1. Жер учаскесiне меншiк құқығы немесе сервитутпен ауыртпалық салынған жер учаскесiне жер пайдалану құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сервитут сақталады.
2. Сервитут мәмiленiң, оның iшiнде сатып алу-сатудың және кепiлге салудың дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға қамтамасыз етiлуi үшiн сервитут белгiленген құқықпен бiрге ғана ауыса алады.
74-бап. Сервитуттың тоқтатылуы
1. Сервитуттың қолданылуы құқық иесiнiң бас тартуы, ұзақ уақыт (3 жыл) пайдаланылмауы, оның белгiленген мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде, тараптар арасындағы келісім негiзiнде, сот шешiмi негiзiнде және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негiздер бойынша тоқтатылады.
2. Қауымдық сервитут қоғамдық қажеттер үшiн белгiленiп, ол қажеттер болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның сервитутты жою туралы шешiм қабылдауы арқылы тоқтатылуы мүмкiн.
3. Сервитуттың қолданылуы Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде көзделген негiздер бойынша бiржақты тәртiппен тоқтатылады.
4. Сервитут құқық иесiнiң тиiсiнше пайдаланбауына, сондай-ақ ол белгiленген негiздердiң болмауына байланысты жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының талап етуi бойынша сот тәртібімен тоқтатылуы мүмкiн.
5. Сервитут белгiлi бiр мерзiмге белгiленген жағдайларда, егер тараптардың келісімiнде өзгеше белгiленбесе, оның қолданылуы белгiленген мерзiм аяқталған соң тоқтатылады. Сервитут шарт негiзiнде талап етiлетiн кезге дейiн немесе белгiсiз мерзiмге белгiленген жағдайларда сервитуттың қолданылуы сервитутпен ауыртпалық салынған жылжымайтын мүлiк иесiнiң сервитутты тоқтату туралы талап еткен кезiнен бастап бiр ай мерзiм өткен соң тоқтатылады.
75-бап. Сервитутты тiркеу
1. Егер осы бапта және жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiнде өзгеше белгiленбесе, құқық иесiне бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын беретiн сервитуттардың туындауы, өзгертiлуi және тоқтатылуы құқық кадастрында мемлекеттік тiркелуге тиiс.
2. Сервитутты тiркеу кезiнде, сервитуттың туындауына негiз болған құжаттарға осы сервитутты берушi тұлға куәландырған, сервитуттың қолданылу аясының шекарасы бейнеленген жер учаскесiнiң жоспары қоса берiледi. Егер сервитут барлық жер учаскесiне қатысты болса, жер учаскесiнiң жоспарын беру талап етiлмейдi.
3. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде туындайтын сервитуттар, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiне сәйкес тiркеу объектiлерi болып табылмайтын өзге де сервитуттар мемлекеттік тiркеуге жатпайды.
8-тарау. Жер учаскесі мен жер пайдалану құқығын
кепілге салу
76-бап. Кепiлдiң мәнi
1. Кепiл берушiге жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл мәнi болуы мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiнiң және жер пайдалану құқығының кепiлiне жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы ережелер қолданылады.
3. Кепiлге салынған жер учаскесi немесе жер пайдалану құқығы осы Кодекске орай жер учаскесiне құқығы жоқ тұлғаларға қатысты кепiл ұстаушының меншiгiне айналған жағдайда осы Кодекстiң 66-бабында белгiленген нормалар қолданылады.
77-бап. Жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуды шектеу
1. Жep учаскесiне немесе жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасауға тыйым салынған жағдайларда (осы Кодекстiң 33-бабының 2-тармағы және 36-бабы) жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
2. Егер жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн нысаналы мақсатына сәйкес дербес учаске ретiнде пайдалану мүмкiн болмаса, жер учаскесiнiң бұл бөлiгiн немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Кепiлге салуға берiлген жер учаскесiнде немесе оның кепiлге салуға берiлетiн бөлiгiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнетiн жер учаскесiн түгелдей немесе оның бiр бөлiгiн не бүкiл жер учаскесiне немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын қоса кепiлге салмай, не үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiне жер пайдалану құқығын бiр мезгiлде кепiлге салмай, ол үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне кепiлдi белгiлеген кезде осы Кодекстiң 36-бабының 3-тармағында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
3. Жер учаскесiн жалдау нысанында ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығын жалдау шартының қолданылу мерзiмiне кепiлге салуға жол берiледi.
