2. Ортақ меншiктiң өзге қатысушылары борышқордың үлесiн сатып алудан бас тартқан реттерде несие берушi борышқордың ортақ меншiк құқығындағы үлесiн жария саудаға салу жолымен осы үлестен сот арқылы ақы өндiрiп алуға талап етуге құқылы.
3. Егер мұндай жағдайда үлестi заттай бөлiп шығару мүмкiн болмаса, не үлестi немесе бiрлескен меншiктiң қалған қатысушылары бұған қарсылық бiлдiрсе, несие берушi борышқордан өз үлесiн ортақ меншiктiң өзге қатысушыларына осы үлестi нарықтық құнына сәйкес бағамен сатып, сатудан түскен қаражатты борышты өтеуге салуды талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 223-бап өзгертiлдi
223-бап. Ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi
1. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.
2. Ерлi-зайыптылардың некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың некеде тұрған кезiнде сыйға тартылған немесе мұрагерлiк тәртiппен алған мүлкi олардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.
Қымбат бағалы және басқа әсемдiк заттарын қоспағанда, жеке пайдаланудағы заттар (киiм-кешек, аяқ киiм және т.б.), некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражатына сатып алынғанымен, оларды пайдаланған жұбайдың меншiгi деп танылады.
Егер некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң есебiнен сол мүлiктiң құнын едәуiр арттырған қаражат жұмсалғаны (күрделi жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және т.б.) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен меншiгi деп танылуы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша жаза өз меншiгіндегі мүлiкке ғана, сондай-ақ бұл мүлiктi бөлiсу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне тиесiлi болатын ортақ мүлкіндегі өз үлесiне ғана қолданылуы мүмкiн.
4. Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiк құқықтарының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңдарымен белгiленедi.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 224-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
224-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының меншігi
1. Шаруа қожалығының мүлкі, егер оның мүшелерінің арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, оларға бірлескен меншік құқығында тиесілі болады.
Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестік нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығының мүлкі оның мүшелеріне ортақ үлестік меншік құқығында тиесілі болады.
Өзіндік кәсіпкерлікке негізделген фермер қожалығының мүлкі оған жеке меншік құқығында тиесілі болады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің меншігінде жер учаскелері, жер учаскесіндегі екпелер, оның ішінде жеке орман қорындағы екпелер, еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда өсіріліп, ұсталатын жабайы жануарлар, шаруашылыққа арналған және өзге де қора-қопсылар, мелиорациялық және басқа да құрылыстар, өнім беретін және жегін мал, құс, ауыл шаруашылығына арналған және өзге де техника мен жабдықтар, көлік құралдары, құрал-саймандар және қожалық мүшелері берген және (немесе) қожалық үшін оның мүшелерінің ортақ қаражатына сатып алынған басқа да мүлік болуы мүмкін.
3. Шаруа немесе фермер қожалығының қызметі нәтижесінде алынған жемістер, өнім мен кірістер шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің ортақ мүлкі болып табылады және олардың арасында келісім бойынша пайдаланылады.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 225-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
225-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiн бөлу
1. Барлық мүшелерiнiң шығып кетуiне байланысты немесе өзге де негiздер бойынша шаруа немесе фермер қожалығы тоқтатылған жағдайда ортақ мүлiк осы Кодекстiң 218 және 221-баптарында көзделген ережелер бойынша бөлiнуге тиiс.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң бiрi одан шыққан кезде, шаруашылықтың өндiрiс құрал-жабдықтары бөлiнуге жатпайды. Қожалықтан шыққан адамның бұл мүлiкке ортақ меншiктегi өз үлесiне сәйкес ақшалай өтем алуға құқығы бар.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде бiрлескен меншiк құқығындағы шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қожалық мүлкiне үлестерi тең деп танылады.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 226-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
226-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын шаруашылық серiктестiгi немесе
кооператив етiп қайта құрған кездегi мүлiктiң құқықтық режимi
1. Қожалық мүлкi негiзiнде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi шаруашылық серiктестiгiн немесе өндiрiстiк кооператив құруы мүмкiн. Қайта құрылған мұндай шаруа немесе фермер қожалығының заңды тұлға ретінде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi өзiне салымдар және басқа жарналар түрiнде берген мүлiктiң, сондай-ақ оның қызметi нәтижесiнде алынған және заңдарға қайшы келмейтiн өзге де негiздер бойынша сатып алынған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығының серiктестiкке қатысушылары немесе кооператив мүшелерi болып табылатын мүшелерi салымдарының мөлшерi осы Кодекстiң 218-бабында немесе 225-бабының 3-тармағында көзделген тәртiп бойынша белгiленетiн шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiне ортақ меншiк құқығындағы өз үлестерiн негiзге ала отырып белгiленедi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 227-бап өзгертiлдi
227-бап. Жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк
Жекешелендiру туралы заңдарға сәйкес жалдаушы сатып алған немесе тегiн алған мемлекеттік тұрғын үй қорының үйіндегі тұрғын жай, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жалдаушының және онымен бiрге тұрақты тұратын отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде кәмелетке толмаған және уақытша тұрмайтын мүшелерiнiң бiрлескен меншiгiне көшедi.
