5. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жердi алып қою мен қорғау тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
18-тарау. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау
144-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi
Мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуден тұрады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 145-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
145-бап. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және оны жүзеге асыру тәртібi
1. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жер ресурстарын пайдалану жөніндегі орталық уәкілетті орган мен оның аумақтық органдары, сондай-ақ өзге де уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар мыналар:
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган;
ауыл, орман, аңшылық және балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті орган;
жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган болып табылады.
3. Жер заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексерулер арқылы жүргізіледі, олар жоспарлы (жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мен оның аумақтық органдары жоспарлаған және бекіткен) және жоспардан тыс (жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерде және өзге де ақпаратта жазылған фактілер бойынша жеке адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртіпке, ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерді дереу жоюды талап ететін қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға, Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылық белгілерінің тікелей анықталуына байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында тағайындалатын) болып бөлінеді.
Мемлекеттік бақылау жерге түгендеу жүргізу, тексеру, жерді пайдаланумен байланысты схемалар мен жобаларды әзірлеу, жердің мемлекеттік кадастрын және мониторингін жүргізу кезінде де жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру рәсімі мемлекеттік орган шығаратын тексеруді тағайындау туралы акті және тексеру басталғанға дейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын уәкілетті органда тіркелетін жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметін тексеру карточкасы негізінде жүргізіледі.
Минералдық шикізатты, пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстарды әзірлеу, өндіру, қайта өңдеу, ауыл шаруашылық өнімін өндіру, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату және көму жөніндегі қызмет, гидротехникалық, гидромелиорациялық және мелиорациялық қызмет, құрылыс жұмыстары орындалатын, минералдық шикізатты және оны қайта өңдеу өнімдерін тасымалдау объектілері орналасқан жердің пайдаланылуы мен қорғалуына жоспарлы тексеру жүргізу арқылы мемлекеттік бақылау жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
Қызметтің басқа түрлері орындалатын жердің пайдаланылуы мен қорғалуына жоспарлы тексеру жүргізу арқылы мемлекеттік бақылау кемінде екі жылда бір рет жүзеге асырылады.
Жоспарлы тексеру жүргізу мерзімі күнтізбелік он күнді құрайды, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болатын ерекше жағдайларда, сондай-ақ тексерудің елеулі көлеміне байланысты мемлекеттік бақылау органының басшысы (не оны ауыстыратын адам) тексеру жүргізу мерзімін күнтізбелік он күнге дейін ұзарта алады.
Жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімі жоспарлы тексеру жүргізу мерзімінен аспауға тиіс.
Тексеру жүргізудің басталуы тексерілетін кәсіпкерлік субъектісіне тексеру тағайындау туралы акті тапсырылған кезден бастап есептеледі.
5. Тексеру арқылы мемлекеттік бақылау жер учаскелерінің меншік иелерінің, жерді пайдаланушылардың қатысуымен, ал олар бас тартқан жағдайда олардың қатысуынсыз жүргізіледі, бұл туралы тексеру нәтижелері бойынша жасалған құжаттарда тиісті белгі жасалады.
Анықталған жер заңнамасын бұзушылықтар бұл жұмыстарды жүргізген мамандар қол қоятын далалық тексеру сызбасы қоса берілетін актімен ресімделеді және ол осы мәселені қарау құзыретіне жататын органға беріледі.
Уәкілетті органдар анықталған жер заңнамасын бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен өз функцияларына сәйкес қарайды.
6. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың әкімшілік жаза қолдану туралы шешіміне осы Кодекстің 148-бабының 3-тармағына сәйкес шағым жасауға болады.
7. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзушылықтардың іс жүзінде жойылуын, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың нұсқаулары мен ұйғарымдарын жер учаскелерінің меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың орындауын бақылауды жүзеге асырады.
146-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары;
3) жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар жатады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауға жетекшiлiктi Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы жүзеге асырады.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның басшысы Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып табылады.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдарының басшылары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары болып табылады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы бар құжаттардың бланкiлерi болады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларға және мемлекеттік инспекторларға белгiленген тәртiппен мөр мен куәлiк берiледi.
3. Жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның өз құзыретi шегіндегі нұсқаулары барлық мемлекеттік органдар, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар үшiн міндетті.
