5) шағым, наразылық берген тұлғаның өз пікірі бойынша сот үкімінің, қаулысының дұрыс еместігі неде екендігі туралы дәлелдері және оның өтінішінің мәні;
6) шағымның, наразылықтың авторы өз талаптарына негіз ететін, оның ішінде бірінші сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер;
7) шағымға, наразылыққа қоса тіркеліп отырған материалдардың тізбесі;
8) шағым, наразылық берілген күн және шағым, наразылық авторының қолы болуға тиіс.
2. Егер келтірілген шағым, наразылық осы талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ аяғына дейін ресімдеу үшін мерзімі көрсетіліп қайтарылады. Егер апелляциялық (жеке) шағым, наразылық қайта жасалғаннан кейін көрсетілген мерзімнің ішінде сотқа ұсынылмаса, олар берілмеген болып есептеледі.
3. Тараптар апелляциялық (жеке) шағымның, наразылықтың негіздерін растау үшін шағыммен бірге немесе оны бергеннен кейін апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа материалдарды табыс етуге немесе оларды талап ету және зерттеу туралы өтініш жасауға, сондай-ақ өздері көрсеткен куәларды, жәбірленушілерді, сарапшыларды, мамандарды сот отырысына шақырту және олардан жауап алу туралы, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де іс-әрекеттер жасау туралы өтініш жасауға құқылы.
4. Апелляциялық (жеке) шағым, наразылық берген тұлға сот отырысы басталғанға дейін өзінің шағымын, наразылығын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте, прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы өтінішінде, сол сияқты жәбірленушінің, жеке айыптаушының немесе олардың өкілдерінің үкімге шағымдану мерзімі аяқталғаннан кейін берген қосымша шағымында, егер бастапқы наразылықта немесе шағымда осындай талап болмаса, сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселенің қойылуы мүмкін емес.
408-бап. Апелляциялық сатыдағы сот отырысын тағайындау
1. Бірінші сатыдағы сот апелляциялық (жеке) шағымдар мен наразылық беруге арналған мерзім өткен соң және осы Кодекстің 401-бабының талаптарын орындағаннан кейін істі қараудың облыстық немесе оған теңестірілген соттың келісімімен белгіленетін уақыты мен орнын көрсете отырып, істі тиісті апелляциялық сатыға жібереді.
2. Бірінші сатыдағы сот істің қаралатын уақыты мен орны туралы тараптарға хабарлайды. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамнан оның жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың наразылығын қарау кезінде апелляциялық сатының сот отырысына қатысу туралы өтініш түскен кезде, бірінші сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарып, оны орындау үшін тиісті органдарға жібереді.
3. Өзге жағдайларда күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды сот отырысына шақыру туралы мәселені апелляциялық сатыдағы сот шешеді. Бірінші сатыдағы сотта қаралмаған жаңа дәлелдемелерді зерттеген кезде сотталған (ақталған) адамның апелляциялық сатының отырысына қатысуы міндетті болып табылады. Мұндай жағдайларда осы Кодекстің 315-бабында көрсетілген мән-жайлар бар болған кезде істі сотталған (ақталған) адамның қатысуынсыз қарауға жол беріледі.
4. Қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы осы Кодекстің 71-бабында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған сотталған адамға қатысты іс қаралған кезде, не сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылған, жәбірленушінің (азаматтық талап қоюшының), олардың өкілдерінің апелляциялық шағымы, прокурордың наразылығы бойынша іс қаралып жатқан не іс бойынша сотқа дейін іс жүргізу және бірінші сатыда істі қарау айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылған жағдайларда не апелляциялық сатының жаңа дәлелдемелерді зерттеген кезінде қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
5. Жеке айыптау істерін қоспағанда, прокурордың апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
Апелляциялық сатыда прокурор осы Кодекстің 317-бабында көзделген өкілеттіктерге ие болады.
