337-бап. Сот құрамын, процеске басқа қатысушыларды жариялау
Төрағалық етушi сот құрамын жариялайды, кiмнiң айыптаушы, қорғаушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi, сондай-ақ сот мәжілісiнiң хатшысы, сот приставы, сарапшысы, маманы болып табылатынын хабарлайды.
338-бап. Бас тартуды шешу тәртібі
1. Төрағалық етушi тараптардың сот құрамынан немесе судьялардың бiрiнен, сондай-ақ осы Кодекстiң 337-бабында аталған адамдардан осы Кодекстiң 90, 91, 94, 95, 96, 97-баптарында көзделген негiздер бойынша бас тартуды мәлiмдеу құқығын түсiндiредi. Бұл ережелер запастағы судьяға қатысты да қолданылады.
2. Мәлiмделген бас тартуды сот осы Кодекстiң 89, 90-баптарында белгiленген ережелер бойынша шешедi.
339-бап. Сотталушыға оның құқықтарын түсiндiру
Төрағалық етушi сотталушыға оның осы Кодекстiң 69-бабында көзделген басты сот талқылауындағы құқықтарын түсiндiредi.
340-бап. Жәбiрленушiге, жеке айыптаушыға, азаматтық талапкерге және
азаматтық жауапкерге олардың құқықтарын түсiндiру
Төрағалық етушi жәбiрленушiге, жеке айыптаушыға, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкiлдерiне олардың осы Кодекстiң 75, 76, 77, 78, 80, 81-баптарында көзделген басты сот талқылауындағы құқықтарын түсiндiредi. Жеке айыптау iстерi бойынша, сондай-ақ бiрiншi рет жасалған шағын және орташа ауырлықтағы қылмыстар жөніндегі iстер бойынша жәбiрленушiге бұған қоса оның сотталушымен бiтiмге келу құқығы түсiндiрiледi.
341-бап. Сарапшыға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi сарапшыға оның осы Кодекстiң 83-бабында көзделген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi және оған әдейi жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi, бұл туралы сарапшыдан қолхат алынады, ол басты сот талқылауының хаттамасына қоса тiгiледi.
342-бап. Маманға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi маманға оның осы Кодекстiң 84-бабында көзделген құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi және оған өз мiндеттерiн орындаудан бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн осы бапта белгiленген жауаптылық туралы ескертедi.
343-бап. Өтiнiштердi мәлiмдеу және шешу
1. Төрағалық етушi тараптардан оларда жаңа куәларды, сарапшыларды және мамандарды шақыру туралы және заттай дәлелдер мен құжаттарды алдыру туралы өтiнiштерiнiң бар-жоғы туралы сұрайды. Өтiнiшiн мәлiмдеген адам қандай жағдайларды анықтау үшiн қосымша дәлелдердiң қажет екенiн көрсетуге мiндеттi.
2. Төрағалық етушi, сондай-ақ тараптардан олардан талқылаудан дәлел ретiнде жiберiлмеуге тиiс материалдарды алып тастау туралы өтiнiштерiнiң бар-жоғын анықтауға мiндеттi.
3. Сот талқылауының қалған қатысушыларының пiкiрiн тыңдағаннан кейiн сот мәлiмделген әрбiр өтiнiштi қарауға, оны қанағаттандыруға немесе өтiнiштi қанағаттандырудан бас тарту туралы дәлелдi қаулы шығаруға тиiс.
4. Соттың тараптардың бастамашылығы бойынша сотқа мамандар немесе куәлар ретiнде келген адамдардан сот отырысында жауап алу туралы өтiнiштердi қанағаттандырудан бас тартуға құқығы жоқ.
5. Сот өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартқан адам оны одан әрi мәлiмдеуге құқылы.
344-бап. Iске қатысушы адамдардың бiрi болмаған кезде iстi тыңдау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу
Сот талқылауына қатысушылардың бiрi, сондай-ақ куә, сарапшы немесе маман келмеген кезде сот тараптардың iстi талқылау мүмкiндiгi туралы пiкiрiн тыңдайды және талқылауды кейiнге қалдыру немесе оны жалғастыру және келмеген адамдарды келесi сот отырысына шақырту немесе оларды алып келу туралы қаулы шығарады.
