6) 27-баптың 12) тармақшасындағы «орындауға міндетті.»деген сөздер «орындауға;»деген сөзбен ауыстырылып, бап мынадай мазмұндағы 13) тармақшамен толықтырылсын:
«13) атмосфералық ауаға таралатын зиянды заттар шығарындыларының белгіленген жол берілетін шекті нормативтерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.».
21. «Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» 2002 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 7-8, 77-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат):
1) 1, 3 және 4-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авария - ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың бұзылуы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауіпті заттардың шығарындысы;
2) инцидент - қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың істен шығуы немесе бұзылуы, технологиялық процестің режимінен ауытқуы, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік - жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаның қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардан және аталған авариялардың салдарларынан қорғалуының жай-күйі;
4) уәкілетті орган - өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.»;
«3-бап. Қауіпті өндірістік объектілер
1. Қауіпті өндірістік объектілерге мынадай:
1) тұтанғыш - қалыпты қысым және ауамен қосылу жағдайында тұтанғыш болатын және қайнау температурасы қалыпты қысым жағдайында 20 немесе одан төмен Цельсий градус құрайтын заттар;
2) жарылғыш - сыртқы әсердің белгілі бір түрлері кезінде жылу бөліп, газ құрап, өз-өзінен жылдам тарайтын химиялық өзгерістерге ұшырай алатын заттар;
3) жанғыш - өздігінен тұтанып, сондай-ақ от алдыру көзінен от алып, оны алып тастағаннан кейін өздігінен жанатын заттар;
4) тотықтандырғыш - жануға көмектесетін, тұтануды тудыратын және (немесе) тотықтандыру-қалпына келтірудің экзотермиялық реакциясы нәтижесінде басқа заттардың тұтануына себеп болатын заттар;
5) уытты - тірі организмдерге әсер ету кезінде олардың өліміне әкеп соқтыруға бейім және мынадай сипаттамасы бар заттар:
асқазанға енгізілген кезде бір килограмм салмаққа қоса алғанда 15-тен 200 миллиграмға дейін келетін өлтіретін орташа доза;
теріге енгізген кезде бір килограмм салмаққа қоса алғанда 50-ден 400 миллиграмға дейін келетін өлтіретін орташа доза;
ауадағы өлтіретін орташа шоғырлануы бір литрге қоса алғанда 0,5-тен 2 миллиграмға дейін келетін мөлшердегі;
6) жоғары уытты - тірі организмдерге әсер ету кезінде олардың өліміне әкеп соқтыруға бейім және мынадай сипаттамасы бар заттар:
асқазанға енгізілген кезде бір килограмм салмаққа қоса алғанда кемінде 15 миллиграмнан келетін өлтіретін орташа доза;
теріге енгізген кезде бір килограмм салмаққа қоса алғанда кемінде 50 миллиграмнан келетін өлтіретін орташа доза;
ауадағы өлтіретін орташа шоғырлануы бір литрге қоса алғанда кемінде 0,5 миллиграмнан келетін мөлшердегі;
7) қоршаған табиғи орта үшін қауіп тудыратын заттар, соның ішінде су ортасында мынадай өте уытты көрсеткіштермен сипатталатын заттар:
балыққа тоқсан алты сағат бойына ингаляциялық әсер ету жағдайында орташа өлімге әкеп соғатын мөлшерге литріне 10 миллиграмнан аспайтын;
дафнииге қырық сегіз сағат бойына әсер ету жағдайында нақты әсер тудыратын удың орташа шоғырлануы литріне 10 миллиграмнан аспайтын;
балдырларға жетпіс екі сағат бойына әсер ету жағдайында орташа тежейтін шоғырлануы литріне 10 миллиграмнан аспайтын қауіпті заттардың бірі өндірілетін, пайдаланылатын, қайта өңделетін, түзілетін, сақталатын, тасымалданатын, жойылатын объектілер жатады.
