3. Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жаза қолдануға:
1) Қазақстан Республикасы континенттiк қайраңының минералдық немесе жанды ресурстарын шет мемлекеттердiң жеке немесе заңды тұлғаларына не шет мемлекеттерге заңсыз бергенi үшiн;
Қазақстан Республикасы шекара қызметiнiң басшысы мен оның орынбасарлары, аймақтық басқармалардың, бiрлестiктердiң басшылары мен олардың орынбасарлары - айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
шекара отрядтарының бастықтары, шекаралық бақылаудың әскери бөлiмдерiнiң, әскери теңiз бөлiмдерiнiң командирлерi - айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі мiндеттердi атқаратын шекара корабльдердiң (катерлерiнiң) командирлерi - айлық есептiк көрсеткiштiң бiр жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға құқылы.
2) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 506-ІІ Заңымен алынып тасталды.
575-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 506-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 2 наурыздағы № 131-ІІІ Заңымен енгізілген толықтырумен.
576-бап. Мемлекеттік құпияларды қорғау органдары
1. Мемлекеттік құпияларды қорғау органдары осы Кодекстiң 357-2 (бiрiншi бөлiгiнде), 385, 386 (бiрiншi, екiншi бөлiктерiнде) - баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және белгiленген әкiмшiлiк жазаларды қолдануға:
Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкiлеттi органның басқарма бастығы мен оның орынбасары, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң департаментi бастығы мен оның орынбасары лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға;
Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкiлеттi органның басшысы мен оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi, жеке тұлғаларға жиырмаға дейiнгi, заңды тұлғаларға екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға құқылы.
576-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 506-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы № 123-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен.
576-1-бап. Акцизделетiн өнiм өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік бақылау
жөніндегі органдар
1. Акцизделетiн өнiм өндiрудi және олардың айналымына мемлекеттік бақылау жөніндегі органдар 357-2-бапта (бiрiншi бөлiгiнде) көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға акцизделетiн өнiм өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік бақылау жөніндегі органның басшылары (орынбасарлары) құқылы.
576-1-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 506-ІІ Заңымен енгiзiлдi.
576-2-бап. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі қылмыстық-атқару жүйесiнiң органдары
1. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі қылмыстық-атқару жүйесiнiң органдары осы Кодекстiң 367-бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға облыстар бойынша қылмыстық-атқару жүйесi аумақтық органдарының бастықтары мен олардың орынбасарлары, түзеу мекемелерiнiң бастықтары құқылы.
576-2-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 506-ІІ Заңымен енгiзiлдi.
576-3-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк органдары
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк органдары осы Кодекстiң 367-бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi (ұлттық қауiпсiздiк органдары жүйесінің тергеу изоляторында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін) қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға ұлттық қауіпсiздiк органдары тергеу изоляторларының бастықтары құқылы.
576-3-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 506-ІІ Заңымен енгiзiлдi.
4-бөлiм
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу
33-тарау
Негізгі ережелер
577-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң мiндеттерi
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң мiндеттерi әрбiр iстiң мән-жайын дер кезiнде, жан-жақты, толық және объективтi анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу, шығарылған қаулының орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.
578-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң тәртібі
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi судьялар мен органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу тәртібі осы Кодекспен айқындалады.
2. Қылмыстық немесе азаматтық iстердi қарау процесiнде соттың әкiмшiлiк жазалар қолдану тәртібі осы Кодекстiң ережелерiмен және Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодекс мен Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiне сәйкес айқындалады.
579-бап. Өтiнiш жасау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысушы адамдардың, сол iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) мiндеттi түрде қарауына жататын өтiнiш мәлiмдеуге құқығы бар.
2. Өтiнiш жазбаша түрде мәлiмденедi және дереу қаралуға тиiс.
3. Өтiнiштi қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм ұйғарым түрiнде шығарылады.
