12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) сертификаттау
1. Денсаулық сақтау саласындағы тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) сертификаттау олардың адамның өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн растау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы мiндеттi сертификатталуға жататын тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Сертификаттау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
13-бап. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар
1. Медициналық стандарттарды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган әзiрлейдi, стандарттауды өткізудiң тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар:
1) ұйымдастыру технологияларын;
2) медициналық қызметтер көрсетудi;
3) медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыру процесiнде пайдаланылатын технологияларды;
4) дәрiлiк заттарды және медициналық бұйымдарды өндiрудi, сатудың шарттарын және олардың сапасын;
5) медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң біліктiлiгiн;
6) есепке алу-есеп беру құжаттамасын қамтиды.
3. Денсаулық сақтау стандарттарын денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiлейдi.
4. Денсаулық сақтау стандарттары денсаулық сақтау ұйымдары және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен айналысатын жеке тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
5. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады. Жекелеген стандарттардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдары жүзеге асырады.
3-тарау. Денсаулық сақтау субъектілері
14-бап. Денсаулық сақтау ұйымдары
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесiнде мынадай денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс iстейдi:
1) азаматтарға амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық көмек көрсететiн ұйымдар;
2) балалардың амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық ұйымдары;
3) жедел медициналық көмек ұйымдары;
4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
5) фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
6) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар;
7) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары;
8) қан қызметi, сот медицинасы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де денсаулық сақтау ұйымдары.
15-бап. Жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалар
1. Жеке тұлғалар медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметпен айналысуға арналған лицензиясы болған кезде медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсетуге құқылы.
2. Тиiстi бейіндегі медициналық білімi және мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар жеке тұлғалардың жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылдануға құқығы бар.
4-тарау. Денсаулық сақтау жүйесін қаржымен қамтамасыз ету
16-бап. Денсаулық сақтау жүйесiн қаржымен қамтамасыз ету көздерi
1. Денсаулық сақтаудың мемлекеттік ұйымдарын қаржымен қамтамасыз ету:
мемлекеттік бюджет қаражаты;
медициналық сақтандыру қаражаты;
ақылы негiзде медициналық қызметтер көрсетуден алған қаражаттары;
Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
2. Денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес ұйымдарын қаржымен қамтамасыз ету:
тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсетуге арналған мемлекеттік бюджет қаражаты;
медициналық сақтандыру қаражаты;
ақылы негiзде медициналық қызметтер көрсетуден алынған қаражат;
Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
3. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсетуге арналған шығындарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
17-бап. Медициналық ұйымдарды қаржыландыру нысандары
Медициналық ұйымдарды қаржыландыру мынадай нысандарда:
мемлекеттік медициналық мекемелер шығыстар сметасы бойынша;
медициналық ұйымдар бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiмен шарттық негiзде медициналық қызметтер көрсетудiң атқарылған көлемi үшiн шығындарды өтеу арқылы;
алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететiн және бекітілген халқы бар ұйымдар жан басына шаққандағы норматив бойынша жүзеге асырылады.
18-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының қаржы қаражаттарын пайдалану
1. Денсаулық сақтау жүйесiнiң қаржы қаражаттары:
медициналық көмектiң тегiн кепiлдi көлемiн көрсету жөніндегі шығындарды өтеуге;
денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды iске асыруға;
денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға;
өмiрлiк маңызы бар дәрiлiк заттарды, қанды және оның компоненттерiн, вакциналарды және басқа да иммунобиологиялық медициналық препараттарды, сондай-ақ медициналық техниканы және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға;
жұқпалы аурулардың көрiнiстерi мен эпидемиясын жоюға;
медицина және фармацевтика кадрларын даярлауға және олардың біліктiлiгiн арттыруға;
медицина ғылымын дамытуға және жетiстiктерiн енгізуге;
Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де шығыстарға бағытталады.
2. Медицина ұйымдарының тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсету жөніндегі шығындарын өтеудiң тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5-тарау. Медициналық қызмет
19-бап. Қазақстан Республикасындағы медициналық қызметтiң түрлерi
Қазақстан Республикасында медициналық қызметтiң мынадай түрлерi жүзеге асырылады:
1) медициналық көмек;
2) санитарлық авиация;
3) санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы қызмет;
4) салауатты өмiр салтын насихаттау;
5) санаторий-курорттық қызмет;
6) халықтық медицина (емшiлiк);
7) қан қызметi;
8) сот медицинасы;
9) дәрiлiк заттардың айналысы саласындағы қызмет;
10) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет;
11) денсаулық сақтау саласындағы білім беру;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерi.
20-бап. Медициналық көмек
1. Медициналық көмектi денсаулық сақтау ұйымдары және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалар жүзеге асырады.
2. Медициналық көмектiң негiзгi түрлерi:
1) алғашқы медициналық-санитарлық көмек;
2) біліктi медициналық көмек;
3) мамандандырылған медициналық көмек;
4) жоғары мамандандырылған медициналық көмек болып табылады.
3. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiне:
1) халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету;
2) жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету;
3) алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң және денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарын жiберу жөніндегі стационарлық медициналық көмек;
4) әлеуметтiк мәнi бар аурулардан және жұртқа қауiптi болып табылатын аурулардан зардап шегушiлерге Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тiзбе бойынша медициналық көмек көрсету;
5) медициналық көмектiң Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен қабылданатын қосымша түрлерi кiредi.
21-бап. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек - азаматтардың медициналық көмек алуға сұранысы кезiнде амбулатория-емхана медицина ұйымдарының медицина қызметкерлерi жүзеге асыратын, халықты медициналық көмектiң қолжетiмдi түрлерiмен тұрақты түрде және тегiн қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік қызмет және оған:
1) неғұрлым кең таралған аурулардың диагностикасы және емдеу, сондай-ақ жарақаттану, улану және кешеуiлдетуге болмайтын басқа да жағдайлар;
2) санитарлық-гигиеналық, эпидемияға қарсы iс-шаралар және аурулардың профилактикасы;
3) халықты гигиеналық оқыту мен тәрбиелеу, отбасын, ананы, әкенi және баланы қорғау;
4) халықтың сумен қамтылу қауiпсiздiгi және кенеулi тамақтануы жөніндегі түсiнiк жұмыстары кiредi.
2. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектi денсаулық сақтау ұйымдары және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет орындары қамтамасыз етедi.
3. Халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек амбулатория-емхана, стационарды алмастырушы және жедел медициналық көмек нысанында көрсетiледi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган және облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергiлiктi органдары белгiлейдi.
5. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектi ұйымдастыруды жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
22-бап. Бiлiктi медициналық көмек
1. Бiлiктi медициналық көмек - азаматтарға ауырған кезде көрсетiлетiн, диагностиканың, емдеудiң мамандандырылған әдiстерiн және күрделi медициналық технологияларды пайдалануды талап етпейтiн дәрiгерлiк медициналық көмек.
2. Бiлiктi медициналық көмек көрсету тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
23-бап. Мамандандырылған медициналық көмек
1. Мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеудiң арнайы әдiстерiн және күрделi медициналық технологияларды пайдалануды қажет ететiн аурулар кезiнде медициналық ұйымдардың азаматтарға көрсететiн медициналық көмегi.
2. Мамандандырылған медициналық көмектi денсаулық сақтаудың көп бейiндi ұйымдары амбулатория-емхана немесе стационарлық медициналық көмек нысанында көрсетедi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Мамандандырылған медициналық көмектiң түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган және облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергiлiктi органдары белгiлейдi.
24-бап. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек
1. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек - диагностика мен емдеудiң ерекше күрделi әдiстерiн, сондай-ақ бірегей медициналық технологияларды пайдалануды талап ететiн аурулар кезiнде медициналық ұйымдардың азаматтарға көрсететiн медициналық көмегi.
2. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететiн медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіруді денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Жоғары мамандандырылған медициналық көмектiң түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
25-бап. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалту
1. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалту туа бiткен және жүре келе пайда болған аурулардан, қатты, созылмалы аурулар және жарақаттар салдарынан зардап шегушi азаматтарға көрсетiледi.
2. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалту денсаулық сақтау ұйымдарында, халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiнiң ұйымдарында, сондай-ақ санаторий-курорттық ұйымдарда жүргiзiледi.
3. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалтудың түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органдар белгiлейдi.
26-бап. Медициналық көмек көрсету нысандары
Азаматтарға медициналық көмек мынадай нысандарда көрсетiлуi мүмкін:
1) жедел медициналық көмек;
2) амбулатория-емхана көмегi;
3) стационарды алмастырушы көмек;
4) стационарлық көмек;
5) санитарлық авиация;
6) санаторий-курорттық емдеу.
27-бап. Жедел медициналық көмек
1. Азаматтарға жедел медициналық көмектi жазатайым жағдайлар, жарақат алу, улану кезiнде және аса шұғыл медициналық көмектi талап ететiн өзге де жағдайлар мен аурулар кезiнде денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалар көрсетедi.
2. Жедел медициналық көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген тәртiппен мамандандырылған ұйымдар және жедел медициналық көмек қызметтерi құрылады.
3. Жедел медициналық көмек Қазақстан Республикасының азаматтарына және оның аумағындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен тегiн көрсетiледi.
4. Жедел медициналық көмек ұйымдарына ақылы қызмет көрсетумен шұғылдануға тыйым салынады.
28-бап. Амбулатория-емхана көмегi
1. Амбулатория-емхана көмегi алғашқы медициналық-санитарлық, біліктi көмек пен азаматты ауруханаға жатқызбай көрсетiлуi мүмкiн мамандандырылған медициналық көмекті қамтиды.
2. Амбулатория-емхана ұйымдарының қызметi азаматтардың медициналық көмекке қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету мақсатында олардың тұрғылықты жерi бойынша дәрiгердi еркiн таңдау құқығы ескерiле отырып, аумақтық принцип бойынша құрылады. Амбулатория-емхана ұйымдары қызметiнiң көлемi оның денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен айқындалатын түрi мен санатына байланысты болады.
3. Балаларға амбулатория-емхана көмегi олардың медициналық көмекке қолжетiмдiлiгi және тұрғылықты жерiне жақындату принципi бойынша ұйымдастырылады.
29-бап. Стационарлық көмек
1. Стационарлық көмек біліктi, мамандандырылған көмектi және азамат ауруханаға жатқызылған кезде көрсетiлуi мүмкiн жоғары мамандандырылған медициналық көмектi қамтиды.
2. Стационарлық көмек денсаулық сақтау ұйымдарында, олардың лицензия бойынша айқындалатын қызметiнiң бағытына сәйкес көрсетiледi. Стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымы қызметiнiң тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымындағы медициналық көмектiң көлемi мен түрлерiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
4. Стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдары азаматтарға тиісті күтiм мен тамақтануды қамтамасыз етедi.
30-бап. Стационарды алмастыратын көмек
1. Денсаулық сақтау ұйымдары стационарды алмастыратын күндiз келiп емделетiн бөлiмшелердi құра алады.
2. Стационарды алмастыратын бөлiмшелердiң қызмет тәртібін, олардың бейiндерiн және оларда көрсетiлетiн медициналық көмектiң көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
31-бап. Санитарлық авиацияның қызметiн ұйымдастыру
1. Қатынасу қиын жерлердегi азаматтарға аса шұғыл медициналық көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасында санитарлық авиация қызметi көзделедi.
2. Санитарлық авиация қызметiнiң жұмысын ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
32-бап. Санаторий-курорттық емдеу
1. Санаторий-курорттық емдеу медициналық көмектiң профилактикалық, оңалту және емдеу-сауықтыру iс-шараларымен қоса табиғи емдеу факторларын пайдалануға негiзделген нысаны болып табылады.
2.Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган санаторий-курорттық емдеу көрсетiлген аурулар мен денсаулық бұзылуының тiзбесiн айқындайды.
3. Медициналық көмек көрсететiн санаторий-курорттық ұйымдар өз қызметiн лицензия негiзiнде жүзеге асырады.
