1. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге:
1) заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы;
2) азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы және азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы;
3) азаматты әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы;
4) азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы;
5) заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы;
6) жылжымалы затты иесіз деп тану және жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы;
7) азаматтық хал актілері жазуларының дұрыс еместігін анықтау туралы;
8) нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға шағымдар бойынша;
9) бағалы қағаздар көрсетуші адамның жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар (шақырту ісін жүргізу) бойынша құқықтарын қалпына келтіру туралы;
10) бала асырап алу туралы;
11) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмдi немесе террористiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистiк немесе террористiк ұйым деп тану туралы iстер жатады.
2. Заңда ерекше іс жүргізу тәртібімен басқа да істерді қарау көзделуі мүмкін.
290-бап. Ерекше жүргізілетін істерді қарау тәртібі
1. Ерекше жүргізілетін істерді осы Кодекстің 31-38-тарауларында белгіленген алыныстармен және толықтырулармен қоса талап қою ережелері бойынша соттар қарайды. Ерекше жүргізілетін істерді сот арыз беруші мен мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.
2. Егер істі ерекше іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде соттың қарауына жататын құқық туралы дау туындаса, сот істі талап қою тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады. Іс талап қою тәртібімен оның қозғалу орны бойынша қаралады. Арыз беруші мен басқа да мүдделі адамдарға осы Кодекстің 150, 151-баптарында көзделген талаптарды сот белгілеген мерзімде орындау қажет екендігі түсіндіріледі. Мүдделі адамдардың қарсылықтары болған жағдайда сот істі аумақтық сотта қарау ережелері бойынша басқа соттың қарауына беруі мүмкін.
3. Сот ұйғарымы белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда арыз қаралмай қалдырылады, ал мүдделі адамдарға олардың жалпы негіздерде талап қою құқығы түсіндіріледі.
31-тарау. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау
291-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер
1. Сот азаматтардың немесе ұйымдардың жеке не мүліктік құқықтарының туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты болатын фактілерді анықтайды.
2. Сот мынадай фактілерді:
1) адамдардың туыстық қатынастарын;
2) адамның біреудің асырауында болуы;
3) тууды, бала асырап алуды, некелесуді, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеу;
4) құқық белгілейтін құжаттардың (әскери құжаттарды, паспорттарды, жеке куәліктерді және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспортында немесе жеке куәлігінде, немесе туу туралы куәлігінде көрсетілген атқа, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамдікі екендігі;
5) мүлікті меншік, шаруашылық жүргізу және оралымды басқару құқықтарымен иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету;
6) жазатайым жағдай;
7) азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болу оқиғасын тіркеуден бас тартқан жағдайда адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуы;
8) мұрагерлікті қабылдау және мұрагерліктің ашылу орны;
9) егер заңдарда оларды анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, басқа да заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істерді қарайды.
292-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтауға қажетті шарттар
Сот арыз берушінің осы фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған жағдайда, не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін емес болған кезінде ғана заңдық маңызы бар фактілерді анықтайды.
293-бап. Арыз беру
Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша арыз арыз берушінің тұрғылықты жеріндегі сотқа берілетін, бұған жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі сотқа берілетін жылжымайтын мүлікті меншік, шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқықтарымен иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету фактісі қосылмайды.
294-бап. Арыздың мазмұны
Арызда арыз берішінің қандай фактіні және қандай мақсатпен анықтау қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ арыз берушінің тиісті құжаттарды алуы мүмкін еместігін не жоғалған құжаттарды қалпына келтіру мүмкін еместігін растайтын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
295-бап. Соттың арыз бойынша шешімі
Соттың шешімі фактіні растайтын құжат болып табылады, ал мемлекеттік органдар тіркеуге тиісті фактіге қатысты алғанда оны тіркеу немесе ресімдеу үшін негіз болып табылады, бұл орайда сол органдар беретін құжаттарды ауыстырмайды.
