554-бап. Алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру туралы мәселелердi шешу
Алқабиге кандидаттардың әрқайсысына, егер:
1) алқабиге кандидат осы iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;
2) алқабиге кандидат осы қылмыстық iс бойынша сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, айыпталушының заңды өкiлi, жәбiрленушiнiң өкілі, азаматтық талапкер немесе азаматтық жауапкер ретiнде iс жүргiзуге қатысса;
3) алқабиге кандидат жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, айыпталушының немесе оның заңды өкілінiң, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы немесе жекжаты (аға-iнiсi, апа-қарындасы, ата-анасы және ерлi-зайыптылардың баласы) болып табылса;
4) алқабиге кандидат осы iске жеке, тiкелей немесе жанама мүдделi деп санауға негiз беретiн өзге де мән-жайлар болса, прокурордың, жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң және олардың өкілдерiнiң, сотталушының және оның қорғаушысының қарсылығы мәлiмделуге тиiс.
555-бап. Алқабиге кандидаттарға дәлелсiз қарсылық бiлдiру
1. Егер осы Кодекстiң 554-бабының талаптарын орындау нәтижесiнде сот отырысына қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың он алтыдан астамы қалса, төрағалық етушi қалған алқабиге кандидаттардың санын жариялайды, бұдан кейiн олардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiкке салады, билеттердi араластырады және жәшiкте он алты билет қалу үшiн одан қанша қажет болса сонша билеттi алады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгіндегі талаптарды орындағаннан кейiн төрағалық етушi мемлекеттік айыптаушы, сондай-ақ сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы дәлелсiз қарсылықты жүргiзу үшiн қалған, алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген он алты билеттi бередi, нәтижесiнде алқабиге он бiр кандидат қалуға тиiс.
3. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы төрағалық етушi арқылы алқабиге кандидаттардың кейбіреуiнiң өзiн таныстыруын сұрауға құқылы.
4. Егер iске бiр сотталушы қатысса, дәлелсiз қарсылық бiлдiрудi алқабиге екi кандидатқа - мемлекеттік айыптаушы, содан кейiн алқабиге үш кандидатқа сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы көрсетiлген кезектiлікпен жүргiзедi.
5. Егер iске бiрнеше сотталушы қатысса, мемлекеттік айыптаушы әрi кеткенде алқабиге екi кандидатқа қарсылық бiлдiруге құқылы. Бұл ретте, алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру - сотталушылардың өзара келісімi бойынша, ал, осындай келісім болмаған жағдайда, егер мүмкiн болса, қарсылық білдiрiлетiн алқабиге кандидаттардың санын олардың арасында тең бөлу арқылы жүргiзiледi.
6. Осы баптың бесiншi бөлiгіндегі талаптарды орындау мүмкiн болмаған жағдайда бiрнеше сотталушының алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiруi барлық сотталушының тегi көрсетiлген билеттердi жәшiкке салып, жеребе тастау арқылы жүргiзiлуге тиiс. Жеребе тастау қарсылық бiлдiрiлмеген алқабиге кандидаттардың санына тең санда жүргiзiледi. Төрағалық етушi сотталушының тегi көрсетiлген билеттi жәшiктен неше рет алса, сотталушы алқабиге кандидаттарға сонша рет қарсылық бiлдiруге құқылы.
7. Сотталушылардың кейбірiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру құқығынан бас тартуы басқа сотталушылардың алқабиге кандидаттардың кемiнде он бiрi қалғанға дейiн оларға қарсылық бiлдiру құқықтарына қандай да бiр шек қоюға әкеп соқпайды.
8. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы немесе оның қорғаушысы алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттерге дәлелдерiн көрсетпей-ақ, қолдары қойылған "қарсылық бiлдiру" деген жазу арқылы алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiруi мүмкiн.
9. Сотталушы өзiнің қорғаушысына алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру құқығын жүзеге асыруды тапсыруға құқылы. Егер сотталушы өзiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру құқығынан бас тартса, онда қорғаушы оның келісімiнсiз алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiруге өз бетiнше қатысуға құқылы емес.
10. Сотталушы немесе, егер iске бiрнеше сотталушы қатысса, барлық сотталушы өзiнiң қарсылық бiлдiру құқығынан бас тартқан жағдайда алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру жеребе тастау арқылы жүргiзiледi, оның барысында төрағалық етушi не сот отырысының хатшысы қанша алқабиге кандидатқа қарсылық бiлдiрілуі мүмкiн болса, сонша қарсылық бiлдiрiлмеген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiктен алып тастайды.
