Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 маусымдағы № 550 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 355 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі бір ай мерзімде бұрын қабылданған нормативтік құқықтық актілерді осы қаулыға сәйкес келтіру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Орталық атқарушы органдар өз регламенттерін осы қаулыға сәйкес келтірсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 30 маусымдағы
№ 550 қаулысына
Қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2002 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 1300 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
РЕГЛАМЕНТІ
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үкімет) алқалы орган болып табылады, Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық етеді.
2. Үкіметтің қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық кесімдерімен және осы Регламентпен реттеледі.
3. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі (бұдан әрі - Премьер-Министр) мен Үкіметтің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық, құжаттамалық және өзге де қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі (бұдан әрі - Кеңсе) жүзеге асырады.
4. Құпия және құпия емес іс қағаздарын ұйымдастыруды және жүргізуді, Премьер-Министрге, оның орынбасарына және Кеңсе Басшысына арналған хат-хабарларды, оның ішінде әр түрлі байланыс және деректер беру арналары арқылы келіп түсетін хабарларды қабылдауды, өңдеу мен таратуды Кеңсе Үкімет белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
5. Соттарда Премьер-Министрдің, оның орынбасарының немесе Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет пен Премьер-Министрдің мүдделерін білдіруді және қорғауды, сондай-ақ Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысуды талқылау мәні болған мәселелер құзыретіне енетін мемлекеттік орган жүзеге асырады. Әділет министрлігі тиісті мемлекеттік органға құқықтық және консультациялық көмек көрсетеді.
6. Үкіметтің нормативтік құқықтық актілеріне ресми түсініктеме беруді Үкіметтің немесе Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Әділет министрлігі жүзеге асырады.
7. Үкіметтің құзыретіне енетін кадр мәселелерін шешу Қазақстан
Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Премьер-Министр, оның орынбасары және Кеңсе Басшысы өз
құзыретіне енетін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының барлық
мемлекеттік органдары мен ұйымдарының басшыларына, жауапты хатшыларға (жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын лауазымды тұлғаларға) олармен алдын ала келіспей-ақ орындалуға міндетті тапсырмалар бере алады.
9. Үкіметтің қаулысы оның ұжымдық заңды пікірін білдіруі тиістілігіне байланысты қаулылардың жобалары бойынша, сондай-ақ заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің және Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларына Үкімет қорытындыларының жобалары бойынша Үкімет мүшелерінің дауыс беруі жүргізіледі.
10. Министрліктер мен Үкіметтің құрамына кірмейтін өзге орталық атқарушы органдар аппараттарының қызметін ведомствоаралық үйлестіруді Кеңсе Басшысы жауапты хатшылармен (жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын лауазымды тұлғалармен) кеңестер өткізу және Кеңсе Басшысының тиісті тапсырмалары жолымен жүзеге асырады.
2. Кіріс хат-хабарларын қарау
11. Премьер-Министрге және оның орынбасарына (бұдан әрі - Үкімет басшылығы) арналған хат-хабарды Кеңсе алдын ала қарайды.
12. Кеңсе:
өтініш берушілердің немесе өзге де мемлекеттік органдардың ерекше құзыретіне енетін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың өтініштерін;
әзірлеуші мемлекеттік органдардың мүдделі мемлекеттік органдардың немесе жұмыс органдары орталық атқарушы органдар болып табылатын ведомствоаралық комиссиялардың олар дайындаған нормативтік құқықтық актілердің және өзге де құжаттардың жобаларын қарау туралы тапсырма беруін сұрайтын өтініштерді;
мемлекеттік органдардың, облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің немесе жекелеген заңды тұлғалардың Үкімет немесе Премьер-Министр шешімдерінің қабылдануын талап ететін, оның ішінде республикалық бюджеттен және Үкіметтің резервінен қаражат бөлу туралы, бірақ өтініштерде көтерілетін мәселелер құзыретіне енетін орталық атқарушы органдарда пысықталмаған өтініштерін;
берілуі белгіленген есептілікте көзделмеген ақпаратты;
Үкіметтің бақылауына алынбаған тапсырмалардың орындалуы жөніндегі ақпаратты;
салықтарды төлеу мерзімін ұзарту туралы өтініштерді;
жабық конверттердегі хат-хабарларды (құпия, кадр мәселелері бойынша және басқа қаладан келгендерді, сондай-ақ соттар жібергендерді қоспағанда);
осы Регламенттің және»"Кейбір нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың (бұдан әрі - Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулық) талаптарын бұза отырып дайындалған құжаттарды қайтаруға құқылы.