2. Қауіпті өндірістік объектілерге сонымен қатар мынадай:
1) 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен немесе судың қайнау температурасы кезінде 115 Цельсий градусынан жоғары температурада жұмыс істейтін техникалық құрылғы;
2) қара және түсті металдардың балқымалары және осы балқымалардың негізіндегі қорытпалар;
3) тау-кен, геологиялық барлау, бұрғылау (соның ішінде теңіз шельфтері мен ішкі тоғандарындағы), жарылыс жұмыстары, пайдалы қазбаларды өндіру және байыту жөніндегі жұмыстар, жер асты жағдайындағы жұмыстар;
4) құрамында адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіпті заттары бар өндіріс қалдықтары;
5) жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілер;
6) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын электр қондырғыларының барлық түрлері;
7) қауіпті өндірістік объектілердің гидротехникалық ғимараттары;
8) радиоактивті және ионды сәулелену көздері;
9) қару-жарақ пен олардың оқ-дәрілерін әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сақтау және кәдеге жарату жатады.
4-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің міндетті талаптарын белгілеу және орындау;
2) қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігін растау рәсімдерінен өткен технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға жіберу;
3) қауіпті өндірістік объектінің қауіпсіздігін декларациялау;
4) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау, сондай-ақ өндірістік қадағалау;
5) қауіпті өндірістік объектілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама жасау;
6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізуге ұйымды аттестаттау;
7) өнеркәсіптік қауіпсіздікке мониторинг жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары өнеркәсіптік қызметкерді, халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, қоршаған табиғи ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау, құрылыс саласындағы нормаларға, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы техникалық регламенттер талаптарына сәйкес болуға тиіс.»;
2) 6-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) техникалық регламенттерді бекітеді;";
3) 7-бапта:
3) тармақшада:
«салааралық» деген сөз алып тасталсын;
«өнеркәсіптік қауіпсіздік» деген сөздердің алдынан «техникалық регламенттерді бекітуді қоспағанда,»деген сөздермен толықтырылсын;
16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді жүзеге асырады;";
мынадай мазмұндағы 17)-27) тармақшалармен толықтырылсын:
«17) техникалық регламенттерді әзірлейді немесе келіседі;
18) өндірістік қадағалау тиімділігін, ұйымдардың аварияларды және оның салдарын жоюға дайындығын, қауіпті өндірістік объектілерде авария салдарын оқшаулау және жою жөніндегі жұмыстарды бақылайды;
19) жұмыстың қауіпті түрлерін жүргізген кезде технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды (оның ішінде шетелдік) қолдануға, дайындауға рұқсаттар береді;
20) өнеркәсіптік қауіпсіздік мониторингін жүргізеді;
21) қауіпті өнеркәсіптік объектілерді есепке алуды жүзеге асырады;
22) қауіпті өндірістік объектілерде ғимараттарға, құрылыстарға, техникалық құрылғыларға, материалдарға қазіргі заманғы техникалық растаудың жүргізілуін бақылайды;
23) ұйымдарды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізу құқығына аттестаттауды және олардың қызметін бақылауды жүзеге асырады;
24) әскерилендірілген тау-кен құтқару, газдан құтқару, бұрқақты тоқтату қызметтері мен құралымдарының қызметіне басшылық жасайды;
25) техникалық құрылғыларды, материалдарды қабылдап алу сынақтарын жүргізуді келіседі;
26) өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясына сараптама жүргізеді;
27) өзінің жекелеген өкілеттіктерін жүзеге асыруды аумақтық бөлімшелерге береді.»;
4) 9-бап мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) жерлерді қауіпті өндірістік объектілерге беруді уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келіседі.»;
5) 10-бапта:
