8) мемлекеттік орман қорының күзетiлуiн, қорғалуын, ормандардың молықтырылуын, ұтымды пайдаланылуын және орман өсiрудi қамтамасыз ететiн басқа да iс-әрекеттер болып табылады.
63-бап. Орман қорын күзету мен қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары, орман иеленушiлер, орман пайдаланушылар орман қорын күзету мен қорғау жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етедi.
2. Ормандарды өрттен қорғау жөніндегі iс-шаралар Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөніндегі орталық атқарушы органның келісімi бойынша уәкiлеттi орган бекiткен, ормандағы өрт қауiпсiздiгi ережелерiмен регламенттеледi.
3. Ормандағы өрт қауiпсiздiгi ережелерiне сәйкес өрт қаупi жағдайын бәсеңдету мақсатында орман иелерi өткiзетiн орман қоры аумағындағы және оған iргелес аумақтарда басқарылатын өртеуден басқа, жердiң барлық санаттарында шөптесiн өсiмдiктердi өртеуге тыйым салынады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары өрт қаупi жоғары кезеңде қажет болған жағдайларда жеке тұлғалардың орманда болуына және оған көлiк құралдарымен кіруіне, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры аумағында жұмыстың белгiлi бiр түрлерiн жүргiзуге шектеу қояды.
5. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларды ормандағы өрттердi сөндiруге тарту тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
64-бап. Орман шаруашылығы объектiлеріндегі мемлекеттік өрт қадағалау
1. Орман шаруашылығы объектiлеріндегі мемлекеттік өрт қадағалау Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөніндегі орталық атқарушы органының уәкiлеттi органмен және (немесе) тиiстi облыстың облыстық атқарушы органымен жасаған келісімiмен регламенттеледi.
2. Мемлекеттік орман қорының аумағында жұмыс iстейтiн және болатын орман пайдаланушылар, өзге де жеке және заңды тұлғалар ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
65-бап. Орман қорын күзету мен қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстар
1. Ормандарды өрттен күзету, орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстарды осы салада маманданған ұйымдар, соның iшiнде мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарға қатысуға құқығы бар мемлекеттік мекемелер жүзеге асырады.
2. Орман қорын күзету мен қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстар туралы ережені азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу саласындағы уәкiлеттi органмен келiсе отырып уәкiлеттi орган бекiтедi.
3. Ормандарды өрттен күзету жөніндегі авиациялық жұмыстарды орындау үшiн осы салада маманданған ұйымдарды мемлекеттік метеорологиялық қызмет қысқа мерзiмдi, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi ауа райы болжамдарымен қамтамасыз етедi.
66-бап. Қоғамдық өрт қауiпсiздiгi бiрлестiктерiнiң орман қорын күзетуге қатысуы
1. Орман қорын өрттен күзетуге, олардың алдын алу мен сөндiруге қоғамдық өрт қауiпсiздiгi бiрлестiктерi қатыса алады.
2. Қоғамдық өрт қауiпсiздiгi бiрлестiктерiн құру мен олардың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
67-бап. Мемлекеттік орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау
1. Мемлекеттік орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау мемлекеттік орман қорының жай-күйiн жүйелi түрде қадағалап отырумен, ошақтардың пайда болуының алдын алу, оларды оқшаулау мен жою шаралары арқылы орман зиянкестерi мен ауруларының ошақтарын дер кезiнде анықтаумен қамтамасыз етiледi.
2. Мемлекеттік орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау:
1) ағымдағы, экспедициялық, аэровизуальдi және басқа да орман-патологиялық зерттеулер;
2) орман зиянкестерi мен ауруларының өсiп-көбеюiн жалпы, алдын ала және егжей-тегжейлi қадағалау;
3) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі жер бетіндегі және авиациялық жұмыстарды жүзеге асыру;
4) орман зиянкестерi мен ауруларының алдын алу мен оның ошақтарын жою iс-шараларын қамтиды.
3. Мемлекеттік орман қорын орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөніндегі iс-шаралар уәкiлеттi орган бекiтетiн, ормандардағы санитарлық ережелермен регламенттеледi.
