11. Полигонның меншік иесі полигон жабылғаннан кейін жерлерді рекультивациялау жөніндегі іс-шараларды және қоршаған ортаға әсердің мониторингін жүргізу үшін тарату қорын құрады.
12. Көму үшін қабылданатын қалдықтарды қабылдау мен сыныптау рәсімін полигон иесі белгілейді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келіседі.
13. Полигондарда қалдықтарды орналастыруға және полигондарды күтіп-ұстауға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
301-бап. Полигондардың қабылдауына келмейтін қалдықтар
1. Полигондарда мынадай қалдықтарды көму үшін қабылдауға тыйым салынады:
1) сұйық қалдықтар;
2) полигон жағдайында жарылатын, коррозиялы, қышқылданатын, өрт қаупі жоғары немесе өрт қаупі бар қауіпті қалдықтар;
3) сумен реакцияға түсетін қалдықтар;
4) медициналық немесе ветеринариялық мекемелердің жұқпалы болып табылатын қалдықтары;
5) рекультивациялау кезінде қалыптастырушы материал ретінде қолданылуын қоспағанда, пайдаланылған тұтас шиналар;
6) жойылмайтын органикалық ластаушыларды қамтитын қалдықтар;
7) пестицидтер;
8) қабылдау критерийлерін қанағаттандырмайтын қалдықтар.
2. Қабылдау критерийлерін орындау мақсатында қалдықтарды араластыруға тыйым салынады.
3. Жергілікті атқарушы органдар биологиялық іритін қалдықтардың рециклингін, компостерлеу, өнім немесе энергия өндіру мақсатында биогаз өндіру және (немесе) пайдалану жөніндегі шараларды қоса алғанда, оларды көмуді қысқарту жөнінде бағдарламалар әзірлеуді ұйымдастырады.
302-бап. Тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыруға арналған полигондарда орналастыруға тыйым салынатын өнеркәсіптік қатты және шлам тәрізді қалдықтар
Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарында мынадай өнеркәсіптік қатты және шлам тектес қалдықтарды орналастыруға тыйым салынады:
1) хлор өндіру жөніндегі химия өнеркәсібінің қалдықтары:
синтетикалық каучук, хлор, каустика өндірісінің құрамында сынап пен оның қосындылары бар графитті шламы;
метанол, оргшыны өндірісінің құрамында метанол бар қалдықтары;
монохлорсірке қышқылының құрамында гексахлоран, метанол, трихлорбензол бар тұздар өндірісінің шламдары;
ДДТ, уротропин, цинеб, мыстың үш хлорфеноляты, тиурам-Д тасымалы үшін пайдаланылған қағаз қапшықтар;
мыстың үш хлорфеноляты өндірісінің құрамында үш хлорфенол бар шламдары;
пластополимерлер өндірісінің құрамында бензол мен дихлорэтан бар пайдаланылған катализаторлары;
құрамында хлоропрен бар коагулюм және омега полимерлері;
үшхлорбензол қалдықтары, тыңайтқыштар өндірісінің құрамында гексахлоран, үшхлорбензол бар қалдықтары;
2) хром қосындыларын өндіру жөніндегі химия өнеркәсібінің қалдықтары:
натрий монохроматы және хлорлы натрий өндірісінің шламы, калий биохроматы өндірісінің құрамында алты валентті хром бар қалдықтары;
3) сода өндіру жөніндегі өнеркәсіптің құрамында мырышы бар мырыш күйігі қалдықтары;
4) жасанды талшық өндірісінің қалдықтары:
құрамында диметилтерефталат, терефтал қышқылы, мырыш, мыс бар шламдар;
капролактамды сүзуден қалған, құрамында капролактам бар қалдықтар;
метанолиз қондырғысының құрамында метанол бар қалдықтары;
5) сырбояу өнеркәсібінің қалдықтары:
сыр мен эмаль қабықтары, құрал-жабдықтарды тазалау кезіндегі құрамында мырыш, хром, ерітінділер, тотықтырғыш майлар бар қалдықтар; құрамында мырыш пен магний бар шламдар;