13. Кеңсе:
облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне тиісінше аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің, Астана және Алматы қалаларының аудандары әкімдерінің, аудандық маңызы бар қалалар аудандары әкімдерінің, кенттер, ауылдар (селолар), ауылдық (селолық) округтер әкімдерінің олармен және тиісті мемлекеттік органдармен келісілмеген өтініштерін;
кейіннен авторына хабарлай отырып, мәселенің мән-жайы бойынша қарау үшін тиісті мемлекеттік органға орталық және жергілікті атқарушы немесе өзге де мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын және олар бойынша Үкімет немесе Премьер-Министр шешімдерінің қабылдануын талап етпейтін мәселелер бойынша Үкімет басшылығына арналған заңды және жеке тұлғалардың хаттары мен өтініштерін жібереді.
14. Кеңсе Үкімет басшылығына және Кеңсе Басшысына арналған:
мемлекеттік органның (ұйымның) бірінші басшысы немесе бірінші басшының міндетін атқару ресми түрде жүктелген тұлға, Үкімет басшылығына және Кеңсе Басшысына арналған құжаттарға қол қоюға бірінші басшы ресми түрде өкілеттік берген тұлға (бұдан әрі - басшы);
өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жауапты хатшы;
министрліктің немесе агенттіктің Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген және жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын лауазымды тұлға қол қойған құжаттарды қабылдайды.
15. Тиісті шешім қабылдау үшін Үкімет басшылығының атына
бастамашылық тәртіппен жіберілетін хат-хабарды мемлекеттік органдар
мынадай жағдайларда енгізеді:
1) егер мәселені шешу Үкіметтің тікелей құзыретіне енсе, енгізіп отырған мемлекеттік орган оны өзінің өтінішінде көрсетеді;
2) орталық атқарушы органдардың арасында қағидатты сипаттағы және қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша еңсерілмес келіспеушіліктер болған кезде;
3) егер мәселені шешу мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді талап етсе.
Мұндай жағдайларда хат-хабар шешім қабылдау үшін мәселенің мазмұнына қарай және Премьер-Министр, оның орынбасары және Кеңсе Басшысы арасында міндеттерді бөлуге сәйкес Премьер-Министрге немесе оның орынбасарына жіберілуі тиіс.
16. Ведомстволар тиісті мемлекеттік органның басшысының келісімі (ведомствоның хатында бұрыштамасы) болған кезде ғана, сондай-ақ Үкімет басшылығының немесе Кеңсе Басшысының олардың атына берген тікелей тапсырмаларына жауап жіберген кезде өз бетінше Үкіметтің атына өтініш білдіре алады. Мемлекеттік органдардың өзге де құрылымдық бөлімшелерінің Үкіметтің атына өз бетінше өтініш білдіруге құқығы жоқ.
17. Орталық атқарушы органдар мен олардың ведомстволары өздеріне келіп түсетін хаттарды, өтініштерді және өзге де құжаттарды қарайды әрі өздерінің ережелеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес олардың құзыретіне енетін барлық мәселелер бойынша өз бетінше шешімдер қабылдайды.
Орталық атқарушы органдар олардың бірлескен құзыретіне енетін мәселелерді шешу үшін қажет болған кезде белгіленген тәртіппен олардың басшылары қол қойған бірлескен бұйрықтар түрінде шешімдер қабылдайды.
Орталық атқарушы органдар өз бетінше шешуі тиіс мәселелер бойынша Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдері қабылданбайды.
3. Үкімет мәжілістері
3.1. Үкімет мәжілістерін жоспарлау
18. Үкімет мәжілістерінде қарауға арналған мәселелер заңнамада
белгіленген Үкімет өкілеттіктерін ескере отырып анықталады.