Қысқа мерзiмдi өтеулi уақытша және өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
78-бап. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) бар жер учаскесiн немесе сондай жер учаскесiне жер пайдалану құқығын кепiлге салу
1. Бөлiнетiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу, егер тараптардың келісімiмен жер учаскесiнiң көрсетiлгеннен үлкен бөлiгi немесе жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы не бүкiл жер учаскесi немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығы кепiлге берiлмесе, үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оған қызмет көрсету үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгi немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы бiр мезгiлде кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.
Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде немесе онда орналасқан жылжымайтын мүлiкке қызмет көрсету үшiн арнайы белгiленген жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде бүкiл жер учаскесiнiң немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығының кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.
Үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) кепiлге салу кезiнде тиiстi жер учаскесiнiң немесе оның бөлiнетiн бөлiгiнiң не жер учаскесiне немесе оның бөлiнетiн бөлiгiне жер пайдалану құқығының құны ескерiлуге тиiс.
2. Егер бөлiнбейтiн жер учаскесiнде ортақ меншiктегi (өзге де ортақ заттық құқықтағы) үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан болса, үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде үйдi (құрылысты, ғимаратты) орналастыру, күтiп-ұстау және пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесiнiң кепiлге салынатынын бiлдiредi. Егер аталған жағдайларда кепiл мәнi үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлiнген бөлiгi немесе ортақ мүлiкке құқықтағы үлес болса, кепiлге берiлген үй (құрылыс, ғимарат) бөлiгiнiң көлемiне сәйкес келетiн жер учаскесіндегі үлеске кепiл бiр мезгiлде белгiленедi. Кондоминиум объектiсiнде орналасқан үй-жайды кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде кондоминиумға қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалатын ортақ мүлiктегi және жер учаскесіндегі үлестiң де кепiл мәнi болатынын бiлдiредi.
3. Мемлекеттік жер пайдаланушылар аталған жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) және оның осы үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан, оған қызмет көрсетуге арналған бөлiгiн кепiлге айналдырған жағдайда ғана өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы (осы Кодекстiң 39-бабының 2-тармағы).
79-бап. Жер учаскелерiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салу тәртібі
1. Жеке меншiк құқығында немесе уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығында жер учаскелерi бар жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар кепiлге берушi бола алады.
Мемлекеттік жер пайдаланушылар осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы.
2. Жеке және заңды тұлғалар кепiл ұстаушылар болуы мүмкiн.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi немесе ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы бөлiнбейтiн жер учаскесiн кепiлге беруге ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға қатысушылардың барлығының жазбаша келісімi болған кезде жол берiледi.
Жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiкке немесе ортақ үлестiк жер пайдалануға қатысушы өз үлесiн ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға басқа қатысушылардың келісімiнсiз кепiлге салуға құқылы.
4. Ортақ меншiк құқығында жер учаскелерi бар тұлғалар ортақ меншiкке қатысушылардың жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде жер учаскелерiн кепiлге сала алады.
Мемлекеттен төлеу мерзiмi ұзартылып жеке меншiкке сатып алынатын жер учаскелерiн кепiлге салуға осы Кодекстiң 24-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жол берiледi.
5. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу үшiн жеке және заңды тұлғалар ықтимал кепiл ұстаушыға:
оның жер учаскесiне құқығын куәландыратын құжаттарды (жер учаскесiне жеке меншiк құқығы актiсiн; уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы актiсiн; тұрақты жep пайдалану құқығы актiсiн (мемлекеттік жер пайдаланушылар үшiн);
жер учаскесiне құқықты тiркеу туралы куәлiктi;
ортақ бiрлескен меншiкке немесе ортақ бiрлескен жер пайдалануға қатысушылардың жазбаша келісімiн;
жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығының кадастрлық (бағалау) құны актiсiн;
жер учаскесiнде орналасқан жылжымайтын мүлiктiң бағалау құны актiсiн;
жер учаскесi шекарасының жоспарын;
шарт жасасу мерзiмiнде кепiл салушыға белгiлi болған ипотекаға қатысты үшiншi тұлғалардың барлық құқықтарының тiзбесiн (кепiлге салу, пайдалану, жалдау, сервитут құқықтарын, жер учаскесiне немесе жер пайдалану құқығына басқа да ауыртпалықтарды);
жер учаскесi бойынша сенімдi деректердi белгiлеу үшiн қажеттi басқа да материалдарды табыс етедi.
Жер учаскесiнiң бөлiгiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге беру кезiнде жер учаскесiнiң жалпы жоспарында оның кепiлге беруге көзделген бөлiгi көрсетiлуге тиiс.
6. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
7. Жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны туралы екi жақты келісімге қол жеткiзiлген кезде, негiзгi мiндеттеменiң белгiленiп отырған сомасын қамтамасыз ету үшiн кепiлге берушi мен кепiл ұстаушы арасында жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу туралы шарт екi дана етiп жасалады.
Ипотекалық кредиттi қамтамасыз ету үшiн жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу туралы шартқа осы учаскенiң шекарасы жоспарының көшiрмесi қоса берiлуге тиiс.
8. Ипотека туралы шартта жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кредиторға немесе үшiншi тұлғаларға берудi, мақсатына сәйкес ипотека туралы шарт бойынша кепiлге салынған меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесiн кепiлге берушiнiң және (немесе) үшiншi тұлғалардың оны пайдалану құқықтарын шектеудi, сондай-ақ бұл учаскеден жемiс және табыс алуды көздеуге болмайды.
9. Кепiлге берушi кепiл ұстаушының талабы бойынша оның құқығын ипотекалық куәлiк берумен растай алады, бұл ретте кепiл туралы шарттың барлық даналарында оның берiлгендiгi туралы тиiстi жазба жасалады.
Ипотекалық куәлiк бiр дана етiп жасалып, кепiл ұстаушыға берiледi.
Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу туралы шарттың, сондай-ақ жер учаскесiне немесе жер пайдалану құқығына берiлген ипотекалық куәлiктiң нысаны мен мазмұны жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келуге тиiс.
10. Егер кепiл туралы шартта өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттар кепiл ұстаушыға немесе сенімдi тұлғаға берiледi.
11. Ипотека құқығы кепiл туралы шарттың және ипотекалық куәлiктiң жылжымайтын мүлiкке құқықты және онымен жасалатын мәмiлелердi жер учаскесi орналасқан жерi бойынша тiркелетiн органдарында мемлекеттік тiркеу кезiнен бастап туындайды.
12. Борышкер негiзгi мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiл ұстаушы жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз талаптарын қанағаттандыруға құқылы.
80-бап. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салуды тiркеу
Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу жылжымайтын мүлiкпен жасалатын мәмiлелердi тiркеу үшін белгіленген тәртiппен мемлекеттік тiркелуге тиiс.
9-тарау. Жер учаскесіне меншік құқығын, жер пайдалану құқығын
және өзге де заттық құқықтарды тоқтату
81-бап. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтату негiздерi
1. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы:
1) меншiк иесi - жер учаскесiн немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығын иелiктен шығарып басқа тұлғаларға берген;
2) меншiк иесi меншiк құқығынан немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығынан бас тартқан;
3) жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда айырылған ретте тоқтатылады.
2. Меншiк иесiнен, сатып алуды қоса алғанда, жер учаскесiн және жер пайдаланушыдан жер пайдалану құқығын алып қоюға:
1) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу жүргiзiлген;
2) жеке меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесi мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алуды қоса алғанда, алып қойылған;
3) осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайларда, мақсатына сай пайдаланылмай отырған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскесi меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылған;
4) радиоактивтi ластануға ұшыраған жер учаскесiн, құны тең жер учаскесi берiле отырып, меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан алып қойған;
5) тәркiленген реттен басқа жағдайларда жол берiлмейдi.
3. Жер пайдалану құқығы бұдан басқа да мынадай негiздер бойынша тоқтатылуы мүмкiн:
1) учаске берiлген мерзiмнiң өтуi;
2) жер учаскесi кепiлде тұрған жағдайларды қоспағанда, жер учаскесiн жалға беру шартының немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы;
3) жер пайдаланушыға қызметтiк жер телiмiн берумен байланысты туындаған еңбек қатынастарының тоқтатылуы (осы Кодекстiң 41-бабы).
82-бап. Жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тарту
1. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушы бұл туралы жария етiп, не жер учаскесiне қатысты өзiне тиесiлi құқықтарын сақтау ниетiнсiз олардан бас тартатынын айқын бiлдiретiн басқа да iс-әрекет жасап, өзiне тиесiлi жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тарта алады.
Уақытша жер пайдалану құқығынан немесе жеке меншiктегi жер учаскесiн уақытша пайдалану құқығынан бас тарту жалдау шартын немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шартты тоқтату үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы меншiк немесе жер пайдалану құқықтарынан бас тартқанын айқын бiлдiретiн iс-әрекет жасаған жағдайда (басқа жаққа кету, учаскенi ұзақ уақыт бойы пайдаланбау және басқалар), жер кадастрын жүргiзетiн органдар жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға хабарлай отырып, бұл учаскенi иесiз мүлiк ретiнде есепке алады.