6) химиялық-фотография өнеркәсібінің қалдықтары:
гипосульфит пен сусыз сульфит өндірісінің құрамында фенол бар қалдықтары;
магниттік сырдың, коллодийдің, бояулардың құрамында бутиллацетат, толуол, дихлорэтан, метанол бар қалдықтары;
7) пластмасса өндірісінің құрамында фенол бар қалдықтары;
8) азот өнеркәсібінің қалдықтары:
коксты газды тазалау қондырғысынан алынған шлам (шайырлар) және синтез бен компрессия цехының құрамында канцерогенді заттар бар пайдаланылған майлары;
моноэтаноламинді айдаудан қалған, құрамында моноэтаноламин бар текшелі қалдық;
9) мұнай өңдеу және мұнай химиясы өнеркәсібінің қалдықтары:
майларды, парафинді тазалаудан қалған, құрамында хром мен кобальт бар алюмосиликатты адсорбент;
құрамында отыз проценттен астам күкіртті қышқыл бар қышқыл гудрондар;
кокс алудың және жартылай коксты газдандырудың құрамында фенол бар фустары мен фусты-шайырлы қалдықтары;
құрамында хром бар пайдаланылған катализаторлар;
құрамында майлар бар пайдаланылған саз;
алкилфенолды құю қондырғыларынан алынған сүзу процесінің құрамында мырыш бар қалдықтары;
10) машина жасау қалдықтары:
құрамында хром бар төгінділердің хромды шөгіндісі;
құрамында циан бар төгінділердің цианды шөгіндісі;
органикалық байластырғыштағы құрамында хром бар стерженьді қоспалар;
вакуумды сүзгілерден, гальвандық цехтарды ыдырату станцияларынан кейінгі құрамында мырыш, хром, никель, кадмий, қорғасын, мыс, хлорофос, тиокол бар шөгінді;
11) медицина өнеркәсібінің қалдықтары:
синтомицин өндірісінің құрамында бром, дихлорэтан, метанол бар қалдықтары;
байыту қалдықтары мен құрамында ауыр металдардың тұздары бар шламдар.
303-бап. Қауіпті қалдықтар полигондарына арналған жалпы талаптар
1. Қауіпті қалдықтарды көму полигондары орналасатын жерлерде:
1) полигон шекарасынан тұрғын үй және рекреациялық аймақтарға, су объектілеріне, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерге және елді мекендерге дейінгі қашықтыққа;
2) жер асты, жер үсті суларының немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың болуына;
3) геологиялық және гидрогеологиялық жағдайларға;
4) учаскедегі су басу, ойысу, шөгу немесе сел жүру қатеріне;
5) мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін қорғауға қатысты талаптар ескерілуге тиіс.
2. Полигонның сипаттарына және метеорологиялық жағдайларға қарай:
1) полигон бойына судың кенеттен келуін бақылау;
2) қалдықтарды көму орнына жер беті және (немесе) жер асты суларының келуін болдырмау;
3) ласталған суды және сүзінді суды сарқынды сулар үшін белгіленген нормативтерге дейін жинау және өңдеу көзделуге тиіс.
3. Қоқыс газды жинау, өңдеу мен пайдалану қоршаған ортаға залалды немесе оның нашарлауын және халықтың денсаулығы үшін тәуекелді барынша азайтатын тәсілмен жүргізілуге тиіс.
4. Қалдықтарды көму полигондарының жұмыс істеу салдарларын:
1) иістер мен шаңдардың эмиссиясын;
2) жел айдап тарататын материалдарды, қосындылар мен аэрозольдарды;
3) шу мен қозғалысты;
4) құстарды, паразиттер мен жәндіктерді;
5) өрттерді барынша азайту үшін шаралар қабылдануға тиіс.
5. Қалдықтарды орналастыру полигоны ластың учаскеден қоғамдық жолдарға және жақын маңдағы аумаққа шығарылмайтындай етіп жабдықталуға тиіс.
