532-бап. Ұстап беруден бас тарту
1. Егер:
1) Қазақстан Республикасы осы адамға саяси баспана берсе;
2) ұстап беру туралы талапқа негiз болған әрекет Қазақстан Республикасында қылмыс деп танылмайтын болса;
3) ол адамға қатысты дәл сол қылмысы үшiн заңды күшiне енген үкiм шығарылып үлгерсе немесе iс бойынша iс жүргiзу тоқтатылса;
4) Қазақстан Республикасының заңдары бойынша қылмыстық iс қозғалмайтын болса немесе ескіру мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде немесе өзге заңды негiз бойынша үкiмнiң орындалуы мүмкiн болмаса, ұстап беруге жол берiлмейдi.
2. Егер ұстап беру туралы талап мәлiмденген қылмыс Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегiнен тыс жерде жасалған болса, бiрақ Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған болса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкiн.
533-бап. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң азаматтарына қатысты
қылмыстық iзге түсудi жалғастыру және оларды ұстап беру
1. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң азаматтарына қатысты қылмыстық iзге түсу материалдарын жiберудiң және қылмыстық iзге түсудi жалғастыру туралы немесе қылмыстық iс қозғау туралы өтiнiштердi орындау тәртібі осы Кодекстiң 527, 528-баптарының ережелерiмен айқындалады.
2. Азаматтығы жоқ адамдарды, үшiншi бiр елдiң азаматтарын ұстап беру тәртібі осы Кодекстiң 529, 530, 531, 532-баптарының ережелерiмен айқындалады.
534-бап. Әдеттен тыс қамау (ұстап беру үшiн тұтқындау және қамап қою)
1. Шетел мемлекетiнiң құзыреттi органынан тиiстi түрде ресiмделген талапты алу кезiнде және адамды ұстап беру үшiн заңды негiздер болған ретте ол ұсталуы мүмкiн және оған әдеттен тыс қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады. Сұраушы мемлекеттiң өтiнiшi бойынша адам ұстап беру туралы талап алынғанға дейiн де қамалуы мүмкiн. Өтiнiште қамауға алу туралы қаулыға немесе заңды күшiне енген үкiмге сiлтеме болуы және ұстап беру туралы талаптың қосымша табыс етiлетiндiгi айтылуға тиiс. Ұстап беру туралы талап мәлiмделгенге дейiн қамауға алу туралы өтiнiш почта, телеграф, телекс немесе факс бойынша берiлуi мүмкiн. Табыс етiлген материалдар зерттелiп, тұтқынды iздеу жарияланған адам деп санауға жеткiлiктi негiздер болған және осы Кодекстiң 532-бабында баяндалған негiздер жоқ болған ретте прокурор әдеттен тыс қамау туралы қаулы шығарып, бұл туралы тұтқындалушыға қол қойғызып хабарлайды. Прокурор өзi жасаған әдеттен тыс қамау туралы хабарды тұтқындалушы азаматы болып табылатын мемлекет пен iздеу жариялаған органның атауын көрсете отырып, дереу Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға жiбередi.
2. Адам, егер оның басқа мемлекеттiң аумағында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс жасағандығына сезiк келтiретiн заңмен көзделген негiздер болса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген өтiнiшсiз-ақ үш тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұсталуы мүмкiн.
3. Адамның қамауға алынғаны туралы ұстап беру туралы өтiнiштi, қамау туралы өтiнiштi жiберген немесе жiберуi мүмкiн шетел мемлекетiнiң мекемесiне ұстап беру уақыты мен орны ұсыныла отырып, дереу хабарландырылады.
4. Егер отыз тәулiк iшiнде ұстап берiлмесе, қамауда отырған адам прокурордың қаулысы бойынша босатылуға тиiс. Осы баптың екiншi бөлiгiне сәйкес тұтқындалған адам оны ұстап беру туралы талап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тұтқындалу мерзiмiнiң iшiнде келiп түспесе, босатылуы тиiс. Қайта қамауға алуға осы баптың бiрiншi бөлiгiне сәйкес ұстап беру туралы жаңа талапты қараған соң ғана жол берiледi.
