3. Қызметiн жаңа өндiрiстердi құру жөніндегі инвестициялық жоба (жобалар) шеңберiнде ғана жүзеге асыратын жаңадан құрылған салық төлеушiлер үшiн корпорациялық табыс салығы бойынша преференциялар осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген корпорациялық табыс салығын жүз процентке азайтуға құқық бередi.
4. Қолданыстағы өндiрiстердi кеңейту және жаңарту жөніндегі инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асыратын және осы баптың 3-тармағындағы талаптарға сай келмейтiн салық төлеушiлер үшiн корпорациялық табыс салығы бойынша преференциялар амортизацияға жатпайтын, осы Кодекстiң 107-бабының 1-тармағының 1) - 8) тармақшаларында көрсетiлген тiркелген активтердi қоспағанда, жылдық жиынтық табыстан инвестициялық жоба шеңберiнде пайдалануға қосылатын тiркелген активтердiң құнын преференцияларды қолдану мерзiмiне байланысты тең үлестермен шегерiмге жатқызуға құқық бередi.
5. Преференциялар беру тәртібі мен шарты Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында айқындалады.
6. Осы баптың мақсаттары үшiн келісім-шарт жасалған күнтiзбелiк жыл iшiнде мемлекеттік тiркеуден өткен салық төлеушiлер жаңадан құрылған салық төлеушiлер деп танылады.
7. Осы баптың 4-тармағында көзделген корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолдану үшiн салық төлеушi жаңадан iске қосылатын тiркелген активтер бойынша олардың құнын iшкi топтың, топтың құн балансына енгiзбейдi және олар бойынша бөлек есеп жүргiзедi.
8. Мүлiк салығы мен жер салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзiмi бiткеннен кейiн салық төлеушi осы Кодекстiң 351-360-баптарында белгiленген тәртiппен мүлiк салығын және 323-344-баптарында белгiленген тәртiппен жер салығын төлей бастайды.
9. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзiмi осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап күнтiзбелiк бес жылдан аспауға тиiс және ол әрбiр жекелеген жағдайда қызмет түрлерiне және тiркелген активтерге инвестициялардың көлемiне қарай айқындалады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі қызмет түрлерiне және тiркелген активтерге инвестициялардың көлемiне қарай корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолданудың осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап күнтiзбелiк он жылдан аспайтын өзге мерзiмiн белгiлей алады.
Мүлiк салығы мен жер салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзiмi әрбiр жекелеген жағдайда тiркелген активтерге инвестициялардың көлемiне қарай айқындалады, бiрақ ол осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап бес жылдан аспауға тиiс.
139-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңының редакциясында; Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы № 89-ІІІ Заңымен енгізілген толықтырумен.
140-бап. Преференциялардың қолданылуын тоқтату
1. Преференциялардың қолданылуы осы Кодекстiң 139-бабының 9-тармағын ескере отырып, келісім-шартта көрсетiлген мерзiмде тоқтатылады не мұндай мерзiм бiткенге дейiн тоқтатылуы мүмкін.
Преференциялардың қолданылуын мерзiмiнен бұрын тоқтату тараптардың келісімi бойынша жүзеге асырылуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында белгiленген жағдайларда оны тараптардың әрқайсысы бiржақты тәртiппен жүзеге асыруы мүмкiн.
2. Преференциялардың қолданылуы мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде салық төлеушi салықтарды төлейдi және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
140-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 қаңтардағы № 375-ІІ Заңының редакциясында; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
5-1-бөлiм
Салық төлеушiлердiң жекелеген санаттарына салық салу ерекшелiктерi
5-1-бөлiм Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңымен енгiзiлдi
22-1-тарау
Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметiн
жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу
140-1-бап. Жалпы ережелер
1. Бiр мезгiлде мынадай шарттарға сай келетiн:
1) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы салық органдарында тiркеу есебiнде тұратын;
2) арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарынан тыс жерлерде құрылымдық бөлiмшелерi жоқ;
3) арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сәйкес келетiн қызметтiң мынадай түрлерi:
бағдарламалық қамтамасыз етудi, деректер базасын және аппараттық құралдарды жобалау, әзiрлеу, енгізу және олардың тәжiрибелiк өндiрiсi мен өндiрiсi;
жасанды иммундық және нейрондық жүйелер негiзiнде жаңа ақпараттық технологияларды жасау;
ақпараттық технологиялар саласында жобаларды жасау және енгізу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзу;
мәтiндердi өңдеуге арналған машиналар, көшiру-көбейту жабдықтарын, жөнелту машиналарын, калькуляторлар, кассалық аппараттар, таңбалау машиналарын, билет-кассалық машиналар өндiру, басқа да кеңсе машиналары мен жабдықтарын, электронды есептеу машиналарын және ақпаратты өңдеуге арналған өзге де жабдықтар өндiру;
электр- және радиоэлементтер, таратушы аппаратура, дыбыс пен бейненi қабылдауға, жазуға және шығаруға арналған аппаратура өндiру;
тұрмыстық электр аспаптарын өндiру;
киімнен басқа, дайын тоқыма бұйымдарын өндiру;
трикотаж бұйымдарын өндiру;
тоқыма материалдарынан киім өндiру бойынша өз өндiрiсi тауарларын (жұмыстарын, көрсетiлетiн қызметтерiн) өткізуден алуға жататын (алынған) табыстары жылдық жиынтық табысының кемiнде 90 процентiн құрайтын заңды тұлғалар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдар деп танылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында аталған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
1-1. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға:
жер қойнауын пайдаланушылар;
акцизделетiн тауарлар өндiретiн ұйымдар;
арнаулы салық режимдерiн қолданатын ұйымдар;
инвестициялық салық преференциялары берiлген ұйымдар жатпайды.
