ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 132-бап өзгертілді
132-бап. Төлем көзiнен ұсталатын салықты есептеп шығару тәртібі
1. Салық сомасын салық агентi төлем көзiнен салық салынатын, төленiп отырған табыс сомасына осы Кодекстiң 135-бабының 2 немесе 3-тармақтарында белгiленген ставканы қолдану жолымен айқындайды.
2. Салық агентi осы Кодекстiң 131-бабында көзделген табыстарды төлеу кезiнде төлем көзiнен ұсталатын салықты табыс төлеу нысаны мен орнына қарамастан ұстап қалуға мiндеттi.
3. Депозитарлық қолхат бойынша кірістерді төлеу көзі осындай депозитарлық қолхаттың базалық активінің эмитенті болып табылады.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 133-бап жаңа редакцияда ; 2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 133-бап жаңа редакцияда (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
133-бап. Төлем көзінен салықты аудару тәртібi
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық агенттері төлем жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, төлем көзінен ұсталған салық сомаларын аударуға міндетті.
2. Төлем көзінен ұсталған салықтардың сомаларын аудару салық агенті орналасқан жер бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме, филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға төлем көзінен табыс салығын мемлекеттік бюджетке аударуды тұрақты мекеме, филиал, өкілдік орналасқан жер бойынша жүргізеді.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 134-бап өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
134-бап. Төлем көзiнен ұсталған салық жөніндегі есеп-қисап
Салық агенттерi төлем көзiнен ұсталған салық сомалары бойынша есеп-қисапты тоқсаннан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей табыс етуге мiндеттi.
21-тарау. Салық ставкалары
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 135-бап өзгертілді
135-бап. Салық ставкалары
1. Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жүргiзiлген түзетулер ескерiлген, осы Кодекстiң 124-бабында белгiленген тәртiппен шеккен залалдары сомасына азайтылған салық салынатын табысы 30 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
Негiзгi өндiрiс құралы жер болып табылатын салық төлеушiнің осы Кодекстiң 122-бабына сәйкес жүргiзiлген түзетулер ескерiлген, осы Кодекстiң 124-бабында белгiленген тәртiппен шеккен залалдары сомасына азайтылған салық салынатын табысы 10 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
2. Резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстарын қоспағанда, төлем көзiнен салық салынатын табыстар төлем көзiнен 15 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
3. Резидент еместердiң осы Кодекстің 178-бабына сәйкес айқындалатын Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын, осындай резидент еместердiң тұрақты мекемесiмен байланысы жоқ табыстарына осы Кодекстiң 180-бабында белгiленген ставкалар бойынша салық салынады.
4. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы корпорациялық табыс салығының үстiне осы Кодекстiң 185-бабында белгiленген тәртiппен 15 проценттiк ставка бойынша салық салуға жатады.
22-тарау. Салық кезеңі және салық декларациясы
136-бап. Салық кезеңi
1. Күнтiзбелiк жыл корпорациялық табыс салығы үшiн салық кезеңi болып табылады.
2. Егер ұйым күнтiзбелiк жыл басталғаннан кейiн құрылса, оның құрылу күнiнен бастап күнтiзбелiк жылдың аяғына дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн бiрiншi салық кезеңi болып табылады.
Бұл ретте ұйымның оның уәкiлеттi органда мемлекеттік тiркеуге алынған күнi оның құрылған күнi болып саналады.
3. Егер ұйым күнтiзбелiк жылдың аяғына дейiн таратылса, қайта ұйымдастырылса, жыл басталғаннан бастап тарату, қайта ұйымдастыру аяқталған күнге дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн соңғы салық кезеңi болып табылады.
4. Егер күнтiзбелiк жыл басталғаннан кейiн құрылған ұйым осы жылдың аяғына дейiн таратылса, қайта ұйымдастырылса, өзiнiң құрылған күнiнен бастап тарату, қайта ұйымдастыру аяқталған күнге дейiнгi уақыт кезеңi ол үшiн салық кезеңi болып табылады.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңымен 137-бап өзгертілді
137-бап. Салық декларациясы
1. Осы Кодекстің 368-377, 385-397-баптарына сәйкес арнайы салық режимiн қолданатын заңды тұлғаларды және Қазақстан Республикасындағы төлем көздерiнен тек қана төлем көздерiнде салық салынуға тиiс табыс алатын және қызметiн Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырмайтын резидент еместердi қоспағанда, корпорациялық табыс салығын төлеушiлер корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны салық органдарына есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
2. Корпорациялық табыс салығы жөніндегі декларация декларациядан және корпорациялық табыс салығы бойынша салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер туралы ақпараттарды ашу жөніндегі қосымшалардан тұрады.
