90-бап. Экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың құқықтары
Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
1) экологиялық аудитті жүргізудің әдістерін дербес айқындауға;
2) экологиялық аудитті жүргізуге арналған шарттың талаптарын орындау үшін қажетті құжаттаманы алуға және тексеруге;
3) экологиялық аудитті жүргізуге қатысуға осы Кодекстің 92-бабында көрсетілген адамдардан басқа әртүрлі кәсіп мамандарын шарттық негізде тартуға;
4) аудиттелетін субъект экологиялық аудитті жүргізуге арналған шарттың талаптарын бұзған жағдайда, экологиялық аудитті жүргізуден не экологиялық аудиторлық есепті беруден бас тартуға құқылы.
91-бап. Экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың міндеттерi
Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
1) осы Кодекстің 92-бабында көрсетілген мән-жайлардың салдарынан экологиялық аудитті жүргізудің мүмкін еместігі жөнінде хабарлауға;
2) аудиттелетін субъектіден алынған, сондай-ақ экологиялық аудитті жүргізу процесінде жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;
3) аудиттелетін субъектіге экологиялық аудит нәтижесінде құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келмеуінің анықталғаны туралы хабарлауға;
4) экологиялық аудиторлық есептердің, сондай-ақ экологиялық аудитті жүргізу кезінде алынған және коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтердің құпиялылығын сақтауға;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға міндетті экологиялық аудит нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының бұзылуы жөнінде хабарлауға;
6) экологиялық аудитті жүргізуге арналған шарт бойынша міндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға міндетті.
92-бап. Экологиялық аудитті жүргізу құқығын шектеу
Экологиялық аудиторлық ұйымның немесе экологиялық аудитордың:
1) осы экологиялық аудиторлық ұйым немесе экологиялық аудитор өзінің қатысушысы, кредиторы болып табылатын тапсырыс берушілерге;
2) орындаушылары аудиттелетін субъектімен еңбек қатынастарында тұратын немесе оның лауазымды адамдарының, сондай-ақ аудиттелетін субъекті акцияларының он және одан да көп процентін (немесе жарғылық капиталға қатысу үлесін) иеленген акционердің (қатысушының) жақын туыстары немесе жекжаттары болып табылатын жағдайда;
3) орындаушыларының аудиттелетін субъектіде жеке мүліктік мүдделері бар болса;
4) егер, экологиялық аудит жүргізу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, экологиялық аудиторлық ұйымның немесе экологиялық аудитордың аудиттелетін субъекті алдында немесе аудиттелетін субъектінің олардың алдында ақшалай міндеттемелері болса, экологиялық аудит жүргізуіне тыйым салынады.
93-бап. Аудиттелетін субъектінің құқықтары мен міндеттерi
1. Аудиттелетін субъект:
1) экологиялық аудиторды немесе экологиялық аудиторлық ұйымды таңдау туралы шешімді дербес қабылдауға;
2) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан экологиялық аудитті жүргізуге қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға;
3) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның ескертпелері мен қорытындыларына негіз болған нормативтік құқықтық актілермен танысуға;
4) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан экологиялық есептіліктің және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкессіздігі анықталған жайлар туралы ұсыныстар, ақпарат алуға;
5) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым экологиялық аудитті жүргізу шартының талаптарын бұзған жағдайда олардың қызмет көрсетуінен бас тартуға құқылы.