Иесiз мүлiк ретiнде есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн тиiстi атқарушы орган жер учаскесiн мемлекеттік меншiкке түстi деп тану туралы талаппен сотқа жүгiне алады. Сот шешiмi бойынша мемлекеттік меншiкке түстi деп танылмаған иесiз жер учаскесiн қалдырып кеткен оның меншiк иесi немесе жер пайдаланушысы иеленуге, пайдалануға және билiк етуге қайтадан алуы не ол алу мерзiмiнiң өтуi себептi меншiкке немесе жер пайдалануға алынуы мүмкiн.
Иесiз мүлiк ретiнде есепте болған кезiнде мұндай учаске басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.
3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан ерiктi түрде бас тартқан кезде, жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының нотариат куәландырған жазбаша өтiнiшi жер учаскесiн иесiз мүлiк ретiнде есепке алуға негiз болып табылады.
Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының аталған жер учаскесiн иесiз мүлiк ретiнде есепке алынған күннен бастап бiр жыл iшiнде қайтадан меншiкке немесе жер пайдалануға алуға құқығы бар.
Иесiз мүлiк ретiнде есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн тиiстi атқарушы орган жер учаскесiн мемлекет меншiгiне түстi деп тану туралы шешiм қабылдай алады.
83-бап. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу
Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу кезiнде (осы Кодекстiң 63-бабы) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы ауысатын тұлғаның алып қойылған жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындаған кезден бастап тоқтатылады.
Кепiлге берушiнiң өтiнiшi бойынша сот дәлелдi себептер болған кезде (дүлей апат және өзге де төтенше жағдайлар), сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер кепiлге салынған жағдайда, кепiлге салынған жер учаскесiнен (жер пайдалану құқығынан) өндiрiп алу туралы шешiмде оның сатылуын бiр жылға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыруға құқылы.
84-бап. Жер учаскесiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн алып қою, оның iшiнде сатып алу жолымен алып қою
1. Жер учаскесi мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алу немесе жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының келісімiмен құны тең басқа жер учаскесiн беру арқылы алып қойылуы мүмкiн.
2. Жер учаскелерiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн алып қоюға немесе сатып алуға:
1) халықаралық мiндеттемелер;
2) қорғаныс қажетiне, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсатқа арнап жер беру;
3) учаскенiң астынан пайдалы қазбалардың кен орнының (кең таралғандарынан басқасы) табылуы;
4) жол салу, электр тарату, байланыс желiлерi мен магистральды құбырларды тарту, сондай-ақ осы объектiлердi орналастырудың басқа мүмкiн нұсқалары болмаған кезде мемлекеттік маңызы бар басқа да объектiлер салу; 5) құлау (қирау) қаупi бар апатты және ескiрген тұрғын үйлердi бұзу;
6) қалалар мен өзге де елдi мекендердiң бас жоспарлары, аумақты аймақтарға бөлу схемалары және белгiленген тәртiппен бекітілген өзге де қала құрылысы немесе жерге орналастыру құжаттамасы негiз болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының заң актілерінде осы баптың 2-тармағында аталғаннан басқа да негiздер көзделуi мүмкiн.
4. Егер жер пайдаланушы берiлген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, уақытша жер пайдалануға берiлген жер учаскесiн мемлекеттік қажеттiктерге алып қою жер пайдалану құқығын сатып алусыз жүзеге асырылады. Жер пайдаланушыларға шығындар толық көлемiнде өтеледi, сондай-ақ олардың қалауы бойынша басқа жер учаскесi берiлуi мүмкiн.
85-бап. Жер учаскесiн сатып алу
1. Егер меншiк иелерi және мемлекеттік емес жер пайдаланушылар жер пайдалану құқығын сатып алған болса, жер учаскелерiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн олардан алып қою осы Кодекске, ал онымен реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының өзге де заң актілеріне сәйкес сатып алу тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, сатып алу туралы шешiм қабылдаған орган жер учаскесiнiң меншiк иесiне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға бұл жөнiнде учаскенi сатып алудан кемiнде бiр жыл бұрын жазбаша түрде хабарлауға тиiс.
Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының осындай хабарлама алған күннен бастап бiр жыл өткенге дейiн жер учаскесiн сатып алуға меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының келісімiмен ғана жол берiледi.
