2. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи қаумалдарды және мемлекеттік қорық аймақтарын қорғау мақсатында оларды мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелеріне, табиғат қорғау мекемелеріне бекітіп беру уәкілетті органның, өздерінің құзыреті шегінде облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешімдерімен жүргізіледі.
30-бап. Табиғат қорғау мекемелері мемлекеттік инспекторларының құқықтары мен актілерi
1. Табиғат қорғау мекемелері мемлекеттік инспекторларының оларды аумағы мен күзет аймақтарының шекарасында:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жүрген адамдардан осында болу құқығына берілген рұқсатты тексеруге;
2) табиғат қорғау мекемесінің, оның күзет аймағының аумағында орналасқан жеке және заңды тұлғалардың жүзеге асырып жатқан табиғат пайдаланудың, шаруашылық және өзге қызметтің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының, орман заңнамасының талаптарына сәйкес келуін тексеру үшін олардың кез-келген объектілерінде тосқауылсыз болуға;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен тоқтата тұруға немесе тоқтату туралы сот органдарына ұсыныстар енгізуге;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген нұқсанның мөлшерін анықтауға және осының негізінде кінәлі тұлғаларға осы нұқсанды ерікті түрде өтеу туралы талап қоюға не сотқа талап-арыз беруге;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайларда осы Заңмен көзделген мемлекеттік инспекторлардың актерлерін жасауға және шаралар қолдану үшін тиісті органдарға жіберуге;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақта, оның күзет аймағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзған адамдарды ұстауға және осы тәртіп бұзушыларды құқық қорғау органдарына жеткізуге;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың, оның күзет аймағының аумағында көлік және су жүзу құралдарын тоқтатуға, оларға тексеру жүргізуге;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, орман заңнамасын бұзушылардан атыс қаруын, заңсыз олжаланған өнімді және оны олжалау құралын, көлік құралдарын алып қоюға және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен олардың бұдан былай кімге тиесілі болатыны мәселесін шешуге;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен арнайы құралдар мен қызмет қаруын сақтауға, алып жүруге және қолдануға;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгілеген тәртіппен нысанды киім (погонсыз) киіп жүруге құқығы бар.
2. Табиғат қорғау мекемелері мемлекеттік инспекторларының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және олардың шешімдеріне жоғары тұрған мемлекеттік органдарға немесе сотқа шағым айтылуы мүмкін.
3. Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгілеген тәртіппен нысанды киіммен (погонсыз), арнайы құралдармен және қызметтік қарумен қамтамасыз етіледі.
4. Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары өздерінің құзыретіне сәйкес мынадай актілер шығарады:
1) хаттамалар:
әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы;
сот шешім шығарғанға дейін уақытша сақтау үшін атыс қаруын, олжалау құралдарын және заңсыз олжаланған өнімді, көлік және суда жүзу құралдарын алып қою туралы;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы, орман заңнамасы талаптарының бұзылуын жою туралы нұсқаулықтар.
7-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
қаржыландыру жүйесi
31-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қаржыландыру көздерi
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қаржыландыру:
1) республикалық бюджеттің қаражаты;
2) табиғат қорғау мекемелерінің қаражаты;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың қоғамдық қорларының гранттары, қаражаты, заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары және қайырымдылық қаражаты есебінен жүргізіледі.
32-бап. Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және күтіп ұстау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру
Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан дамыту және күтіп ұстау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру олардың санаттарына байланысты:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларын; осы аумақтарды құру мен кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту кезінде, сондай-ақ осы аумақтарды құру және кеңейту үшін жер қалдыру кезінде жер учаскесін алуға байланысты меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға келтірілген шығындарды жабу және залалдарды өтеу;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарында меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметін шектеу жөніндегі шығындарды жабу және залалдарды өтеу;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбелерін жүргізу;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақ пен оның күзет аймағының шекарасын жергілікті жерде бөлу жөнінде жұмыстар жүргізу;
6) әкімшілік-шаруашылық, ғылыми, ақпараттық-ағартушылық, рекреациялық және туристік мақсаттағы объектілер мен құрылыстар салу және қайта жаңарту;
7) штат санын ұстау;
8) мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін қорғау және қалпына келтіру;
9) ғылыми, экологиялық-ағартушылық, оқу, туристік және рекреациялық қызмет жүргізу жөніндегі іс-шараларға бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
33-бап. Заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін қорғау және қалпына келтіру жөніндегi іс-шараларды қаржыландыру
Заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи-қорық қоры объектілерін қорғау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды оларға бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері өздеріне осы мақсаттарға бөлінетін бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.