Жекешелендiрiлген тұрғын үйге бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi тұрғын үй қатынастары туралы заң актілерінде белгiленедi.
12-тарау. Бірлескен қызмет туралы шарт
(жай серiктестiк)
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 228-бап өзгертiлдi
228-бап. Жай серiктестiк
1. Жай серiктестiк бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылады.
Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) бойынша тараптар табыс табу немесе заңға қайшы келмейтiн өзге де мақсатқа қол жеткізу үшiн бiрлесiп әрекет жасауға мiндеттенедi.
Жай серiктестiк заңды тұлға болмайды.
2. Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) азаматтардың, азаматтар мен заңды тұлғалардың арасында, заңды тұлғалар арасында жасалады (консорциум).
3. Жай серiктестiк қатысушыларының бiрлескен қызметi туралы шартқа байланысты мiндеттемелерi, егер бiрлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, үшiншi жақтар алдында ортақ болып табылады.
229-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу
Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу олардың жалпы келісімi бойынша жүзеге асырылады. Өзара келісім бойынша олар бiрлескен қызметке басшылық етудi және ортақ iстердi жүргiзудi қатысушылардың бiреуiне тапсыра алады, ал ол қатысушы бұл орайда шартқа өзге қатысушылар берген сенiмхат негiзiнде әрекет етедi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 230-бап
230-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi
1. Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар өз мақсаттарына жету үшiн жарналарын ақшалай немесе басқа мүлiкпен, не еңбек үлесi арқылы қосады.
2. Шартқа қатысушылардың ақшалай немесе өзге де мүлiктiк жарналары, сондай-ақ олардың бiрлескен қызметi нәтижесiнде жасалған немесе сатып алынған мүлiк олардың ортақ үлестi меншiгi болып табылады.
3.алынып тасталды
4. Шартқа қатысушылардың мүлкiне осы Кодекстiң ортақ үлестi меншiк туралы қалыптары қолданылады, егер осы тараудың нормаларында өзгеше көзделмесе, басқа заң актілерімен немесе бiрлескен қызмет туралы шартпен.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 231-бап өзгертiлдi
231-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ шығындары мен залалдары
Бiрлескен қызметi бойынша ортақ шығындарды және соның нәтижесiнде пайда болған залалдарды жабу тәртібі қатысушылардың шартымен белгiленедi. Егер шартта мұндай тәртiп көзделмесе, ортақ шығындар мен залалдар шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi есебiнен жабылады, ал жетпей қалған сомалар олардың арасында осы мүлiктегi үлестерiне қарай бөлiнiп салынады.
232-бап. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру және қатысудан бас тарту
1. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушылардың келісімiмен ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушы өз қалауы бойынша бiрлескен қызметке қатысудан бас тартуға құқылы.
3. Бiрлескен қызметке қатысушылардың қайсы бiреуiнiң қатысудан бас тартуы салдарынан келтiрiлген залалдар, егер бiрлескен қызмет туралы шартта (жай серiктестiк шартында) өзгеше көзделмесе, толық көлемiнде өндiрiлiп алынады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 233-бап өзгертiлдi
233-бап. Консорциум
1. Консорциум - бiрлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негiзiнде заңды тұлғалар нақты шаруашылық мiндеттерiн шешу үшiн белгiлi бiр ресурстарды бiрiктiрiп, күш-жiгердi үйлестiретiн ерiктi түрде тең құқықты уақытша одақ (бiрлестiк).
2. Консорциумға қатысушылар өздерiнiң шаруашылық дербестiгiн сақтап қалады және басқа консорциумдардың, қауымдастықтардың қызметiне қатыса алады.
Консорциумға қатысушылардың арасындағы қатынастар шарт негiзiнде құрылады.
3. Консорциумды басқару консорциумға қатысушылардың консорциалдық келісімiне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Консорциумға қатысушылар, егер консорциалдық келісімде өзгеше ескертiлмесе, консорциум қызметiне байланысты мiндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады.
