2) қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсi бар құралға ғылыми зерттеу немесе эксперимент жүргiзу;
3) төтенше жағдайлар (табиғи зiлзалалар, апаттар, iрi авариялар) кезiнде мұндай құралдарды кейiннен патент иеленушiге дереу хабарлай отырып және патент иеленушiге мөлшерлес өтемнiң ақысын төлей отырып қолдану;
4) мұндай құралдарды табыс таппай жеке мақсатына қолдану;
5) қиын-қыстау жағдайларда дәрiгердiң рецептi бойынша дәрiханада бiр жолғы дәрi дайындау;
6) егер бұл құралдар Қазақстан Республикасында заңды жолмен азаматтық айналымға енгiзiлсе, қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi бар құралдарды қолдану.
13-бап. Бұрын пайдалану құқығы және уақытша құқықтық қорғау
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Өнеркәсiптiң меншiк объектiсiнiң басымдық алған күнiне дейiн Қазақстан Республикасының аумағында оның авторына тәуелсiз жасалған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне ұқсас шешiмдi адал пайдаланған немесе бұған қажет дайындықтар жасаған тұлға мұндай пайдалану көлемiн ұлғайтпай оны өтеусiз пайдалану құқығын (бұрын пайдалану құқығын) сақтайды.
Бұрын пайдалану құқығы басқа адамға ұқсас шешiмдi пайдалану орын алған немесе оған қажеттi әзiрлiк жасалған өндiрiспен бiрге ғана берiлуi мүмкiн.
2. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн басымдық берiлген күннен бастап, бiрақ өнертабысқа, өнеркәсiп үлгiсiне, пайдалы модельге алдын ала патент беру туралы мәлiметтер ресми жарияланған күнге дейiн пайдалана бастаған адамдар патент иеленушiнiң талап етуi бойынша одан әрi пайдалануын тоқтатуға тиiс. Алайда мұндай адам патент иеленушiнiң осындай пайдалану нәтижесiнде тартқан шығынын орнына келтiруге мiндетті емес.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Ресми немесе ресми танылған халықаралық көрмеге экспонат ретiнде қойылған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне оны көрмеге қойған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей осы объектiге өтiнiм берiлген жағдайда, көрмеге қойылған күннен бастап қорғау құжатын беру туралы мәлiметтердiң алғашқы жариялануына дейiн уақытша құқықтық қорғау берiледi.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мерзiмде өнеркәсiптік меншiк объектiсiн пайдаланушы адам патент иеленушiге қорғау құжаты берiлген соң ақшалай өтемақы төлейдi. Өтемақы мөлшерi тараптардың келісімдерiмен белгiленедi.
14-бап. Өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалануға құқық беру
1. Патент иеленушi болып табылмайтын кез келген адам қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патент иеленушiнiң рұқсатымен ғана лицензиялық шарт негiзiнде пайдалануға құқылы.
2. Лицензиялық шарт лицензиатқа:
1) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн және басқа адамдарға лицензия (қарапайым, ерекше емес лицензия) беру құқығын сақтай отырып, оны пайдалану құқығын;
2) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн сақтай отырып, бiрақ оны пайдалану құқығын басқа адамдарға лицензия (ерекше лицензия) беру құқығынсыз;
3) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және басқа адамдарға лицензия (толық лицензия) беру құқығынсыз пайдалану құқығын берудi көздеуi мүмкiн.
Егер лицензиялық шартта лицензия түрi көзделмесе, ол ерекше емес, қарапайым болып табылады.
3. Лицензиаттың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану ерекше емес лицензияны (қосалқы лицензиялық шарт) басқа адамға (қосалқы лицензиатқа) беру туралы шарт лицензиялық шартта қарастырылған жағдайларда ғана жасалуы мүмкiн.
Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиаттың әрекеттерi үшiн лицензиар алдында лицензиат жауапты болады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Өнеркәсiптiк үлгiнi, өнертабысты, пайдалы модельдi пайдалануға арналған лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады және ол уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс. Жазбаша нысанды немесе тiркеу туралы талапты сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Патент иеленушi уәкiлеттi органға кез келген адамға өнеркәсiптiк меншік объектiлерiн пайдалануға лицензия (ашық лицензия) алу құқығын беру туралы арыз бере алады.