19. Үкімет мәжілістерінде қарауға арналған мәселелердің тоқсан сайынғы тізбесі жоспарланатын тоқсанның алдындағы айдың 20-күнінен кешіктірмей Кеңсеге енгізілетін Үкімет мүшелері мен агенттіктер төрағаларының ұсыныстары негізінде Премьер-Министрдің өкімімен бекітіледі.
Жоспарланған мәселелердің бекітілген тізбесі Үкімет мүшелеріне, агенттіктердің төрағаларына, облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне және қажет болған кезде басқа да мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың басшыларына жөнелтіледі.
Жоспарланған мәселені қараудан алу немесе оны қарауды басқа мерзімге ауыстыру туралы шешімді мәселені дайындауға жауапты мемлекеттік органның басшысы (жауапты хатшы немесе жауапты хатшының функцияларын орындауға уәкілетті лауазымды тұлға) немесе өзге де мүдделі органның (ұйымның) басшысы қол қойған, Премьер-Министрдің атына жазылған жазбаша өтініш негізінде Премьер-Министр не онымен келісім бойынша Кеңсе Басшысы қабылдайды. Көрсетілген шешім туралы өзінің құзыретіне орай мүдделі мемлекеттік органдар хабардар етіледі.
20. Кезектен тыс Үкімет мәжілістері Қазақстан Республикасы Президентінің (бұдан әрі - Президент) не Премьер-Министрдің бастамасы бойынша шақырылады.
3.2. Үкімет мәжілістерін дайындау және өткізу тәртібі
21. Үкімет мәжілістері Үкімет мәжілістерінде қарауға арналған
мәселелердің тоқсан сайынғы тізбесіне сәйкес немесе қажет болған кезде, бірақ кемінде айына бір рет өткізіледі және оны Премьер-Министр не Президент шақырады.
22. Үкімет мәжілістеріне Премьер-Министр, ал ол болмаған кезде
Премьер-Министрдің орынбасары төрағалық етеді.
Мәжілістерге Президент қатысқан кезде Президент немесе оның тапсырмасы бойынша Премьер-Министр төрағалық етеді.
Үкімет мәжілістері ашық болып табылады әрі мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Президенттің не Премьер-Министрдің бастамасы бойынша Үкіметтің жабық мәжілістері өткізілуі мүмкін.
23. Мәжіліс, егер оған Үкімет мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады. Үкімет мүшелері мәжілістерге алмастыру құқығынсыз қатысады.
24. Үкімет мәжілістеріне, әдетте, Премьер-Министрмен келісілген тізім бойынша агенттіктердің төрағалары (жауапты хатшылар немесе жауапты хатшының функцияларын орындауға уәкілетті лауазымды тұлғалар), Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысады.
Үкімет мәжілістеріне Мемлекет басшысының актілерімен осындай құқық берілген лауазымды тұлғалар да қатыса алады.
Үкімет мәжілістеріне Кеңсенің шақыруы бойынша Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, Кеңсе қызметкерлері мен өзге де адамдар қатыса алады.
Үкімет мәжілістеріне шақырылғандардың тізімін анықтау немесе нақтылау жөніндегі ұсынысты мәселені дайындауға жауапты мемлекеттік орган талқыланатын мәселелерге қарай мәжіліске дейін 5 күнтізбелік күннен кешіктірмей енгізеді.
Үкімет мәжілісіне шақырылғандардың тізіміне Премьер-Министрмен келісім бойынша Кеңсе Басшысы қол қояды. Шақырылғандардың Үкімет мәжілісіне қатысуын Кеңсе қамтамасыз етеді.
25. Үкімет мәжілісінде қарауға дайындалған материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде мәжіліске дейінгі 5 күнтізбелік күннен кешіктірмей Кеңсеге енгізіледі. Кеңсе Премьер-Министрмен не оны алмастыратын немесе Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғамен келісім бойынша Кеңсе Басшысы бекітетін мәжілістің күн тәртібінің жобасын жасайды, күн тәртібін тиісті материалдармен бірге Үкімет мүшелеріне және Кеңсе Басшысы қол қойған мәжіліске шақырылғандардың тізіміне сәйкес басқа да лауазымды тұлғаларға дереу жолдайды.