тақырыбындағы және бірінші абзацтағы «Жеке тұлғалардың», «жеке тұлғалар» деген сөздер «Жұмыскерлердің», «жұмыскерлер» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) ұйымның әкімшілігін қауіпті өндірістік объектідегі авариялар, инциденттер туралы дереу хабардар етуге;";
3) тармақшадағы «нұсқама алуға және оқуға» деген сөздер «оқытуға және нұсқама алуға» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«11-бап. Қауіпті өнеркәсіптік объектіге ие жеке және заңды
тұлғалардың міндеттерi
Қауіпті өнеркәсіптік объектілердің иелері:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол берілген технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына өндірістік қадағалауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
4) нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мерзімдерде немесе мемлекеттік инспектордың ұйғарымы бойынша ғимараттың өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама жүргізілуін, тау-кен жұмыстарын дамыту жоспарының келісілуін, қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын құрылыстар мен техникалық құрылғыларға, материалдарға диагностика, сынақ, растау жүргізілуін қамтамасыз етуге;
5) әрі қарай пайдаланудың ықтимал мерзімін анықтау үшін пайдаланудың нормативтік мерзімінен өткен техникалық құрылғыларға, материалдарға сараптама жүргізуге;
6) белгіленген талаптарға сай келетін лауазымды тұлғалар мен жұмыскерлерді қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа жіберуге;
7) қауіпті өндірістік объектілерге бөгде адамдардың кіруін болғызбауға;
8) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне өндірістік қадағалауды ұйымдастыру тәртібі туралы және оны жүзеге асыруға уәкілетті жұмыскерлер туралы мәліметтерді ұсынуға;
9) авариялардың туындау себептеріне талдау жүргізуге, авариялардың және олардың зардаптарының алдын алуға, оларды жоюға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға;
10) уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесін, жергілікті мемлекеттік басқару органдарын, халықты және жұмыскерлерді авариялар туралы дереу хабардар етуге;
11) авариялардың есебін жүргізуге;
12) мемлекеттік инспекторлар берген өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзуды жою жөніндегі ұйғарымды орындауға;
13) қауіпті өндірістік объектінің қаржы-экономикалық қызметінің жоспарларын әзірлеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шығындарды көздеуге;
14) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне авариялар, жарақат алу және кәсіби аурулар туралы ақпарат ұсынуға;
15) қызметі үшінші тұлғаларға залал келтіру қаупіне байланысты декларациялануға жататын қауіпті өндірістік объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға;
16) мемлекеттік органдарға, азаматтарға қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы дұрыс ақпарат ұсынуға;
17) тексерудің тағайындалғаны туралы құжатты және қызметтік куәлікті көрсеткен кезде осы Заңмен жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік инспекторды қауіпті өндірістік объектілерге кедергісіз кіргізуге;
18) өзінің нормативтік мерзімін өтеген техникалық құрылғылардың, материалдардың уақтылы жаңартылуын қамтамасыз етуге;
19) осы Заңмен айқындалған қауіпті өндірістік объектілерді декларациялауға;
20) жұмыстардың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдық-техникалық іс-шаралардың белгіленген талаптарына сәйкес қауіпті өндірістік объектінің жұмыскерлер штатының жасақталуын қамтамасыз етуге;
21) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыскерлерді даярлауды, қайта даярлауды, біліктілігін арттыруды және аттестаттауды қамтамасыз етуге;
22) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің декларациясына сараптама жүргізуді қамтамасыз етуге;
23) кәсіби авариялық-құтқару қызметтерімен және құрылымдарымен қызмет көрсетуге шарт жасасуға немесе жеке кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін және құрамаларын құруға;
24) аварияның зардаптарын оқшаулау және оларды жою үшін материалдық резервтер мен қаржы ресурстарының болуы;
25) жұмыскерлерді қауіпті өндірістік объектілерде авария болған жағдайда қорғану және әрекет ету әдістерін оқытуға;
