Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі
бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы № 1039 Қаулысы
(2009.06.08. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2009 жылғы 28 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1329 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспары (бұдан әрі - Іс-қимылдар жоспары);
2) Іс-қимылдар жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (бұдан әрі - Іс-шаралар жоспары);
3) Іс-қимылдар жоспарын іске асыру жөнінде ұсынылатын іс-шаралар жоспары (бұдан әрі - Ұсынылатын іс-шаралар жоспары) бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1329 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары:
1) Іс-шаралар жоспарында және Ұсынылатын іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
2) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-күніне дейін тоқсан сайын Іс-шаралар жоспарының және Ұсынылған іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат берсін.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1329 Қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау
министрлігі есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-күніне дейін тоқсан сайын Қазақстан Республикасының Үкіметіне Іс-шаралар жоспарының және Ұсынылған іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2009.25.05. № 768 Қаулысымен мәтінде «Қазына» ОДҚ» АҚ» деген сөздер «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 6 қарашадағы
№ 1039 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1329 Қаулысымен жоспар өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын
қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспары
1. Ағымдағы жағдайды талдау.
Мақсат және міндеттер
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1329 (бұр.ред.қара); 2008.04.05. № 409 (бұр.ред.қара); 2008.23.08. № 764 (бұр.ред.қара) қаулыларымен 1-бөлім өзгертілді
Халықаралық қаржы нарығындағы жағдайдың шиеленісуі, сарапшылардың бағалауы бойынша АҚШ-та ипотекалық кредит беру проблемаларына негізделген. АҚШ-тың ипотекалық нарығында туындаған дағдарысты жағдайлар көптеген елдердің, оның ішінде халықаралық қаржы жүйесіне кіріктірілген Қазақстанның қаржы жүйесіне де әсер етті.
Қазақстанның қаржы жүйесі өзінің тұрақты және тиімді жұмыс істейтіндігін көрсетті. Сонымен бірге, қазіргі уақытта нарықта халықаралық нарықтарда қорландыру тапшылығына байланысты кейбір көрсеткіштердің төмендеуі байқалады.
Сыртқы қорландыру көлемінің қысқаруы банктердің қарыз алушыларға жаңа кредит беру қабілетіне теріс әсер етті және экономиканы кредиттеу қарқынының төмендеуіне ықпал етті.
Сыртқы қайта қаржыландыру мүмкіндіктерінің қысқаруы аясында қазақстандық банктердің сыртқы қарыздары бойынша өтемдер көлемінің жоғары болуына қатысты екінші деңгейлі банктерге (бұдан әрі - ЕДБ) экономиканы қажетті көлемде кредиттеуді жалғастыруға мүмкіндік бермейді.
2007 жылғы тамыздан бастап құрылыс саласы белгілі қиындықтарды бастан кешуде.
Тұрғын үй сатып алуға берілетін ипотекалық кредиттердің көлемінің оларды беру талаптарын қатаңдату жағдайында кейбір қысқаруы, сондай-ақ құрылысты жүзеге асыруға арналған кредиттік желілер бойынша лимиттердің азаюы орын алды.
Егер 2007 жылғы маусымда құрылыс саласы 151 млрд. теңгеге қаржыландырылған болса, тамызда - барлығы 107,3 млрд. теңге (құлдырауы 30% жуық).
Талдау қорландырудың төмендеуі салынып жатқан тұрғын үй нарығының, атап айтқанда коммерциялық сектордің кемінде 20%-ын қамтитынын көрсетті. Бұл ретте, салынып жатқан коммерциялық тұрғын үй үлескерлер қаражатына салынып жатқанын ескерген жөн, олар шамамен 60%-ды құрайды.
Осыған байланысты, көп пәтерлі тұрғын үй салу үдерісінің тоқтауы құрылыс ұйымдарына үлескерлер алдындағы өз міндеттемелерін орындауына мүмкіндік бермейді, ол бүгінде 2007 - 2011 жылдары құрылысы аяқталуы тиіс үйлерде - 33 мыңнан астам адамға, оның ішінде 2007 жылғы үлескерлер - 12523 адамға, 2008 жылы - 11049 адамға есептеледі.
Көрсетілген жағдай бірқатар құрылыс компанияларының банкротқа ұшырауына әкелуге қабілетті.
