2. Егер ұсталған адам басқа мемлекеттiң азаматы болып табылса, онда аталған мерзiмде ол мемлекеттiң елшiлiгi, консулдығы немесе өзгеде өкiлдiгi хабардар етiлуге тиiс.
3. Iстiң ерекше сипаты талап ететiн айрықша жағдайлар кезiнде тергеудiң бастапқы кезеңiнiң құпиясын сақтауды тиiсiнше қамтамасыз ету мақсатында прокурордың, оның орынбасарының санкциясымен көрсетiлген адамдарға хабарлау, сезiктi кәмелетке толмаған болып табылған жағдайды қоспағанда, ұстау кезiнен бастап жетпiс екi сағат бойы жүргiзiлмеуi мүмкiн.
18-тарау
БҰЛТАРТПАУ ШАРАЛАРЫ
139-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану үшiн негiздер
Айыпталушы анықтаудан, алдын ала тергеуден немесе соттан жасырынады, не iстi сотта объективтi зерттеуге және талдауға бөгет жасайды, немесе қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп ойлауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, сондай-ақ үкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi орган өз өкiлеттiгi шегiнде ол адамға осы Кодекстiң 140-бабында көзделген бұлтартпау шараларының бiрiн қолданады.
140-бап. Бұлтартпау шаралары
Бұлтартпау шаралары:
1) ешқайда кетпеу және өзiн дұрыс ұстау туралы қол қойдыру;
2) жеке кепiлдiк беру;
3) әскери қызметшiнi әскери бөлiм командованиесiнiң бақылауына беру;
4) кәмелетке толмағанды қарауға беру;
5) кепiл болу;
6) үйде қамауда ұстау;
7) қамау болып табылады.
141-бап. Бұлтартпау шараларын таңдау кезiнде ескерiлетiн мән-жайлар
Бұлтартпау шарасы және оның қайсысын қолданудың қажеттiгi туралы мәселенi шешу кезiнде осы Кодекстiң 139-бабында аталған мән-жайлармен қатар, тағылған айыптаудың ауырлығы, айыпталушының жеке басы, оның жас мөлшерi, денсаулық жағдайы, отбасы жағдайы, немен шұғылданатындығы, мүлiктiк жай-күйi, тұрақты тұратын жерiнiң бар-жоғы және басқа мән-жайлар ескерiлуге тиiс.
142-бап. Сезiктiге қатысты бұлтартпау шараларын қолдану
1. Сезiктiге қатысты бұлтартпау шаралары ерекше жағдайларда осы Кодекстiң 139-бабында көзделген негiздер болған кезде және 141-бабында көрсетiлген мән-жайлар ескерiле отырып қолданылуы мүмкiн. Бұл реттегi айыптау сезiктiге бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал егер сезiктi адам ұсталып, содан кейiн қамауға алынса, - ұсталған кезден бастап осындай мерзiмде тағылуға тиiс. Егер бұл мерзiмде айып тағылмаса, бұлтартпау шарасы дереу тоқтатылады.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм аяқталғанға дейiнгi жиырма төрт сағатта қамауда ұстау орнының бастығына оған қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiге айып тағу туралы хабар келiп түспесе, қамауға ұстау орнының бастығы ол туралы қылмыстық iстi жүргiзушi органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға хабарлауға мiндеттi. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм аяқталған кезде бұлтартпау шарасын тоқтату немесе сезiктiге айып тағу туралы тиiстi шешiм келiп түспесе, қамауға ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы көшiрмесiн жиырма төрт сағаттың iшiнде қылмыстық iстi жүргiзушi органға немесе адамға және прокурорға жолдайтын өзiнiң қаулысымен оны босатады.
3. Қамауға ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы осы баптың екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындамаған жағдайда заңмен белгiленгендей жауапты болады.
