4) төрағалық етушіге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етілген құжаттардың мазмұнын және іске қатысты, өзіне түсініксіз басқа да мәселелерді түсіндіруді сұрап өтініш жасауға;
5) сот отырысы кезінде жазбалар жасауға құқылы.
3. Алқаби:
1) сот отырысында тәртіп сақтауға және төрағалық етушінің заңды өкімдеріне бағынуға;
2) алқабидің міндеттерін атқару үшін, сондай-ақ, егер сот отырысында үзіліс жарияланған немесе істі тыңдау кейінге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге;
3) сотқа келуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, төрағалық етушіге келмеудің себептері туралы алдын ала хабарлауға міндетті.
4. Алқаби:
1) істі тыңдау кезінде сот отырысының залынан кетуге;
2) істі тыңдау кезінде сот құрамына кірмейтін адамдармен төрағалық етушінің рұқсатынсыз іс бойынша сөйлесуге;
3) істі қарау барысында мәліметтерді сот отырысынан тыс жинауға;
4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесінің құпиясын бұзуға құқылы емес.
5. Алқабидің өз міндеттерін атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулерді сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттету мүмкіндігіне әкеп соғады.
560-бап. Алқабилер қатысатын соттың құзыретi
1. Алқабилердің қатысуымен соттың істі талқылауы кезінде осы Кодекстің 371-бабы бірінші бөлігінің 1)-8), 14) тармақтарында көзделген мәселелер шешіледі.
2. Егер сот талқылауы барысында осы Кодекстің 116-бабына сәйкес дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейтін іс жүзіндегі деректер анықталатын болса, төрағалық етуші оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы мәселені шешуге, ал мұндай дәлелдемелер зерттелген жағдайда олардың заңды күші жоқ деп тануға, ал оларға жасалған зерттеулерді жарамсыз деп тануға міндетті.
3. Тараптар төрағалық етушінің рұқсатынсыз алқабилер қатысатын сотта істің талқылануынан алып тасталған дәлелдемелердің бар екені туралы еске салуға, өздерінің ұстанымдарына негіздеме үшін оларға сілтеме жасауға құқылы емес. Судьялар алқабилерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейтін іс жүзіндегі деректермен таныстыруға тиіс емес.
561-бап. Алқабилер қатысатын сотта істің қысқартылуы
Төрағалық етуші істі соттың алқабилердің қатысуымен талқылауының кез келген кезеңінде, егер сот талқылауы кезінде осы Кодекстің 37-бабының бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы осы Кодекстің 317-бабының жетінші бөлігіне сәйкес айыптаудан бас тартқан кезде қысқартады.
562-бап. Алқабилер қатысатын сотта сот тергеуінің
ерекшеліктерi
1. Алқабилер қатысатын соттың сот тергеуі осы Кодекстің 345-359, 362-баптарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлігін жариялаған кезде сотталушының сотталғандығы туралы фактілерді еске салуға құқылы емес.
3. Тараптар сотталушыдан, жәбірленушіден, куәлардан және сарапшылардан жауап алғаннан кейін алқабилер төрағалық етуші арқылы осы адамдарға сұрақтар қоя алады. Алқабилер сұрақтарды жазбаша түрде жасап, төрағалық етушіге береді.
4. Төрағалық етуші іске қатысы жоқ, сондай-ақ мегзеу немесе тіл тигізу сипатында деп есептеген сұрақтарды қабылдамай тастауға құқылы.
5. Тараптар алқабилер алқасының қатысуынсыз, судьялар бұрын іс талқылауынан алып тастаған дәлелдемелерді, бұл ретте олардың мәнін баяндамай-ақ, зерттеу туралы өтініш беруі мүмкін. Осындай өтінішке байланысты іс бойынша сот талқылауына қатысушылардың пікірін тыңдауды судьялар жүргізеді.
6. Сотталушының бұрынғы сотталғандығына байланысты, оны құнықпа маскүнем немесе нашақор деп тану туралы мән-жайлар, сондай-ақ алқабилердің сотталушыға қатысты теріс түсінігін туғызатын мән-жайлар зерттелуге жатпайды.
563-бап. Алқабилер қатысатын соттағы тараптардың
жарыссөздерi
1. Сот тергеуі аяқталғаннан кейін алқабилердің қатысуымен сот тараптардың жарыссөздерін тыңдауға көшеді. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөздері екі бөліктен тұрады.
