9-тарау. Өз құқықтары мен мүдделерін немесе
өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді
қорғап процеске қатысушылар
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара) 68-бап өзгертілді
68-бап. Сезiктi
1. Тергеушi, анықтаушы қылмыс жасады деп күмән келтiрiлгендiгiн хабарлап, соған байланысты осы Кодексте белгiленген негiздерде және тәртiппен өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған, не ұстау жүзеге асырылған, не айып тағылғанға дейiн жолын кесу шарасы қолданылған адам сезiктi болып танылады.
2. Сезiктi ұсталған немесе оған айып тағылғанға дейiн бұлтартпау шаралары қолданылған жағдайда ұсталған немесе бұлтартпау шаралары қолданылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрiлмей, өзi таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейiн оңаша және құпия жолығу құқығы қамтамасыз етiле отырып, одан жауап алынуы тиiс. Ұсталған сезiктi телефон арқылы немесе өзге де тәсiлмен дереу өзiнiң тұрған жерiне немесе жұмыс орнына өзiнiң ұсталғандығы және ұсталып отырған жерi туралы хабарлауға құқылы.
3. Қылмыстық iзге түсу органының:
1) ұсталған адамды - жетпiс екi сағаттан артық;
2) жолын кесу шарасы қолданылған адамды - сезiктiге бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы жарияланған сәттен бастап он тәулiктен артық сезiктi адам жағдайында ұстауға құқығы жоқ.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде белгiленген мерзiмдер аяқталған сәтте қылмыстық iзге түсу органы сезiктiнi қамаудан босатуға, оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күшiн жоюға не оны айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулы шығаруға мiндеттi.
5. Күдiк жеткiлiктi негiзделмеген деп тапқан қылмыстық iзге түсу органы осы баптың үшiншi бөлiгiнде белгiленген мерзiмдер аяқталғанға дейiн сезiктiнi қамаудан босатуға, оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күшiн жоюға мiндеттi.
6. Адам оны қамаудан босатқан, не оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күшi жойылған сәттен бастап не оған қатысты қылмыстық iзге түсу тоқтатылған, не қылмыстық iзге түсу органы оны айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулы шығарған сәттен бастап сезiктi жағдайында болуын тоқтатады.
7. Сезiктi: өзiне не үшiн күдiк келтiрiлгенiн бiлуге және өзiне қарсы қылмыстық iс қозғалғандығы туралы қаулының көшiрмесiн не ұстау хаттамасының немесе бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулының көшiрмесiн алуға; өзiне қарсы күдiкке байланысты түсiнiктеме мен жауап беруге, түсiндiрме мен жауап беруден бас тартуға; дәлел ұсынуға; өтiнiш пен қарсылық мәлiмдеуге; ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ пен түсiнiктеме беруге; аудармашының ақысыз көмегiн пайдалануға; өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және хаттамаларға ескерту беруге; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен оның өтiнiшi немесе қорғаушының не заңды өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiне қатысуға; соттың, прокурордың, тергеушiнiң және анықтаушының iс-әрекетi мен шешiмiне шағым беруге; оның өтiнiшi бойынша қорғаушының қатысуымен жауап алынушы болуға құқылы.
8. Сезiктiнiң қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң болуы сезiктiнiң қандай да болсын құқығын жою немесе шектеу үшiн негiз бола алмайды.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара) 69-бап өзгертілді
69-бап. Айыпталушы
1. Өзiне қатысты айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулы шыққан адам, не өзiне қатысты сотта жеке айыптайтын қылмыстық iс қозғалған адам, сондай-ақ оған қатысты анықтау органының бастығы айыптау хаттамасын жасаған және бекiткен адам айыпталушы болып танылады. Iс бойынша басты соттың талқылауы тағайындалған айыпталушы, - сотталушы, өзiне қатысты айыптау үкімі шығарылған айыпталушы, сотталған адам, өзiне қатысты ақтау үкімі шығарылған айыпталушы, ақталушы деп аталады.