143-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану тәртібі
1. Айыпталушыға (сезiктiге) бiр мезгiлде екi және одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұлтартпау шараларын қолдану туралы адамға ол сезiктi болған немесе айыпталатын қылмыс пен осы бұлтартпау шарасын қолдану үшiн негiздiң көрсетiлуiн қамтитын қаулы шығарады. Қаулының көшiрмесi соған қатысты шығарылған адамға тапсырылады және онымен бiр мезгiлде оған осы Кодексте көзделген бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешiмге шағымданудың тәртібі түсiндiрiледi.
3. Сезiктi, айыпталушы оны болдырмау үшiн осы Кодекстiң 144, 145, 146, 147, 148, 149-баптарында көзделген шаралар қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда оған неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады, ол туралы айыпталушыға, сезiктiге тиiстi қаулының көшiрмесiн тапсыру кезiнде жариялануы тиiс.
144-бап. Ешқайда кетпеу және өзiн дұрыс ұстау туралы қолхат беру
Ешқайда кетпеу және өзiн дұрыс ұстау туралы қолхат беру қылмыстық процестi жүргiзушi органның сезiктiден, айыпталушыдан анықтаушының, тергеушiнiң немесе соттың рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұратын жерiнен кетпеуге, сотта iстi тергеуге және қарауға кедергi келтiрмеуге, белгiленген мерзiмде қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуге жазбаша мiндеттемесiн алуынан тұрады.
145-бап. Жеке кепiлдiк
1. Жеке кепiлдiк сенімге ие болған адамдардың олар сезiктiнiң немесе айыпталушының өзiн дұрыс ұстауына және олардың қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келетiндiгiне кепiлдiк беретiндiгi туралы жазбаша мiндеттемесiнен тұрады. Кепiлдiк берушiлердiң саны екеуден кем болмайды.
2. Бұлтартпау шаралары ретіндегі жеке кепiлдiктi таңдауға тек кепiлдiк берушiлердiң жазбаша өтiнiшi мен оған қатысты кепiлдiк берiлетiн адамның келісімi бойынша ғана жол берiледi.
3. Кепiлдiк берушi оған қатысты өзi кепiлдiк беретiн адамның айыбының мәнi, кепiлдiк берушiнiң оған сезiктi, айыпталушы бұлтартпау үшiн осы шара қолданылған әрекеттi жасаған жағдайда ақшадай айып салынатындығынан тұратын жауаптылығы түсiндiрiлгендiгiн растайтын жеке кепiлдiгi туралы қолхат бередi.
4. Кепiлдiк берушi қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде кепiлдiк беруден бас тартуға құқылы.
5. Сезiктi, айыпталушы оны болдырмау үшiн жеке кепiлдiк қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда, әрбiр кепiлдiк берушiге сот осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртiппен жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде ақшалай айып салуы мүмкiн.
146-бап. Әскери бөлiмдер командованиесiнiң әскери қызметшiлердi байқауы
1. Әскери бөлiмдер командованиесiнiң әскери қызметшiлер немесе оқу жиынына шақырылған әскери мiндеттiлер болып табылатын сезiктiлердi, айыпталушыларды байқауы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi мен Iшкi әскерлерiнiң жарғыларында көзделген және ол адамдардың тиiстi мiнез-құлқы мен олардың қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз етуге тиiстi шаралардың қолданылуынан тұрады.
2. Әскери бөлiмнiң командованиесiне ол бойынша аталған бұлтартпау шарасы таңдалған iстiң мәнi туралы хабарланады. Әскери бөлiмнiң командованиесi: байқау орнатылғаны туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға жазбаша хабарлайды.
3. Сезiктi, айыпталушы оны болдырмау үшiн аталған бұлтартпау шарасы таңдалған әрекеттi жасаған жағдайда әскери бөлiмнiң командованиесi ол туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға жедел хабарлауға мiндеттi.
4. Өздерiне жүктелген байқау жөніндегі мiндеттi орындамағанына кiнәлi адамдар заңдарда көзделген тәртiптiк жауаптылыққа тартылады.
147-бап. Кәмелетке толмағанды қарауына беру
1. Кәмелетке толмағанды ата-анасының, қамқоршыларының, қорғаншыларының немесе басқа да сенімге ие адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан арнаулы балалар мекемесi әкiмшiлiгiнiң қарауына беру аталған адамдардың бiреуiнiң кәмелетке толмағанның тиiстi мiнез-құлқы мен оның қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз етуiн өзiне қабылдайтын жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
2. Кәмелетке толмағанды ата-анасының және басқа да адамдардың қарауына беру тек олардың жазбаша өтiнiшi бойынша ғана мүмкiн болады.
3. Қарауына қабылдау туралы қолхат алынып қойылған кезде ата-аналарға, қамқоршыларға, қорғаншыларға, арнаулы балалар мекемелерi әкiмшiлiгi өкiлдерiне кәмелетке толмаған сезiк келтiрiлген немесе ол айыпталған қылмыстық сипаты туралы және қарауына алу жөніндегі өздерiне қабылданған мiндеттерiн бұзған жағдайдағы олардың жауаптылығы туралы хабардар етiледi.
4. Қарауына кәмелетке толмаған берiлген адамдарға олар қабылдаған мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда осы Кодекстiң 145-бабының бесiншi бөлiгiнде және 160-бабында көзделген жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн.
148-бап. Кепiл
1. Кепiл сезiктiнiң, айыпталушының өзi не басқа жеке немесе заңды тұлға соттың депозитiне сезiктi, айыпталушы анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуi жөніндегі мiндеттерiн орындауын қамтамасыз етуге енгiзетiн ақшадан тұрады. Кепiл ретiнде прокурордың немесе соттың рұқсатымен басқа да бағалы заттар мен жылжымайтын мүлiк қабылдануы мүмкiн. Кепiлдiң бағалылығын дәлелдеу кепiл берушiге жүктеледi. Кепiлдiң сомасын айыптаудың, ауырлығын, сезiктiнiң, айыпталушының жеке басын, кепiл берушiнiң мүлiктiк жағдайын ескере отырып, осы бұлтартпау шарасын таңдаған адам белгiлейдi. Аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адамдарға қатысты кепiл қабылданбайды.
2. Кепiл прокурордың санкциясымен не соттың шешiмi бойынша ғана қабылданады.
3. Кепiлдiң мөлшерi: шағын ауырлықты қылмыс жасағандығына айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң жүз еселенген мөлшерiнен; орта ауырлықтағы байқаусызда жасалған қылмысқа айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң үш жүз еселенген мөлшерiнен; орташа ауырлықтағы, қасақана қылмыс жасағандығына айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң бес жүз еселенген мөлшерiнен; ауыр қылмыс жасағандығына айыпталуы кезiнде - айлық есептiк көрсеткiштiң мың еселенген мөлшерiнен кем болмайды.
4. Кепiл берушiге, егер оның өзi сезiктi немесе айыпталушы болмаса, оған қатысты осы бұлтартпау шарасы қолданылатын адамның айыбының мәнi түсiндiрiледi. Кепiлдiң қабылданғандығы туралы сезiктiге, айыпталушыға осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мiндеттерi түсiндiрiлгендiгi, ал кепiл берушiге сезiктi, айыпталушы шақыру бойынша келуден жалтарған жағдайда кепiл мемлекеттiң кiрiсiне айналатындығы туралы ескертiлгендiгi атап өтiлген хаттама жасалады. Хаттамаға осы бұлтартпау шарасын таңдап алған лауазымды адам, сезiктi, айыпталушы, сондай-ақ ол басқа адам болса кепiл берушi қол қояды. Соттың депозитiне кепiл енгiзiлгендiгi туралы хаттама мен құжат iстiң материалдарына қосылады, ал кепiл берушiге хаттаманың көшiрмесi тапсырылады.
5. Сезiктi, айыпталушы қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келмеген жағдайда бұлтартпау шарасы неғұрлым қатаңырақ етiп өзгертiледi.
6. Осы баптың бесiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайда прокурор сотқа кепiлдi мемлекеттiң кiрiсiне айналдыру туралы ұсыныс жолдайды. Сот кепiл берушi жоғары тұрған сотқа шағымдануы мүмкiн болатын тиiстi шешiм қабылдайды.
7. Қалған жағдайларда сот iстi тоқтату туралы үкiм немесе қаулы шығарған кезде кепiлдi кепiл берушiге қайтару туралы мәселенi шешедi.
8. Қылмыстық iс алдын ала тергеуде тоқтатылған кезде кепiл анықтау немесе алдын ала тергеу органының қаулысы бойынша кепiл берушiге қайтарылады.
149-бап. Үйде қамап ұстау
1. Үйде қамап ұстау сезiктiге, айыпталушыға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауға мүмкiндiк беретiн шарттар болған, бiрақ адамды толықтай оқшаулау қажет бола қоймайтын немесе жасы, денсаулық жағдайы, отбасылық жағдайы және басқа да мән-жайлар ескерiле отырып, дұрыс емес деп ұйғарылған кезде осы Кодекстiң 150-бабында көзделген тәртiппен прокурордың санкциясымен не соттың шешiмi бойынша қолданылады.
2. Бұлтартпаудың аталған шарасын таңдау туралы қаулыда қамауға алынған адамға қолданылатын бостандығын нақты шектеу және белгiленген шектеулердiң сақталуына қадағалауды жүзеге асыру жүктелген орган немесе лауазымды адам көрсетiледi. Қамап ұсталатын адамға белгiлi бiр адамдармен қарым-қатынас жасауға, хат-хабар алуға және жөнелтуге, кез келген байланыс құралдарын пайдалану арқылы сөйлесуге тыйым салынуы, сондай-ақ тұрғын үйден шығуға шектеу белгiленуi мүмкiн. Қамап ұсталатын адамның тұрғылықты жерi күзетiлуi мүмкiн. Қажет болған кезде оның мiнез-құлқын қадағалау белгiленедi.
3. Үйде қамауда ұстаудың мерзiмi, оны ұзартудың және оған шағымданудың тәртібі осы Кодекстiң 110, 153-баптарында белгiленген ережелермен айқындалады.
150-бап. Қамауға алу
1. Қамауға алу бұлтартпау шарасы ретiнде прокурордың санкциясымен не соттың шешiмi бойынша ғана және тек заңмен екi жылдан артық мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген әдейi қылмыс жасалғандығы және заңмен үш жылдан артық мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда қылмыс жасалғандығы үшiн айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қолданылады. Ерекше жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы заңмен екi жылдан артық емес мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiнде жаза көзделген қылмыстар туралы iс бойынша айыпталушыға (сезiктiге) қатысты, егер:
1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жерi болмаса;
2) оның жеке басы анықталмаса;
3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын бұзса;
4) сот қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға тырысса немесе жасырынса, қолданылуы мүмкiн.
2. Тергеушi, анықтаушы бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуды таңдау қажет болған кезде осы бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы шығарады. Қаулыда айыпталушыны (сезiктiнi) күзетпен ұстау қажеттiгi туындаған себептер мен негiздер баяндалуы тиiс. Қаулымен бiрге аталған бұлтартпау шарасын таңдаудың негiздiлiгiн растайтын материалдар қоса берiледi. Егер бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуды таңдау туралы қаулы сезiктiге, ұсталған адамға қатысты осы Кодекстiң 132, 134-баптарына орай шығарылса, ол ұстау мерзiмi аяқталғанға дейiнгi алты сағаттан кешiктiрiлмей прокурорға ұсынылуы тиiс.
3. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуды таңдау туралы қаулы материалдары прокуратураға түскен кезден бастап алты сағаттың iшiнде прокурордың кiдiрiссiз қарауына жатады.
4. Қамауға алуға санкция беру құқығы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, Бас әскери прокурорға, олардың орынбасарларына, облыстардың прокурорларына, олардың орынбасарларына, аудандық және қалалық прокурорларға, сондай-ақ облыстардың, аудандық немесе қалалық прокурорлардың құқығында әрекет ететiн әскери, көлiктiк және басқа да прокурорларға және облыстар прокурорларының құқықтарында әрекет ететiн прокурорлардың орынбасарларына берiледi.
5. Прокурор заңмен көзделген негiздер болған кезде және осы Кодекстiң 139-бабында көзделген зардаптарды болдырмау мүмкiндiгi болмаған жағдайда басқа неғұрлым жұмсақ бұлтартпау шарасын таңдау жолымен айыпталушыны (сезiктiнi) қамауға алуға санкция бередi. Прокурор қамауға алуға санкция туралы мәселенi шешу кезiнде күзетпен ұстау үшiн негiз бар барлық материалдармен мұқият танысуға және айыпталушыдан (сезiктiден) жеке жауап алуға мiндеттi. Жауап алу кезiнде тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, егер ол iске қатысатын болса, кәмелетке толмаған айыпталушының (сезiктiнiң) заңды өкiлдерi қатыса алады және қаралатын мәселе бойынша өзiнiң пiкiрiн айта алады.
6. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы мен қамауға алу үшiн негiздер бар материалдарды қарап және айыпталушыдан (сезiктiден) жауап алып, прокурор айыпталушыға (сезiктiге) бұлтартпау шарасы түрiнде қамауға алуды қолдану туралы санкция бередi немесе санкция беруден бас тартады. Прокурордың санкциясы немесе санкция беруден бас тарту туралы белгiсi бар қаулы тергеушiге, анықтаушыға, айыпталушыға (сезiктiге) жолданады және жедел атқаруға жатады.
7. Прокурордың қамауға алуға санкция беруден бас тартуына жоғары тұрған прокурорға шағым берiлуi мүмкiн. Прокурор осы бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беруден бас тартқаннан кейiн, сондай-ақ осы Кодекстiң 110-бабында көзделген тәртiппен судья бұл бұлтартпау шарасын бұзғаннан кейiн нақ сол адамды, нақ сол iс бойынша қамауға алу жөнiнде санкция берудi сұрап, прокурорға қайталап өтiнiш жасау сол адамды қамауға алу қажеттілігiн негiздейтiн жаңа мән-жайлар пайда болған кезде ғана мүмкiн болады.
8. Егер сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуды қолдану туралы мәселе сотта туындаса, ол туралы шешiмдi тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасымен сот қабылдап, ол туралы қаулы шығарылады.
9. Егер сезiктiге, айыпталушыға қамауға ұстау түрiнде бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтiнiштi қанағаттандыруға жеткiлiктi негiздер болмаса, прокурор мен сот неғұрлым жеңiлiрек бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы. Прокурор мен сот айыпталушыға (сезiктiге) қолданылған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын немесе үйде қамап ұстауды кепiлге алмастыруға құқылы. Бұл жағдайда айыпталушы (сезiктi) келісілген сома iс жүзiнде соттың депозиттiк шотына енгiзiлгенге дейiн қамауда немесе үйде қамауда ұстауда қалады. Осыдан кейiн прокурордың, соттың қаулысы атқарылуға берiледi.
10. Анықтаушы, тергеушi, прокурор немесе сот осы Кодекстiң 138-бабында белгiленген тәртiппен бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылатындығы туралы сезiктiнiң, айыпталушының туыстарына хабарлауға мiндеттi. Тергеудiң алғашқы кезеңдегi құпиясын сақтауды тиiсiнше қамтамасыз ету мақсатында iстiң ерекше сипаты мәжбүр ететiн айрықша мән-жайларда хабарлау прокурордың санкциясымен, аталған бұлтартпау шарасы кәмелетке толмағанға қолданылатын жағдайды қоспағанда, iс жүзiнде ұсталған кезден бастап он тәулiктен аспайтын мерзiмге кешiктiрiлуi мүмкiн.
150-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II, 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен.
151-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiлер мен айыпталушыларды ұстау
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiлер мен айыпталушылар тергеу изоляторларында ұсталады. Оларды ұстаудың тәртібі мен ережелерi заңдармен белгiленедi.
152-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiлер мен
айыпталушыларды, ұсталғандарды ұстау орындарында ұстау
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiнi, айыпталушыны тергеу изоляторларына әкелу жердiң шалғайлығына немесе тиiстi қатынас жолдарының болмауына байланысты мүмкiн болмаған жағдайда мұндай адамдар прокурордың қаулысы бойынша, сондай-ақ прокурор, оның орынбасары санкцияландырған анықтаушының немесе тергеушiнiң қаулысы бойынша отыз тәулiкке дейiн уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Осындай тәртiппен ол адамдар тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу немесе iстi соттың қарауы үшiн аталған мерзiмге тергеу изоляторларынан уақытша ұстау изоляторларына ауыстырылуы мүмкiн. Мұндай адамдарды қамауда ұстаудың тәртібі мен шарттары заңдармен айқындалады.
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiнi, айыпталушыны тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу үшiн бiр тергеу изоляторынан басқа тергеу изоляторына ауыстыру (этаптау) прокурордың қаулысы бойынша немесе анықтаушының, тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
152-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-ІІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
153-бап. Қамауға алудың мерзiмдерi мен оларды ұзартудың тәртібі
1. Iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу кезiнде қамауға алудың мерзiмi, осы Кодексте көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, екi айдан аспайды.
2. Тергеудi екi айға дейiнгi мерзiмде аяқтау мүмкiн болмаған жағдайда және бұлтартпау шарасын өзгерту немесе тоқтату үшiн негiз болмаған кезде бұл мерзiмдi аудандық, қалалық прокурор және олармен теңестiрiлген әскери және өзге де прокурорлар тергеушiнiң дәлелдi өтiнiшi бойынша - үш айға дейiн, ал облыс прокуроры және оларға теңестiрiлген прокурорлар мен олардың орынбасарлары тергеушiнiң аудандық, қалалық прокурорлар мен олармен теңестiрiлген әскери және өзге де прокурорлар қолдаған дәлелдi өтiнiшi бойынша - алты айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
3. Қамауға алу мерзiмiн алты айдан астам мерзiмге ұзартуды тек iстiң ерекше күрделiлiгiне орай тергеу бөлiмi бастығының облыс прокуроры және олармен теңестiрiлген прокурорлар қолдаған дәлелдi өтiнiшi бойынша Бас прокурордың орынбасары, Бас әскери прокурор - тоғыз айға дейiн жүзеге асыра алады.
4. Қамауға алу мерзiмiн тоғыз айдан астам уақытқа ұзартуға облыс прокурорының және онымен теңестiрiлген прокурорлардың дәлелдi өтiнiшi бойынша ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағандығына айыпталған адамдарға қатысты ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - он екi айға дейiн рұқсат етедi. Қамауға алуды тоғыз айдан астам мерзiмге ұзарту туралы мәселе Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының алқасында алдын ала қаралады.
5. Қамауға алу мерзiмiн одан әрi ұзартуға жол берiлмейдi, қамауға алынған айыпталушы дереу босатылуға жатады. Қамауға алу мерзiмi айыпталушыға айып тағылған қылмысты жасағандығы үшiн қылмыстық заңда көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзiмiнен аспауға тиiс.
6. Қамауға алу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш аудандық, қалалық прокурорға және олармен теңестiрiлген әскери және өзге де прокурорларға, облыс прокурорына және онымен теңестiрiлген прокурорларға қамау мерзiмi аяқталғанға дейiнгi жетi тәулiктен кешiктiрiлмей, ал Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, оның орынбасарларына және Бас әскери прокурорға - қамау мерзiмi аяқталғанға дейiнгi он бес тәулiктен кешiктiрiлмей табыс етiледi.
7. Қамау мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш он тәулiктен аспайтын мерзiмде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының, оның орынбасарларының және Бас әскери прокурордың, ал өтiнiш келiп түскен кезден бастап бес тәулiктен аспайтын мерзiмде - төмен тұрған прокурорлардың қарауына жатады.
8. Прокурор өтiнiштi қарап, айыпталушыны қамауға алу мерзiмiн ұзартуды санкцияландырады немесе өтiнiштi қанағаттандырудан бас тартады. Егер ол ұзартылмаған болса, айыпталушы қамау мерзiмi аяқталғаннан кейiн дереу босатылуға жатады.