2. Жарыссөздердің бірінші бөлігі мемлекеттік айыптаушының, жәбірленушінің, қорғаушының және сотталушының сөздерінен тұрады, олар сотталушының бұрынғы сотталғандығын еске салмай оның кінәсінің дәлелденуі немесе дәлелденбеуі жөніндегі өз ұстанымдарын баяндайды.
3. Тараптар алқабилер қатысқан соттың қарауына жатпайтын мән-жайларды еске салмауға және сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасамауға тиіс. Төрағалық етуші мұндай сөздерді үзіп тастайды және алқабилердің үкім шығару кезінде осы мән-жайларды есепке алмауға тиіс екендігін оларға түсіндіреді.
4. Жарыссөздердің екінші бөлігі мемлекеттік айыптаушының, сондай-ақ жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және жауапкердің немесе олардың өкілдерінің, қорғаушының және сотталушының сөздерінен тұрады, оларда сотталушының іс-әрекетін дәрежелеу, жаза тағайындау, азаматтық талап мәселелері бойынша ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздердің екінші бөлігі алқабилердің қатысуынсыз өткізіледі.
564-бап. Алқабилер қатысатын соттағы репликалар және
сотталушының соңғы сөзi
1. Алқабилер қатысатын сотта сөз сөйленіп болған соң тараптар жарыссөзіне қатысушылардың бәрінің реплика айтуға құқығы бар. Соңғы реплика айту құқығы қорғаушыға тиесілі.
2. Сотталушыға осы Кодекстің 365-бабына сәйкес соңғы сөз беріледі.
565-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын
сұрақтардың қойылуы
1. Екінші судьяның қатысуымен төрағалық етуші сот тергеуінің нәтижелерін, тараптардың жарыссөздерін ескере отырып, алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдайды, оларды оқиды және тараптарға береді.
2. Тараптар сұрақтардың мазмұны мен тұжырымдалуы бойынша өздерінің ескертпелерін айтуға және жаңа сұрақтар қою туралы ұсыныстар енгізуге құқылы.
3. Сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетеді.
4. Тараптардың ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, төрағалық етуші кеңесу бөлмесінде алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын сұрақтарды түпкілікті тұжырымдайды, оларды сұрақ парағына енгізеді және оған қол қояды.
5. Сұрақ парағы алқабилер мен тараптар қатысып отырған кезде дауыстап оқылады.
566-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын
сұрақтардың мазмұны
1. Сотталушы жасаған деп айыпталатын әрекеттердің әрқайсысы бойынша:
1) әрекеттің орын алғаны дәлелденді ме;
2) бұл әрекетті сотталушының жасағаны дәлелденді ме;
3) бұл әрекеттің жасалуына сотталушы кінәлі ме деген үш негізгі сұрақ қойылады.
2. Сотталушының кінәлілігі туралы негізгі сұрақтан кейін кінәлілік дәрежесін арттыратын немесе төмендететін не оның сипатын өзгертетін, сотталушыны жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлар туралы жеке сұрақтар қойылуы мүмкін. Қажет болған жағдайларда қылмыстық ниеттің жүзеге асырылу дәрежесі, әрекеттің соңына дейін жеткізілмеуіне әсер еткен себептер, сотталушылардың әрқайсысының қылмыстың жасалуына қатысу дәрежесі мен сипаты туралы сұрақтар да жеке қойылады. Егер қойылатын сұрақтар сотталушының қорғану құқығын бұзбаса, сотталушының онша ауыр емес қылмыс жасаудағы кінәсін анықтауға мүмкіндік беретін сұрақтар қоюға жол беріледі.
3. Шешуге жататын сұрақтар әрбір сотталушыға қатысты жеке қойылады.
567-бап. Төрағалық етушінің алқабилерге жүгінуі
1. Судьялар мен алқабилер кеңесу бөлмесіне кетер алдында төрағалық етуші алқабилерге жүгінеді.
2. Алқабилерге жүгінген кезде төрағалық етушіге алқабилер алқасы мен судьялар алдына қойылған сұрақтар бойынша қандай да бір нысанда өз пікірін айтуға тыйым салынады.
