Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы»
Қабылданды- ҚР 2006 жылғы 7 шілдедегі № 175-III Заңы
ҚР Үкіметінің 2006.09.01. № 30 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
Осы Заң ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени, рекреациялық құндылығы бар және Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі болып табылатын, сондай-ақ ұлттық, аймақтық және дүниежүзілік экологиялық желінің аса маңызды компоненті қызметін атқаратын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін құрудың, кеңейтудің, қорғаудың, қалпына келтірудің және орнықты пайдаланудың құқықтық негіздерін айқындайды.
1-БӨЛІМ. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелеріне негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер, су, орман және өзге де табиғи ресурстарын пайдалану кезінде туындайтын қатынастар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамамен қандай дәрежеде реттелмеген болса, осы қатынастар сондай дәрежеде Қазақстан Республикасының арнайы заңнамасымен реттеледі.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру, олардың жұмыс істеуі және оларды пайдалану саласындағы мүліктік қатынастар, егер осы Заңмен өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының азаматтық, салық және бюджет заңнамаларымен реттеледі.
4. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартпен осы Заңда айтылғандардан өзге ережелер белгіленген болса, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар
Осы Заң ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және оларды басқару, олармен байланысты экологиялық желі элементтерін қалыптастыру, бірегей және кәдімгі табиғи ландшафтарды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің объектілерін, олардың генетикалық қорын қорғау, осы аумақтарды ғылыми, экологиялық-ағартушылық, рекреациялық, туристік және әлеуметтік-экономикалық мақсаттарда пайдалану саласындағы қатынастарды реттейді.
3-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының принциптерi
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мынадай:
биологиялық әралуандықты, бірегей және кәдімгі ландшафтарды сақтау мен қалпына келтіруді қамтамасыз ететін экологиялық желінің базалық компоненті ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту;
мемлекеттік табиғи-қорық қоры мен табиғи экологиялық желілерді сақтау;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендерін ең алдымен ғылымды, мәдениетті, оқу-ағартуды, білім беруді, туризмді дамыту мақсаттарында пайдалану;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, олардың табиғи кешендері мен объектілерін пайдаланудың ақылы болуы;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылау;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласына азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуы;
ерекше қорғанатын табиғи аумақтар саласындағы ақпараттың қолжетімділігі;
халықаралық құқық негізінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, биологиялық сан алуандықты сақтау мен зерттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастық принциптеріне негізделеді.
4-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) биологиялық ресурстар - адамзат үшін нақты немесе ықтимал пайдасы немесе құндылығы бар экологиялық жүйелердің генетикалық ресурстары, ағзалары немесе олардың бөліктері, таралымдары немесе кез-келген басқа биотикалық компоненттері;
2) мемлекеттік табиғи-қорық қоры - табиғи эталондар, уникумдар мен реликтер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, оқу-ағарту, білім беру, туризм және рекреация нысаны ретінде айырықша экологиялық, ғылыми және мәдени құндылығы бар мемлекеттік қорғауға алынған қоршаған ортаны қорғау объектілерінің жиынтығы;
3) интродукция - өсімдіктер мен жануарлардың жаңа түрлерін олар мекендейтін ортадан тысқары жерлерге әдейі немесе кездейсоқ апару;
4) табиғат жылнамасы - мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар және мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар ғылыми бөлімшелерінің мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерінің жай-күйіне біріңғай әдістеме бойынша жүзеге асыратын жүйелі байқаулар мәліметтерінің жиынтығы;
5) мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері - ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар геологиялық, гидрогеологиялық, зоологиялық, ботаникалық және ландшафтық объектілер мен олардың кешендері, жануарлар мен өсімдіктердің жекелеген түрлері (таралымдары) (соның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлері);
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақ - айырықша күзет режимі белгіленген мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендер мен объектілерді қамтитын жер, су объектілерінің және олардың үстіндегі әуе кеңістігінің учаскелері;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендері - айырықша күзетілуге жататын биологиялық әралуандық пен жансыз табиғат объектілерінің жиынтығы;
8) табиғат қорғау мекемесі - заңды тұлғалар болып табылатын және мемлекеттік мекеме нысанында құрылатын мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттік хайуанаттар саябақтары, мемлекеттік ботаникалық бақтар және мемлекеттік дендрологиялық саябақтар;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі - өздерінде барлық географиялық аймақтардың табиғи кешендерінің тән өкілдігін қамтамасыз ететін санаттары мен түрлері әралуан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жиынтығы;
10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында басқару және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
11) табиғи кешендерді орнықты пайдалану - табиғи кешендердің биологиялық ресурстарын ұзақ мерзімді перспективада биологиялық әралуандықтың сарқылмауына душар етпейтіндей жолмен және қарқынмен пайдалану;
12) экологиялық желі - өзара және қорғалатын табиғи аумақтардың өзге түрлерімен экологиялық дәліздермен байланысқан және өңірдің табиғи, тарихи-мәдени және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылған санаттары мен түрлері әралуан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар кешені;
13) экологиялық дәліз - тірі табиғат объектілерінің табиғи қоныс аударуын (таралуын) қамтамасыз ету және биологиялық әралуандықты сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды өзара және қорғалатын табиғи аумақтардың өзге түрлерімен қосатын қорғалатын жер және су объектілерін қамтитын экологиялық желінің бір бөлігі.