2. Алынған (алынуға жататын) табыстарды осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiнен алынған табыстарға жатқызу арнаулы экономикалық аймақтардың аумақтарында құрылған атқарушы органның тиiстi өнеркәсiп саласын басқару мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен және нысанда уәкiлеттi мемлекеттік органмен келiсе отырып берген растауы негiзiнде жүзеге асырылады.
140-1-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы № 89-ІІІ, 2006 жылғы 7 шілдедегі № 177-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріс және толықтырулармен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
140-2 бап. Салықтарды есептеу, төлеу тәртібі мен мерзiмдерi
1. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдардың салықтарды есептеуi осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Бюджетке төленуге тиiстi корпорациялық табыс салығының сомасын айқындау кезiнде корпорациялық табыс салығының осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген сомасы 100 процентке азайтылады.
Осы тармақта көзделген салық сомасын кемiту осы Кодекстiң 126-бабына сәйкес айқындалатын корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларын есептеу кезiнде де қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы № 89-ІІІ Заңымен алынып тасталды.
4. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында орналасқан және осы Кодекстiң 140-1-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiн жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын салық салу объектiлерi бойынша:
1) жер салығын есептеу кезiнде тиiстi ставкаларға 0 коэффициентi;
2) мүлiк салығын есептеу кезiнде салық салу объектілерінiң жылдық орташа құнына 0 проценттiк ставка қолданылады.
5. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында осы Кодекстiң 140-1-бабы 1-тармағының екiншi бөлiгiнде аталған тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi), сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында осы Кодекстiң 140-1-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында аталған қызмет түрлерiн жүзеге асыруға арналған әкiмшiлiк және өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер бойынша құрылыс объектілерін және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстарын өткізу жөніндегі айналымдар қосылған құн салығынан босатылады.
Осы тараудың мақсаттары үшiн әкiмшiлiк және өндiрiстiк мақсаттағы объектiлерге кеңселiк, өнеркәсiптiк ғимараттар мен қоймалар жатады.
140-2-бап Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы № 89-ІІІ Заңымен енгізілген өзгерістермен.
140-3-бап. Салық кезеңi және салық есептілігi
Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық кезеңi, салық есептілігiн беру тәртібі мен мерзiмдерi осы Кодекске сәйкес айқындалады.
22-2-тарау
"Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметiн
жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу
22-2-тарау Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлдi
140-4-бап. Жалпы ережелер
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға мынадай шарттарға бiр мезгiлде сәйкес келетiн:
1) жиынтық жылдық табысының кемiнде тоқсан процентiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн қызметтiң басым түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген қызметтiң мынадай түрлерi:
химия өнеркәсiбi;
резина және пластмасса бұйымдары өндiрiсi;
өзге де металл емес минералдық өнiмдер өндiрiсi;
металлургия өнеркәсiбi;
дайын металл бұйымдары өндірісі;
машиналар мен жабдықтар өндірісі бойынша құрылыс объектілерін сатуды қоса алғанда, өзi өндiретiн тауарларды сатудан алынуға тиiс (алынған) табыстар құрайтын;
2) "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағындағы салық органында тiркеу есебiнде тұратын;
3) "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағынан тыс жерлерде орналасқан жерi бойынша заңды тұлға функцияларының бір бөлiгiн орындайтын тұрақты жұмыс орындары жабдықталған құрылымдық бөлiмшелерi мен аумақтық оқшауланған бөлiмшелерi жоқ ұйымдар жатады. Егер жұмыс орны бiр айдан артық мерзiмге құрылса, ол тұрақты болып табылады.