5. Осы Кодекстiң 531-бабына сәйкес ұсталған адамды әдеттен тыс қамауды прокурор бiр айға дейiнгi мерзiмде жүзеге асырады.
6. Бұл мерзiмде iздеу жариялаған мемлекеттiң құзыреттi органынан ұстап беру туралы өтiнiш түспеген жағдайда, бiрақ қамауға алу туралы өтiнiш және ұстап беру туралы кейiннен өтiнiш жiберуге кепiлдiк болған ретте, қамауды жүзеге асырған прокурордың өтiнiшi бойынша әдеттен тыс қамау мерзiмiн облыс прокуроры немесе оған теңестiрiлген прокурор екi айға дейiн ұзартуы мүмкiн, бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарланады.
7. Осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған жағдайлар болған ерекше реттерде облыс прокурорының немесе оған теңестiрiлген прокурордың өтiнiшi бойынша әдеттен тыс қамау мерзiмiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе уәкiлеттi прокурор үш айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
8. Қамауда ұстау орынының әкiмшiлiгi қамалушының қамауда ұстау мерзiмi өткенге дейiн жетi тәулiктен кешiктiрмей бұл жөнiнде әдеттен тыс қамауды жүзеге асырған прокурорға хабарлауға мiндеттi.
9. Қамалған адамды оны ұстап беру үшiн босату әдеттен тыс қамауды жүзеге асырған прокурордың қаулысы негiзiнде, соның iшiнде осы бапта аталған мерзiм өткеннен кейiн де, егер бұл мерзiмде адам ұстап берiлмеген болса, жүзеге асырылып, бұл жөнiнде дереу Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарланады.
535-бап. Транзиттiк тасымалдау
1. Шетел мемлекетi мекемесiнiң осы мекемеге үшiншi бiр мемлекеттiң ұстап берген адамын Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттiк тасымалдау жөніндегі өтiнiшi оны ұстап беру туралы талап қаралған тәртiппен қаралады.
2. Транзиттiк тасымалдаудың тәсiлiн тиiстi ведомстволардың келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
536-бап. Заттарды беру
1. Адамды шет мемлекеттiң мекемесiне ұстап беру кезiнде қылмыс жасау құралдары болып табылатын заттар, сондай-ақ қылмыс iзi бар немесе қылмыстық жолмен алынған заттар берiледi. Бұл заттар өтiнiш бойынша және адамды ұстап беру оның қайтыс болуы салдарынан немесе басқа себептер бойынша iске аспаған жағдайда берiледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген заттар басқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн қажет болса, белгiлi бiр уақытқа кiдiртiлуi мүмкiн.
3. Үшiншi адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшiн осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған заттарды беру шетел мемлекетi мекемесiнiң iс бойынша iс жүргiзудi аяқтаған соң заттарды қайтару туралы кепiлдiктерi болған ретте ғана жүргiзiледi.
56-тарау
ЖАЗАСЫН ӨЗІ АЗАМАТЫ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН МЕМЛЕКЕТТЕ
ӨТЕУ ҮШІН БАС БОСТАНДЫFЫНАН АЙЫРУFА СОТТАЛFАН АДАМДЫ БЕРУ
537-бап. Жазасын өзi азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу
үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамды беру негiздерi
Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамды жазасын өзi азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу үшiн беруге, нақ сол сияқты шетел мемлекетiнiң соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматын жазасын Қазақстан Республикасында өтеу үшiн беру Қазақстан Республикасының тиiстi шетел мемлекетiмен халықаралық шарты не Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының шетел мемлекетiнiң құзыреттi органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара шарттағы жазбаша келісімi негiз болып табылады.
538-бап. Өзi азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн сотталушыны берудiң
шарттары мен тәртібі
1. Өзi азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн Қазақстан Республикасында сотталған адамды беруге сотталушының, оның заңды өкiлiнiң немесе жақын туған-туыстарының өтiнiшi бойынша, сондай-ақ сотталушының келісімiмен тиiстi мемлекеттiң құзыреттi органының өтiнуi бойынша оның бас бостандығын айыру туралы жазасын өтеуiне дейiн жол берiледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамды беру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының шешiмi бойынша үкiм заңды күшiне енген соң ғана жүзеге асырылуы мүмкiн, олар үкiм шығарған сотқа осы адамның берiлгенiн хабарлайды.
