24) химиялық және биологиялық заттарды қолдану, сақтау, тасымалдау бойынша белгіленген нормалар мен ережелердің сақталуына;
25) экологиялық рұқсаттарда белгіленген табиғат пайдалану талаптарының орындалуына;
26) өндіріс пен тұтыну қалдықтарын есепке алудың, кәдеге жаратудың және залалсыздандырудың белгіленген нормалары мен ережелерінің сақталуына;
27) ластаушы заттарды шығарудың, тастаудың стационарлық көздері бар және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастыратын объектілердің санитарлық-қорғаныш аймақтарына қойылатын экологиялық талаптардың сақталуына;
28) Қазақстан Республикасының аумағындағы радиациялық жағдайға, қоршаған орта объектілерінің радиоактивті заттармен ластануының алдын алу жөніндегі жобалық шешімдердің орындалуына;
29) тазарту құрылыстары жұмысының технологиялық регламенттерінің сақталуына;
30) өндірістік экологиялық бақылау нормалары мен ережелерінің сақталуына;
31) Қазақстан Республикасының міндетті экологиялық сақтандыру туралы заңнамасының сақталуына;
32) қоршаған ортаны қорғау саласында лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асырудың біліктілік талаптары мен ережелерінің сақталуына;
33) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізудің міндеттілігі туралы талаптардың сақталуына және оның шарттарының орындалуына;
34) міндетті экологиялық аудит жүргізу және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша дұрыс ақпарат беру туралы талаптардың сақталуына;
35) Қазақстан Республикасының құрылықтық қайраңында теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізу кезінде экологиялық талаптардың сақталуына;
2009.23.06. № 164-ІV ҚР Заңымен 36) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
36) қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау ережелерінің сақталуына;
2009.23.06. № 164-ІV ҚР Заңымен 114-бап 37) тармақшамен толықтырылды
37) технологияларға, техника мен жабдыққа қойылатын экологиялық талаптардың сақталуына мемлекеттік экологиялық бақылау жүзеге асырылады.
115-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды ұйымдастыру
1. Мемлекеттік экологиялық бақылау:
1) қоршаған ортаға эмиссияларды және табиғи ресурстарды есепке алу жөніндегі мемлекеттік және ведомстволық статистикалық есептілік материалдарын, сондай-ақ табиғатты пайдаланушылардың табиғат қорғау қызметі туралы деректерін талдау;
2) табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтауы мен орындауына тексерулер ұйымдастыру және жүргізу;
3) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін құқықтық құралдарды пайдалану жолымен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік экологиялық бақылау шаралар кешенін, оның ішінде:
1) бақылаудың басымдықтарын айқындауды;
2) бақылаудың қолданыстағы құралдарын пайдалануды;
3) қызметтің перспективалық жоспарларын, нақты іс-шаралар мен қажетті кадрлық және материалдық ресурстарды, сондай-ақ сапалық және сандық көрсеткіштерді әзірлеу мен енгізуді;
4) тексерілетін объектілер бойынша жұмыстардың жылдық және жедел жоспарларын әзірлеу мен енгізуді;
5) инспекторлық тексерулер жүргізуді;
6) талдама бақылаудың деректерін және мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті өзге де ақпаратты жинауды, талдау мен пайдалануды;
7) мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері қызметінің перспективалық, жылдық және жедел жоспарларын есепке алуды, құжаттауды және олардың іске асырылуын талдауды;
8) мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелері қызметінің ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз етуді қамтиды.
116-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшесінің басшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы;
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшесі басшысының орынбасары болып табылатын Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторының орынбасары;
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшесінің басқарма бастықтары мен бастықтарының орынбасарлары және бөлім бастықтары болып табылатын Қазақстан Республикасының аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшесінің бас және жетекші мамандары болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары бастықтарының орынбасарлары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) бас мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелерінің бастықтары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аға мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
лауазымы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімшелерінің бас және жетекші мамандары болып табылатын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік экологиялық инспекторлары;
облыстық маңызы бар қалалардың және аудандардың мемлекеттік экологиялық инспекторлары жатады.
2. Мемлекеттік экологиялық инспекторлар белгіленген тәртіппен нысанды киім-кешекпен, қызметтік куәліктермен, омырау белгілерімен және белгіленген үлгідегі мөрлермен және пломбирлермен қамтамасыз етіледі.
3. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның қызметіне араласуға жол берілмейді.
4. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға кедергі келтіретін, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қатысты күш көрсету немесе зорлық іс-әрекет жасау арқылы қатер төндіретін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Мемлекеттік экологиялық инспекторлардың өз өкілеттігі шегінде қабылдаған шешімдерін барлық жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті және солар бойынша жоғары тұрған мемлекеттік органға және (немесе) лауазымды адамға немесе сотқа шағым жасауға болады.