34-бап. Табиғат қорғау мекемелерінің қаражаты
1. Табиғат қорғау мекемелерінің қаражаты олардың қызмет бағыты мен күзет режиміне байланысты олардың негізгі қызметіне жатпайтын, ақысы міндетті сипатта болмайтын әрі жеке және заңды тұлғалармен арадағы келісім бойынша айқындалатын мынадай тауарларды (жұмыстар мен қызметтерді) өткізу:
1) жеке және заңды тұлғалар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендерін оқу, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалануы кезінде оларға ақылы қызметтер көрсету, соның ішінде:
оқушылар мен студенттердің оқу экскурсиялары мен сабақтарын, өндірістік практикаларын, қорық ісі, қоршаған ортаны қорғау, орнықты табиғат пайдалану саласында ғылыми кадрлар даярлауды, мамандарды қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру мен өткізу;
туристік соқпақтар, тамашалау алаңдарын, демалу алаңқайларын, көлік тұрақтарын, кемпингтер, шатырлы лагерьлер немесе оларды орналастыратын орындар; мейманханалар, мотельдер, туристік базалар, қоғамдық тамақтандыру, сауда және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басқаруындағы басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектілер немесе оларды орналастыратын орындар беру; ерекше қорғалатын табиғи аумақта құбырлар, электр қуатын беру және байланыс желілерін, жолдар (жалпы жұрт пайдаланатын жолдардан басқа) орналастыру жөнінде қызметтер көрсету; туристік құрал-жабдықтар беру;
әуесқойлық (спорттық) аң және балық аулауды өткізу;
мемлекеттік табиғи-қорық қоры, табиғи және тарихи-мәдени мұра объектілерінде, табиғат мұражайларында және жанды табиғат мүйістерінде болу және оларды зерделеу кезінде жолсеріктер, экскурсия ұйымдастырушылар, жол нұсқаушылар мен аудармашылар қызметтерін көрсету, кино, бейне және фото таспаларына түсіру;
пайдалануға берілген аумақтар мен объектілерді санитарлық тазарту және көркейту жөнінде, сондай-ақ бөтен ұйымдардың аумақтарын көркейту және көгалдандыру бойынша жұмыстар жүргізу жөнінде қызметтер;
қоғамдық тамақтандыру объектілері үшін өнім өндіру жөнінде қызметтер;
көлік қызметтерін көрсету;
2) шектеулі шаруашылық қызметінен, соның ішінде:
кәдесый өнімдерін өндіруден;
аралық мақсатта пайдалану және басқа да мақсаттарда ағаш кесуден тауарлар, олардан алынған сүректі өңдеу өнімдерін өткізуден;
жанама орман пайдаланудан және оны өңдеу өнімдерінен;
көшет материалын өсіруден түсетін табыстар;
шектеулі шаруашылық қызмет тауарларын өткізуден, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс жерлерде қорғаныштық және көгалдандыру екпелерін құрудан;
балық шабақтарын өсіруден;
жеке және заңды тұлғалармен рекреациялық, туристік және шектеулі шаруашылық мақсаттарда жасалатын бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша өнім өндіруден және қызмет көрсетуден алынған табыстар;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рәміздерін пайдаланғаны үшін төленетін ақы;
4) баспа, кәдесый және басқа да көбейтілген өнім өндіруден алынған табыстар;
5) заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары мен қайырымдылық қаражаты есебінен қалыптасады.
2. Табиғат қорғау мекемелерінің өздерінің қарауында қалатын олардың тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өткізуінен алынған ақша Бюджет кодексіне сәйкес және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен пайдаланылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызмет түрлерінен табыс табу мақсатыңда табиғат қорғау мекемелері мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарға қатыса алады.