3. Төрағалық етуші жүгінуінде:
1) айыптаудың мазмұнын баяндайды;
2) сотталушы айыпталып отырған әрекетті жасағаны үшін жауаптылық көзделген қылмыстық заңның мазмұнын хабарлайды;
3) сотталушының айыбын ашатын да, сол сияқты оны ақтайтын да, сотта зерттелген дәлелдемелер туралы еске салады, бұл ретте осы дәлелдемелерге өзінің көзқарасын білдірмейді және одан қорытындылар жасамайды;
4) мемлекеттік айыптаушының және қорғаушының ұстанымдарын баяндайды;
5) алқабилерге дәлелдемелерді олардың жиынтығында бағалаудың негізгі ережелерін; кінәсіздік презумпциясы принципінің мәнін; сотталушының пайдасына жойылмаған күмәнді түсіндіру туралы ережені; олардың қорытындылары тікелей сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негізделуі мүмкін екендігі, олар үшін ешқандай дәлелдеменің алдын ала белгіленген күші жоқ, олардың қорытындылары болжамдарға, сондай-ақ сот пайдалануға жол берілмейді деп таныған дәлелдемелерге негізделмеуге тиіс екендігі туралы ережені түсіндіреді;
6) алқабилер назарын сотталушының айғақ беруден бас тартуы немесе оның сотта жауап бермеуі заң тұрғысынан маңызға ие болмайтынына және сотталушының кінәлілігінің дәлелі ретінде түсіндірілмейтініне аударады;
7) кеңесу, бюллетеньдерді негізгі мәселелер бойынша толтыру тәртібін, үкім шығару мәселелері бойынша жалпы дауыс беру тәртібін түсіндіреді.
4. Тараптар сот отырысында төрағалық етушінің объективтілік принципін бұзу себептері бойынша жүгінуінің мазмұнына байланысты қарсылық білдіруге құқылы, ол сот отырысының хаттамасына енгізілуге жатады.
568-бап. Алқабилер кеңесінің құпиясы
1. Жарыссөздер аяқталғаннан кейін судьялар және негізгі алқабилер үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.
2. Судьялар мен алқабилерден басқа, кеңесу бөлмесінде өзге адамдардың болуына жол берілмейді. Жұмыс уақыты аяқталған соң, сондай-ақ жұмыс күні ішінде төрағалық етуші кеңесу бөлмесінен шығып, демалу үшін үзіліс жасауға құқылы.
569-бап. Кеңесу бөлмесінде кеңесу мен дауыс берудi
жүргізу тәртібi
1. Төрағалық етуші судьялар мен алқабилер кеңесіне басшылық етеді, шешілуге жататын мәселелерді рет-ретімен талқылауға қояды, жауаптар бойынша дауыс беруді және дауыстардың есебін жүргізеді.
2. Кеңесу бөлмесінде алқабилер қойылған мәселелерге байланысты өздерінде туындаған түсінбеушіліктер бойынша төрағалық етушіден түсініктер алуға құқылы.
3. Негізгі мәселелер бойынша дауыс беру жазбаша жүргізіледі. Судьялар мен алқабилердің дауыс беру кезінде қалыс қалуға құқықтары жоқ. Судьялар мен алқабилердің дауыстары тең.
4. Судьялар мен алқабилер сотталушылардың саны бойынша соттың мөртабаны басылып, дауыс беруге арналған: «Өзімнің ар-намысым, ар-ожданым бойынша және ішкі нанымым бойынша менің қорытындым...« деген сөздер жазылған, таза бюллетеньді алады. Олардың әрқайсысы құпияны қамтамасыз ете отырып, бюллетеньге сұрақ парағында қойылған және шешілуге жататын сұрақтардың әрқайсысына жауап жазады. Сұрақ парағында қойылған сұрақтардың реті бойынша жауап мақұлдаған «иә» немесе құптамаған «жоқ» деген немесе жауаптың мәнін ашатын («иә, дәлелденді», «жоқ, дәлелденген жоқ», «иә, кінәлі», «жоқ, кінәсіз») міндетті түсіндірме сөзден немесе сөз тіркестерінен тұруға тиіс. Судьялар мен алқабилер өздерінің бюллетеньдерін дауыс беруге арналған жәшікке салады.
5. Дауыс беру аяқталғаннан кейін төрағалық етуші алқабилердің қатысуымен жәшікті ашады және әрбір бюллетеньдегі дауыстарды санайды, дауыстарды санау нәтижесін сұрақ парағында көрсетілген негізгі үш сұрақтың әрқайсысының тұсына дереу жазады.