2. Аудиттелетін субъект:
1) міндетті экологиялық аудиттің жүргізілуін ұйымдастыруға;
2) экологиялық аудитті уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін экологиялық аудиторға немесе экологиялық аудиторлық ұйымға жағдай жасауға;
3) экологиялық аудитті жүргізу үшін экологиялық аудиторға немесе экологиялық аудиторлық ұйымға қажетті толық әрі дұрыс құжаттаманы және өзге де ақпаратты ұсынуға, ауызша немесе жазбаша түрде түсініктемелер беруге;
4) қоршаған ортаға әсер ету туралы дұрыс есептілікті және экологиялық аудитті жүргізуге қажетті өзге де құжаттарды табыс етуге;
5) егер экологиялық аудитті жүргізу шартында өзгеше көзделмесе, экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметін шектемеуге;
6) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның талабы бойынша қажетті ақпарат алу үшін өз атынан үшінші тұлғаларға жазбаша сауал жіберуге;
7) экологиялық аудиторлардың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметтер көрсетуіне ақы төленуін қамтамасыз етуге;
8) экологиялық аудитті жүргізу шарты бойынша міндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға міндетті.
94-бап. Экологиялық менеджмент жүйелерінің аудитi
1. Экологиялық менеджмент жүйелерінің аудиті бастамашылық аудит болып табылады.
2. Экологиялық менеджмент жүйелері аудитінің нәтижелері бойынша жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғауды басқарудың енгізілген жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын құжатты ала алады.
3-Бөлім. Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды
экономикалық реттеу
10-тарау. Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды
экономикалық реттеу тетіктерi
95-бап. Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды экономикалық реттеу тетіктерінің түрлерi
Мыналар:
1) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мен қаржыландыру;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар үшін ақы төлеу;
3) табиғи ресурстардың жекелеген түрлерін пайдаланғаны үшін ақы төлеу;
4) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ынталандыру;
5) нарықтық тетіктер және қоршаған ортаға эмиссиялар үшін квоталарды сату;
6) экологиялық сақтандыру;
7) қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды экономикалық реттеу тетіктерінің түрлері болып табылады.
96-бап. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар
1. Қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдық, әлеуметтік және экономикалық шаралар кешені қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға:
1) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған;
2) қоршаған ортаның сапалық сипаттамаларын арттыру арқылы қоршаған орта құрауыштарының жай-күйін жақсартатын;
3) экологиялық жүйелердің жай-күйін тұрақтандыру мен жақсартуға, биологиялық әртүрлілікті сақтауға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыруға ықпал ететін;
4) қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына залал келтірудің алдын алатын және оларды болғызбайтын;
5) қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты ұтымды пайдалануға және қоршаған ортаны басқарудың халықаралық стандарттарын енгізуге бағытталған әдістер мен технологияларды жетілдіретін;
6) өндірістік экологиялық бақылауды дамытатын;
7) қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпараттық жүйелерді қалыптастыратын және экологиялық ақпарат беруге ықпал ететін;
8) экологиялық білімді насихаттауға, тұрақты даму үшін экологиялық білім мен ағарту ісіне ықпал ететін іс-шаралар жатқызылады.
3. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға осы баптың 2-тармағында көзделген инвестициялық экологиялық жобалар жатқызылуы мүмкін.
4. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың үлгілік тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
97-бап. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру
Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру:
1) бюджет қаражаты;
2) табиғат пайдаланушылардың өз қаражаттары;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
98-бап. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау
1. Әртүрлі деңгейдегі бюджеттерден қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар мемлекеттік, салалық (секторлық) және өңірлік бағдарламаларда белгіленетін бағыттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Yкіметінің және жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес айқындалады.
2. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын экологиялық бағдарламаларды, жоспарларды әзірлеу тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен белгіленеді.
3. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасының, әкімшілік-аумақтық бірліктердің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларына, жоспарларына, белгілі бір аумақтың экологиялық бағдарламаларына, жоспарларына енгізіледі.
4. Өңірлік экологиялық бағдарламалар, жоспарлар және тиісті аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары, жоспарлары олар бекітілгенге дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілуге жатады.
5. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары инвестициялық экологиялық жобаларды (бағдарламаларды) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес әзірлеп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табыс етеді.
6. Экологиялық бағдарламаларды әзірлеу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалардың ашық конкурстары жүргізілуі мүмкін, оларды өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
99-бап. Табиғат пайдаланушылардың өз қаражаттары есебінен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау
1. Табиғат пайдаланушының өз қаражаты есебінен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды табиғат пайдаланушы дербес жоспарлайды.
2. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар табиғат пайдаланушы экологиялық рұқсаттар алу үшін әзірлейтін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізіледі.
100-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау
Өзге де көздер есебінен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
101-бап. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы
1. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді.
2. Табиғат пайдаланушылар экологиялық рұқсатта айқындалған нормативтер шегінде жүзеге асыратын қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ластаушы заттардың және қалдықтар түрлерінің тізбесіне сәйкес алынады.
3. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақыны есептеу әдістемесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы ставкаларын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары Қазақстан Республикасының Yкіметі бекіткен базалық ставкалардан төмен болмайтындай және шекті ставкалардан жоғары болмайтындай етіп белгілейді.
5. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы бойынша салықтық міндеттемелерді атқару табиғат пайдаланушыны қоршаған ортаға келтірген залалды өтеуден босатпайды.
102-бап. Табиғи ресурстардың жекелеген түрлерін пайдаланғаны үшін бюджетке төленетін міндеттi төлемдер
Табиғи ресурстардың жекелеген түрлерін пайдаланғаны үшін бюджетке төленетін міндетті төлемдер Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді.
103-бап. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ынталандыру
Табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды тиімді жүзеге асыруын экономикалық ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақының шекті ставкаларын бекітуі мүмкін.
104-бап. Мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асыруға мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер бере алады.
105-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларды басқарудың нарықтық тетіктерi
1. Қоршаған ортаға эмиссияларды қысқарту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қоршаған ортаға эмиссияларға лимиттер мен квоталар белгілеу және қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуға арналған квоталар мен міндеттемелер саудасының тәртібін бекіту жолымен нарықтық тетіктер енгізілуі мүмкін.
2. Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаға эмиссиялардың жылдық квоталары белгіленген жағдайда осындай квотаға құқық алады.
106-бап. Халықаралық деңгейде квоталар саудасы
1. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда Қазақстанның қоршаған ортаға эмиссияларды қысқарту жөніндегі квоталар саудасына қатысу мүмкіндігі көзделген жағдайда, табиғат пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен шетелдік жеке және заңды тұлғалармен тиісті шарттық қатынастарға түсе алады.
2. Қазақстан Республикасы резидентінің шетелдік жеке және заңды тұлғалармен жасасқан квоталар саудасы туралы шарты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті органда тіркелуге тиіс.
107-бап. Экологиялық сақтандыру
1. Үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) авариялық ластануы нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу экологиялық сақтандырудың мақсаты болып табылады.
2. Міндетті экологиялық сақтандыру Қазақстан Республикасының міндетті экологиялық сақтандыру туралы заңына сәйкес жүзеге асырылады. Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық жағының қауіпті түрлерін осы Кодекс және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Ерікті экологиялық сақтандыруды жеке және заңды тұлғалар өздерінің еркін білдіруіне қарай жүзеге асырады. Ерікті экологиялық сақтандырудың түрлері, талаптары және тәртібі сақтандырушылар мен сақтанушылар арасындағы шарттарда айқындалады.
11-тарау. Қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық
бағалау
108-бап. Қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау тәртібi
1. Қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау - қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтыну қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың құндық көрінісі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары қоршаған ортаға залал келтіру фактісі анықталған күннен бастап бір ай мерзім ішінде қажетті материалдарды жинау мен талдауды жүргізеді және келтірілген залалға экономикалық бағалауды белгілейді.
3. Атмосфералық ауаны және су ресурстарын белгіленген нормативтерден тыс ластаудан, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну қалдықтарын, оның ішінде радиоактивті қалдықтарды белгіленген нормативтерден тыс орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалау Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ережелерге сәйкес тура немесе жанама әдістермен айқындалады.