86-бап. Мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алынуға тиiстi жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының құқықтары
Мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алынуға тиiстi жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы сатып алу туралы шешiм қабылданған кезден бастап, учаскенiң бағасы туралы келісім жасалғанға немесе учаскенi сатып алу туралы сот шешiмi қабылданғанға дейiн жер учаскесiне қатысты өзiне тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруы және учаскенi оның мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ететiн қажеттi шығын шығаруы мүмкiн. Бұл ретте меншiк иесi немесе жер пайдаланушы аталған кезеңде жер учаскесіндегі жаңа құрылысқа, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) кеңейтуге немесе қайта жаңғыртуға байланысты шығындар мен залалды өздерiне алуға тәуекел етедi.
Егер жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы жер учаскесiнiң бөлiгi алып қойылғаннан кейiн қалған бөлiгiн бұрынғы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкiл жер учаскесi сатып алынады.
87-бап. Сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасы
1. Мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алынатын жер учаскесiне төленетiн баға, сатып алудың мерзiмi мен басқа да жағдайлары меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының келісімiмен айқындалады.
Осы Кодекстiң 24-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес меншiк иесi мемлекеттен сатып алған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiнiң және мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасы (шығынды есептемегенде) мемлекетке төленген сома мөлшерiнде айқындалады.
Мемлекет төлеу мерзiмiн ұзартып сатқан жер учаскесi үшiн сома толық төленбеген кезде (шығынды есептемегенде) және оны мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алу кезiнде, жер учаскесiнiң бағасы мемлекетке төленген соманың мөлшерiнде айқындалады.
2. Сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасын айқындау кезiнде оған жер учаскесiнiң немесе оған құқықтардың, онда орналасқан жылжымайтын мүлiктiң нарықтық құны, сондай-ақ үшiншi тұлғалар алдындағы мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуына байланысты өздерi шеккен шығындарды қоса алғанда, жер учаскесiнен айырылуына байланысты меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген барлық шығын қосылады.
3. Меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен келісім бойынша мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алынатын жер учаскесiнiң орнына осы жер учаскесiнiң немесе оған құқықтардың құнын бағаға шығарып есептей отырып, оған басқа жер учаскесi берiлуi мүмкiн. Мемлекеттік қажеттiктер үшiн алынатын жер учаскесi немесе оған құқық мемлекеттен сатып алынуға тиiстi болып, бiрақ сатып алу жүргiзiлмеген жағдайларда, жер учаскесiнiң нарықтық құны бағаға қосылмайды, жер пайдаланушымен келісім бойынша оның орнына оған басқа жер учаскесi берiлуi мүмкiн.
88-бап. Жер учаскесiн сот шешiмi бойынша сатып алу
Егер меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өздерiнен жер учаскесiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн сатып алу туралы шешiммен келiспесе не сатып алынатын жер учаскесi үшiн төленетiн баға немесе сатып алудың басқа да жағдайлары туралы онымен келісімге қол жеткiзiлмесе, сатып алу туралар шешiм қабылдаған атқарушы орган сотқа жер учаскесiн сатып алу туралы талап-арыз бере алады.
Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мұндай талап-арыз учаскенiң меншiк иесiне немесе жер пайдаланушысына осы Кодекстiң 85-бабының 2-тармағында аталған хабарлама жiберiлген кезден бастап бiр жыл өткен соң, бiрақ екi жылдан кешiктiрiлмей берiлуi мүмкiн.
89-бап. Мемлекеттік қажеттiктер үшiн мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою
Мемлекеттік қажеттiктер үшiн мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою оны алып қоюды жүзеге асыратын атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Мұндай шешiмге жоғары тұрған органға не сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкiн. Шағым беру алып қою туралы шешiмнiң орындалуын тоқтата тұрады.
90-бап. Жекелеген санаттағы жердi алып қоюды шектеу
Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бағдарындағы ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжiрибелiк алаңдарының, орман және су қорының жерлерiн алып қоюға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындауға, учаскенiң астынан бағалы пайдалы қазбалардың кен орнының табылуына, жол, электр тарату желiлерiн, байланыс желiлерi мен магистральды құбырларды жүргiзуге, сондай-ақ мемлекеттік маңызы зор объектiлердi салып, оларды орналастырудың басқа да мүмкiн нұсқалары болмауына байланысты ерекше жағдайларда ғана жол берiледi.
91-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесiн уақытша алып қою
1. Дүлей апаттар, соғыс жағдайындағы режим, авариялар, эпидемиялар, iндеттер жағдайында және өзге де төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесi жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға олардың шеккен шығыны өтеле отырып, олардан қоғам мүддесi үшiн уақытша алып қойылуы мүмкiн. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының шеккен шығынын өтеу бағасы сот тәртібімен даулануы мүмкiн.