Ел экономикасының өсу қарқынының төмендеуіне жол бермеу мақсатында қалыптасқан жағдай барабар шаралар қабылдауды талап етеді.
Шетелдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дағдарыс белгілері туындаған бастапқы кезеңде мемлекеттің қатысуынсыз дағдарысты құбылыстарды одан әрі тиімді басқару қиынға соғатын болады.
Ағымдағы жағдай мынадай міндеттерді орындауды талап етеді:
1) салынып жатқан тұрғын үй үлескерлерінің құқықтарын қорғау және ипотекалық нарық тұрақтылығының төмендеуіне жол бермеу;
2) шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын олар үшін қолайлы жағдайларда қаржыландыруды жалғастыру;
3) агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру.
4) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтау және жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін екі құрал пайдаланылады:
1) мемлекетке аффилиирленген институттар арқылы экономика секторларының дамуын қолдау үшін қосымша ресурстар беруге арналған нақты тетіктері бар мемлекеттік қаржыландыру;
2) қауырт жағдайларға назар аударуға қабілетті тиімді ұйымдастыру басқарушылық жүйесін құру.
Тұтастай алғанда көзделген міндеттерді іске асыру мынадай бағыттар шеңберінде жүзеге асырылатын болады:
1) ішкі көздер есебінен ЕДБ-ны қорландыруды арттыру;
2) ірі перспективалы инвестициялық жобалар мен шағын және орта бизнестің жобаларына одан әрі тұрақты кредит беруді, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету;
2-1) елдің азық-түлік нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету;
3) елдің ипотекалық нарығындағы тұрақтылықты және үлескерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету;
4) қаржы секторы субъектілерінің тұрақтылығын сақтауға жәрдемдесу;
5) банктердің сыртқы қорландыруға тәуелділігін қысқартуға бағытталған шаралар қабылдау;
6) мемлекеттік органдар мен мемлекет қатысатын өзге де ұйымдардың, оның ішінде нарық субъектілерінің қызметіне мониторинг және бақылау жасау, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету және қабылдаған міндеттемелері үшін нарық субъектілерінің жауапкершілігін арттыру үшін тиімді өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету.
Бұл ретте, міндеттерді сапалы және тиімді шешу үшін жергілікті атқарушы органдардың неғұрлым белсенді қатысуы талап етілмейді. Сондай-ақ, облыстардың, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің шеңберінде тиісті бюджеттік бағдарламалар мен резервтер қалыптастыру орынды болады, олар кейіннен мынадай міндеттер үшін пайдаланылатын болады:
1) республика өңірлеріндегі шағын және орта бизнес жобаларына одан әрі тұрақты кредит беруді қамтамасыз ету;
2) елдің ипотека нарығындағы тұрақтылығын, үлескерлердің құқықтарын қорғауды және өңірлердегі объектілердің құрылысын аяқтауды қамтамасыз ету.
Бұл ретте, бюджеттік бағдарламалар мен резервтерді қалыптастыруды жергілікті бюджеттердің қаражатын қайта бөлу арқылы ішкі көздер есебінен жүзеге асыру орынды болады.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері тұрғын үй құрылысы нарығында, сондай-ақ шағын бизнес субъектілерінің өтімділігін қамтамасыз ету саласында бақыланбайтын жағдайлардың туындауын болдырмау жөнінде шаралар қабылдайтын болады.
Жоғарыда аталған бағыттар бойынша шараларды әкімдіктер қажеттігіне қарай, яғни шағын бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау немесе үлескерлердің мүдделерін қорғау талап етілетін жағдайларда қабылдайтын болады. Егер өңірлер экономикасының осы салаларына мемлекеттің араласуы қажет болмаса, облыстардың, Алматы және Астана қалаларының әкімдіктері бұл туралы Мемлекеттік комиссияны жазбаша хабардар етіп, аталған шараларды қабылдамауына болады.
Шағын бизнес субъектілерін қолдау және үлескерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шараларды жергілікті деңгейде әзірлеу кезінде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері ұсынылатын іс-шаралар жоспарын пайдаланатын болады.
2. Мақсатқа қол жеткізу және қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкі қаржы секторында және тұтастай экономикада бақыланбайтын жағдайлардың туындауына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды. Ол үшін Үкімет пен Ұлттық Банк әртүрлі тетіктер мен ресурстарды пайдаланады.