109-бап. Залалды экономикалық бағалаудың тура әдісi
1. Залалды экономикалық бағалаудың тура әдісі неғұрлым тиімді инженерлік, ұйымдық-техникалық және технологиялық іс-шаралар арқылы қоршаған ортаны қалпына келтіруге, жұтаңдаған табиғи ресурстардың орнын толтыруға, тірі организмдерді сауықтыруға қажетті нақты шығындарды анықтаудан тұрады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары бірінші кезекте қоршаған ортаға залал келтірген тұлғаның қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырады.
Қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу жөніндегі тиісті міндеттемелер қоршаған ортаға залал келтірген тұлғаның нақты іс-шаралар және оларды жүргізу мерзімі көрсетілген кепілдік хатында жазылады.
3. Залалдың салдарларын жою жөніндегі шаралардың құны олардың нарықтық құны бойынша айқындалады.
4. Залалды тура әдіспен экономикалық бағалау кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары тәуелсіз сарапшыларды тарта алады. Сарапшылар ретінде экологиялық аудиторлар, жобалау, инженерлік және ғылыми ұйымдардың мамандары қатыса алады.
5. Тәуелсіз сарапшылар жұмысына ақы төлеу жөніндегі міндет қоршаған ортаға залал келтірген тұлғаға жүктеледі.
110-бап. Залалды экономикалық бағалаудың жанама әдісі
1. Залалды экономикалық бағалаудың жанама әдісі залалды экономикалық бағалаудың тура әдісін қолдану мүмкін болмайтын жағдайларда қолданылады.
2. Залалды экономикалық бағалаудың жанама әдісі қоршаған ортаға әсер ету түрлеріне қарай залалды әрбір ингредиент бойынша жиынтықтау жолымен айқындалады.
4-Бөлім. Экологиялық бақылау
12-тарау. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау,
молықтыру мен пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау
111-бап. Мемлекеттік бақылаудың мақсаты мен түрлерi
1. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру мен пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылаудың мақсаты экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу, биологиялық ресурстарды орнықты пайдалану, ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру мен пайдалану саласында мемлекеттік бақылаудың мынадай түрлері қолданылады:
1) экологиялық бақылау;
2) жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау;
3) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы бақылау;
4) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы бақылау;
5) Қазақстан Республикасының орман заңнамасы саласындағы бақылау;
6) жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы бақылау;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бақылау.
112-бап. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру мен пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдар
Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру мен пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдар:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
2) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
3) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган;
4) орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
5) жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
7) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган;
8) өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
9) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
10) ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
11) өсімдіктерді қорғау мен олардың карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
12) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
13) көлікті бақылау органдары болып табылады.
113-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылаудың міндеттерi
Мемлекеттік экологиялық бақылау мынадай міндеттерді:
1) табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруды;
2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы саласындағы бұзушылықтардың алдын алуды орындау үшін қызмет етеді.
