4-1. Қазақстан Республикасының 2005жылғы 23 желтоқсандағы № 107-ІІІ Заңымен алынып тасталды.
5. Осы Кодекстiң 178-бабының 8) тармақшасында белгiленген борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылардан төлем көзiнен табыс салығын есептеу мен ұстаудың тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
6. Мемлекеттік бюджетке төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу бойынша мiндет пен жауапкершiлiк табыстарды төлеушi тұлғаға (соның iшiнде Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес) жүктеледi. Осындай тұлға осы Кодекстiң 10-бабы 1-тармағына сәйкес салық агентi болып танылады.
Егер резидент еместiң қызмет кезеңi тұрақты мекеме құру үшiн белгiленген мерзiмнен асып кетсе, ол Қазақстан Республикасында қызмет атқара бастаған кезден бастап салық агентi болып танылады.
6-1. Депозитарлық қолхаттар бойынша табыстар төлеудiң көзi осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активiнiң эмитентi болып табылады.
7. Төлем көзiнен табыс салығы табыс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан ұсталады.
179-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ, 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ, 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2005жылғы 23 желтоқсандағы № 107-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 маусымдағы № 146-ІІІ Заңымен енгізілген толықтырумен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
180-бап. Төлем көзiнен ұсталатын табыс салығының ставкалары
Резидент еместердің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемеге байланысты емес көздерден алатын табыстарының төлем көзiне мынадай ставкалар бойынша салық салынуға тиiс:
___________________________________________________________________
1) дивидендтер, қатысу үлесiнен түскен 15 процент
табыстар және сыйақылар
___________________________________________________________________
2) тәуекелдердi сақтандыру шарттары
бойынша төленетiн сақтандыру сыйлықақылары 10 процент
___________________________________________________________________
3) тәуекелдердi қайта сақтандыру шарттары
бойынша төленетiн сақтандыру сыйлықақылары 5 процент
___________________________________________________________________
4) халықаралық тасымалдарда көлiк
қызметтерiн көрсетуден түскен табыстар 5 процент
___________________________________________________________________
5) осы баптың 1)-4) тармақшаларында
аталған табыстарды қоспағанда, осы Кодекстiң
178-бабында белгiленген табыстар 20 процент
___________________________________________________________________
181-бап. Төлем көзiнен ұсталатын табыс салығын төлеу тәртібі мен мерзiмдерi
Резидент емес заңды тұлғаның табыстарынан ұсталатын төлем көзiнен табыс салығы мемлекеттік бюджетке:
1) табыстың төленген сомасы бойынша - төлем төленген ай аяқталғаннан кейiнгi бес жұмыс күнi iшiнде;
2) есептелген, бiрақ шегерiмге жатқызылған кезде төленбеген табыс сомасы бойынша - корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгi он жұмыс күнi iшiнде төленуге тиiс.
Өтеу мерзiмдерi осы тармақшада белгiленген мерзiм аяқталған соң туындайтын борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға осы тармақшаның ережелерi қолданылмайды.
182-бап. Салық есептілігiн табыс ету
Салық агенттерi төлем көзiнен табыс салығын ұстап қалу жөнiнде мiндеттеме туындаған есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей, тiркелген жерi бойынша салық органдарына төлем көзiнен алынған табыс салығы жөнiнде тоқсан сайын есеп-қисапты табыс етуге мiндеттi.
183-бап. Бағалы қағаздарды өткізу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарға салынатын
салықты есептеу мен төлеу ерекшелiктерi
1. Өткізілетін күні листингтің ең жоғары және ең жоғарыдан кейінгі санаттары бойынша қор биржасының ресми тізімдерінде тұрған акциялар мен облигацияларды, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздарды, агенттiк облигацияларды және олармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының арнайы сауда алаңында жасалған жағдайда осы сауда алаңына жiберiлген бағалы қағаздарды қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен өткізу кезінде құн өсiмiнен түскен табыстарды қоспағанда, резидент еместiң резиденттер шығарған бағалы қағаздарды өткізу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарына осы Кодекстiң 180-бабында белгiленген ставка бойынша салық салынуға тиiс.
