1. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар аумағында мынадай:
1) қорық режимі;
2) экологиялық тұрақтану;
3) туристік және рекреациялық қызмет;
4) шектеулі шаруашылық қызмет аймақтары бөлектенеді.
2. Қорық режимі аймағында кез-келген шаруашылық қызметке және мемлекеттік табиғат-қорық қорығының аумағын рекреациялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады және осы Заңның 36-бабының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік табиғи қорығының режиміне сәйкес келетін қорықтық күзет режимі белгіленеді.
3. Қатаң түрде реттеліп отыратын экологиялық туризмді және мемлекеттік табиғи-қорық қорығының бүлінген табиғи кешендері мен объектілерін қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар жүргізуді қоспағанда, экологиялық тұрақтану аймағында шаруашылық және рекреациялық қызметке тыйым салынып, қорықтық күзет режимі белгіленеді.
4. Туристік және рекреациялық қызмет аймағы мемлекеттік ұлттық табиғи саябаққа келушілердің реттелмелі қысқа мерзімді демалысы мен ұзақ мерзімді демалысы учаскелеріне бөлінеді.
Туристік және рекреациялық қызмет аймағында мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін сақтауды қамтамасыз ететін тапсырыстық күзет режимі белгіленеді, оның аумағында реттелмелі туристік және рекреациялық пайдалануға (аң аулаудан басқа), соның ішінде рекреациялық жүктемелер нормаларын ескере отырып туристік маршруттар, соқпақтар, демалу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын құруды ұйымдастыруға жол беріледі.
5. Шектеулі шаруашылық қызмет аймағында әкімшілік-шаруашылық мақсаттағы объектілер орналастырылады, әуесқойлық (спорттық) аң аулау мен балық аулауды ұйымдастыруды қоса есептегенде, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақты күзету және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оның келушілеріне қызмет көрсету үшін қажет шаруашылық қызмет жүргізіледі, рекреациялық орталықтар, мейманханалар, кемпингтер, мұражайлар және туристерге қызмет көрсетудің басқа да объектілерін салу және оларды пайдалану жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың барлық аймақтарында оны басқару жоспарында көзделген қорғаныштық және қалпына келтіру іс-шаралары жүргізіледі.
7. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтарда осы Заңның 37 және 38-баптарымен мемлекеттік табиғи қорықтар үшін көзделген тәртіппен ғылыми және экологиялық-ағартушылық қызмет жүзеге асырылады.
43-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың туристік және рекреациялық қызметінің ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың аумақтарында реттелмелі туризм мен рекреацияны туристік операторлық қызметке лицензиясы болған жағдайда уәкілетті орган бекітетін ережелерге сәйкес:
тікелей мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар;
заңды тұлғалар мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтармен жасалатын реттелмелі туризм мен рекреацияны қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға табиғат қорғау мекемесі беретін рұқсаттың және/немесе шарттардың негізінде жүзеге асырады. Аталған рұқсаттар және/немесе шарттар қарауында мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар бар мемлекеттік органдарда келісіп алынуға жатады.
2. Реттелмелі туризм мен рекреацияны қамтамасыз ету үшін мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар жалға алу шартының негізінде туристік, рекреациялық және шектеуіш шаруашылық қызмет аймақтарында заңды тұлғаларға жер учаскелерін, оларда орналасқан туристік маршруттарды, соқпақтарды, демалу алаңқайларын, тамашалау алаңдарын, үй-жайлар мен құрылыстарды бере алады.
Жер учаскелерін жалға алу шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелуге жатады.
3. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар аумағында реттелмелі туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшін жер учаскелерін, туристік маршруттар, соқпақтар, демалу алаңқайларын, тамашалау алаңдарын, үй-жайлар мен құрылыстарды жалға беру тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ережелермен айқындалады.