Көрсетiлген лицензияны сатып алуға тiлек бiлдiрушi адам патент иеленушiмен төлемдер туралы шарт жасасып, оны мiндеттi түрде уәкiлеттi органда тiркетуге тиiс. Шарт талаптары бойынша даулар сотта қаралады.
Ашық лицензия құқығын беру туралы патент иеленушiнiң өтiнiшi ашық лицензиялар туралы бюллетеньде мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл бойына күшiн сақтайды. Көрсетілген мерзiм шегiнде қорғау құжаттарын күшiнде ұстағаны үшiн төлем ашық лицензиялар туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiнгi жылдан бастап 50 процентке азаяды.
Лицензиялық шарт жасалған жағдайда, қорғау құжатын күшiнде ұстау ақысы осы шарт жасалған жылдан кейiнгi жылдан бастап толық көлемде жүргiзiледi.
6. Елде төтенше жағдайлар болғанда немесе басқа да өте қажеттi мән-жайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінiң өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патент иеленушiнiң келісімiнсiз пайдалануға құқығы бар, бiрақ оған дереу хабарлап және тиiсiнше өтем төлейдi. Өтем мөлшерi туралы дауларды сот шешедi.
15-бап. Патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу
1. Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн осы Заңға қайшы пайдаланушы кез келген адам патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзушы (қорғау құжатын бұзушы) болып есептеледi.
Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалана отырып жасалған өнiмдi рұқсатсыз дайындау, қолдану, жеткізу, сақтау, сатуға ұсыну, сату және азаматтық айналымға өзгеше енгізу, сондай-ақ тiкелей қорғау әдiсiмен дайындалған өнiмдi қолдану немесе азаматтық айналымға енгізу патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу (қорғау құжатын бұзу) болып танылады. Бұл орайда жаңа өнiм өзге де дәлелдемелер болмаған жағдайда қорғалатын әдiспен алынған деп есептеледi.
2. Патент иеленушi:
1) қорғау құжатын бұзуды тоқтатуды;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2) тармақша толықтырылды
2) қорғау құжатын беру туралы мәлiметтердi алғашқы жариялаған күннен бастап, бұзушының келтiрген шығындардың орнын толтыруын және моральдық залалын өтеуiн;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3) тармақша толықтырылды
3) қорғау құжатын беру туралы мәлiметтердi алғашқы жариялаған күннен бастап, қорғау құжатын бұзушы алған пайданы шығындардың орнын толтырудың орнына өндiрiп алуды;
4) қорғау құжатын бұзушының заңдарда белгiленген оннан елу мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш сомасында өтемақы төлеуiн талап етуге. Шығындардың орнын толтыру немесе пайданы алып қою орнына өтемақы мөлшерiн сот белгiлейдi;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5) тармақша толықтырылды
5) қорғау құжатын беру туралы мәлiметтердi алғашқы жариялаған күннен бастап,азаматтық айналымға енгiзiлген немесе осы мақсатта сақталған және қорғау құжатын бұзушы деп танылған өнiмдердi, сондай-ақ қорғау құжатын бұзуға арнайы арналған қаржыларды өз пайдасына алып қоюға;
6) кiмнiң құқығы бұзылғаны туралы мәлiметтер енгiзiлген құқық бұзушылықты мiндеттi түрде жариялауға құқылы.
3. Егер бұл лицензиялық шартта көзделсе, қорғау құжатын бұзушыға талаптарды лицензиаттың да қоюы мүмкiн.
5-тарау. Қорғау құжатын алу тәртібі
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
16-бап. Қорғау құжатын беруге өтiнiм жасау
1. Қорғау құжатын алуға өтiнiмдi сараптама жасау ұйымына осы Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес қорғау құжатын иелену құқығы бар адам (бұдан әрi өтiнiм берушi) бередi.
2. Қорғау құжатын беру туралы өтiнiм мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде берiледi. Өтінiмнiң өзге құжаттары мемлекеттік, орыс немесе басқа тiлде берiледi. Егер өтiнiмнiң басқа құжаттары өзге тiлде берiлсе, өтiнiмге олардың мемлекеттік тiлдегi немесе орыс тiліндегі аудармасы қоса тапсырылады. Аударманы өтiнiм берушi Қазпатентке басқа тiлдегi құжаттары бар өтiнiм түскеннен кейiн екi ай iшiнде тапсыруға мiндеттi. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайларда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екi айдан аспауға тиiс.