Бұл ретте, мемлекет акционерлерден және банктердің басқару органдарынан тәуекелділік деңгейі жоғары сыртқы активтерді қысқарту жөнінде барабар іс-қимылдарды, сондай-ақ мемлекеттің делдалдығы арқылы тартылған ресурстарды пайдалану жөніндегі қабылданған міндеттемелерді сөзсіз сақтауды күтеді.
Жоғарыда көрсетілген міндеттерді шешу үшін мынадай бағыттар шеңберінде түрлі тетіктер қолданылатын болады:
1. Ішкі көздер есебінен ЕДБ-ны қорландыруды арттыру
Мемлекет тәуекелдерді бөлудің қалыпты деңгейі қағидаттарын сақтай отырып, банк секторының ішкі қорландыруын арттыру үшін құралдарды қолданатын болады.
Ұлттық Банк та жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты шеңберінде екінші деңгейдегі банктерге қысқа мерзімді қарыздар беру жолымен оларды қорландыруды қолдауды жалғастырады.
Тұтастай алғанда, мемлекет қабылдайтын шаралар қысқа және орта мерзімді кезеңдерде ЕДБ-нің өтімділік деңгейін тұрақтандыруы тиіс. Бұл ретте, ЕДБ мемлекет беретін ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.
ҚР Үкіметінің 2007.05.12. № 1184-1 Қаулысымен (бұр. ред. қара); 2007.28.12. № 1329 Қаулысымен (бұр.ред.қара) ; 2008.04.05. № 409 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2008.23.08. № 764 Қаулысымен (бұр.ред.қара) ; 2009.20.03 № 361 Қаулысымен (бұр. ред. қара); 2009.25.05. № 768 (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Шағын және орта бизнестің жобаларына одан әрі тұрақты кредит беруді қамтамасыз ету
Үкімет кейіннен осы міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін даму институттарын қорландыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады.
2008 жылы осы Іс-қимылдар жоспарында көзделген міндеттерді шешу үшін Үкіметтің резервтік қорында тиісті қаражат жинақталатын болады, ол кейіннен қажетіне қарай қаржы секторын және экономиканың өсу қарқынын қолдау үшін пайдаланылатын болады.
Инвестициялық жобаларға кредит беру инвестициялық жобаларды іске асыру шарттарына сәйкес ұлттық және шетелдік валютада жүзеге асырылады.
Инвестициялық жобаларға кредит беру үшін мемлекеттік бюджет қарыздарын қоса алғанда, қарыз қаражаты, сондай-ақ Даму банкі тартқан қарыздар пайдаланылатын болады. Даму банкі жобаларды бірлесіп қаржыландыру үшін шетелдік инвестициялық банктерді де тартатын болады.
Шағын және орта бизнес жобаларын, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақсатында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ы ЕДБ-нің филиалдық желісі және өзге де қаржы ұйымдары арқылы орналастырылатын «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ға (бұдан әрі - «ДАМУ» КДҚ) қаражат бөлетін болады.
ЕДБ және өзге қаржы ұйымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) айқындайтын болады.
Осы бағдарлама шеңберінде нарықтан аспайтын ставкалар бойынша шағын және орта бизнес жобалары қаржыландырылатын болады.
ЕДБ және өзге қаржы ұйымдары осы бағдарламаны іске асыру барысы туралы ай сайын ДАМУ» КДҚ-ға есеп береді.
ЕДБ арасында қаражатты орналастыру көлемі әрбір банкке арналған лимитке байланысты әрбір банк үшін жеке айқындалатын болады.
Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асыру үшін бөлінетін қаражатты нысаналы және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, ДАМУ» КДҚ мен ЕДБ арасында тиісті келісімдер жасалатын болады. Осы операциялар барысында ЕДБ-ға түсетін қаражат мақсатты бағыттағы шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыру үшін пайдаланылуы тиіс.
Бұл міндетті орындау ЕДБ-ны қорландыруды арттыруды және экономиканың шикізат емес секторларындағы мемлекет үшін басым жобаларды іске асыруды қамтамасыз етеді, бұл ретте оларға сауда-делдалдық қызметті қаржыландыру мүмкіндік берілетін болады.