68-бап. Жеке тұлғалар мен қоғамдық бiрлестiктердiң орман қорын күзету мен қорғауды қамтамасыз етуге қатысуы
Жеке тұлғалар мен қоғамдық бiрлестiктер орман қорын күзету мен қорғауды қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қатысады.
11-тарау. Қазақстан Республикасының
мемлекеттік орман күзеті
69-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман күзетi
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман күзетi (бұдан әрi мемлекеттік орман күзетi) орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерiмен айналысатын орман мекемелерiнiң қызметкерлерiнен тұрады.
2. Мемлекеттік орман күзетiне өзiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн:
1) жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың мемлекеттік орман қорын пайдалануды жүзеге асыруға рұқсат беретiн құжаттарын тексеру;
2) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық жөнiнде хаттамалар жасау;
3) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау және оларды құқық қорғау органдарына жеткізу;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көлiк құралдарын, өзге де объектiлер мен орындарды тексерiп қарау, ал қажет болған кезде ұсталған адамдарды жеке қарап тексеру;
5) жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың заңсыз қолға түсiрген орман ресурстары мен жануарлар дүниесi ресурстарын, оларды қолға түсiру құралдарын, сондай-ақ көлік құралдарын алып қою және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бұлардың кейiннен кiмге тиесiлi болатыны туралы мәселенi шешу құқықтары;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтар берiледi.
3. Мемлекеттік орман күзеті мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде:
1) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдар саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмауға және оның жолын кесуге;
2) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарды бұзу фактілері жөніндегі ақпаратты, талап-арыздарды және өзге де материалдарды мемлекеттік органдарға және құқық қорғау органдарына, сотқа жiберуге;
3) өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғаларға анықталған тәртiп бұзушылықтарды жою жөнiнде жазбаша нұсқаулар беруге;
4) мемлекеттік орман қоры жерлерiнде, сондай-ақ орман өртi тiкелей қауiп тудырған жағдайда оған iргелес аумақтарда ормандағы өрттердiң алдын алу, оларды дер кезiнде байқау мен сөндiру жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге;
5) шаруашылық қызмет пен өзге де қызметтердi шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы ұсыныстар енгізуге мiндеттi.
6) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
4. Мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қызметтiк қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға рұқсат eтiледi.
5. Мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нысанды киім-кешекпен, қызметтiк қарумен және арнаулы қорғаныс құралдарымен, қызметтiк жер телiмiмен қамтамасыз етiледi.
6. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдарының қол күшiн, арнаулы қорғаныс құралдарын және қызметтiк қаруды қолдануға құқығы бар.
7. Мемлекеттік орман күзетiнiң қызметi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен Мемлекеттік орман күзетi туралы ережемен анықталады.
70-бап. Мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдарын құқықтық және әлеуметтiк қорғау
Мемлекеттік орман күзетiнiң лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық және әлеуметтiк қорғалуға жатады.
12-тарау. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру
71-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсiру мақсаттары
1. Ормандарды молықтыру мақсаты мемлекеттік орман қорының ағашы кесiлген, өртелген және бұрын орман өскен өзге де аумақтарында орманды уақытында қалпына келтiру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнiмдiлiгін арттыру, мемлекеттік орман қоры жерлерiнiң ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Орман өсiру мақсаты бұрын ағаш өспеген аумақтарда екпелер отырғызу болып табылады.
72-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыруды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру ағаш кесудiң ғылыми негiзделген жүйесiн iске асыру, ормандарды молықтыру, олардың тұқымдық құрамын жақсарту, селекциялық-гендiк негiзде тұрақты тұқым базасын жасау мен оны тиiмдi пайдалану, су-орман мелиорациясы, күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу мен санитарлық мақсатта ағаш кесудi қоса алғанда, орманды күтiп-баптау, орман шаруашылығына арнап жол салу, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын өткізу нәтижесiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн көтеру жөніндегі iс-шараларды орман мекемелерi мен орман пайдаланушылар орман орналастыру жобаларына сәйкес жүргiзедi.
73-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөніндегі iс-шараларды жүргiзу
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру жөніндегі iс-шаралар орман өсiру жағдайы мен экономикалық мақсатқа сәйкестiгi ескерiле отырып, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталып, неғұрлым қысқа мерзiмде өнiмдiлiгi жоғары және төзiмдi екпелер жасауды қамтамасыз ететiн әдiстермен жүргiзiлуге тиiс.