Белгiленген мерзiмде аударма табыс етiлмеген жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
17-бап. Өнертабысқа қорғау құжатын беруге өтінiм
1. Өнертабысқа қорғау құжатын беруге өтiнiм (бұдан әрi - өнертабысқа өтiнiм) бiр өнертабысқа немесе өзара байланыстылығы өнертапқыштық бiр ойды құрайтын өнертабыс тобына берiледi (өнертабыс бiрлiгiнiң талабы).
2. Өнертабысқа өтiнiмге:
1) өнертабыс авторлары және атына қорғау құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiм;
2) білімнiң тиiстi саласындағы маманның өнертабысты жүзеге асыруы үшiн толық, жеткiлiктi ашылған сипаттамасы;
3) өнертабыстың мәнiн бiлдiретiн және сипаттамаға толық негiзделген формуласы;
4) егер өнертабыстың мәнiн түсiну үшiн қажет болса, сызбалар және өзге де материалдар;
5) реферат;
6) сенімдi өкiлдер арқылы iс жүргiзiлген жағдайда - сенімхат;
7) өнертабысқа патент сұралған кезде осы Заңның 22-бабының 7-тармағында көзделген өтiнiш болуға тиiс.
Өнертабысқа өтiнiмге өтiнiм беруге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерiн азайту негiздемесiн растайтын құжат қоса тiркеледi, оларды өтінімге қоса немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде тапсыруға болады. Тиiстi төлем жасалған жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екi айдан аспауға тиiс.
Төлем жөніндегі құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Өнертабысқа өтiнiм берiлген күн сараптама жасау ұйымына өнертабысқа қорғау құжатын беру туралы өтiнiм түскен күнi бойынша белгiленедi, онда өтiнiм берушiнiң тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер ол бар болса) көрсетілуi немесе толық атауы, сипаттамасы, формуласы және егер сипаттамада оған сiлтеме жасалса, сызбалары болуы керек, ал егер аталған құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, онда тапсырылған құжаттардың соңғысының түскен күнi көрсетіліп белгiленедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Өнертабысқа өтiнiмдердi жасау мен ресiмдеуге қойылатын талаптарды сараптама жасау ұйымы белгiлейдi.
18-бап. Пайдалы модельге қорғау құжатын беруге өтiнiм
1. Пайдалы модельге қорғау құжатын беруге өтiнiм (бұдан әрi - пайдалы модельге өтiнiм) бiр пайдалы модельге немесе байланыстылығы бiр өнертапқыштық ойды құрайтын пайдалы модельдер тобына (пайдалы модельдер бiрлiгiнiң талабы) қатысты болуға тиiс.
2. Пайдалы модельге өтiнiмде:
1) пайдалы модель авторлары және атына қорғау құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiш;
2) пайдалы модельдi оның жүзеге асырылуы үшiн жеткiлiктi, толық ашатын сипаттамасы;
3) оның мәнiн бiлдiретiн, сипаттамаға толық негiзделген пайдалы модельдiң формуласы;
4) сызбалар;
5) реферат;
6) сенімдi өкiлдер арқылы iс жүргiзген жағдайда - сенімхат болуға тиiс.
Пайдалы модельге өтiнiмге өтiнiм беруге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат пен оның мөлшерiн азайтуға негiздеменi растайтын құжат қоса тiркеледi, оларды өтiнiмге қоса немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде тапсыруға болады. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауға тиiс.
Белгiленген мерзiмде төлемдер туралы құжаттар тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Пайдалы модельге өтінiм берiлген күн сараптама жасау ұйымына пайдалы модельге қорғау құжатын беру туралы өтiнiм түскен күнi бойынша белгiленедi, онда тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер ол болса) көрсетiлуi немесе арыз берушiнiң толық атауы, сипаттамасы, формуласы және сызбасы болуы керек, ал егер аталған құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, тапсырылған құжаттардың соңғысы түскен күнi көрсетіліп белгiленедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Пайдалы модельге өтiнiмдi жасау мен ресiмдеу талаптарын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
19-бап. Өнеркәсiп үлгiсiне қорғау құжатын беруге өтiнiм
1. Өнеркәсiп үлгiсiне қорғау құжатын беруге өтiнiм (бұдан әрi өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiм) бiр өнеркәсiп үлгiсiне немесе өзара байланыстылығы өнеркәсiп үлгiсiнiң бiрлiгi талабын қанағаттандыратын өнеркәсiп үлгiлерi тобына қатысты болуға тиiс.
2. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмде:
1) өнеркәсiп үлгiсi авторлары және атына қорға құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiш;
2) мәлiмделген үлгi (үлгiлер) туралы толық егжей-тегжейлi түсiнiк беретiн бұйымның (бұйымдардың) немесе макеттiң кескiнi бейнеленген қайта жасауға жарамды жиынтығы;
3) егер өнеркәсiп үлгiсiнiң мәнiн ашу үшiн қажет болса, бұйымның жалпы түрiнiң сызбасы, эргономикалық тәсiмi, конфекциялық картасы;
4) өнеркәсiп үлгiсiнiң елеулi белгiлерiнiң тiзбесiн қамтитын сипаттамасы;
5) өкiлдер арқылы iс жүргiзген жағдайда - сенімхат болуға тиiс.
Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмге өтiнiм беруге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерi кемiтiлуiне арналған негiздеменi растайтын құжат қоса тіркеледi, олар өтiнiммен бiрге немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде табыс етiлуi мүмкiн. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.
Төлем жөніндегі құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiм берiлген күн болып сараптама жасау ұйымына өнеркәсiптiк үлгiге қорғау құжатын беру туралы арызда келтiрiлген, тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер ол болса) көрсетiлуi немесе арыз берушiнiң толық атауы, сипаттамасы, бұйымның кескiнi (макетi) болуы керек, ал егер аталған құжаттар бiр мезгiлде тапсырылмаса, тапсырылған құжаттардың соңғысының түскен күнi көрсетілiп белгiленедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмдi жасау мен ресiмдеу талаптарын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
20-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң басымдығы
1. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң басымдығы осы Заңның 17-бабының 3-тармағына, 18-бабының 3-тармағына және 19-бабының 3-тармағына сәйкес белгiленген, өнеркәсiптiк меншiктiң тиiстi объектiсiне өтінiм берiлген күн бойынша белгiленедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Басымдық, егер өтiнiм өнертабысқа, пайдалы модельге сараптама жасау ұйымына аталған күннен бастап он екi айдың iшiнде, ал өнеркәсiп үлгiсiне алты айдың iшiнде берiлсе, Париж конвенциясына қатысушы мемлекетке, сондай-ақ онда көзделген халықаралық немесе аймақтық ұйымдарда (конвенциялық басымдық) берiлген бiрiншi өтiнiм күнi бойынша белгiленуi мүмкiн. Егер өтiнiм берушiге байланысты емес мән-жаймен конвенциялық басымдық сұраған өтiнiм аталған мерзiмде берiле алмай қалса, соңғысы ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.
Конвенциялық басымдықтың құқығын пайдаланғысы келетiн өтініш берушi өтiнiм берген кезде немесе сараптама жасау ұйымына өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде мұны көрсетуге және бiрiншi өтiнiмнiң куәландырылған көшiрмесiн қоса беруге немесе оны сараптама жасау ұйымына өтiнiм түскен күннен бастап алты айдан кешiктiрмей табыс етуге тиiс. Көрсетiлген құжатты тапсырмаған жағдайда өтiнiм берушi конвенциялық басымдыққа құқығын жоғалтады. Бұл жағдайда басымдық өтiнiмнiң сараптама жасау ұйымына келiп түскен күнiмен белгiленедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Егер өтiнiш берушiге қосымша материалдар шешiмнiң мәнiн өзгертедi және оны берген күнi көрсетiлген қосымша материалдар сол бойынша табыс етiлген өтiнiм қайтарылып алынбаған және қайтарылып алынды деп саналмаған деп танылуына байланысты оларды назарға алу мүмкiн еместiгi туралы сараптама жасау ұйымының хабарламасы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiм өткенге дейiн өтiніш берушi дербес өтiнiм ретінде ресiмдеген болса, басымдық қосымша материалдар түскен күн бойынша белгiленуi мүмкiн.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Егер мұндай басымдық сұралып отырған өтiнiм неғұрлым бұрын берiлген өнертабысқа өтiнiм берiлген күннен бастап кем дегенде он екi айда және неғұрлым бұрын берiлген пайдалы модельге, өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiм - алты айда түссе, басымдық осы өтiнiм берушiнiң өтiнiмнiң берiлген күнге қайтарып алынбаған және қайтарып алынды деп саналмайтын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн ашып көрсететiн неғұрлым бұрынғы өтiнiмi сараптама жасау ұйымына берiлген күн бойынша белгiленуi мүмкiн. Бұл орайда неғұрлым бұрын берiлген өтiнiм қайтарып алынды деп есептеледi.