539-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталушыны жазасын өтеу үшiн беруден шет мемлекетке
бас тарту
Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамды ол азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн беруден, егер:
1) адам сол үшiн сотталған әрекеттерiнiң бiрде бiрi сотталушы азаматы болып табылатын мемлекеттiң заңдары бойынша қылмыс болып танылмаса;
2) жаза шет мемлекетте ескіру мерзiмiнiң өтуi салдарынан немесе осы мемлекеттiң заңдарында көзделген өзге негiз бойынша орындалмайтындай болса;
3) сотталушыдан немесе шет мемлекеттен азаматтық талап бөлiгiнде үкiмнiң орындалуына кепiлдiк алынбаса;
4) сотталушыны халықаралық шартта көзделген жағдайларда беру туралы келісімге қол жеткiзiлмесе;
5) сотталушының Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болса, бас тартылуы мүмкiн.
540-бап. Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу үшiн қабылдау туралы өтiнiштi қарау
1. Шет мемлекеттiң соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматы, оның заңды өкiлi немесе жақын туған-туыстары, сондай-ақ шет мемлекеттiң құзыреттi органдары сотталушының келісімiмен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына сотталушының жазасын Қазақстан Республикасында өтеуi туралы өтiнiш жасай алады.
2. Өтiнiш қанағаттандырылған жағдайда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры шет мемлекет сотының үкімін атқару туралы облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа сотталушының Қазақстан Республикасынан кеткенге дейiнгi тұрақты тұрғылықты жерi бойынша ұсыныс енгiзедi. Сотталушының тұрақты тұрғылықты жерi болмаған кезде ұсыныс Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына енгiзiледi.
541-бап. Соттың шет мемлекет сотының үкімін атқаруға байланысты мәселелердi шешу тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынысын судья сот отырысында сотталушыны қатыстырмай үкiмдi атқаруға байланысты мәселелердi шешуге байланысты осы Кодекспен белгiленген тәртiп пен мерзiмдерде қарайды.
2. Шет мемлекет сотының үкімін атқару туралы судьяның қаулысында:
1) шет мемлекет сотының атауы, үкiмнiң шығарылған уақыты мен жерi;
2) сотталушының Қазақстан Республикасындағы соңғы тұрғылықты жерi, оның жұмыс орны және сотталғанға дейiнгi айналысқан кәсiбi туралы мәлiметтер;
3) азамат жасағанына кiнәлi деп таныған қылмыстың саралануы және оның қандай қылмыстық заңның негiзiнде сотталғандығы;
4) сотталушының жасаған қылмысы үшiн жауаптылық көздейтiн Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы;
5) жазаның (негiзгi және қосымша) түрi мен мерзiмi, сотталушы Қазақстан Республикасында өтеуi тиiс жазаның басталу және аяқталу мерзiмi; қылмыстық түзеу мекемесiнiң түрi, қуыным бойынша залалды өтеудiң тәртібі көрсетiлуi тиiс.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңы бойынша осы қылмыс үшiн бас бостандығынан айырудың шектi мерзiмi шет мемлекет судьясы тағайындаған үкiм бойынша тағайындалғаннан аз болса, судья осы қылмысты жасағаны үшiн бас бостандығынан айырудың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген ең жоғары мерзiмiн белгiлейдi. Егер бас бостандығынан айыру жаза ретiнде көзделмеген болса, судья Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде белгiленген шекте осы қылмыс үшiн және шет мемлекет сотының үкімі бойынша тағайындалғанға мейлiнше сәйкес келетiн жазаны айқындайды.
4. Егер үкiм екi немесе бiрнеше әрекетке қатысты болса, Қазақстан Республикасында бәрi бiрдей қылмыс деп танылмаса, судья шетел мемлекетi сотының үкімі бойынша қылмыс болып табылатын әрекетке жазаның қай бөлiгi қолданылатындығын айқындайды.
5. Судьяның қаулысы ол шығарылған күннен бастап күшiне енедi және орындалуын қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жiберiледi.