2. Корпорациялық табыс салығын резидент емес заңды тұлға өз бетiмен есептеп шығарады және салық осы Кодекстiң 127-бабының 4-тармағымен белгiленген мерзiмде, эмитент тiркелген жерi бойынша салық органына корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны мiндеттi түрде табыс ете отырып, төленуге тиiс.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес салық салуға жатпайтын кiрiстердi қоспағанда, резидент емес заңды тұлғаға бағалы қағаздарды сатудан түскен кiрiстер төлейтiн тұлға эмитент тiркелген жер бойынша салық органын төлем сомасы туралы кiрiс төленген кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде хабардар етуге мiндеттi.
183-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2005жылғы 23 желтоқсандағы № 107-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 маусымдағы № 146-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
29-тарау
Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент
емес заңды тұлғалардың табыстарына салық салу тәртібі
184-бап. Қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды
тұлғаның салық салынатын табысын анықтау ерекшелiктерi
1. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның салық салынатын табысын анықтау, корпорациялық табыс салығын есептеу мен төлеу тәртібі осы баптың және осы Кодекстің 79-135-баптарының ережелерiне сәйкес жүргiзіледi.
2. Резидент емес заңды тұлғаның табыстарына тұрақты мекеменiң қызметiне байланысты табыстардың барлық түрлерi жатады.
3. Егер резидент емес заңды тұлға тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметiне ұқсас немесе сондай қызметтi Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын болса, осындай қызметтен түскен табыстар тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметтен түсетiн табыстарға жатады.
4. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатқызылмайтын шығыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметтен табыстар алуға тiкелей байланысты шығыстар Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде жасалғанына қарамастан шегерiмге жатады.
5. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемеге:
1) осы резидент емес заңды тұлғаның меншiгiн немесе санаткерлiк меншiгiн пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн төленетiн роялти, қаламақылар, алымдар және басқа да төлемдер;
2) қызмет көрсеткенi үшiн алынатын комиссиялық табыстар;
3) осы резидент емес заңды тұлға берген заемдар бойынша сыйақылар;
4) резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы қызметiнен табыстар алуымен байланысты емес шығыстар;
5) құжатпен расталмаған шығыстар;
6) резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде шеккен басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстары ретiнде ұсынылған соманы тұрақты мекемеден шегерiмге жатқызуға құқығы жоқ.
185-бап. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған
қызметiнен түскен таза табысына салық салу тәртібі
1. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен алынған таза табысына 15 проценттiк ставка бойынша салық салынады.
Есептелген корпорациялық табыс салығының сомасы алып тасталған салық салынатын табыс таза табыс деп танылады.
2. Таза табысқа есептелген салық сомасы корпорациялық табыс салығы жөніндегі декларацияда көрсетiледi.
3. Резидент емес заңды тұлға тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен түскен таза табысына корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгi он жұмыс күнi iшiнде салық төлеуге мiндеттi.
186-бап. Резидент емес заңды тұлғаның табыстарына жекелеген жағдайларда салық салу тәртібi
1. Салық органында тiркемеген резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен алатын табыстарына төлем көзінен жиырма проценттік ставка бойынша шегерім жасалмай табыс салығы салынуға тиіс.
Бұл ретте салық агентінің төлем көзінен ұстаған табыс салығы тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент еместің салық міндеттемелерін өтеу шотының eceбiнe жатқызылуға тиіс.
2. Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес салық төлеуші куәлігiнің нотариат куәландырған көшiрмесi резидент емес заңды тұлғаның салық органында тiркелуiн растау болып табылады.
186-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңының редакциясында.
30-тарау
Резидент емес жеке тұлғалардың табыстарына салық салу тәртібі
187-бап. Төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстау және төлеу тәртібі
1. Резидент емес заңды тұлғаның осы Кодекстiң 178-бабында белгiленген, осы тұлғаның тұрақты мекемесiне байланысты емес табыстарына, мыналарды:
1) осы баптың 2-тармағында көзделген табыстарды;
2) Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы жеке кәсiпкерлiк қызметтен түскен, салық салу тәртібі осы Кодекстiң 189-бабында айқындалған табыстарды;
3) банк депозиттерi бойынша сыйақыларды;
4) Қазақстан Республикасының аумағына сыртқы сауда операциялары бойынша тауарларды беруге байланысты төлемдердi;
5) бағалы қағаздарды сату кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарды;
5-1) Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының арнайы сауда алаңында сатып алынған борыштық бағалы қағаздар бойынша дивидендтердi, сыйақыларды;
6) мемлекеттік бағалы қағаздармен және агенттiк облигацияларымен жүргiзілген операциялардан түскен табыстарды;
7) сатып алушы-резиденттер борыштық бағалы қағаздарды сатып алу кезiнде резидент еместерге төлеген, олар бойынша жинақталған (есептелген) сыйақылар сомасын қоспағанда, осы Кодекстiң 179-181-баптарында белгiленген тәртiпте және мерзiмде төлем көзiнен салық салынуға тиiс.