8-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
халықаралық ынтымақтастық
35-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2-БӨЛІМ. ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АУМАҚТАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН
ТҮРЛЕРІН, МЕМЛЕКЕТТІК ТАБИҒИ-ҚОРЫҚ ҚОРЫ
ОБЪЕКТІЛЕРІН ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖЕЛІГЕ ЕНЕТІН
ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АУМАҚТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ,
ҚОРҒАУДЫҢ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРI
9-тарау. Мемлекеттік табиғи қорықтар
36-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтар ұғымы және олардың негізгі қызметi
1. Мемлекеттік табиғи қорық - табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның қызметінің мақсаты өзінің аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерін, өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлері мен қауымдастықтарын, әдеттегі және бірегей экологиялық жүйелерді сақтау мен зерттеу және оларды қалпына келтіру болып табылады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың негізгі қызметіне:
1) мемлекеттік табиғи қорық пен оның күзет аймағының биологиялық сан алуандығын қорғау және қалпына келтіру режимін қамтамасыз ету;
2) табиғат жылнамасын жүргізуді қоса алғанда, мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерін, объектілерін зерделеу және олардың мониторингі жөнінде ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және жүргізу;
3) экологиялық-ағартушылық қызмет жүргізу;
4) мемлекеттік табиғи қорықтың экологиялық жүйелеріне зиянды әсер етуі мүмкін шаруашылық және өзге объектілерді орналастыру жобалары мен сызбаларының мемлекеттік экологиялық сараптамасына қатысу;
5) мемлекеттік табиғи қорық пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағартушылық, ғылыми және шектеулі туристік мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.
37-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет режимi
1. Мемлекеттік табиғи қорықтың бүкіл аумағында қорықтық күзет режимі белгіленеді, ол бойынша:
1) аумақтың гидрологиялық режимін өзгертетін іс-әрекеттерге;
2) мемлекеттік табиғи қорықтың жұмыс істеуімен байланысты емес үй-жайлар, құрылыстар, жолдар, құбырлар, электр желілерін және басқа да коммуникациялар мен объектілер салуға;
3) геологиялық-барлау жұмыстарына және пайдалы қазбалар өндіруге;
4) топырақ қабатын бүлдіруге, минералдар шығымын бұзуға және тау жыныстарын жалаңаштауға;
5) санитарлық мақсатта ағаш кесуді және күтім жасау мақсатында ағаш кесуді қоса есептегенде орман пайдаланудың барлық түрлеріне, тағамдық, дәрі-дәрмектік және техникалық өсімдіктер, гүлдер, тұқымдар дайындауға, шөп шабуға, мал жаюға және өсімдіктер қабатының бұзылуына әкеп соғатын өсімдіктер дүниесін пайдаланудың басқа түрлеріне;
6) мемлекеттік табиғи қорықтың күзет аймағында тұратын жергілікті халықтың мұқтажы үшін арнайы бөлінген учаскелерде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен рұқсат етілетін әуесқойлық балық аулауды қоспағанда, аң аулау мен балық аулауға;
7) жануарларды аулауға және жойып жіберуге, олардың мекендеу ортасы мен жағдайларын бұзуға;
8) жануарлар мен өсімдіктердің жаңа түрлерін жерсіндіруге, жануарлардың жекелеген түрлерінің санын жерлердің табиғи сыйымдылығы бойынша жол берілетін мөлшерден артық көбейтуге;
9) мемлекеттік табиғи қорықтың коллекцияларын қалыптастыруды қоспағанда, коллекциялық материалдар жинауға;
10) зиянкестермен, өсімдіктер мен жануарлардың ауруларымен күрестің, сондай-ақ жануарлар санын реттеу үшін химиялық және биологиялық әдістерді қолдануға;
11) үй жануарларын айдап өтуге;
12) қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органмен келісім бойынша уәкілетті орган белгілеген нормадан асып түсетін жасанды жолмен жасалатын у-шуға және өзге де дыбыстық әсерлерге;
13) егер қызмет қорғалатын ландшафтардың табиғи көрінісін өзгертуі немесе экологиялық жүйелердің орнықтылығын бұзуы не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндіруі мүмкін болса, осындай қызметке тыйым салынады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың аумағында орман және дала өрттерін сөндіру жөнінде жердегі және авиациялық жұмыстарды жүргізуге жол беріледі.
