2. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтініште қамтамасыз етілуге қажетті дәлелдемелер, растау үшін осы дәлелдемелер қажет мән-жайлар, өтініш берушіні қамтамасыз ету туралы өтініш жасауға итермелеген себептер, сондай-ақ қамтамасыз етілетін дәлелдемелер қажет болып отырған іс көрсетілуге тиіс.
3. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтінішті қарау нәтижесі бойынша сот ұйғарым шығарады. Мұндай өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы судьяның ұйғарымына жекеше шағым берілуі мүмкін.
76-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібі
1. Дәлелдемелерді қамтамасыз етуді осы Кодексте белгіленген ережелер бойынша судья жүргізеді.
2. Істің сотта туындауға дейін дәлелдемелерді қамтамасыз етуді заңдармен көзделген тәртіппен сотта нотариустар немесе консулдық мекемелердің лауазымды адамдары жүргізеді.
3. Өтініш беруші және іске қатысушы басқа тұлғалар дәлелдемелерді қамтамасыз ету уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуі дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтінішті қарауға кедергі болып табылмайды.
4. Хаттамалар және дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібімен жиналған нәрсенің бәрі іске қатысушы тұлғаларға хабарлана отырып, істі қараушы сотқа беріледі.
77-бап. Дәлелдемелерді бағалау
1. Әрбір дәлелдеме - қатыстылығы, жол берілуі, растығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
2. Осы Кодекстің 16-бабына сәйкес судья дәлелдемелерді өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды.
3. Дәлелдемелердің жиынтығы, егер іске қатысты дәлелдеуге жататын немесе тарап жоққа шығармаған барлық және әрбір мән-жайлар туралы ақиқатты даусыз айқындауға жол беретін және сенімді дәлелдемелер жиналса, азаматтық істі шешу үшін жеткілікті болып табылады.
78-бап. Тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелері
1. Тараптардың және үшінші тұлғалардың іс үшін маңызы бар, өздеріне белгілі мән-жайлар туралы түсініктемелері іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен қатар тексеруге және бағалауға жатады.
2. Көрсетілген тұлғалардың түсініктемелері ауызша және жазбаша болуы мүмкін.
3. Тараптың талабын немесе қарсылығын негіздейтін фактілерді екінші тараптың мойындауы ол тарапты осы фактілерді одан әрі дәлелдеу қажеттігінен босатады. Тарап мойындаған факті сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оған фактіні мойындаған тарап қол қояды. Егер фактіні тану жазбаша өтініште баяндалған болса, ол іске қосып тігіледі.
4. Егер фактілерді тану шындығында болған мән-жайды жасыру мақсатымен не алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың немесе жаңылудың әсерінен жасалғандығына соттың күдігі болса, ол тануды қабылдамай, ол туралы ұйғарым шығарады. Мұндай жағдайда осы фактілер жалпы негізде дәлелденуге тиіс.
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 79-бап өзгертілді
79-бап. Куәнің айғақтары
1. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қандай да болмасын мәліметтер өзіне белгілі болған тұлға куә болып табылады. Адамның айғағы, егер ол өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаса, дәлелдеме деп танылмайды.
2. Куә ретінде:
1) балаларды тәрбиелеу туралы даулар бойынша істерді қоспағанда өзінің жастығына, дене немесе психикалық кемістігіне орай фактілерді дұрыс қабылдауға және олар туралы дұрыс айғақ беруге қабілетсіз адамдар;
2) өкілдің немесе қорғаушының міндетін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы - азаматтық іс бойынша өкілдер немесе қылмыстық іс бойынша қорғаушылар;
3) шешім немесе үкім шығару кезінде мәселелерді істің мән-жайын кеңесу бөлмесінде талқылау кезінде туындаған мәселелер туралы - судья;
3-1) аралық судьяның немесе төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы - аралық судья немесе төрешi;
4) оларға тәубаға келу кезінде сенім білдірген адамдардан белгілі болған мән-жайлар туралы - дін қызметшілері;
5) заңда көрсетілген басқа адамдар жауап алуға жатпайды.