44-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың шектеулi шаруашылық қызметінің ерекшеліктерi
1. Шектеулі шаруашылық қызметі аймағында мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) жанама орман пайдалану (шектеулі мал жаю, шөп шабу, саңырауқұлақтарды, жемістер мен жидектерді әуесқойлық мақсатта жинау);
2) шектеулі дәстүрлі пайдалану алаңдарында ағаш және бұта тұқымдарының екпе материалдарын, дәрі-дәрмектік шөптер және басқа да өсімдіктер өсіру;
3) өтпелі мақсатта ағаш кесуді қоспағанда, санитарлық мақсатта ағаш кесуді, күтім жасау мақсатында ағаш кесуді жүргізу және бұл орайда алынған сүректі өңдеу;
4) кәдесыйлар, шағын және халықтық кәсіпшіліктер өнімдерін өндіру;
5) абориген түрлердің балық шабақтары мен тауарлы балығын өсіру;
6) жылжымалы омарта павильондары пайдаланылатын көшпелі омарташылық;
7) әуесқойлық (спорттық) аң аулау мен балық аулау.
2. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың шектеулі шаруашылық қызметі мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтауды және қалпына келтіруді ескере отырып және өздері қарауында болатын мемлекеттік органдардың тиісті рұқсаттары бойынша жүзеге асырылады.
45-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың күзет аймақтарының режимi
1. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың күзет аймағында:
табиғи ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз ететін жер пайдаланушылардың дәстүрлі шаруашылық қызметінің негізгі түрлеріне рұқсат етіледі;
осы Заңның 40-бабының 1-3-тармақтарымен белгіленген мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың экологиялық жүйелеріне теріс әсер ететін табиғат пайдалану мен шаруашылық қызмет түрлерінің түрлеріне тыйым салынады немесе шектеу қойылады.
2. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың күзет аймағындағы шаруашылық қызметіне шектеу қою осы Заңға сәйкес облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешімдерімен белгіленеді.
46-бап. Мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар
1. Мемлекеттік аймақтық табиғи саябақ нақ сол мақсаттарды алға қоятын және нақ сол міндеттерді орындайтын режимі бар, бірақ табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі берілген жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтың нұсқасы болып табылады.
2. Мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтарда осы Заңның 42 және 45-баптарымен белгіленген тәртіппен мемлекеттік табиғи-қорық қоры табиғи кешендерінің, объектілерінің, табиғи және тарихи-мәдени мұраның нақ сондай күзет аймақтары бөлінеді және нақ сондай режимі белгіленеді.
3. Мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар осы Заңның 42-45-баптарымен мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар үшін көзделген тәртіппен пайдаланылады.
11-тарау. Мемлекеттік табиғи резерваттар
47-бап. Мемлекеттік табиғи резерваттар ұғымы, негізгі қызметі және оларды аймақтау
1. Мемлекеттік табиғи резерват - табиғи кешендердің биологиялық сан алуандығын және олармен байланысты табиғи және тарихи-мәдени объектілерді қорғауға, қалпына келтіруге және сақтауға арналған жердегі және судағы экологиялық жүйелерді қамтитын табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік табиғи резерваттардың негізгі қызметіне:
1) биологиялық және ландшафтық сан алуандықты, табиғи экологиялық жүйелерді сақтау және қалпына келтіру;
2) мемлекеттік табиғи резерваттың күзет режимін қамтамасыз ету;
3) табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық-экономикалық принципі негізінде аумақтың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау;
4) аумақты қорғау және орнықты дамыту, сондай-ақ экологиялық ағартушылық және тәрбие беру мақсаттарында зерттеулер мен мониторинг өткізу;
5) мемлекеттік табиғи резерват пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағарту, ғылыми, рекреациялық, туристік және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.
3. Мемлекеттік табиғи резерваттың аумағы мынадай қорғау мен пайдалану режимдері әртүрлі аймақтарға бөлінеді:
1) қорық режимі аймағы (ұйытқы аймақ) - осы мақсаттарға қол жеткізу үшін көлемі жеткілікті, генетикалық ресурстарды, биологиялық сан алуандықты, экологиялық жүйелер мен ландшафтарды ұзақ мерзімді сақтауға арналған;
2) аралық аймақ - экологиялық бағдар ұстанған шаруашылық қызметті жүргізу және биологиялық ресурстарды орнықты түрде молықтыру үшін пайдаланылатын аумақ учаскесі.