2. Айыпталушы: заңға қайшы келмейтiн құралдармен және тәсiлдермен өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға және қорғануға дайындалу үшiн жеткiлiктi уақыты мен мүмкiндiгi болуға; өзiнiң не үшiн айыпталғандығын бiлуге және өзiн айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулының көшiрмесiн алуға; қылмыстық iзге түсу органынан өзiне тиесiлi құқықтар туралы дереу түсiндiрме алуға; қылмыстық процестi жүргiзушi органнан өзiнiң құқықтарын және мүдделерiн қозғайтын iс жүргiзу шешiмдерiн қабылдау туралы хабардар етiлуге, бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулының көшiрмесiн алуға; өзiне тағылған айып бойынша түсiнiктеме мен айғақ беруге; айғақ беруден бас тартуға; дәлел ұсынуға; өтiнiш пен қарсылық мәлiмдеуге; ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ беруге және түсiнiсуге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; қорғаушысы болуға; осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен өзiнен алғашқы жауап алудың алдындағы кезден бастап қорғаушымен оңаша және құпия жолығуға; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе өзiнiң қорғаушысының не заңды өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiне қатысуға; осы әрекеттердiң хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге; сарапшының алдына мәселелер қоюға, сараптама тағайындау туралы қаулымен және сарапшының қорытындысымен танысуға; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға және одан кез келген мәлiметтi кез келген көлемде көшiрiп алуға; айыптау қорытындысының және оның қосымшаларының көшірмелерін алуға; соттың, прокурордың, тергеушiнiң және анықтаушының iс-әрекетi мен шешiмiне шағым беруге; ақтамайтын негiздер бойынша iстi қысқартуға қарсылық бiлдiруге; жария сөз талқылауын талап етуге құқылы. Сотталушының бiрiншi және апелляциялық сатыдағы соттарда iстi соттың қарауына қатысуға және тараптың барлық құқықтарын пайдалануға, сонымен бiрге ақырғы сөз құқығына да құқы бар. Сотталған немесе ақталған адамның сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге; соттың үкіміне, қаулысына, судьялардың қаулыларына шағымдануға және шағымдалған шешiмдердiң көшiрмесiн алуға; iс бойынша келтiрiлген шағымдар мен қарсылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық беруге; мәлiмделген шағымдар мен қарсылықтардың сотта қаралуына қатысуға құқығы бар.
3. Iске айыпталушының қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң қатысуы айыпталушының қандай да болмасын құқығын жою немесе шектеу үшiн негiз бола алмайды.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен 70-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (қолданысқа енетін мерзімін қара)
70-бап. Қорғаушы
1. Қорғаушы - заңда белгiленген тәртiппен сезiктiлер мен айыпталушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын және оларға заң көмегiн көрсететiн адам.
2. Қорғаушы ретінде адвокат қатысады. Күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды адвокатпен қатар күдіктінің, айыпталушының, сотталушының жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкілдері, кәсіподақтардың және осы бірлестіктер мүшелерінің істері бойынша басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жүзеге асыра алады. Шетелдік адвокаттардың іске қорғаушылар ретінде қатысуына, егер бұл Қазақстан Республикасының тиісті мемлекетпен жасасқан халықаралық шартында өзара негізде көзделсе, заңнамада белгіленген тәртіппен жол беріледі.
3. Қорғаушы айып тағылған не адам осы Кодекстiң 68-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес сезiктi деп танылған кезден бастап iске қатысуға жiберiледi.
4. Бiр адам, егер сезiктiнiң, айыпталушының бiреуiнiң мүддесi екiншiсiнiң мүддесiне қайшы келетiн болса, олардың екеуiне бiрдей қорғаушы бола алмайды.