3. Адам өз-өзіне, зайыбына (жұбайына) және шеңбері заңмен белгіленетін жақын туыстарына қарсы сотта куәлік айғақ беруден бас тартуға құқылы.
4. Куәні шақыру туралы өтінім жасаған адам оның тегін, атын, әкесінің атын және тұратын жерін немесе жұмыс орнын хабарлауға, бұл куәдан жауап алу қажеттілігін негіздеуге міндетті.
80-бап. Куәнің міндеттері мен құқықтары
1. Куә ретінде шақырылған адам сотқа тағайындалған уақытта келуге және шынайы айғақ беруге міндетті.
2. Науқастығының, қарттығының, мүгедектігінің немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан соттың шақыруы бойынша келуге жағдайы болмаса, сот куәдан өзі барған жерінде жауап алуы мүмкін.
3. Көрінеу жалған айғақ бергені және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақ беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшін куә Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 352, 353-баптарында көзделген жауаптылықта болады.
4. Куәнің сотқа шақырылуына байланысты шығындарды өтеттіруге және уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Шығындар мен өтемақылардың мөлшері Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
81-бап. Жазбаша дәлелдемелер
Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтерді қамтитын актілер, құжаттар, іскерлік немесе жеке сипаттағы хаттар жазбаша дәлелдемелер болып табылады.
82-бап. Жазбаша дәлелдемелерді жинау тәртібі
1. Жазбаша дәлелдемелерді тараптар және іске қатысушы басқа да тұлғалар тапсыруы, сондай-ақ олардың өтініші бойынша сот талап етуі мүмкін.
2. Егер құжаттарда ұйымдар, лауазымды адамдар баяндаған немесе куәландырған мәліметтер азаматтық іс үшін маңызы болса, дәлелдемелер болып танылады. Құжаттарға, соның ішінде осы Кодекстің 66-бабында көзделген тәртіппен алынған, талап етілген немесе табыс етілген компьютерлік хабарламаны қамтитын материалдар, фото және кино түсірілімдер, дыбыс және бейне жазбалар да жатады.
3. Соттың алдында іске қатысатын немесе қатыспайтын тұлғалардан жазбаша дәлелдемелер талап ету туралы өтінім жасайтын тұлға осы дәлелдемені көрсетуге, оларды өз бетінше алуға кедергі болатын себептерді, өзі дәлелдемелерді сол тұлғаларда деп санайтын негіздерін көрсетуге тиіс.
4. Соттың азаматтардан немесе заңды тұлғалардан талап ететін жазбаша дәлелдемелері тікелей сотқа жіберіледі.
5. Сот жазбаша дәлелдеме талап ету туралы өтінім берген тұлғаға соңынан сотқа табыс ету үшін алу құқығын беретін сұрату бере алады.
83-бап. Сотқа жазбаша дәлелдемелер табыс ету міндеттілігі
1. Талап етілген жазбаша дәлелдемелерді табыс ету немесе оны сот белгілеген мерзімде табыс ету мүмкіндігі жоқ тұлғалар бұл туралы себептерін көрсете отырып, сотқа хабарлауға міндетті.
2. Сот хабардар етілмеген жағдайда, сондай-ақ соттың жазбаша дәлелдемелерін табыс ету талабы сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша орындалмаса, іске қатысушы тұлғалар - он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал соттың қайталама және одан кейінгі талаптарын орындамаған жағдайда, жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Айыппұл салу өзінде жазбаша дәлелдемені ұстап отырған тұлғаны сот талап еткен затты беру міндетінен босатпайды.
3. Жазбаша дәлелдемелер, әдетте, түпнұсқа күйінде беріледі. Егер құжаттың көшірмесі берілсе, сот қажет болған жағдайда түпнұсқаның берілуін талап етуге құқылы.