48-бап. Мемлекеттік табиғи резерваттың қорық режимінің аймақ режимi
1. Мемлекеттік табиғи резерваттың қорық режимінің аймағында, табиғат жылнамасын жүргізуді қоса алғанда, табиғи ортаның жай-күйіне ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргізіледі; экологиялық-ағартушылық іс-шаралар жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік табиғи резерваттың қорық режимінің аймағында кез-келген шаруашылық қызметке және аумақты рекреациялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады және осы Заңның 37-бабының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік табиғи қорық режиміне сәйкес келетін қорықтық күзет режимі белгіленеді.
49-бап. Мемлекеттік табиғи резерваттың аралық аймақ режимi
1. Мемлекеттік табиғи резерваттың аралық аймағында шектелетін, реттелетін және ұйытқы аймағының экологиялық жүйелеріне теріс әсер етпейтін мынадай әртүрлі қызмет нысандары жүзеге асырылуы мүмкін:
ғылыми зерттеулер және мамандар оқыту және даярлау орталықтарын ұйымдастыру;
қоршаған орта мониторингі және экологиялық жүйелердің өзгеруін бақылау;
орман шаруашылығы қызметі, өртке қарсы іс-шаралар және орман алаптарын қорғау;
ұйытқының биологиялық сан алуандығын ұзақ мерзімді сақтауды және оның зақымданбауын және тұтастай алғанда мемлекеттік табиғи резерваттың экологиялық жүйелерінің орнықтылығын қамтамасыз ету шеңберінде дәстүрлі жер пайдалану;
биологиялық және ландшафтық сан алуандықты, табиғи экологиялық жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды кеңінен жүргізу;
уәкілетті орган бекіткен рекреациялық жүктемеге (туристер қабылдау мүмкіндігіне сәйкес) бақыланып және реттеліп отыратын рекреациялық пайдалану, туризм;
минералды сулар мен шипалы ресурстарды пайдалану;
экологиялық ағартушылық, оқыту бағдарламаларын жүргізу, көрсету учаскелерін және экологиялық тұрғыдан алғанда жанашырлықпен табиғат пайдалану менеджментін ұйымдастыру.
2. Мемлекеттік табиғи резерваттың аралық аймағында ұйытқы аймағының экологиялық жүйесінің жай-күйіне теріс әсер етуі мүмкін қызметке, атап айтқанда:
жаңа елді мекендер құруға;
өнеркәсіп объектілерін орналастыруға және пайдалануға;
өндірістік объектілер салуға және пайдалануға;
геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге және пайдалы қазбалар игеруге;
басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуге;
өсімдіктер мен жануарлардың жаңа түрлерін жерсіндіруге;
ұйытқы аймақ пен аралық аймақ аумағының гидрологиялық режимін өзгертетін әрекеттерге;
ұйытқы аймақтың экологиялық жүйесіне әсер етуі мүмкін өзге де қызметке тыйым салынады.
3. Мемлекеттік табиғи резерваттарда осы Заңның 38 және 39-баптарымен белгіленген тәртіппен ғылыми және экологиялық-ағарту қызметі жүзеге асырылады.
50-бап. Мемлекеттік табиғи резерваттардың күзет аймақтарының режимi
1. Мемлекеттік табиғи резерваттың күзет аймағында:
табиғи ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз ететін жер пайдаланушылардың дәстүрлі шаруашылық қызметінің негізгі түрлеріне рұқсат етіледі;
осы Заңның 40-бабының 1-3-тармақтарымен белгіленген мемлекеттік табиғи резерваттың экологиялық жүйелеріне теріс әсер ететін табиғат пайдалану мен шаруашылық қызмет түрлеріне тыйым салынады немесе шектеу қойылады.
2. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың мемлекеттік табиғи резерваттың күзет аймағындағы шаруашылық қызметіне шектеу қою осы Заңға сәйкес облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешімдерімен белгіленеді.
12-тарау. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтары
51-бап. Мемлекеттік хайуанаттар саябағы ұғымы және оның міндеттерi
1. Мемлекеттік хайуанаттар саябағы - мәдени-ағарту, ғылыми, оқу және табиғат қорғау қызметіне, тектік қорды сақтауға және әдеттегі, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерін, соның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген түрлерін жасанды орта жағдайында өсіруге арналған табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарының негізгі қызметіне Қазақстанның жануарлар дүниесін сақтаудың, өсімін молайтудың және пайдаланудың, дүниежүзілік маңызы бар Қазақстан фаунасының ресурстарын игерудің ғылыми негіздерін әзірлеу жатады.
52-бап. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарын аймақтау және оларды күзету ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарында мынадай:
1) экспозициялық - жануарларды бағуға және өсіруге, сондай-ақ келушілердің келуіне;
2) ғылыми - ғылыми зерттеулер жүргізуге;
3) қоғамдық - келушілерге қызмет көрсетуге арналған;
4) әкімшілік және өндірістік-шаруашылық аймақтар бөлінеді.
2. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарында олардың міндеттерін орындаумен байланысты емес және оларда күтіп-бағылатын жануарлардың өлім-жітіміне әкеп соғуы мүмкін кез-келген әрекетке тыйым салынады.
53-бап. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарында жануарлар өсіру
1. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтары отандық және дүниежүзілік фаунадан жануарлар коллекцияларын қалыптастырады және олардың сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтары Жойылып кету қатері төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның рәсімдері мен талаптарын сақтай отырып, белгіленген тәртіппен жануарлармен импорттық және экспорттық операцияларды, оларды хайуанаттар бағытындағы басқа мекемелермен айырбастауды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарында ветеринариялық және зоотехникалық қызметтер, сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген жануарлар түрлерін өсіруге арналған питомниктер құрылады.
54-бап. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарын пайдалану ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтары ғылыми, мәдени-ағарту және оқу мақсаттарында пайдаланылады.
2. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарында жануарларды, соның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарларды қамауда немесе жартылай қамау жағдайларында ұстау және өсіру саласында ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
3. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтары ғылыми деректер банктерін, қорлар, мұражайлар, лекторийлер, кітапханалар мен мұрағаттар құра алады, ғылыми, ғылыми-көпшілік және осы мекемелердің қызметі мәселелері бойынша басқа да әдебиет шығаруы мүмкін.
4. Мемлекеттік хайуанаттар саябақтарының қосалқы шаруашылықтары, шеберханалары, хайуанаттар дүкендері және осы мекемелердің бағытына сәйкес келетін, бірақ олардың негізгі қызметіне жатпайтын шаруашылық қызметі үшін қажет басқа да объектілері болуы мүмкін.
13-тарау. Мемлекеттік ботаникалық бақтар
55-бап. Мемлекеттік ботаникалық бақ ұғымы және оның негізгі қызметi
1. Мемлекеттік ботаникалық бақ - өсімдіктер дүниесін, соның ішінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген өсімдіктер түрлерін, соның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген түрлерін қорғау, молықтыру және пайдалану жөнінде зерттеулер мен ғылыми талдамалар өткізуге арналған табиғат қорғау және ғылыми мекемелер мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік ботаникалық бақтардың негізгі қызметіне Қазақстанның өсімдіктер дүниесін сақтаудың, молықтырудың және пайдаланудың, дүниежүзілік маңызы бар Қазақстанның флора ресурстарын игерудің ғылыми негіздерін әзірлеу жатады.
56-бап. Мемлекеттік ботаникалық бақтарды аймақтау және оларды күзетудің ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда мынадай:
1) экспозициялық - өсімдіктерді өсіруге және келушілердің келуіне;
2) ғылыми - өсімдіктердің тектік қорының коллекцияларына ғылыми зерттеулер жүргізуге және оларды сақтауға;
3) қоғамдық - келушілерге қызмет көрсетуге арналған;
4) әкімшілік және өндірістік-шаруашылық аймақтар бөлінеді.
2. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда олардың міндеттерін орындаумен байланысты емес және оларда өсірілетін өсімдіктердің құрып кетуіне душар етуі мүмкін кез-келген әрекетке тыйым салынады.
