103-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыратын органдар мен
лауазымды адамдардың шешiмдерi мен әрекеттерiне шағымдану
1. Егер жүргiзiлген iс жүргiзу әрекетi өздерiнiң мүдделерiн қозғайтын болса, процеске қатысушылар, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдар осы Кодексте белгiленген тәртiппен анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың, соттың немесе судьяның шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне шағымдануы мүмкiн.
2. Шағымдар шағымдарды қарауға және олар бойынша шешiм қабылдауға заңмен уәкiлдiк берiлген, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн жауапты сол мемлекеттік органға немесе сол лауазымды адамға берiледi.
3. Шағымдар ауызша және жазбаша болуы мүмкiн. Ауызша шағымдар оны жасаушы мен шағымды қабылдап алушы лауазымды адам қол қоятын хаттамаға кiргiзiледi. Тиiстi лауазымды адамдардың қабылдауында азаматтар ауызша айтқан шағымдар жазбаша түрде ұсынылған шағымдармен ортақ негiзде шешiледi. Шағымға қосымша материалдар қоса тiркелуi мүмкiн.
4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамға шағымды ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде беру құқығы қамтамасыз етiледi.
5. Шағым берген адам оны қайтарып алуға құқылы. Сезiктi мен айыпталушы қорғаушының шағымын қайтарып алуға құқылы; азаматтық талапкер, жәбiрленушi (жеке айыптаушы), азаматтық жауапкер, заңды өкiлдi қоспағанда, өзiнiң өкiлiнiң шағымын қайтарып алуға құқылы. Сезiктiнiң немесе айыпталушының мүдделерiн көздеп берiлген шағым тек олардың келісімiмен ғана қайтарылып алынуы мүмкiн. Шағымды қайтарып алу, осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 105-бабында көрсетiлген мерзiмдер аяқталғанға дейiн оны қайтадан беруге кедергi келтiрмейдi.
104-бап. Ұсталған немесе тұтқында отырған адамдардың шағым жолдау тәртібі
1. Алдын ала қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi қылмыстық процестi жүргiзушi органға қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталған немесе бұлтартпау шарасы ретiнде тұтқында отырған адамдардың оған жолданған шағымдарын дереу беруге мiндеттi.
2. Ұсталған немесе тұтқында отырған адамдардың анықтаушының, анықтау органы бастығының, тергеушiнiң iс-әрекетiне немесе шешiмдерiне шағымдарын қамауда ұстау орындарының әкiмшiлiгi дереу iстi тергеудi қадағалаушы прокурорға, ал прокурордың iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдарды - жоғары тұрған прокурорға беруге мiндеттi. Өзге шағымдарды қамауда ұстау орындарының әкiмшiлiгi ол келiп түскен кезден бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей iстi жүргiзушi адамға немесе органға бередi.
105-бап. Шағымдарды берудiң мерзiмдерi
Анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе соттың iс-әрекеттерi мен шешiмiне шағымдар барлық анықтау iсi, алдын ала тергеу және сот талқылауын жүргiзу барысында берiле алады. Қылмыстық iстi қозғаудан бас тарту және қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiмдерге, бiрiншi немесе апелляциялық сатыдағы соттар шығарған үкiмдерге шағымдар осы Кодексте белгiленген мерзiмдерде берiледi.
106-бап. Шағым берiлуiне байланысты шешiмнiң атқарылуын тоқтата тұру
Осы Кодексте көзделген жағдайларда шағым беру шағымданылған шешiмнiң атқарылуын тоқтата тұрады. Өзге жағдайларда шағым түсiру, егер шағымды қараушы адам мұны қажет деп тапса, шағымданылған шешiмнiң атқарылуын тоқтата тұруға әкеп соғуы мүмкiн.
107-бап. Шағымдарды қараудың жалпы тәртібі
1. Шағымдарды қарауды iс-әрекетiне шағым жасалған анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға немесе судьяға, сондай-ақ шағым жасалған шешiмдi бекiткен лауазымды адамға тапсыруға тыйым салынады.
2. Шағымды қарағанда прокурор немесе судья онда жазылған дәлелдердi
жан-жақты тексеруге, қажет болған жағдайда қосымша материалдарды талап етуге, тиiстi лауазымды адамдардан, ұйымдардан және азаматтардан шағымданылған iс-әрекеттер мен шешiмдерге қатысты түсiнiктеме алуға мiндеттi.