6. Алқабилер мен судьялардың жауаптары бар бюллетеньдер қылмыстық істе сақталатын конвертке салынып, желімделеді.
7. Егер алдыңғы сұраққа берілген жауап кейінгі сұраққа жауап берудің қажеттілігін жойса, төрағалық етуші судья алқабилердің көпшілігінің келісімімен сол кейінгі сұрақтың тұсына "жауап берілмейді" деген сөздерді жазады.
8. Егер осы Кодекстің 566-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген үш сұрақтың әрқайсысына мақұлдаған жауаптарға дауыс берушілердің көпшілігі дауыс берсе, айыптау шешімі қабылданған болып есептеледі.
9. Егер қойылған негізгі сұрақтардың кез келгеніне берілген құпталмаған жауапқа дауыс берушілердің алтауы және одан да көбі дауыс берсе, ақтау шешімі қабылданған болып есептеледі.
10. Егер сотталушының кінәлілігі туралы мәселе оң шешілсе, онда судьялар бұл әрекет қылмыс болып табыла ма деген және оның нақ қандай қылмыстық заңда көзделгені (бабы, бөлігі, тармағы) туралы мәселені шешеді, сондай-ақ осы әрекеттер үшін қандай жазалау шарасы көзделгенін алқабилерге түсіндіреді.
11. Судьялар алқабилердің қатысуымен соттың әрекетті дәрежелеу мәселесін шешкеннен кейін осы Кодекстің 371-бабы бірінші бөлігінің 5)-8) және 14) тармақтарында көзделген, шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданатын мәселелер үзіліс жасалмай шешіледі. Егер оған дауыс берушілердің көпшілігі жақтап дауыс берсе, шешім қабылданған деп есептеледі.
12. Он бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, егер осындай шешімге дауыс берушілердің сегізі және одан да көбі дауыс берсе, тағайындалуы мүмкін.
13. Айрықша жазалау шарасы - өлім жазасы судьялар мен алқабилер бірауыздан шешім шығарған кезде ғана тағайындалуы мүмкін.
14. Судьялар мен алқабилердің жауаптары бар сұрақ парағына судьялар мен алқабилер қол қояды.
570-бап. Алқабилер қатысатын сот қабылдайтын
шешімдердің түрлерi
Алқабилердің қатысуымен сотта қылмыстық істі талқылау мына шешімдердің бірін:
1) осы Кодекстің 324-бабында көзделген жағдайларда, істі қысқарту туралы қаулыны;
2) алқабилердің қатысуымен сот осы Кодекстің 566-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негізгі үш сұрақтың кем дегенде біреуіне теріс жауап берген жағдайларда, ақтау үкімін;
3) осы Кодекстің 375-бабының екінші бөлігіне сәйкес айыптау үкімін қабылдаумен аяқталады.
571-бап. Үкімнің қаулысы
1. Үкімге осы Кодекстің 44-тарауында белгіленген тәртіппен төрағалық етушінің мынадай ерекшеліктермен қаулысы шығарылады:
1) үкімнің кіріспе бөлімінде екінші судьяның және алқабилердің тегі көрсетілмейді;
2) ақтау үкімінің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде алқабилердің қатысуымен сот ақтау шешімін шығарған айыптаудың мәні баяндалады және шешімге не мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тартуына сілтеме қамтылады;
3) айыптау үкімінің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде сотталушы жасағаны үшін кінәлі деп танылған қылмыстық әрекеттің сипаттамасы, жасалған әрекеттің дәрежеленуі, жаза тағайындау себептері және азаматтық талапқа қатысты сот шешімінің негіздемесі қамтылуға тиіс;
4) үкімнің қарар бөлігінде апелляциялық сатыға үкімге шағым жасау және наразылық білдіру тәртібі туралы түсінік қамтылуға тиіс.
2. Yкімге іс бойынша төрағалық етуші қол қояды.
572-бап. Сотталушының есі дұрыс емес екендігінің
анықталуына байланысты қылмыстық істі қарауды
тоқтату
1. Егер алқабилердің қатысуымен соттың істі талқылау барысында сотталушы өзінің психикалық жағдайы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін емес не оны өз іс-әрекеттеріне есеп беру немесе оларды басшылыққа алып жүру мүмкіндігінен айыратын, сот-психиатриялық сараптаманың тиісті қорытындысымен расталған, жан күйзелісі ауруына шалдықты деп есептеуге негіз болатын мән-жайлар анықталса, төрағалық етуші алқабилер қатысқан соттың қылмыстық істі қарауды тоқтатуы туралы қаулы шығарады және оны осы Кодекстің 12-бөлімінде көзделген тәртіппен соттың қарауына жібереді.