ЕДБ мен қаржы ұйымдарын қорландыру мынадай шарттармен берілетін болады:
шағын және орта бизнес жобаларын жүз пайыз бірлесе қаржыландыру;
шағын және орта бизнестің түпкілікті қарыз алушылары үшін жылдық ставка жылдық 12,5 пайыздан аспауы тиіс, ал тиімді ставка жылдық 14 пайыздан аспауы тиіс;
ЕДБ мен қаржы ұйымдары үшін игеру мерзімі - ақша қаражатын алған күннен бастап 4 ай;
бұрын берілген кредитті қайта қаржыландыруға бағытталған қаражат көлемі алынған қаражат көлемінің 70 пайызынан аспауы тиіс, ал банктер 2009 жылғы 1 тоқсанның соңына дейін игеретін қаражат бойынша қайта қаржыландыру жөніндегі шектеу толық алып тасталады;
шағын және орта бизнестің өндірістік жобалары бойынша бір қарыз алушыға қаржыландыру лимиті 589160 АЕК-ге дейін;
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ берген қаражат бөлігінде жергілікті атқарушы органдар әкімдіктерінің жанындағы комиссиялардың өкілеттіктері қолданылмайды.
Осы бағытты іске асыру мақсатында өңірлерде жергілікті атқарушы органдар тізбесін жергілікті бюджеттен шағын кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламаларында айқындалған олардың басым салаларға сәйкестігі мәніне әкімдіктер құрған комиссиялар мақұлдайтын шағын және орта бизнес жобаларын қолдау үшін пайдаланылатын жергілікті бюджеттен берілетін тиісті қаражатты шоғырландыратын болады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдіктері осы бағыт бойынша өз филиалдарына барлық қажетті өкілеттіктерді беретін ДАМУ» КДҚ арқылы әрекет ететін болады.
Шағын бизнес жобаларын қаржыландыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар Мемлекеттік комиссия айқындаған тізбеде көрсетілген ЕБД-ның филиалдық желісі және қаржы ұйымдары арқылы орналастырылатын ДАМУ» КДҚ-ның кредит қаражатын бөлетін болады. Осы мақсаттарға жету үшін ЕБД, өз кезегінде, ел өңірлеріндегі өз филиалдарына қажетті өкілеттіктерді береді. «ДАМУ» КДҚ жергілікті атқарушы органдармен бірге шағын және орта бизнес жобаларын өзіндік бірлесіп қаржыландыру бағдарламаларын ашуы мүмкін.
Облыс әкімдіктері, ДАМУ» КДҚ филиалдары және ЕДБ филиалдары арасындағы міндеттердің реттеу үшін осы қатынастар тараптарының әрқайсысы келісімге қол қояды.
Осы бағдарлама шеңберінде шағын және орта бизнес жобалары қаржыландырылатын болады, бұл ретте өңір халқының жұмыспен қамтылу деңгейіне әсер ететін, өндірістік процесті жалғастыруға және тұтынушылық нарықты дамытуға ықпал ететін қолданыстағы жобаларға басымдық берілетін болады. ДАМУ» КДҚ филиалдары осы бағдарламаның іске асырылу барысы туралы есепті тиісті әкімдіктерге ЕДБ мен қаржы ұйымдарының есептері негізінде береді.
«ДАМУ» КДҚ шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың өңірлік салалық бағдарламалары бойынша жергілікті атқарушы органдар беретін қаражат есебінен қарыз алушыларға тікелей кредит беруді жүзеге асыруы мүмкін.
Ауылдағы шағын және орта бизнестің жобаларын қаржылық қолдау және ауыл халқына шағын кредит беру мақсатында жергілікті атқарушы органдар «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымдарының филиалдық желісі арқылы, олардың арасында қол қойылған тараптардың міндеттерін реттеу жөніндегі келісімдердің тәртібі мен шарттарында кредит беру үшін қажетті қаражатты шоғырландыратын болады.
ҚР Үкіметнің 2008.04.05. № 409 қаулысымен 2-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметнің 2008.23.08. № 764 (бұр.ред.қара); 2009.06.08 № 1187 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен 2-1-тармақ өзгертілді
2-1. Елдің азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету
Елдің азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне (бұдан әрі - АӨК) кредит беру үшін орналастырылатын қаражатты мақсатты пайдалану шарттарында депозиттерді ЕДБ-да орналастыратын болады.