2. "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға:
жер қойнауын пайдаланушылар;
акцизделетін тауарларды өндiретiн ұйымдар;
арнайы салық режимдерiн қолданатын ұйымдар жатпайды.
3. Алынған (алынуға тиiс) табыстарды осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiнен алынатын табыстарға жатқызу өнеркәсiптiң тиiстi саласын басқару мәселелерi жөніндегі және сәулет, қала құрылысы мен құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi органдар уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісім бойынша белгiлеген тәртiппен және нысанда берiлген, "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан атқарушы органның растамасы негiзiнде жүзеге асырылады.
140-5-бап. Салықты есептеу, төлеу тәртібі мен мерзiмдерi
1. "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдардың салықтарды есептеуi осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Бюджетке төленуге тиiстi корпорациялық табыс салығының сомасын айқындау кезiнде осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген корпорациялық табыс салығының сомасы жүз процентке азайтылады.
Осы тармақта көзделген салық сомасын азайту осы Кодекстiң 126-бабына сәйкес айқындалатын корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларын есептеу кезiнде де қолданылады.
3. "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан және осы Кодекстiң 140-4-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызмет түрлерiн жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын салық салу oбъектiлерi бойынша:
1) жер салығын есептеу кезiнде тиiстi ставкаларға 0 коэффициентi;
2) мүлiк салығын есептеу кезiнде салық салу объектілерінiң жылдық орташа құнына 0 процент ставка қолданылады.
140-6-бап. Салық кезеңi және салық есептілігi
Салық кезеңi, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық есептілiгін беру тәртібі мен мерзiмдерi осы Кодекске сәйкес айқындалады.
22-3-тарау
Өз өндiрiсiнiң, соның iшiнде сертификатталған, қосылған құны жоғары тауарларын
өткiзетiн ұйымдарға салық салу
22-3-тарау Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлдi
140-7-бап. Жалпы ережелер
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, өз өндiрiсiнiң қосылған құны жоғары тауарларын өткiзетiн ұйымдарға бiр мезгілде мынадай талаптарға сай келетiн:
1) өз өндiрiсiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен тауарларын өткізуден түскен табысы тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткізуден түскен табыс сомасының кемiнде 90 процентiн құрайтын,
Өз өндiрiсiнiң тауарларын өткізуге құрылыс объектілерін сату жатпайды;
2) тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткізуден түскен табыс сомасындағы қосылған құн үлесi кемiнде 40 проценттi құрайтын,
Қосылған құн мөлшерi:
мaтериалдық, әлеуметтiк игiлiктер мен материалдық пайданы қоспағанда, салық кезеңiнiң iшiнде жұмыскерлерге есептелген табыстар,
қосу
Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес салық кезеңiнде есептелген амортизациялық аударымдар сомасы,
қосу
жанама және төлем көзiнен ұсталатындардан басқа, салық кезеңi үшiн декларациялар бойынша салық төлеушi есептеген салықтар сомасы,
қосу (алу)
төтенше жағдайлардан түскен табыс (тиген залал) ескерiлмеген, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасына, сондай-ақ бухгалтерлiк есепке алу стандарттарына сәйкес айқындалатын таза табыс (залал) ретiнде белгiленедi;
3) жарнама және төлем көзiнен ұсталатындардан басқа, салық кезеңi үшiн декларациялар бойынша салық төлеушi есептеген салықтар сомасының тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткізуден түскен табыс сомасына қатынасы ретiнде айқындалатын салық жүктемесiнiң коэффициентi кемiнде 12 проценттi құрайтын ұйымдар жатады.
2. Өз өндiрiсiнiң қосылған құны жоғары тауарларын өткiзетiн ұйымдарға:
жер қойнауын пайдаланушылар;
акцизделетiн тауарлар шығаратын ұйымдар;
арнайы салық режимiн қолданатын ұйымдар;
қызметiн мұнай-химия өнеркәсiбiнде жүзеге асыратын және корпорациялық табыс салығын осы Кодекстiң 119-1-бабында көзделген ережелердi ескере отырып есептейтiн ұйымдар;
технологияларды дамыту мақсатында құрылған, қызметiн арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асыратын және корпорациялық табыс салығын осы Кодекстiң 140-2-бабында көзделген ережелердi ескере отырып есептейтiн ұйымдар;
қызметiн "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында жүзеге асыратын және корпорациялық табыс салығын, жер салығы мен мүлiк салығын осы Кодекстiң 140-5-бабында көзделген ережелердi ескере отырып есептейтiн ұйымдар жатпайды.