3. Шағымды қараушы прокурор немесе судья өз өкiлеттiктерi шегiнде қылмыстық процеске қатысушылардың, сондай-ақ өзге де азаматтардың немесе ұйымдардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiруге дереу шаралар қолдануға мiндеттi.
4. Егер шағымданылған заңсыз iс-әрекеттермен немесе шешiмдермен азаматқа моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян келтiрiлсе, оған осы Кодекстiң 4-тарауында көзделген зиянды өтеуге немесе жоюға арналған құқығымен бұл құқықты жүзеге асырудың тәртібі түсiндiрiлуi тиiс.
108-бап. Анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың iс-әрекетi
мен шешiмiне шағымды қарау тәртібі
1. Анықтаушының, анықтау органының және тергеушiнiң iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар алдын ала тергеу мен анықтауды жүргiзу кезiнде заңдардың атқарылуына қадағалау жасайтын прокурорға берiледi. Прокурордың iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар жоғары тұрған прокурорға берiледi. Өзiнiң жеке iс-әрекетi мен шешiмiмен шағым түскен лауазымды адам шағымды өзiнiң түсiнiктемесiмен бiрге дереу тиiстi прокурорға жолдауға мiндеттi. Егер лауазымды адам шағымды негiздi деп есептесе, онда ол шағым жасалған iс-әрекеттi тоқтатады немесе шағым жасалған шешiмдi өзгертедi, ол туралы прокурорға хабарлайды.
2. Прокурор шағымды ол алынған кезден бастап үш тәулiктiң iшiнде қарауға мiндеттi. Шағымды тексеру үшiн қосымша материалдар талап ету не өзге де шаралар қолдану қажет болатын ерекше жағдайларда ол туралы шағым берген адамға хабарлай отырып шағымды жетi тәулiкке дейiнгi мерзiмде қарауға жол берiледi.
3. Шағымды қараудың нәтижесiнде шағым жасалған шешiмдi тоқтату немесе өзгерту арқылы шағымды толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм қабылдануы мүмкiн. Бұл орайда, егер мұның өзi шағым берген адамның немесе шағым өз мүддесiне сай берiлген адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын болса, бұрын шығарылған шешiмдi өзгертуге болмайды.
4. Шағым берген адам шағым бойынша қабылданған шешiм және одан әрi шағымданудың тәртібі туралы хабарландырылуы тиiс. Шағымды қанағаттандырудан бас тарту дәлелденуi тиiс.
108-баптың тақырыбы Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
109-бап. Прокурордың шешiмiне шағымды қараудың соттық тәртібі
1. Қылмыс туралы арызды қабылдаудан бас тартылуына немесе қылмыстық iс қозғаудан, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзуден, қылмыстық iстi тоқтата тұрудан немесе қысқартудан бас тартылған кезде оның осындай шағымын тиiстi прокурор қанағаттандырмай тастағаннан кейiн ол адам заңның бұзылуына сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Шағым оны қанағаттандырудан бас тартылғандығы туралы прокурордың хабарлауын алған күннен бастап бiр айдың iшiнде немесе, егер оған жауап алынбаса, шағым берiлгеннен кейiн бiр ай мерзiм өткен күннен бастап тиiстi прокуратураның орналасқан жерi бойынша аудандық сотқа берiлуi мүмкiн.
3. Шағымды оны берушi мен прокурорға оның қаралатын уақыты туралы хабарлай отырып ол келiп түскен кезден бастап он тәулiктiң iшiнде жабық отырыста судья жеке өзi қарайды. Соттың отырысына шағым берушiнiң немесе прокурордың келмеуi шағымды қарауға кедергi келтiрмейдi, алайда судья аталған адамдардың келуiн мiндеттi деп тани алады. Прокурор сотқа шағым бойынша материалдарды табыс етуге мiндеттi. Прокурор мен шағым берушi түсiнiктеме беруге құқылы.
4. Судья шағымды негiздi деп тани отырып, қаулы шығарады, онда заңсыз деп танылған iс жүргiзу шешiмiн тоқтатады не прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң жол берiлген бұзылуын жоюды мiндеттейдi. Шағымды қанағаттандыруға негiз жоқ кезде судья оны қанағаттандырмау туралы қаулы шығарады.