11. Тараптар дәлелсiз қарсылық бiлдiрген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiле отырып, билеттер iстiң материалдарына тігіледі.
556-бап. Жеребе тастау арқылы алқабилер алқасын құру
1. Сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы негізгі құрамның (алқабилер алқасының құрамын құрайтын) тоғыз және екi қосалқы алқаби құрамында жеребе тастау арқылы құрылады.
2. Алқабилер алқасын құру үшiн төрағалық етушi қарсылық білдiрілмеген алқабиге кандидаттардың тегiн көрсете отырып, билеттердi жәшiкке салады, оларды араластырады және бiр-бiрлеп он бiр билеттi алады, әр алған сайын билетте көрсетілген алқабиге кандидаттың тегiн жариялайды. Егер жәшiктен алынған және қалған билеттер қарсылық бiлдiрiлмеген алқабиге кандидаттардың жалпы санын құраса, сондай-ақ, егер алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына әсер ететiн қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлмесе, онда алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Бұл ретте, жеребе тастау арқылы iрiктелген алғашқы тоғыз алқаби - негiзгi құрамның алқабиi, ал соңғы екеуi қосалқы алқаби деп есептеледi.
3. Қарсылық білдiру туралы мәселенi шешу кезiнде немесе алқабилер алқасын құру кезiнде оның құрылуының дұрыстығына әсер еткен қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлсе, сондай-ақ бiр немесе одан да көп алқабиге мемлекеттік құпияға рұқсат етуден бас тартылған жағдайда, төрағалық етушi алқабилер алқасының құрылуын жарамсыз немесе ол құрылған жоқ деп жариялайды және алқабиге кандидаттарға толық көлемiнде қайта iрiктеy жүргiзедi.
4. Сот отырысының хатшысы жеребе тастау арқылы iрiктелген он бiр алқабидiң тегiн жәшiктен билеттер қалай алынса, сол тәртiппен сот отырысының хаттамасына енгiзедi. Жеребе тастау арқылы iрiктелген алқабилердiң тегi көрсетiле отырып, билеттер iс материалдарына тiгiледi.
557-бап. Алқабилердiң сот талқылауына қатысуының жалпы шарттары
1. Алқабилер алқасын құру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң негiзгi құрамына, жеребе тастау арқылы анықталған тәртiпке сәйкес, оларға бөлiнген алқабилер орындығынан орын алуды ұсынады. Алқабилердiң орындығы сот отырысы залында қатысып отырғандардан бөлек болуы және әдетте сотталушылар орындығына қарама-қарсы орналасуға тиiс. Қосалқы екi алқаби олар үшiн арнайы бөлiнген алқаби орындығына орналасады.
2. Алқабилер және қосалқы алқабилер, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сот отырысының залында сот талқылауы кезiнде тұрақты қатысады.
3. Егер сот талқылауы барысында, бiрақ алқабилер мен судьялар шешiм шығару үшiн кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, алқабилердің біреуінің сот отырысына одан әрi қатыса алмайтындығы немесе төрағалық етушi оны сот отырысына қатысудан шеттеткенi анықталса, онда ол қосалқы алқабилердің тегі көрсетілген билет жәшiктен қандай тәртiппен алынса, сол тәртіппен қосалқы алқабимен ауыстырылады. Егер шығып қалған алқабилердi қосалқы алқабилермен ауыстыру мүмкiндiгi таусылған болса, төрағалық етушi өткен сот талқылауын жарамсыз деп жариялайды және сот талқылауын, осы Кодекстiң 550-бабына сәйкес, алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңiне қайтарады.
4. Егер алқабилердiң бiреуiнiң сот отырысына қатысу мүмкiндiгiнiң жоқтығы кеңесу бөлмесiне кеткеннен кейiн анықталса, онда судьялар мен алқабилер сот отырысы залына кiрiп, алқабидi ауыстыруға және қайтадан кеңесу бөлмесiне кетуге тиiс.
5. Кез келген алқаби, осы Кодекстiң 559-бабының төртiншi бөлiгiмен белгiленген шектеулердi сақтамаған жағдайда, iстi қараудың кез келген кезеңiнде iске одан әрi қатысудан шеттетiлуi мүмкiн.