84-бап. Жазбаша дәлелдемелерді сақталып тұрған жерінде қарау және зерттеу
Жазбаша дәлелдемелерді сотқа беру қиын болған ретте сот тиісінше куәландырылған көшірмелерді және үзінділерді беруді талап ете алады немесе жазбаша дәлелдемелерді олар сақталып қойылған жерде қарай алады және зерттей алады.
85-бап. Түпнұсқа жазбаша дәлелдемелерді қайтару
1. Түпнұсқа жазбаша дәлелдемелер, сондай-ақ істегі жеке хаттар оларды табыс еткен тұлғалардың өтініші бойынша сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оларға қайтарылуы мүмкін. Бұл орайда істе жазбаша дәлелдемелердің судья куәландырған көшірмесі қалады.
2. Жазбаша дәлелдемелер соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін, егер сот мүмкін деп тапса, оларды табыс еткен тұлғаларға қайтарылуы мүмкін.
86-бап. Заттай дәлелдемелер
Егер заттар өзінің сыртқы түрімен, қасиеттерімен немесе өзге де белгілерімен іс үшін маңызы бар мән-жайды анықтау құралы бола алады деп ұйғаруға негіз болса, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.
87-бап. Заттай дәлелдемелерді сақтау және қарау
1. Заттай дәлелдемелер істе сақталады немесе айрықша тізілім бойынша соттың заттай дәлелдемелер сақтау камерасына өткізіледі. Сот заттай дәлелдемелерді өзгеріссіз қалпында сақтауға шара қабылдайды.
2. Сотқа әкелу мүмкін емес заттар тұрған жерінде сақталады. Оларды сот қарап, хаттамада егжей-тегжейлі сипаттауға, ал қажет болған жағдайда суретке түсіруге және мөрмен бекітілуге тиіс. Заттай дәлелдемелерді қарау хаттамасы іске қосып тігіледі.
3. Заттай дәлелдемелерді сақтау жөніндегі шығындар осы Кодекстің 110-бабына сәйкес тараптар арасында бөлінуі мүмкін.
88-бап. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарау
1. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді сот дереу қарап шығады және зерттейді, одан кейін оларды қарап шығуға әкелген адамға қайтарады.
2. Мұндай заттай дәлелдемелерді қарап, зерттеу орны мен уақыты туралы іске қатысушы адамдар, егер олар заттай дәлелдемелерді тұрған жерінде қарау кезінде келе алса, хабарланады. Хабарланған іске қатысушы адамдардың келмеуі заттай дәлелдемелерді қарап, зерттеуге кедергі келтірмейді. Қарап шығу және зерттеу деректері хаттамаға енгізіледі.
3. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап шығу, оның нәтижелерін жазу осы Кодекстің 87-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
89-бап. Заттай дәлелдемелерге билік ету
1. Заттай дәлелдемелер соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін олар алынған адамдарға қайтарылады немесе сот бұл заттарға құқығын таныған адамдарға беріледі немесе сот белгілеген тәртіппен өткізіледі.
2. Заң бойынша азаматтардың иелігінде бола алмайтын заттар тиісті ұйымдарға беріледі.
3. Заттай дәлелдемелер оларды сот қарап шығып зерттегеннен кейін, егер олар алынған тұлғалар өтінім жасаса және мұндай өтінімді қанағаттандыру істі дұрыс шешу үшін кедергі келтірмесе, іс жүргізу аяқталғанға дейін оларға қайтарылуы мүмкін.
4. Заттай дәлелдемелерге билік ету мәселелері бойынша сот ұйғарым шығарады.
90-бап. Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар
1. Іске қатысушы адамдар - дәлелдемелерді жинау мақсатында, сондай-ақ сот оларды зерттеу және бағалау мақсатында ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға құқылы.
2. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде жәрдем көрсету үшін сот маман шақыруы мүмкін.
3. Ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға, егер олар:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен принциптеріне қайшы келмесе;
2) ғылымилығы жарамды болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;
4) қауіпсіз болса, жол беруге болады деп танылады.