5. Осы баптың ережелерiне сәйкес судьяның шығарған қаулысына оны жариялаған сәттен бастап үш тәулiк iшiнде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдар шағымдануы, сондай-ақ прокурор судьясы қаулы шығарған сот арқылы облыстық және оған теңестiрiлген сотқа наразылық бiлдiруi мүмкiн. Шағымдану мерзiмi өткеннен кейiн iс шағыммен, наразылықпен осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдар мен прокурор хабардар етiле отырып, облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа жiберiледi. Облыстық немесе оған теңестiрiлген соттың судьясы осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген ережелер мен мерзiмдердi сақтай отырып, шағымды, наразылықты қарайды және мынадай: шағымды, наразылықты қанағаттандырмай қалдыру және қалалық (аудандық) сот судьясының қаулысын өзгерiссiз қалдыру; шағымды, наразылықты қанағаттандыру және қалалық (аудандық) сот қаулысының күшiн жою туралы шешiмдердiң бiрiн шығарады.
6. Прокурордың шешiмiне жасалған шағымды қарайтын судьяның iстi мәнi бойынша шешу кезiнде қатысуға құқығы жоқ.
109-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
110-бап. Прокурордың сезiктiнi, айыпталушыны қамауға және қамау мерзiмiн
ұзартуға берген санкциясына сотқа шағымдану
1. Сезiктi, айыпталушы, олардың қорғаушысы, заңды өкiлi прокурор санкцияландырған қамауға алу түріндегі бұлтартпау, сондай-ақ қамау мерзiмiн ұзарту шарасына тиiстi прокуратураның орналасқан жерi бойынша қалалық (аудандық) сотқа шағымдануға құқылы. Шағым әкелу, егер анықтау органы, тергеушi немесе прокурор мұны қажет деп таппаса, ол шешiлгенге дейiн қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулының қолданылуын тоқтата тұрмайды және адамды қамаудан босатуға әкеп соқпайды.
2. Судья қылмыстық iзге түсу органынан iстi талап етiп ала отырып, iс түскен кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрмей жабық отырыста прокурордың күдiктiге, айыпталушыға бұлтартпау шарасы ретiнде қамауды қолдануға берген санкциясының заңдылығы мен негiздiлiгiн тексерудi жеке өзi жүзеге асырады. Қылмыстық iзге түсу органы судьяның сұрау салуын алғаннан кейiнгi үш тәулiктiң iшiнде оған қылмыстық iстi табыс етуге мiндеттi.
3. Сот отырысына мiндеттi түрде прокурор қатысады. Отырысқа сондай-ақ қорғаушы, сезiктiнiң, айыпталушының заңды өкiлi де қатыса алады, алайда шағымның қаралатын күнi туралы уақытында хабарландырылған кезде олардың дәлелдi себептерсiз келмеуi соттың қарауына кедергi келтiрмейдi. Қажет болған жағдайда судья отырысқа сезiктiнiң, айыпталушының қатысуын қамтамасыз етедi.
4. Судья тараптардың дәлелдерiн тыңдап, қылмыстық iзге түсу органдарынан талап етiлген қылмыстық iс материалдарын қарай келiп, мынадай:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) бұлтартпау шараларын тоқтату немесе қатаң еместеуiне өзгерту және сезiктiнi, айыпталушыны қамаудан босату туралы дәлелдi шешiмдердiң бiреуiн шығарады.
5. Судьяның осы баптың ережелерiне сәйкес шығарған қаулысына ол жария етiлген кезден бастап үш тәулiк iшiнде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар, жәбiрленушi және оның өкiлi шағымдана алады, сондай-ақ судьясы қаулы шығарған сот арқылы облыстық және оған теңестiрiлген сотқа прокурор наразылық келтiре алады. Шағым беру немесе наразылық келтiру сезiктiнi, айыпталушыны қамаудан босату туралы сот қаулысының орындалуын тоқтата тұрады. Шағымдану мерзiмi өткеннен кейiн шағым, наразылық бiлдiрiлген iс осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға және прокурорға бұл туралы хабарлана отырып, облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа жiберiледi. Облыстық немесе оған теңестiрiлген соттың судьясы шағымды, наразылықты осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген ережелер мен мерзiмдi сақтай отырып қарайды және шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдырып, қалалық (аудандық) сот судьясының қаулысын күшiнде қалдыру туралы; қалалық (аудандық) сот судьясы қаулысының күшiн жойып, прокурор санкция берген бұлтартпау шараларын қалдыру немесе айыпталушының қамауда болу мерзiмiн ұзарту туралы; қалалық (аудандық) сот судьясының таңдаған бұлтартпау шараларының күшiн жойып немесе оны барынша жұмсарту жағына қарай өзгерте отырып, олардың қаулысының күшiн жою туралы шешiмдердiң бiреуiн шығарады. Облыстық немесе оған теңестiрiлген сот судьясының қаулысы түпкiлiктi болып табылады, шағымдануға және наразылық келтiруге жатпайды.