5. Консорциум өз қызметiн алдына қойған мiндеттерiн орындағаннан кейiн немесе оған қатысушылардың шешiмi бойынша тоқтатады.
234-бап. Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi туралы ережелер
Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi осы Кодекске Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
13-тарау. Меншік құқығына жғне өзге
де заттық құқықтарға ие болу
235-бап. Меншiк құқығына ие болу негiздерi
1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншiк құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиедi.
Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған жемiстерге, өнiмге, табысқа меншiк құқығы осы Кодекстiң 123-бабына сәйкес алынады.
2. Меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн.
Азамат қайтыс болған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлiк бойынша басқа адамдарға көшедi.
Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорларына заңды тұлғаларға көшедi (осы Кодекстiң 46-бабы).
Меншiк иесiнiң мүлкiн меншiк иесiнiң еркiнен тыс басқа тұлғаға беруге осы Кодексте көзделгеннен басқа реттерде жол берiлмейдi.
3. Осы Кодексте көзделген реттер мен тәртiп бойынша тұлға меншiк иесi жоқ мүлiкке, меншiк иесi белгiсiз мүлiкке, не меншiк иесi бас тартқан немесе өзге негiздер бойынша ол меншiк құқығын жоғалтқан мүлiкке меншiк құқығын алу мүмкiн.
4. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж немесе өзге) кооперативiнiң мүшелерi, жарна жинақтауға құқығы бар, пәтер, саяжай, гараж және кооператив осы адамдардың пайдалануына берген өзге де үй-жай үшiн өзiнiң үлестiк жарнасын толық төлеген басқа да адамдар аталған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
236-бап. Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының пайда болуы
1. Салынып жатқан үйлерге, құрылыстарға, өзге де мүлiк кешендерiне, сондай-ақ өзге де жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығы осы мүлiктi жасау аяқталған кезден бастап пайда болады.
2. Егер заң құжаттарында немесе шартта құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдап алу көзделген болса, онда тиiстi мүлiктi жасау осылайша қабылдап алынған кезден бастап аяқталған болып есептеледi.
3. Қозғалмайтын мүлiк мемлекеттік тiркелуге тиiс реттерде, оған меншiк құқығы осылайша тiркелген кезден бастап пайда болады.
4. Қозғалмайтын мүлiктi жасау аяқталғанға дейiн, ал тиiстi жағдайларда - оны мемлекеттік тiркеуден өткiзгенге дейiн мүлiкке қозғалмайтын мүлiк жасалатын материалдармен басқа мүлiкке меншiк құқығы туралы ережелер қолданылады.
237-бап. Өңдеу
1. Шартта өзгеше көзделмегендiктен, адам өзiне тиесiлi емес материалдарды өңдеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншiк құқығын материалдардың меншiк иесi алады.
Алайда, егер өңдеу құны материалдардың құнынан едәуiр асып кетсе, жаңа затқа меншiк құқығын адал жұмыс iстеп, өңдеудi өзi үшiн жүзеге асырған адам алады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, өз материалдарынан дайындалған затқа меншiк құқығын алған материалдардың меншiк иесi ол затты өңдеудi жүзеге асырған адамға оның құнын өтеуге, ал ол адам жаңа затқа меншiк құқығын алған ретте соңғысы материалдардың меншiк иесiне олардың құнын қайтаруға мiндеттi.
3. Өңдеудi жүзеге асырған адамның ықылассыз әрекеттерiнiң нәтижесiнде материалынан айрылған меншiк иесi жаңа затты өз меншiгiне берудi және өзiне келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
238-бап. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы пайда болатын кез
1. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берiлген кезден бастап пайда болады.
2. Егер мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт мемлекеттік тiркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншiк құқығы тiркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартты нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттік тiркеу де қажет болған жағдайда ол тiркелген кезден бастап пайда болады.
239-бап. Заттардың берiлуi
1. Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшiн көлiк ұйымына өткізу және иелiктен айырылған заттарды жеткiзiп беру мiндеттемесiнсiз алушыға салып жiберу үшiн почтаға өткізу-берiлу деп танылады.
2. Егер затты иелiктен айыру туралы шартты жасасу кезiнде-ақ ол алушының иелiгiнде болса, зат оған сол кезден бастап берiлген деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкiмшi құжат беру заттарды беруге теңестiрiледi.
240-бап. Иелену мерзiмi
1. Мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей он бес жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.