580-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi болдырмайтын мән-жайлар
1. Төмендегi мән-жайлардың ең болмағанда бiреуi болған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс қысқартылуға жатады:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғаларының болмауы;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауы, соның iшiнде әкiмшiлiк жауапқа тарту үшiн жеке адамның құқық бұзушылық жасаған кезде осы Кодексте көзделген жасқа толмауы немесе құқыққа қарсы әрекет жасаған жеке адамның ақыл-есiнiң дұрыс болмауы;
3) әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңның немесе оның жекелеген ережелерiнiң күшi жойылуы;
4) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi әкiмшiлiк жауаптылықты белгiлейтiн заңды немесе оның кейбір ережелерiн Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп тануы салдарынан олардың күшi жойылуы;
5) әкiмшiлiк жауапқа тарту мерзiмiнiң өтуi;
6) әкiмшiлiк жауапқа тартылатын адам жөнiнде сол факт бойынша әкiмшiлiк жаза қолдану туралы судьяның, органның (лауазымды адамның) қаулысының не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстiң қысқартылуы туралы күшi жойылмаған қаулының болуы, сондай-ақ нақ сол факт бойынша қылмыстық iс қозғау туралы қаулының болуы;
7) iсi жүргiзiлiп отырған жеке адамның қайтыс болуы.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында көзделген негiз бойынша және зиян келтiру заңды болып табылғанда немесе осы Кодекстiң 5-тарауына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылық жоққа шығарылатын мән-жайларда жасалған ретте қысқартылады.
581-бап. Әкiмшiлiк жауапқа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу осы Кодексте көзделген тәртiппен, 67, 68-баптарда көзделген жағдайларда, сондай-ақ әрекетте қылмыстық заңдарда көзделген қылмыс құрамының белгiлерi болуына байланысты материал прокурорға, алдын ала тергеу немесе анықтау органына берiлген жағдайда қысқартылуы мүмкiн.
582-бап. Прокурорлық қадағалау
Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу процесiнде заңдардың дәл және бiркелкi қолданылуын жоғары дәрежеде қадағалауды мемлекет атынан тiкелей де, өзiне бағынысты прокурорлар арқылы да Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
583-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуде прокурордың заңдылықты
қамтамасыз ету жөніндегі өкiлеттiгi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi тексеру нәтижелерi бойынша прокурор:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға сотқа, өзге де уәкiлеттi органға немесе оның лауазымды адамына наразылық келтiруге;
2) уәкiлеттi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқау беруге;
3) уәкiлеттi органдардан өздерiнiң бақылауындағы немесе өзiне бағынысты ұйымдарда тексеру жүргiзудi талап етуге;
4) заңда белгiленген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қысқартуға;
5) әкiмшiлiк жаза туралы қаулының орындалуын тоқтата тұруға;
6) әкiмшiлiк ұстауға заңсыз таратылған адамды босату туралы қаулы шығаруға;
7) өкiлеттi мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң мiндеттерiн орындауға байланысты жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзатын жағдайларда қолданған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы кез келген шаралардың алып тасталуы туралы қаулы шығаруға немесе талап қоюға;
8) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қозғау туралы қаулы шығаруға құқылы.
2. Прокурордың осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 6) және 7) тармақшаларында аталған актілері дереу орындалуға тиiс. Прокурордың аталған актілерінiң орындалуын кiдiртуге кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленгендей жауапты болады.
34-тарау
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге қатысушылар,
олардың құқықтары мен міндеттері
584-бап. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктеме беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер табыс етуге, өтiнiш және қарсылық мәлiмдеуге, қорғаушының заң көмегiн пайдалануға, iс қаралғанда ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге, егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашының қызметiн пайдалануға; iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуына, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және iс жөніндегі қаулыға шағымдануға, сондай-ақ өзiне осы Кодексте берiлген өзге де iс жүргiзу құқықтарын пайдалануға құқылы.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның қатысуымен қаралады. Аталған адамға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмаған жағдайда қаралуы мүмкiн.
3. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкiмшiлiк қамауға алу, тәркiлеу не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы немесе тiкелей объектiсi болған затты өтемiн төлеп алып қою не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу, сондай-ақ шетелдiк азаматты не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасынан шығарып жiберу немесе адамды өзiне берiлген арнайы құқықтардан айыру түріндегі әкiмшiлiк жазаға әкеп соқтыратын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауапқа тартылып отырған адамның қатысуы мiндеттi.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған адамдар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзушi судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер органының (полицияның) алып келуiне болады.
5. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан кәмелетке толмаған адам, талқылануы оған терiс әсер етуi мүмкiн iстiң мән-жайын қарау кезiнде уақытша шығарыла тұруы мүмкiн.
585-бап. Жәбiрленушi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан тән жарақатын алған, мүлiктiк немесе моральдық жағынан зақым келтiрiлген жеке немесе заңды тұлға жәбiрленушi болып табылады.
2. Жәбiрленушi iстiң барлық материалдарымен танысуға, түсiнiктеме беруге, дәлелдемелер табыс етуге, өтiнiш және қарсылық мәлiмдеуге, өкiл ұстауға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымдануға, өзiне осы Кодекспен берiлген өзге де iс жүргiзу құқықтарын пайдалануға құқылы.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жәбiрленушiнiң қатысуымен қаралады. Ол адамға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмағанда қаралуы мүмкiн.
4. Жәбiрленушiден осы Кодекстiң 594-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi заңды тұлға болса, оның заңды өкiлiнен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн.
586-бап. Жеке адамның заңды өкiлдерi
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан жеке адамның немесе кәмелетке толмаған не тән саулығына немесе психикалық жай-күйiне байланысты өз құқықтарын өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айрылған жәбiрленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды олардың заңды өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Жеке адамның ата-анасы, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары және қорғаншысы немесе асыраушысы болып отырған өзге де адамдар оның заңды өкiлдерi болып табылады.
3. Жеке адамның заңды өкiлдерi болып табылатын адамдардың туысқандық байланыстары немесе тиiстi өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құжаттармен куәландырылады.
4. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан жеке адамның заңды өкiлi әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамды әкiмшiлiк ұстау кезiнен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап iске қатысуға жiберiледi.
5. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан жеке адамның және жәбiрленушiнiң заңды өкiлдерiнiң өздерi өкiл болып отырған адамдарға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және сондай мiндеттердi өз мойнына алады.
6. Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қаралған кезде оның заңды өкiлiнiң қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкiлi келуден жалтарған жағдайда оған iшкi iстер органының (полицияның) алып келуi қолданылуы мүмкiн.
587-бап. Заңды тұлғаның заңды өкiлдерi
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан немесе жәбiрленушi болып табылатын заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды оның заңды өкiлдерi жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаның басшысы, сондай-ақ заңға немесе құрылтай құжаттарына сәйкес заңды тұлғаның органы болып табылатын өзге де адам оның заңды өкiлдерi болып табылады. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлғаның және жәбiрленушiнiң заңды өкiлдерiнiң өздерi өкiл болып отырған тұлғалар жөнiнде осы Кодексте көзделген құқықтары болады және сондай мiндеттердi өз мойнына алады.
3. Заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң өкiлеттiгi оның қызметтiк жағдайын куәландыратын құжаттармен расталады.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң немесе қорғаушысының қатысуымен қаралады. Аталған адамдарға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және олардан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмаған жағдайда қаралуы мүмкiн.
5. Жасалуы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың құралы немесе тiкелей объектiсi болған затты тәркiлеу немесе ақысын төлеп алып қою не әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу түріндегі әкiмшiлiк жазаға әкеп соқтыратын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауапқа тартылатын заңды тұлғаның заңды өкiлiнiң немесе қорғаушысының қатысуы мiндеттi.
6. Заңды тұлғаның заңды өкiлi iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда аталған адамға судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде iшкi iстер органының (полицияның) алып келуi қолданылуы мүмкiн.
588-бап. Қорғаушы
1. Қорғаушы - әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оған заң көмегiн көрсететiн адам.
2. Қорғаушы ретiнде адвокаттар, әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкiлдерi, кәсiподақтардың және қоғамдық бiрлестiк мүшелерiнiң iстерi бойынша осы бiрлестiктердiң өкiлдерi жiберiледi. Егер заңда белгiленген тәртiппен өзара қатынас негiзiнде Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен халықаралық шартында көзделсе, шетелдiк адвокаттар iске қорғаушы ретiнде қатысуға жiберiледi.
3. Қорғаушы әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамды әкiмшiлiк ұстау кезiнен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап iске қатысуға араластырылады.
4. Егер бiрiнiң мүдделерi екiншiсiнiң мүдделерiне қайшы келсе, әкiмшiлiк жауапқа тартылатын екi адамға бiр адамды қорғаушы етуге болмайды.
5. Адвокаттың әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамды өз мойнына алған қорғаудан бас тартуға құқығы жоқ.
589-бап. Қорғаушының мiндеттi түрде қатысуы
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге мынадай жағдайларда, егер:
1) әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам бұл жөнiнде өтiнiш жасаса;
2) әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам дене немесе психикалық кемiстiктерi салдарынан өзiн қорғау құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмайтын болса;
3) әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе;
4) iстiң материалдарында әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамға медициналық сипатта мәжбүрлеу шаралары белгiленуi мүмкiн деп пайымдайтын деректер болса;
5) әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адам кәмелетке толмаған болса, қорғаушының қатысуы мiндеттi.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған жағдайда әкiмшiлiк жауапқа тартылушы адамның өзi, оның заңды өкiлдерi, сондай-ақ оның тапсыруымен басқа да адамдар қорғаушы шақырмаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) iс жүргiзудiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұл туралы олар кәсiби адвокаттар ұйымына мiндеттi қаулы шығарады.
589-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 506-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
590-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның еңбегiне ақы төлеу
1. Қорғаушыны, өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам, оның заңды өкiлдерi, сондай-ақ өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның тапсыруымен немесе келiсуiмен басқа да адамдар шақырады. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам қорғау үшiн бiрнеше қорғаушы шақыруға құқылы.
2. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның өтiнуi бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) қорғаушының қатысуын қамтамасыз етедi.
3. Таңдалған немесе тағайындалған қорғаушының қатысуы мүмкiн болмаған жағдайларда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамға жиырма төрт сағат iшiнде басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судьяның, органның (лауазымды адамның) қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыныс айтуға құқығы жоқ.
4. Әкiмшiлiк ұстау жағдайында, егер өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам таңдаған қорғаушының үш сағат iшiнде келуi мүмкiн болмаса, өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушыны тағайындауға шаралар қолданады.
5. Адвокаттың еңбегiне ақы заңдарға сәйкес төленедi. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi судья, орган (лауазымды адам) негiз болған жағдайда өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамды заң көмегiне ақы төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы. Бұл жағдайда еңбекке ақы мемлекет есебiнен төленедi.
6. Адвокат клиентпен iс жүргiзуге келісім жасаспай, тағайындау арқылы қатысқанда, осы Кодекстiң 589-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайда да адвокат еңбегiне ақы төлеу шығыны мемлекет есебiне жатқызылуы мүмкiн.
7. Қорғаушы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi судьяға, органға (лауазымды адамға) өз жағдайын растау үшiн жеке басын куәландыратын құжаттарды және тиiстi жағдайларда: адвокатураға жататындығын растайтын құжатты және адвокаттың осы iске қатысу құқығына заң консультациясы берген ордерiн немесе маңызы жөнiнен соған теңестiрiлген құжатын; қоғамдық бiрлестiктiң немесе оның басшы органының қорғаушы тағайындау туралы шешiмiн, сезiктiмен немесе айыпталушымен туыстық қатынастарын растайтын құжатты тапсырады.
591-бап. Қорғаушыдан бас тарту
1. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам iс жүргiзудiң кез келген кезiнде қорғаушыдан бас тартуға құқылы, бұл оның өзiн қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру ниетiн бiлдiредi. Заң көмегiне ақы төлеуге қаражаты жоқтығын сылтау етiп қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша түрде ресiмделедi.