117-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары
1. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) табиғат пайдаланушылармен, жеке тұлғалармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасасуға;
2) тексерілетін объектілерде, оның ішінде әскери және қорғаныс объектілерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кедергісіз болуға;
3) жеке және заңды тұлғалардың аумақтарына сынамалар алуға арналған өлшеу аспаптары мен жабдықтарды алып кіруге, қажет болғанда мамандарды және жұртшылық өкілдерін тарта отырып, қажетті өлшеу жұмыстарын жүргізуге, сынамалар (оның ішінде тауарлар мен материалдардың үлгілерін) алуға және оларға талдау жасауға;
4) мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға қажетті құжаттаманы, талдаулар нәтижелерін және өзге де материалдарды сұратуға және алуға;
5) табиғат пайдаланушының экологиялық нормалар мен талаптарды бұзуы қоршаған ортаға және (немесе) халықтың денсаулығына елеулі залал келтіруге әкеп соққан жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензияларды кері қайтарып алуға және (немесе) табиғи ресурстарды пайдалануға және алуға арналған шартты (келісім-шартты) бұзуға және (немесе) табиғат пайдалануға берілген экологиялық және өзге де рұқсаттарды тоқтата тұруға және оларды жоюға бастамашы болуға;
6) жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығаруға;
7) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметті шектеу, тоқтата тұру және тыйым салу туралы талап-арыздар ұсынуға;
8) қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға, тұлғаларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды тиісті органдарға жіберуге;
9) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшерін айқындауға немесе анықтауға қатысуға, залалды өтеу туралы нұсқама шығаруға және сотқа талап-арыз ұсынуға;
10) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылардың іс-әрекеттерін болғызбау немесе олардың жолын кесу үшін жәрдемдесуін сұрап, прокуратураға және құқық қорғау органдарына жүгінуге;
11) мердігер барлау, өндіру, бірлескен барлау мен өндіру жүргізуді не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға әкеп соққан себептерді жоюдан бас тартқан жағдайда не осы себептерді жою үшін жеткілікті мерзім ішінде оларды жоймаса; жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген шараларды қолданбаған кезде; жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұруға әкеп соққан себептерді жою мүмкін болмағанда; мердігер келісімшартта не бағдарламалық жұмыстарда белгіленген міндеттерді елеулі түрде бұзған кезде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы өз құзыреті шегінде құзыретті органға ұсыныс енгізуге құқылы.
2. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда арнаулы құралдарды (арнайы байланыс құралдарын, фото-бейне аппаратураларды, өлшеу құралдарын) сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
118-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың міндеттерi
Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзудың қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері бар фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға;
4) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауға;
5) инспекторлық ақпарат құпиялылығын сақтауға;
6) қызметтік әдеп ережелерін сақтауға міндетті.
13-тарау. Инспекторлық экологиялық тексерулер
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 119-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
119-бап. Инспекторлық экологиялық тексерулер
1. Инспекторлық экологиялық тексеру - мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтауы туралы ақпаратты жинау мен талдау арқылы жүргізетін іс-шаралар кешені.
2. Инспекторлық экологиялық тексеруді жүргізу, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, табиғат пайдаланушының қызметін тоқтата тұруға тиіс емес.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
120-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
121-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
122-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
123-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
124-бап. 2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 125-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
125-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылаудың өзге де нысандары
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құрамына кіретін зертхана бақылауды қамтамасыз ету мақсатында тікелей табиғи объектілерде және ластау көздерінде талдамалық бақылауды жүзеге асырады.
2. Талдамалық бақылауды табиғат пайдалану объектісінің санитариялық-қорғаныш аймағынан тыс жерлерде жүзеге асыру үшін сынамаларды іріктеп алу кез келген уақытта тіркеусіз жүзеге асырылады.
3. Талдамалық бақылаудың нәтижелері табиғат пайдаланушылардың қоршаған орта сапасының нормативтерін сақтауын айқындайды және Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталмауын негіздеу үшін пайдаланылады және қоршаған орта сапасының нормативтері шегінен асып кету фактілері бойынша тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге негіз болып табылады.
4. Камералдық бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның тікелей орналасқан жері бойынша табиғат пайдаланушы табыс еткен есептілікті және басқа да құжаттарды зерделеу мен талдау негізінде жүзеге асырылады.
5. Табиғат пайдаланушының есептілігінде және басқа да құжаттарында қамтылған мәліметтер арасында қателіктер мен қайшылықтардың анықталуы тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге негіз болып табылады.