140-8-бап. Салықтарды есептеу
Осы Кодекстiң 140-7-бабында көрсетiлген ұйымдардың салықтарды есептеуi осы Кодекстiң 140-9-бабында көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
140-9-бап. Корпорациялық табыс салығын есептеу, төлеу тәртібі мен мерзiмдерi
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген корпорациялық табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 140-7-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында айқындалған өз өндiрiсiнiң тауарларына қатысты корпорациялық табыс салығы сомасының 30 процентiне азайтылады.
Өз өндiрiсiнiң тауарларына қатысты корпорациялық табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 140-7-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында айқындалған өз өндiрiсiнiң тауарларын өткізуден алынуға жататын (алынған) табыстардың жылдық жиынтық табыстағы үлес салмағына негiзделе отырып айқындалады.
2. Өз өндiрiсiнiң сертификатталған тауарларын өткізуден түскен табыстар болған жағдайда осы Кодекстiң 125-бабына сәйкес есептелген корпорациялық табыс салығының сомасы менеджмент жүйелерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен енгiзiлген жылдан кейiнгi бiр салық кезеңi iшiнде өз өндiрiсiнiң сертификатталған тауарларына қатысты корпорациялық табыс салығы сомасының 50 процентiне азайтылады.
Өз өндiрiсiнiң сертификатталған тауарларына қатысты корпорациялық табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 140-7-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында айқындалған өз өндiрiсiнiң тауарларын өткізуден алынуға жататын (алынған) табыстардың жылдық жиынтық табыстағы үлес салмағына негiзделе отырып айқындалады.
Осы тармақтың мақсаттары үшiн заңды тұлғалар - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң "Сапа саласындағы жетiстiктерi үшiн" сыйлығы лауреаттарының осы Кодекстiң 140-7-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында айқындалған, өндiру процесi сапа менеджментi және қоршаған ортаны басқару жүйесiнiң 9000 және 14000 сериялы халықаралық ИСО стандарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен сертификатталған өз тауарлары өз өндiрiсiнiң сертификатталған тауарлары деп танылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген салық сомасын азайту корпорациялық табыс салығы бойынша осы Кодекстiң 126-бабына сәйкес айқындалатын аванстық төлемдердiң сомаларын есептеу кезiнде де қолданылады.
6-бөлім
Жеке табыс салығы
23-тарау
Жалпы ережелер
141-бап. Төлеушiлер
Осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектiлерi бар жеке тұлғалар жеке табыс салығын төлеушiлер (бөлiм бойынша бұдан әрi - салық төлеушiлер) болып табылады.
142-бап. Резидент емес жеке тұлғаларға салық салу ерекшелiктерi
Резидент емес жеке тұлғалар осы Кодекстiң 187-192-баптарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, 141-174-баптарына сәйкес жеке табыс салығы бойынша салықты есептеп, төлейдi және жеке табыс салығы бойынша салық декларациясын табыс етедi.
143-бап. Салық салу объектiлерi
Осы Кодекстiң 144-бабында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, жеке табыс салығы салынатын объектiлер мыналар:
1) төлем көзiнен салық салынатын табыстар;
2) төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар.