2. Мемлекеттік орман қорында ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөніндегі жұмыстар көлемi орман орналастыру және осы салаға маманданған басқа да жобалау-iздестiру ұйымдары әзiрлеген, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман тұқымдарын дайындау, өңдеу, сақтау және олардың сапасына бақылау жасау жөніндегі iс-шараларды жүргiзу тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Жекеше орман қоры жерлерiнде орман өсiру жөніндегі iс-шараларды жүргiзу меншiк иесiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
74-бап. Жердi орман мекемелерiне орман өсiру үшiн беру
Республика аумағының оңтайлы ормандануын, өзендер, су айдындары жағалауларының желектенуiн қамтамасыз ету үшiн және басқа да қажеттi жағдайларда орман мекемелерiне мемлекеттік орман қоры жерiнiң құрамына өзге санаттағы жерлер, бiрiншi кезекте ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жарамсыз (сайлар, жыралар, құмдауыттар, басқа да тозған жерлер) жерлер, сондай-ақ босалқы жерлер берiлуi мүмкiн.
Аталған жерлердi орман мекемелерiне беру Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес жүзеге асырылады.
75-бап. Орман флорасы мен фаунасын жерсiндiру
1. Орман биоқауымдастықтарында өсiмдiктер мен жануарлардың түрлерi мен нысандарын қалпына келтiру және молықтыру жергiлiктi байырғы флора мен фаунаның ең жақсы тұқымдарын қайта жерсiндiру жолымен жүргiзiледi.
2. Орман биоқауымдастықтарына жерсiндiру уәкiлеттi органның және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органның келісімi бойынша жүзеге асырылады.
3. Өсiмдiктердiң негiзгi байырғы түрлерiне зиянын тигiзетiн өсiмдiктер түрлерiн жерсiндiруге тыйым салынады.
13-тарау. Орман тұқым шаруашылығы
76-бап. Орман тұқым шаруашылығының мiндеттерi
Орман тұқым шаруашылығының негiзгi мiндеттерi орманды молықтыру мен орман өсiру жөніндегі жұмыстарды бағалы тұқым қуалаушылық қасиеттерi бар және себу сапасы жоғары тұқымдармен қамтамасыз ету, селекциялық-гендiк негiзде тұрақты орман тұқым базасын қалыптастыру болып табылады.
77-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі тұрақты орман тұқым базасы
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі тұрақты орман тұқым базасы селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы:
1) орман тұқымы плантациялары;
2) тұрақты орман тұқым учаскелерi;
3) артықшылығы бар екпелер объектiлерiн қамтиды.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде тұрақты орман тұқым базасын жасау ормандарды молықтыру мен орман өсiруге арналған тұқымдар мен отырғызу материалдарына қажеттiлiктiң ғылыми негiзделген нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлердi аттестаттау мен есепке алуды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен оның маманданған ұйымдары жүзеге асырады.
4. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлердi қалыптастыру, оларды мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде пайдаланудың режимiн белгiлеу орман орналастырушы және осы салада маманданған басқа да жобалау-iздестiру және ғылыми ұйымдар әзiрлеген, мемлекеттік-экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
78-бап. Селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлер
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлердi анықтау мен құру орман өсiмдiктерiнiң гендiк қорын кепiлдi сақтау, тұқым қуалаушылық қасиеттерiн бағалау, орман тұқым шаруашылығында пайдалану үшін неғұрлым келешегі бар тұқымдар түрiн iрiктеп алу үшiн жүзеге асырылады.
2. Селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлерге:
1) артықшылығы бар ағаштар;
2) артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттары;
3) географиялық дақылдар;
4) популяциялар мен будандардың сынақ дақылдары жатады.
3. Селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлер уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен анықталады және құрылады.
4. Селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлердi күзетудi мемлекеттік орман иеленушiлер жүзеге асырады.
79-бап. Орман тұқымын аудандастыру
1. Орман тұқымын аудандастыру ғылыми-зерттеу талдамалары негiзiнде белгiленедi және оны уәкiлеттi орган бекiтедi.
