ботаникалық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - өсімдіктердің бүлінуін және жойылуын туғызған немесе туғызуы мүмкін басқа да әрекеттермен бірдей дәрежеде мал жаю, шөп шабу, ағаш кесудің барлық түрлері, гүлдер жинау, өсімдіктердің тамырларын, түйнектерін және жуашығын қазып алу, от жағу, көлік құралдарының бар жолдардан тыс жерлермен келіп кіруі және жүруі, өсімдіктер мен жануарлардың тегі бөтен түрлерін жерсіндіру;
гидрогеологиялық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - тас, қиыршық тас, құм және басқа да пайдалы қазбалар өндіру, үңгірлерді бүлдіру, жер қазу жұмыстарын жүргізу, табиғи гидрологиялық режимді өзгертуі мүмкін әрекеттер, мемлекеттік табиғи қаумалдың табиғи компоненттерін бүлдіруге немесе қиратуға байланысты ізденістер мен ғылыми зерттеулер.
2. Мемлекеттік табиғи қаумалдар режимінің ерекшеліктері осы Заңның 22-бабының 1-тармағына сәйкес бекітілетін паспортпен айқындалады.
3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар осы Заңға сәйкес ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, оқу және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар мемлекеттік табиғи қаумалдарда шаруашылық қызметті белгіленген шектеулерді сақтай отырып жүзеге асыра алады.
17-тарау. Мемлекеттік қорық аймақтары
67-бап. Мемлекеттік қорық аймағының ұғымы, мақсаттары мен міндеттерi
Мемлекеттік қорық аймағы - мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар үшін қалдырылған жер учаскелері мен су айдындарында мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілерін сақтауға және/немесе биологиялық сан алуандықты сақтауға және қалпына келтіруге арналған теңдестірілген күзет режимдері бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
68-бап. Мемлекеттік қорық аймақтарын құру тәртібі
1. Мемлекеттік қорық аймақтары оларды жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан алмай, барлық санаттағы жер учаскелерінде жарияланады.
Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекеттік қорық аймағы орналасқан жер учаскесін шектеулі түрде мақсатты пайдалану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Мемлекеттік қорық аймақтары бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері оларда орналасқан мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілерін осы Заңның 28-бабымен белгіленген тәртіппен арнайы күзет қызметінің күштерімен қорғау және қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар ұйымдастырады.
69-бап. Мемлекеттік қорық аймақтарын күзету және пайдалану ерекшеліктерi
1. Егер кез-келген қызмет күзетілетін ландшафтардың табиғи келбетін өзгертуі немесе экологиялық жүйелердің тұрақтылығын бұзуы мүмкін болса не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндірсе, мемлекеттік қорық аймақтарында мұндай қызметке тыйым салынады.
2. Мемлекеттік қорық аймақтарында қорықтық және қаумалдық режимді, сондай-ақ шаруашылық қызметтің реттелмелі режимді учаскелері бөлінеді.
3. Мемлекеттік қорық аймақтары оларды күзету режимдерінің ерекшеліктерін ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін көзделген барлық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
4. Мемлекеттік қорық аймақтарында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметін шектеуді уәкілетті орган айқындап, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
18-тарау. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерi
70-бап. Мемлекеттік орман қорының айырықша құнды екпелерi
1. Мемлекеттік орман қорының айырықша құнды екпелеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына енгізілуі не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мына санаттарына енуі мүмкін айырықша құнды орман алқаптары, орман жемісі екпелері, тоғайлы және субальпілік орман алқаптары жатады:
генетикалық орман резерваттарын қоса алғанда, ғылыми маңызы бар орман учаскелері;
жаңғақ кәсіпшілігі аймақтары;
субальпілік ормандар.
2. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелер учаскелерінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес оларды күзетудің және пайдаланудың қорықтық немесе қаумалдық режимі белгіленеді.
71-бап. Халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлер
1. Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін, нәзік немесе жойылып бара жатқан түрлерінің немесе қосымша түрлерінің, ең алдымен халықаралық ресурс болып табылатын қоныс аударатын суда жүзетін құстардың едәуір дәрежеде жиынтық мөлшерінің резерваттары қызметін атқаратын теңіз су айдындарын қоса алғанда, табиғи және жасанды су бөгендері халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлер болып табылады.
2. Халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлер мемлекеттік табиғи қорықтарға, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтарға, мемлекеттік табиғи резерваттарға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге түрлеріне енгізіледі.
3. Халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлерде осы Заңға және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес негізінен суда жүзетін құстар мекендейтін жерлерді күзетуді және қалпына келтіруді қамтамасыз ететін шаруашылық қызметтің қорықтық және қаумалдық режимдері немесе реттелмелі режимі белгіленеді.
72-бап. Бірегей табиғи су объектілері немесе олардың учаскелерi
1. Бірегей табиғи су объектілеріне немесе олардың учаскелеріне теңіздер, өзендер, көлдер, мұздақтар және басқа да жер бетіндегі су объектілері немесе олардың ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар бөліктері жатады.
2. Бірегей табиғи су объектілері немесе олардың учаскелері олардың маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің құрамына енгізіледі, сондай-ақ олардың шекарасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлері құрылуы мүмкін.
3. Бірегей табиғи су объектілерінде немесе олардың учаскелерінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес олардың қорғалуын қамтамасыз ететін қорықтық, қаумалдық немесе реттелмелі су пайдалану режимдері белгіленеді.