32-тарау. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты
қайтыс болды деп жариялау
296-бап. Арыз беру
1. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы арыз оны берушінің тұрғылықты жеріндегі не хабар-ошарсыз кеткен азаматтың соңғы мәлім болған тұрғылықты жеріндегі сотқа беріледі.
2. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қоғамдық бірлестіктердің, қамқоршы және қорғаншы орган мен басқа да мүдделі адамдардың арызы бойынша басталуы мүмкін.
297-бап. Арыздың мазмұны
Арызда оны берушіге азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау қандай мақсат үшін қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ азаматтың хабар-ошарсыз кетуін растайтын мән-жайлар не хабар-ошарсыз кеткен адамның қаза табу қаупін төндірген немесе оны белгілі бір жазатайым жағдайдан қайтыс болды деп жорамалдауға негіз болатын мән-жайлар айтылуға тиіс. Әскери қызметшілер немесе соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз кеткен азаматтар жөнінде арызда соғыс қимылдарының аяқталған күні көрсетіледі.
298-бап. Судьяның арыз қабылдағаннан кейінгі іс-әрекеттері
1. Судья істі соттың қарауына әзірлеу кезінде қандай адамдардың жоқ адам туралы мәлімет бере алатынын анықтайды, сондай-ақ жоқ адам туралы соңғы мәлім болған тұрғылықты жері және жұмыс орны бойынша тиісті ұйымдардан ол туралы бар мәліметтерді сұрайды.
2. Судья арыз қабылдағаннан кейін іс қозғалғаны туралы арыз берушінің есебінен жергілікті газетте жарияланым беру туралы ұйғарым шығарады. Жарияланымда мыналар болуға тиіс:
1) азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болған деп жариялау туралы арыз келіп түскен соттың атауы;
2) арыз берушінің атауы және оның тұрғылықты жері (егер арыз заңды тұлғалардан келіп түссе, орналасқан жері);
3) жоқ адамның тегі, аты, әкесінің аты, туған жері мен соңғы жұмыс орны;
4) азаматтың жүрген жерін білетін адамдарға жарияланым берілген күннен бастап үш ай мерзімде сотқа ол туралы хабарлауды ұсыну.
3. Арызды қабылдағаннан кейін судья қамқоршы және қорғаншы органға жоғалып кеткен азаматтың мүлкін күзету мен басқару үшін қамқоршы тағайындауды ұсына алады.
299-бап. Прокурордың қатысуы міндеттілігі
Азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болған деп жариялау туралы істерді сот міндетті түрде прокурордың қатысуымен қарайды.
300-бап. Сот шешімдерінің салдары
1. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп таныған сот шешімі қамқоршы және қорғаншы органның хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкі орналасқан жерде осы мүлікке қамқоршы тағайындауға негіз болып табылады.
2. Азаматты қайтыс болды деп жариялаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органының азаматтың қайтыс болуы туралы жазуды азаматтық хал актілерін жазу кітабына енгізуге негіз болып табылады.
301-бап. Хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азаматтың келу немесе жүрген жерін анықтау салдары
Хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азамат келген немесе оның жүрген жері анықталған жағдайда сот жаңа шешіммен өзінің бұрын шығарған шешімінің күшін жояды. Бұл шешім мүлікке қамқоршылық жасауды алып тастауға және азаматтық хал актілерін жазу кітабындағы оның қайтыс болуы туралы жазбаны жоюға негіз болып табылады.
33-тарау. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке
қабілетсіз деп тану
302-бап. Арыз беру
1. Азаматты спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға, психотроптық заттарға немесе солар тақылеттестерге құнығуы салдарынан әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қамқоршы және қорғаншы органның арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
2. Психикалық науқастану немесе психиканың бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы салдарынан азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс сотта онымен бірге тұратынына қарамастан отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының (ата-анасының, балаларының, аға-інілерінің, апа-қарындастарының), прокурордың, қамқоршы және қорғаншы органның, психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесінің арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
3. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс қамқоршы белгілеу (тағайындау) жолымен әрекет қабілеттілігі шектеулі, әрекетке қабілетсіз адамның да, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдардың да мүдделерін қорғау мақсатында қозғалады.
4. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арыз сол азамат тұратын жердегі, ал егер адам психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесіне жатқызылса, сол мекеме орналасқан жердегі сотқа беріледі.
303-бап. Арыздың мазмұны
1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы арызда спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға, психотроптық заттарға немесе солар тақылеттестерге құнығып кеткен адамның өз отбасына материалдық жағынан ауыр жағдай жасайтындығын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арызда өз әрекеттерінің нақты сипаты мен маңызын түсінбеуі немесе не істегенін білмеуі салдарынан азаматтың психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы болуын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
304-бап. Судьяның ресми өкіл-адвокат тағайындауы
1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы арыз қабылданғаннан кейін судья процесте қозғалған іс бойынша азаматтың мүдделерін білдіру және қорғау үшін ресми өкіл-адвокат тағайындайды.
2. Ресми өкіл-адвокаттың заңды өкіл өкілеттігі болады. Адвокатураның қызметін реттейтін заңдарға сәйкес мұндай адвокаттың заң көмегі тегін жасалады.
305-бап. Азаматтың психикалық хал-жайын анықтау үшін сараптама тағайындау
1. Судья азаматтың психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы туралы деректер жеткілікті болған жағдайда істі соттың қарауына әзірлеу тәртібімен оның психикалық жай-күйін анықтау үшін сот-психикалық сараптама тағайындайды.
2. Әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс қозғалған адам сараптамадан өтуден көрінеу жалтарған жағдайда сот психиатрдың қатысуымен өтетін сот отырысында азаматты сот-психиатриялық сараптама мәжбүрлеп жіберу туралы ұйғарым шығара алады.
306-бап. Арызды қарау
1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы істі сот, егер азаматтың денсаулық жағдайы мүмкіндік берсе, оның өзінің, қамқоршы және қорғаншы орган өкілінің қатысуымен қарайды.
2. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы істі сот қамқоршы және қорғаншы орган өкілінің міндетті түрде қатысуымен қарайды. Әрекетке қабілетсіз деп тану туралы ісі қаралып жатқан азамат, егер денсаулық жағдайы мүмкіндік берсе, сот отырысына шақырылуы мүмкін.
3. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы істі қарауға байланысты сот шығындарын төлеуден арыз беруші босатылады.
4. Арыз берген отбасы мүшелерінің, жақын туыстардың, азаматты әрекетке қабілетсіз деп көрінеу негізсіз таныту мақсатымен теріс пиғылды әрекет жасағанын анықтаған сот олардан барлық сот шығындарын өндіріп алады.
307-бап. Арыз бойынша соттың шешімі
1. Егер азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тануға негіздердің болмау фактісін анықтаса, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
2. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған сот шешімі қамқоршы және қорғаншы органның әрекет қабілеттілігі шектеулі азаматқа қорғаншы тағайындауына негіз болып табылады.
3. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп таныған сот шешімі қамқоршы және қорғаншы органның әрекетке қабілетсіз азаматқа қамқоршы тағайындауына негіз болып табылады.
4. Қамқоршы және қорғаншы орган әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз азаматқа тиісінше қорғаншы немесе қамқоршы тағайындалғаны туралы сотқа он күн мерзім ішінде хабарлауға тиіс.
308-бап. Азаматты әрекетке қабілетті деп тану
1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 27-бабының екінші тармағында көзделген жағдайда сот азаматтың өзінің, оның отбасы мүшесінің, қорғаншының, қамқоршы және қорғаншы органның, психиатриялық диспансердің арызы бойынша азаматтың әрекет қабілеттілігі шектеулі екенінің күшін жою туралы шешім шығарады. Сот шешімінің негізінде оған белгіленген қорғаншылық күшін жояды.