6. Шет мемлекеттiң соты үкiмнiң күшiн жойған немесе өзгерткен жағдайда не шет мемлекетiнде шығарылған рақымшылық ету немесе кешiрiм жасау актiсiн жазасы Қазақстан Республикасында өтеп жүрген адамға қолданылған ретте қайта қаралған үкiмдi орындау, сондай-ақ рақымшылық етудi немесе кешiрiм жасауды қолдану мәселелерi осы баптың ережелерi бойынша шешiледi.
13-бөлiм
Алқабилердiң қатысуымен iстер бойынша iс жүргiзу
13-бөлім Қазақстан Республикасының2006 жылғы 16 қантардағы № 122-ІІІ Заңымен енгізілді
(2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
57-тарау
Жалпы ережелер
542-бап. Алқабилердiң қатысуымен iстер бойынша iс жүргiзу тәртібі
Сот алқабилердiң қатысуымен қарайтын қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу осы бөлiмде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстің ережелерiне сәйкес жүргiзiледi.
543-бап. Облыстық және оған теңестiрiлген сотта алқабилердің қатысуымен соттың қарауына
жататын iстер
1. Сот алқабилердiң қатысуымен, осы Кодекстiң 291-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген әрекеттердi есi дұрыс емес күйiнде жасаған не оларды жасағаннан кейiн жан күйзелісі ауруымен ауырған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстердi қоспағанда, осы Кодекстiң 291-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген қылмыстар туралы iстердi қарайды.
2. Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң бiрнеше бабында көзделген қылмыстар жасаған деп айыпталып жатса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына осы Кодекстiң 291-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген қылмыстардың ең болмағанда бiреуi кiрсе, айыпталушының өз iсiнiң сотта алқабилердiң қатысуымен қаралуына құқығы бар.
3. Егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталып жатса, егер олардың ең болмағанда бiреуi қылмыстық iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiш бiлдiрсе, алқабилердiң қатысуымен сотта оны қарау барлық сотталушыларға қатысты осы бөлiмде көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.
544-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы
Облыстық және оған теңестiрiлген сотта алқабилердің қатысуымен сот екi судьяның және тоғыз алқабидің құрамында әрекет етедi.
545-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу
Алқабилердiң қатысуымен бүкiл сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушыға, жәбiрленушiге, сотталушыға және оның қорғаушысына, сондай-ақ процестің басқа да қатысушыларына осы iстi қарауға қатысушы алқабилермен белгiлеген тәртіптен тыс араласуға тыйым салынады.
546-бап. Соттың iстi алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiш
1. Осы бөлiмде көзделген ережелерге сәйкес, қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыру айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшi бойынша жүргiзiледi.
2. Тергеушi алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн айыпталушыға iстiң барлық материалдарын таныстыру кезiнде оған соттың оның iсiн алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiш беру құқығын, сондай-ақ соттың алқабилердің қатысуымен шығарған үкіміне шағым жасау және шағымды қарау ерекшелiктерiн қоса, осындай өтiнiштi қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсiндiруге мiндеттi.
3. Айыпталушы өзiне алдын ала тергеудiң аяқталғаны туралы хабарланған және iстiң барлық материалдары танысу үшiн ұсынылған кезде ғана аталған өтiнiштi беруге құқылы.
4. Тергеушi айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы не өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауына құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтiнішін айыпталушыға тергеу әрекеттерi мен оның құқығын түсiндiрудiң аяқталғандығын хабарлау жөніндегі хаттамада көрсетуге мiндеттi.
5. Бұдан әрi айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшi қабылданбайды.
6. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзiлгенге дейiн және алдын ала тыңдау барысында өз iсiн алқабилердің қатысуымен қарау туралы мәлiмдеген өтінішінен бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшiнен бас тартуы алдын ала тыңдау барысында өтініш расталғаннан кейін қабылданбайды.
58-тарау
Сот отырысын тағайындаудың ерекшелiктерi
547-бап. Сот отырысын соттың iстi алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiш болған
кезде тағайындау
Айыпталушының iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшi болған кезде судья алдын ала тыңдау жүргiзедi.
548-бап. Алдын ала тыңдау жүргiзудiң ерекшелiктерi
1. Судья алдын ала тыңдауды мiндеттi түрде прокурордың, соттың iстi алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiш бiлдiрген сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен жабық сот отырысында жеке дара жүргiзедi.