Қорғаушыны қоспағанда, апелляциялық отырыстың орны мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген процестің басқа қатысушыларының келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
6. Осы Кодекстің 396-бабына сәйкес үкімге шағымдану құқығы берілген тұлғалар, сондай-ақ үкім шығарылғаннан кейін тапсырма алған сотталған (ақталған) адамның қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі соттың апелляциялық отырысына барлық жағдайда жіберіледі. Оларға өздерінің өтініштері бойынша берілген шағымдарды немесе наразылықты не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін сөз беріледі.»;
51) мынадай мазмұндағы 408-1-баппен толықтырылсын:
«408-1-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың отырысын дайындау
1. Егер шағымдардағы, наразылықтағы дәлелдерді тексеру үшін тиісті іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау қажет болса, судья іс келіп түскен күннен бастап он тәуліктің ішінде сараптамаларды тағайындау, сотталған (ақталған) адамды, жәбірленушіні, куәларды, сарапшыларды, мамандарды шақырту және олардан жауап алу туралы, материалдарды талап етіп алу және істі дұрыс шешу үшін өзге де қажетті іс-әрекеттер жасау туралы шешім қабылдайды. Көрсетілген іс-әрекеттерді орындау қажеттілігіне байланысты судья осы Кодекстің 406-бабына сәйкес істің апелляциялық сатыда қаралу күнін басқа мерзімге ауыстыруы мүмкін, ол жөнінде тараптарға хабарланады.
2. Судья сотталушыға немесе сотталған адамға қатысты бұлтартпау шарасын сақтау, таңдау, оның күшін жою немесе өзгерту туралы мәселені шешеді, ол туралы қаулыда көрсетеді.
3. Судья істі апелляциялық сатыда қарауға дайындау туралы қаулы шығарады, онда қаралған мәселелер бойынша өзі қабылдаған шешімдер көрсетіледі. Қаулының көшірмесі ол шығарылған күннен бастап үш тәуліктің ішінде процеске қатысушыларға жіберіледі.»;
52) 409, 410 және 411-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«409-бап. Апелляциялық сатыда істі қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 29-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық саты істерді ашық сот отырысында қарайды. Төрағалық етуші сот отырысын ашады, қандай іс және кімнің апелляциялық (жеке) шағымы немесе наразылығы бойынша қаралып жатқанын жариялайды. Содан кейін төрағалық етуші сот құрамын, іс бойынша тараптар болып табылатын, қатысып отырған тұлғалардың тегін, сондай-ақ аудармашылардың тегін жариялайды.
2. Төрағалық етуші отырысқа қатысушы тұлғаларға олардың апелляциялық сатыда істі қараған кездегі іс жүргізу құқықтарын түсіндіреді және тараптардан бас тартуы мен өтініштерінің бар-жоғын сұрайды, ал егер олар мәлімделсе, олар бойынша процеске қатысушылардың пікірін анықтайды, содан кейін сот осы Кодекстің 325-бабында көзделген тәртіпті сақтай отырып, оларды қарау нәтижелері бойынша қаулы шығарады.
3. Сотқа қосымша материалдарды табыс еткен тұлға олардың қандай жолмен алынғанын және оларды табыс ету қажеттігі неге байланысты туындағанын көрсетуге, сондай-ақ бірінші сатыдағы сот жүргізген сот тергеуін толықтыру қажеттілігін негіздеуге міндетті. Қосымша материалдарды тергеу әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды.
4. Тараптар іске жаңа материалдарды қосу немесе оларды талап ету және зерттеу туралы өтініштерді, сондай-ақ олар көрсеткен куәларды, жәбірленушілерді, сарапшыларды, мамандарды сот отырысына шақыру және олардан жауап алу туралы, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толықтыруға бағытталған өзге де іс-әрекеттер жасау туралы өтініштерді мәлімдеген жағдайда сот процеске қатысушылардың пікірін тыңдайды, содан кейін оларды қанағаттандыру немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Өтініштер осы Кодекстің 102-бабы бесінші бөлігінің талаптары сақтала отырып шешіледі. Тараптардың өз бастамасы бойынша келген куәлардан жауап алу туралы өтініштері қанағаттандырылуға жатады. Егер өтініштерді қанағаттандыруға байланысты тағайындалған сараптамаларды жүргізу үшін немесе басқа да іс-әрекеттер жасау үшін уақыт талап етілетін болса, сот үзіліс жариялайды және қажет болған жағдайда апелляциялық сатыда істі қарау мерзімін ұзартады.
5. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар, тараптар табыс еткен немесе олардың өтініштері бойынша талап етіп алынған қосымша материалдарды, алынған сараптама қорытындыларын зерттейді, отырысқа шақырылған тұлғалардан жауап алады.