6. Алқабидi шеттетудi тараптардың қатысуымен төрағалық етушi жүзеге асырады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында жазба жасалады.
558-бап. Алқабилердiң ант қабылдауы
1. Алқабилер алқасы құрылып болғаннан кейiн төрағалық етушi немесе сот отырысының хатшысы сот отырысының залында қатысып отырғандардың барлығына орындарынан тұруды ұсынады. Төрағалық етушi алқабилерге ант қабылдау ұсынысымен өтiнiш жасайды.
2. Алқаби ретінде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшiн осы Кодексте белгiленген тәртіппен iрiктелiп алынған адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды: "Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кiрiсе отырып, өз мiндеттерiмдi адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердi, дәлелдердi, iстiң мән-жайын назарыма алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiмнiң ішкi нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемiн".
3. Алқаби "Ант етемiн" деген сөздерді айтумен антты қабылдауын растайды.
4. Алқабилердiң ант қабылдағаны туралы сот отырысының хаттамасына жазба жасалады.
60-тарау
Алқабилердiң қатысуымен соттың iстi талқылауерекшелiктерi
559-бап. Алқабилердiң құқықтары, мiндеттерi және iстi қарауға байланысты
iс-әрекеттеріндегі шектеулер
1. Төрағалық етушi алқабилерге олардың құқықтарын, мiндеттерiн және iсті қарауға байланысты iс-әрекеттерiне шектеулердi түсiндiредi, сондай-ақ мiндеттердi бұзу және шектеулердi сақтамаудың салдарлары туралы ескертедi.
2. Алқаби:
1) өзiнiң iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
2) процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;
3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жердi және үй-жайларды тексерiп қарау iсiне, сот тергеуіндегі барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға;
4) төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етілген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;
5) сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.
3. Алқаби:
1) сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;
2) алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ, егер сот отырысында үзілiс жарияланған немесе iстi тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшiн сот көрсеткен уақытта келуге;
3) сотқа келуге мүмкiндiгі болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала хабарлауға мiндеттi.
4. Алқаби:
1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;
2) iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;
3) iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;
4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.
5. Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушiнің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндiгiне әкеп соғады.
560-бап. Алқабилер қатысатын соттың құзыретi
1. Алқабилердiң қатысуымен соттың iстi талқылауы кезiнде осы Кодекстің 371-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1)-8), 14) тармақтарында көзделген мәселелер шешiледi.
2. Егер сот талқылауы барысында осы Кодекстiң 116-бабына сәйкес дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейтiн iс жүзiндегі деректер анықталатын болса, төрағалық етушi оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы мәселенi шешуге, ал мұндай дәлелдемелер зерттелген жағдайда олардың заңды күшi жоқ деп тануға, ал оларға жасалған зерттеулердi жарамсыз деп тануға мiндеттi.
3. Тараптар төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз алқабилер қатысатын сотта iстiң талқылануынан алып тасталған дәлелдемелердiң бар екенi туралы еске салуға, өздерiнiң ұстанымдарына негiздеме үшiн оларға сiлтеме жасауға құқылы емес. Судьялар алқабилердi дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейтiн iс жүзіндегі деректермен таныстыруға тиiс емес.
561-бап. Алқабилер қатысатын сотта iстiң қысқартылуы
Төрағалық етушi iстi соттың алқабилердiң қатысуымен талқылауының кез келген кезеңiнде, егер сот талқылауы кезiнде осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгінде көзделген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы осы Кодекстiң 317-бабының жетiншi бөлiгiне сәйкес айыптаудан бас тартқан кезде қысқартады.
562-бап. Алқабилер қатысатын сотта сот тергеуiнің ерекшелiктерi
1. Алқабилер қатысатын соттың сот тергеуi осы Кодекстiң 345-359, 362-баптарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлiгiн жариялаған кезде сотталушының сотталғандығы туралы фактiлердi еске салуға құқылы емес.
3. Тараптар сотталушыдан, жәбiрленушiден, куәлардан және сарапшылардан жауап алғаннан кейiн алқабилер төрағалық етушi арқылы осы адамдарға сұрақтар қоя алады. Алқабилер сұрақтарды жазбаша түрде жасап, төрағалық етушiге бередi.
4. Төрағалық етушi iске қатысы жоқ, сондай-ақ мегзеу немесе тiл тигiзу сипатында деп есептеген сұрақтарды қабылдамай тастауға құқылы.