5-бөлім. Инвестициялық салық преференциялары
ҚР 08.01.03 ж. № 375-II Заңымен 138-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 138-бап өзгертілді
138-бап. Инвестициялық салық преференциялары
Инвестициялық салық преференциялары корпорациялық табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша беріледі.
Инвестициялық салық преференциялары дегеніміз корпорациялық табыс салығын төлеуден босату не жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту мақсатында инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын салық төлеушi заңды тұлғалардың жылдық жиынтық табысынан қосымша шегерімдер жасауға құқық беру, мұндай салық төлеушілерді жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту мен жаңарту мақсатында инвестициялық жоба шеңберінде жаңадан пайдалануға берілген тіркелген активтер бойынша мүлік салығын төлеуден босату, сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын төлеуден босату.
Инвестициялық салық преференцияларын қолдану үшiн қайта құруға арналып iс жүзiнде жұмсалған шығыстар бөлiгiнде қайта құрылған объектiлердi қоса алғанда, инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға алғаш енгiзiлгендер жаңадан пайдалануға берiлген тiркелген активтер деп танылады.
ҚР 08.01.03 ж. № 375-II Заңымен 139-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 139-бап өзгертілді; 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 139-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ; 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 139 - бап өзгертілді
139-бап. Инвестициялық салық преференцияларын қолдану тәртібі
1. Инвестициялық салық преференциялары (бұдан әрi преференциялар) инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асыратын салық төлеушi заңды тұлғаларға берiледi.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Преференциялар салық төлеушiлерге преференцияларды қолданудың басталу күнiн белгiлейтiн келісім-шартқа (оның нотариалды куәландырылған көшiрмесi салық төлеушiнiң тiркелген жерi бойынша салық органына берiледi) сәйкес мынадай мерзiмдерде:
келісім-шартты жасасу кезiнде шаруашылық қызметтi жүзеге асыратын салық төлеушiлер - тiркелген активтер пайдалануға берiлген жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап;
жаңадан құрылған салық төлеушілер тіркелген активтерді пайдалануға берген кезден бастап беріледі.
3. Қызметiн жаңа өндiрiстердi құру жөніндегі инвестициялық жоба (жобалар) шеңберiнде ғана жүзеге асыратын жаңадан құрылған салық төлеушiлер үшiн корпорациялық табыс салығы бойынша преференциялар осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген корпорациялық табыс салығын жүз процентке азайтуға құқық бередi.
4. Қолданыстағы өндiрiстердi кеңейту және жаңарту жөніндегі инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асыратын және осы баптың 3-тармағындағы талаптарға сай келмейтiн салық төлеушiлер үшiн корпорациялық табыс салығы бойынша преференциялар амортизацияға жатпайтын, осы Кодекстiң 107-бабының 1-тармағының 1) - 8) тармақшаларында көрсетiлген тiркелген активтердi қоспағанда, жылдық жиынтық табыстан инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға қосылатын тiркелген активтердiң құнын преференцияларды қолдану мерзiмiне байланысты тең үлестермен шегерiмге жатқызуға құқық бередi.
5. Преференциялар беру тәртібі мен шарты Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында айқындалады.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 6 тармақ өзгертілді (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Осы баптың мақсаттары үшiн инвестициялық преференциялар беруге өтінім берілген кезге дейін күнтізбелік он екі ай iшiнде мемлекеттік тiркеуден өткен салық төлеушiлер жаңадан құрылған салық төлеушiлер деп танылады.
7. Осы баптың 4-тармағында көзделген корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолдану үшiн салық төлеушi жаңадан iске қосылатын тiркелген активтер бойынша олардың құнын iшкi топтың , топтың құн балансына енгiзбейдi және олар бойынша бөлек есеп жүргiзедi.
8. Мүлiк салығы мен жер салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзiмi бiткеннен кейiн салық төлеушi осы Кодекстiң 351-360-баптарында белгiленген тәртiппен мүлiк салығын және 323-344-баптарында белгiленген тәртiппен жер салығын төлей бастайды.
9. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзiмi осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап күнтiзбелiк бес жылдан аспауға тиiс және ол әрбiр жекелеген жағдайда қызмет түрлерiне және тiркелген активтерге инвестициялардың көлемiне қарай айқындалады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі қызмет түрлерiне және тiркелген активтерге инвестициялардың көлемiне қарай корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолданудың осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап күнтiзбелiк он жылдан аспайтын өзге мерзiмiн белгiлей алады.
Мүлiк салығы мен жер салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзiмi әрбiр жекелеген жағдайда тiркелген активтерге инвестициялардың көлемiне қарай айқындалады, бiрақ ол осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап бес жылдан аспауға тиiс.
ҚР 08.01.03 ж. № 375-II Заңымен 140-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен 140-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
140-бап. Преференциялардың қолданылуын тоқтату
1. Преференциялардың қолданылуы осы Кодекстің 139-бабының 9-тармағын ескере отырып, келісім-шартта көрсетілген мерзімде тоқтатылады не мұндай мерзім біткенге дейін тоқтатылуы мүмкін.
Преференциялардың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтату тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында белгіленген жағдайларда оны тараптардың әрқайсысы біржақты тәртіппен жүзеге асыруы мүмкін.
2. Преференциялардың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салық төлеуші салықтарды төлейді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II Заңымен 5-1-бөліммен толықтырылды
5-1-бөлiм. Салық төлеушiлердiң жекелеген санаттарына
салық салу ерекшелiктерi
22-1 тарау. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында
қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу
29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2007.06.07. № 275-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 140-1-бап өзгертілді
140-1-бап. Жалпы ережелер
1. Бiр мезгiлде мынадай шарттарға сай келетiн:
1) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы салық органдарында тiркеу есебiнде тұратын;
2) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарынан тыс жерлерде құрылымдық бөлiмшелерi жоқ;
2006.07.07. № 177-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3) арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сәйкес келетін қызметтің мынадай түрлері:
бағдарламалық қамтамасыз етудi, деректер базасын және аппараттық құралдарды жобалау, әзiрлеу, енгізу және олардың тәжiрибелiк өндiрiсi мен өндiрiсi;
жасанды иммундық және нейрондық жүйелер негiзiнде жаңа ақпараттық технологияларды жасау;
ақпараттық технологиялар саласында жобаларды жасау және енгізу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргізу;
мәтіндерді өңдеуге арналған машиналар, көшіру-көбейту жабдықтарын, жөнелту машиналарын, калькуляторлар, кассалық аппараттар, таңбалау машиналарын, билет-кассалық машиналар өндіру, басқа да кеңсе машиналары мен жабдықтарын, электронды есептеу машиналарын және ақпаратты өңдеуге арналған өзге де жабдықтар өндіру;
электр- және радиоэлементтер, таратушы аппаратура, дыбыс пен бейнені қабылдауға, жазуға және шығаруға арналған аппаратура өндіру;
тұрмыстық электр аспаптарын өндіру;
киімнен басқа, дайын тоқыма бұйымдарын өндіру;
трикотаж бұйымдарын өндіру;
тоқыма материалдарынан киім өндіру бойынша өз өндірісі тауарларын (жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін) өткізуден алуға жататын (алынған) табыстары жылдық жиынтық табысының кемінде 90 процентін құрайтын заңды тұлғалар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар деп танылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында аталған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
1-1. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға:
жер қойнауын пайдаланушылар;
акцизделетін тауарлар өндіретін ұйымдар;
арнаулы салық режимдерін қолданатын ұйымдар;
инвестициялық салық преференциялары берілген ұйымдар жатпайды.
2. Алынған (алынуға жататын) табыстарды осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiнен алынған табыстарға жатқызу арнаулы экономикалық аймақтардың аумақтарында құрылған атқарушы органның немесе арнаулы экономикалық аймақтар әкімшілігінің тиiстi өнеркәсiп саласын басқару мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен және нысанда уәкiлеттi мемлекеттік органмен келiсе отырып берген растауы негiзiнде жүзеге асырылады.
2005.22.11 № 89-III (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 140 -2- бап өзгертілді
140-2 бап. Салықтарды есептеу, төлеу тәртібі мен мерзiмдерi
1. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдардың салықтарды есептеуi осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Бюджетке төленуге тиiстi корпорациялық табыс салығының сомасын айқындау кезiнде корпорациялық табыс салығының осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген сомасы 100 процентке азайтылады.