Үкімет мәжілістеріне материалдардың уақтылы ұсынылмағандығы үшін жауапкершілік мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына (жауапты хатшыларға немесе жауапты хатшының функцияларын орындауға уәкілетті лауазымды тұлғаларға) жүктеледі.
Премьер-Министрдің не оны алмастырушы немесе Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның тапсырмасы бойынша Үкімет мәжілісі шұғыл түрде өткізілетін айрықша жағдайларда материалдар Кеңсеге ол өткізілетін күні енгізілуі мүмкін және Үкімет мәжілісіне қатысушыларға мәжілісте тікелей жеткізіледі.
26. Үкімет мәжілісінде қарауға дайындалған материалдар Үкімет
мәжілісінде қаралатын мәселелер бойынша хаттамалық шешімнің жобасын,
анықтамаларды, салыстырма кестелерді, ақпараттық (талдамалық) және басқа да материалдарды қамтуға тиіс. Үкімет мәжілісінде қарауға дайындалатын материалдарға қойылатын талаптар Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықпен айқындалады.
27. Үкімет мәжілісіне құпия материалдар Кеңсеге Қазақстан
Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі
нұсқаулықтың талаптарына сәйкес енгізіледі.
28. Мәжіліске қатысып отырғандар өздерінің атына немесе өздері білдіріп отырған органдардың (ұйымдардың) атына тапсырмалар мен олардың орындалу мерзімінің деректер жазбасын жүргізуі тиіс.
29. Үкімет мәжілісінде қабылданған шешімдер хаттамамен ресімделеді. Хаттамалар Үкімет мәжілісінің стенограммасы негізінде және оған сәйкес дайындалады. Премьер-Министрде болатын кеңестердің хаттамасын дайындау кезінде осындай тәртіп қолданылады.
30. Елтаңбалық бланкіге ауыстырғаннан кейін хаттамаға Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары (өздерінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша), Премьер-Министр Хатшылығының меңгерушісі, Кеңсе Басшысының орынбасары, Премьер-Министрдің орынбасары, Кеңсе Басшысы
бұрыштама соғады және Премьер-Министрге қол қоюға беріледі.
4. Үкімет қаулылары
(Премьер-Министр өкімдері)
4.1. Үкімет қаулыларының (Премьер-Министр өкімдерінің) жобаларын дайындау тәртібі
31. Мемлекеттік органдар Үкімет қаулыларының жобаларын (бұдан әрі - қаулылардың жобалары) дайындауды Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңнамалық актілердің, Президент актілерінің және өзге де нормативтік құқықтық актілердің негізінде және оларды орындау үшін жүзеге асырады.
32. Қаулылардың жобаларын уәкілетті мемлекеттік органдар өз
бастамалары бойынша немесе егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмалары бойынша әзірлейді. Қаулылардың, Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын (бұдан әрі - өкімдердің жобаларын), сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Кеңсе әзірлеуі мүмкін.
Өкімдерінің жобаларын дайындау әкімшілік-өкімдік, жедел және жеке сипаттағы мәселелерді шешу үшін жүзеге асырылады.
4.2. Үкімет қаулыларының (Премьер-Министр өкімдерінің) жобаларын мемлекеттік органдарда келісу
33. Қаулылар мен өкімдердің жобалары олардың заңнамада белгіленген құзыретіне орай мүдделі мемлекеттік органдармен міндетті түрде келісіледі, бұл ретте жобаны келісудегі мұндай мүдделілік жобада қаралатын мәселелердің мәні негізге алына отырып, сондай-ақ жобада мемлекеттік органдардың немесе олардың басшыларының атына тапсырмалар болған кезде белгіленеді.
34. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы (өкім) жобасының көшірмесін, оған түсіндірме жазбаны және басқа да қажетті құжаттарды тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жібереді. Қаулының (өкімнің) жобасының көшірмесін келісуге алған кезде мемлекеттік органдар олардың басқа мемлекеттік органдардың оған алдын ала бұрыштама соғуын талап етуге және үстірт және өзге де негізсіз себептермен жобаны келісуден бас тартуға тиісті емес.
35. Орталық атқарушы органдардың Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын дайындау және келісу кезіндегі өзара іс-қимылы жауапты хатшылар (немесе жауапты хатшының функцияларын орындауға уәкілетті лауазымды тұлғалар) арқылы жүзеге асырылады.