147-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның функциялары
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган:
1) мемлекеттік органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңдарын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына;
2) жер учаскелерiн өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеуге;
3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;
4) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөніндегі ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуiне;
5) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өздерiнде жердiң бар-жоғы, олардың жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi мемлекеттік органдарға уақтылы беруiне;
6) жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуына;
7) жердi жақсарту жөніндегі, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердiң салдарларын болдырмау мен жою жөніндегі iс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;
8) азаматтардың өздерiне жер учаскелерiн беру туралы арыздарын (өтiнiштерiн) қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуына;
9) межелiк белгiлердiң сақталуына;
10) жергiлiктi атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жердiң уақтылы қайтарылуына;
11) бүлiнген жердiң жаңғыртылуына;
12) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына;
13) жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына;
14) жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.
2. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның функцияларына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мәселелер кiредi.
148-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдар лауазымды адамдарының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) кiнәлiлердi жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңдарының бұзылуы туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге;
2) Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуы туралы хаттамалар (актiлер) жасауға;
3) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жазалау туралы қаулылар шығаруға;
4) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзу салдарынан келтiрiлген шығынды өтеу туралы iстер бойынша, жер учаскелерiн алып қою және беруге байланысты заңсыз шешiмдердi жою мәселелерi бойынша, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардан және лауазымды адамдардан айыппұл өндiрiп алу туралы iстер бойынша сот органдарына жүгiнуге;
5) қызметтiк куәлiгiн көрсеткен жағдайда, ұйымдарға кедергiсiз кiруге, меншiктегi және пайдаланудағы жер учаскелерiн тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерiн - оларға кiрудiң белгiленген режимiн ескере отырып, тексеруге;
6) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жердi қорғау, Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуын жою мәселелерi бойынша орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
7) өнеркәсiптiк, азаматтық және басқа да құрылыстар, пайдалы қазба кен орындарын игеру, объектiлердi пайдалану, агротехникалық, орман мелиорациялық, геологиялық-барлау, iздестiру, геодезиялық және өзге де жұмыстар, егер олар Қазақстан Республикасының жер заңдарын, ерекше қорғалатын аумақтар жерiн пайдаланудың белгiленген режимiн бұза отырып жүзеге асырылса және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына, ластануына, залалдануына немесе бүлiнуiне, эрозияның күшеюiне, тұздануға, батпақтануға және шектес аумақтарды қоса алғанда, топырақ құнарлылығын төмендететiн басқа да процестерге әкеп соғуы мүмкiн болса, сондай-ақ егер бұл жұмыстар экологиялық сараптамадан өтпеген не терiс қорытынды алған жобалар бойынша жүзеге асырылса, оларды тоқтата тұруға;
8) мемлекеттік органдардан белгiленген тәртiппен бекітілген, жер қорының жай-күйi туралы статистикалық есептi алуға;
9) жерге құқықты куәландыратын құжаттар болмаған жағдайда тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұруға құқығы бар.
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзушыларға уақтылы шаралар қолдануға;
2) жүргiзiлетiн тексерулердiң материалдарын объективтi түрде дайындауға мiндеттi.
3. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттерiне (шешiмдерiне) және әрекеттiң жасалуына (шешiмдердiң қабылдануына) негiз болған ақпаратқа жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа шағым берiледi.
4. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыруға кедергi жасайтын лауазымды және жеке тұлғалар, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қатысты күш жұмсау қаупін төндіретiн немесе күш жұмсау әрекеттерiн қолданатын лауазымды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
19-тарау. Жерге орналастыру, мемлекеттік жер кадастры
және жер мониторингі
149-бап. Жерге орналастырудың мақсаты мен мазмұны
1. Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі iс-шаралар жүйесi болып табылады.
2. Жерге орналастыру меншiк нысанына тиесiлiлiгiне және оларда шаруашылық жүргiзу нысанына қарамастан, барлық санаттағы жерде жүргiзiледi.
Жерге орналастыру жөніндегі жұмыстарды жүргiзу нәтижесiнде белгiленген, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қаралған және бекітілген жердiң нысаналы мақсаты, жердi пайдалану мен оны қорғау режимi, шектеулер мен ауыртпалықтар, жер учаскелерiнiң шекарасы, жердiң сапасы мен мөлшерi туралы деректер және басқа да деректер жер құқығы қатынастары субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Жерге орналастыру:
1) ландшафтық-экологиялық көзқарас негiзiнде жерге орналастырудың, жердi аймақтарға бөлудiң республикалық, облыстық және аймақтық схемаларын (жобаларын) және жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын әзiрлеудi;
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2) қолданыстағы жер пайдалануды қалыптастыру және ретке келтiру жөніндегі шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасауды, белгiлi бiр жерде жер учаскелерiн бөлiп беру мен шекарасын белгiлеудi
3) белгiлi бiр жерде елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) анықтау мен белгiлеудi, олардың жер-шаруашылық орналастыру жобаларын жасауды;
4) белгiлi бiр жерде әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және жердi пайдалану мен қорғаудың ерекше шарттары бар басқа да жер учаскелерiнiң шекарасын белгiлеудi;
5) жерге орналастыру, бүлiнген жердi жаңғырту мен жаңа жердi игеру жобаларын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзiрлеудi;
6) жердi түгендеу iсiн жүргiзудi, пайдаланылмай жатқан, ұтымды пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсатында пайдаланылмай отырған жердi анықтауды;
7) топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық және басқа да зерттеу мен iздестiру жұмыстарын жүргiзудi;
8) жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының тақырыптық карталары мен атластарын жасауды қамтиды және қамтамасыз етедi.