42-тарау
СОТ ТЕРГЕУІ
345-бап. Сот тергеуiнiң басталуы
1. Сот тергеуi айыптаушының сотталушыға таққан айыбының мәнiсiн баяндаудан, ал жеке айыптау iстерi бойынша - арыз берген адамның немесе оның өкiлiнiң, ал олар болмағанда - сот отырысы хатшысының шағымды баяндауынан басталады.
2. Айыптау ауырлығы төмендеу түрiне өзгертiлген жағдайда немесе айыптаудың бiр бөлiгiнен бас тартылған кезде айыптаушы сотқа айыптаудың жаңа негiзделген тұжырымын жазбаша түрде баяндауға мiндеттi.
345-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 11 шiлдедегi № 238-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
346-бап. Сотталушының көзқарасын анықтау
1. Төрағалық етушi сотталушыдан оған айыптаудың түсiнiктi-түсiнiктi емес екенiн сұрайды, оған айыптаудың мәнiсiн түсiндiредi және оның тағылған айыпқа өз көзқарасын сотқа хабарлау ниетiнiң бар-жоғын анықтайды.
2. Сотталушыға алдын ала тергеу немесе анықтау кезiнде бiлдiрiлген кiнәсiн мойындау немесе мойындамаумен байланысты емес екенiн, өз кiнәсiн мойындайтыны немесе мойындамайтыны туралы сұраққа жауап беруге мiндеттi емес екенi және сотталушының жауап беруден бас тартуы оған зиян келтiрiлгендей түсiнiлмейтiнi түсiндiрiлуге тиiс. Сотталушы өз жауабын дәлелдеуге құқылы. Сотталушының жауап бермеуi оның өз кiнәсiн мойындамағаны деп түсiнiледi.
3. Төрағалық етушi сотталушыдан оған қойылған азаматтық талап қоюды мойындайтынын-мойындамайтынын (толық, iшiнара) сұрайды. Егер сотталушы бұл сұраққа жауап берсе, онда ол жауабының дәлелiн айтуға құқылы. Сотталушының жауап бермеуi оның азаматтық талап қоюды мойындамағаны деп түсiнiледi.
4. Тараптар сотталушыға оның көзқарасын нақтылауға бағытталған сұрақтар қоюға құқылы.
347-бап. Дәлелдемелердi ұсыну мен зерттеу тәртібі
1. Сот тергеуiнде айыптаушы және қорғаушы тараптар ұсынған дәлелдемелер зерттеледi.
2. Дәлелдемелердi алдымен айыптаушы тарап ұсынады. Дәлелдемелердi зерттеу тәртібін тараптармен келiсе отырып, сот белгiлейдi. Дәлелдемелердi зерттеу тәртібін белгiлеу немесе өзгерту мәселелерi бойынша сот қаулы шығарады.
3. Сотталушы төрағалық етушiнiң рұқсатымен сот тергеуiнiң кез келген сәтiнде айғақ беруге құқылы.
347-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
348-бап. Сотталушыдан жауап алу
1. Сотталушыдан жауап алудың алдында төрағалық етушi тағылған айып және iстiң басқа да жағдайлары бойынша айғақ беру немесе бермеу құқығын, сондай-ақ сотталушының барлық айтқаны өзiне қарсы пайдаланылуы мүмкiн екенiн оған түсiндiредi.
2. Сотталушы айғақ беруге келісім берген кезде бiрiншi болып одан қорғаушы және процеске қорғаушы тарапынан қатысушылар, сонан кейiн мемлекеттік айыптаушы және процеске айыптаушы тарапынан қатысушылар жауап алады. Төрағалық етушi жетекшi сұрақтарды және iске қатысы жоқ сұрақтарды алып тастайды.
3. Сот сотталушыға одан тараптар жауап алғаннан кейiн сұрақ қояды, алайда нақтылау сұрақтары жауап алудың кез келген сәтiнде қойылуы мүмкiн.
4. Басқа сотталушы болмаған кезде сотталушыдан жауап алуға тараптардың өтiнiшi немесе соттың бастамашылығы бойынша жол берiледi, бұл туралы қаулы шығарылады. Бұл жағдайда сотталушы сот мәжілісi залына қайтып келгеннен кейiн оған өзi болмаған кезде сот мәжілісiнiң хаттамасына енгiзiлген деректер оқылады және өзi болмағанда жауап алынған сотталушыға сұрақ қою мүмкiндiгi берiледi.
349-бап. Сотталушының айғақтарын жария ету
1. Сотталушының iс бойынша сотқа дейiнгi әзiрлiк барысында берген айғақтарын жария етуге, сондай-ақ жауап алу хаттамасына қоса берiлген оның айғақтарының дыбыс жазбасын, бейне жазбаны немесе киноға түсiрiлiмiн жаңғыртуға мынадай жағдайларда:
1) сотталушы сотта айғақ беруден бас тартқан кезде;
2) iс сотталушы болмаған кезде қаралғанда;
3) сот талқылауымен алдын ала тергеу барысында берiлген айғақтардың арасында елеулi қайшылықтар болғанда жол берiледi.
2. Тиiстi жауап алу хаттамасындағы немесе сот отырысы хаттамасындағы айғақтарды алдын ала жария етпей тұрып, дыбыс, бейнежазбаны және кино түсiрiлiмiн жаңғыртуға жол берiлмейдi.
350-бап. Жәбiрленушiден жауап алу
1. Жәбiрленушiден осы Кодекстiң 351-бабының екiншi, үшiншi, төртiншi, бесiншi, алтыншы және жетiншi бөлiктерiнде көзделген куәлардан жауап алу ережелерi бойынша жауап алынады.
2. Жәбiрленушi төрағалық етушiнiң рұқсатымен сот тергеуiнiң кез келген сәтiнде айғақтар беруге құқылы.
351-бап. Куәлардан жауап алу
1. Куәлардан жеке-жеке және жауап алынбаған куәлардың қатысуынсыз жауап алынады.
2. Жауап алудың алдында төрағалық етушi куәнiң жеке басын айқындайды, оның сотталушыға және iске қатысушы басқа адамдарға қарым-қатынасын анықтайды, iс бойынша шын айғақтар беру жөніндегі азаматтық борышы мен мiндетiн, сондай-ақ айғақтар беруден бас тартқаны және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн жауаптылығын түсiндiредi. Куәға, сондай-ақ осы Кодекстiң 82-бабында көзделген оның басқа да құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi. Куәға, сондай-ақ өзiне, ерiне (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы, ал дiни қызметшiлерге - тәубе үстiнде өздерiне iшкi сырын сенiп ашқандарға қарсы айғақтар беруден бас тартуға хақылы екенi түсiндiрiледi. Заң бойынша айғақ беру мiндетiнен босатылған, бiрақ айғақ беруге тiлек бiлдiрген адамдарға көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн жауаптылығы түсiндiрiледi. Куәдан оған өз мiндеттерi мен жауаптылығы түсiндiрiлгенi туралы қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына тiркеледi.
3. Куәдан айыптаушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сотталушы және оның қорғаушысы жауап алады. Бiрiншi болып өтiнiшi бойынша сот отырысына осы куә шақырылған тарап сұрақ қояды. Судьялар куәға одан тараптар жауап алып болғаннан кейiн сұрақ қояды.
4. Куә соттың талап етуi бойынша оған ұсынылатын жазбаларды пайдалануға құқылы.
5. Куәға өз айғақтарына қатысты қолындағы құжаттарды оқып шығуға рұқсат берiледi. Бұл құжаттар сотқа ұсынылады және оның қаулысы бойынша iске тiгiлуi мүмкiн.
6. Жауап алынған куәлар сот отырысы залында қалады және олар сот тергеуi аяқталғанға дейiн соттың рұқсатынсыз және тараптардың келісімiнсiз одан шықпауға тиiс.
7. Осы Кодекстiң 101-бабында көзделген жағдайларда, куәнiң және оның жақындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында сот куәнiң жеке басы туралы нақты деректердi жарияламай, оны процеске басқа қатысушылар көрмейтiндей жағдайда одан жауап алуға құқылы, бұл туралы қаулы шығарылады.
351-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
352-бап. Кәмелетке толмаған жәбiрленушiден, куәдан жауап алу ерекшелiктерi
1. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмаған жәбiрленушiден, куәдан жауап алу, ал соттың қалауынша - он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi мұндай адамдардан жауап алу педагогтың қатысуымен жүргiзiледi. Қажет болған жағдайда сонымен қатар ата-аналары немесе кәмелетке толмаған адамның өзге де заңды өкiлдерi шақырылады. Аталған адамдар төрағалық етушiнiң рұқсатымен жәбiрленушiге және куәға сұрақ қоя алады.
2. Он алты жасқа толмаған жәбiрленушiден, куәдан жауап алудың алдында төрағалық етушi оған шын және толық айғақтардың iс үшiн маңызын түсiндiредi. Айғақ беруден бас тартқаны және көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн жауаптылық туралы аталған адамдарға ескерту жасалмайды және олардан қолхат алынбайды.
3. Тараптардың өтiнiшi бойынша немесе соттың бастамашылығы бойынша кәмелетке толмаған жәбiрленушi мен куәдан жауап алу сотталушы жоқ кезде жүргiзiлуi мүмкiн, бұл туралы сот қаулы шығарады. Сотталушы сот отырысы залына қайтып келгеннен кейiн оған кәмелетке толмаған жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтары жария етiледi, жәбiрленушiге, куәға сұрақ қою және олардың айғақтарына орай өз айғақтарын беру мүмкiндiгi берiледi.
4. Он сегiз жасқа толмаған жәбiрленушi, куә сот олардың әрi қарай қатысуын қажет деп таныған жағдайлардан басқасында, олардан жауап алынғаннан кейiн сот отырысы залынан шығарылады.
353-бап. Жәбiрленушi мен куәнiң айғақтарын жария ету
1. Сот талқылауында жәбiрленушi мен куәнiң iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу немесе кейiнгi сот талқылауы кезiнде берген айғақтарын, сондай-ақ олардан жауап алудың бейнежазбасы мен киноға түсiруiн жария етуге:
1) бұл айғақтар мен олардың сотта берген айғақтары арасында елеулi қайшылықтар бар болған кезде;
2) олардың сот талқылауына келу мүмкiндiгiн жоққа шығаратын себептер бойынша жәбiрленушiнiң немесе куәнiң сот отырысына қатыспауы кезiнде жол берiледi.
2. Жәбiрленушi мен куә берген айғақтардың дыбыс жазбасын, олардан жауап алудың бейнежазбасы мен киноға түсiруiн естiртiп-көрсету осы Кодекстiң 349-бабының екiншi бөлiгiнде белгiленген ережелер бойынша орын алуы мүмкiн.
353-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 11 шiлдедегi № 238-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
354-бап. Сот талқылауындағы сараптама
1. Сот тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасымен сараптама тағайындауға құқылы.
2. Сараптаманы алдын ала тергеу барысында қорытынды берген сарапшы (сарапшылар) не сот тағайындаған басқа сарапшы (сарапшылар) жүргiзедi.
3. Сотта сараптама жүргiзу осы баптың талаптары ескерiле отырып, осы Кодекстiң 32-тарауында жазылған ережелер бойынша жүзеге асырылады.
4. Сарапшының сот отырысында төрағалық етушiнiң рұқсатымен сараптама мәнiне қатысты мән-жайларды зерттеуге қатысуға: жауап алынатын адамдарға сұрақ беруге, қылмыстық iстiң материалдарымен танысуға, сараптама мәнiне қатысты барлық сот iс-әрекетiне қатысуға құқығы бар.
5. Төрағалық етушi тараптарға iс үшiн мәнi бар барлық мән-жайлар анықталғаннан кейiн сарапшыға жазбаша түрде сұрақ берудi ұсынады. Қойылған сұрақтар жария етiлуге және олар бойынша сот талқылауына қатысушылардың пiкiрлерi тыңдалуға тиiс.
6. Тараптар сараптамалық зерттеу объектiсi ретiнде заттарды, құжаттарды ұсынуға құқылы. Оларды мұндайлардың қатарынан шығарғанда, сот дәлелдi қаулы шығаруға мiндеттi.
7. Мәселенi қарап және ол бойынша тараптардың пiкiрiн тыңдап, сот өз қаулысымен олардың iшiнен iске қатысы жоқ немесе сарапшының құзыретiне жатпайтындарын алып тастайды, жаңа мәселелердi тұжырымдайды.
8. Сарапшы болып тағайындалған адамға сараптама тағайындалғаны туралы сот қаулысының көшiрмесi тапсырылады және осы Кодекстiң 83-бабымен көзделген оның құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi. Сот тараптардың пiкiрлерiн тыңдап болып, тексеру жүргiзу үшiн қажеттi уақытқа сот отырысын кейiнге қалдыруға құқылы.
9. Сарапшы қорытындыны жазбаша түрде бередi және оны сот мәжілісiнде жария етедi, содан кейiн, одан жауап алу осы Кодекстiң 355-бабында көзделген ережелер бойынша жүргiзiлуi мүмкiн. Сарапшының қорытындысы iске тiгiледi.
10. Сот талқылауында сараптама жүргiзiлген соң, осы Кодекстiң 255-бабында көзделген жағдайларда сот қосымша немесе қайта сараптама тағайындауға құқылы.
11. Iс бойынша сотқа дейiн iс жүргiзу барысында қорытынды берген сарапшы сотқа шақырылған жағдайда, сот қорытындыны жария еткен соң, егер ол тараптардың қарсылығын туғызбаса, сараптама тағайындамауға және сарапшыдан жауап алумен шектелуге құқылы.
355-бап. Сарапшыдан жауап алу
1. Сарапшыдан жауап алу қорытынды жария етiлгеннен кейiн ғана оны түсiндiру, нақтылау немесе толықтыру үшiн жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Сарапшыға бiрiншi болып өтiнiшi бойынша сараптама тағайындалған тарап сұрақ қояды.
3. Егер сараптама тараптар арасындағы келісім бойынша немесе қылмыстық iстi жүргiзушi органның бастамасы бойынша жүргiзiлсе, сарапшыға бiрiншi болып айыптаушы тарап, содан соң қорғаушы тарап сұрақ қояды.
4. Сот жауап алудың кез келген сәтiнде сарапшыға сұрақ қоюға құқылы.
356-бап. Заттай дәлелдемелердi қарау
1. Тергеу барысында iске тiгiлген және жаңадан алынған заттай дәлелдемелер сот тергеуi барысында сотта қаралуға және тараптарға ұсынылуға тиiс. Заттай дәлелдемелердi қарау сот тергеуiнiң кез келген сәтiнде тараптардың өтiнiшi бойынша да, сондай-ақ соттың бастамасымен де жүргiзiледi. Заттай дәлелдемелер куәлердiң, сарапшының, маманның қарауы үшiн ұсынылуы мүмкiн. Заттай дәлелдемелер ұсынылған адамдардың заттай дәлелдемелердi қараған кезде анықталған, iс үшiн маңызы бар мән-жайларға соттың назарын аударуға құқығы бар.
2. Заттай дәлелдемелердi қарауды сот олар тұрған жерде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген ережелердi сақтай отырып жүргiзуге тиiс.
357-бап. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамалары мен құжаттарын жария ету
Мән-жайларды куәландыратын тергеу iс-әрекетiнiң хаттамалары және қарау, куәландыру, алу, тiнту, мүлiкке тыйым салу, ұстау, тану үшiн көрсету, тергеу экспериментi телефонмен сөйлесудi тыңдау кезiнде белгiлi болған фактiлер, сондай-ақ егер оларда iс үшiн маңызы бар мән-жағдайлар баяндалған немесе куәландырылған болса, iске тiгiлген немесе сот отырысында ұсынылған құжаттар толық немесе iшiнара жария етiлуге тиiс. Сот отырысына ұсынылған құжаттар соттың қаулысы бойынша iске тiгiлуi мүмкiн.
358-бап. Сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарын, сондай-ақ хаттамалар
мен құжаттарды жария етудiң тәртібі
Осы Кодекстiң 349, 353, 357-баптарында көзделген жағдайларда, сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарын, сондай-ақ тергеу iс-әрекетiнiң хаттамалары мен құжаттарды оларды жария ету туралы өтiнiш бiлдiрген тарап не сот жария етедi.
359-бап. Iс болған орынды және үй-жайды қарау
1. Iс болған орынды және үй-жайды қарауды сот тараптардың қатысуымен, ал қажет болғанда куәлердiң, сарапшының, маманның қатысуымен де жүргiзедi.
2. Қарау орнына келген соң төрағалық етушi сот отырысының жалғасатындығы туралы жариялайды да сот қарауға кiрiседi. Бұл ретте сотталушыға, жәбiрленушiге, сарапшы мен маманға қараумен байланысты сұрақтар берiлуi мүмкiн.
360-бап. Тану, куәландыру, айғақтарды тұрған жерiнде тексеру мен нақтылау,
эксперимент жүргiзу, сараптамалық зерттеуге үлгiлер алу үшiн көрсету
1. Тану, куәландыру, айғақтарды тұрған жерiнде тексеру мен нақтылау, эксперимент жүргiзу, сараптамалық зерттеуге үлгiлер алу үшiн көрсету сот талқылауында тараптардың қатысуымен, осы Кодекстiң 226, 229, 238, 239-баптарында және 33-тарауында көзделген ережелер сақтала отырып, соттың қаулысы бойынша жүргiзiледi.
2. Егер iстiң мән-жайлары бойынша бұл қажет болса, тану, куәландыру, эксперимент, сараптамалық зерттеуге үлгiлер алу үшiн көрсету жабық сот отырысында жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Куәландырылушыны жалаңаштау арқылы куәландыруды жеке үй-жайда дәрiгер немесе өзге маман жүргiзедi, онда куәландыру актiсi жасалып, қол қойылады. Одан соң аталған адамдар сот отырысы залына оралады, онда олар тараптардың және куәландырылған адамның қатысуымен, егер куәландырылушының денесiнде таңбалар мен белгiлер табылса, олар туралы сотқа хабарлайды, тараптардың және соттың сұрақтарына жауап бередi. Куәландыру актiсi iске тiгiледi.
361-бап. Дәлелдемелердi зерттеудi шектеу
1. Мемлекеттік айыптаушы айыптау дәлелдемелерiн зерттеу аталған өтiнiш туындаған сәтке қаралған дәлелдемелермен шектеу туралы өтiнiш бiлдiруге құқылы. Соттың тараптардың пiкiрiн тыңдап, бұл өтiнiштi қанағаттандыруға құқығы бар.
2. Қорғаушы тарабының сотталушының, қорғаушының, сотталушының заңды өкiлiнiң, азаматтық жауапкердiң немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша ұсынылған және iске тiгiлген дәлелдемелердi зерттеуден бас тартуға құқығы бар. Мұндай бас тарту сот үшiн мiндеттi.
362-бап. Сот тергеуiнiң аяқталуы
1. Төрағалық етушi дәлелдемелердi зерттеу аяқталғаннан кейiн:
1) тараптарға, олардың сот жарыссөзiнде, ал соттың үкiм шығару кезiнде тек сот тергеуiнде қаралған дәлелдемелерге ғана сiлтеме жасауға құқылы екендiгiн түсiндiредi;
2) тараптардан, олар сот тергеуiн толықтыруды қалай ма және немен толықтырғысы келетiнiн сұрайды.
2. Сот тергеуiн толықтыру туралы өтiнiш мәлiмделген жағдайда, сот бұл өтiнiштi талқылайды және оны шешедi.
3. Өтiнiштi шешкен және қажеттi сот iс-әрекетiн орындаған соң, сондай-ақ сот тергеуiн толықтыру туралы өтiнiш туындамаған немесе сот оларды дәлелдi түрде қабылдамаған жағдайларда төрағалық етушi сот тергеуiн аяқталды деп жариялайды.
363-бап. Iстiң қысқартылған тәртiппен сотта талқылануы
1. Ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар туралы iстер бойынша, егер:
1) сотталушы өзiнiң кiнәсiн толық көлемiнде, оның iшiнде өзiне қойылған талап-арызды мойындаса;
2) сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында процеске қатысушылардың құқығына нұқсан келтiретiн, осы Кодексте белгiленген ережелердiң бұзылуына жол берiлмесе;
3) процеске қатысушылар iс бойынша жиналған дәлелдемелердiң қатыстылығы мен жол берушiлiгiне дау туғызбаса және оларды сот отырысында зерттеудi талап етпесе, сот талқылауы қысқартылған тәртiппен жүргiзiледi.
2. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен алынып тасталды.
3. Iстi сотта талқылаудың қысқартылған тәртібі сотталушы мен жәбiрленушiден жауап алудан тұрады. Сот жарыссөзi және қаралған iстi аяқтау осы Кодексте белгiленген ережелер бойынша жүзеге асырылады. Қысқартылған сот талқылауы он күн мерзiмде аяқталуға тиiс, ерекше жағдайларда бұл мерзiм судьяның дәлелдi қаулысымен ұзартылуы мүмкiн.