114-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылаудың бағыттары
Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуына;
2) қоршаған ортаның ластану салдарларын жою жөніндегі шаралардың жүргізілуіне;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына;
4) табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына;
5) жерлерді жақсарту, жердің жұтаңдауынан туындататын процестер салдарларының алдын алу мен жою, топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру және сақтау жөніндегі іс-шаралар кешенінің жүргізілуіне;
6) кәсіпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектілерді салу және реконструкциялау кезінде жерді рекультивациялау жөнінде шаралар қабылдауды қамтамасыз ететін экологиялық талаптардың сақталуына;
7) кәсіпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектілерді пайдалануға беру және пайдалану кезінде жерді рекультивациялау жөніндегі жобаланған жұмыстарды орындау бөлігінде экологиялық талаптардың сақталуына;
8) жерді бүлдірумен байланысты жұмыстар жүргізген кезде топырақтың құнарлы қабатының алынуына, сақталуы мен пайдаланылуына;
9) пайдалы қазбалардың өнеркәсіптік қорларын өндіріп алу шамасына қарай немесе басқа да бүлдіретін процестер мен жұмыстардан босатылған жерлердің нысаналы мақсатына сай одан әрі пайдалану үшін жарамды жағдайға келтірілуіне;
10) қоршаған ортаны қорғауға қатысты лицензиялық келісімшарттық талаптардың сақталуына;
11) жер қойнауының ластанудан, су басудан және кен орны мен басқа да қоршаған орта объектілерінің бүлінуіне әкеп соғатын техногендік процестерден сақталуына;
12) жер қойнауын пайдалану объектілерінің консервациялануы мен жойылуына;
13) жер қойнауын пайдалану және минералдық шикізатты өңдеу кезінде экологиялық нормалар мен ережелердің сақталуына;
14) минералдық шикізатты өндіру мен өңдеу кезінде қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі жобалық шешімдердің сақталуына;
15) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген кезде авариялық және өзге де қауіпті жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың орындалуына;
l6) зиянды заттардың, радиоактивті қалдықтардың көмілуіне және сарқынды сулардың жер қойнауына ағызылуына;
17) Қазақстан Республикасының құрылықтық қайраңында қалдықтар мен басқа да материалдарды көму, скважиналар мен жабдықтарды консервациялау мен демонтаждау ережелерінің сақталуына;
18) су сапасы нормативтерінің сақталуына;
19) атмосфералық ауаны қорғаудың, сондай-ақ, климатты және Жердің озон қабатын қорғау мәселелері бойынша, оның ішінде көлік және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалануға шығару және пайдалану кезінде техникалық регламенттердің, нормативтердің, ережелер мен өзге де талаптардың сақталуына;
20) кәсіпорындарды пайдалануға бергенде, қалдықтарды жинап қою мен жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына;
21) елді мекендерді, кәсіпорындар мен басқа да объектілерді орналастыру, жобалау және салу, өндірістік процестерді жүзеге асыру және көлік құралдарын пайдалану, химиялық және өзге де заттарды қолдану кезінде жануарлар мен өсімдіктерді қорғау ережелерінің сақталуына;
22) кәсіпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектілерді салу, реконструкциялау, пайдалануға беру және пайдалану кезінде экологиялық талаптардың сақталуына;
23) қоршаған ортаны ластаудың алдын алу жөніндегі экологиялық талаптар бөлігінде радиоактивті және өзге де экологиялық жағынан қауіпті заттарды пайдалану, сақтау, тасымалдау, көму, кәдеге жарату немесе олармен өзге де жұмыстар істеу ережелерінің сақталуына;
24) химиялық және биологиялық заттарды қолдану, сақтау, тасымалдау бойынша белгіленген нормалар мен ережелердің сақталуына;
25) экологиялық рұқсаттарда белгіленген табиғат пайдалану талаптарының орындалуына;
26) өндіріс пен тұтыну қалдықтарын есепке алудың, кәдеге жаратудың және залалсыздандырудың белгіленген нормалары мен ережелерінің сақталуына;
27) ластаушы заттарды шығарудың, тастаудың стационарлық көздері бар және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастыратын объектілердің санитарлық-қорғаныш аймақтарына қойылатын экологиялық талаптардың сақталуына;
28) Қазақстан Республикасының аумағындағы радиациялық жағдайға, қоршаған орта объектілерінің радиоактивті заттармен ластануының алдын алу жөніндегі жобалық шешімдердің орындалуына;
29) тазарту құрылыстары жұмысының технологиялық регламенттерінің сақталуына;
30) өндірістік экологиялық бақылау нормалары мен ережелерінің сақталуына;
31) Қазақстан Республикасының міндетті экологиялық сақтандыру туралы заңнамасының сақталуына;
32) қоршаған ортаны қорғау саласында лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асырудың біліктілік талаптары мен ережелерінің сақталуына;
33) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізудің міндеттілігі туралы талаптардың сақталуына және оның шарттарының орындалуына;