5. Адвокаттың өзiне қабылдаған сезiктiнi немесе айыпталушыны қорғаудан бас тартуға құқы жоқ.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен ; 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 71-бап өзгертілді
71-бап. Қорғаушының мiндеттi қатысуы
1. Қорғаушының қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуы, егер:
1) ол туралы күдікті, айыпталушы , сотталушы өтiнiш жасаса;
2) күдікті, айыпталушы, сотталушы кәмелетке толмаса;
3) күдікті, айыпталушы, сотталушы дене немесе психикалық кемiстiгiнен өзiнiң қорғану құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса;
4) күдікті, айыпталушы, сотталушы сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе;
5) адам жазалау шарасы ретiнде он жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айырылу, өмiр бойы бас бостандығынан айырылу не өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн болатын қылмысты жасағаны үшiн айыпталса;
6) айыпталушыға, сотталушыға бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылса немесе ол мәжбүр етіліп стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға жiберiлсе;
7) күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың мүдделерi арасында қайшылық болып, олардың бiреуiнiң қорғаушысы болса;
8) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге жәбiрленушiнiң (жеке айыпталушының) немесе азаматтық талапкердiң өкiлi қатысса;
9) iс сотта қаралған кезде мемлекеттік айыптаушы қатысса;
10) айыпталушы, сотталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болса және алдын ала тергеу органдарына келуден жалтарса міндетті.
2. Қорғаушының қатысуы осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1-6, 10-тармақтарында көзделген жағдайларда адам күдікті, айыпталушы, сотталушы болып танылған кезден бастап, 7-тармағында көзделген жағдайларда - күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың мүдделерiнiң арасындағы қайшылық анықталған кезден бастап, 8-9-тармақтарда көзделген жағдайларда - айыпталушыны сотқа берген сәттен бастап қамтамасыз етiледi.
3. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны күдіктінің, айыпталушының, сотталушының өзi, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа да адамдар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргiзушi орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, орган ол туралы адвокаттардың кәсiптiк ұйымы үшiн мiндеттi қаулы шығарады.
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 72-бап өзгертілді
72-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның еңбегiне ақы төлеу
1. Қорғаушыны күдікті, айыпталушы, сотталушы, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тапсырмасы бойынша немесе келісімiмен басқа да адамдар шақырады. Күдікті, айыпталушы немесе сотталушы қорғану үшiн бiрнеше қорғаушыларды шақыруға құқылы.
2. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының сұрауы бойынша қорғаушының қатысуын қылмыстық процестi жүргiзушi орган қамтамасыз етедi.
3. Таңдалып алынған немесе тағайындалған қорғаушының ұзақ мерзiм (кемiнде бес тәулiк) iшiнде қатысуы мүмкiн болмайтын жағдайларда қылмыстық процестi жүргiзушi орган күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе адвокаттардың кәсiптiк ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыныс жасауға құқығы жоқ.
4. Ұстау немесе күзетпен ұстау жағдайында, егер күдікті, айыпталушы, сотталушы таңдаған қорғаушының келуi жиырма төрт сағаттың iшiнде мүмкiн болмаса, қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырушы орган күдіктіге, айыпталушыға немесе сотталушыға басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда қорғаушыны адвокаттардың кәсiптiк ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы тағайындауға шаралар қолданады.
5. Адвокаттың еңбегiне ақы төлеу қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзiледi. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган оған негiз болған кезде күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны заңгерлiк көмекке ақы төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу мемлекеттiң есебiнен жүргiзiледi.
6. Адвокат анықтау, алдын ала тергеу жүргiзуде немесе сотта осы Кодекстiң 71-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген, клиентпен келісім жасаспастан тағайындау бойынша қатысқан жағдайда да адвокаттардың еңбегiне ақы төлеу жөніндегі шығындар мемлекеттiң есебiнен жатқызылуы мүмкiн.
7. Егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге бiрнеше қорғаушы қатысқан жағдайда қорғаушының қатысуы қажеттi iс жүргiзу әрекетi тиiстi күдіктінің, айыпталушының, сотталушының қорғаушыларының түгел қатыспауынан заңсыз деп таныла алмайды.