2. Резидент емес жеке тұлғаның осы Кодекстiң 149-151-баптарында белгiленген өзге де табыстарын қоса отырып, осы Кодекстiң 178-бабы 14)-18) тармақшаларында белгiленген табыстарына осы Кодекстiң 147, 153-баптарының ережелерiмен белгiленген тәртiпте және мерзiмде, бiрақ осындай табыстарға қатысты шегерiмдердi жүзеге асырмай, төлем көзiнен салық салынуға тиiс.
3. Осы Кодекстiң 178-бабының 8) тармақшасында белгiленген борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылардан төлем көзiнен табыс салығын есептеу мен ұстау тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
4. Мемлекеттік бюджетке төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу жөніндегі мiндеттеме мен жауапкершiлiк табыстарды төлеушi тұлғаға (соның iшiнде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асырушы резидент емеске) жүктеледi. Мұндай тұлға осы Кодекстiң 10-бабының 1-тармағына сәйкес салық агентi болып танылады.
Егер резидент еместiң қызмет кезеңi тұрақты мекеме құру үшiн белгiленген мерзiмнен асып кетсе, ол Қазақстан Республикасында қызметiн жүзеге асырған кезден бастап салық агентi болып танылады.
4-1. Депозитарлық қолхаттар бойынша табыстар төлеудiң көзi осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активiнiң эмитентi болып табылады.
5. Төлем көзiнен салықты, табыс төлемiн жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, салық агентi ұстайды.
187-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 маусымдағы № 146-ІІІ Заңымен енгізілген толықтырумен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
187-1-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасындағы
көздерден төленетін резидент емес жеке тұлғалар табыстарының жекелеген
түрлерiнен жеке табыс салығын есептеу және төлеу тәртібі
1. Осы Кодекстiң 178-бабының 14), 16) және 17) тармақшаларында көрсетілген резидент емес жеке тұлғалар табыстарынан жеке табыс салығын есептеу және төлеу мынадай шарттар бiр мезгілде орындалған:
1) ocы Кодекстің 10-бабына сәйкес салық агенті болып табылатын, Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме, филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға жұмыс беруші болып табылған;
2) жеке еңбек шарты (келісім-шарт, келiсім) резидент емес жеке тұлға мен осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген салық агенті арасында жасалған;
3) резидент емес жеке тұлғaғa табыстарын төлеу Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүргізілген кезде осы баптың ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
2. Резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан бiрiншi салық кезеңі үшін жеке табыс салығын есептеуді салық агентi осы Кодекстiң 145-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдана отырып, салық шегерімдерін есепке алмай, жеке еңбек шартында (келісім-шартта, келісімде) көрсетілген резидент емес жеке тұлғаның табыс сомасынан жүргізедi.
Бұдан кейiнгi салық кезеңдерiнде жеке табыс салығын салық агентi өткен салық кезеңiнде шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың табыстарынан алынған жеке табыс салығының есебiнде көрсетiлген резидент емес жеке тұлғаның iс жүзіндегі салық мiндеттемесiнiң сомасын негiзге ала отырып есептейдi. Бұл ретте алдыңғы салық кезеңi iшіндегі жеке табыс салығының есебi тапсырылғанға дейiнгi кезең үшiн жеке табыс салығы бойынша аванс төлемдерiн есептеу есеп берiлiп отырған салық кезеңi iшіндегі жеке табыс салығының болжамды сомасы негiзге алына отырып, бiрақ өткен табыс кезеңi iшіндегі жеке табыс салығы бойынша орташа айлық аванс төлемдерiнiң есептемеген сомасынан кем емес мөлшерде жүргiзiледi.
3. Жеке табыс салығын төлеуді салық кезеңiнiң ішiнде ай сайын ағымдағы айдың 20-сынан кешiктірмей аванстық төлемдерді тең үлестермен енгізу арқылы салық агенті жүргізеді.
Салық агентi салық кезеңiнiң ішінде төлеуге тиiсті жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдердiң сомалары шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының есебiнде көрсетіледі.
Шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының есебiн салық агенті осы Кодекстiң 188-бабының 2-тармағында белгіленген мерзiмнен кешіктірмей, өзiнің тiркелген жері бойынша салық органына бередi.
4. Резидент емес жеке тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығы бойынша салық кезеңiнiң iшiнде енгiзілген аванстық төлемдердің сомалары резидент емес жеке тұлғаның салық кезеңі үшін есептелген табысынан алынатын жеке табыс салығын төлеу есебiне есептеледі.
5. Салық aгeнтi салық кезеңiнің қорытындылары бойынша шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығының есебiн тапсыру үшін белгiленген мерзімнен кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей салық кезеңiнiң қорытындылары бойынша резидент емес жеке тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығының түпкілікті есебiн (төлеуді) жүзеге асырады.
Салық кезеңiнiң қорытындылары бойынша шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығының есебiн салық агенті осы Кодекстің 188-бабының 2-тармағында белгіленген мерзiмнен кешiктiрмей, өзiнің тiркелген жері бойынша салық органына табыс етеді.
6. Салық агенті салық кезеңінің алдағы айларына шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларының түзетілген есебiн салық органына салық кезеңiнiң iшiнде беруге құқылы. Резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан алынатын жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдердiң сомаларын азайту жағына қарай түзету кезінде салық агенті салық органына түзету себептерiнiң жазбаша негiздемесiн беруi қажет.
7. Осы баптың 1-тармағында белгіленген шарттар орындалмаған кезде резидент емес жеке тұлғаның табыстарынан алынатын жеке табыс салығын есептеудi, ұстауды және төлеуді осы Кодекстiң 187-бабына сәйкес салық агенті жүргізеді.
8. Осы баптың 1-тармағына қарамай, салық агенті осы Кодекстің 187-бабына сәйкес резидент емес жеке тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығын есептеудi, ұстауды және төлеуді жүргізуге құқылы.
9. Жеке табыс салығын есептеудiң және төлеудің таңдап алынған тәртібі салық кезеңінің ішiнде өзгермейтiн болуға тиіс.
187-1-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлдi; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
188-бап. Салық есептілігiн табыс ету
1. Салық агенттерi төлем көзiнен ұсталатын табыс салығы бойынша есепті тіркелген жepi бойынша салық органдарына ocы Кодекстiң 182-бабында белгіленген мерзімдерде табыс етуге міндетті.
2. Осы Кодекстiң 187-1-бабына сәйкес жеке табыс салығын есептеуді және төлеудi жүзеге асыратын салық агенттерi тiркелген жері бойынша салық органдарында шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының есебiн олар Қазақстан Peспубликасына келген күннен бастап жиырма бес жұмыс күнінен кешiктірмей және келесі салық кезеңдерінде есептiк салық кезеңiнiң 20 қаңтарынан кешiктірмей табыс етуге міндетті.
Бұл ретте келесi салық кезеңдерiнде салық агентi жеке табыс салығының есебiн тапсырғаннан кейiн есептiк салық кезеңi iшіндегі жеке табыс салығы бойынша аванс төлемдерi сомасының түзетiлген есебiн ол тапсырылған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде, бiрақ есептiк салық кезеңiнiң 20 сәуiрiнен кешiктiрмей қосымша табыс етуге мiндеттi.
Осы Кодекстің 187-1-бабына сәйкec салық кезеңінің қорытындылары бойынша шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың табыстарынан алынатын жеке табыс салығының есебiн салық агенті тіркелген жері бойынша салық органына есептi салық кезеңнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешіктiрмей табыс етеді.
188-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңының редакциясында; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырумен.
189-бап. Қызметi тұрақты мекеме құруға алып келетiн резидент емес жеке тұлғадан
табыс салығын алуды есептеу және төлеу тәртібі
1. Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлiк қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес жеке тұлға, осы Кодекстiң ережелерiне және 184-бабының 5-тармағына сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, тiкелей осындай табыстарға қатысты жасалған шегерiмдер сомасына азайтылған нақ сондай қызметпен байланысты табыс бойынша жеке табыс салығын төлеушi болып табылады.
Резидент емес жеке тұлға көрсететiн тәуелдi жеке қызметтер (жалданатын жұмыс) осы жеке тұлғаның тұрақты мекемесiн құруға алып келмейдi.