Осы тармақта көзделген салық сомасын кемiту осы Кодекстiң 126-бабына сәйкес айқындалатын корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларын есептеу кезiнде де қолданылады.
3. 2005.22.11 № 89-III ҚР Заңымен алып тасталды (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында орналасқан және осы Кодекстiң 140-1-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiн жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын салық салу объектiлерi бойынша:
1) жер салығын есептеу кезiнде тиiстi ставкаларға 0 коэффициентi;
2) мүлiк салығын есептеу кезiнде салық салу объектiлерiнiң жылдық орташа құнына 0 проценттiк ставка қолданылады.
2006.11.12 № 201-III ҚР Заңымен 5 тармақ жаңа редакцияда (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында осы Кодекстің 140-1-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде аталған тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді), сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында осы Кодекстің 140-1-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында аталған қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған әкімшілік және өндірістік мақсаттағы объектілерді, осындай объектілер бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын өткізу жөніндегі айналымдар қосылған құн салығынан босатылады.
Осы тараудың мақсаттары үшін әкімшілік және өндірістік мақсаттағы объектілерге кеңсе, өнеркәсіп ғимараттары мен қоймалар жатады.
Осы тармақта көзделген жеңілдіктер арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы салық органында қосылған құн салығын дербес төлеуші ретінде тіркелген заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелеріне, дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ қызметін тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын резидент еместерге қолданылады.
Егер салық төлеуші осы тармақта көрсетілген айналымдармен қатар өткізу жөніндегі басқа да айналымдарды жүзеге асырса, онда ол осы тармақта көрсетілген айналымдар бойынша және басқа айналымдар бойынша бөлек есеп жүргізуге міндетті.
140-3-бап. Салық кезеңi және салық есептілігi
Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық кезеңi, салық есептілігiн беру тәртібі мен мерзiмдерi осы Кодекске сәйкес айқындалады.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 22-2-тараумен толықтырылды
22-2-тарау. "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық
аймағының аумағында қызметiн жүзеге асыратын
ұйымдарға салық салу
140-4-бап. Жалпы ережелер
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға мынадай шарттарға бiр мезгiлде сәйкес келетiн:
1) жиынтық жылдық табысының кемiнде тоқсан процентiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн қызметтiң басым түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген қызметтiң мынадай түрлерi:
химия өнеркәсiбi;
резина және пластмасса бұйымдары өндiрiсi;
өзге де металл емес минералдық өнiмдер өндiрiсi;
металлургия өнеркәсiбi;
дайын металл бұйымдары өндірісі;
машиналар мен жабдықтар өндірісі бойынша құрылыс объектiлерiн сатуды қоса алғанда, өзi өндiретiн тауарларды сатудан алынуға тиiс (алынған) табыстар құрайтын;
2) "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағындағы салық органында тiркеу есебiнде тұратын;
3) "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағынан тыс жерлерде орналасқан жерi бойынша заңды тұлға функцияларының бір бөлiгiн орындайтын тұрақты жұмыс орындары жабдықталған құрылымдық бөлiмшелерi мен аумақтық оқшауланған бөлiмшелерi жоқ ұйымдар жатады. Егер жұмыс орны бiр айдан артық мерзiмге құрылса, ол тұрақты болып табылады.
2. "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға:
жер қойнауын пайдаланушылар;
акцизделетін тауарларды өндiретiн ұйымдар;
арнайы салық режимдерiн қолданатын ұйымдар жатпайды.
3. Алынған (алынуға тиiс) табыстарды осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiнен алынатын табыстарға жатқызу өнеркәсiптiң тиiстi саласын басқару мәселелерi жөніндегі және сәулет, қала құрылысы мен құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi органдар уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісім бойынша белгiлеген тәртiппен және нысанда берiлген, "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан атқарушы органның растамасы негiзiнде жүзеге асырылады.
140-5-бап. Салықты есептеу, төлеу тәртібі мен мерзiмдерi
1. "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдардың салықтарды есептеуi осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Бюджетке төленуге тиiстi корпорациялық табыс салығының сомасын айқындау кезiнде осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген корпорациялық табыс салығының сомасы жүз процентке азайтылады.
Осы тармақта көзделген салық сомасын азайту осы Кодекстiң 126-бабына сәйкес айқындалатын корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларын есептеу кезiнде де қолданылады.