2. Егер iс бойынша сотталушылардың ең болмағанда бiреуiнiң iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшi болса, алдын ала тыңдау iс бойынша барлық сотталушылардың және олардың қорғаушыларының қатысуымен жүргiзiледi.
3. Судья сот отырысы басталарда қай iстiң қарауға жататынын жариялайды, отырысқа қатысушы адамдарға өзiн таныстырады, кiмнiң мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенiн хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлiмделген қарсылықтарды шешедi. Мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлiгiн жария етедi. Судья сотталушыға айыптаудың түсiнiктi болғанын-болмағанын анықтайды, қажет жағдайларда оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және ол iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы берген өз өтiнiшiн растайтынын-растамайтынын сұрайды.
4. Егер сотталушы iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өз өтiнiшiн растаса, онда судья осы өтiнiштiң қанағаттандырылғаны туралы шешiм қабылдайды және мемлекеттік айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiштердi қарауға көшедi.
5. Қажет жағдайда дәлелдемелер ретiнде пайдалануға болатындығын тексеру үшiн iс материалдары алдын ала тыңдауда жария етілуі мүмкiн.
6. Егер сотталушы iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өз өтiнiшiн растамаса, осы Кодекстiң 301-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген басқа да негiздер болмаған кезде, судья алдын ала тыңдау аяқталды деп жариялайды. Iстi бұдан әрi жүргiзу осы Кодекстiң 40-тарауында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
7. Судьяның iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Қаулы бұдан әрi iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауынан сотталушының бас тарту себептерi бойынша қайта қаралмауға тиiс.
549-бап. Алқабилердiң қатысуымен сот отырысын тағайындау кезiнде алдын
ала тыңдау тәртібімен шығарылатын шешiмдердiң ерекшеліктерi
1. Алдын ала тыңдау қорытындылары бойынша судья осы Кодекстiң 302-307-баптарында көзделген шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
2. Судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда сот iстi алқабилердiң қатысуымен қарайтындығын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға тиiс алқабиге кандидаттардың санын анықтайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс.
3. Судья алдын ала тыңдау нәтижелерi бойынша, осы Кодекстiң 116-бабына сәйкес, iс материалдарынан дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайды деп танылған нақты деректердi алып тастайды.
550-бап. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ
таңдаудың тәртібі
1. Iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауын тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн судья сот отырысының хатшысына, алқабилерге iрiктеу үшiн, осы сот отырысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттардың келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi.
2. Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн төрағалық етушiнiң өкімі бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бiрыңғай және қосалқы (жылдық) тiзiмдерден алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргiзедi.
3. Бiр адам алқаби ретiнде сот отырыстарына жылына бiр реттен артық қатыса алмайды.
4. Қылмыстық iстi қарауға қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейiн, олардың тегi, аты, әкесiнiң аты және мекенжайы көрсетiле отырып, алдын ала тiзiм жасалады, оған сот отырысының хатшысы қол қояды.
5. Алдын ала тiзiмге енгiзiлген алқабиге кандидаттарға, сот талқылауы басталғанға дейiн жетi тәулiктен кешiктiрiлмей сотқа келетiн күнi мен уақыты көрсетілген хабарлама тапсырылады.
6. Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.
59-тарау
Сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды iрiктеу
551-бап. Жалпы ережелер
1. Кандидаттар арасынан алқабилерді iрiктеу осы Кодекстiң 331-344-баптарының талаптары орындалғаннан кейiн:
1) төрағалық етушiнің алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы;
2) өздiгiнен бас тарту туралы мәселелердi шешу;
3) қарсылық бiлдiру туралы мәселелердi шешу;
4) алқабиге кандидаттарға дәлелсiз қарсылық білдiру арқылы жүзеге асырылады.
2. Сот отырысының хатшысы төрағалық етушiге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуi туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегiн көрсете отырып билет жазып бередi.
3. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың алдында:
1) өзiн таныстырып;
2) тараптарды таныстырып;
3) қандай iс қаралуға жататынын хабарлап;
4) алқабилердiң мiндеттерi мен олардың осы қылмыстық iстi қарауға заңға сәйкес қатысу тәртібі туралы хабарлап, қысқаша сөз сөйлейдi.
4. Алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босату туралы мәселенi объективтi шешу мақсатында төрағалық етушi алқабилердi iрiктеу кезiнде кандидаттарға жазбаша нысанда прокурор, жәбiрленушi, айыпталушы және оның қорғаушысы ұсынған сұрақтарды, сондай-ақ өзiнiң қалауы бойынша, алқабилер алқасын құру үшiн маңызы бар басқа да сұрақтар қоюы мүмкiн.
5. Алқабиге кандидат iстi қарауға қатысу үшiн iрiктеу кезiнде төрағалық етушi қойған сұрақтарға шын жауап беруi, сондай-ақ оның талабы бойынша өзi туралы және iске қатысушы басқа адамдармен қатынастары туралы қажеттi өзге де ақпараттар беруге тиiс.
6. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiн кемсiтетiн сұрақтар қоймайды.
7. Алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босатуға байланысты барлық мәселелердi, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуларды және алқабиге кандидаттарға мәлiмделген қарсылық білдiрулердi төрағалық етушi кеңесу бөлмесiне кетпей жеке-дара шешедi.
8. Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бесiнен азы келсе не сот талқылауына қатысудан олардың кейбіреулерiн босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдiрулердi қанағаттандырғаннан кейiн олар он алтыдан азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын қосалқы тiзiмнен толықтыру туралы өкiм етедi. Бұл жағдайда алқабиге қосалқы кандидаттарды шақыру үшiн сот отырысында үзiлiс жарияланады.
552-бап. Төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы
1. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгiленген мiндеттерiн түсiндiредi, содан кейiн алқабиге кандидаттардан алқаби ретiнде iстi қарауға қатысуда оларға кедергi келтiретiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
2. Төрағалық етушi:
1) қылмыс жасады деген күдiктiлердi немесе айыпталушыларды;
2) сотта ілеспе аударма қамтамасыз етiлмеген кезде, сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамды;
3) сот отырысына толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге ұйымдастырушылық не техникалық мүмкiндiктер болмаған кезде мылқау, саңырау, зағип және мүгедек болып табылатын басқа да адамдарды алқаби мiндеттерiн атқарудан босатады.
3. Төрағалық етушi судья алқабилердің ауызша немесе жазбаша өтiнiшi бойынша:
1) алпыс бес жастан асқан адамдарды;
2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдердi;
3) өзiнiң дiни нанымына байланысты сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысу өзi үшiн мүмкiн емес деп есептеген адамдарды;
4) қызметтiк мiндеттерiн атқарудан алаңдатылуы қоғамдық және мемлекеттік мүдделерге едәуiр зиян келтiруi мүмкiн адамдарды (дәрiгерлер, мұғалімдер, әуежолдарының пилоттары және басқалар);
5) сот отырысына қатыспау үшін дәлелді себептері бар өзге де адамдарды алқаби міндеттерін атқарудан босата алады.
4. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардан сотта қаралатын iстiң мән-жайлары туралы олардың хабардарлығын анықтайды.
5. Төрағалық етушi кез келген алқабиге кандидатты осы адамға заңсыз көрсетілген ықпал ету, онда ағат пiкiр болуы, ол iстің мән-жайын iс жүргiзу көздерiнен емес, басқа көздерден бiлуi салдарынан оның объективтiлігiне негiздi күмән келтiрiлсе, сондай-ақ алқабиге кандидаттың алқаби ретiнде iстi қарауға қатысуы кезiнде объективтi болмау мүмкiндiгiн көрсететiн басқа да себептермен iс бойынша алқабидiң мiндеттерiн атқарудан босатады.
553-бап. Алқабиге кандидаттардың өздiгiнен бас тартуы туралы мәселелердi шешу
Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың қайсы бiрiн iстi қарауға қатысудан босату үшiн заңда көзделген себептердiң бар-жоғы туралы сұрайды. Келген алқабиге кандидаттардың әрқайсысы оның алқаби мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн дәлелдi себептердi көрсетуге, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуын мәлiмдеуге құқылы.