Мемлекеттік тiркеуге жататын қозғалмайтын және өзге де мүлiкке меншiк құқығы бұл мүлiктi иелену мерзiмiне сәйкес алған тұлғада осындай тiркеу кезiнен бастап пайда болады.
2. Мүлiкке меншiк құқығын алғанға дейiн оларды өз мүлкiндей иеленушi азамат немесе заңды тұлға өз иелiгiн мүлiктiң меншiк иелерi болып табылмайтын, сондай-ақ заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiздерге сәйкес оларды иеленуге құқығы жоқ үшiншi жақтардан қорғауға құқылы.
3. Иелену мерзiмiне жүгiнетiн азамат немесе заңды тұлғаның өздерi құқықты мирасқорлары болып табылатын тұлғаның осы затқа иелiк еткен уақытының бәрiн өз иелiгiне қосып алуына болады.
4. Тұлғада болып, оның иеленуiнен осы Кодекстiң 260-263, 265-баптарына сәйкес талап етiлуi мүмкiн мүлiктер жөніндегі иелену мерзiмiнің өтуi тиiстi талаптар бойынша талап мерзiмi бiтуiнен ерте басталмайды.
5. Егер тұлғаға сотта оның меншiк құқығын танудан бас тартылған ретте мүлiктi иеленушi тұлға меншiк иесiне айналады.
241-бап. Жинауға не аулауға арналған көпшiлiк қолды заттарды меншiкке айналдыру
Заңдарға, жергiлiктi әдет-ғұрыпқа немесе меншiк иесi берген жалпы рұқсатқа сәйкес ормандарда, бөгендерде немесе басқа аумақта жидек теруге, балық аулауға, аң аулауға, басқа нәрселердi жинауға немесе аулауға жол берiлген ретте, тиiстi заттарға меншiк құқығын оларды жинауды және аулауды жүзеге асырған адам алады.
24.12.01 ж. № 276-II; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара); 2006.22.06 № 147-III; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 242-бап өзгертілді
242-бап. Иесiз заттар
1. Меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз зат не меншiк иесi оның меншiк құқығынан бас тартқан зат иесiз болып табылады.
2. Егер меншiк иесi бас тартқан заттарға меншiк құқығын алу туралы (осы Кодекстiң 243-бабы), олжа туралы (осы Кодекстiң 245-бабы), қараусыз жануарлар туралы (осы Кодекстiң 246-бабы) және қазына (осы Кодекстiң 247-бабы) туралы ережелер терiске шығармаса, иелену көнелiгiне (осы Кодекстiң 240-бабы) сәйкес иесiз қозғалмалы заттарға меншiк құқығы алынуы мүмкiн.
3. Иесiз қозғалмайтын заттарды олар табылған аумақтағы қаладағы аудан, облыстық, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімі аппаратының мәлiмдеуi бойынша қозғалмайтын мүлiктi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын орган есепке алады. Коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлдiк берiлген орган иесiз қозғалмайтын заттарды есепке алған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiне алады.
Коммуналдық меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және сату жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Мемлекеттік меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және сату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Сот шешiмi бойынша коммуналдық меншiкке түстi деп танылмаған иесiз қозғалмайтын зат оны тастап кеткен меншiк иесiнiң иелiгiне, пайдалануына және билiк етуiне қайта қабылдануы, не иелену мерзiмiне орай (осы Кодекстiң 240-бабы) меншiкке алынуы мүмкiн.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 243-бап жаңа редакцияда
243-бап. Меншiк иесi бас тартқан жылжымалы заттар
1. Меншiк иесi тастаған немесе оларға меншiк құқығынан бас тарту мақсатымен өзгеше түрде қалдырып кеткен жылжымалы заттар (тасталған заттар) осы баптың 2-тармағында көзделген тәртiппен басқа адамдардың өз меншiгiне айналдырылуы мүмкiн.
2. Меншiгiнде, иелiгiнде немесе пайдалануында құны жиырма айлық есептiк көрсеткiшке сәйкес сомадан көрiнеу төмен тасталған мүлiк не тасталған металл сынықтары, жарамсыз өнiм жатқан жер учаскесi бар адамның ол заттарды пайдалануға кiрiсiп немесе осы заттарды меншiгiне қаратқандығына куә болатын өзге де iс-әрекет жасап, оларды өз меншiгiне айналдыруға құқығы бар.
Басқа тасталған заттар, егер осы адамның арызы бойынша оларды сот иесiз деп таныса, оларды иеленуге кiрiскен тұлғаның меншiгiне кiредi.