3. "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан және осы Кодекстiң 140-4-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiн жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын салық салу oбъектiлерi бойынша:
1) жер салығын есептеу кезiнде тиiстi ставкаларға 0 коэффициентi;
2) мүлiк салығын есептеу кезiнде салық салу объектiлерiнiң жылдық орташа құнына 0 процент ставка қолданылады.
140-6-бап. Салық кезеңi және салық есептілігi
Салық кезеңi, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық есептілiгін беру тәртібі мен мерзiмдерi осы Кодекске сәйкес айқындалады.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 22-3-тараумен толықтырылды
22-3-тарау. Өз өндiрiсiнiң, соның iшiнде сертификатталған,
қосылған құны жоғары тауарларын өткiзетiн
ұйымдарға салық салу
140-7-бап. Жалпы ережелер
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, өз өндiрiсiнiң қосылған құны жоғары тауарларын өткiзетiн ұйымдарға бiр мезгілде мынадай талаптарға сай келетiн:
1) өз өндiрiсiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен тауарларын өткізуден түскен табысы тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткізуден түскен табыс сомасының кемiнде 90 процентiн құрайтын,
Өз өндiрiсiнiң тауарларын өткізуге құрылыс объектiлерiн сату жатпайды;
2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткізуден түскен табыс сомасындағы қосылған құн үлесi кемiнде 40 проценттi құрайтын,
Қосылған құн мөлшерi:
мaтериалдық, әлеуметтiк игiлiктер мен материалдық пайданы қоспағанда, салық кезеңiнiң iшiнде жұмыскерлерге есептелген табыстар,
қосу
Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес салық кезеңiнде есептелген амортизациялық аударымдар сомасы,
қосу
жанама және төлем көзiнен ұсталатындардан басқа, салық кезеңi үшiн декларациялар бойынша салық төлеушi есептеген салықтар сомасы,
қосу (алу)
төтенше жағдайлардан түскен пайда (тиген залал) ескерілмеген, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын пайда (залал) ретiнде белгiленедi;
3) жарнама және төлем көзiнен ұсталатындардан басқа, салық кезеңi үшiн декларациялар бойынша салық төлеушi есептеген салықтар сомасының тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткізуден түскен табыс сомасына қатынасы ретiнде айқындалатын салық жүктемесiнiң коэффициентi кемiнде 12 проценттi құрайтын ұйымдар жатады.
2. Өз өндiрiсiнiң қосылған құны жоғары тауарларын өткiзетiн ұйымдарға:
жер қойнауын пайдаланушылар;
акцизделетiн тауарлар шығаратын ұйымдар;
арнайы салық режимiн қолданатын ұйымдар;
қызметiн мұнай-химия өнеркәсiбiнде жүзеге асыратын және корпорациялық табыс салығын осы Кодекстiң 119-1-бабында көзделген ережелердi ескере отырып есептейтiн ұйымдар;
технологияларды дамыту мақсатында құрылған, қызметiн арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асыратын және корпорациялық табыс салығын осы Кодекстiң 140-2-бабында көзделген ережелердi ескере отырып есептейтiн ұйымдар;
қызметiн "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында жүзеге асыратын және корпорациялық табыс салығын, жер салығы мен мүлiк салығын осы Кодекстiң 140-5-бабында көзделген ережелердi ескере отырып есептейтiн ұйымдар жатпайды.
140-8-бап. Салықтарды есептеу
Осы Кодекстiң 140-7-бабында көрсетiлген ұйымдардың салықтарды есептеуi осы Кодекстiң 140-9-бабында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
140-9-бап. Корпорациялық табыс салығын есептеу, төлеу тәртібі мен мерзiмдерi
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген корпорациялық табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 140-7-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында айқындалған өз өндiрiсiнiң тауарларына қатысты корпорациялық табыс салығы сомасының 30 процентiне азайтылады.
Өз өндiрiсiнiң тауарларына қатысты корпорациялық табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 140-7-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында айқындалған өз өндiрiсiнiң тауарларын өткізуден алынуға жататын (алынған) табыстардың жылдық жиынтық табыстағы үлес салмағына негiзделе отырып айқындалады.
2. Өз өндiрiсiнiң сертификатталған тауарларын өткізуден түскен табыстар болған жағдайда осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген корпорациялық табыс салығының сомасы менеджмент жүйелерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен енгiзiлген жылдан кейiнгi бiр салық кезеңi iшiнде өз өндiрiсiнiң сертификатталған тауарларына қатысты корпорациялық табыс салығы сомасының 50 процентiне азайтылады.