36. Кадрлық және ұйымдастырушылық сипаттағыны қоспағанда,
қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық актілерге, Президенттің, Үкімет пен Премьер-Министрдің актілеріне сәйкестік мәніне заңдық сараптама жүргізуге жауапты Әділет министрлігімен, сондай-ақ Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен міндетті келісілуге тиіс. Әділет министрлігі және/немесе Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі теріс қорытынды берген кезде, егер Премьер-Министр өзгеше айқындамаса, қаулының жобасы Кеңсеге енгізілмейді.
37. Оларды қабылдау экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіруі мүмкін салдар болжанып отырған қаулылардың жобалары уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізетін міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жасауға жатады. Жобаны әзірлеуші оны уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша оң қорытындысы болған кезде Үкімет басшылығының қарауына енгізеді.
38. Дара кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылардың (өкімдердің) жобалары сараптамалық қорытынды алу үшін дара кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жіберіледі. Дара кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта болады және қаулының (өкімнің) жобасы қабылданғанға дейін оған міндетті қосымша болып табылады.
39. Заңнамаға сәйкес Әділет министрлігінде құқықтық сараптама жасауға жататын халықаралық ұйымдарға кіру және олардан шығу, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшін жою мәселелері жөніндегі қаулылардың жобалары мүдделі мемлекеттік органдармен алдын ала келісілуге тиіс, ал құқықтық сараптамадан өткендері Сыртқы істер министрлігінде келісуге жатады. Бұл жобаларға мыналар қоса беріледі:
1) тиісті шет мемлекетпен (мемлекеттермен) немесе халықаралық
ұйыммен келісілген әзірлеуші органның басшысы алдын ала қол қойған
халықаралық шарттың жобасы не Сыртқы істер министрлігі куәландырған оған сәйкес Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымға кіруі немесе одан шығуы не Қазақстан Республикасының шартқа қосылуы жоспарланып отырған көп жақты халықаралық шарттың мемлекеттік, орыс және қол қойылған өзге тілдердегі (әр түрлі оқылған кезде басымдығы бар) мәтіні;
2) Сыртқы істер министрлігі куәландырған халықаралық шарттардың көшірмелері және оларға қаулының жобасында немесе халықаралық шарттың жобасында сілтемелер бар жобаны әзірлеуші куәландырған халықаралық сипаттағы өзге де құжаттар.
Қол қойылған халықаралық шарттардың және халықаралық сипаттағы өзге де құжаттардың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің дәлме-дәлдігін тиісінше Сыртқы істер министрлігі және әзірлеуші орган оларды Кеңсеге енгізгенге дейін қамтамасыз етеді.
40. Экспорттық бақылауға жататын өнімнің экспорты, импорты және транзиті мәселелері бойынша қаулылардың жобаларын дайындауды экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. Көрсетілген қаулылардың жобаларын келісу мен енгізу Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясының оң қорытындысы болған кезде жүзеге асырылады.
41. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру мен
зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары жөніндегі қаулылардың
жобаларын келісу мен енгізу мәселелері Үкімет бекіткен тиісті нұсқаулыққа сәйкес айқындалады.
42. Ведомстволардың санын, министрліктердің, агенттіктердің және ведомстволардың штат санын, олардың басшы лауазымды тұлғаларын өзгертуді (ұлғайтуды немесе қысқартуды) көздейтін қаулылардың жобалары бойынша Үкімет мұндай өзгеріске Президенттің немесе оның уәкілеттігі бойынша Президент Әкімшілігінің жазбаша келісімін алуға тиіс.
43. Әзірлеуші мемлекеттік органның қолдаухаты бойынша келісуші
мемлекеттік органдардың келіспеушіліктерін қарау мақсатында Премьер-Министрде мәжіліс өткізілуі мүмкін.
44. Премьер-Министр не оның тапсырмасы бойынша Кеңсе Басшысы жедел мәселелерді шешу жөніндегі қаулылардың (өкімдердің) жобаларын келісудің өзге де рәсімін белгілей алады.