3. Мемлекеттік табиғи қорықтардың аумағында олардың қызметкерлері болып табылмайтын азаматтардың немесе қарауында осы мемлекеттік табиғат-қорықтар бар мемлекеттік органдардың қызметкерлері және уәкілетті тұлғалары болып табылмайтын лауазымды тұлғалардың болуына осы органдардың немесе мемлекеттік табиғи қорықтар дирекцияларының рұқсаттары болған кезде ғана жол беріледі.
4. Қорықтың аумағында немесе оның аумағынан тысқары жерлерде тұратын белгілі бір дінге сенушілердің құрмет тұтатын жерлерге (құлшылық ету орындары) қорық аумағы арқылы өтетін жолдармен баруын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік табиғи қорықтың әкімшілігі тиісті діни бірлестікпен келісім бойынша мемлекеттік табиғи қорық инспекторларының бастап жүруімен осы орындарға топталып баруға немесе осы орындарға топталып жақын келуге тегін және арнайы рұқсатсыз рұқсат етуі мүмкін.
38-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтарда ғылыми қызметтi ұйымдастыру мен жүргізу тәртібi
1. Мемлекеттік табиғи қорықтарда ғылыми қызмет мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін зерттеу жөнінде тұрақты байқаулар, Табиғат жылнамасын жүргізуді қоса есептегенде табиғи процестердің мониторингін ұйымдастыру, сондай-ақ биологиялық сан алуандықты сақтаудың және мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерін қалпына келтірудің ғылыми негіздері мен әдістерін әзірлеу жолымен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтарда ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және жүргізу үшін қажетті үй-жайлармен және жабдықтармен қамтамасыз етілетін ғылыми қызметкерлердің тиісті штаты бар ғылыми құрылымдық бөлімшелер қалыптастырылады.
3. Мемлекеттік табиғи қорықтардың ғылыми бөлімшелері осы баптың 1-тармағында көрсетілген ғылыми зерттеулерден басқа сондай-ақ ғылым және білім саласындағы орталық атқарушы органмен келісім бойынша уәкілетті орган бекіткен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларына сәйкес ғылыми зерттеулер жүргізуі мүмкін.
4. Бөтен ғылыми ұйымдар мен жекелеген ғалымдар мемлекеттік табиғи қорықтардың аумақтарында уәкілетті органмен келісе отырып мемлекеттік табиғи қорықтың әкімшілігімен шарттық негізде ғылыми зерттеулер жүргізе алады.
5. Ғылыми зерттеулердің жоспарларын, ғылыми қызметкерлердің есептерін қарау және бекіту үшін мемлекеттік табиғи қорықтарда ғылыми-техникалық кеңестер құрылады, олардың құрамына басқа ұйымдардың ғылыми қызметкерлері мен мамандары кіре алады.
6. Мемлекеттік табиғи қорықтардың ғылыми қорлары мерзімсіз сақталуға жатады.
7. Мемлекеттік табиғи қорықтардың өздерінің ғылыми еңбектерін басып шығаруға құқығы бар.
8. Мемлекеттік табиғи қорықтардың аумағында ғылыми жұмыстарды жоспарлау мен жүргізу жануарларды алаңдататын, күйзелтетін, өлім-жітімге ұшырататын және өсімдіктерді, соның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген түрлерін жойып жіберетін зерттеулердің адамгершілікке жат, қатыгез әдістерін қолданбай жүзеге асырылуға тиіс.
39-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың экологиялық-ағартушылық қызметi
1. Мемлекеттік табиғи қорықтардың экологиялық-ағартушылық қызметі:
қорықтардың биологиялық сан алуандықты сақтау функцияларын орындауының қажетті шарты ретінде қорық ісі идеяларын халықтың қалың топтарының қолдауын қамтамасыз ету;
экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен дамыту мақсаттарында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтарда экологиялық-ағартушылық шараларын жүргізу үшін мұражайлар, экспозициялар, көрсету учаскелері және басқа да қажет объектілер құрылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік табиғи қорықтарда ерекше құнды экологиялық жүйелер мен объектілерді қамтымайтын арнайы бөлінген учаскелерде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттелмелі экологиялық (мәдени-танымдық) туризм өткізу үшін экскурсиялық соқпақтар мен маршруттар құруға жол беріледі.
4. Мемлекеттік табиғи қорықтардың экологиялық-ағартушылық қызметі олардың штаттағы мамандарымен, сондай-ақ сырттан тартылатын мамандармен және қоғамдық ұйымдармен қамтамасыз етіледі.
40-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарының режимi
1. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарында:
1) жаңа елді мекендер құруға және бар елді мекендерді кеңейтуге;
2) мемлекеттік табиғи қорығының экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін кәсіпорындар, құрылыстар және басқа да объектілер орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгізуге;
3) жануарлар мен өсімдіктер дүниесі үшін зәрлі улы химикаттар, тыңайтқыштар мен гербицидтер қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивті нысандарын енгізуге;
4) атмосфераға және ашық су көздері мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;
5) пайдалы қазбалар өндіруге;
6) аң аулауға;
7) радиоактивті материалдар мен өнеркәсіп қалдықтарын көмуге;
8) мемлекеттік табиғи қорықтың экологиялық жүйелерінің гидрологиялық режимін өзгертетін қызметке (плотиналар, бөгеттер, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға душар ететін басқа да объектілер салуға);
9) жабайы жануарлар мен жабайы өсетін өсімдіктердің жат түрлерін жерсіндіруге;
10) мемлекеттік табиғи қорықтың экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін басқа қызметке тыйым салынады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарының аумағында қорықтың экологиялық жүйелерінің жай-күйіне теріс әсер етпейтін шаруашылық қызметтің мынадай әртүрлі нысандары жүзеге асырылуы мүмкін:
1) орман шаруашылығы қызметі;
2) дәстүрлі жер пайдалану және биологиялық сан алуандықты ұзақ мерзімді сақтау мен оның беріктігін қамтамасыз ету шеңберіндегі өзге қызмет;
3) рекреациялық қызмет және туризм;
4) минералдық суларды, жер астының жылы суларын және климаттық ресурстарды пайдалану;
5) кәсіпшілік және әуесқойлық (спорттық) балық аулау;
6) орман және дала өрттерін сөндіру жөнінде жерде және авиациялық жұмыстар жүргізу;
7) бүлінген жерлерді рекультивациялау;
8) орман және өзге өсімдік қауымдастықтарын қалпына келтіру;
9) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтіру;
10) жер учаскелерін туристер болатын жерлерді көркейту, өсімдіктер мен жануарлардың эндемикалық, сирек кездесетін және құрып бара жатқан түрлерін өсіруге жасанды жолмен көбейту, өсіру, өндіру үшін питомниктер салу, мемлекеттік табиғи қорық қызметкерлерінің тұруы үшін қызмет үй-жайларын (кордондар) салу, оларға қызмет бабындағы жер телімдерін беру үшін пайдалану.
3. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарында 2-тармақта көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде жануарлар мен өсімдіктер дүниесі объектілерінің мекендеу ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретінде ерекше құндылықты құрайтын учаскелердің, сондай-ақ мемлекеттік табиғи қорық қорының өзге объектілерінің қол сұқпаушылық сипаты қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметін шектеу облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешімдерімен белгіленеді.
10-тарау. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар және
мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар
41-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар ұғымы және олардың негізгі қызметi
1. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ - ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорығының бірегей табиғи кешендері мен объектілерінің биологиялық және ландшафтық сан алуандығын сақтауға, оларды табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалануға арналған табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың негізгі қызметіне:
1) мемлекеттік табиғи-қорық қорығының табиғи кешендерін, бірегей және эталондық табиғи учаскелерін, объектілерін, табиғи және тарихи-мәдени мұраны сақтау;
2) мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ пен оның күзет аймағының күзет режимін қамтамасыз ету;
3) экологиялық ағартушылық;
4) биологиялық сан алуандықты сақтаудың ғылыми әдістерін әзірлеу;
5) Табиғат жылнамасы бағдарламасы бойынша экологиялық жүйелер мен жекелеген табиғи объектілердің мониторингін жүргізу;
6) мемлекеттік табиғи-қорық қорығының бүлінген табиғи кешендерін, объектілерін, табиғи және тарихи-мәдени мұра объектілерін қалпына келтіру;
7) мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағартушылық, ғылыми, рекреациялық, туристік және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.
42-бап. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар аумағын аумақтау, оны күзету және пайдалану режимi