150-бап. Жерге орналастыруды жүргiзу
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Жерге орналастыру облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша не мүдделі жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың өтініші бойынша жүргізіледі.
Жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың бастамасы бойынша жүргiзiлетiн жерге орналастыру олардың тиісті жергілікті атқарушы органға беретiн өтiнiштерiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Жерге орналастыру жұмыстарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзуге белгiленген тәртiппен лицензия алған заңды тұлғалар мен азаматтар орындайды.
3. Жерге орналастыру жұмыстарын орындау тәртібі мен технологиясы жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi, олар жерге орналастыру жұмыстарын орындаушылардың барлығы үшiн мiндеттi.
4. Белгiленген тәртiппен келісілген жерге орналастыру құжаттамасын:
1) 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2) шаруашылық iшіндегі жерге орналастыру жобаларын және жердi ұтымды пайдалануға, топырақтың құнарлылығын сақтау мен арттыруға байланысты олардың өз есебiнен әзiрленетiн және жүзеге асырылатын жобаларды - жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдарымен келісім бойынша жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар, басқа да тапсырыс берушiлер;
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3) жер учаскелерiнiң шекарасын қалыптастыруға, оларды белгiлi бiр жерде белгiлеуге, жер учаскесiнiң жоспарын дайындауға байланысты жерге орналастыру құжаттамасын, сондай-ақ жерге орналастыру жөніндегі, жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының арнайы тақырыптық карталарын жасау жөніндегі топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың, топырақты зерттеу, агрохимиялық, геоботаникалық және басқа да зерттеу және iздестiру жұмыстарының материалдарын - жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары бекiтедi.
5. Жерге орналастыру құжаттамасына өзгерістер осы құжаттаманы бекiткен органның рұқсатымен ғана енгiзiледi.
6. Жерге орналастыру жобасын орындау: жобаны жер бетiне көшiрудi; жобаның барлық элементтерiн игерудi, жерге орналастыру материалдары мен құжаттарын ресiмдеудi және берудi қамтиды.
151-бап. Жерге орналастыру процесi
1. Жерге орналастыру процесi мынадай кезеңдердi қамтиды:
жерге орналастыру iсiн жүргiзудi бастау;
дайындық жұмыстары;
жерге орналастыру болжамдарын, схемаларын, бағдарламалары мен жобаларын әзiрлеу;
жерге орналастыру құжаттамасын қарау, келiсу және бекіту;
жерге орналастыру жобасын орындау.
2. Жерге орналастыруды жүргiзу бойынша тапсырыс берушi, жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi, жерге орналастыруды жүргiзу кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкiн үшiншi тұлғалар, сондай-ақ жерге орналастыру құжаттамасы келісілетiн және оны бекiтетiн мемлекеттік органдар мен басқа да тұлғалар жерге орналастыру процесiне қатысушылар болып табылады.
3. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың:
1) жерге орналастыруды жүргiзу жөніндегі тапсырыс берушiнiң:
жеке өзi немесе өкiлi арқылы жерге орналастыру процесiнiң барлық сатысында қатысуға;
жерге орналастыру iсiнiң материалдарымен танысуға;
өз ұсыныстарын қарауға енгізуге;
жерге орналастыру процесiнде туындаған келiспеушiлiктердi шешуге қатысуға құқығы бар;
2) әзiрлеушiнiң (жобалау және iздестiру жұмыстарымен айналысатын, сондай-ақ жерге орналастыру жобаларын орындауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның):
мемлекеттік органдардан жерге орналастыру жөнiнде қажеттi ақпарат алуға;
тапсырыс берушiлермен шарт жағдайларында қарым-қатынас орнатуға;
жерге орналастыру жобаларын жүзеге асыру барысына қандай да бiр ерекше рұқсатсыз бақылау жасауға, жергiлiктi атқарушы органдарды оның нәтижелерi туралы хабардар етуге және жердi пайдалану мен қорғау iс-тәжiрибесiн жақсарту жөнiнде ұсыныс енгізуге;
жерге орналастырудың ескiрген схемалары мен жобаларын жетiлдiру немесе қайта өңдеу жөнiнде ұсыныстар енгізуге құқығы бар;
3) жерге орналастыру кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкін үшінші тұлғалардың:
жерге орналастыру мәселелерi талқыланғанда қатысуға және жерге орналастырудың барысы мен нәтижелерi туралы өз мүдделерiн көздейтiн ақпарат алуға;
жерге орналастыру процесiнде өздерiнiң мүдделерiн қозғайтын заңсыз әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдануға құқығы бар.
4. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың мiндеттерi:
1) жерге орналастыру процесiнiң барлық қатысушылары:
Қазақстан Республикасының жер заңдарын сақтауға;
жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі құзыреттi мемлекеттік органдар талаптарын орындауға;
жерге орналастыру процесiнде жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндетті;
2) жобалау құжаттамасы келісілетiн және оны бекiтетiн атқарушы органдар оны бiр ай iшiнде қарауға мiндеттi;
3) жерге орналастыруды жүргiзу жөнiнде тапсырыс берушi:
жерге орналастыруды жүргiзу мақсатын, мiндеттерiн, мазмұнын, ерекше жағдайлары мен мерзiмдерiн анықтауға;
қажеттi материалдар мен құжаттарды беруге;
жұмысты қаржыландыруды ұйымдастыруға;
орындалған жұмыстарды бiр ай iшiнде қабылдауға немесе дәлелдi түрде бас тартуға мiндеттi;
4) жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi:
барлық жұмыстарды қолданыстағы нұсқаулықтар мен әдiстемелiк нұсқауларға, сондай-ақ шартқа сәйкес орындауға;
зерттеу, iздестiру және өзге де жұмыстар топырақтың құнарлы қабатын бүлдiре отырып жүргiзiлген жер учаскелерiнiң жай-күйiн бастапқы қалпына келтiруге;
жерге орналастыру құжаттамасында көзделген iс-шаралардың дұрыстығы, сапасы мен экологиялық қауiпсiздiгi үшiн жауап беруге мiндеттi.
152-бап. Мемлекеттік жер кадастры
1. Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан Республикасы жерiнiң табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, мөлшерi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерiнiң кадастрлық құны туралы мәлiметтердiң, өзге де қажеттi мәлiметтердiң жүйесi болып табылады. Мемлекеттік жер кадастрына жер учаскелерiне құқықты субъектiлер туралы ақпарат та енгiзiледi.
Жер кадастрының құрамдас бөлiгi суармалы жер учаскелерiнiң мелиорациялық жай-күйi, олардың табиғи және ирригациялық-шаруашылық жағдайлары бойынша сапалық сипаттамаларын бағалау туралы, оларды пайдаланудың есебi туралы мәлiметтер жүйесiн құрайтын суармалы жердiң мелиорациялық кадастры болып табылады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Қазақстан Республикасында жер кадастрын жүргізуді ұйымдастыруды орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастры (республиканың, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер кадастры) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кадастрлар жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрын мамандандырылған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар жүргізеді, орталық уәкілетті орган оларға қатысты мемлекеттік басқару органы болып табылады.
4. Мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерi мемлекеттік ақпараттық ресурс болып табылады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 5- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
5. Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарын, топырақ зерттеу, геоботаникалық зерттеулер мен іздестірулер, жер мониторингі бойынша жұмыстарды, жерді сандық және сапалық есепке алуды жүргізумен, нақты жер учаскесіне жер-кадастр ісін жасаумен, жер-кадастр карталары мен жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжат дайындаумен қамтамасыз етіледі.
6. Мемлекеттік жер кадастрының деректерi жердi пайдалану мен қорғауды жоспарлау кезiнде, жерге орналастыруды жүргiзу, шаруашылық қызметтi бағалау және жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде, сондай-ақ жердiң бiрыңғай мемлекеттік тiзiлiмiн қалыптастыру, құқықтық және басқа да кадастрларды жүргiзу, жер үшiн төлем мөлшерiн айқындау, жылжымайтын мүлiк құрамындағы жер учаскелерiнiң құнын және табиғи ресурстар құрамындағы жердiң құнын есепке алу үшiн негiз болып табылады.
7. Мемлекеттік жер кадастрының деректерiн есепке алу мен оларды сақтау бiрлiгi тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы қатынастары субъектiлерiне бекітілген жер учаскесi болып табылады.
8. Жерге меншiк нысанына, жер учаскелерiнiң нысаналы мақсатына және оларды пайдаланудың рұқсат етiлген сипатына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерi мемлекеттік кадастрлық есепке алуға жатады.