5. Тараптар алқабилер алқасының қатысуынсыз, судьялар бұрын iс талқылауынан алып тастаған дәлелдемелердi, бұл ретте олардың мәнiн баяндамай-ақ, зерттеу туралы өтінiш беруi мүмкiн. Осындай өтiнiшке байланысты iс бойынша сот талқылауына қатысушылардың пiкiрiн тыңдауды судьялар жүргiзедi.
6. Сотталушының бұрынғы сотталғандығына байланысты, оны құнықпа маскүнем немесе нашақор деп тану туралы мән-жайлар, сондай-ақ алқабилердiң сотталушыға қатысты терiс түсiнiгiн туғызатын мән-жайлар зерттелуге жатпайды.
563-бап. Алқабилер қатысатын соттағы тараптардың жарыссөздерi
1. Сот тергеуi аяқталғаннан кейiн алқабилердің қатысуымен сот тараптардың жарыссөздерiн тыңдауға көшедi. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөздерi екi бөлiктен тұрады.
2. Жарыссөздердiң бiрiншi бөлiгi мемлекеттік айыптаушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, олар сотталушының бұрынғы сотталғандығын еске салмай оның кiнәсiнiң дәлелденуi немесе дәлелденбеуi жөніндегі өз ұстанымдарын баяндайды.
3. Тараптар алқабилер қатысқан соттың қарауына жатпайтын мән-жайларды еске салмауға және сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасамауға тиiс. Төрағалық етушi мұндай сөздердi үзiп тастайды және алқабилердiң үкiм шығару кезiнде осы мән-жайларды есепке алмауға тиiс екендiгiн оларға түсiндiредi.
4. Жарыссөздердiң екiншi бөлiгі мемлекеттік айыптаушының, сондай-ақ жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жауапкердің немесе олардың өкілдерінің, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, оларда сотталушының iс-әрекетiн дәрежелеу, жаза тағайындау, азаматтық талап мәселелерi бойынша ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздердiң екiншi бөлiгi алқабилердiң қатысуынсыз өткiзiледi.
564-бап. Алқабилер қатысатын соттағы репликалар және сотталушының соңғы сөзi
1. Алқабилер қатысатын сотта сөз сөйленiп болған соң тараптар жарыссөзiне қатысушылардың бәрiнiң реплика айтуға құқығы бар. Соңғы реплика айту құқығы қорғаушыға тиесілі.
2. Сотталушыға осы Кодекстiң 365-бабына сәйкес соңғы сөз берiледi.
565-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын сұрақтардың қойылуы
1. Екiншi судьяның қатысуымен төрағалық етушi сот тергеуiнің нәтижелерiн, тараптардың жарыссөздерiн ескере отырып, алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдайды, оларды оқиды және тараптарға бередi.
2. Тараптар сұрақтардың мазмұны мен тұжырымдалуы бойынша өздерiнiң ескертпелерiн айтуға және жаңа сұрақтар қою туралы ұсыныстар енгізуге құқылы.
3. Сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi.
4. Тараптардың ескертпелерi мен ұсыныстарын ескере отырып, төрағалық етушi кеңесу бөлмесiнде алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтарды түпкiлiктi тұжырымдайды, оларды сұрақ парағына енгiзедi және оған қол қояды.
5. Сұрақ парағы алқабилер мен тараптар қатысып отырған кезде дауыстап оқылады.
566-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтардың мазмұны
1. Сотталушы жасаған деп айыпталатын әрекеттердiң әрқайсысы бойынша:
1) әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;
2) бұл әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме;
3) бұл әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме деген үш негiзгi сұрақ қойылады.
2. Сотталушының кiнәлiлiгi туралы негiзгi сұрақтан кейiн кiнәлiлiк дәрежесiн арттыратын немесе төмендететiн не оның сипатын өзгертетiн, сотталушыны жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлар туралы жеке сұрақтар қойылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайларда қылмыстық ниеттiң жүзеге асырылу дәрежесi, әрекеттiң соңына дейiн жеткiзiлмеуiне әсер еткен себептер, сотталушылардың әрқайсысының қылмыстың жасалуына қатысу дәрежесi мен сипаты туралы сұрақтар да жеке қойылады. Егер қойылатын сұрақтар сотталушының қорғану құқығын бұзбаса, сотталушының онша ауыр емес қылмыс жасаудағы кiнәсiн анықтауға мүмкiндiк беретiн сұрақтар қоюға жол берiледi.
3. Шешуге жататын сұрақтар әрбiр сотталушыға қатысты жеке қойылады.
567-бап. Төрағалық етушiнiң алқабилерге жүгiнуі
1. Судьялар мен алқабилер кеңесу бөлмесiне кетер алдында төрағалық етушi алқабилерге жүгiнедi.
2. Алқабилерге жүгiнген кезде төрағалық етушiге алқабилер алқасы мен судьялар алдына қойылған сұрақтар бойынша қандай да бiр нысанда өз пiкiрiн айтуға тыйым салынады.
3. Төрағалық етушi жүгiнуiнде:
1) айыптаудың мазмұнын баяндайды;
2) сотталушы айыпталып отырған әрекеттi жасағаны үшiн жауаптылық көзделген қылмыстық заңның мазмұнын хабарлайды;
3) сотталушының айыбын ашатын да, сол сияқты оны ақтайтын да, сотта зерттелген дәлелдемелер туралы еске салады, бұл ретте осы дәлелдемелерге өзiнiң көзқарасын бiлдiрмейдi және одан қорытындылар жасамайды;
4) мемлекеттік айыптаушының және қорғаушының ұстанымдарын баяндайды;
5) алқабилерге дәлелдемелердi олардың жиынтығында бағалаудың негiзгi ережелерiн; кiнәсiздiк презумпциясы принципiнiң мәнiн; сотталушының пайдасына жойылмаған күмәндi түсіндіру туралы ережені; олардың қорытындылары тiкелей сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiзделуi мүмкiн екендiгi, олар үшiн ешқандай дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi жоқ, олардың қорытындылары болжамдарға, сондай-ақ сот пайдалануға жол берiлмейдi деп таныған дәлелдемелерге негiзделмеуге тиiс екендiгi туралы ереженi түсiндiредi;
6) алқабилер назарын сотталушының айғақ беруден бас тартуы немесе оның сотта жауап бермеуi заң тұрғысынан маңызға ие болмайтынына және сотталушының кiнәлілiгiнің дәлелi ретiнде түсiндiрiлмейтiнiне аударады;
7) кеңесу, бюллетеньдердi негiзгi мәселелер бойынша толтыру тәртібін, үкiм шығару мәселелерi бойынша жалпы дауыс беру тәртібін түсiндiредi.
4. Тараптар сот отырысында төрағалық етушiнің объективтілік принципiн бұзу себептерi бойынша жүгiнуiнiң мазмұнына байланысты қарсылық білдiруге құқылы, ол сот отырысының хаттамасына енгiзiлуге жатады.
568-бап. Алқабилер кеңесiнің құпиясы
1. Жарыссөздер аяқталғаннан кейiн судьялар және негiзгi алқабилер үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi.
2. Судьялар мен алқабилерден басқа, кеңесу бөлмесiнде өзге адамдардың болуына жол берілмейдi. Жұмыс уақыты аяқталған соң, сондай-ақ жұмыс күнi iшiнде төрағалық етушi кеңесу бөлмесiнен шығып, демалу үшiн үзiлiс жасауға құқылы.
569-бап. Кеңесу бөлмесiнде кеңесу мен дауыс берудi жүргiзу тәртібі
1. Төрағалық етушi судьялар мен алқабилер кеңесiне басшылық етедi, шешiлуге жататын мәселелердi рет-ретiмен талқылауға қояды, жауаптар бойынша дауыс берудi және дауыстардың есебiн жүргiзедi.
2. Кеңесу бөлмесiнде алқабилер қойылған мәселелерге байланысты өздерiнде туындаған түсiнбеушiлiктер бойынша төрағалық етушiден түсiнiктер алуға құқылы.
3. Негiзгi мәселелер бойынша дауыс беру жазбаша жүргiзiледi. Судьялар мен алқабилердің дауыс беру кезiнде қалыс қалуға құқықтары жоқ. Судьялар мен алқабилердің дауыстары тең.