6. Сот тергеуін жүргізгеннен кейін сот жарыссөзін жүргізу қағидалары бойынша сот процеске қатысушылардың сөздерін тыңдайды, олар өз шағымдарындағы, наразылықтарындағы дәлелдері мен дәйектерін не оларға қарсылықтарын баяндайды. Тараптар өздерінің сөздерінде бірінші сатыдағы сот зерттеген материалдарға да, апелляциялық саты зерттеген қосымша материалдарға да сілтеме жасауға құқылы. Шағым, наразылық берген процеске қатысушы бірінші болып сөз сөйлейді, егер олар бірнешеу болса, сот олардың пікірлерін ескере отырып, олардың сөз сөйлеу кезектілігін белгілейді. Егер айыптаушы тараптың шағымында, наразылығында сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылса, қорғаушы тарап айыптаушы тараптың сөзі тыңдалғаннан кейін сөз сөйлейді.
7. Апелляциялық сатыдағы сот жаңа дәлелдемелерді зерттеген кезде, сотталған (ақталған) адамнан, куәдан, жәбірленушіден, сарапшыдан, маманнан және басқа да тұлғалардан жауап алған кезде осы Кодекстің 328-бабының талаптарына сәйкес ресімделетін сот отырысының хаттамасы жүргізіледі. Апелляциялық сатының отырысында жауап алынған тараптар мен тұлғалар сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған осы Кодекстің 329-бабында көзделген тәртіппен өздерінің ескертулерін беруге құқылы. Хаттамаға берілген ескертулер осы Кодекстің 330-бабында көзделген тәртіппен қаралады.
8. Сот отырысының тәртіптемесі және оны бұзушыларға қатысты қабылданатын шаралар осы Кодекстің 326, 327-баптарының қағидаларымен айқындалады. Кеңесу бөлмесінде шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекстің 370-бабының қағидаларымен айқындалады.
410-бап. Апелляциялық сатының өкілеттігі
Апелляциялық шағыммен немесе наразылықпен бірге келіп түскен істі қарау кезінде сот үкімнің заңдылығын тексеру және істі дұрыс шешу мақсатында тараптардың өтініш жасауы бойынша немесе өз бастамасы бойынша:
1) сотталған адамның, жәбірленушінің және іске қатысушы басқа да тұлғалардың денсаулық жағдайына, отбасы жағдайына және бұрынғы сотталғандығы туралы деректерге байланысты құжаттарды талап етіп алуға, тараптардың өтініштері бойынша басқа да құжаттарды талап етіп алуға;
2) сот-психиатриялық немесе өзге де сараптама тағайындауға;
3) сот отырысына қосымша куәларды, сарапшыларды, мамандарды шақыртып, олардан жауап алуға, тараптар табыс еткен немесе олардың өтініштері бойынша талап етіп алынған жазбаша, заттай немесе өзге де дәлелдемелерді зерттеуге;
4) бірінші сатыдағы сот зерттеген материалдарды дәлелдеме ретінде пайдалануға жол берілмейді деп тануға және оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастауға;
5) бірінші сатыдағы сот дәлелдемелер қатарынан алып тастаған материалдарды дәлелдеме ретінде пайдалануға жол беріледі деп тануға және оларды зерттеуге;
6) азаматтық талап қоюға қатысты мән-жайларды зерттеуге және азаматтық талап қою бойынша шешім қабылдауға;
7) істің барлық материалдарын толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеуді қамтамасыз ету және іс бойынша ақиқатты анықтау үшін қажетті басқа да іс-әрекеттерді орындауға құқылы.
2. Бірінші сатыдағы сот жауап алған, сот отырысының хаттамасында баяндалған сотталған (ақталған) адамның, жәбірленушілердің, куәлардың, басқа да тұлғалардың жауаптарында әртүрлі түсінуге мүмкіндік беретін түсініксіз жайлар болған кезде сот өз бастамасы бойынша немесе тараптардың өтініш жасауы бойынша осы мән-жайлар бойынша жауап алу арқылы олардың жауаптарын нақтылауға құқылы.