4. Ғылыми-техникалық құралдарды жасырын қолданудың нәтижесі, мұндай қолдануға заңмен жол берілетін жағдайларды қоспағанда, дәлелдеме ретінде пайдаланылмайды.
5. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану тарап ұсынған анықтамамен белгіленеді немесе ғылыми-техникалық құралдардың деректері, оларды пайдаланудың шарттары мен тәртібі, бұл құралдар қолданылған объектілер және оларды пайдаланудың нәтижелері көрсетіле отырып, сот жүргізген тиісті іс жүргізу іс-әрекеттерінің хаттамаларында көрсетіледі.
6. Ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен алынған құжаттар мен басқа да материалдарды зерттеу, сақтау және оларға билік ету осы Кодекстің 87 және 89-баптарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 06.11.01 ж. № 251-II Заңымен 91-бап өзгертілді
91-бап. Сараптама тағайындау
1. Сараптама сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін іс материалдарын зерттеу нәтижесінде іс үшін маңызы бар мән-жайлар анықталуы мүмкін жағдайда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы өзге адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.
2. Істе ревизия, тексеру актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды және сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
3. Сот сараптаманы тараптың өтінімі бойынша және өз бастамасы бойынша тағайындайды.
4. Сарапшы ретінде арнайы ғылыми білімі бар іске мүдделі емес адам шақырылуы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
5. Іске қатысушы тұлғалар соттан сараптама ісін жүргізуді арнайы қажетті ғылыми білімі бар нақты адамға тапсыру туралы сұрай алады.
6. Сараптама жүргізу іске қатысушылар ұсынған тұлғалардың біріне тапсырылуы мүмкін. Соттың сараптама жүргізу тапсырылған адамды шақырту талабы аталған адам жұмыс істейтін ұйымның басшысы үшін міндетті.
7. Іске қатысушы әрбір адам сарапшының алдына қойылуы тиіс мәселелерді сотқа қоюға құқылы. Сарапшы қорытынды беруге тиіс мәселелердің түпкілікті шеңберін сот айқындайды.Ұсынылған мәселелерді қабылдамауды сот дәлелдеуге міндетті. Соттың сараптама тағайындау туралы ұйғарымына шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
8. Егер тарап сараптама жүргізуге қатысудан жалтарса немесе оны өткізуге кедергі келтірсе (сараптамаға келмесе, сарапшыларға зерттеу үшін қажетті материалдар бермесе, сотқа беруге мүмкіндік болмайтын немесе қиындық келтіретін өзіне тиісті объектілерді зерттеуге мүмкіндік бермесе), ал істің мән-жайлары бойынша мұндай тараптың қатысуынсыз сараптама жүргізу мүмкін болмаса, сот қай тараптың сараптамадан жалтарғанына, сондай-ақ ол үшін оның қаншалықты маңызы барлығына қарай анықтау үшін сараптама тағайындалған фактіні анықталған немесе жоққа шығарылған деп тануға құқылы.
9. Сараптаманың тағайындалуы туралы сот ұйғарым шығарады.
10. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымда сот соттың атауын, сараптаманы тағайындау уақытын, орнын, қаралып жатқан іс бойынша тараптардың атауын, сараптама түрін, сараптама тағайындау негіздерін, сарапшының алдына қойылған мәселелерді, сот сараптамасы органының атауын немесе сараптама жүргізу тапсырылған адамның тегін, атын және әкесінің атын, сараптама жүргізуге жіберілген объектілерді және істің өзге де материалдарын көрсетеді. Ұйғарымда, көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сарапшы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 352-бабында көзделген қылмыстық жауаптылық туралы ескертілетіні де көрсетіледі.