2-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы қатынастардың объектілері мен субъектілерi
5-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастардың объектілерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендері, соның ішінде жерлері, сондай-ақ осы жерлерде және басқа санаттардағы жерлерде орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастар объектілері болып табылады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендері осы Заңмен белгіленген тәртіппен шаруашылық пайдаланудан толық немесе ішінара, мерзімсіз түрде немесе белгілі бір уақытқа алынып, олардың айырықша экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы ескеріле отырып ақылы негізде пайдаланылады.
6-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтардың, мемлекеттік хайуанаттар саябақтарының, мемлекеттік ботаникалық бақтардың, мемлекеттік дендрологиялық саябақтардың және мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің жерлері жатады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттік хайуанаттар саябақтарын, мемлекеттік ботаникалық бақтар, мемлекеттік дендрологиялық саябақтар және мемлекеттік табиғат ескерткіштерін құру кезінде жер учаскелері басқа санаттардағы жерлер құрамынан бөлініп, оларды осы жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларынан алу жолымен ерекше қорғалатын. табиғи аумақтар жерлерінің санатына ауыстырылады.
3. Мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың, мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар күзет аймақтарының жер учаскелері оларды жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан алмай және жер санаттарын өзгертпей басқа жер санаттарының құрамында бөлінеді.
Мемлекеттік табиғи қорықтар мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың және оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне және олардың экологиялық жүйелерін қалпына келтіруге теріс әсер ететін кез-келген қызметке осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағы шегінде шектеу жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелеріне ауыртпашылық болып енгізіледі және жерге орналастыру құжаттарында ескертеді.
4. Жер учаскелерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің санатына жатқызу туралы шешімді:
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін - уәкілетті органның ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі;
жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін - уәкілетті органмен келісе отырып, облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар қабылдайды.
Мемлекеттік орман қоры жерлерінде мемлекеттік аймақтық табиғи саябақ құрылған жағдайда осы жерлердің учаскелерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің санатына жатқызу туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік орман қорының жерлерін ауыстыру туралы шешімінің негізінде облыстық атқарушы органдар қабылдайды.
5. Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік аймақтық табиғи саябақтар, мемлекеттік хайуанаттар саябақтарын, мемлекеттік ботаникалық бақтар, мемлекеттік дендрологиялық саябақтар және мемлекеттік табиғат ескерткіштерін құру және кеңейту үшін жер учаскелерін алу Қазақстан Республикасының жер заңнамасымен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
7-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің құқықтық режимi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері, сондай-ақ мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері орналасқан жерлердің басқа санаттарындағы жер учаскелері мемлекеттік меншікте болады және жекешелендіруге жатпайды.
2. Осы Заңның 17-бабының 6-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін алуға, сондай-ақ оларды басқа санаттардағы жерлерге ауыстыруға жол берілмейді.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерінде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтін кез-келген қызметке тыйым салынады.
8-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастар субъектілерi
Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген өздерінің құзыретіне сәйкес жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік органдар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастар субъектілері болып табылады.
3-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы мемлекеттік басқару мен бақылау
9-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында басқару мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүйесi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында мемлекеттік басқару мен бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкілетті орган, жер, су және орман ресурстарын қорғау және басқару, геология және жер қойнауын пайдалану, жануарлар дүниесі, ғылым және білім саласындағы орталық атқарушы органдар және осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге заңдарымен айқындалған өздерінің құзыреті мен өкілеттігі шеңберінде облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) өкілдік және атқарушы органдар жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
10-бап. Қазақстан Республикасы Yкіметінің құзыретi Қазақстан Республикасының Yкіметі:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оны іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін иелену, пайдалану және иелік ету құқықтарын жүзеге асырады;
3) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбелерін бекітеді;
4) республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбелерін бекітеді;
5) уәкілетті органның ұсынымы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтары жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларын бекітеді;
6) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға және кеңейтуге байланысты жағдайларда барлық санаттағы жерлерден жер учаскелерін беру және алу, соның ішінде сатып алу жолымен беру және алу туралы шешімдер қабылдайды;
7) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту туралы шешімдер қабылдайды;
8) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу тәртібін айқындайды;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
11-бап. Уәкілетті органның құзыретi
Уәкілетті орган:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастырады және оны іске асыруды қамтамасыз етеді;
3) осы Заңмен көзделген нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы бұзушылық келтірген залалдың мөлшерін есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
5) заңды тұлға мәртебесі бар республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететін қызметтер үшін тарифтер мөлшерін бекітеді;
6) өздерінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күйі, оларды қорғау, пайдалану және қаржыландыру мәселелері бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдардың есептерін қарайды;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларын әзірлейді;
8) уәкілетті органның қарауындағы республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеуді ұйымдастырады;
9) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негізінде республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді бекітеді, сондай-ақ жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді келіседі;
10) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтауды түзету жобаларын бекітеді;
11) Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілері тізбесінің жобасын, сондай-ақ республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізеді;
12) республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын тіркейді;
13) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзірлеуді ұйымдастырады және оларды бекітеді, өзінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға басшылықты жүзеге асырады, оларда табиғат қорғау және қалпына келтіру іс-шаралары, ғылыми зерттеулер жүргізілуін қамтамасыз етеді;
14) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын, Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізеді;
15) жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбелерін келіседі;
16) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне, олардың қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
17) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырады;
18) нысандық киім (погонсыз) үлгілерін, оны киіп жүру тәртібін және табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларын онымен қамтамасыз еті нормаларын әзірлейді және бекітеді;
19) биологиялық әралуандықты сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, экологиялық желілерді дамыту саласында шет елдердің мемлекеттік табиғат қорғау органдарымен, халықаралық табиғат қорғау және ғылыми ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
12-бап. Жер, су және орман ресурстарын басқару, геология және жер қойнауын пайдалану, жануарлар дүниесі, ғылым
және білім саласындағы орталық атқарушы органдардың құзыретi
Жер, су және орман ресурстарын басқару, геология, жер қойнауын пайдалану, жануарлар дүниесі, ғылым және білім саласындағы орталық атқарушы органдар өздерінің құзыреті шеңберінде:
1) мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламалары бойынша ұсыныстар әзірлейді және оларды уәкілетті органға береді;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және өздерінің қарауындағы осындай аумақтарды кеңейту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді заңнамамен белгіленген тәртіппен әзірлеуді ұйымдастырады, оларға мемлекеттік экологиялық сараптама өткізілуін қамтамасыз етеді және оларды бекітуге уәкілетті органға енгізеді;
3) уәкілетті органмен келісе отырып, өздерінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын бекітеді, олардың уәкілетті органда тіркелуін қамтамасыз етеді;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзірлеуді ұйымдастырады және оларды уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді, өздерінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға басшылықты жүзеге асырады, оларда табиғат қорғау және қалпына келтіру іс-шараларының, ғылыми зерттеулердің жүргізілуін қамтамасыз етеді;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізуге қатысады;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен өздерінің қарауындағы мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
13-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) өкілдік және атқарушы органдардың құзыретi
1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) өкілдік органдар өздерінің құзыреті шеңберінде:
1) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға және олардың жұмыс істеуіне жұмсалатын шығындарды жергілікті бюджеттер құрамында бекітеді;
2) өздерінің қарауындағы жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жай-күйі мен олардың қызметі туралы атқарушы органдар басшыларының есептерін, соның ішінде мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін сақтау мәселелері бойынша есептерін тыңдайды.
2. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар өздерінің құзыреті шеңберінде:
1) республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесі мен республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнінде уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді;
2) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрудың және кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуді ұйымдастырады және оларға мемлекеттік экологиялық сараптама өткізілуін қамтамасыз етеді;
3) уәкілетті органмен келісе отырып, жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесін, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерін бекітеді;
4) уәкілетті органмен келісе отырып, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру және кеңейту жөнінде шешімдер қабылдайды;
5) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкілетті органмен келісе отырып, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтауды түзету жобаларын бекітеді;
6) уәкілетті органмен келісе отырып, өздерінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзірлейді және бекітеді, оларда табиғат қорғау және қалпына келтіру іс-шараларының, ғылыми зерттеулердің жүргізілуін қамтамасыз етеді;
7) заңды тұлға мәртебесін алған жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететін қызметтер үшін тарифтер мөлшерін бекітеді;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізуге қатысады;
9) уәкілетті органмен келісе отырып, өздерінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын бекітеді және паспорттарды тіркеуге уәкілетті органға береді;
10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрін құру үшін жерлер қалдыру жөнінде шешімдер қабылдайды;
11) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтары шегінде осы аумақтарын экологиялық жүйелерінің, экологиялық дәліздердің, оларды қорғау және пайдалану режимінің жай-күйіне теріс әсер ететін қызметті шектеп, осындай аймақтар белгілеу жөнінде шешімдер қабылдайды;
12) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және өздерінің қарауындағы мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
14-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылаудың міндеттері және оны ұйымдастыру
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау мен пайдалануды мемлекеттік бақылаудың міндеттері мемлекеттік органдардың, жеке, заңды және лауазымды тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы сақтауды, Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықты анықтау мен жоюды, мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілерін қорғау мен пайдалану ережелерін сақтауды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылауды өздерінің құзыреті шегінде мыналар жүзеге асырады:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган;
жер, су және орман ресурстарын басқару, геология және жер қойнауын пайдалану, жануарлар дүниесі, ғылым және білім саласындағы орталық атқарушы органдар;
облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар.
3. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.