26) қауіпті өндірістік объектілерде авария болған жағдайда қадағалау, хабарлау, байланыс және іс-әрекетті қолдау жүйелерін жасауға және олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
27) қауіпті заттардың өнеркәсіптік объектіде болуы осы Заңның қосымшасына сәйкес декларациялану үшін негіз болып табылатын, олардың тасымалданатыны туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне үш тәулік бұрын хабарлауға;
28) қауіпті өндірістік объектілерді уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде есепке алуды, есептен шығаруды жүзеге асыруға;
29) қауіпті өндірістік объектілердің құрылысына, оларды реконструкциялауға, жаңғыртуға, жоюға (соның ішінде таратуға) арналған жобаларды уәкілетті органмен келісуге;
30) қауіпті өндірістік объектілерді пайдалануға беру кезінде уәкілетті орган өкілінің қатысуымен қабылдау сынақтарын жүргізуге міндетті.»;
7) мынадай мазмұндағы 11-1-баппен толықтырылсын:
«11-1-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті міндетті декларациялау
1. Міндетті декларациялануға осы Заңның қосымшасына сәйкес қауіпті заттар әзірленетін, өндірілетін, пайдаланылатын, қайта өңделетін, түзілетін, сақталатын, тасымалданатын, жойылатын объектілер, қара және түсті металл қорытпалары мен осы қорытпалар негізіндегі балқымалары, кен, геологиялық барлау, бұрғылау (оның ішінде теңіз шельфтері мен ішкі су қоймаларында), пайдалы қазбаларды игеру және байыту жөніндегі жарылыс жұмыстары, жер асты жағдайындағы жұмыстар, радиоактивті және ионды сәулелену көздері, қауіпті өндірістік объектілердің гидротехникалық құрылыстары, қару-жарақ және оқ-дәрілер жатады.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясы (бұдан әрі - декларация) қауіпті өндірістік объектіні салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, техникалық жарақтандыруға, сақтауға және жоюға арналған жобаның құрамында әзірленеді, қайта қаралады.
3. Декларация мынадай мәліметтерді:
1) қауіпті заттар (оның ішінде өндірілетін) тізбесін және олардың сипаттамаларын;
2) қауіпті әсер ету факторларын (әр фактор жеке; басқа факторлармен өзара әрекетте; қоршаған ортамен өзара әрекетте);
3) қауіпті факторлардың таралуы туралы технологиялық деректерді;
4) қауіптілік пен тәуекелге талдауды;
5) қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі техникалық шешімдерді;
6) авариялық жағдайлардың туындау жағдайына талдауды;
7) қызметкерлерді авария жағдайында іс-әрекетке дайындауды;
8) авариялардың туындауы мен дамуының ықтимал сценарийлерінің схемасын;
9) аварияны жою жоспарын (хабарлау жүйесі; адамдарды қорғау жөніндегі құралдар мен шаралар; аварияларды, төтенше жағдайларды жоюға арналған резервтік ресурстар; зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша медициналық қамтамасыз ету) қамтуға тиіс.
4. Декларацияны әзірлеуді қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйым не өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізуге аттестатталған ұйым жүзеге асырады. Декларацияны әзірлеу ережесін уәкілетті орган белгілейді.
5. Декларация ондағы өндірістік қауіпсіздік мәліметтері өзгерген немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары өзгерген кезде өзгерістер пайда болған кезден бастап үш ай ішінде нақтыланады.
6. Декларацияны қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымның басшысы бекітеді.
Қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымның иесі декларациядағы мәліметтердің уақтылы ұсынылуына, оның толықтығы мен дұрыстығына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
7. Декларация уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде сараптамадан өткізіледі.
Декларацияға өзгерістер енгізілген кезде ол міндетті түрде қайтадан сараптамадан өткізілуге тиіс.
8. Декларация екі данада сараптама қорытындысымен бірге жоба құрамында немесе жеке құжатпен уәкілетті органға тіркеу үшін ұсынылады. Бір данасы уәкілетті органда, бір данасы қауіпті объектіні пайдаланушы ұйымда сақталады.