8. Қорғаушы қылмыстық процестi жүргiзушi органға өзiнiң жағдайын растау үшiн жеке басын куәландыратын құжаттарды және тиiстi жағдайларда: адвокатурадан екендiгiн растайтын құжат пен заң консультациясының адвокатқа аталған iске қатысу құқығын бiлдiретiн ордерiн немесе маңызы бойынша онымен тең құжатты; қоғамдық бiрлестiктiң немесе оның басшы органының қорғаушыны тағайындау туралы шешiмiн; күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен туыстық қатынасын растайтын құжатты ұсынады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 73-бап өзгертілді
73-бап. Қорғаушыдан бас тарту
1. Сезiктi, айыпталушы iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде қорғаушыдан бас тартуға құқылы, бұл оның өзiн қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру ниетiн бiлдiредi. Қорғаушыдан бас тартуға, қорғаушы болып тағайындала алатын қорғаушы не адвокат қатысып отырған кезде сезiктiнiң, айыпталушының бастамасы бойынша ғана жол берiледi. Заңгерлiк көмекке ақы төлеу үшiн қаражаттың жоқтығы себептi қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша нысанда ресiмделедi немесе тиiстi тергеу не сот әрекетiнiң хаттамасында көрсетiледi.
2. Осы Кодекстiң 71-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2) - 4), 6) тармақтарында (айыпталушыны тұрақты сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберу кезiнде) көзделген жағдайларда айыпталушының қорғаушыдан бас тартуын қылмыстық процестi жүргiзушi органның қабылдауына болмайды.
3. Қорғаушыдан бас тарту айыпталушыны немесе сезiктiнi кейiн қорғаушының iске қатысуына рұқсат ету туралы өтiнiш жасау құқығынан айырмайды. Қорғаушының iске қатысуы осы уақытқа дейiн тергеу немесе сот талқылауының барысында жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқтырмайды.
74-бап. Қорғаушының өкiлеттiгi
1. Қорғаушы сезiктiнiң, айыпталушының айыбын жоққа шығаратын немесе жауаптылығын жеңiлдететiн жағдайларды анықтау мақсатында барлық заңды құралдар мен қорғау тәсiлдерiн пайдалануға және оларға қажеттi заңгерлiк көмек көрсетуге мiндеттi.
2. Қорғаушы iске қатысуға рұқсат етiлген сәттен бастап: сезiктiмен және айыпталушымен олардың саны мен ұзақтығы шектелместен оңаша және құпия жолығуға; заңгерлiк көмек көрсету үшiн қажеттi заттарды, құжаттарды және мәлiметтердi жинауға және ұсынуға; айып тағылған кезде қатысуға, сезiктiден немесе айыпталушыдан жауап алу кезiнде, сондай-ақ олардың қатысуымен немесе олардың өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн өзге де тергеу әрекеттерiне, сондай-ақ қорғаушының өз өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiне қатысуға; қарсылықтар бiлдiруге; ұстау хаттамасымен, бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулымен, сезiктiнiң, айыпталушының немесе қорғаушының өзiнiң қатысуымен жасалған тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен, сезiктiге және айыпталушыға ұсынылған не ұсынылуы тиiс болатын құжаттармен, ал анықтау немесе алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген мәлiметтi кез келген көлемде көшiрiп алуға; өтiнiш бiлдiруге; кез келген сатыдағы сотта iстi алдын ала тыңдауға, соттың талқылауына қатысуға, сот жарыссөздерiнде сөйлеуге, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iстi жаңарту кезiнде соттың отырысына қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпе енгізуге; iс жүргiзу құжаттарының көшiрмелерiн алуға; тарап пен қылмыстық iстi жүргiзушi адамның заңсыз әрекеттерiне қарсылық бiлдiруге, бұл қарсылықтарды iс жүргiзу құжаттарына енгізудi талап етуге; анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың және соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым енгізуге және оларды қарауға қатысуға; заңға қайшы келмейтiн кез келген басқа да қорғау құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға құқылы.
3. Тергеу әрекеттерiн жүргiзуге қатысушы қорғаушы тергеушiнiң, анықтаушының рұқсатымен жауап алынып отырған адамдарға сұрақтар қоюға құқылы. Тергеушi, анықтаушы қорғаушының сұрақтарын қабылдамауына болады, бiрақ берiлген сұрақтардың бәрiн хаттамаға енгізуге мiндеттi. Қорғаушы тергеу әрекетiнiң хаттамасына оның жазбаларының дұрыстығы мен толықтығына орай жазбаша ескертпе жасауға құқылы.