4. Сот, егер айыпталушыдан немесе жәбiрленушiден жауап алу барысында сот отырысында зерттеудi талап ететiн мән-жайлар белгiленген болса, сот тергеуiн толық көлемде жүргiзу туралы қаулы қабылдауы мүмкiн.
363-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 наурыздағы № 163-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 11 шiлдедегi № 238-II, 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен.
43-тарау
СОТ ЖАРЫССӨЗІ ЖӘНЕ СОТТАЛУШЫНЫҢ СОҢFЫ СӨЗІ
364-бап. Сот жарыссөзiнiң мазмұны мен тәртібі
1. Сот тергеуi аяқталған соң төрағалық етушi соттың сот жарыссөзiне көшетiнiн хабарлайды.
2. Сот жарыссөзiне қатысушының өтiнiшi бойынша оған сот жарыссөзiне дайындалу үшiн уақыт берiледi, ол үшiн төрағалық етушi оның ұзақтығын көрсете отырып, сот отырысында үзiлiс жариялайды.
3. Сот жарыссөзi айыптаушының, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердiң және азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, сотталушы мен қорғаушының сөздерiнен тұрады. Iске қатысушылардың сөздерiнiң реттілігiн олардың ұсыныстары бойынша сот белгiлейдi, бiрақ барлық жағдайларда бiрiншi болып айыптаушы сөз алады.
4. Егер мемлекеттік айыптауды бiрнеше мемлекеттік айыптаушы қолдаса, iске бiрнеше жәбiрленушi, қорғаушы, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi, азаматтық талапкерлер мен олардың өкiлдерi, сотталушылар қатысса, төрағалық етушi өз сөздерiнiң кезектілігiн өзара келiсуi үшiн оларға уақыт бередi. Қажет болғанда бұл үшiн сот отырысында үзiлiс жариялануы мүмкiн. Егер аталған адамдар жарыссөздегi өз сөздерiнiң кезектілігi туралы келісімге келе алмаса, сот олардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сөз кезегi туралы қаулы алады.
5. Сот жарыссөзiне қатысушылар өз сөздерiнде сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сiлтеме жасауға құқылы емес. Сотқа жаңа айғақтар ұсыну қажет болса, олар сот тергеуiн қайта бастау туралы өтiнiш жасай алады.
6. Сот сот жарыссөзiнiң ұзақтығын белгiлi бiр уақытпен шектей алмайды, алайда төрағалық етушi, егер жарыссөзге қатысушы азаматтардың сөзi қаралатын iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты не сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге негiзделген болса, оларды тоқтатуға құқылы.
7. Сот отырысына қатысушылардың барлығы сөз сөйлеп болған соң олардың әрқайсысы тараптар өкiлдерiнiң сөзiнде айтылғандар бойынша тағы бiр реттен қысқаша қарсылықтарын немесе ескертпелерiн (репликаларын) бiлдiруге құқылы. Соңғы ескертпенi айту құқығы барлық жағдайларда сотталушы мен оның қорғаушысына тиесiлi.
8. Әрбiр сот жарыссөзiне қатысушы сотқа осы Кодекстiң 371-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1-6-тармақтарында аталған мәселелер бойынша шешiмнiң өзi ұсынатын тұжырымын жазбаша түрде табыс ете алады. Ұсынылатын тұжырымның сот үшiн мiндеттi күшi жоқ.
365-бап. Сотталушының соңғы сөзi
1. Сот жарыссөзi аяқталған соң, төрағалық етушi сотталушыға соңғы сөз бередi. Сотталушыға оның соңғы сөзi кезiнде ешқандай сұрақ қоюға жол берiлмейдi.
2. Сот сотталушының соңғы сөзiнiң ұзақтығын белгiлеуге құқылы емес. Төрағалық етушi, егер сотталушының сөзi қаралған iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса, оны тоқтатуға құқылы.
366-бап. Сот тергеуiн қайта бастау
Егер сот жарыссөзiнде сөз сөйлеушi немесе сотталушы соңғы сөзiнде iс үшiн маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасымен сот тергеуiн қайта бастайды. Қайта басталған сот тергеуi сот аяқталған соң сот жарыссөзiн жаңадан ашады және сотталушыға соңғы сөз бередi.