6. Шағымданудың немесе наразылық келтiрудiң осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген мерзiмi бiткен соң, не жоғары тұрған соттың судьясы iстi қарағаннан кейiн шағым жасалса немесе наразылық келтiрiлсе, судья қаулысының көшiрмесi прокурор мен арызданушыға, ал сезiктi, айыпталушы қамаудан босатылатын жағдайда - дереу орындау үшiн адамды қамауда ұстап отырған орынның әкiмшiлiгiне жiберiледi.
7. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың шағымы қанағаттандырылмай қалдырылған жағдайда белгiлi бiр адамды нақ сол iс бойынша, нақ сол негiз бойынша қамауға алу мерзiмi жаңадан әрбiр ұзартылуы кезiнде шағымының қайталап қаралуға құқығы бар.
Қайталама шағым осы бапта көзделген тәртiппен қаралады.
8. Осы бапта көзделген тәртiппен судья шағымды қараған кезде хаттама жүргiзiледi.
110-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
111-бап. Прокурордың сезiктiнi, айыпталушыны медициналық мекемеге мәжбүрлеп
орналастыруға берген санкциясына сотқа шағымдану
1. Прокурор санкцияландырған сезiктiнi, айыпталушыны сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыруға шағымдану осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген қосымшалармен бiрге осы Кодекстiң 110-бабында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Сот отырысы барысында судья тараптардың дәлелдерiн тыңдап, қылмыстық iзге түсу органдарынан талап етiлген қылмыстық iстiң материалдарын, ал қажет болған жағдайда - дәрiгерлiк комиссияның қорытындысын қарай келiп мынадай:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) сезiктiнi, айыпталушыны медициналық мекемеге орналастыру немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын өзгерту және сезiктiнi, айыпталушыны медициналық мекемеден босату туралы шешiмнiң күшiн жою туралы дәлелдi шешiмдердiң бiреуiн шығарады.
112-бап. Соттың үкіміне, қаулысына шағым жасау, наразылық бiлдiру
Бiрiншi сатыдағы соттардың үкіміне, қаулысына шағым жасау, наразылық бiлдiру осы Кодекстiң 46-тарауының ережелерiне сәйкес берiледi. Заңды күшiне енген соттың шешiмiн қайта қарау туралы шағым жасау, наразылық бiлдiру, өтiнiштер осы Кодекстiң 50-тарауының ережелерiне сәйкес берiледi.
112-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 11 шiлдедегi № 238-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
14-тарау
ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР
ТУРАЛЫ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
113-бап. Процеске қатысушы деп тануды талап ету құқығы
1. Қылмыстық процестiң қатысушысы болып табылмайтын адамдардың оған осы Кодексте көзделген негiздер болған кезде, олардың жәбiрленушi, жеке айыпталушы, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың заңды өкiлдерi және өкiлдерi деп тануды талап етуге құқығы бар. Аталған адамдардың арыздарын (өтiнiштерiн) олар алынған кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрмей қылмыстық процестi жүргiзушi орган қарауы тиiс. Қабылданған шешiм туралы өтiнiш берушi дереу хабарландырылады, оған тиiстi қаулының көшiрмесi жiберiледi.
2. Өтiнiш берушi тиiстi қаулының көшiрмесiн алғаннан кейiнгi бес тәулiктiң iшiнде өзiнiң өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартылғанына немесе оны шешудi кейiнге қалдырылғанына прокурорға, сотқа шағымдануға құқылы. Егер қаулының көшiрмесi шағым берiлген кезден бастап он тәулiктiң iшiнде алынбаса, өтiнiш берушi оны процеске қатысушы деп тану туралы өтiнiш жазып прокурорға, сотқа жүгiнуге құқылы.
3. Қайтыс болған немесе қылмыс нәтижесiнде өзiнiң еркiн саналы түрде бiлдiру қабiлетiн жоғалтқан адамның жақын туысы, жұбайы (зайыбы), егер оның құқықтық мұрагерi болғысы келсе, өзiн жәбiрленушi деп тану туралы талап ете алады. Аталған өтiнiштi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен қылмыстық процестi жүргiзушi орган қарайды.