2. Ормандарды молықтыру мен орман өcipу үшiн тұқымдар мен отырғызу материалдарын пайдалану, олардың орнын ауыстыру уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Орман тұқымдары мен отырғызу материалдарын орман тұқымын аудандастыру талаптарын бұза отырып егуге және пайдалануға тыйым салынады.
80-бап. Орман тұқымдарын дайындау, өңдеу, сақтау және пайдалану
1. Орман тұқымдарын дайындау тұрақты орман тұқым базасы объектiлерiнде жүзеге асырылады, ал олар жетiспеген жағдайда қалыпты екпелерде дайындауға жол берiледi.
2. Орман тұқымдарын кемiстiгi бар екпелерде және кемiстiгi бар ағаштардан дайындауға тыйым салынады.
3. Сатуға және егу үшiн пайдалануға жататын орман тұқымдарының егу сапасын, олардың мемлекеттік стандарттарға, техникалық жағдайларға және орман тұқым шаруашылығы жөніндегі басқа да нормативтiк құжаттарға сәйкестiгiн айқындауды уәкiлеттi органның маманданған ұйымдары жүзеге асырады.
4. Осы баптың 3-тармағының талаптарына сәйкестiгi тексеруден өтпеген орман тұқымдарын сату мен егуге тыйым салынады.
5. Орман тұқымдарын дайындауды, өңдеудi, сақтауды және пайдалануды ұйымдастыру тәртібін уәкiлеттi орган айқындайды.
14-тарау. Мемлекеттік орман қоры учаскелерін
күзету, қорғау, пайдалану, жердің кейбір
санаттарында ормандарды молықтыру
мен орман өсіру ерекшеліктері
81-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн күзету, қорғау, пайдалану, заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтыру мен орман өсiру ерекшелiктерi
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн күзету, қорғау, пайдалану, заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтыру мен орман өсiру осы Кодекске және Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
82-бап. Қала ормандары мен орманды саябақтарда орман пайдалану ерекшелiктерi
1. Қалалық елдi мекендердiң шекарасы шегiнде орналасқан ормандар (қала ормандары мен орманды саябақтар) халықтың демалысына, мәдени-сауықтыру және спорт шараларын өткізуге, сондай-ақ қолайлы қоршаған ортаны сақтауға арналады.
2. Қала ормандарында басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге және осы ормандардың мақсатымен сыйыспайтын орман пайдаланудың өзге де түрлерiн жүзеге асыруға тыйым салынады.
83-бап. Шекара аймақтарында мемлекеттік орман қоры учаскелерiн пайдалану ерекшелiктерi
Шекара аймақтарындағы мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалану осы Кодексте және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңдарында белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
84-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға пайдалануға берiлген мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану ерекшелiктерi
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға ауыл және орман шаруашылықтарын кешендi жүргiзу үшiн берiлген мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану осы Кодекстiң талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Пайдалануына мемлекеттік орман қоры учаскелерi берiлген жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар осы Кодексте белгiленген тәртiппен оларда орман орналастыру жұмыстарын жүргiзуге және орман қорының мемлекеттік есебiн жүргiзуге қатысуға мiндеттi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған ағаш және бұта өсiмдiктерiнiң жай-күйiне, күзетiлуiне, қорғалуына, пайдаланылуы мен молықтырылуына бақылауды уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
85-бап. Басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерiн күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру ерекшелiктерi
1. Басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерiн күзетудi, қорғауды, пайдалануды, ормандарды молықтыруды жүзеге асыру үшiн мемлекеттік орман иеленушiлердiң Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiнде белгiленген тәртiппен бөтен жер учаскесiн шектеулi мақсатта пайдалану (сервитут) құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес, табиғи өсiп шығатын ормандарды сыртқы қолайсыз әсерлерден қорғау үшiн басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерiнiң шекарасын бойлай енi жиырма метр болатын күзет аймақтары белгiленедi.
Күзет аймағы шегiнде мемлекеттік орман қоры учаскесiнiң жай-күйiне керi әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынады.
86-бап. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен өсiрiлген агроорман-мелиорациялық екпелердi күзету, қорғау және пайдалану ерекшелiктерi
1. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен өсiрiлген агроорман-мелиорациялық екпелер жердi қолайсыз табиғи құбылыстар мен антропогендiк факторлардың әсерiнен қорғауға арналған.
2. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен өсiрiлген агроорман-мелиорациялық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар өздерi орналасқан жерлерде жүзеге асырады.
Мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған, ауыл шаруашылығына арналған жерлердегi агроорман-мелиорациялық екпелердi шаруа қожалықтары және өзге де ауыл шаруашылығы ұйымдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен сатып алуы мүмкін.
3. Агроорман-мелиорациялық екпелердiң қорғаныштық функцияларын сақтау мақсатымен орманды күтiп-баптау мақсатында кесуге, санитарлық мақсатта кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты кесуге, сондай-ақ өзге де мақсаттарда кесуге жол берiледi.
87-бап. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулердегi қорғаныштық екпелердi күзету, қорғау және пайдалану ерекшелiктерi
1. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулерде орналасқан қорғаныштық екпелер осы объектiлердi қолайсыз табиғи құбылыстардан қорғауға, қоршаған ортаның ластануын болдырмауға, шудың әсерiн азайтуға арналған.
2. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулердегi қорғаныштық екпелердi, оларды өсiру жобаларына сәйкес орманды күтiп-баптау мақсатында кесуге, санитарлық мақсатта кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi қайта жаңғыртумен байланысты кесуге және өзге де мақсаттарда кесуге жол берiледi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған қорғаныштық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды, осы Кодекске сәйкес, жер пайдаланушылар өздерi орналасқан жерлерде жүзеге асырады.
7-бөлім. Орман қорын пайдалану
15-тарау. Орман пайдалану түрлері және орман
пайдалану жөніндегі қызметті лицензиялау
88-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану түрлері
1. Мемлекеттік орман қорында орман пайдаланудың:
1) сүрек дайындау;
2) шайыр, ағаш шырындарын дайындау;
3) қосалқы сүрек ресурстарын (қабықтар, бұтақтар, түбiрлер, тамырлар, жапырақтар, бүршiктер) дайындау;
4) жанама орман пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарта орналастыру, бау-бақша шаруашылығы және өзгеде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру, дәрiлiк шөптер мен техникалық шикiзаттар, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер мен басқа да тағамдық өнiмдер, мүк, орман жамылғысы мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау мен жинау);
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажетi үшiн пайдалану;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаты үшін пайдалану;
7) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшiн пайдалану түрлерi жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн пайдалану орман ресурстарын алып қойып, сондай-ақ оларды алмай да жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскесi орман пайдаланудың бiр немесе бiрнеше түрлерiн жүзеге асыру үшiн бiр немесе бiрнеше орман пайдаланушыға берiлуi мүмкiн.
4. Орман пайдаланудың белгiлi бiр түрлерiн жүзеге асырған кезде орман ресурстары мен мемлекеттік орман қоры учаскелерiн пайдалану ерекшелiктерi осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң актілерімен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен айқындалады.
89-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану жөніндегі қызметтi лицензиялау
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызмет лицензиялануға жатады.
16-тарау. Орман пайдалануды жүзеге асыру
90-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде сүрек дайындаудың мынадай түрлерi:
1) толысқан және қураған сүрекдiңдерде жүргiзiлетiн, басты мақсатта пайдалану үшiн;
2) аралық мақсатта пайдалану үшiн (орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу, iрiктеп санитарлық мақсатта ағаш кесу және құндылығы төмен орман екпелерiн, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа қасиеттерiн жоғалтқан екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты ағаш кесу, жас шыбықтарды жекелеп кесу);
3) өзге де мақсатта пайдалану үшiн (жаппай санитарлық мақсатта ағаш кесу, су тораптарының, құбырлардың, жолдардың құрылысына байланысты, орман соқпақтарын тарту, өртке қарсы жыралар жасау кезiнде орман алаңдарын тазарту, өтiмдi үйiндiлердi жинау, өзге де мақсаттар үшiн ағаш кесу) ағаш кесу тәртібімен жүзеге асырылады.
91-бап. Күтiп-баптау мақсатында және санитарлық мақсатта ағаш кесу кезiнде мемлекеттік орман иеленушiнiң жергiлiктi халықтың ағашқа деген қажетiн қамтамасыз етуi