4. Азаматтарға санаторий-курорттық емделу үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жолдамалар берiледi.
33-бап. Халықтық медицина (емшiлiк)
1. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган беретiн тиiстi лицензиясы болған кезде медициналық білімi бар адамдардың халықтық медицина (емшiлiк) әдiстерiмен емдеуге құқығы бар.
Ерекше жағдайларда денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен медициналық білімi жоқ адамдарға халықтық медицина (емшiлiк) әдiстерiмен емдеуге лицензия берiлуi мүмкiн.
2. Жаппай емшiлiк сеанстарын, оның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып өткізуге тыйым салынады.
3. Халықтық медицинамен (емшiлiкпен) шұғылдану құқығына арналған лицензияны беру және қайтарып алу шарттарын, тәртібін және осы қызметтi жүзеге асыру тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Халықтық медицина (емшiлiк) қызметтерiн көрсетуге денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бақылау жасайды.
5. Халықтық медицинамен (емшiлiкпен) заңсыз түрде шұғылданатын адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
34-бап. Ақылы медициналық көмек алудың негiздерi мен тәртібі
1. Ақылы медициналық қызметтердi мемлекеттік және жеке денсаулық сақтау ұйымдары аурудың түрi мен медициналық және дәрiгерлiк қызметпен айналысуға арналған лицензияға сәйкес келгенде жеке медициналық iс-тәжiрибемен айналысатын жеке тұлғалар көрсетедi.
2. Ақылы қызметтiң түрлерi мен олардың баға прейскуранты мемлекеттік және жекеше денсаулық сақтау ұйымдарындағы және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен айналысатын жеке адамдардағы көрнекi ақпарат арқылы азаматтардың назарына жеткiзiледi.
3. Ақылы негiзде көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң бағалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.
4. Азаматтарға ақылы қызмет көрсеткен кездегi есепке алу-есеп беру медициналық құжаттамасын жүргiзу денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша жүзеге асырылады.
5. Денсаулық сақтау ұйымы азаматтар өтiнiш жасаған кезден бастап ақылы медициналық көмектi уақтылы және сапалы көрсету үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
6-тарау. Медициналық сараптама қызметі
35-бап. Медициналық сараптаманың түрлерi
1. Қазақстан Республикасында медициналық сараптаманың мынадай түрлерi жүзеге асырылады:
1) емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасы;
2) еңбекке уақытша қабiлетсiздiк сараптамасы;
3) медициналық-әлеуметтiк сараптама;
4) әскери-дәрiгерлiк сараптама;
5) сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамалары;
6) санитарлық-эпидемиологиялық сараптама;
7) дәрiлiк заттардың сараптамасы;
8) ғылыми-медициналық сараптама.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен медициналық сараптаманың басқа да түрлерi жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Медициналық сараптама азаматтардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етудiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
3. Медициналық сараптаманы жүргiзетiн сарапшыларды аккредитациялауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Медициналық сараптаманы ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
36-бап. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасы
1. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасы - медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсететiн жеке және заңды тұлғалардың емдеу-профилактикалық қызметiнiң деңгейi мен сапасы жөнiнде қорытынды жасау үшiн жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық iс-шаралардың жиынтығы.
2. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасын оны өткізу үшiн тиiстi жағдайы мен мүмкiндiгi бар медициналық ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен жүргiзедi.
3. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасына:
1) көрсетiлетiн медициналық көмектiң көлемi мен сапасын, медициналық ұйымдарды қаржыландыру мөлшерiнiң негiздiлiгiн анықтау;
2) медицина қызметкерлерiнiң біліктiлiк деңгейiнiң салалық нормативтер талаптарына сәйкестiгiн анықтау;
3) медициналық қондырғылармен жабдықталудың белгiленген нормативтерге сәйкестiгiн анықтау;
4) азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету;
5) азаматтардың көрсетiлетiн медициналық көмек пен медициналық қызметтердiң деңгейi мен сапасына қанағаттану дәрежесiн анықтау;
6) лицензиямен белгiленген медициналық көмек түрлерiнiң сәйкестiгiн анықтау;
7) медициналық көмек пен медициналық қызметтердiң сапасына байланысты проблемаларды анықтау, оны жақсарту және ұйымдастыруды жетiлдiру жөніндегі ұсыныстарды енгізу кiредi.
4. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасын ұйымдастыру мен өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
5. Емдеу-профилактикалық жұмыс сараптамасының қорытындысына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
37-бап. Еңбекке уақытша қабiлетсiздiк сараптамасы
1. Азаматтардың еңбекке уақытша қабiлетсiздiгi сараптамасын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен медициналық ұйымдардың дәрiгерлерi немесе дәрiгерлiк комиссия жүргiзедi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Жекелеген жағдайларда облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергiлiктi органдарының шешiмi бойынша мемлекеттік сектордың медициналық ұйымдарында азаматтардың еңбекке уақытша қабiлетсiздiгiн сараптама жасау орта медициналық білімi бар қызметкерге тапсырылуы мүмкiн.
38-бап. Медициналық-әлеуметтiк сараптама
1. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi азаматтарға, оның iшiнде он алты жасқа дейiнгi балаларға мүгедектiк тобын, оның себептерiн, мерзiмдерiн, мүгедектiк басталған уақытты және еңбекке қабiлеттiлiктi жоғалту деңгейiн белгiлейдi, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк, кәсiби оңалту жөніндегі шаралардың түрлерiн, мерзiмдерiн және көлемiн айқындайды.
2. Медициналық-әлеуметтiк сараптаманы ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
3. Медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысына азамат немесе оның заңды өкiлi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасауы мүмкiн.
39-бап. Әскери-дәрiгерлiк сараптама
1. Әскери-дәрiгерлiк сараптама денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке немесе әскери қызметке теңестiрiлген арнайы қызметке жарамдылықты белгiлеу үшiн, сондай-ақ әскери немесе арнаулы қызметтi (әскери жиындарды) өткерiп жүргенде азаматтардың сырқаттануының, мертiгуiнiң (жаралануының, жарақаттануының, контузия алуының) және қайтыс болуының себептi байланыстарын анықтау үшiн жүргiзiледi.
2. Әскери-дәрiгерлiк сараптаманы ұйымдастыру мен жүргiзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамдылық дәрежесi көрiнеу дұрыс белгiленбеген, азаматтың денсаулығының нашарлауына, мүгедектiкке немесе өлiмге әкеп соққан кезде, қабылданған шешiмге жауапты адам немесе адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысымен келiспеген жағдайда азаматтардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жоғары тұрған органдарға немесе сотқа шағым жасауға құқығы бар.
40-бап. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамалары
1. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамалары мемлекеттік денсаулық сақтау секторының медицина ұйымдарында жүргiзiледi.
2. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң сот-медицина, сот-психиатрия немесе сот-наркология сараптамаларын тағайындаған органның алдында сараптама комиссиясының құрамына тиiстi маманды оның келісімiмен енгізу жөнiнде өтiнiш жасауға құқығы бар.
3. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамаларын ұйымдастыру мен жасау тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
4. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамаларының қорытындысына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
41-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама
1. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
2. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары жүргiзедi және ол:
1) қоршаған тiршiлiк ортасы объектiлерiнiң санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға, халықтың денсаулығына әсерiн кешендi бағалауды;
2) адамдардың сырқаттануы мен улануының туындау себептерi мен жағдайларын зерттеудi;
3) шаруашылық немесе өзге қызмет процесiнде қабылданатын шешiмдердiң санитарлық-гигиеналық ережелердiң, гигиеналық нормативтердiң талаптарына сәйкестiгiн бағалауды қамтамасыз етедi.
42-бап. Дәрiлiк заттың сараптамасы
1. Дәрiлiк заттың сараптамасы - дәрiлiк затты физикалық-химиялық, биологиялық сынақтар, клиникалық зерттеулер жүргiзу арқылы оның қауiпсiздiгi, тиiмдiлiгi және сапасы тұрғысында зерттеу немесе сынау, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен дәрiлiк затты тiркеуге ұсынған нормативтiк құжаттарды зерделеу.