73-бап. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерi
1. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелеріне мыналар жатады:
геологиялық объектілер - тіреуіш немесе айырықша тіліктер, айырықша тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетін тау жыныстары мен минералдары, метеориттер, фауна мен флораның сақталып қалған қазба қалдықтары кездесетін табиғи және жасанды жалаңаштанған жерлер;
геоморфологиялық объектілер - рельефтің пайда болу процестерін айқын көрсететін және туризм мен рекреация үшін ерекше құндылық сипаты бар сатылы жерлер, су жайылмалары, үңгірлер, сай-салалар, шатқалдар, сарқырамалар және рельефтің басқа нысандары;
гидрогеологиялық объектілер - бірегей және сирек қасиеттермен ерекшеленетін жер астындағы сулар және олардың жер бетіне шығатын жолдары;
жартастағы суреттері, ертеде кен өндірілген жерлері және тарихи, археологиялық және этнографиялық маңызы бар жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да объектілері бар жер қойнауы учаскелері.
2. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерінде осы Заңға және жер қойнауын қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерінің сақталуына қатер төндіретін кез-келген қызметке тыйым салынады.
74-бап. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерi
1. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін қорғауды мемлекет жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар оларды қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
3. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің өлім-жітіміне, санының қысқаруына немесе олар мекендейтін ортаның бұзылуына әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерге жол берілмейді.
4. Жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің таралымын қалпына келтіру мақсаттары үшін оларды олжалауға (аулауға, жинауға) мамандандырылған питомниктерде өсіріп, кейіннен мекендейтін ортасына шығару (алып барып шығару) үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ерекшелік жағдайларда жол беріледі.
75-бап. Ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерi
1. Ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілеріне ғылыми ынта туғызатын және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар бірегей қасиеттерімен (шығу тегінің тарихымен, өмір ұзақтығымен, діңінің, ұшарбасының пішімімен және көлемімен, гүлдерінің, жемістерінің және тұқымдарының мөлшерімен, басқа қасиеттерімен) сипатталатын ағаштардың, бұталардың және шөп тектес өсімдіктердің табиғи ортада немесе жасанды жағдайларда кездесетін дара даналары және/немесе жекелеген топтары жатады.
2. Ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері ретінде бөліп алу жерге орналастыру, орман орналастыру, қала салу жұмыстары кезінде жүргізіледі.
3. Ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін қорғауды мемлекет жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері болып жарияланған ерекше ғылыми және/немесе тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
19-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен
байланысты экологиялық желі элементтерi
76-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты экологиялық желі элементтері ұғымы
1. Өздерінің экологиялық жүйелерінің жай-күйі және өздерінің орналасуы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты және ел аумағының табиғи және мәдени ландшафтардың орнықтылығын, биологиялық сан алуандығын сақтауды қамтамасыз ететін кеңістік тұрғысынан алғанда өзара байланысып тұратын жер, су беті және олардың үстіндегі әуе кеңістігі учаскелерінің жиынтығын білдіретін табиғи кешендер экологиялық желі элементтері болып табылады.
2. Экологиялық желі элементтеріне сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жер учаскелері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзетілетін аймақтары, экологиялық дәліздер, мемлекеттік орман қоры, су қорғау аймақтары және су объектілерінің алаптары және басқа да қорғалатын табиғи объектілердің учаскелері, соның ішінде аң аулау алқаптары жатады.
3. Сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жер учаскелерін, мемлекеттік орман қорын, су қорғау аймақтары және су объектілерінің алаптарын, аң аулау алқаптарын белгілеу және пайдалану тәртібі арнайы заңнамамен реттеледі.
77-бап. Экологиялық дәліздер
1. Экологиялық дәліздер мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін, биологиялық сан алуандықты сақтау, қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейтін жануарлардың табиғи қоныс аудару және өсетін өсімдіктердің таралу жолдарын қорғау мақсаттарында экологиялық желінің ерекше қорғалатын аумақтары мен басқа да элементтері арасында кеңістік байланысты қамтамасыз ету үшін құрылады.
2. Экологиялық дәліздер учаскелерінде жабайы жануарлардың уақытша мекендейтін жерлерінде олардың, қоныс аудару кезеңдерінде олардың жүріп өтетін жолдарының сақталуын, жабайы өсімдіктер өсетін жерлердің сақталуын қамтамасыз ететін осы жерлерді пайдаланудың реттелмелі режимі белгіленеді.
3. Экологиялық дәліздердің шекаралары мен алаңдарын, олардың күзет режимін уәкілетті органның ұсынымы бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақтық дамудың аймақаралық схемалары, қала салуды жоспарлаудың кешенді схемалары және экологиялық дәліздердің аумағын қозғайтын өзге де қала салу құжаттамасы уәкілетті органмен келісуге жатады.
20-тарау. Қорытынды ережелер
78-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы бұзу келтірген зиянды өтеу
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне нұқсан келтірген заңды және жеке тұлғалар табиғат қорғау мекемелеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қалпына келтіруге жұмсалған шығындар мөлшерінде зиянды келтірілген залалдарды ескере отырып, толық көлемінде өтеуге міндетті.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы, Қазақстан Республикасының өзге табиғат қорғау заңнамасын бұзу келтірген зиянды өтеу ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік табиғи қорық қорын қалпына келтіруге жұмсалған нақты шығындар мөлшерінде келтірілген нұқсандарды ескере отырып ерікті түрде немесе сот шешімі бойынша жүргізіледі.
79-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасын бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
80-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
1. Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңмен қолданысқа енгізілетін 29-бабын қоспағанда, ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 жыл, № 17-18, 215-құжат; 1999 жыл, № 11, 357-құжат; 2001 жыл, № 3, 20-құжат; № 24, 338-құжат; 2004 жыл, № 10, 37-құжат; № 24, 142-құжат) күшін жойды деп танылсын.
| Қазақстан Республикасының Президентi | Н. Назарбаев |