2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 26-бабының үшінші тармағында көзделген жағдайларда сот қамқоршының, психиатриялық емдеу мекемесінің, отбасы мүшесінің, прокурордың, психиатриялық (психоневрологиялық) мекеменің, қамқоршы және қорғаншы органының арызы бойынша сот-психиатриялық сараптаманың тиісті қорытындысы негізінде сауыққан немесе денсаулығы едәуір жақсарған адамды әрекетке қабілетті деп тану туралы шешім шығарады. Сот шешімінің негізінде азаматқа белгіленген қамқоршылық күшін жояды.
34-тарау. Азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу
туралы істер бойынша іс жүргізу
309-бап. Ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу
1. Азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы арызды прокурор психиатриялық мекеме орналасқан жердегі сотқа береді.
2. Психиатриялық стационарға мәжбүрлеу тәртібімен жатқызу үшін заңда көзделген негіздер көрсетілуге тиісті арызға психиатр дәрігерлер комиссиясының психиатриялық стационарға болу қажеттігі туралы дәлелді қорытындысы қоса тіркеледі.
310-бап. Арыз беру мерзімі
1. Азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы арыз психиатр-дәрігерлер комиссиясы азаматты психиатриялық стационарға жатқызу қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезден бастап 72 сағат ішінде беріледі.
2. Істі қозғай отырып, судья сонымен қатар азаматтың психиатриялық стационарда болу уақытын арызды сотта қарауға қажетті мерзімге ұзартады.
311-бап. Арызды қарау
1. Азаматты мәжбүрлеу тәртібімен психиатриялық стационарға жатқызу туралы арызды судья іс қозғалған кезден бастап бес күн ішінде қарайды. Егер психиатриялық мекеме өкілінен алынған мәліметтер бойынша ол адамның психикалық хал-жайы оған психиатриялық мекеме үйінде жүргізілген сот отырысына жеке қатысуға мүмкіндік беретін болса, азаматтың өзін ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы іс бойынша сот отырысына жеке қатысуға құқығы бар.
2. Істің қозғалуына бастамашы болған психиатриялық мекеме өкілінің және ауруханаға жатқызу туралы мәселесі шешіліп жатқан адамның өкілінің арызды қарауға қатысуы міндетті.
312-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Судья арызды мәні бойынша қарай келіп, шешім шығарады, онда арыз қабылдамай тасталады не қанағаттандырылады.
2. Арызды қанағаттандыру туралы шешім азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызуға және заңда белгіленген мерзімде оны психиатриялық стационарда одан әрі ұстауға негіз болып табылады.
35-тарау. Заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің
банкроттығы туралы істерді қарау
313-бап. Заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы істерді қарау
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы істерді сот банкроттық туралы заңдарда белгіленген ерекшеліктермен қоса, осы Кодексте көзделген жалпы ережелер бойынша қарайды.
36-тарау. Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану және жылжымайтын
мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану
314-бап. Арыз беру
1. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы арыз осы мүлікті иеленуге кіріскен жеке тұлға тұратын жердегі немесе ұйым орналасқан жердегі сотқа беріледі.
2. Жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті орган сол мүлік орналасқан жердегі сотқа береді.
3. Егер коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы мүлікті есепке алған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін сотқа арызбен жүгінсе, сот жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды кері қайтарады.
315-бап. Арыздың мазмұны
1. Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы арызда қандай мүліктің иесіз деп тануға жататындығы көрсетілуге, оның негізгі ерекше белгілері сипатталуға, сондай-ақ мүлікке меншік құқығын сақтау ниетін көздемей, сол мүлікті меншік иесінің тастап кетуін куәландыратын дәлелдер және арыз иесінің мүлікті иеленуге кіріскенін куәландыратын дәлелдер келтірілуге тиіс.
2. Коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген органның жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызында қандай мүліктің иесіз деп танылатыны, оның иесіз мүлік ретінде қай уақытта есепке қойылғаны көрсетілуге, сондай-ақ осы мүлікке меншік құқығын сақтау ниетін көздемей, меншік иесінің осы мүлікті тастап кеткенін куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
316-бап. Арызды қарау
Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы немесе жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды сот арыз берушінің және іс бойынша барлық мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.
317-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Жылжымалы мүлік иесінің болмауын не иесінің оған меншік құқығын сақтау ниетін көздемей тастап кеткенін тани отырып, сот жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы және оны иеленуге кіріскен адамның меншігіне беру туралы шешім шығарады.
2. Жылжымайтын мүлік иесінің болмауын не оның меншік құқығын сақтау ниетін көздемей тастап кеткенін және белгіленген тәртіппен есепке алынғандығын таныған соң сот жылжымайтын мүлікті иесіз деп тану және коммуналдық меншік құқығын тану туралы шешім шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 36-1-тараумен толықтырылды
36-1 тарау. Ұл (қыз) асырап алу туралы
өтініштер бойынша іс жүргізу
317-1-бап. Өтiнiш беру
Жасы кәмелетке толмаған ұл немесе қыз асырап алу (бұдан әрi - бала асырап алу) туралы өтінішті бала асырап алғысы келетін азаматтар баланың тұрғылықты (жүрген) жеріндегі аудандық және оған теңестiрiлген сотқа бередi.
317-2-бап. Өтініштің мазмұны
1. Баланы асырап алу туралы өтініште:
1) бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) фамилиясы, аты, әкесінің аты, олардың тұрғылықты жері;
2) асырап алынатын баланың фамилиясы, аты, әкесінің аты, туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты (жүрген) жері, асырап алынатын баланың ата-аналары, аға-інілері мен апа-қарындастарының бар-жоғы туралы мәліметтер;
3) бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) баланы асырап алу жөніндегі негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
4) баланы асырап алушылар (бала асырап алушы) баланың тууы туралы акт жазбасына тиісті өзгерістер енгізгісі келген жағдайда, асырап алынатын баланың фамилиясын, атын, әкесінің атын, туған күнін (баланы бір жасқа дейін асырап алған жағдайда), асырап алынатын баланың туған жерін өзгерту туралы, баланың тууы туралы акт жазбасына бала асырап алушыларды (бала асырап алушыны) ата-аналар (ата-ана) ретінде жазу туралы өтініш көрсетілуге тиіс.
317-3-бап. Судьяның өтінішті қабылдап алғаннан кейінгі іс-әрекеті
Судья істі сотта қарауға әзірлеу кезінде асырап алынатын баланың тұрғылықты (жүрген) жеріндегі қамқоршылық және қорғаншылық органдарын асырап алудың негізділігі туралы және асырап алудың баланың мүддесіне сәйкестігі туралы сотқа қорытынды беруге міндеттейді.
317-4-бап. Өтініштерді қарау
Баланы асырап алу туралы істерді сот баланы асырап алушылардың (баланы асырап алушының) өздерінің, қамқоршы және қорғаншы органдар өкілдерінің, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды.
Сот қажет болған жағдайларда, іске қатысуға асырап алынатын баланың ата-аналарын (ата-анасын) немесе өзге заңды өкілдерін, оның туысқандарын және басқа мүдделі адамдарды, сондай-ақ он жасқа толған баланың өзін тарта алады.
Сот баланы асырап алу туралы істерді соттың жабық отырысында қарайды.
317-5-бап. Соттың өтініш бойынша шешімі
Баланы асырап алу туралы өтінішті қарап, сот өтінішті қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан толық бас тарту немесе бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) өздерін баланың ата-аналары (ата-анасы) ретінде оның тууы туралы акт жазбасына жазу туралы, сондай-ақ баланың туған күні мен жерін өзгерту туралы өтінішін қанағаттандыру бөлігінде бас тарту туралы шешім шығарады.