114-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысты адамдарға олардың
құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру және оларды жүзеге асыру мүмкiндiгiн
қамтамасыз ету мiндетi
1. Қылмыстық сот iсiне қатысушы әрбiр адамның өз құқықтары мен мiндеттерiн, ол таңдаған айқындаманың құқықтық салдарын бiлуге, сондай-ақ оның қатысуымен өтiп жатқан iс жүргiзу iс-әрекеттерiнiң маңызы мен оған танысу үшiн ұсынылған iс материалдарының мазмұнын ұғынуға құқығы бар.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысушы әрбiр адамға оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттердi түсiндiруi, осы Кодексте көзделген тәртiппен оларды жүзеге асырудың мүмкiндiгiн қамтамасыз етуi тиiс. Адамның өтiнiшi бойынша қылмыстық процестi жүргiзушi орган оның құқықтары мен мiндеттерiн қайталап түсiндiруге мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган процеске қатысушыларға қарсылық бiлдiру мәлiмделуi мүмкiн болатын адамдардың тегiн және олар туралы басқа да қажеттi деректердi хабарлауға мiндеттi.
4. Қылмыстық процеске қатысушы жағдайына ие болған адамға оның қатысуымен iс жүргiзу iс-әрекетiн жүргiзу басталғанға дейiн және ол процеске қатысушы ретiнде қандай да болмасын позицияны бiлдiргенге дейiн оның құқықтары мен мiндеттерi мiндеттi түрде түсiндiрiледi. Сот олар қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында түсiндiрiлген, түсiндiрiлмегенiне қарамастан соттың отырысына келген процеске қатысушыға оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттердi түсiндiруге мiндеттi.
5. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган олардың қатысуымен болатын iс жүргiзу iс-әрекетi басталар алдында куәгердiң, аудармашының, маманның, сарапшының мiндеттерi мен құқықтарын түсiндiруге мiндеттi. Куәнiң құқықтары мен мiндеттерiн алдын ала тергеу органы одан бiрiншi рет жауап алар алдында және соттың отырысында қайталап түсiндiруге мiндеттi.
3-бөлiм
ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ДӘЛЕЛДЕУ
15-тарау
ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР
115-бап. Дәлелдемелер ұғымы
1. Оның негiзiнде анықтаушы, тергеушi, прокурор, сот осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген әрекеттердiң болғандығын немесе болмағандығын, айыпталушының бұл әрекеттi жасағандығын немесе жасамағандығын және айыпталушының кiнәлiлiгiн не кiнәлi емес екендiгiн, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын заңды түрде алынған iс жүзіндегі деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Қылмыстық iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар iс жүзіндегі деректер сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң көрсетулерiмен; сарапшының қорытындысымен; заттай айғақтармен; iс жүргiзу әрекеттерiнiң хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталады.
116-бап. Дәлелдемелер ретiнде рұқсат етiлмейтiн iс жүзіндегі деректер
1. Iс жүзіндегі деректер, егер олар осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып, процеске қатысушыларды олардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларды қысу жолымен немесе қылмыстық процестiң өзге де ережелерiн бұзумен, оның iшiнде:
1) қинау, күш қолдану, қорқыту, алдау, сонымен бiрге өзге де заңсыз iс-әрекеттер арқылы;
2) оларға түсiндiрмеудiң, толық немесе дұрыс түсiндiрмеудiң салдарынан туындаған қылмыстық процеске қатысушы адамдардың өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты жаңылуын пайдалану арқылы;
3) iс жүргiзу iс-әрекетiн осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның жүргiзуiне байланысты;
4) iс жүргiзу iс-әрекетiне қарсылық бiлдiруге жататын адамның қатысуына байланысты;
5) iс жүргiзу iс-әрекетiн жүргiзудiң тәртібін айтарлықтай бұза отырып;
6) белгiсiз көзден, не сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
7) дәлелдеу барысында осы заманғы ғылыми білімге қайшы келетiн әдiстердi қолдану арқылы алынып, олар iстi тергеу немесе сотта қарау кезiнде алынған iс жүзіндегі деректердiң дұрыстығына ықпал етсе немесе ықпал ету мүмкiн болса, дәлел ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп танылуы тиiс.
2. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде iс жүзіндегі деректердi дәлелдеме ретiнде пайдалануға жол бермеушiлiктi, сондай-ақ оларды шектеп пайдаланудың мүмкiндiгiн өз бастамашылығы бойынша немесе тараптардың өтiнiшi бойынша процестi жүргiзушi орган белгiлейдi.