126-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібi
Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттік органға және (немесе) лауазымды адамға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
127-бап. Инспекторлық экологиялық тексеруді жүргізу кезінде ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету
1. Табиғат пайдаланушыға қатысты құпия ақпарат табиғат пайдаланушының жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға берілмейді. Ақпараттың құпиялылығы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және халықаралық шарттарда айқындалады.
2. Мемлекеттік экологиялық инспектор мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген құпия ақпарат беруді қоспағанда, экологиялық тексеру барысында алынған құпия ақпаратты жария етпеуге міндетті.
14-тарау. Өндірістік экологиялық бақылау
128-бап. Өндірістік экологиялық бақылауды тағайындау және оның мақсаттары
1. Арнайы табиғат пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
2. Өндірістік экологиялық бақылаудың мақсаттары:
1) табиғат пайдаланушының экологиялық саясатына, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне және қоршаған ортаға ықпалды әсер ететін өндірістік процестерді реттеу аспаптарына қатысты шешімдер қабылдау үшін ақпарат алу;
2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету;
3) табиғат пайдаланушының өндірістік процестерінің қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер етуін мейлінше азайту;
4) табиғи және энергетикалық ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру;
5) тосын жағдайларға жедел кідіріссіз ден қою;
6) табиғат пайдаланушылардың басшылары мен қызметкерлерінің неғұрлым жоғары деңгейде экологиялық хабардар болуы мен жауапкершілігін қалыптастыру;
7) кәсіпорындардың экологиялық қызметі және халықтың денсаулығы үшін қатер туралы жұртшылықты хабардар ету;
8) экологиялық талаптарға сәйкестіктің деңгейін арттыру;
9) қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесінің өндірістік және экологиялық тиімділігін арттыру;
10) инвестициялау және кредит беру кезінде экологиялық тәуекелдерді есепке алу болып табылады.
129-бап. Өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу тәртібi
1. Өндірістік экологиялық бақылауды табиғат пайдаланушы әзірлеген және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы негізінде табиғат пайдаланушы жүзеге асырады.
2. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында өндірістік экологиялық бақылау процесінде қадағаланып отыратын міндетті параметрлер тізбесі, оның мерзімділігін, ұзақтығы мен өлшемдер жиілігін айқындау критерийлері, пайдаланылатын аспаптық немесе есептік әдістер белгіленеді.
3. Өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде өндірістік процестің тиімділігін экологиялық бағалау қоршаған ортаға эмиссиялар, зиянды өндірістік факторлар деңгейін, сондай-ақ табиғи, энергетикалық және өзге де ресурстарды тұтынудың нақты көлемін өлшеу негізінде және (немесе) есептеу негізінде жүзеге асырылады.
130-бап. Табиғат пайдаланушының өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттерi
1. Өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде табиғат пайдаланушының:
1) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуын қадағалап отыру үшін ең аз қажетті көлемде өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға;
2) өзінің техникалық және қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қабылданған талаптарға сәйкес өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын әзірлеуге;
3) өндірістік экологиялық бақылау қызметінің ұйымдық құрылымын және персоналдың оны жүргізу үшін жауапкершілігін дербес айқындауға;
4) кеңейтілген өндірістік экологиялық бақылауды ерікті негізде жүргізуге құқығы бар.
2. Өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде табиғат пайдаланушы:
1) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын әзірлеуге және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісуге;
2) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының талаптарын іске асыруға және нәтижелерін құжаттауға;
3) рәсімдік талаптарды ұстануға және алынған деректердің сапасын қамтамасыз етуге;
4) өндірістік экологиялық бақылаудың нәтижелерін жүйелі түрде бағалауға және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде қажетті шаралар қолдануға;
5) өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері жөніндегі есептілікті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға белгіленген тәртіппен ұсынуға;
6) өндірістік экологиялық бақылау процесінде анықталған, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу фактілері туралы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органға дереу хабарлауға;
7) қауіпсіздік техникасын сақтауға;
8) жүзеге асырылатын өндірістік экологиялық бақылаудың сапасы мен объективтілігін растау үшін мемлекеттік экологиялық инспекторлардың бастапқы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
9) жұртшылықтың өндірістік экологиялық бақылау бағдарламаларына және өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептік деректерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
10) мемлекеттік экологиялық инспекторлардың талап етуі бойынша мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік экологиялық бақылаудың құжаттарын, талдаулардың нәтижелерін және өзге де материалдарын ұсынуға міндетті.
131-бап. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын әзірлеуге қойылатын талаптар
1. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын табиғат пайдаланушы әзірлейді.
2. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында мынадай ақпарат:
1) өндірістік мониторинг процесінде қадағаланып отыратын міндетті параметрлер тізбесі;
2) өндірістік мониторинг пен өлшеулерді жүзеге асыру кезеңі, ұзақтығы және жиілігі;
3) өндірістік мониторингті жүргізуде пайдаланылатын әдістер туралы мәліметтер;
4) сынамаларды іріктеп алу нүктесі және өлшеулер жүргізу орны;
5) деректерді есепке алуды жүргізудің, талдаудың және хабарлаудың әдістері мен жиілігі;
6) ішкі тексерулердің жоспар-кестесі және олардың сақталмауына ден қоюдың ішкі аспаптарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою рәсімі;
7) аспаптық өлшеулердің сапасын қамтамасыз ету тетіктері;
8) тосын жағдайлардағы іс-қимыл хаттамасы;
9) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу үшін қызметкерлердің ішкі жауапкершілігінің ұйымдастырушылық және функционалдық құрылымы;
10) өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелері көрініс табатын өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.
132-бап. Өндірістік мониторингтің түрлері және оны жүргізуді ұйымдастыру
1. Өндірістік мониторинг өндірістік экологиялық бақылаудың белгіленген кезеңділікпен толық деректер алу үшін орындалатын элементі болып табылады.
2. Өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыру шеңберінде операциялық мониторинг, қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі және әсер ету мониторингі орындалады.
3. Операциялық мониторинг (өндірістік процесс мониторингі) табиғат пайдаланушының қызмет көрсеткіштері оны тиісті жобалық пайдалану және осы өндірістің технологиялық регламентінің талаптарын сақтау үшін орынды деп есептелетін ауқымда тұрғанын растау үшін технологиялық процестің параметрлерін қадағалауды қамтиды. Операциялық мониторингтің мазмұнын табиғат пайдаланушылар айқындайды.
4. Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі өндірістік ысыраптарды, эмиссиялардың саны мен сапасын және олардың өзгеруін қадағалау үшін эмиссияларды шығу көзінде бақылауды қамтиды.
5. Әсер ету мониторингін жүргізу, ол Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының және қоршаған орта сапасы нормативтерінің сақталуын қадағалап отыру үшін қажет болған жағдайларда өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына енгізіледі.
6. Әсер ету мониторингі мынадай жағдайларда:
1) табиғат пайдаланушының қызметі сезімтал экожүйеге және халықтың денсаулығына әсер ететін болса;
2) технологиялық объектілерді пайдалануға беру кезеңінде;
3) қоршаған ортаға авариялық эмиссиялардан кейін міндетті болып табылады.
7. Әсер ету мониторингін табиғат пайдаланушы жеке, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша басқа да табиғат пайдаланушылармен бірге жүзеге асыруы мүмкін.
8. Өндірістік мониторингтің бағдарламасы белгіленген жұмыстардың қоршаған ортаға әсер етуін бағалау негізінде әзірленеді. Өндірістік мониторинг бағдарламасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органымен келісіледі және оны табиғат пайдаланушы бекітеді. Өндірістік мониторингтің ұзақтығы әсер ету ұзақтығына байланысты болады.
9. Қоршаған ортаның өндірістік мониторингі Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген өндірістік немесе тәуелсіз зертханаларда жүзеге асырылады.
10. Өндірістік мониторингтің деректері Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу шеңберінде қоршаған ортаның жай-күйін бағалау үшін пайдаланылады.
133-бап. Өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есеп пен есептілік
Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес ішкі есепті жүргізеді, өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша кезеңдік есептер беруді қалыптастырады және ұсынады.
134-бап. Табиғат пайдаланушының ішкі тексерулердi ұйымдастыруы
1. Табиғат пайдаланушы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуын тұрақты ішкі тексеру және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелерін экологиялық және өзге де рұқсаттардың талаптарымен салыстыру жөнінде шаралар қолданады.
2. Ішкі тексерулерді еңбек міндеттеріне қоршаған ортаны қорғау мәселелері және өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялар кіретін қызметкер (қызметкерлер) жүргізеді.
3. Ішкі тексерулер барысында:
1) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында көзделген іс-шаралардың орындалуы;
2) қоршаған ортаны қорғауға қатысты өндірістік нұсқаулықтар мен ережелерді ұстану;
3) экологиялық және өзге де рұқсат талаптарын орындау;
4) өндірістік экологиялық бақылаудың нәтижелері бойынша есеп пен есептілікті жүргізудің дұрыстығы;
5) өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелері көрініс табатын өзге де мәліметтер бақыланады.
4. Ішкі тексеруді жүзеге асыратын қызметкер (қызметкерлер):
1) алдыңғы ішкі тексеру туралы есепті қарауға;