Баланы асырап алу туралы өтiнiш қанағаттандырылған жағдайда, бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) және асырап алынған баланың өзара құқықтары мен мiндеттерi сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап пайда болады.
Соттың заңды күшiне енген шешiмi баланы асырап алуды мемлекеттік тiркеу үшiн сот орналасқан жердегi азаматтық хал актілерін жазу органына, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы органға жiберiледi.
2005.23.02 № 33-III ҚР Заңымен 36-2-тараумен толықтырылды ; 2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда
36-2-тарау. Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында
экстремизмдi немесе террористiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық
ұйымды экстремистiк немесе террористік ұйым деп тану туралы өтiнiш бойынша iс жүргiзу
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 317-6-бап өзгертілді
317-6-бап. Өтiнiш беру
Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында экстремизмдi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистік ұйым деп тану туралы өтiнiштi прокурор Астана қаласының сотына бередi.
Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында террористiк қызметтi жүзеге асыратын халықаралық ұйымды террористiк ұйым деп тану туралы өтінiштi Бас прокурор Астана қаласының сотына бередi.
2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңымен 317-7-бап өзгертілді
317-7-бап. Өтiнiштiң мазмұны
Өтiнiште Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экстремистік немесе террористік деп танылуы мүмкiн қызметті шетелдiк немесе халықаралық ұйымның Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында жүзеге асыру фактiсiн растайтын мән-жайлар жазылуға тиiс.
Прокурордың шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистiк немесе террористiк ұйым деп тану туралы өтiнiшіндегі материалдар шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарынан алынған нақты деректердi де, соның iшiнде халықаралық соттардың және шет мемлекеттер соттарының сот шешiмдерiн де қамтуы мүмкiн.
2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңымен 317-8-бап өзгертілді
317-8-бап. Соттың өтiнiш бойынша шешiмi
Соттың шешiмi Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында экстремизмдi немесе террористiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйым туралы мәлiметтердi құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында өз құзыретi шегiнде статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік органның арнайы есепке алу жүйесiне қосу үшiн негiз болады.
Прокуратура органдары Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында экстремизмдi немесе террористiк қызметтi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистiк немесе террористік ұйым деп тану туралы iстi қарауға байланысты сот шығындарын төлеуден босатылады.
37-тарау. Азаматтық хал актілері жазбаларының
жаңсақтықтарын анықтау
318-бап. Арыз беру
Егер құқық туралы дау болмаған кезде азаматтық хал актілерін жазу органдары жасалған жазбаға түзетулер енгізуден бас тартса, сот азаматтық хал актілерін жазу кітаптарындағы жазулардың жаңсақтықтарын анықтау туралы істі қарайды. Азаматтық хал актілерін жазу кітаптарындағы жазбаның жаңсақтығын анықтау туралы арыз оны берушінің тұратын жеріндегі не азаматтық хал актілерін жазу органы орналасқан жердегі сотқа беріледі.
319-бап. Арыздың мазмұны
Арызда азаматтық хал актілерін жазу кітабындағы жазудың жаңсақтығы неде екендігі, қашан болғаны және азаматтық хал актілерін жазудың қандай органы жасалған жазбаны түзетуден немесе өзгертуден бас тартқандығы көрсетілуге тиіс.
320-бап. Арыз бойынша сот шешімі
Азаматтық хал актілерін жазу кітабындағы жазбаның жаңсақтығын анықтаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органдарының мұндай жазбаны түзетуіне немесе өзгертуіне негіз болып табылады.
38-тарау. Нотариаттық іс-әрекеттерге немесе оларды
жасаудан бас тартуға жасалатын шағымдар
321-бап. Шағым беру
1. Жасалған нотариаттық іс-әрекетті немесе нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартуды дұрыс емес деп есептейтін мүдделі адам бұл жөнінде нотариус немесе нотариаттық іс-әрекет жасайтын орган орналасқан жердегі аудандық сотқа шағым беруге құқылы.