Екінші деңгейдегі банктердегі депозиттер ЕДБ қаражатын орналастырған сәттен бастап 5 жылға дейінгі мерзімде орналастырылатын болады.
Осы бағдарлама бойынша мынадай:
кең және жан-жақты таратылған филиалдық желілері;
АӨК субъектілеріне кредит беру саласында жұмыс тәжірибесі бар;
қаражатты іске асыру және орналастыру үшін жеткілікті персоналы болатын;
қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын қадағалау жөніндегі уәкілетті органның пруденциалдық нормативтерін, Қазақстандық қор биржасының талаптарын сақтайтын;
қаржылық жағдайы тұрақты банктермен жұмыс жүргізіледі.
ЕДБ арасында қаражатты орналастыру көлемі АӨК-нің басым субъектілері бойынша ашық кредиттік желілерінің болуына және әрбір банкке арналған лимитке байланысты әрбір банк үшін жеке айқындалатын болады.
Агент-банктер осы бағдарламаны іске асыру барысы туралы ай сайын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға есеп береді.
Қарыз алушы үшін түпкі ставка жылына 16%-дан аспауға тиіс.
Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асыру үшін бөлінетін қаражатты нысаналы және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен ЕДБ арасында тиісті шарттар жасалатын болады. Осы операциялар барысында ЕДБ-ға түсетін қаражат АӨК субъектілерін қаржыландыру үшін пайдаланылуы тиіс, бұл ретте ақ қант, өсімдік майы, жеміс-көкөніс және жеміс өнімдерін, ет, сүт, май-тоң май өнімдерін, астық және ұн өндірумен және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға басымдылық берілетін болады.
Агроөнөркәсіптік кешендегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға және оларды нығайтуға жағдай жасау мақсатында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктерін ескере отырып, инвестициялық бағдарламалар іске асырылатын болады.
Осы мақсатта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға жарғылық капиталын ұлғайту жолымен қаржы ресурстары бөлінетін болады.
Елдің азық-түлік қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ЕДБ-мен, салалық одақтармен, қауымдастықтармен және өзге де қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, қаржыландыру үшін ұсынылатын АӨК субъектілерінің тізбесі бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады.
Тұтастай алғанда осы міндеттерді орындау елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге, ішкі қажеттіліктегі импорт үлесін азайтуға және азық-түлік нарығын импорттық экспансия тәуелділігінен арылтуға мүмкіндік береді.
ҚР Үкіметінің 2007.28.12. № 1329 (бұр.ред.қара); 2008.16.04. № 347 (бұр.ред.қара); 2008.20.06. № 600 (бұр.ред.қара); 2009.01.06. № 811 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен 3-тармақ өзгертілді
3. Елдің ипотекалық нарығындағы тұрақтылықты, үлескерлердің құқықтарын қорғауды және құрылыс объектілерін аяқтауды қамтамасыз ету
2007 жылы Қазақстан Республикасының одан әрі орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін, оның ішінде бірінші кезекте құрылыс нарығын тұрақтандыру үшін Үкімет «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамын (бұдан әрі -»Қазына» ОДҚ» АҚ) капиталдандыруды 122 млрд. теңге сомаға ұлғайтады.
Елдің тұрғын үй нарығындағы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тұрғын үй, бірінші кезекте Астана қаласында тұрғын үй салуға кредит беру үшін оларды одан әрі қорландыру мақсатында ЕДБ-мен өзара іс-қимыл жасайтын болады.
Бұл қаражат үлескерлердің құқықтарын қорғау және басталған объектілердің құрылыстың аяқтау үшін жұмсалатын болады, оның тізбесін Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) айқындайды.
Бұл салада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Мемлекеттік комиссияның операторы болып табылады, ол жергілікті атқарушылар органдармен бірлесіп, тұрғын үй нарығы мен өзге де құрылыстағы жағдайға мониторингті жүзеге асыратын болады, Мемлекеттік комиссияның материалдарын дайындауға жүзеге асырады, Мемлекеттік комиссия шешімдердің атқарылуын бақылауды қамтамасыз ететін болады
Қаражатты көрсетілген мақсаттарға жұмсау мынадай түрде екі кезеңде жүзеге асырылатын болады:
1-кезең: 2007 жылғы қараша - 2008 жылғы наурыз
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Астана қаласының әкімдігімен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп құрылысты аяқтау мақсатында қаржыландыруға ұсынылатын объектілердің тізбесі бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады; бұдан кейін объектілердің құрылысын аяқтау және үлескерлердің құқықтарын қорғау үшін ЕДБ-ның кредиттік ресурстарға деген қажеттілігінің көлемі жөніндегі мәселелерді пысықтау мүмкін болады.
