1. Шаруашылық қызметі процесінде қалдықтар құралатын жеке және заңды тұлғалар олармен қауіпсіз жұмыс істеу шараларын көздеуге, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға және оларды кәдеге жарату, залалсыздандыру және қауіпсіз жою жөніндегі іс-шараларды орындауға міндетті.
2. Қалдықтарды орналастыру мен жою қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органымен және өзге де арнайы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен айқындалатын орындарда жүргізіледі.
3. Қалдықтарды орналастыру орындары қалдықтарды қалпына келтіргенге немесе өңдегенге дейін үш жылдан аспайтын немесе оларды көмгенге дейін бір жылдан аспайтын мерзімге қауіпсіз сақтау үшін арналады.
4. Қалдықтарды өңдеу, көму немесе сақтау үшін Қазақстан Республикасына әкелу олармен жұмыс істеуге техникалық (технологиялық) мүмкіндіктер болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ғана жүзеге асырылады.
5. Қалдықтардың меншік иелері өндірістік циклдың барлық сатысында олардың құралу көлемін қысқартуды, оның ішінде өндірістік процестерді жетілдіру, қалдықтарды қайталап пайдалану (рециклинг), қалдықтарды пайдалануға мүдделі жеке және заңды тұлғаларға оларды беру арқылы бірте-бірте қысқартуды қамтамасыз етуге тиіс.
6. Қалдықтарды залалсыздандыру немесе орналастыру тәсілдерін және орнын таңдау кезінде, сондай-ақ қалдықтарды өңдеуді, жоюды немесе орналастыруды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды айқындау кезінде қалдықтардың меншік иелері қалдықтардың құралу көздерінен олардың барынша аз көшірілуін қамтамасыз етуге тиіс.
7. Біржолғы өнімдерді әкелу, егер ол кәдеге жаратылуы жоғары экологиялық тәуекелмен байланысты немесе экономикалық жағынан мақсатқа лайық емес қалдықтардың құралуына әкеп соқтырса, шектелуі немесе оған толық тыйым салынуы мүмкін.
8. Пайдалану нәтижесінде Қазақстан Республикасында оларды залалсыздандыру немесе жою жөніндегі технологиясы жоқ қауіпті қалдықтар құралатын өнімдер импортына тыйым салынады.
289-бап. Қауіпті қалдықтардың паспорты
1. Шаруашылық қызметі процесінде қалдықтар құралатын жеке және
заңды тұлғалар қауіпті қалдықтардың паспортын жасайды және бекітеді.
2. Қауіпті қалдықтардың паспорты:
1) осы Кодекстің 287-бабының 1-тармағында көрсетілген қалдықтарға;
2) Янтарь және Қызыл тізімдердегі қалдықтарға жасалады.
3. Қауіпті қалдықтардың паспортында мынадай міндетті бөлімдер:
1) қалдықтардың атаулары;
2) қалдық шығарушы - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, өндірістік үй-жайы болған кезде оның орналасқан жері, кәсіпорынның атауы мен деректемелері;
3) қалдықтардың шығу көздері;
4) қалдықтардың қауіпті қасиеттерінің тізбесі;
5) қалдықтардың химиялық құрамы және олардың құрауыштарының қауіпті қасиеттерінің сипаттамасы;
6) қалдықтарды өңдеудің ұсынылатын тәсілдері;
7) қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі қажетті сақтану шаралары;
8) қалдықтарды тасымалдауға және тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізуге қойылатын талаптар;
9) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар зардаптарының алдын алу және оларды жою жөніндегі шаралар;
10) қосымша ақпарат қамтылуға тиіс.
4. Қауіпті қалдықтар паспортының нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді және ол қалдықтардың әрбір түріне жеке толтырылады.
5. Қауіпті қалдықтар паспорты, қауіпті қалдықтар құралған кезден бастап үш ай ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда тіркелуге тиіс.
6. Міндетті бөлімдерге енгізілген, деректердің толықтығы мен дұрыстығын көтеретін қосымша ақпараттардың түсуіне қарай қауіпті қалдықтар паспорты жаңартылуға және қайта тіркелуге жатады.
7. Тіркелген қауіпті қалдықтар паспорттарының көшірмелері қалдықтардың осы тобын немесе оның бір бөлігін тасымалдайтын жеке тұлғаға немесе кәсіпорынға, сондай-ақ қалдықтардың осы тобының (топ бөліктерінің) әрбір жүк алушысына міндетті түрде табыс етіледі.
8. Жүк алушы алынған қалдықтар тобын өңдеу кезінде, басқа материалдармен араластыруды қоса алғанда, өз кәсіпорнынан тысқары жерге тасымалдаған жағдайда осы топқа (топ бөлігіне) қауіпті қалдықтардың жаңа паспортын ресімдеуге және оны тіркеуге тиіс.
9. Қалдықтар құралған процестің технологиялық регламентінің өзгеруіне байланысты осы қалдықтардың қауіпті қасиеттері өзгерген жағдайда қауіпті қалдықтар паспорты өзінің қолданылуын тоқтатады.
10. Қалдықтың химиялық және құрауыштық құрамы аккредиттелген зертхана орындаған талдаулардың нәтижелері негізінде көрсетіледі. Өзінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан тауарлар (өнімдер) түрінде берілген қалдықтар үшін техникалық жағдайларға сәйкес бастапқы тауардың (өнімнің) құрауыштық құрамы туралы мәліметтер көрсетіледі.
11. Қауіпті қалдықтар паспортында бастапқы тауардың (өнімнің) атауы беріле отырып, нәтижесінде қалдықтар құралған технологиялық процестің немесе нәтижесінде тауар (өнім) өзінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан процестің атауы көрсетіледі.
12. Қауіпті қалдықтар паспортында қауіпті қалдықтарға байланысты, оның ішінде тасымалдау және тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу уақытындағы төтенше жағдайлар зардаптарын болдырмау және оларды жою жөніндегі қажетті шаралар көрсетіледі.
13. «Қосымша ақпарат» бөлімінде қалдықтардың меншік иесі хабарлағысы келетін өзге де ақпарат көрсетіледі.
290-бап. Қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты қызметті жобалау кезіндегі экологиялық талаптар
1. Пайдалану процесінде қалдықтар құралатын объектілерді жобалау кезінде:
1) жобалау құжаттамасының құрамдас бөлігі ретінде қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу;
2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасында белгіленген экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және өзге де талаптарды ескеру;
3) қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі техникалық және технологиялық құжаттама әзірлеу қажет.
2. Тұрғын үй ғимараттарын, сондай-ақ пайдалану процесінде қалдықтар құралатын өндірістік кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстар мен өзге де объектілерді жобалау кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы қызметі саласындағы мемлекеттік орган белгілейтін қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы ережелерге, нормативтер мен талаптарға сәйкес осындай қалдықтарды жинауға арналған орындар (алаңдар) көзделуі қажет.
291-бап. Қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды, құрылыс-жайлар мен өзге де объектілерді салу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды, құрылыс-жайлар мен өзге де объектілерді пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:
1) қалдықтардың санын азайту мақсатында оларды орналастыру нормативтерінің жобаларын әзірлеуге;
2) ең жаңа ғылыми-техникалық жетістіктер негізінде қалдықты аз шығаратын технологиялар мен қалдықтардың құралуын төмендету жөніндегі ұйымдастыру шараларын енгізуге;
3) қалдықтар мен оларды орналастыратын объектілерге түгендеу жүргізуге;
4) қалдықтар орналастырылған объектілердің аумақтарында қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізуге;
5) қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен табыс етуге;
6) қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты авариялардың алдын алу жөніндегі талаптарды сақтауға және оларды жою жөнінде шұғыл шаралар қолдануға;
7) қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты қоршаған ортаға, жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне не заңды тұлғалардың мүлкіне залал келтіретін немесе залал келтіруі мүмкін авариялар туындаған немесе олардың қатері төнген жағдайда, бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органға және жергілікті атқарушы органдарға дереу хабарлауға міндетті.
2. Қалдықтарды орналастыру объектісі салынатын жерді анықтау мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін сараптаманың оң қорытындылары болған кезде арнайы (инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық және өзге) зерттеулер негізінде жүзеге асырылады.
3. Қалдықтарды орналастыру объектілерінің меншік иелері, сондай-ақ иеленуінде және пайдалануында қалдықтарды орналастыру объектілері бар адамдар осы объектілерді пайдалану аяқталғаннан кейін олардың жай-күйі мен қоршаған ортаға әсерін бақылауды және бүлінген жерлерде рекультивациялау жөнінде жұмыстар жүргізуге міндетті.
4. Қалалық және басқа да қоныстардың, орман саябақтарының, курорттық, емдеу-сауықтыру аумақтарында, рекреациялық аймақтарда, сондай-ақ су қорғау аймақтарында, ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау мақсаттарында пайдаланылатын жерасты су объектілерінің су жинау алаңдарында қалдықтарды көмуге тыйым салынады.
5. Егер пайдалы қазбалар жатқан жерлерге ластану қатері және тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігіне қатер төндірген жағдайларда, пайдалы қазбалар жатқан және тау-кен жұмыстары жүргізілетін жерлерге қалдықтарды көмуге тыйым салынады.
292-бап. Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтардың бағалы құрауыштарын бөлек жинауды, уақытша сақтауды, ұдайы тасып әкетуді және залалсыздандыруды, сондай-ақ елді мекеннің аумақтарын тазартуды көздейтін, коммуналдық қалдықтарды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыруға жауап береді.
2. Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу кезінде қойылатын экологиялық талаптардың сақталуын бақылауды жергілікті атқарушы органдар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органы қамтамасыз етеді.
3. Жергілікті атқарушы органдар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қайта пайдалану, полигондарда орналастыру жөніндегі қажетті инфрақұрылым құруды және оның жұмыс істеуін көздеуге тиіс.
4. Коммуналдық қалдықтарды белгіленген сақтау және өңдеу орнына тасымалдауды қалдықтардың меншік иелерінің есебінен мамандандырылған кәсіпорындар жүзеге асырады.
5. Жергілікті атқарушы органдар:
1) қайта пайдаланылатын қалдықтар фракцияларын бөлек жинауды және кәдеге жаратуды жүзеге асыруды ұйымдастыру;
2) қалдықтарды уақытша сақтау және өңдеу орындарына тұрақты тасымалдауды және оларды полигондарға орналастыруды ұйымдастыру;
3) органикалық қалдықтарды бөлек жинауға және оларды пайдалануға ынталандыру;
4) құрылыс қалдықтарының тікелей құрылыс алаңдарында немесе арнаулы орында қалдықтардың басқа түрлерінен міндетті түрде бөліп алуды, сондай-ақ қоқыстарда және полигондарда құрылыс қоқыстарын басқа қалдықтармен араластыруға жол бермеуді ұйымдастыру;
5) қалдықтардың бір түрін екінші бір түрімен немесе арнаулы қоспалармен араластыруға тыйым салуды белгілеу;
6) коммуналдық қалдықтарды санкциясыз жағуға жол бермеу;
7) қалдықтардың меншік иелерінің қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі өз міндеттемелерін осы қалдықтарды қайта өңдейтін объектілердің иелеріне беруі үшін жағдайлар жасау;
8) коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу туралы дәйекті ақпаратты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға уақтылы беру жүйесін ұйымдастыру арқылы коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
6. Жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтарды көму үшін қалдықтар полигондарын құруға және пайдалануға жауапты кәсіпорындар құрады.
293-бап. Қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қызмет процесінде қауіпті қалдықтар құралатын жеке және заңды тұлғалар олардың құралуының тоқтатылуына немесе қысқартылуына және (немесе) олардың қауіптілік деңгейін төмендетуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға тиіс.
2. Процесінде қауіпті қалдықтар құралатын жеке және заңды тұлғалардың қызметі, қауіпті қалдықтармен жұмыс істеудің қоршаған ортаға және адам денсаулығына қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған кезде, шектелуі немесе оған тыйым салынуы мүмкін.
3. Қауіпті қалдықтардың меншік иесі қауіптілік қасиеттерін көрсете отырып, қауіпті қалдықтардың бумасын таңбалауды қамтамасыз етуге тиіс. Мұндай қалдықтарды басқа тұлғаларға белгілі бір мерзімге берген кезде қалдықтардың меншік иесі оларды осы қалдықтардың қауіпті қасиеттері туралы және олармен жұмыс істеу кезінде сақтық шаралары туралы жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.
4. Қауіпті қалдықтарды қауіпті емес және (немесе) инертті қалдықтармен, сондай-ақ әртүрлі қауіпті қалдықтарды өндіру, тасымалдау және орналастыру процесінде оларды бір-бірімен араластыруға тыйым салынады.
5. Қауіпті қалдықтарды арнайы жабдықталған жерлерге орналастыруға рұқсат етіледі және ол экологиялық рұқсаттарда көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Қауіпті қалдықтарды орналастыру үшін бөлінген аумақтарда қауіпті қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты емес басқа да қызмет түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
Қауіпті қалдықтар орналастырылған жер қалдықтың түрі, оның қауіптілік деңгейі және көмілген күні көрсетіле отырып, жақсы көрінетін жерде айырым белгілерімен белгіленуге жатады.
6. Қауіпті қалдықтарды жинауды, кәдеге жаратуды, тасымалдауды және орналастыруды жүзеге асыратын кәсіпорындар төтенше және авариялық жағдайлар кезінде іс-қимылдар жоспарларын әзірлейді.
7. Қауіпті қалдықтардың меншік иелері болып табылатын немесе
осындай қалдықтармен жұмыс істеуді жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі "Міндетті экологиялық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті экологиялық сақтандырылуға жатады.
294-бап. Қауіпті қалдықтарды тасымалдау кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қауіпті қалдықтардың құралуы мен олардың тасымалдануы барынша азайтылуға тиіс.
2. Қауіпті қалдықтарды мынадай жағдайларда:
1) қауіпті қалдықтар тасымалдау мақсатында тиісті түрде орап-буылған және таңбаланған болса;
2) арнайы жабдықталған және арнаулы белгілермен жарақтандырылған көлік құралдары бар болса;
3) қауіпті қалдықтардың паспорты және тасымалданатын қауіпті қалдықтардың саны, оларды тасымалдау мақсаты мен межелі орны көрсетілген, қауіпті қалдықтарды тасымалдау мен беруге арналған құжаттама бар болса;
4) қауіпті қалдықтарды тасымалдау кезінде қойылатын, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарына қойылатын қауіпсіздік талаптары сақталса, тасымалдауға жол беріледі.
3. Қауіпті қалдықтарды тасымалдау мақсатында буып-түю және таңбалау тәртібі Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасында белгіленеді.
4. Қалдықтарды көлік құралдарымен тасымалдау тәртібі, тиеу-түсіру жұмыстарын орындауға қойылатын талаптар және экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі басқа да талаптар көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі саласындағы мемлекеттік органмен келісілген нормалар мен ережелерде айқындалады.
5. Қалдықтар көлік құралына тиелген және қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға оларды қабылдап алған кезден бастап олар белгіленген жерде көлік құралынан түсірілгенге дейін осы көлік құралы тиесілі көлік ұйымы немесе адам олармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін жауапты болады.
295-бап. Қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау
1. Қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау мақсаты үшін Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясының 1-қосымшасына сәйкес келетін қалдық топтары қауіпті болып табылады.
2. Қауіпті қалдықтарды пайдалану (кәдеге жарату, өңдеу, рециклинг) және көму мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелу мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
3. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясының тараптары - мемлекеттерге және өздерінің заңнамасы шеңберінде қауіпті қалдықтар импортына тыйым салған дамушы елдерге не осы қалдықтарды пайдалану экологиялық негізделген түрде жүзеге асырылмайды деп ойлауға негіз болса, сондай-ақ оңтүстік ендіктің 60 градусынан оңтүстікке қарай орналасқан аудандарға қауіпті қалдықтарды экспорттауға тыйым салынады.
4. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау кезінде табиғат пайдаланушылар мүдделі мемлекеттерге ұсынылатын қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауға қатысты ұсынылатын тасымалдың адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін салдарын көрсететін ақпаратты табыс етуге міндетті.
5. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау кезінде олар орап-буу, таңбалау және тасымалдау саласындағы жалпы қабылданған халықаралық ережелер мен нормаларға сәйкес оралып-буылуға, таңбалануға және тасымалдануға тиіс.
296-бап. Қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы есеп
1. Қалдықтардың меншік иесі қалдықтардың есебін (түрі, саны және шығарылған жері) жүргізуге, сондай-ақ олардың қоршаған ортаға және (немесе) адам денсаулығына қауіпті қасиеттері туралы ақпарат жинауға және сақтауға міндетті.
2. Қалдықтармен жұмыс істеуді жүзеге асыратын тұлғалар және қауіпті қалдықтарды өндірушілер өздерінің қызметі процесінде құралған, жиналған, тасымалданған, кәдеге жаратылған немесе орналастырылған қалдықтардың тұрақты есебін (түрі, саны, қасиеттері) жүргізуге міндетті.
3. Қалдықтардың меншік иелері қалдықтардың есебі жөніндегі құжаттамаларды бес жыл бойы сақтауға тиіс.
4. Қалдықтардың меншік иелері өзінің қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қызметі туралы жыл сайынғы есебін Қалдықтардың мемлекеттік кадастрына енгізу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға береді.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жеке және заңды тұлғалардан өздері дайындайтын бұйымдар және содан құралатын қалдықтар туралы мәліметтер талап етуге құқылы.
6. Қалдықтар саласындағы статистикалық есептер мемлекеттік статистика саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табыс етіледі.
297-бап. Қалдықтарды кәдеге жарату мен олардың құралу көлемін азайту жөніндегі іс-шараларды ынталандыру
1. Қалдықтардың құралу көлемін азайтуға бағытталған технологияларды енгізетін, өнім өндіру (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) процесінде қалдықтарды кәдеге жарататын, оларды жинау мен дайындауды, кәсіпорындар мен цехтар салуды жүзеге асыратын, сондай-ақ қалдықтарды кәдеге жарату үшін жабдықтар жасап шығаруды ұйымдастыратын, қалдықтарды кәдеге жарату мен олардың құралу көлемін азайту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға пайлық үлеспен қатысатын шаруашылық қызмет субъектілерінің қалдықтарды кәдеге жарату мен олардың құралу көлемін азайту және қауіптілік деңгейін төмендету жөніндегі іс-шараларын ынталандыру жүзеге асырылады.
2. Жергілікті атқарушы органдар қалдықтарды кәдеге жаратуға және олардың құралу көлемін азайтуға ынталандыру жөніндегі іс-шараларды айқындай алады.
43-тарау. Қалдықтарды көму полигондарына және ұзақ мерзімді
сақтау қоймаларына қойылатын экологиялық талаптар
298-бап. Қалдықтарды сақтау және көму орындары
1. Қалдықтарды сақтау кейіннен кәдеге жарату, өңдеу немесе түпкілікті көму мақсатында әрбір қалдық түрлері үшін белгіленген кезеңге арнайы жабдықталған жерлерде (алаңдарда, көмбелерде, қоймаларда) жүргізіледі.
2. Қалдықтарды алып қою ниетінсіз оларды тұрақты орналастыратын орын қалдықтарды көму орны болып табылады. Қалдықтарды көму арнайы жабдықталған полигондарда жүргізіледі.
3. Қалдықтарды кейіннен орнын ауыстыру ықтималдығына және (немесе) олардың қоршаған ортаға әсеріне тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігіне байланысты тұрақты орналастыратын орын олардың ұзақ мерзімді сақтау орны болып табылады. Полигондарға белгіленген экологиялық талаптар қалдықтарды ұзақ мерзімді сақтау қоймаларына қойылады, бұл ретте оларды алып қоюдың, тасымалдаудың, кейіннен кәдеге жаратудың немесе түпкілікті көмудің техникалық мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Қалдықтар полигондарын орналастыру мен салу жобалары осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардан өтуге жатады.
5. Қауіпті қалдықтарды сақтау мен көму шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түріне жатады. Қауіпті қалдықтарды сақтау мен көму орындары экологиялық қауіпті объектілер болып табылады.
299-бап. Қалдықтарды орналастыру полигондарының сыныптары
1. Қалдықтар орналастырылатын әрбір полигон мынадай сыныптардың біріне жатқызылуға тиіс:
1) 1-сынып - қауіпті қалдықтарды орналастыруға арналған полигон;
2) 2-сынып - қауіпті емес қалдықтарды орналастыруға арналған полигон;
3) 3-сынып - инертті қалдықтарды орналастыруға арналған полигон.
2. Әртүрлі сыныптағы полигондарға орналастыруға арналған қалдықтардың тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
300-бап. Қалдықтарды орналастыру полигондарына қойылатын экологиялық талаптар
1. Инертті қалдықтарға ғана алдын ала өңдеусіз көму қолданылуы мүмкін.
2. Қауіпті қалдықтарға залалсыздандыру, қалыпты жағдайға келтіру және қалдықтардың қауіпті қасиеттерін төмендететін басқа да әсер ету тәсілдері қолданылуға тиіс.
3. Қауіпті қалдықтарды қауіпті емес және инертті қалдықтардың полигондарына орналастыруға тыйым салынады.
4. Белгілі бір сыныптағы полигонда қалдықтарды қабылдау критерийлері былайша айқындалады:
1) қоршаған ортаны (әсіресе жер асты және жер үсті суларын) және халықтың денсаулығын қорғау;
2) полигон шегінде қалдықтарды қалыпты жағдайға келтіру процестерін қамтамасыз ету;
3) қабылданатын қалдықтардың сапалық құрамы;
4) қабылданатын қалдықтардың органикалық құрауыштарының саны және олардың биологиялық бұзылуға бейімділігі бойынша талаптар мен шектеулер;
5) қорғаныш критерийлеріне сәйкес ықтимал қауіпті құрауыштардың санына қойылатын шектеулер;
6) қалдықтар мен құралатын сүзінді сулардың экоуытты қасиеттері.
5. Қалдықтарды кездейсоқ қоқыстарда бақылаусыз орналастыруға тыйым салынады.
6. Әрбір полигон олардың қоршаған ортаға теріс әсерінің алдын алу үшін атмосфералық шығарындылардың (қоқыс газы), сақтауға қойылған қалдықтарда құралатын сүзінді судың және сарқынды сулардың мониторингі жүйесімен жабдықталуға тиіс.
7. Полигонда көмуге арналған қалдықтардың саны мен қауіпті қасиеттері азайтылуға тиіс.
8. Полигонның иесі биологиялық іритін қалдықтарды көму көлемін азайту және қоқыс газды бақылау мен кәдеге жарату жүйелерін енгізу арқылы полигонда метанның құралуын азайту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс.
9. Қоршаған ортаның ластануын болдырмау үшін полигонның иесі қалдықтарды сыныптау негізінде қабылдаудың бірдейлендірілген рәсімін енгізуге тиіс.
10. Қалдықтарды көму полигонының қызметі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген мерзімде учаскені экологиялық талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі жоспар негізінде жүзеге асырылады.