12. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу үшін санамаланған негіздер заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне, резидент емес заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне, қызметін әділет органдарында тіркелмей жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.»;
22) 38-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«38-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн тексерудi ұйымдастыру
мен жүргiзудiң жалпы тәртібі
1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн тексерудi ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібі осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдар міндетті ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарына, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне, тексерулер жоспарына, тексерулер жүргізудің жылдық жоспарына қатысты актілерді әзірлейді және бекітеді.
Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері, ведомстволық статистикалық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандары міндетті түрде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу рәсімінен өтеді.
2. Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерулер санының, сондай-ақ тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтардың және олар бойынша қабылданған әкімшілік ықпал ету шараларының ведомстволық есебін тұрақты және үздіксіз негізде жүргізуге міндетті.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мәселелері жөніндегі ведомстволық статистикалық есептіліктің нысандарын осы Заңның 37-1-бабының ережелері ескеріле отырып жасалады және орталық мемлекеттік орган, құқықтық статистика органы және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру жөніндегі міндетті ведомстволық статистикалық есептіліктің жиынтық деректері мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.
Мемлекеттік органдар тексерулердің ведомстволық статистикасын ескере отырып жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметімен байланысты тәуекелдерді бағалаудың ведомстволық жүйесін қалыптастыруға және тұрақты жүргізуге міндетті.
Тәуекел - жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметі нәтижесінде салдарының ауырлық дәрежесі ескеріле отырып, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне зиян келтірудің ықтималдығы.
Тәуекелдерді бағалау жүйесі - бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган тексерулерді жоспарлау мақсатында жүргізетін іс-шаралар кешені.
Мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерін тәуекел дәрежесіне қарай жоғары, орташа не төмен тәуекел топтарына жатқызады және олар үшін жоспарлы тексерулер жүргізудің:
жоғары тәуекел дәрежесі кезінде - жылына бір реттен;
орташа тәуекел дәрежесі кезінде - үш жылда бір реттен;
төмен тәуекел дәрежесі кезінде - бес жылда бір реттен жиі емес кезеңділігін айқындайды.
Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары талаптарының сақталуын тексеру үшін жоспарлы тексерулер жүргізудің кезеңділігі:
1) ветеринария, карантин және есімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында:
жоғары тәуекел дәрежесі кезінде - жарты жылда бір реттен;
орташа тәуекел дәрежесі кезінде - бір жылда бір реттен;
төмен тәуекел дәрежесі кезінде - үш жылда бір реттен жиі болмауға;
2) санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында:
жоғары тәуекел дәрежесі кезінде - айына бір реттен;
орташа тәуекел дәрежесі кезінде - тоқсанына бір реттен;
төмен тәуекел дәрежесі кезінде - жылына бір реттен жиі болмауға тиіс.
Бақылау субъектілерін тәуекел дәрежелері бойынша бөлу субъектінің салдардың ауырлығы тұрғысынан маңызы, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылықтардың салалық статистикасы, сондай-ақ жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері - жеке кәсіпкерлік субъектісінің тікелей қызметімен, салалық даму ерекшеліктерімен және осы дамуға әсер ететін факторлармен байланысты, жеке кәсіпкерлік субъектілерін әртүрлі тәуекел дәрежесіне жатқызуға мүмкіндік беретін сандық және сапалық көрсеткіштердің жиынтығы.
Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.
Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреттері шегінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің біртекті топтары үшін тексеру парақтарын қалыптастыруға міндетті.
Тексеру парағы Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында көзделген жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне қойылатын, олардың сақталмауы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүліктік мүдделеріне қатер төндіруге әкеп соғатын талаптардың түбегейлі тізбесін қамтиды.
Тексеру парағында қамтылған, жеке кәсіпкерлік субъектісіне қойылатын талаптар ең аз жеткіліктілік принциптеріне сәйкес қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында көзделмеген не жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметінен келетін тәуекел дәрежесін төмендетуге әсер етпейтін талаптар тексеру парақтарына енгізілуге жатпайды және олар жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру барысында қойылмайды.
Тексеру парақтарының нысандары бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.»;
3. Тексеру мемлекеттік органның тексерудi тағайындау туралы актiсi негiзiнде жүргiзiледi.
Тексерудi тағайындау туралы актiде:
1) актiнiң нөмiрi мен күнi;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргiзуге уәкiлеттi адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда) және лауазымы;
4) тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң атауы немесе тексеру жүргiзу тағайындалған дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда), оның орналасқан жерi, сәйкестендіру нөмірі, аумақтың учаскесі;
5) тағайындалған тексерудiң мәнi;
6) тексеру жүргізудің мерзімі;
7) тексеру жүргiзудiң құқықтық негiздерi, оның iшiнде мiндеттi талаптары тексеруге жататын нормативтiк құқықтық актiлер;
8) тексерiлетiн кезең;
9) актiге қол қоюға уәкiлеттi адамның қолы және мемлекеттік органның мөрi көрсетiледi.
4. Салық қызметі органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді қоспағанда, тексеруді тағайындау туралы актi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құқықтық статистика жөніндегі органда мiндеттi түрде тiркеледi.
Тексеру тағайындау туралы актіні тіркеудің есептік сипаты бар және тәуекелді басқарудың ведомстволық жүйелерін қалыптастыру мен жетілдіру үшін пайдаланылады.
Тексеру тағайындау туралы актінің тіркелуі осындай тексерудің заңдылығына дәлел болып табылмайды.
Жеке кәсіпкерлік субъектілері бойынша салық қызметі органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді тағайындау туралы актілер жөніндегі жалпы мәлімет тоқсан сайын құқықтық статистика органына беріледі.
5. Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру жүргізудің мерзімдері мен нысанын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жоспарлы тексеру жүргізудің басталатыны туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде осы Заңның 37-1-бабы 7-тармағының 3), 4), 7), 8) тармақшаларында, 9 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабарлауға міндетті.
6. Объектiге тексеру үшiн келген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары:
1) құқықтық статистика жөніндегі органда тiркеу туралы белгi қойылған тексерудi тағайындау туралы актiнi;
2) қызметтiк куәлiгiн;
3) қажет болғанда режимдi объектiлерге баруға құзыреттi органның рұқсатын;
4) объектiлерге бару үшiн болуы қажет медициналық рұқсаттаманы;
5) тексеру парағын көрсетуге міндетті.
7. Тексерудi тағайындау туралы актiнi тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне берген сәттен бастап тексеру жүргiзу басталды деп есептеледi.
8. Тексерудi тағайындау туралы актiнi қабылдаудан бас тартқан немесе тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргiзуге қажеттi материалдарға қол жеткізуiне кедергi келтiрiлген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттік органның лауазымды адамы және тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң уәкiлеттi адамы қол қояды.
Тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң уәкiлеттi адамы бас тарту себебi туралы жазбаша түсiнiктеме берiп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексерудi тағайындау туралы актiнi алудан бас тарту тексеру жүргiзбеуге негiз болып табылмайды.