2. Төрағалық етушінің алқабилер қатысқан соттың істі қарауды тоқтатуы және оны осы Кодексте көзделген жалпы тәртіппен соттың қарауына жіберуі туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және апелляциялық тәртіппен шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
573-бап. Сот отырысының хаттамасын жүргізу ерекшеліктерi
1. Сот отырысының хаттамасы, осы Кодекстің 328-бабының талаптарына сәйкес, осы бапта көзделген ерекшеліктермен жүргізіледі.
2. Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабиге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын құру барысы міндетті түрде көрсетіледі.
3. Төрағалық етушінің жүгінуі сот отырысының хаттамасына жазылады немесе оның мәтіні қылмыстық іс материалдарына тіркеліп, бұл туралы хаттамада көрсетіледі.
4. Сот отырысының хаттамасында соттың іс қарауының бүкіл барысы оның өтуінің дұрыстығын куәландыратындай етіп көрсетуге тиіс.
61-тарау.
Апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізудің
ерекшеліктерi
574-бап. Алқабилердің қатысуымен сот шығарған, заңды
күшіне енбеген үкімдер мен қаулыларға шағым
жасау және наразылық білдіру
1. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына шағым жасау, наразылық білдіру тәртібі, осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен, осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген ережелермен айқындалады.
2. Алқабилер қатысқан соттың үкімдеріне, төрағалық етушінің істі тоқтату туралы қаулыларына, сондай-ақ төрағалық етушінің осы Кодекстің 299-бабы екінші бөлігінің 2) және 5) тармақтарында көрсетілген, алдын ала тыңдау нәтижелері бойынша шығарылған қаулыларына апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін. Төрағалық етуші шығарған басқа қаулылар шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
575-бап. Алқабилердің қатысуымен сот қараған істердi
апелляциялық сатыда жүргізу ерекшеліктерi
1. Апелляциялық сатыда сот шешімдерінің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге:
1) істі аяқтау үшін айтарлықтай маңызы болуы мүмкін жол берілетін дәлелдемелерді талқылаудан негізсіз алып тастау;
2) істі аяқтау үшін айтарлықтай маңызы болуы мүмкін дәлелдемелерді тараптың зерттеуінен негізсіз бас тарту;
3) істің аяқталуына әсер еткен дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайтын іс жүзіндегі деректерді сот отырысында зерттеу;
4) осы Кодекстің 415-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзу негіз болып табылады.
2. Апелляциялық саты сотталған адамға онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған әрекеттің дәрежеленуінің өзгеруіне сәйкес жазаны жеңілдетуге құқылы. Бұл ретте, апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны ауырлатуға құқылы емес.
3. Қылмыстық іс жүргізу заңының прокурордың, жәбірленушінің немесе оның өкілінің дәлелдемелерді ұсыну құқығын шектеген бұзушылық жағдайларын қоспағанда, алқабилер қатысқан соттың ақтау үкімі апелляциялық сатыда күшін жоймауға тиіс.
62-тарау.
Қадағалау сатысындағы сотта іс жүргізу
ерекшеліктерi
576-бап. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енген
үкімдері мен қаулыларын қадағалау тәртібімен
қайта қарау
Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулылары туралы істер бойынша қадағалау сатысында осы Кодекстің 459-бабының бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 6) тармақтарында және екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша іс жүргізілуі мүмкін.
577-бап. Алқабилер қатысқан соттың шешімін қадағалау
тәртібімен қайта қараған кезде сотталған
адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу
Неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттігіне байланысты айыптау үкімін, сондай-ақ сот қаулысын жазаның жеңілдігіне орай немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соқтыратын өзге де негіздер бойынша қадағалау тәртібімен қайта қарауға, сондай-ақ соттың ақтау үкімін не қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысын қайта қарауға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Ақмола, 1997 жылғы 13 желтоқсан
№ 206-І ҚРЗ