144-бап. Салық салынуға жатпайтын табыстар
Жеке тұлғалар табыстарының мынадай түрлерiне салық салынуға тиiс емес:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен төленетiн атаулы әлеуметтiк көмек, жәрдемақылар мен өтемдер;
2) балаларға және асырауындағы адамдарға алынған алименттер;
3) жеке тұлғаның өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтеу;
4) жеке тұлғалардың қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның лицензиялары бар банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы салымдары бойынша оларға төленетiн сыйақылар және борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
4-1) Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының арнайы сауда алаңында сатып алынған борыштық бағалы қағаздар бойынша дивидендтер, сыйақылар;
5) мемлекеттік бағалы қағаздармен және агенттiк облигациялармен жасалған операциялардан түскен табыстар;
5-1) пайлық инвестициялық қорлардың пайлары және акционерлік инвестициялық қорлардың акциялары бойынша дивидендтер, сондай-ақ пайлық инвестициялық қорды басқарушы компания оларды сатып алған кездегi осы қордың пайлары бойынша табыстар;
5-2) Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі № 177-ІІІ Заңымен алынып тасталды;
6) әскери қызмет мiндеттерiн атқарған кезде әскери қызметшiлерге, белгiленген тәртiппен арнайы атақ берiлген, оны қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты алған iшкi iстер органдарының, қаржы полициясының қылмыстық-атқару жүйесi органдары мен мекемелерiн және мемлекеттік өртке қарсы қызметтiң қызметкерлерiне берiлетiн төлемдердiң барлық түрі;
7) тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi жалақының 50 процентi шегіндегі лотерея бойынша ұтыстар;
8) тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiнде белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнде мемлекеттік бюджет және гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын қоғамдық жұмыстарды орындауға және кәсiби оқуларға байланысты төлемдер;
9) гранттар қаражаты есебiнен төленетiн төлемдер (еңбекақы түріндегі төлемдерден басқа);
10) тұрақты жұмысы жолда өтетiн немесе жүрiп-тұру сипатында болатын не қызмет көрсететiн учаскелер шегiнде қызмет бабындағы сапарлармен байланысты жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде төленетiн төлемдер;
11) экологиялық апат немесе ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төленетiн төлемдер;
12) Ұлы Отан соғысына қатысушылардың және оларға теңестiрiлетiн адамдардың, I және II топтағы мүгедектердiң, сондай-ақ бала кезiнен мүгедек адамның ата-аналарының бiреуiнiң табыстары; III топтағы мүгедектердің бiр жыл iшіндегі - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi жалақының 27 еселенген шегіндегі табысы;
13) өткізілетін күні листингтің ең жоғары және ең жоғарыдан кейінгі санаттары бойынша қор биржасының ресми тізімдерінде тұрған акциялар мен облигацияларды қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен өткізу кезіндегі құн өсiмiнен алынатын табысы; 13-1) олармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер Алматы қаласы өңiрлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңында жасалған жағдайда осы сауда алаңына жiберілген бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсiмiнен түсетiн табыс;
14) мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен төленетiн бiржолғы төлемдер (еңбекақы түріндегі төлемдерден басқа);
15) салық жылы iшiнде медициналық қызмет көрсетулердiң (косметологиялық қызмет көрсетулерден басқа) ақысын төлеу үшiн, бала туған кезде, жерлеу үшiн берiлетiн, құжатпен расталған, төлемдердiң әрбiр түрi бойынша тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi жалақының 8 еселенген шегіндегі төлемдер;
16) қызметтiк iссапарлар кезiнде осы Кодекстiң 93-бабында белгiленген мөлшерде төленетiн өтемдер;
17) қызметкер ұйымымен бiрге басқа жерге жұмысқа ауысқан не көшкен кездегi жол жүруi, мүлкiн көшiруi, үй-жай жалдауы бойынша құжатпен расталған шығындардың өтемдерi;
18) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын дипломатиялық немесе консулдық қызметкерлердiң ресми табыстары;
19) шет мемлекеттiң мемлекеттік қызметiнде жүрген шетелдiк жеке тұлғалардың сол елде салық салынуға тиiс ресми табыстары;
20) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының шет елдердегi дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнде қызметте жүрген жеке тұлғалардың мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен шетелдiк валютамен төленетiн ресми табыстары;
21) Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан берiлетiн зейнетақы төлемдерi;
22) Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен алынып тасталды;
22-1) жұмыс берушiнiң жиынтық жылдық табысты алуға байланысты емес және шегерiмдерге жатқызылмайтын, нақты жеке тұлғалардың табысы болып табылмайтын шығыстары;
23) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде дала жағдайында геологиялық-барлау, топографиялық-геодезиялық және iздестiру жұмыстарымен шұғылданатын қызметкерлердiң далалық жабдықталым ақшасы;
24) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебiнен төленетiн тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақылар (мемлекеттiң сыйлықақылары);
25) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыс берушiнiң қызметкерлердi өздерiнің өндiрiстiк қызметiне байланысты мамандық бойынша оқытуға және біліктілігiн арттыруға бағытталған шығыстары;
25-1) осы Кодекстiң 100-бабының 4-тармағына сәйкес жүргiзiлген, оқытуға арналған шығыстар;
26) жұмыс берушінің вахталық әдiспен жұмыс iстейтiн адамдарға өндiрiс объектiсiнде болу кезеңiнде жұмыстарды орындауы мен ауысымаралық демалысы үшiн жағдай жасай отырып, олардың тұрмыс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн тұрғын үй жалдауына және осы Кодекстiң 93-бабына сәйкес белгiленген тәулiкақы шегiнде тамақтануға арналған шығыстары; қызметкерлердi жұмыс орнына дейiн және керi қарай жеткізуге байланысты шығыстар;