2. Салық салынатын табысты анықтау, жеке табыс салығын есептеу және төлеу тәртібі осы баптың және осы Кодекстiң 163-170-баптарының ережелерiне сәйкес жүргiзiледi.
3. Резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығын осы Кодекстiң 191-бабында белгiленген тәртiппен және мерзiмде дербес төлейдi.
189-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
190-бап. Резидент емес жеке тұлғаның табысына жекелеген жағдайларда салық салу тәртібі
1. Осы бапқа сәйкес резидент емес жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстарының мынадай түрлерiне:
осы Кодекстің 191-бабына сәйкес салық салынуға жататын табыстарды қоспағанда, осы Кодекстiң 10-бабына сәйкес салық агенттерi болып табылмайтын тұлғалардан алынған табыстарға;
өткізілетін күні листингтің ең жоғары және ең жоғарыдан кейінгі санаттары бойынша қор биржасының ресми тізімдерінде тұрған, қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен өткізілген акцияларды және облигацияларды, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздарды, агенттiк облигацияларды және олармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының арнайы сауда алаңында жасалған жағдайда осы сауда алаңына жiберiлген бағалы қағаздарды қоспағанда, резиденттер шығарған бағалы қағаздарды сату кезіндегі құн өсімінен түскен табыстарға салық салынуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген резидент емес жеке тұлғалардың табыстарына осы Кодекстiң 180-бабында белгіленген ставкалар бойынша шегерімдерді жүзеге асырмай салық салынуға тиіс.
3. Резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығын есептеу мен төлеудi осы Кодекстің 191-бабының 7-тармағында белгiленген мерзiмде дербес жүргiзедi.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес салық салуға жатпайтын кiрiстердi қоспағанда, резидент емес жеке тұлғаға бағалы қағаздарды сатудан түскен кiрiстер төлейтiн тұлға эмитент тiркелген жер бойынша салық органын төлем сомасы туралы кiрiс төленген кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде хабардар етуге мiндеттi.
190-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ, 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2005жылғы 23 желтоқсандағы № 107-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 маусымдағы № 146-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
191-бап. Аванстық төлемдердi және жеке табыс салығын төлеу тәртібі мен мерзiмдерi
1. Мынадай резидент емес жеке тұлғалар:
1) осы Кодекске сәйкес арнайы салық режимдерiн қолданатын тұлғаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жеке кәсiпкерлiк қызметтен табыс түсiретiн резидент емес жеке тұлғалар;
2) төлем көзiне табыс салығы салынатын табыстарды қоспағанда, осы Кодекстiң 149-151-баптарында көзделген өзге де табыстарды қоса отырып, осы Кодекстiң 178-бабының 14), 16) және 17) тармақшаларында айқындалған табыстарды алатын резидент емес жеке тұлғалар жеке табыс салығын аванстық төлемдердi енгізу жолымен төлейдi.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген резидент емес жеке тұлғаларға жеке табыс салығын есептеу шегерiмдi жүзеге асырмастан есептелген табыс сомасына осы Кодекстiң 145-бабының 1-тармағында белгiленген ставкаларды қолдану арқылы жүргiзiледi.
3. Бiрiншi салық кезеңiнде жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдердi есептеудi резидент емес жеке тұлға мынадай тәртiппен:
1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында аталған резидент емес жеке тұлға салық кезеңiнiң iшiнде алуға болжанатын табыс сомасын негiзге алып, осы Кодекстiң 189-бабының ережелерiн ескере отырып;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған резидент емес жеке тұлға жеке еңбек шартында (келісім-шартта, келісімде) көрсетiлген табыс сомасын негiзге алып, осы баптың 2-тармағының ережелерiн ескере отырып жүргiзедi.
Резидент емес жеке тұлға кейiнгi салық кезеңдерiнде жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдер есептеудi резидент емес жеке тұлғаның нақты салық мiндеттемесiнiң өткен салық кезеңіндегі жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетiлген сомасын негiзге ала отырып жүргiзедi. Бұл ретте өткен салық кезеңіндегі жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсырғанға дейiнгi кезеңдегi жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдер есептеудi резидент емес жеке тұлға есептiк салық кезеңi үшiн жеке табыс салығының болжамды сомасын негiзге ала отырып жүргiзедi, бiрақ ол өткен салық кезеңіндегі орташа айлық аванстық төлемдердiң қосылған сомасынан кем болмауға тиiс.