4. Қорғаушының: өзiнiң қорғауындағы адамның мүдделерiне қарсы қандай да болмасын әрекет жасауға және оған тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруына кедергi жасауға; қорғауындағы адамның айқындамасына қарамастан оның қылмысқа қатысын және оны жасағанына кiнәлiлiгiн мойындауға, қорғауындағы адамның жәбiрленушiмен татуласқандығы туралы мәлiмдеуге; азаматтық талапты мойындауға; қорғауындағы адам берген шағымдар мен өтiнiштердi керi қайтарып алуға; заңгерлiк көмек көрсетуге өтiнiш бiлдiруге және оны жүзеге асыруына байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жариялауға құқығы жоқ.
5. Қорғаушының осы Кодексте көзделген басқа да құқықтары бар және ол басқа да мiндеттердi мойнына алады.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 75-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
75-бап. Жәбiрленушi
1. Қылмыстық процесте оған тiкелей қылмыспен моральдық, дене және мүлiктiк зиян келтiрiлдi деп ұйғаруға ол жөнiнде негiз бар адам жәбiрленушi болып танылады.
2. Адам есi кiресiлi-шығасылы адам жасаған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған әрекетпен оған зиян келтiрiлген жағдайларда да жәбiрленушi болып таныла алады.
3. Адам қылмыстық процесте қылмыстық процестi жүргiзушi орган тиiстi қаулы шығарған кезден бастап жәбiрленушi болып танылады. Егер адамды жәбiрленушi деп танығаннан кейiн оның бұл жағдайда болуы үшiн негiздер жоқ екенi белгiленсе, қылмыстық процестi жүргiзушi орган өзiнiң қаулысымен ол адамның iске жәбiрленушi ретiнде қатысуын тоқтатады.
4. Жәбiрленушiге қылмыспен келтiрiлген мүлiктiк зиянды, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген ережелер бойынша өкiлге арналған шығындарды қоса есептегендегi оның алдын ала тергеу мен сотқа қатысуына байланысты келтiрiлген шығындарды өтеу қамтамасыз етiледi.
5. Жәбiрленушiнiң өзiне келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы қылмыстық процесте қаралады. Егер мұндай талап қылмыстық iсте қойылмаса не қараусыз қалдырылса, онда жәбiрленушi оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен қоюға құқылы.
6. Жәбiрленушiнiң айыпталушыға тағылған айып туралы бiлуге; айғақ беруге; дәлелдер ұсынуға; өтiнiш пен қарсылық бiлдiруге; ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; өкiлi болуына; одан дәлелдеу құралы ретiнде қылмыстық iзге түсу органы алып қойған немесе өзi берген мүлiктi, сондай-ақ қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған адамнан алып қойылған оған тиесiлi мүлiктi алуға, оған тиесiлi құжаттардың түпнұсқаларын алуға; заңда көзделген жағдайларда сезiктiмен, айыпталушымен татуласуға; өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және оларға ескертпелер беруге; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен өз өтiнiшi не өз өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлген тергеу әрекеттерiне қатысуға; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; қылмыстық iс қозғау туралы, оны жәбiрленушi деп тану туралы немесе одан бас тарту туралы, iстi тоқтату туралы қаулылардың көшiрмелерiн, айыптау қорытындысының көшiрмесiн, сондай-ақ үкiмнiң, апелляциялық сатыдағы сот шешiмдерiнiң көшiрмесiн алуға; бiрiншi сатыдағы сотта iстi соттың талқылауына қатысуға; сот жарыссөздерiнде сөйлеуге; айыптауды, оның iшiнде мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда да қолдауға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескерту беруге; қылмыстық процестi жүргiзушi органның әрекетiне шағым әкелуге; соттың үкімі мен қаулысына шағымдануға; iс бойынша әкелiнген шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық ұсынуға; мәлiмделген шағымдарды, өтiнiштердi және наразылықтарды апелляциялық сатыдағы соттың қарауына қатысуға құқығы бар.