411-бап. Апелляциялық саты қабылдайтын шешімдер
1. Сот істі апелляциялық тәртіппен қараудың нәтижесінде мынадай:
1) бірінші сатыдағы соттың үкімін (қаулысын) - өзгеріссіз, ал апелляциялық (жеке) шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) үкімді өзгерту туралы;
3) үкімнің күшін жою және істі қысқарту туралы;
4) айыптау үкімінің күшін жою және ақтау үкімін шығару туралы;
5) айыптау үкімінің күшін жою және жаңа айыптау үкімін шығару туралы;
6) ақтау үкімінің күшін жою және айыптау үкімін шығару туралы;
7) үкімнің күшін жою және істі соттың жаңадан қарауына жіберу туралы;
8) үкімнің күшін жою және істі осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қосымша тергеуге жіберу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сот айыптау тарапының шағымдарында, наразылығында көрсетілген шектерде және негіздер бойынша ғана сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға құқылы.
3. Осы Кодекстің 387-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде апелляциялық сатыдағы сот жеке қаулы шығарады.»;
53) мынадай мазмұндағы 411-1-баппен толықтырылсын:
«411-1-бап. Апелляциялық сатының қылмыстық процесте азаматтық талап қоюды қарауы
1. Апелляциялық сатыдағы сот істі қараған кезде үкімнің азаматтық талап қою бөлігінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін де тексереді және осы Кодекстің 169-бабының талаптарын сақтай отырып шешім қабылдайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сот сондай-ақ:
1) үкімнің азаматтық талап қою бөлігінің күшін жоюға және осы бөлікте жаңа үкім шығаруға;
2) үкімнің азаматтық талап қою бөлігінің күшін жоюға және істің осы бөлігін жаңадан қарауға жіберуге;
3) үкімнің азаматтық талап қою бөлігін өзгертуге құқылы.
3. Азаматтық талап қою бойынша сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға айыптау тараптарының шағымдарында немесе прокурордың наразылығында тиісті дәйектер болған кезде ғана жол беріледі.
4. Апелляциялық сатының осы баптың екінші бөлігі 1) тармағының негізінде шығарған азаматтық талап қою бөлігіндегі үкіміне прокурордың кассациялық наразылығы немесе осы Кодекстің 396-бабында көрсетілген тұлғалардың кассациялық шағымы берілуі мүмкін.
5. Апелляциялық сатының азаматтық талап қою бойынша осы баптың екінші бөлігі 2) және 3) тармақтарының негізінде шығарған шешімі үкімнің өзгертілуі деп танылады және оған кассациялық тәртіппен шағымдануға болмайды.»;
54) 413-бапта:
екінші бөліктің 3) тармағындағы «апелляциялық саты анықтай алмайтын» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:
«3. Сот тергеуі олқылықтарының орнын толықтырғаннан кейін апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 411-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды.
4. Осы Кодекстің талаптары сақтала отырып, қысқартылған тәртіппен жүргізілген сот тергеуі толық емес немесе біржақты деп қарастырылмайды және ол осы негіздер бойынша сот үкімінің (қаулысының) күшін жоюға әкеп соқпайды.»;
55) 414-бапта:
бірінші абзацтағы «Егер» деген сөз «1. Егер» деген сөзбен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«2. Іс материалдарын, тараптар табыс еткен және істі апелляциялық қарау барысында алынған дәлелдемелерді қарап шығып, сот істі жаңадан сот қарауына жіберместен, оларды қайтадан бағалауға және осы Кодекстің 411-бабының бірінші бөлігінде көзделген жаңа шешім қабылдауға құқылы.»;
56) 415-бапта:
бірінші бөліктегі «Істі сот қарауы кезінде» деген сөздер «Алдын ала тергеу барысында немесе істі сотта қарау кезінде жол берілген» деген сөздермен; «ережелері бұзылып, олар» деген сөздер «ережелерін бұзушылықтар, сондай-ақ» деген сөздермен; «жасаса, соттың қаулысына, әділ үкіміне немесе өзге де шешіміне ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкін болса, бұл» деген сөздер «жасаған, сот төрелігінің үкімін немесе соттың өзге де шешімдерін шығаруға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін заңды өзге де бұзушылықтар» деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Бірінші сатыдағы сот міндетті түрде зерттелуге тиіс дәлелдемелердің зерттелмеуі салдарынан жол берген сот тергеуінің біржақтылығы немесе толық еместігі жол берілетін дәлелдемелерді талқылаудан қателесіп алып тастаудың немесе тарапқа іс үшін маңызы болуы мүмкін дәлелдемелерді зерттеуден негізсіз бас тартудың не жол берілмейтін дәлелдемелерді зерттеудің нәтижесі болып табылса, үкімнің күші жойылуға немесе ол өзгертілуге жатады.»;
үшінші бөлікте:
4) тармақта:
«болғанда,» деген сөзден кейін «сотта» деген сөзбен толықтырылсын;
«қорғаушыға ие болу» деген сөздер «қорғалу» деген сөзбен ауыстырылсын;
8) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8) үкім шығару құпиясы бұзылса;»;
9) тармақтағы «судьялардың бірі» деген сөздер «судья» деген сөзбен ауыстырылсын;
10) тармақтағы «үкімнің» деген сөзден кейін «(қаулының)» деген сөзбен толықтырылсын;
57) 417 және 418-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«417-бап. Сот тағайындаған жазаның қылмыстың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуі
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабының санкциясында көзделген шектен шықпағанымен, өзінің түрі мен мөлшері бойынша шектен тыс жеңілдігі немесе шектен тыс қатаңдығы салдарынан әділетсіз болып табылатын жаза қылмыстың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмейді деп танылады.