6. Полигон учаскеге басқа тұлғалардың еркін кіруінен қорғалуға тиіс. Әрбір техникалық құралға бақылау жасау және оған қол жеткізу жүйесі құралдардың заңсыз пайдаланылуын анықтайтын және оған кедергі келтіретін шаралардың бағдарламасын қамтуға тиіс.
7. Қалдықтарды орналастыру полигондарын басқаруды полигонды пайдалануға техникалық құралдары бар және полигон қызметкерлерін кәсіби және техникалық біліммен және тренингпен қамтамасыз ететін жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
8. Жол берілетін әсер ету деңгейі қалдықтарды көму полигоны жобасының негізінде полигон орналасқан жердегі өзіндік гидрогеологиялық жағдайларды назарға ала отырып, экологиялық рұқсатта айқындалуға тиіс.
9. Полигонға Қазақстан Республикасының Қалдықтардың мемлекеттік кадастрына енгізілген жеке тіркеу нөмірі беріледі. Полигон иесі полигонға қабылданатын қалдықтардың есебін жүргізуге арналған құжат айналымы жүйесін әзірлеуге тиіс.
10. Қалдықтарды орналастыру полигонының жобасында ол жабылғаннан кейін, жабу, рекультивациялау және ластануға мониторинг пен бақылау жүргізу үшін тарату қорын құру көзделеді. Тарату қорларын қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
11. Полигонның иесі жыл сайын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға орналастырылатын қалдықтардың түрлері мен саны туралы және жоспарлы бақылаудың нәтижелері туралы хабарлауға міндетті.
304-бап. Қалдықтарды қабылдау рәсімдері
1. Қалдықтарды полигонға тапсыратын қалдықтардың меншік иесі полигонның иесіне қалдықтарды белгілі бір түрге жатқызуды растайтын және қауіпті қалдықтар паспортының көшірмесімен қауіпті қалдықтарға ілесіп жүретін, олардың сандық және сапалық сипаттамалары туралы дұрыс ақпаратты табыс етуге міндетті.
2. Полигондардың иелері қалдықтардың осы полигонға орналастыруға рұқсат етілген және оларды орналастыру құқығы экологиялық рұқсатпен расталған түрлерін ғана полигонға қабылдауға құқылы.
3. Полигонның иесі қалдықтар қабылдаудың мынадай рәсімдерін сақтайды:
1) қауіпті қалдықтардың паспортын қоса алғанда, қалдықтар құжаттамаларын тексеру;
2) қалдықтарды кіреберісте және орналастырылатын жерде көзбен шолып қарап тексеру;
3) қалдықтар құрамын қалдықтардың меншік иесі табыс еткен құжаттамадағы жазбамен салыстыру;
4) шығарылған жерін, әкеліну күнін, шығарушысын немесе жинаушысын бірдейлендіруді, ал қауіпті қалдықтар бар болғанда - олардың полигондағы нақты орналасу орнын көрсете отырып, орналастырылған қалдықтардың саны мен сипаттамасының есебін жүргізу;
5) полигонға радиоактивті заттардың түсуін болғызбау үшін қалдықтардың әрбір тобына дозиметрлік бақылау жүргізу қажет.
4. Полигонның иесі учаскеде қабылданған қалдық тобының алынғанын жазбаша растауды тұрақты түрде қамтамасыз етуге және осы құжаттаманы бес жыл бойы сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
5. Қалдықтардың түсетін массасын анықтау үшін қабылдау пункттерінде өлшеуіш аспаптары орналастырылады.
305-бап. Полигонды пайдалану сатысындағы бақылау мен мониторинг
1. Полигонның иесі жыл сайын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоршаған ортаға әсердің мониторингін жүргізілгені туралы есеп береді.
2. Полигонның иесі бақылау және мониторинг нәтижесінде анықталған, қоршаған ортаға қолайсыз әсер туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге, сондай-ақ қабылданылатын түзету шараларының сипаты мен мерзімдерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісуге тиіс.
3. Бақылауды, мониторингті және (немесе) талдауды аккредиттелген зертханалар орындауға тиіс.
4. Сүзінді су мен жер бетіндегі судың сынамасы репрезентативті пункттерде іріктелуге тиіс. Сүзінді суды іріктеу мен оның көлемін және құрамын өлшеуді жүзеге асыру учаскенің сүзінді су құралатын әрбір пунктінде жеке орындалуға тиіс.
5. Полигонның әрбір секциясы үшін газдың мониторингі табыс етілуге тиіс.
6. Іріктеу мен талдауды жүзеге асырудың жиілігі қоршаған ортаға эмиссия рұқсатына қоса берілетін мониторинг бағдарламасында негізделеді.
7. Өлшенетін параметрлер мен талданатын заттар орналастырылатын қалдықтардың құрамына қарай түзетіледі.
8. Жер асты суларынан алынған сынамаларда талданатын параметрлер осы жердегі сүзінді судың күтіліп отырған құрамына және жер асты суларының сапасына негізделуге тиіс. Талдама есебі үшін параметрлерді таңдау процесінде жер асты суларының жылдамдығы мен ағыс бағыты айқындалуға тиіс. Параметрлер су сапасындағы бұрын анықталған өзгеріске кепілдік беру үшін индикативтік көрсеткіштерді қамтуы мүмкін.
306-бап. Полигонды (полигонның бөлігін) жабу, рекультивациялау және мониторинг рәсімдері
1. Қалдықтарды көму жөніндегі полигонды (полигонның бөлігін) жабуға экологиялық рұқсат алынғаннан кейін ғана жол беріледі.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдары жергілікті жерде қорытынды қарап тексеруді жүргізгеннен, полигонның (полигонның бөлігінің) иесі берген барлық ақпаратты бағалағаннан және оны полигонды жабудың мақұлданғаны туралы хабардар еткеннен кейін ғана қалдықтарды көму жөніндегі полигон (полигонның бөлігі) жабылған деп қаралуы мүмкін. Бұл ретте полигонның иесі экологиялық рұқсаттың талаптарын орындаудан босатылмайды.
3. Полигон (полигонның бөлігі) жабылғаннан кейін полигонның иесі аумақты рекультивациялауды жүзеге асырады және 1-сыныптағы полигондар үшін - отыз жыл бойы, 2-сынып полигондары үшін жиырма жыл бойы қоқыс газдың және сүзінді судың шығарындыларына мониторинг жүргізеді. Бүлінген жерлерге рекультивациялау және кейіннен мониторинг жүргізуге арналған қаражат полигонды тарату қорынан түседі.
4. Полигонның иесі жобаның талаптарына сәйкес полигонды (полигонның бөлігін) рекультивациялауды орындағаннан кейін және орындалған жұмыстар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік органның қатысуымен қабылдау комиссиясының актісімен қабылданғаннан кейін иелік етуші қоршаған ортаға мониторинг жүргізуді тоқтатады.
44-тарау. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму
пункттеріне қойылатын экологиялық талаптар
307-бап. Радиоактивті қалдықтар және оларды жіктеу
1. Радиоактивті қалдықтарға одан әрі пайдалануға келмейтін, кез келген агрегаттық күйдегі мынадай заттар:
1) құрамындағы радионуклид Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген деңгейден асып кеткен материалдар, бұйымдар, жабдық, биологиялық туынды объектілер;
2) пайдаланылған, өңдеуге келмейтін ядролық отын;
3) өзінің ресурсын тауысқан немесе зақымданған радионуклидті көздер;
4) құрамындағы радионуклид Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген деңгейден асып кеткен, жер қойнауынан алынған және үйінділерге және жер қыртыстарына қоймаланған тау жыныстары, кендер, кендерді байыту мен сілтісіздендірудің қалдықтары жатады.
2. Радиоактивті қалдықтардың агрегаттық жай-күйі, шығарылған жері, радиоактивтілік деңгейі, радионуклидтің жартылай ыдырау кезеңі оларды жіктеудің негізі болып табылады.
3. Радиоактивті қалдықтар агрегаттық жай-күйі бойынша сұйық және қатты болып бөлінеді.
Сұйық радиоактивті қалдықтарға органикалық емес заттардың ерітінділері, сүзгі материалдарының пульттері, органикалық сұйықтар жатады.
Қатты қалдықтарға бұйымдар, машиналардың және тетіктердің бөлшектері, материалдар, биологиялық объектілер, радиоактивті сәулелердің таусылған көздері жатады.
4. Егер қалдықтар құрамындағы радионуклидтердің үлестік активтілігі бақылауға жататын радиоактивті материалдарға арналған радиациялық қауіпсіздік нормаларымен регламенттелген мәндерден артық болса, ал белгісіз радионуклидті құрамдағы үлестік активтілік:
1) бета-сәулелену радионуклидтері үшін - килограмына жүз килобеккерелден;
2) альфа-сәулелену радионуклидтері (трансурандыларды қоспағанда) үшін - килограмына он килобеккерелден;
3) трансуранды радионуклидтер үшін - килограмына бір килобеккерелден артық болған кезде қалдықтар радиоактивтіге жатады.
5. Радиоактивті қалдықтар құралу көздері бойынша былайша жіктеледі:
1) тау-кен өнеркәсібінің қалдықтары;
2) зерттеушілік және энергетикалық ядролық қондырғылардың қалдықтары;
3) ядролық жарылыстардың қалдықтары;
4) пайдаланылмайтын радиоактивті сәулелену көздері және қызмет мерзімі аяқталған көздер.
6. Қатты радиоактивті қалдықтар радиоактивтілік деңгейі бойынша былайша жіктеледі:
1) активтілігі төмен қалдықтар - өзіндегі үлестік активтілік (килограмына килобеккерелден): бета-сәулелену радионуклидтері үшін - мыңнан кем; альфа-сәулелену радионуклидтері (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - жүзден кем; трансурандық радионуклидтер үшін - оннан кем қалдықтар;
2) активтілігі орташа қалдықтар - өзіндегі үлестік активтілік (килограмына килобеккерелден): бета-сәулелену радионуклидтері үшін - мыңнан он миллионға дейінгі; альфа-сәулелену радионуклидтері (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - жүзден бір миллионға дейінгі; трансурандық радионуклидтер үшін - оннан жүз мыңға дейінгі қалдықтар;
3) активтілігі жоғары қалдықтар - өзіндегі үлестік активтілік (килограмына килобеккерелден): бета-сәулелену радионуклидтері үшін - он миллионнан астам; альфа-сәулелену радионуклидтері үшін (трансурандықтарды қоспағанда) - бір миллионнан астам; трансурандық радионуклидтер үшін - жүз мыңнан астам қалдықтар.
308-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін жіктеу
1. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму үшін пайдаланылатын табиғи (табиғаттық) немесе жасанды алаңдар, ыдыстар немесе үй-жайлар радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттеріне жатады.
2. Қалдықтар кейіннен алып кету ниетінсіз орналастырылатын пункттер радиоактивті қалдықтарды көму пункттеріне жатады.
3. Радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері:
1) табиғи радионуклидтері басым геологиялық барлау, тау-кен өндіру және тау-кен қайта өңдеу қызметтерінен;
2) табиғи радионуклидтері басым ядролық энергетикадан, ядролық жарылыстар мен радиоизотопты өнімдерден радиоактивті қалдықтарды қабылдауы бойынша бөлінеді.
4. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері радиоактивті қалдықтарды жинау алаңының ауқымы бойынша оқшау және өңірлік болып бөлінеді. Бір объектінің немесе бір ауданның қалдықтарын орналастыруға арналған пункттер - оқшау пункттерге, ал екі және одан көп объектілердің және (немесе) аудандардың қалдықтарын орналастыруға арналған пункттер өңірлік пункттерге жатады.
309-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттеріне қойылатын экологиялық талаптар
1. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің барлық жобалары мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық сараптамаға және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін сараптамадан өткізілуге тиіс. Жобалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жобада:
1) радиоактивті қалдықтардың құралу көздері, радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің болжамдалатын әрекеті радиусындағы қоршаған ортаға радиоактивті әсер етудің басқа да көздері, олардың сандық және сапалық сипаттамалары;
2) ұйымдық құрылымы, өндірістік радиациялық бақылау жүргізудің көлемі мен тәртібі;
3) халыққа дозалық жүктеменің есептері, радиоактивті қалдықтардың болжамдалатын әрекеті радиусындағы барлық радиация көздерінің қоршаған ортаға әсерінің жол берілетін және бақыланатын деңгейлері және бағалауы көрсетілуге тиіс.
3. Жобада сақтау және (немесе) көму пункті салынатын орынды халықтың тәуекел тобына дозалық жүктеме бағалауы қамтылатын, қоршаған ортаға әсер ескерілген арнайы іздестірулер мен экономикалық бағалаулар негізінде баламалық нұсқалар қатарынан таңдау негізделуге тиіс.
4. Геодезиялық, геологиялық, гидрогеологиялық және гидрометеорологиялық іздестірулерді қоса алғанда, инженерлік іздестірулер:
1) пункт құрылысы орналасатын орынды таңдау және оны табиғи және техногендік факторларының қолайсыз әсерінен инженерлік қорғау;
2) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар негіздемелерін қамтамасыз етуге тиіс.
5. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің жобаларында дезактивациялаудан немесе басқа да қызметтен кейін бүлінген жерлерді рекультивациялау көзделу қажет.
6. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерінің айналасында шекаралары Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамасына сәйкес белгіленетін санитарлық қорғаныш аймағы белгіленеді.
7. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін:
1) тұрғын үй құрылысы аумақтарында;
2) жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның келісімінсіз пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда;
3) активті карст аймақтарында;
4) шөгулер, сел тасқындары мен қар көшкіндері және басқа да қауіпті геологиялық процестер аймақтарында;
5) батпақты жерлерде;
6) ауыз судың жер асты көздерінен су алынатын аймақтарда;
7) курорттардың санитарлық күзет аймақтарында;
8) қалалардың жасыл аймақ аумақтарында;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда;
10) шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың жер асты және жер беті көздері санитарлық күзет аймақтарының І, II, III белдеулері, су құбырларын тазалау құрылыстарының, магистральдық су тасу аумағында;
11) су бөлу аумағында;
12) ормандар, орман саябақтары және басқа жасыл екпелер өсірілген немесе өсіруге арналған, қорғаныш және санитарлық-гигиеналық функцияларды орындайтын және халықтың демалу орындары болып табылатын жерлерде орналастыруға жол берілмейді.
8. Құрылысқа жер учаскесін таңдау кезінде мынадай шарттарды сақтау қажет:
1) минералдануы бойынша ауыз сумен және техникалық сумен жабдықтауға жарамсыз ызасулардың болуы;
2) араласушы тау жыныстарының жоғары сорбцион-сыйымдылығы;
3) жер асты сулары айтарлықтай тереңдікте жатуы (алпыс және одан көп метр);
4) ызасудың радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері түбінен төрт метр алыс деңгейі;
5) сулы жиектер болып табылмайтын және төмен жатқан сулы жиектермен гидравликалық байланысы жоқ геологиялық қабаттардың болуы;
6) опырылмалы тектониканың және қарқынды жарықшақтықтың болмауы, сейсмикалық қауіпті опырылуға дейінгі арақашықтықтың қырық километрден астам болуы;
7) төгінділер құрауға, шөгуге, құлауға өте төмен сезімталдықтың болуы;
8) эрозияның болмауы;
9) геоморфологиялық тұрақтылық;
10) іргетастың қатты және өте тығыз топырақты және тау жынысты болуы;
11) іргетастың мықтылығы он метрден асатын, су өтпейтін тау жынысты болуы;
12) жергілікті жердің бес проценттен аспайтын еңісті шағын қыратты болуы;
13) жақын жердегі жер асты және жер үсті суларының су жинау тоғанына дейінгі немесе жер үстіндегі су көздеріне дейінгі арақашықтықтың төрт шақырымнан алыс болуы;
14) жерді іс жүзінде пайдаланудың айтарлықтай экономикалық тиімділік бермеуі, сонымен қатар жерді әлеуетті пайдаланудың танылған бағасының жоқтығы;
15) төрт шақырым арақашықтықта мәдени және ұлттық мәні бар құндылықтардың жоқтығы;
16) бұл жердің туристік құндылығының жоқтығы және оған жақын маңдағы елді мекендер тұрғындары сирек келуі.
9. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген шарттардың бірі сақталмаған кезде:
1) суды аз өткізетін және сорбцион-сыйымдылық материалдарынан (полиэтиленнен, бетоннан, керамикадан, саздан, цеолиттен) жасалған инженерлік кедергілер жасау;
2) жер үсті суларының, ызасулардың және жер асты суларының пункттерді айналып өтуін қамтамасыз ететін сорғының жүйелерін жасау жолымен қоршаған ортаны радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктінің зиянды әсерінен қорғау жөнінде немесе оны табиғи және техногендік факторлардан қорғау жөніндегі іс-шаралар әзірленуге тиіс.
10. Уранды және уранды емес тау-кен және өңдеуші кәсіпорындардың активтілігі төмен қалдықтары үшін радиоактивті қалдықтарды аэрация аймағынан төмен және сорбцион-сыйымдылық қасиеттері неғұрлым жоғары (радионуклидтердің пункттен тыс таралу ықтималдығын болдырмайтын) басқа тау жыныстары арасында орналастыра отырып, бұрын қазып өтілген тау-кен қазбалары пайдаланылуы мүмкін.
11. Уранды және уранды емес тау-кен және өңдеуші кәсіпорындардың активтілігі орташа қалдықтары үшін де саздан, цеолиттен және радионуклидті сорбциондайтын басқа материалдардан жасалған техникалық кедергілерді қосымша орната отырып, бұрын қазып өтілген тау-кен қазбалары пайдаланылуы мүмкін.
12. Су өткізбейтін жыныстардан немесе басқа материалдардан жасалған табиғи немесе жасанды төсеніш болған кезде рельефтегі табиғи ойпауыттар активтілігі төмен қатты және сұйық радиоактивті қалдықтарды ұзақ мерзімге орналастыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
13. Сұйық қалдықтарды көмуге тыйым салынады. Сұйық қалдықтар қоршаған ортадағы болбыр тау жыныстардың ылғалдылығына дейін сорғытылуға немесе қатайтылуға тиіс.
14. Активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері үшін міндетті түрде күзету іс-шаралары мен белгі беру құралы, белсенділігі төмен радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері үшін белгі беру құралынсыз күзету іс-шаралары көзделеді.
15. Дозалық жүктеменің есебі және халықтың радиациялық қорғалуы жөніндегі тиімді шараларды әзірлеу халықтың тәуекелді топтары бойынша дозаның есебі негізінде жүзеге асырылады. Халықтың тәуекелді тобы халықтың осы тобына радиоактивті заттар жететін тәуекелді жолды талдау және анықтау негізінде айқындалады.
16. Жер үсті суларының, ызасулардың және жер асты суларының радиоактивті ластану есебі ерітінділердің сүзілуінің және ластанудың жылдамдығын, олардың таралу қабілеттерін және су сиятын тау жыныстарының сорбциондық мүмкіндіктерін айқындау үшін орындалатын арнайы гидрологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу негізінде орындалады.