9. Қауіпті объектіні декларациясыз пайдалануға тыйым салынады.»;
8) мынадай мазмұндағы 4-2-тараумен толықтырылсын:
«4-2-тарау. Қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын
технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды (оның
ішінде шетелдік) дайындауға, сынауға және қолдануға рұқсат беру
14-8-бап. Қайта жасалған техникалық құрылғыларға,
материалдарға қабылдау сынақтарын жүргізу
1. Қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын қайта құрылған, оның ішінде шетелде өндірілген техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне қабылдау сынақтарына жатады.
Қабылдау сынақтарын уәкілетті орган аттестаттаған ұйымдар жүргізеді.
2. Техникалық құрылғылардың, материалдардың тәжірибелік үлгілеріне қабылдау сынақтарын жүргізуге рұқсатты уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері береді.
3. Техникалық құрылғылардың, материалдардың тәжірибелік үлгілеріне қабылдау сынақтарын жүргізуге рұқсат алу үшін аттестатталған ұйым уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне мынадай құжаттарды:
1) сынақ жүргізу жөніндегі комиссияның тағайындалғаны туралы бұйрықты;
2) сынақ бағдарламасы мен әдістемесін ұсынады.
4. Тәжірибелік үлгілерге қабылдау сынақтары техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ететін жағдайларда жүргізілуге тиіс.
5. Уәкілетті органмен келісім бойынша қабылдау сынақтары дайындаушыда жүргізілуі мүмкін. Сынақтардың көлемі мен оны жүргізу тәртібін аттестатталған ұйым айқындайды.
6. Шетелде өндірілген техникалық құрылғылар, материалдар үшін үлгілерге қабылдау сынақтарын жеткізуші елде Қазақстан Республикасында аттестатталған ұйымның жүргізуіне жол беріледі. Мұндай сынақтарды жүргізу уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.
7. Қабылдау сынақтарының нәтижелері бойынша техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптары мен нормаларына сәйкестігі туралы акт, кемшіліктерінің болуы немесе болмауы, оларды жою жөніндегі ұсынымдар, өнімнің осы түрін Қазақстан Республикасының аумағында қолдану жөнінде ұсыныстар беріледі.
14-9-бап. Техникалық құрылғыларды, материалдарды дайындауға
рұқсат беру
1. Техникалық құрылғыларды, материалдарды дайындауға рұқсат алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) мақсаты туралы қысқаша ақпараты бар ілеспе хатты;
2) дайындаушының сериялық өндіру кезінде өнімнің қауіпсіздік көрсеткіштерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкіндігін растайтын сараптамалық қорытындыны ұсынады.
2. Уәкілетті орган құжаттарды алған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзім ішінде ұсынылған материалдарды қарайды және олар бойынша шешім қабылдайды. Толық емес деректер ұсынылған жағдайда өтініш берушіден қосымша мәліметтер сұратылады. Бұл жағдайда қарау мерзімі олардың келіп түскен уақытынан бастап есептеледі.
Уәкілетті орган қарау нәтижелері бойынша техникалық құрылғыларды, материалдарды Қазақстан Республикасының аумағында дайындауға рұқсат береді.
3. Ұсынылған өтінім өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкес келмеген жағдайда өтініш берушіге негізделген бас тарту беріледі.
14-10-бап. Технологияларды, техникалық құрылғыларды,
материалдарды қолдануға рұқсат беру
1. Технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, қолдануға рұқсат алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың мақсаты мен қолданылу саласы туралы қысқаша ақпараты бар ілеспе хатты;
2) технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкестігі туралы сараптамалық қорытындыны ұсынады.
2. Технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкілетті орган оларды қолдануға рұқсат береді.
3. Пайдалану процесінде технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталған жағдайда оларға берілген рұқсат кері қайтарып алынады.
4. Технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға берілген, кері қайтарып алынған рұқсаттардың есебін уәкілетті орган жүзеге асырады.
5. Рұқсат Қазақстан Республикасының аумағында барлық құқық субъектілері үшін қолданылады.
6. Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат берілген және кері қайтарып алынған технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар туралы ақпаратты уәкілетті орган мерзімдік баспасөзде жариялайды.
14-11-бап. Жаңа, оның ішінде шетелде өндірілген жарылғыш
материалдарды қолдануға рұқсат беру
1. Жаңа, оның ішінде шетелде өндірілген жарылғыш материалдарды қолдануға рұқсатты уәкілетті орган сынақтар кешенін өткізгеннен кейін береді, ол:
1) жарылғыш материалдардың оларды дайындауға және қолдануға арналған техникалық құжаттамада белгіленген талаптарға, оның ішінде қауіпсіздік жөніндегі ережелер мен нормаларға сәйкес келуіне бақылау сынақтарын;
2) өндірістік жағдайларда алдын ала және қабылдау сынақтарын;
3) өндірістік сынақтарды бақылау сынақтарының нәтижелеріне байланысты бір немесе екі кезеңде жүргізуді қамтиды.
2. Сынақтар жүргізу жөніндегі комиссияның құрамына кәсіпорынның, сараптама ұйымының және уәкілетті органның өкілдері енгізілуге тиіс.
3. Өтінім беруші рұқсат алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) тәжірибелік партияны сынау актісін;
2) жарылғыш материалдардың сәйкестік сертификатын ұсынады.
14-12-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптама жасау
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптама жасауға:
1) қауіпті өндірістік объектілерді салудың, кеңейтудің, реконструкциялаудың, техникалық қайта жарақтандырудың, консервациялаудың және жоюдың жобалық құжаттамасы жатады.
Жобалық құжаттамаға өзгерістер енгізілген жағдайда міндетті түрде қайта сараптама жүргізілуге тиіс;
2) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар;
3) өндірістік қауіпсіздік декларациясы;
4) ғимараттардың, құрылыстардың жай-күйі жатады.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын уәкілетті орган аттестаттаған ұйымдар қауіпті өндірістік объект иесінің қаражаты есебінен жүргізеді.
3. Сараптамалық қорытынды өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу нәтижесі болып табылады.
14-13-бап. Ұйымдарды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында
жұмыстар жүргізуге аттестаттау
1. Ұйымдар:
1) декларацияланатын объектілерде жұмыстар жүргізу;
2) техникалық құрылғылардың, технологиялардың және материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжаттар беру;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында сараптама жүргізу;
4) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу;
5) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарын жүргізу;
6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
7) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу;
8) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру құқығына аттестатталуға тиіс.
2. Аттестаттау үшін ұйым мынадай құжаттарды:
1) өтінішті;
2) ұйым жарғысының нотариалды куәландырылған көшірмесін;
3) ұйымның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің көшірмесін;
4) ұйымның өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы түсіндірме жазбаны табыс етеді.
3. Құжаттарды қарау құжаттарды толық көлемде тапсырған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
4. Уәкілетті орган қарау нәтижесі бойынша аттестаттау немесе аттестаттаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
5. Аттестаттау немесе аттестаттаудан бас тарту туралы дәлелді шешім ұйымға шешім қабылданған күннен бастап бес күн мерзімде беріледі.
6. Аттестатты беруден мына себептер бойынша:
1) осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмағанда;
2) ұйым өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай келмегенде бас тартылуы мүмкін.
Ұйым аталған себептерді жойған кезде аттестаттау туралы өтініш жалпы негіздерде қаралады.
7. Аттестаттың қолданылу мерзімі бес жылды құрайды.
Ұйым өзіне берілген аттестатта көзделмеген, осы баптың 1-тармағында аталған қызметті жүзеге асырған жағдайда уәкілетті орган өз шешімімен аттестаттың қолданылуын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтата тұрады.