9. Күзетпен ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы айыпталушыны қамауға алу мерзiмi аяқталғанға дейiнгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қылмыстық iстi жүргiзушi органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға ол туралы хабарлайды. Егер бұлтартпау шарасы ретiнде заңмен белгiленген қамауға алу мерзiмi аяқталғанда айыпталушыны босату туралы не бұлтартпау шарасы ретiнде оны қамауға алу мерзiмiн ұзарту туралы тиiстi шешiм немесе осы шешiм туралы хабар келiп түспесе, қамауда ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы оны көшiрмесiн жиырма төрт сағаттың iшiнде iстi жүргiзушi органға немесе адамға және прокурорға жолдайтын өзiнiң қаулысымен босатады.
10. Қамауда ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы осы баптың тоғызыншы бөлiгiнiң талаптарын орындамаған жағдайда заңмен белгiленген жауапты болады.
11. Қамауға алудың мерзiмi айыпталушы (сезiктi) қамауда ұсталған кезден бастап прокурор iстi сотқа жолдағанға дейiн саналады. Адамды сезiктi ретiнде ұстау уақыты, соттың шешiмi бойынша үйде қамауда ұстау және психиатриялық немесе өзге медициналық мекемеде мәжбүрлi түрде болу уақыты қамауға алу мерзiмiне есептеледi. Айыпталушының және оның қорғаушысының қылмыстық iстiң материалдарымен танысу уақыты қамауға алу мерзiмiн есептеу кезiнде есепке алынбайды.
12. Айыпталушыны (сезiктiнi) сол iс бойынша, сондай-ақ онымен бiрiктiрiлген немесе одан бөлектелiнген қылмысты iс бойынша қайта қамау жағдайында қамау мерзiмi қамауда ұсталған уақыты ескерiле отырып есептеледi.
12-1. Iздестiрiлудегi адамды шет мемлекет Қазақстан Республикасына берген жағдайда қамауға алу мерзiмi оның Қазақстан Республикасы аумағына келген күнiнен бастан есептеледi. Бұл ретте адамды шет мемлекеттiң аумағында экстрадициялық қамау тәртібімен қамауда ұстау уақыты оны берген жағдайда жазаны тағайындау кезiнде жалпы қамауда ұстау мерзiмiне есептеледi.
13. Сот ол бойынша айыпталушыны қамаудың шектi мерзiмi аяқталмаған, ал бұлтартпау шарасын өзгерту үшiн негiзi жоқ iстi қосымша тергеу үшiн қайтарған кезде тергеудi қадағалауды жүзеге асыратын прокурор қылмыстық iс прокуратураға түскен күннен бастап қамау мерзiмiн бiр айдың шегiнде ұзартады.
14. Осы баптың сегiзiншi, он бiрiншi және он екiншi бөлiктерiнде белгiленген айыпталушыны қамау мерзiмiн есептеу мен ұзартудың тәртібі қадағалау сатыларында iс жүргiзудiң нәтижесiнде немесе бас бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеп жатқан адамға қатысты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкiмдi тоқтату және соттың қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануы арқылы iстi жаңа тергеуге бағыттау кезiнде де қолданылады.
153-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-ІІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
154-бап. Бұлтартпау шарасын тоқтату немесе өзгерту
Бұлтартпау шарасы оған қажеттілік болмаған кезде тоқтатылады немесе мұның өзi iстiң мән-жайы туғызған неғұрлым қатаң немесе жұмсақ шараға өзгертiледi. Бұлтартпау шарасын тоқтату немесе өзгерту анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе судьяның дәлелдi қаулысы бойынша не соттың дәлелдi қаулысы бойынша жүргiзiледi. Бұл ретте прокурор санкцияландырған, немесе қолданған, немесе оның жазбаша нұсқауы бойынша, сондай-ақ алдын ала тергеуде соттың шешiмi бойынша таңдалған бұлтартпау шарасы прокурордың келісімiмен ғана тоқтатылуы немесе өзгертiлуi мүмкiн.