4.3. Үкімет қаулыларының (Премьер-Министр өкімдерінің) жобаларын мемлекеттік органдарда келісу мерзімі
45. Қаулылардың (өкімдердің) жобаларын мемлекеттік органдарда қарау және келісу олар түскен күнінен бастап мынадай мерзімнен аспауға тиіс:
1) осы Регламентте көзделген жағдайларды қоспағанда, қаулылардың жобалары, оның ішінде Президенттің және Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізу туралы тиісінше Президент актілерінің жобалары мен заң жобалары - 10 жұмыс күні;
2) Премьер-Министр өкімдерінің жобалары - 5 жұмыс күні;
3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою,
сондай-ақ ізгілік көмек мәселелері бойынша қаулылар мен өкімдердің
жобалары - 3 жұмыс күні.
46. Премьер-Министрдің, оның орынбасарының немесе Кеңсе
Басшысының тапсырмалары бойынша Үкіметтің қаулыларын немесе Премьер-Министрдің өкімдерін жедел қабылдау қажет болған кезде нақты жобаларды мемлекеттік органдарда келісудің неғұрлым қысқа мерзімі белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда қаулының (өкімнің) жобасына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Үкімет мәжілісінде, Үкімет басшылығында немесе Премьер-Министрдің нұсқауы бойынша Кеңсе Басшысында болған кеңесте бұрыштама соғуы мүмкін.
4.4. Үкімет қаулыларының (Премьер-Министр өкімдерінің) жобаларын келісу қорытындылары бойынша мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдер
47. Қаулының (өкімнің) жобасын қарау қорытындылары бойынша келісуші мемлекеттік орган әзірлеушіге жауаптың мынадай нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:
1) жоба ескертулерсіз келісілуі мүмкін. Бұл жағдайда әзірлеуші оған келісуші орган басшысының бұрыштамасын қою үшін жобаның түпнұсқасын ұсынады;
2) жоба бар ескертулер жойылған кезде келісілуі мүмкін. Бұл ретте ескерту келісуші органның басшысы қол қойған хатта баяндалады, мұнда оларды жою жөніндегі ұсыныстар міндетті түрде қамтылуға тиіс. Бұл жағдайда әзірлеуші ескертулермен келіскен кезде жобаларды пысықтау жұмыс тәртібімен жүзеге асырылады, бұдан кейін жобаның түпнұсқасы келісуші органның бірінші басшысының бұрыштамасын соғуға ұсынылады;
3) жобаны келісуден бас тартылды. Бұл ретте келісуші органның
басшысы қол қойған келісуден бас тартуға уәждеме бар хат қоса беріледі.
Келісуші мемлекеттік органдарға қаулылардың (өкімдердің) жобаларын»"ескертулермен" келісуге (бұрыштама соғуға) тыйым салынады.
48. Келіспеушіліктер болған кезде әзірлеуші мемлекеттік орган өзара тиімді шешімді іздеу мақсатында оны келісуші органдармен талқылауды қамтамасыз етуге тиіс. Өзара тиімді шешімге қол жетпеген кезде әзірлеуші мемлекеттік орган келісуші органдармен бірлесіп, келіспеушіліктер хаттамасын жасайды. Мемлекеттік органдардың басшылары келіспеушіліктер хаттамасына қол қояды.
4.5. Қаулылардың жобаларын Үкіметтің қарауына енгізу тәртібі
49. Келісу жүргізілгеннен кейін әзірлеуші мемлекеттік орган қаулының жобасын Кеңсеге келісуші мемлекеттік органдардың қорытындыларымен (келіспеушіліктер хаттамаларымен) және тиісті қосымшалармен бірге Кеңсеге енгізеді.
50. Мемлекеттік органдар Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізетін мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған Үкімет қаулыларының жобалары мыналарды қамтуға тиіс:
1) Үкімет қаулысының жобасы;
2) осы Регламентке 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түсіндірме жазбаны қамтуға тиіс, онда мынадай негізгі мәліметтер қамтылуға тиіс:
тиісті нормативтік құқықтық актілерге жасалған сілтеме бар жобаны қабылдауға негіз, Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмалары және/немесе оны қабылдау қажеттілігінің басқа да негіздемелері (Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмалары түсіндірме жазбаға қоса беріледі);