Басымдықты оған дейiн басымдық сұралған өтiнiмнiң берiлген күнiнен белгiлеуге болмайды.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң бөлектенген өтiнiм бойынша басымдығы - сол өтiнiм берушiнiң сараптама жасау ұйымына берген басымдықтың мәнiн ашатын бастапқы өтiнiмiнiң күнi бойынша, ал бастапқы өтiнiм бойынша басымдықты неғұрлым ерте белгiлеу құқығы болған жағдайда, егер бөлектенген өтiнiм шағым жасауға мүмкiндiгi таусылған сараптама жасау ұйымының бастапқы өтiнiм бойынша терiс қорытындысы шыққанға дейiн берiлсе, бастапқы өтiнiм бойынша - оның басымдық күнi бойынша, ал аталған өтiнiм бойынша сараптама жасау ұйымы оң қорытынды шығарған жағдайда уәкiлеттi орган қорғау құжатын беру туралы шешiм қабылдаған күнге дейiн белгiленедi.
6. Басымдық бұрын берiлген бірнеше өтінiмдердiң немесе оларға қосымша материалдардың негiзiнде, тиiсiнше осы баптың 2-5 тармақтарында аталған жағдайлар сақтала отырып белгiленуi мүмкiн.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
7. Егер ұқсас өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi бiр күнде басымдыққа ие болғаны анықталса, басымдық өтiнiмнiң сараптама жасау ұйымына неғұрлым ертерек жiберiлген күнiн дәлелденген сол өтiнiм бойынша, ал бұл күндер сәйкес келгенде - сараптама жасау ұйымында неғұрлым бұрынырақ тiркеу нөмiрiне ие болған өтiнiм бойынша белгiленедi.
21-бап. Өтiнiм берушiнiң бастамасы бойынша өтiнiм құжаттарын түзету
1. Өтiнiм түскен күннен бастап екi айдың iшiнде өтiнiм берушiнiң өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң мәнiн өзгертпей оның материалдарына түзетулер мен нақтылаулар енгізуге құқығы бар.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Өтiнiм берушiнiң қорғау құжатын алу құқығын беру кезіндегі нұсқауына қатысты немесе өтiнiм берушi атауының өзгеруi нәтижесіндегі өзгерістер, сондай-ақ өтiнiм құжаттарындағы техникалық сипаттағы қателердi түзету уәкiлеттi орган қорғау құжатын беру туралы шешiм қабылдаған күнге дейiн жасалына алады.
22-бап. Өнертабысқа өтінімге жасалатын сараптама
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Өтiнiм түскен күннен бастап екi ай өткен соң сараптама жасау ұйымы ол бойынша ресми сараптама өткiзедi. Өтiнiм берушiнiң жазбаша өтініші бойынша ресми сараптама аталған мерзiм бiткенге дейiн басталуы мүмкiн. Бұл жағдайда өтiнiм берушi өтiнiш берген кезден бастап осы Заңның 21-бабының тармағында көзделген құқықтан айырылады.
Өнертабысқа өтiнiмнiң ресми сараптамасын еткізу барысында қажеттi құжаттардың бар-жоғы және оларға қойылатын талаптардың орындалуы тексерiледi, өтiнiмнiң берiлген күнi, ұсынылған өтiнiмдi өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгi айқындалады, сондай-ақ өнертабыстың бiрлiгi тексерiледi. Өтiнiм берiлген өнертабыстың осы Заңның 6-бабының 1-тармағында белгiленген патент қабiлеттiгi талаптарына сәйкестiгiне тексеру жүзеге асырылмайды. Алдын ала патент өтiнiм берушiнің тәуекелiмен және жауапкершiлiгiмен берiледi.