Аталған тізбенің негізінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ нақты объектілер бойынша салушы-компанияларға кредит беру үшін орналастырылатын қаражатты мақсатты жұмсау шарттарында депозиттерді екінші деңгейдегі банктерде орналастыратын болады. Бұл ретте, қаражатты мақсатты жұмсауды қамтамасыз ету мақсатында құрылысты екінші деңгейдегі банктер мен салушылар тарапынан бірлесіп қаржыландыру расталғаннан кейін ғана депозиттерді орналастыру жүргізіледі. Жасалатын келісімдердің негізгі шарттарының бірі құрылыс жұмыстарын жүргізу кестелерінің орындалуына бақылау жасау болып табылады.
2-кезең: 2008 жыл
Бұл кезеңде қолданыстағы заңнамаға сәйкес секьюритилендіру тетігін пайдалану мүмкіншілігі қарастырылады. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның ЕДБ-ға ресурстар беруі шарттарының арасында:
1) олардың Мемлекеттік комиссия айқындаған жағдайларда (мақсатты мерзімдері, пайыздық ставкасы, оның ішінде түпкі қарыз алушы үшін) объектілерді қаржыландыруға жұмсалуы;
2) сатып алынатын облигациялардың бөлінген активтермен қамтамасыз етілуі мүмкін, яғни облигацияларды әлемдік жетекші сараптама агенттіктері растауы қажет.
ЕДБ-ның кредиттік ресурстарын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-на беруі банктердің қаражатты қайтаруына тиісті кепілдіктері болған кезде жүзеге асырылатын болады.
Ипотека нарығын одан әрі дамыту мақсатында ЕДБ берген ҚИК талаптарына сәйкес келетін ипотекалық кредиттер бойынша талаптарды сатып алумен «Қазақстанның ипотека компаниясы» АҚ-ның (бұдан әрі - ҚИК) мүмкіндіктері пайдаланылатын болады.
Елдің ипотекалық нарығындағы тұрақтылықты және үлескерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін 2007 жылы Үкімет ҚИК-ті республикалық бюджеттен 20,5 млрд. теңге сомаға қорландыруды ұлғайтады, оның ішінде:
ҚИК-тің жарғылық капиталын толықтыруға 8,5 млрд. теңге;
ҚИК-тің талаптарына сай келетін ЕДБ берген ипотекалық кредиттер бойынша ЕДБ-дан талап ету құқықтарын сатып алуға жіберілетін ұзақ мерзімді жеңілдікті кредит беруге 12,0 млрд. теңге.
Ипотекалық кредиттер бойынша талап ету құқықтарын сатып алу ҚИК талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚИК-тің талаптарына сай келетін ЕДБ берген ипотекалық кредиттер бойынша ҚИК-тің талап ету құқықтарын сатып алу көлемін ұлғайту үшін:
ҚИК-тің сыртқы қор нарығына шығу мәселесі пысықталатын:
кредиттік портфельді ұлғайтуға байланысты ҚИК қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді кеңейту жөніндегі іс-шаралар жүргізілетін;
ҚИК Қаржы министрлігімен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктер берген ипотекалық кредиттер бойынша талап ету құқықтарын сатып алу жөніндегі тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
Тұрғын үйді қаржыландыру жүйесінің тұрақтылығын сақтау, ипотекалық кредит беру нарығында ҚИК пен ЕДБ үшін әлеуетті тәуекелдерді азайту мақсатында 2007 жылдың соңына дейін 1 025 млн. теңге сомасына капиталдандыру жолымен «Ипотекалық кредиттерге кепілдік беретін Қазақстан қоры» АҚ-ты қорландыру ұлғайтылатын болады.
«Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы «Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халыққа алдын ала тұрғын үй қарыздарын, оның ішінде ипотекалық кредиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндігі туралы түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады.