4-тарау. Азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің ерекше
қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
құқықтары мен міндеттерi
15-бап. Азаматтардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы құқықтары мен міндеттерi
1. Азаматтардың:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды уәкілетті орган белгілеген ережелерге сәйкес пайдалануға;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру мен кеңейту және экологиялық желілерді қалыптастыру жөнінде уәкілетті органға ұсыныстар енгізуге;
3) табиғат қорғау мекемелерінің әкімшіліктерімен бірлесіп табиғи-қорық қорының объектілерін қорғау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларға қатысуға;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың қоғамдық қорларының қызметіне қатысуға;
5) тиісті мемлекеттік органдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желілердің жай-күйі мен олардың жұмыс істеу мәселелеріне қатысты қажетті ақпарат сұратуға және алуға құқығы бар.
2. Азаматтар мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін, табиғи және тарихи-мәдени мұраны қастерлеуге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
16-бап. Қоғамдық бірлестіктердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы құқықтары мен міндеттерi
1. Қоғамдық бірлестіктердің:
1) уәкілетті органға ұсыныстар енгізуге және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту бағдарламаларын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді дайындауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желілер саласындағы бағдарламалар мен жобаларға қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге;
3) табиғат қорғау мекемелерінің әкімшіліктерімен арадағы шарт бойынша мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі іс-шараларға қатысуға;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытудың қоғамдық қорларын құруға;
5) тиісті мемлекеттік органдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желілердің жұмыс істеу, оларды қорғау және пайдалану мәселелеріне қатысты қажетті ақпарат сұратуға және алуға;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ғылыми-техникалық кеңестерінің жұмысына қатысуға құқығы бар.
2. Қоғамдық бірлестіктер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы өздерінің қызметін қоғамдық бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
5-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру
17-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санаттары мен түрлерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергілікті маңызы бар санаттарға жатады.
2. Құру мақсаттарына және күзет режиміне байланысты республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мынадай түрлері бөліп алынады:
1) мемлекеттік табиғи қорықтар;
2) мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар;
3) мемлекеттік табиғи резерваттар;
4) мемлекеттік хайуанаттар саябақтары;
5) мемлекеттік ботаникалық бақтар;
6) мемлекеттік дендрологиялық саябақтар;
7) мемлекеттік табиғат ескерткіштері;
8) мемлекеттік табиғи қаумалдар;
9) мемлекеттік қорық аймақтары.
3. Құру мақсаттарына және күзет режиміне байланысты жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мынадай түрлері бөліп алынады:
1) мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар;
2) мемлекеттік хайуанаттар саябақтары;
3) мемлекеттік ботаникалық бақтар;
4) мемлекеттік дендрологиялық саябақтар;
5) мемлекеттік табиғат ескерткіштері;
6) мемлекеттік табиғи қаумалдар.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлері көзделуі мүмкін.
5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды республикалық маңызы бар санатқа жатқызуды уәкілетті органның ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергілікті маңызы бар санатқа жатқызуды - уәкілетті органмен келісе отырып, облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар жүргізеді.
6. Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты оның мәртебесін төмендетуге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін алып қоюға душар ететін бір түрден басқа түрге ауыстыру, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жұмыс істеуін тоқтатуға душар ететін олардың жер учаскелерін басқа санаттар жерлеріне ауыстыру табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан оның айырықша құндылығы мен бірегейлігі сипатының ішінара немесе толық жоғалуына байланысты төтенше жағдайларда жүргізіледі.
Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты бір түрден басқа түрге ауыстыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін алу, сондай-ақ олардың жұмыс істеуін тоқтатуға душар ететін олардың жер учаскелерін басқа санаттар жерлеріне ауыстыру туралы шешімді жаратылыстану-ғылыми негіздемеге жасалған мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негізінде:
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкілетті органның ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі;
жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкілетті органмен келісе отырып, облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар қабылдайды.
18-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ұйымдық нысаны және құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттік хайуанаттар саябақтары, мемлекеттік ботаникалық бақтар және мемлекеттік дендрологиялық саябақтар заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттік мекеме нысанында құрылады.
2. Табиғат қорғау мекемелеріне жер учаскелері тұрақты жер пайдалану құқығымен беріледі.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар, құрылыстар, тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлік объектілері табиғат қорғау мекемелеріне жедел басқару құқығымен беріледі.
4. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың және мемлекеттік қорық аймақтарының заңды тұлға мәртебесі болмайды және мемлекет қорғауында болады.
Заңды тұлғалар болып табылмайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мемлекеттік меншіктегі жылжымайтын мүлік объектілерін (үй-жайдарды, құрылыстарды, тарихи-мәдени және басқа да объектілерді) жедел басқару құқығы соларға бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелеріне және/немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қарауында болатын мемлекеттік органдарға беріледі.
5. Табиғат қорғау мекемесін қайта ұйымдастыру немесе тарату осы Заңын 16-бабының 6-тармағында көрсетілген жағдайларда Қазақстан Республикасының Азаматтық заңнамасымен белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
6. Жұмыс істеп тұрған мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың негізінде мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар құру кезінде осы мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдар республикалық немесе жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбелерінен алып тасталуға жатады.
19-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттік табиғи резерваттардың және мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтардың күзет аймақтары
1. Жайсыз сыртқы әсерлерден айырықша күзету мен қорғауды қамтамасыз ету қамтамасыз ету үшін мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттік табиғи резерваттардың және мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтардың айналасында күзет аймақтары белгіленіп, осы аймақтар шегінде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерінің және оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне және оларды қалпына келтіруге теріс әсер ететін кез-келген қызметке тыйым салынады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттік табиғи резерваттардың және мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтардың күзет аймақтарының аумағында табиғат пайдалану мөлшері, шекарасы, режимдері және тәртібі оларды құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерімен айқындалып, осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер заңнамасына облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдардың шешімдерімен белгіленеді.
Бұл орайда күзет аймағының ені екі километрден кем болмауға тиіс және меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің шекарасы бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша белгіленіп, бағдар ұстану үшін арнайы белгілер қойылады.
20-бап. Табиғат қорғау мекемелерінің рәміздерi
1. Табиғат қорғау мекемелерінің уәкілетті орган бекітетін өздерінің рәміздері (эмблемасы мен жалауы) болады.
Табиғат қорғау мекемелерінің рәміздерін әзірлеу және пайдалану тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2. Табиғат қорғау мекемелері өздерінің рәміздерін пайдаланудың төтенше құқығына ие болады және оларды жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде пайдалануға рұқсат етуі мүмкін.
21-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру немесе кеңейту
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру немесе кеңейту туралы шешім экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің негізінде қабылданады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерінің жобаларын әзірлеуді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-іздестіру) ұйымдары екі кезеңде жүргізеді.
2. Бірінші кезеңде ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми негіздемесі (бұдан әрі - жаратылыстану-ғылыми негіздеме) әзірленеді, онымен:
1) аумақтың табиғи кешендерінің және онда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің бірегейлігі, маңыздылығы және оған тән қасиеті;
2) зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың жай-күйін бағалау;
3) аумақтың мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерінің жай-күйі және оларды сақтау жөніндегі тәуекелдер, қатерлер және оларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі шаралар;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ұсынылатын санаты мен түрі;
5) ұсынылатын шекарасы, алқабы, сондай-ақ функционалдық аймақтары және оларды қорғау мен пайдаланудың режимдері айқындалады.
3. Екінші кезеңде уәкілетті орган бекіткен немесе онымен келісілген жаратылыстану-ғылыми негіздеменің негізінде ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың немесе оны кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемесі (бұдан әрі - техникалық-экономикалық негіздеме) әзірленеді, ол:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шекарасы, координаттары сипатталған оның жерлерін бөлудің жерге орналастыру жобасын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына алынатын (сатып алынатын) меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің санаттары мен алқаптарын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына алынбай-ақ қосылатын меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің санаттары мен алқаптарын, сондай-ақ күзет аймағының шекарасы мен алқаптарын;
2) меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерін сатып алуға және/немесе оларды алу жөніндегі залалдарды өтеуге, күзет аймақтарында шаруашылық қызметті шектеуге байланысты, сондай-ақ жерлерді алмай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жағдайларында жұмсалатын шығындарды;
3) инфрақұрылым құруға және ерекше қорғалатын табиғи аумақты күтіп ұстауға, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін қорғау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды орындауға жұмсалған шығындарды;
4) рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындап алып, аумақты функционалдық аймақтауды, күзет режимін және осы аймақтар шегінде табиғи кешендерді реттелмелі туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалану шарттарын;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақты жоспарлау жобасын, оның инфрақұрылымын, туристік соқпақтар, тамашалау алаңдарын, демалу алаңқайларын, көлікке арналған тұрақтарды, кемпингтерді, шатырлы лагерьлерді, мейманханаларды, мотельдерді, туристік базаларды, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді, құбырларды, электр және байланыс желілерін, жолдарды қамтиды.
4. Техникалық-экономикалық негіздеме жер учаскелерінің меншік иелерімен және жер пайдаланушылармен, облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдармен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық органдарымен келісіледі және осы Заңмен белгіленген тәртіппен бекітіледі.
22-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламалары
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламалары экологиялық желілерді қалыптастыру және олардың жұмыс істеуі принциптерінің негізінде әрбір табиғи аймақ шегінде олардың оңтайлы алқабы деңгейіне дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді қалыптастырудың мемлекет жоспарлап отырған кезеңдерін айқындайтын негізгі құжаттар болып табылады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламалары мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, оларды әзірлеуге мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-іздестіру) ұйымдарын тарта отырып, 10 жылға дейінгі мерзімге уәкілетті орган әзірлейді.
23-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту үшін жер қалдыру
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларына және бекітілген жаратылыстану-ғылыми негіздемелерге сәйкес облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін қалдыру туралы шешімдер қабылдайды.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін жер қалдыру жер пайдаланушылар мен жер учаскелерінің меншік иелерінен жерді алмай-ақ жүргізіледі.
Белгіленген тәртіппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің құрамына бергенге дейін қалдырылған жерлерді бұрынғы мемлекеттік немесе мемлекеттік емес жерді пайдаланушылар мен жер учаскелерінің меншік иелері пайдаланады, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.
3. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қалдырылатын аумақтағы жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметі ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру туралы шешім қабылданғанға дейін шектелуі мүмкін. Бұл орайда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың қалдырылатын учаскелердегі шаруашылық қызметін шектеуге байланысты орын алған ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірістерінің залалдарына өтемақы алуға құқығы бар.
4. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға арналған қалдырылатын учаскелердегі шаруашылық қызметті шектеуге байланысты орын алған залалдарды жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен республикалық бюджет есебінен, жергілікті маңызы бар осындай аумақтар үшін - жергілікті бюджеттер есебінен жүргізіледі.
5. Қалалар шекараларының шегінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру кезінде жер қалдыру белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарларды ескере отырып не қолданыстағы бас жоспарларға, қала салу регламенттеріне және базалық деңгейдің мемлекеттік қала салу кадастрына қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.
24-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспорты
1. Қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар мемлекеттік органдар әрбір осындай аумақ бойынша белгіленген үлгідегі паспорт толтырады және оны уәкілетті органда тіркейді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортын әзірлеу және тіркеу (қайта тіркеу) тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың түрі мен санаты көрсетіліп, оның атауы;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрған немесе кеңейткен мемлекеттік орган актісінің атауы, нөмірі және қабылданған күні;
3) қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар мемлекеттік органның атауы;
4) заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғау жүктелген ұйымның атауы;
5) карта-схемасымен, шекарасының сипаттамасымен, географиялық координаттарымен, оның аумағымен және күзет аймағымен бірге ерекше қорғалатын табиғи аумақтың орналасқан жері;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сандық және сапалық сипаттамасымен бірге олардың тізбесі;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтары және олардың күзет режимдері, жерлердің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылар, олардың күзет аймағында табиғат пайдалану жөніндегі міндеттемелері мен ауыртпашылықтары туралы мәліметтер;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қызметтің рұқсат етілген және тыйым салынған түрлері, сондай-ақ жекелеген қызмет түрлеріне шектеулер;
9) келіп көру ережесі, жұмыс режимі, рекреациялық жүктеме (туристер қабылдау мөлшері) көрсетіледі.
3. Табиғат қорғау мекемесі паспортының даналары табиғат қорғау мекемесінде, осы табиғат қорғау мекемесі қарауында болатын мемлекеттік органда және уәкілетті органда болады.
Мемлекеттік табиғат ескерткіштері, мемлекеттік табиғи қаумалдар, мемлекеттік қорық аймақтары паспорттарының даналары осы Заңның 28-бабымен айқындалған тәртіпке сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың осы аталған түрлерін қорғау бекітіп берілген ұйымда, осы ұйым қарауында болатын мемлекеттік органда және уәкілетті органда сақталады.
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың нысаналы мақсаты өзгерген, ол қайта ұйымдастырылған, кеңейтілген жағдайларда оның паспорты қайта тіркеуден өткізіледі.
25-бап. Табиғат қорғау мекемесін басқару жоспары
1. Табиғат қорғау мекемелері өздерінің қызметін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда олар қарауында болатын мемлекеттік орган бекітетін басқару жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
Табиғат қорғау мекемесін басқару жоспары уәкілетті орган бекіткен ережелерге сәйкес бесжылдық кезеңге жасалады.
2. Табиғат қорғау мекемесін басқару жоспары:
1) табиғи және әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың осының алдындағы кезеңдегі өзгерістеріне жасалған талдауды;
2) табиғат қорғау мекемесінің осының алдындағы кезеңдегі қызметіне берілген бағаны;
3) табиғат қорғау мекемесінің осыдан кейінгі кезеңдегі табиғат қорғау, ғылыми, экологиялық-ағартушылық, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызметінің әрбір түрі бойынша іс-шараларды;
4) мемлекеттік орман қоры жерлерінде құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін - өткен кезеңде орман шаруашылығын жүргізудің және орман пайдаланудың кешенді бағасы берілетін және алдағы кезеңге арналған осы орман учаскелерін күзету, қорғау, молықтыру және оларға күтім жасау жөніндегі іс-шаралар әзірленетін бөлімді;
5) басқару құрылымын, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, кадрлармен қамтамасыз ету және олардың біліктілігін арттыру, жергілікті халықпен және жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен бірлесіп іс-қимыл жасау арқылы басқару жоспарын іске асыру тетіктерін қамтиды.
3. Табиғат қорғау мекемесін басқару жоспарын әзірлеуді ол қарауында болатын мемлекеттік орган қамтамасыз етеді.
26-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастры
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастры осы аумақтардың құқықтық мәртебесі, олардың орналасқан жері, мөлшері мен шекарасы, географиялық координаттары, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сандық және сапалық сипаттамасы, экологиялық, ғылыми, мәдени, рекреациялық құндылығы, күзет режимдері, нысаналы пайдаланылуы және рұқсат етілген қызмет түрлері туралы мәліметтер жүйесін қамтиды.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттік кадастрының деректері ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту, экологиялық желіні қалыптастыру бағдарламаларын әзірлеуге негіз болып табылады және биологиялық сан алуандықты, бірегей табиғи ландшафтарды сақтауды ескере отырып, жерлерді ұтымды пайдалану мен өңірлердің өндіргіш күштерін орналастыруды жоспарлау кезінде пайдаланылады.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
6-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік
табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен
объектілерін қорғау, ерекше қорғалатын табиғи
аумақтардың күзет қызметі мемлекеттік
инспекторларының құқықтық мәртебесi
27-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін қорғау режимдерi
1. Түріне және функционалдық аймақталуына байланысты бүкіл ерекше қорғалатын табиғи аумақта немесе оның арнайы бөлінген аймақтары мен учаскелерінде мынадай күзет режимдері енгізіледі:
1) кез-келген шаруашылық қызметке, сондай-ақ мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерінің табиғи жай-күйін бұзатын өзге қызметке тыйым салуды көздейтін қорық режимі;
2) шаруашылық және өзге қызметтің жекелеген түрлеріне белгілі бір мерзімге немесе онсыз маусымдар бойынша толық тыйым салуды немесе шектеуді көздейтін қаумалдық режим;
3) табиғи кешендерді шектеулі пайдалануды, сондай-ақ жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметтің дәстүрлі түрлерін мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілеріне зиянды әсер етпейтін тәсілдермен және әдістермен жүргізуін көздейтін шаруашылық қызметтің реттелмелі режимі.
28-бап. Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін қорғау
1. Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін қорғауды олардың штатына енетін күзет қызметінің мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
2. Табиғат қорғау мекемелерінің басшылары мен олардың орынбасарлары лауазымы бойынша бір мезгілде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлар және бас мемлекеттік инспекторлардың орынбасарлары болып табылады.
Табиғат қорғау мекемелерінің табиғи кешендерді қорғау мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымы бойынша аға мемлекеттік инспекторлар болып табылады, осы бөлімшелердің мамандары, сондай-ақ ғылыми қызметкерлерді қоса алғанда, басқа бөлімшелердің басшылары мен мамандары лауазымы бойынша табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары болып табылады.
Осы бапта көрсетілген лауазымды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
29-бап. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың және мемлекеттік қорық аймақтарының мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін қорғау
1. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың және мемлекеттік қорық аймақтарының мемлекеттік табиғи-қорық қорының мемлекеттік орман қорының жерлерінде және оларға іргелес жерлерде орналасқан табиғи кешендері мен объектілерін қорғауды мемлекеттік орман күзетінің қызметтері, жерлердің басқа санаттағы жерлерінде - табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.