2. Апелляциялық сатыдағы сот жазаны жеңілдетуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға байланысты, сондай-ақ сотталған адамның іс-әрекетін қайта сараламастан неғұрлым қатаң жаза тағайындау туралы шешім қабылдауға құқылы. Айыптау тарапының шағымдарында немесе прокурордың наразылығында тиісті дәйектер бар болған кезде және солардың шегінде ғана сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға жол беріледі. Неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану сотталушыға тағылған және бірінші сатыдағы сотта айыптау тарапынан қолдау тапқан айыптау шегінен шықпауға тиіс.
3. Бірінші сатыдағы сот қылмысты мемлекеттік және жеке айыптаушылардың айыпты неғұрлым ауыр емес айыпқа өзгертуіне байланысты осы Кодекстің 317-бабы жетінші бөлігінің негізінде саралау туралы шешім қабылдаған жағдайларда, апелляциялық сатының неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқығы жоқ, алайда ол жазаның мерзімін немесе мөлшерін шағымдардағы, наразылықтағы дәйектер шегінде арттыруға не сотталған адамға үкімде көрсетілгеннен гөрі жазаның неғұрлым қатаң түрін тағайындауға құқылы.
418-бап. Істі қысқарта отырып айыптау үкімінің күшін жою
1. Апелляциялық шағымдарды, наразылықты қараған кезде апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 37-бабы бірінші бөлігінің 3) - 10) тармақтарында және 38-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған жағдайда үкімнің күшін жойып, істі қысқартады.
2. Іс осы Кодекстің 37-бабы бірінші бөлігінің 9) тармағында көзделген негіздер бойынша қысқартылған кезде апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 516-бабында көрсетілген мәселелерді шешеді және осы Кодекстің 517-бабына сәйкес қаулы шығарады.»;
58) 419-бапта:
екінші бөлік «дау айтылмаса,» деген сөздерден кейін «осы Кодекстің 415-бабында көрсетілген» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«3. Істі аппеляциялық тәртіппен қарау кезінде мемлекеттік айыптаушының және жәбірленушілердің айыптаудан бас тартуына байланысты істі қысқарту туралы сот қаулысының күші жойылмайды.»;
59) 420-бапта:
бірінші абзацтағы «Егер» деген сөз «1. Егер» деген сөздермен ауыстырылсын;
1) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1) бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 415-бабы үшінші бөлігінің 2), 3), 4), 5), 10) тармақтарында көзделген қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуына жол бергенін;»;
2) тармақ алып тасталсын;
3) тармақтағы «немесе дұрыс шешілмегенін» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«2. Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгендігі немесе дәлелденбегендігі туралы, қандай да бір дәлелдемелердің дәйектілігі немесе дәйексіздігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы туралы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасауы мүмкін тұжырымдарды алдын ала шешуге құқылы емес.»;
60) мынадай мазмұндағы 420-1 және 420-2-баптармен толықтырылсын:
«420-1-бап. Жаңа үкім шығара отырып үкімнің күшін жою
1. Апелляциялық сатыдағы сот істі жаңадан сот қарауына жіберместен және осы Кодекстің 44-тарауының талаптарын сақтай отырып:
1) осы Кодекстің 37-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жоюға және ақтау үкімін шығаруға;
2) айыптау тарабының шағымы немесе наразылығы бойынша ақтау үкімінің күшін жоюға және айыптау үкімін шығаруға;
3) айыптау тарабының неғұрлым ауыр қылмыс немесе неғұрлым қатаң жаза тағайындау туралы заңды қолдану, қосымша жаза қолдану қажеттігі жөніндегі шағымын, наразылығын қанағаттандыруға негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жоюға және жаңа айыптау үкімін шығаруға құқылы.