57-бап. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда өсімдіктер өсіру
1. Мемлекеттік ботаникалық бақтар табиғи, мәдени отандық және дүниежүзілік флора өсімдіктерінің коллекцияларын қалыптастырады және олардың сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік ботаникалық бақтар жойылып кету қатері төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның рәсімдері мен талаптарын сақтай отырып, өсімдіктермен импорттық және экспорттық операцияларды, оларды ботаника бағытындағы басқа мекемелермен айырбастауды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда коллекциялық және эксперименталдық учаскелер, гербарийлер, питомниктер және тұқым қорлары құрылады.
58-бап. Мемлекеттік ботаникалық бақтарды пайдалану ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік ботаникалық бақтар белгіленген тәртіппен ғылыми, мәдени-ағарту және оқу мақсаттарында пайдаланылады.
2. Мемлекеттік ботаникалық бақтарда табиғи, мәдени, отандық және дүниежүзілік флораны жерсіндіру және оның селекциясы жөнінде, сондай-ақ Қазақстан өсімдіктерінің сан алуандығын зерттеу, сақтау және тиімді пайдалану жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Өсімдіктердің коллекциялық қорларын қалыптастыру, сақтау, пайдалану жөніндегі ғылыми зерттеулер коллекциялық қорлар өсіруді қамтамасыз ететін тұрақты мемлекеттік тапсырыстар негізінде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік ботаникалық бақтар ғылыми деректер банктерін, қорлар, мұражайлар, лекторийлер, кітапханалар мен мұрағаттар құра алады, ғылыми, ғылыми-көпшілік және осы мекемелердің қызметі мәселелері бойынша басқа да әдебиет шығаруы мүмкін.
4. Мемлекеттік ботаникалық бақтар орман, бақ-парк, ауыл шаруашылығына және басқа салаларға енгізу мақсатымен ұсынылған жерсіндірілген өсімдіктер мен олардың репродукцияларын өндірістік сынақтан өткізу үшін шаруашылық экспериментальдық базалар құра алады.
5. Мемлекеттік ботаникалық бақтардың қосалқы шаруашылықтары, шеберханалары, өсімдіктер сататын мамандандырылған дүкендері және осы мекемелердің бағытына сәйкес келетін, бірақ олардың негізгі қызметіне жатпайтын шаруашылық қызмет үшін қажет басқа да объектілері болуы мүмкін.
14-тарау. Мемлекеттік дендрологиялық саябақтар
59-бап. Мемлекеттік дендрологиялық саябақ ұғымы және оның негізгі қызметi
1. Мемлекеттік дендрологиялық саябақ - ағаш және бұта тұқымдарын қорғауға, молықтыруға және пайдалануға арналған аймақтар бойынша белгіленген күзет режимдері бар табиғат қорғау және ғылыми мекемелер мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік дендрологиялық саябақтардың негізгі қызметіне Қазақстанның өсімдіктер дүниесін сақтау, молықтыру және пайдалану, дүниежүзілік маңызы бар Қазақстан флорасының ресурстарын игеру жатады.
60-бап. Мемлекеттік дендрологиялық саябақтарды аймақтау, оларды күзету және пайдалану ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік дендрологиялық саябақтарда мақсаты мен күзет режимдері ескеріле отырып, мемлекеттік ботаникалық бақтардағыдай аймақтар бөлінеді.
2. Мемлекеттік дендрологиялық саябақтар мемлекеттік ботаникалық бақтар сияқты тәртіппен және шарттармен ғылыми, мәдени-ағарту және оқу мақсаттарында пайдаланылады.
15-тарау. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерi
61-бап. Мемлекеттік табиғат ескерткіштері ұғымы
Мемлекеттік табиғат ескерткіші - экологиялық, ғылыми, мәдени және эстетикалық тұрғыдан алғанда жекелеген бірегей, орны толмайтын, құнды табиғи кешендерді, сондай-ақ мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне жатқызылған шығу тегі табиғи және жасанды объектілерді қамтитын ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
62-бап. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерін құру тәртібi
1. Осы Заңның 15-бабына сәйкес маңыздылығына байланысты мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жекелеген түрлері, басқа да табиғи объектілер мен кешендер республикалық немесе жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері болып жарияланады.
2. Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумақтарының шекарасы мен күзет режимін облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар бекітеді.
3. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштері мен олардың аумақтары қарауына тапсырылған тұлғалардың күзетуіне беруді уәкілетті орган, ал жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіштерін - оларды ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттік табиғи резерваттардың және мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтардың және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басқа түрлерінің аумағында орналасқан мемлекеттік табиғат ескерткіштері солардың құрамында ескеріледі.
63-бап. Мемлекеттік табиғат ескерткіштері аумақтарының күзет режимi
1. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің аумақтарында мемлекеттік табиғат ескерткіштері сақталуының бұзылуына әкеп соғатын кез-келген қызметке тыйым салынып, мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет режиміне сәйкес келетін қорықтық күзет режимі белгіленеді.
2. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерін күзету осы Заңның 28-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
16-тарау. Мемлекеттік табиғи қаумалдар
64-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдар ұғымы және олардың түрлерi
1. Мемлекеттік табиғи қаумал - мемлекеттік табиғи-қорық қорының бір немесе бірнеше объектісін сақтауға және молықтыруға арналған шаруашылық қызметтің тапсырыстық режимі немесе реттелмелі режимі белгіленген ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Өздерінің функционалдық мақсаты бойынша мемлекеттік табиғи қаумалдар мындай түрлерге бөлінуі мүмкін:
кешендік - ерекше құнды табиғи кешендерді сақтау және қалпына келтіру үшін;
биологиялық (ботаникалық, зоологиялық) - өсімдіктер мен жануарлардың бағалы, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін сақтау және қалпына келтіру үшін;
палеонтологиялық - жануарлардың, өсімдіктердің және олардың жиынтықтарының қазып алынған қалдықтарын сақтау үшін;
гидрологиялық (батпақты, көлді, өзенді) - сулы-батпақты жерлердің құнды объектілері мен кешендерін сақтау үшін;
геоморфологиялық - сирек кездесетін және бірегей табиғи рельеф нысандарын сақтау үшін;
геологиялық және минералогиялық - сирек кездесетін геологиялық және минералогиялық түзілімдерді сақтау үшін;
топырақтық - топырақтың әдеттегі және сирек кездесетін түрлерін сақтау үшін.
65-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдар құрудың ерекшеліктерi
1. Мемлекеттік табиғи қаумалдар жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушыларынан барлық санаттағы жер учаскелерін алмай-ақ осы учаскелерде жарияланады.
Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекеттік табиғи қаумал орналасқан жер учаскесін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың мемлекеттік табиғи қаумал аумағындағы шаруашылық қызметін шектеу Қазақстан Республикасының жер заңнамасымен көздеген тәртіппен облыстық атқарушы органдардың шешімдерімен белгіленеді.
2. Мемлекеттік табиғи қаумалдар жұмыс істеу мерзімі көрсетілмей (мерзімсіз), 10 жылдан астам уақытқа (ұзақ мерзімді) немесе 10 жылдан аз уақытқа (қысқа мерзімді) құрылады.
3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері осы Заңның 28-бабына сәйкес арнайы күзет қызметтерінің күшімен мемлекеттік табиғи-қорық қорының оларда орналасқан объектілерін күзету және қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар ұйымдастырады.
66-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдардың күзет режимi мен оларды пайдаланудың ерекшеліктерi
1. Егер кез-келген қызмет мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтауға қатер төндірсе немесе оларды молықтыруды нашарлатып жіберсе, мемлекеттік табиғи қаумалдарда мұндай қызметке тыйым салынады, атап айтқанда олар:
кешенді мемлекеттік табиғи қаумалдарда - табиғи кешендерді сақтауға қатер төндіретін шаруашылық қызмет, өсімдіктер мен жануарлардың тегі бөтен түрлерін жерсіндіру;
зоологиялық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - жануарлардың өлім-жітімін туғызған немесе туғызуы мүмкін басқа да әрекеттермен бірдей дәрежеде аң аулау, балық аулау, кез-келген тәсілдермен және құралдармен жабайы жануарларды олжалау, өсімдіктер мен жануарлардың тегі бөтен түрлерін жерсіндіру, ұяларды, індерді, апандарды және басқа да мекендеу орындарын бүлдіру, жұмыртқа жинау;