7. Жәбiрленушiнiң, ал ол қайтыс болған жағдайда - оның құқықтық мұрагерлерiнiң аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн өлiм жазасына сотталған адамға қатысты үкiм орындалған жағдайда және өлiм жазасына кесiлген адамның осы қылмыспен келтiрiлген залалды толық көлемде өтеу үшiн жеткiлiктi мүлкi болмаған кезде республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Көрсетiлген жағдайларда қылмыспен келтiрiлген залал үшiн мемлекеттiң есебiнен өтемақы төлеу туралы мәселенi жәбiрленушiнiң өтiнiшi бойынша өлiм жазасы туралы үкiмдi шығарған сот шешедi. Жәбiрленушiнiң көрсетiлген жағдайларда, егер залал бiр мың ең төменгi есептiк көрсеткiштен аспаса, залалдың толық көлемiнде өтелуiне құқығы бар.
8. Жәбiрленушi: қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуге, iс бойынша белгiлi барлық мән-жайларды шын хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге; өзiне iс бойынша белгiлi мән-жайлар туралы мәлiметтердi жарияламауға; тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында белгiленген тәртiптi сақтауға мiндеттi.
9. Жәбiрленушi дәлелсiз себептермен шақыру бойынша келмеген кезде ол осы Кодекстiң 158-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп әкелуге ұшырауы және заңдарға сәйкес әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
10. Жәбiрленушi жауап беруден бас тартқаны үшiн және қасақана жалған айғақ бергенi үшiн заңдарға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылады.
11. Зардабы адамның қайтыс болуына жеткiзген қылмыстар туралы iстер бойынша жәбiрленушiнiң осы бапта көзделген құқықтарын қайтыс болған адамның жақын туыстары жүзеге асырады. Егер жәбiрленушiнiң құқықтарын беруге туыстарының қаза табуына байланысты қылмыспен моральдық зиян келтiрiлген бiрнеше адам үмiткер болып отырса, олардың бәрi не олардың арасындағы келісім бойынша олардың бiреуi жәбiрленушi болып таныла алады.
12. Қылмыспен моральдық немесе мүлiктiк зиян келтiрiлген заңды тұлға жәбiрленушi болып танылуы мүмкiн. Бұл жағдайда жәбiрленушiнiң құқықтары мен мiндеттерiн заңды тұлғаның өкiлi жүзеге асырады.
76-бап. Жеке айыптаушы
1. Жеке айыптау iсi бойынша сотқа шағым берген және сотта айыптауды қолдаған адам, сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда сотта айыптауды дербес қолдаушы жариялы және жеке-жариялы айыптау iсi бойынша жәбiрленушi жеке айыптаушы болып табылады.
2. Жәбiрленушi кәмелетке толмаған немесе әрекет қабiлетi жоқ жағдайда өтiнiш, сұрау бiлдiрген немесе шағым берген оның заңды өкiлi жеке айыптаушы болып саналады.
3. Жеке айыптаушы жәбiрленушiнiң барлық құқықтарын пайдаланады және барлық мiндеттерiн алады, сондай-ақ осы Кодекстiң 393-бабының үшiншi, төртiншi және алтыншы бөлiктерiнде көзделген құқықтарға ие болады.
4. Жеке айыптаушы оған тиесiлi құқықтарды пайдаланады және өзiне жүктелген мiндеттердi жеке немесе, егер ол құқықтар мен мiндеттердiң сипатына сәйкес келсе, өкiл арқылы атқарады.
77-бап. Азаматтық талапкер
1. Өзiне қатысты тiкелей қылмыспен мүлiктiк залал келтiрiлдi деп ұйғаруға жеткiлiктi негiз бар және оны өтеу туралы талап қойған жеке және заңды тұлға азаматтық талапкер болып танылады. Азаматтық талапкер моральдық зиянды мүлiктiк өтеу үшiн де талап қоя алады. Прокурор заңдарда көзделген жағдайларда өз бастамашылығы бойынша жеке немесе заңды тұлғаны азаматтық талапкер деп тануға құқылы.