2. Егер өтiнiм берушi өтiнiм бойынша осы Заңның 21-бабына сәйкес қосымша материалдарды табыс еткен болса, сараптама процесiнде олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертпейтiні тексерiледi.
Егер қосымша материалдарда өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ, өнертабыс формуласына енгізуге жататын белгiлер болса, олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертедi. Қосымша материалдар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертетiн бөлiгiнде өтiнiмдi қарау кезiнде назарға алынбайды және оны өтiнiш берушi дербес өтiнiм ретiнде ресiмдеуi мүмкiн, бұл жөнiнде өтiнiм берушiге хабарланады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Оның құжаттарына қойылатын талаптарды бұза отырып берiлген өтiнiм жөнiнде өтiнiш берушiге оны жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде түзетiлген немесе жоқ құжаттарды табыс ету ұсынылған сауал жiберiледi.
Егер өтiнiм берушi аталған мерзiмде сұратылған құжаттарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi табыс етпесе, өтiнiм қайтарып алған болып есептеледi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Өнертабыс бiрлiгi талабын бұза отырып берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушіге оған тиiстi хабарлама жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысы қаралуға тиiс екенiн хабарлау және қажет болған жағдайларда өтiнiм құжаттарына нақтылау енгізу ұсынылады. Бастапқы өтiнiм материалдарына енген басқа өнертабыстар бөлектелген өтiнiмдермен ресiмделуi мүмкiн. Белгiленген өтiнiмдер басымдығы осы Заңның 20-бабының 5-тармағына сәйкес белгiленедi.
Егер өтiнiм берушi өзiне бiрлiк талаптарының бұзылғаны туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысын қарау қажет екенiн хабарламаса және нақтыланған құжаттарды табыс етпесе, формулада бiрiншi көрсетiлген, сондай-ақ алғашқысымен байланыстылығы соншалықты, олар өнертабыс бiрлiгi талаптарын қанағаттандыратын басқа да өнертабыстар объектiсi қаралады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Егер ресми сараптама нәтижесiнде өтiнiм өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жататындығы анықталса және құжаттары белгiленген талаптарға сай келсе, өтiнiм берушiмен келісілген формуламен алдын ала патентке сараптама жасау ұйымының оң қорытындысы берiледi..
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Егер ресми сараптама нәтижесiнде өтiнiм қорғалмайтын өнертабыс объектiлерiне жататыны анықталса, сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi. Егер өтiнiм берушi ол ұсынған формулада өтiнiмнiң бастапқы материалдарында болмаған белгiлердiң жүргенi туралы немесе өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiден басқа өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiге жатпайтын сипаты болса немесе соған қатысты өнертабыс бiрлiгi талаптары бұзылуына байланысты қарау өткiзiлмегенi туралы хабарланғаннан кейiн өнертабыс формуласын өзгертпесе де, сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi.
Өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Қарсылықты ол түскен кезден бастап екi ай мерзiмде шағым кеңесi қарауға тиiс.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7. Алдын ала патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн, бiрақ осы Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес алдын ала патенттiң қолданылу мерзiмiн ұзарту жағдайында өтiнiм берiлген күннен бастап бес жылдан кешiктiрмей берiлетiн өтiнiм берушiнiң немесе үшiншi тұлғалардың өтiнiшi бойынша сараптама жасау ұйымы өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзедi. Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама техника деңгейiн анықтау үшiн өтiнiм мәлiмделген өнертабысқа қатысты ақпараттық iздестiру жүргiзудi, мәлiмделген шешiмнiң өнертабыс бiрлiгiнiң талабына және осы Заңның 6-бабында белгiленген патентке қабiлеттілік шарттарына сәйкес келетiнiне тексеру жүргiзудi қамтиды және өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгенiн растайтын құжат, сондай-ақ өтiнiштi өтiнiм берушi жасаған болса, алдын ала патенттiң қолданылуын күшiнде ұстап тұруға ақы төленгенiн растайтын құжат табыс етiлген жағдайда жүзеге асырылады.