244-бап. Өз бетiмен салынған құрылыс
1. Заңдарда белгiленген тәртiппен осындай мақсаттарға арнап бөлiнбеген жер учаскесiнде салынған, сондай-ақ қажеттi рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа қора-қопсы, құрылыс, немесе өзге де қозғалмайтын мүлiк өз бетiмен салынған құрылыс болып табылады.
2. Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын алмайды. Оның құрылысқа билiк етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмiлелер жасауға - құқығы жоқ.
Өз бетiмен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.
3. Өзiне тиесiлi емес жер учаскесiне құрылысты жүзеге асырған адамға бұл учаске салынған құрылысты орналастыру үшiн осы адамға белгiленген тәртiп бойынша берiлген жағдайда ғана өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығы танылады.
Сот сондай-ақ құрылыс салынған жер учаскесi өзiнiң заңды пайдалануында болған адамның өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануы мүмкiн. Бұл ретте құрылысқа меншiк құқығы танылған адам оны жүзеге асырған адамды сот белгiлеген мөлшерде құрылысқа жұмсаған шығындарын өтейдi.
Егер құрылысты сақтап қалу басқа адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзуға әкелiп соқтырса не азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн болса, аталған адамдардың өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануға болмайды.
4. Ерекше жағдайларда әлеуметтiк-экономикалық тиiмдiлiгi ескерiле отырып, өз бетiнше салынған құрылыс сот белгiлеген мөлшерде құрылыс шығындары өтелiп, коммуналдық меншiкке берiлуi мүмкiн.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 245-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
245-бап. Олжа
1. Жоғалған затты тауып алушы бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншiк иесiне немесе оны алуға құқығы бар өзiне белгiлi басқа адамдардың бiреуiне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға мiндеттi.
Егер зат үй-жайдың iшiнде немесе көлiкте табылған болса, ол сол үй-жайдың немесе көлiктiң иесi болып табылатын адамға тапсырылуға тиiс. Мұндай ретте осы иеленушi затты тапқан адамның құқықтарын иеленiп, оның мiндеттерiн мойнына алады.
2. Егер табылған затты алуға құқығы бар адамның өзi немесе оның тұрған жерi белгiсiз болса, затты тауып алушы олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінiң аппаратына мәлiмдеуге мiндеттi.
3. Затты тауып алушы оны өзiнде сақтауға не iшкi iстер органдарының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімі аппаратының немесе олар көрсеткен адамның сақтауына тапсыруға құқылы. Тез бұзылатын затты немесе сақтауға кететiн шығындар оның құнына сәйкес келмейтiн затты тауып алушы түсiм сомасын растайтын жазбаша дәлелдемелер алып, сата алады. Табылған затты сатудан түскен ақша сақталуға және затты алуға заңды құқығы бар адамға қайтарылуға немесе бұл заттың өзi үшiн белгiленген тәртiп пен жағдайларда басқа адамдардың меншiгiне берiлуге тиiс.
Затты тауып алушы оның жоғалтқаны немесе бүлдiргенi үшiн өзiнiң жасыру ниетi болған немесе өрескел абайсыздық жасаған ретте ғана және сол заттың құны шегiнде жауапты болады.
4. Егер олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінiң аппаратына мәлiмденген кезден бастап алты ай өткенше жоғалған затты алуға заңды құқығы бар адам анықталмаса және затқа өзiнiң құқығы туралы оны тапқан адамға не iшкi iстер органдарына немесе қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінiң аппаратына мәлiмделмесе, затты тауып алушы оған меншiк құқығын алады.
Егер затты тауып алушы тапқан затын меншiгiне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншiкке өтедi.
5. Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып берушi ол адамнан, ал зат коммуналдық меншiкке өткен ретте - тиiстi жергiлiктi атқару органынан затты сақтауға, өткізуге, сатуға байланысты қажеттi шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетiп алуға құқылы.
6. Затты тауып алушы затты алуға заңды құқығы бар адамнан зат құнының отыз процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Егер табылған зат оны алуға заңды құқығы бар адам үшiн ғана құнды болса, сыйақының мөлшерi тараптар есептеп шығарған баға бойынша белгiленедi.
Егер затты тауып алушы өзiнiң олжа туралы мәлiмдеу мiндетiн орындамаса немесе олжаны жасырып қалуға өзге де әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығы туындамайды.
2004.20.12 № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 246-бап өзгертiлдi
246-бап. Қараусыз жануарлар
1. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруға, ал егер оның өзi немесе тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына немесе қаладағы аудан, облыстық, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінiң аппаратына мәлiмдеуге мiндеттi, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.