2. Жаңа айыптау үкімін шығарған кезде апелляциялық сатыдағы сот тағылған айыптың шегінен және басты сот талқылауы кезінде мемлекеттік немесе жеке айыптаушы қолдаған айыптау шегінен шығуға құқылы емес.
3. Осы баптың бірінші бөлігінің қағидалары бойынша шығарылған апелляциялық сатының үкімдеріне ол жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде прокурор кассациялық наразылық немесе осы Кодекстің 396-бабында аталған тұлғалар кассациялық шағым беруі мүмкін, ал күзетпен ұсталып отырған сотталған адамдар оған үкімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап нақ сондай мерзімде бере алады.
4. Апелляциялық сатының үкімі оған кассациялық шағымдану мерзімі аяқталғаннан кейін заңды күшіне енеді, ал кассациялық шағым немесе наразылық келтірілген жағдайда, егер оның күші жойылмаса, кассациялық қаулы шығарылған күннен бастап заңды күшіне енеді.
420-2-бап. Істі қосымша тергеуге жібере отырып үкімнің күшін жою
Апелляциялық сатыдағы сот тараптардың өтініш жасауы бойынша үкімнің күшін жоюға және істі осы Кодекстің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қосымша тергеуге жіберуге құқылы.»;
61) 421-бапта:
бірінші бөлікте:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Апелляциялық сатыдағы сот үкімді өзгертуге:»;
3) және 5) тармақтар алып тасталсын;
7) тармақ «тануға» деген сөзден кейін «және түзеу колониясы режимінің неғұрлым қатаң түрін тағайындауға» деген сөздермен толықтырылсын;
9) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«9) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 70-бабы жетінші бөлігінің б) және в) тармақтарында көзделген жағдайларда шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоюға және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидалары бойынша жаза тағайындауға;»;
мынадай мазмұндағы 10) және 11) тармақтармен толықтырылсын:
«10) үкімге азаматтық талап қою бөлігінде, іс жүргізу шығындарын өндіріп алу мәселелері бойынша өзгерістерді, заттай дәлелдемелер туралы шешімді енгізуге;
11) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 95-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.»;
екінші бөліктегі «осы баптың бірінші бөлігінің 3) - 9) тармақтарында көрсетілген шешімді» деген сөздер «сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешімдерді» деген сөздермен ауыстырылсын;
62) 422-бапта:
екінші бөліктің 2) тармағындағы «апелляциялық алқаның» деген сөздер «соттың» деген сөзбен ауыстырылсын;
үшінші бөлікте:
«бөлігінде» деген сөзден кейін «сот актісінің мәні,» деген сөздермен толықтырылсын;
«берілген» деген сөзден кейінгі «апелляциялық» деген сөз алып тасталып, «дәлелдері» деген сөз «дәйектері» деген сөзбен ауыстырылсын;
төртінші бөлікте:
«шағымдардың, наразылықтың дәлелдері негізсіз немесе елеулі емес деп танылған негіздеме» деген сөздер «оларда баяндалған дәйектерді негізсіз деп танудың негіздері» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 7-1-бөлікпен толықтырылсын:
«7-1. Жаңа үкім шығару қажеттілігіне байланысты бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылған кезде апелляциялық қаулыда бірінші сатыдағы соттың үкімін заңсыз деп танудың негіздері көрсетілуге тиіс. Мұндай жағдайларда үкімнің күшін жою туралы қаулымен қатар жаңа үкім шығарылады.»;
тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық үкімнің немесе қаулының мәнін өзгертпей, жіберілген айқын қате жазуларды түзету туралы және олардағы түсініксіз жағдайларды түсіндіру туралы қосымша қаулы шығаруға құқылы.»;