92-бап. Сарапшының құқықтары мен міндеттері
1. Сарапшының: істің сараптама нысанасына қатысты материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінім жасауға; соттың рұқсатымен сот отырысына қатысуға және оған қатысушыларға сараптама нысанына қатысты сұрақтар қоюға; тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеті мен жауаптарының толық әрі дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті ескертулер жасауға; өзінің бастамасы бойынша сараптама жүргізу кезінде белгілі болған, іс үшін маңызы бар мән-жайларды қорытындыда көрсетуге; өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақ беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; сараптама жүргізу кезінде өз құқығына нұқсан келтіретін сот әрекетіне шағым жасауға; өзінің арнаулы білімінің шегінен тысқары мәселелер бойынша, сондай-ақ егер өзіне берілген материалдар қорытынды беру үшін жеткіліксіз болған жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға; сараптама жүргізу кезінде келтірілген шығындарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмесе, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.
2. Сарапшының: соттан басқа іске қатысушы адамдармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге; сараптамалық зерттеу үшін өз бетінше материалдар жинауға; егер сараптама тағайындаған соттың оған арнаулы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқығы жоқ.
3. Сарапшы соттың шақыруы бойынша келуге; өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген және объективті қорытынды беруге; жүргізілген зерттеулер мен берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақ беруге міндетті.
4. Көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сарапшы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 352-бабында көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.
93-бап. Сараптама жүргізу тәртібі
1. Сараптама зерттеу сипатына не сот отырысында зерттеу үшін объектілерді жеткізудің мүмкіндігі жоқтығына немесе қиындығына байланысты сотта немесе соттан тыс жүргізіледі.
2. Сараптамалық зерттеу объектілерінің дұрыстығына және жол берілгендігіне сот кепілдік береді.
3. Сараптамалық зерттеудің объектілері, егер олардың көлемі және қасиеттері мүмкіндік берсе, сарапшыға буылып-түйілген және мөрлеп бекітілген түрде беріледі. Қалған жағдайларда сараптаманы тағайындаған сот сарапшыны зерттеу объектілері тұрған орынға жеткізуді, оларға кедергісіз бара алуын және зерттеу жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.
4. Іске қатысушы адамдар сараптама жүргізу кезінде, соттан тыс сараптама жүргізу кезінде сарапшылардың қалыпты жұмысына кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, қатысуға құқылы. Іске қатысушы адамдарды сараптама жүргізуге қатыстыру туралы өтініштерді сот қанағаттандырған жағдайда аталған адамдарға сараптама жүргізілетін орын мен уақыт хабарланады. Хабарландырылған адамдардың келмеуі сараптама жүргізуге кедергі келтірілмейді.
5. Соттан тыс сараптама жүргізу кезінде іске қатысушы адамдар болған жағдайда, сот приставының міндетті түрде қатысуын сот белгілейді.
6. Сараптаманы жүргізу сот сараптамасы органына тапсырылған кезде сот сараптама тағайындау туралы ұйғарымды және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының ұйғарымда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер сараптама тағайындау ұйғарымында нақты сарапшы көрсетілмесе, сарапшыны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптама тағайындаған сотқа хабарлайды.
7. Сот сараптамасы органының басшысы сараптама жүргізуді ұйымдастырады, оны жүргізу мерзімдерін белгілейді, сараптамалық зерттеудің сапалы жүргізілуіне және сараптама объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады.
8. Сот сараптамасы органының басшысы сарапшыға зерттеу нәтижесін және қорытындының мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқылы емес.
9. Сараптама жүргізуге байланысты шағындарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 108-бабының ережелері бойынша жүргізіледі.
94-бап. Жеке және комиссиялық сараптама
1. Сараптама жүргізуді сарапшы жеке не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы бірнеше сарапшы жүргізеді.
3. Сараптамалық комиссияның мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындыға қол қояды не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаға қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бір бөлігі жеке қорытынды береді не пікірі комиссияның басқа мүшелерінің қорытындысымен сәйкес келмейтін сарапшы пікірін қорытындыда жеке тұжырымдайды.
4. Соттың комиссиялық сараптама жүргізу туралы ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы табыс етілген материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
95-бап. Кешенді сараптама
1. Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлі білім саласының негізінде зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны мамандығы әртүрлі сарапшылар өздерінің құзыреті шеңберінде жүргізеді.
2. Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, оны қандай көлемде жүргізгені және оның қандай қорытындыға келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.
3. Әрбір сарапшы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Ортақ қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелерді бағалауға құзыреті бар сарапшылар ғана тұжырымдайды және оған қол қояды. Егер комиссияның түпкілікті қорытындысына немесе оның бір бөлігінде сарапшылардың бірі (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактілер негіз болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.
4. Сарапшылар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда зерттеулердің нәтижелері осы Кодекстің 94-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ресімделеді.
5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ табыс етілген материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
96-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшының қорытындысы - бұл сарапшының алдына сот немесе тараптар қойған мәселелер бойынша іс материалдарын зерттеуге, оның ішінде арнайы ғылыми білімдерді пайдалана отырып жүргізілген заттай дәлелдемелер мен үлгілерге негізделген осы Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар.
2. Қажетті зерттеулер жүргізілгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып сарапшы (сарапшылар) өз атынан қорытынды жасап, оны өз (олардың) қолын қоюы және жеке мөрі арқылы растап, сараптама тағайындаған сотқа жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргізген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрімен куәландырылады.
3. Сарапшының қорытындысында: қашан, қай жерде, кім (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі) қандай негізде сараптама жүргізілгені, көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы өзіне ескертілгені туралы сарапшының қол қоюы арқылы куәландырылған белгі; сарапшының алдына қойылған сұрақтар; сараптама жүргізу кезінде кімнің қатысқаны және қандай түсініктемелер берілгені; сарапшы істің қандай материалдарын пайдаланғаны; қандай объектілердің зерттелгені; қандай зерттеулер жүргізілгені, қандай әдістер қолданылғаны және олардың қандай дәрежеде сенімді екені; қойылған сұрақтарға негізді жауаптар көрсетілуге тиіс. Егер сараптама жүргізу кезінде сарапшы іс үшін маңызы бар, олар туралы сұрақ қойылмаған мән-жайларды анықтаса, ол бұларды өз қорытындысында көрсетуге құқылы.
4. Егер зерттеу барысында осы Кодекстің 97-бабында аталған мән-жайлар анықталса, қорытындыда қойылған сұрақтардың бәріне немесе олардың кейбіреуіне жауап берудің мүмкін болмауының негіздемесі қамтылуға тиіс.
5. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер, сондай-ақ фотокестелер, тәсімдер, графиктер, кестелер және сарапшының қорытындысын растайтын басқа да материалдар қоса тіркелуге тиіс. Қорытындының қосымшасына сарапшы (сарапшылар) қол қояды.
6. Сарапшының ауызша түсініктемесі ол бұрын берген қорытындының бөлігін ғана түсіндірудің дәлелдемелері болып табылады.
7. Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ оның қорытындымен келіспеуі дәлелді болуға тиіс.
97-бап. Қорытынды берудің мүмкін еместегі туралы хабарлама
Егер сарапшының зерттеу жүргізгенге дейін оның алдына қойылған мәселелер өзінің арнайы білімдерінің шегінен тыс екеніне не оған ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне және олардың толықтырылуы мүмкін емес екеніне, не ғылым мен сараптама практикасының жай-күйі қойылған сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік бермейтініне көзі жетсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместегі туралы дәлелді хабарлама жазып, оны сотқа жібереді.
98-бап. Қосымша және қайталама сараптама
1. Қосымша сараптама қорытынды жеткілікті түрде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ бұрын зерттелген мән-жайларға қатысты жаңа мәселелер туындаған кезде тағайындалады.
2. Қосымша сараптама жүргізу сол сарапшының өзіне немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
3. Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізделмеген не оның дұрыстығы күмән тудырған, не сараптама жүргізудің іс жүргізу нормалары елеулі бұзылған кезде дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады.
4. Қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелеріне келіспеудің дәлелдері келтірілуге тиіс.