4. Судьялар мен алқабилер сотталушылардың саны бойынша соттың мөртабаны басылып, дауыс беруге арналған: «Өзiмнiң ар-намысым, ар-ожданым бойынша және iшкi нанымым бойынша менiң қорытындым...» деген сөздер жазылған, таза бюллетеньдi алады. Олардың әрқайсысы құпияны қамтамасыз ете отырып, бюллетеньге сұрақ парағында қойылған және шешiлуге жататын сұрақтардың әрқайсысына жауап жазады. Сұрақ парағында қойылған сұрақтардың ретi бойынша жауап мақұлдаған «иә» немесе құптамаған «жоқ» деген немесе жауаптың мәнiн ашатын («иә, дәлелдендi», «жоқ, дәлелденген жоқ», «иә, кiнәлi», «жоқ, кiнәсiз») мiндеттi түсiндiрме сөзден немесе сөз тiркестерiнен тұруға тиiс. Судьялар мен алқабилер өздерiнiң бюллетеньдерiн дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
5. Дауыс беру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң қатысуымен жәшiктi ашады және әрбiр бюллетеньдегi дауыстарды санайды, дауыстарды санау нәтижесiн сұрақ парағында көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың әрқайсысының тұсына дереу жазады.
6. Алқабилер мен судьялардың жауаптары бар бюллетеньдер қылмыстық iсте сақталатын конвертке салынып, желiмделедi.
7. Егер алдыңғы сұраққа берiлген жауап кейiнгi сұраққа жауап берудің қажеттілігiн жойса, төрағалық етушi судья алқабилердiң көпшілігінің келісімiмен сол кейiнгi сұрақтың тұсына «жауап берiлмейдi» деген сөздердi жазады.
8. Егер осы Кодекстiң 566-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген үш сұрақтың әрқайсысына мақұлдаған жауаптарға дауыс берушілердiң көпшiлiгi дауыс берсе, айыптау шешiмi қабылданған болып есептеледi.
9. Егер қойылған негiзгi сұрақтардың кез келгенiне берiлген құпталмаған жауапқа дауыс берушiлердiң алтауы және одан да көбi дауыс берсе, ақтау шешiмi қабылданған болып есептеледi.
10. Егер сотталушының кiнәлiлiгi туралы мәселе оң шешiлсе, онда судьялар бұл әрекет қылмыс болып табыла ма деген және оның нақ қандай қылмыстық заңда көзделгенi (бабы, бөлігі, тармағы) туралы мәселенi шешедi, сондай-ақ осы әрекеттер үшiн қандай жазалау шарасы көзделгенiн алқабилерге түсiндiредi.
11. Судьялар алқабилердің қатысуымен соттың әрекеттi дәрежелеу мәселесiн шешкеннен кейiн осы Кодекстiң 371-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5)-8) және 14) тармақтарында көзделген, шешiмi ашық дауыс беру арқылы қабылданатын мәселелер үзіліс жасалмай шешiледi. Егер оған дауыс берушiлердің көпшiлiгi жақтап дауыс берсе, шешім қабылданған деп есептеледі.
12. Он бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, егер осындай шешiмге дауыс берушілердiң сегiзi және одан да көбi дауыс берсе, тағайындалуы мүмкiн.
13. Айрықша жазалау шарасы - өлiм жазасы судьялар мен алқабилер бiрауыздан шешiм шығарған кезде ғана тағайындалуы мүмкiн.
14. Судьялар мен алқабилердiң жауаптары бар сұрақ парағына судьялар мен алқабилер қол қояды.
570-бап. Алқабилер қатысатын сот қабылдайтын шешiмдердiң түрлерi
Алқабилердiң қатысуымен сотта қылмыстық iстi талқылау мына шешiмдердiң бiрiн:
1) осы Кодекстiң 324-бабында көзделген жағдайларда, iстi қысқарту туралы қаулыны;
2) алқабилердiң қатысуымен сот осы Кодекстiң 566-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың кем дегенде бiреуiне терiс жауап берген жағдайларда, ақтау үкімін;
3) осы Кодекстiң 375-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес айыптау үкімін қабылдаумен аяқталады.
571-бап. Үкiмнің қаулысы
1. Үкiмге осы Кодекстiң 44-тарауында белгiленген тәртiппен төрағалық етушiнiң мынадай ерекшелiктермен қаулысы шығарылады:
1) үкiмнiң кiрiспе бөлiмiнде екiншi судьяның және алқабилердің тегi көрсетiлмейдi;
2) ақтау үкімінiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде алқабилердiң қатысуымен сот ақтау шешiмiн шығарған айыптаудың мәнi баяндалады және шешiмге не мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тартуына сiлтеме қамтылады;