3. Егер бұлар қылмыстық iс материалдарының түгендеу тiзiмiне кiргiзiлмесе, сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң және куәнiң көрсетуiн, сарапшының қорытындысын, заттай айғақтарды, тергеу және сот iс-әрекеттерiнiң хаттамаларын және өзге де құжаттарды айыптаудың негiзiне жатқызуға болмайды. Куә ретiнде алдын ала жауап алу барысында сезiктi, айыпталушы берген айғақтар дәлелдер ретiнде танылмайды және айыптау негiзiне алынбайды.
4. Заңды бұзу арқылы алынған дәлелдемелер заңдық күшi жоқ деп танылады және айыптаудың негiзiне жатқызыла алмайды, сондай-ақ осы Кодекстiң 117-бабында аталған кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдаланыла алмайды.
5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған бұзушылықтармен алынған iс жүзіндегі деректер тиiстi құқық бұзушылықтар мен оларға жол берген адамдардың кiнәлiлiгiн дәлелдеу фактiсi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
116-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II, 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген толықтырулармен.
117-бап. Қылмыстық iс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайлар
1. Қылмыстық iс бойынша дәлелдеуге:
1) оқиға мен қылмыстық заңда көзделген қылмыс құрамының белгiлерi (қылмыстың жасалу уақыты, болған жерi, әдiсi және басқа да мән-жайлары);
2) қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi кiмнiң жасағандығы;
3) адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаудағы кiнәлiлiгi, оның кiнәсiнiң нысаны, жасалған әрекеттiң себеп-дәлелдерi, заңдық және iс жүзіндегі қателiктер;
4) айыпталушының жауаптылығының дәрежесi мен сипатына әсер ететiн мән-жайлар;
5) айыпталушының жеке басын сипаттайтын мән-жайлар;
6) жасалған қылмыстың зардаптары;
7) қылмыспен келтiрiлген зиянның сипаты мен мөлшерi;
8) әрекеттiң қылмыстылығын жоққа шығаратын мән-жайлар;
9) қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлар жатады.
2. Кәмелетке толмаған адам жасаған қылмыстар туралы iс бойынша дәлелдеуге жататын қосымша мән-жайлар осы Кодекстiң 481-бабында көрсетiлген.
3. Қылмыс жасауға ықпал етушi мән-жайлар да қылмыстық iс бойынша анықтауға жатады.
118-бап. Дәлелсiз анықталатын мән-жайлар
Егер тиiстi құқықтық рәсiмдердiң шеңберiнде керiсiнше дәлелденбесе, мына
мән-жайлар:
1) жалпыға белгiлi фактiлер;
2) осы заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсiпте жалпы қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
3) заңды күшiне енген соттың шешiмiмен белгiленген мән-жайлар;
4) адамның заңды бiлуi;
5) адамның өзiнiң қызметтiк және кәсiби мiндеттерiн бiлуi;
6) олардың бар екендiгiн растайтын құжатты ұсынбаған және ол арнаулы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа да мекеменi көрсетпеген адамда арнаулы даярлықтың немесе білімнiң болмауы дәлелсiз анықталған болып саналады.
119-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтары
1. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтары - ол осы Кодекстiң 26-тарауында белгiленген тәртiппен анықтау немесе алдын ала тергеу процесiнде жауап алуда олар жазбаша немесе ауызша нысанда хабарланған мәлiметтер.
2. Сезiктi өзiне қарсы туып отырған сезiк жөнiнде, сондай-ақ iс бойынша маңызы бар өзiне белгiлi өзге де мән-жайлар мен дәлелдемелер туралы айғақтар беруге құқылы.
3. Айыпталушы өзiне тағылған айыптау бойынша, сонымен бiрге iс бойынша маңызы бар, өзiне белгiлi өзге де мән-жайлар мен дәлелдемелер жөнiнде айғақтар беруге құқылы.
4. Айыпталушының қылмыс жасаудағы өзiнiң кiнәсiн мойындауы оның кiнәлiлiгi бар дәлелдемелердiң жиынтығымен расталған кезде ғана айыптау негiзiне жатқызылуы мүмкiн.
5. Жәбiрленушiден iс бойынша дәлелдеуге жататын кез келген мән-жайлар туралы, сондай-ақ сезiктiмен, айыпталушымен, басқа да жәбiрленушiлермен, куәлармен өзiнiң өзара қарым-қатынасы туралы жауап алынуы мүмкiн. Егер ол өзiнiң хабардарлығының көзiн көрсете алмаса, жәбiрленушi хабарлаған мәлiмет дәлелдеме бола алмайды.