4. Судья тараптардың дәлелдерiн тыңдап, қылмыстық iзге түсу органдарынан талап етiлген қылмыстық iс материалдарын қарай келiп, мынадай:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) бұлтартпау шараларын тоқтату немесе қатаң еместеуiне өзгерту және сезiктiнi, айыпталушыны қамаудан босату туралы дәлелдi шешiмдердiң бiреуiн шығарады.
5. Судьяның осы баптың ережелерiне сәйкес шығарған қаулысына ол жария етiлген кезден бастап үш тәулiк iшiнде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар, жәбiрленушi және оның өкiлi шағымдана алады, сондай-ақ судьясы қаулы шығарған сот арқылы облыстық және оған теңестiрiлген сотқа прокурор наразылық келтiре алады. Шағым беру немесе наразылық келтiру сезiктiнi, айыпталушыны қамаудан босату туралы сот қаулысының орындалуын тоқтата тұрады. Шағымдану мерзiмi өткеннен кейiн шағым, наразылық бiлдiрiлген iс осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға және прокурорға бұл туралы хабарлана отырып, облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа жiберіледi. Облыстық немесе оған теңестiрiлген соттың судьясы шағымды, наразылықты осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген ережелер мен мерзiмдi сақтай отырып қарайды және шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдырып, қалалық (аудандық) сот судьясының қаулысын күшiнде қалдыру туралы; қалалық (аудандық) сот судьясы қаулысының күшiн жойып, прокурор санкция берген бұлтартпау шараларын қалдыру немесе айыпталушының қамауда болу мерзiмiн ұзарту туралы; қалалық (аудандық) сот судьясының таңдаған бұлтартпау шараларының күшiн жойып немесе оны барынша жұмсарту жағына қарай өзгерте отырып, олардың қаулысының күшiн жою туралы шешiмдердiң бiреуiн шығарады. Облыстық немесе оған теңестiрiлген сот судьясының қаулысы түпкiлiктi болып табылады, шағымдануға және наразылық келтiруге жатпайды.
6. Шағымданудың немесе наразылық келтiрудiң осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген мерзiмi бiткен соң, не жоғары тұрған соттың судьясы iстi қарағаннан кейiн шағым жасалса немесе наразылық келтiрiлсе, судья қаулысының көшiрмесi прокурор мен арызданушыға, ал сезiктi, айыпталушы қамаудан босатылатын жағдайда - дереу орындау үшiн адамды қамауда ұстап отырған орынның әкiмшiлiгiне жiберiледi.
7. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың шағымы қанағаттандырылмай қалдырылған жағдайда белгiлi бiр адамды нақ сол iс бойынша, нақ сол негiз бойынша қамауға алу мерзiмi жаңадан әрбiр ұзартылуы кезiнде шағымының қайталап қаралуға құқығы бар.
Қайталама шағым осы бапта көзделген тәртiппен қаралады.
8. Осы бапта көзделген тәртiппен судья шағымды қараған кезде хаттама жүргiзiледi.
111-бап. Прокурордың сезiктiнi, айыпталушыны медициналық
мекемеге мәжбүрлеп орналастыруға берген санкциясына
сотқа шағымдану
1. Прокурор санкцияландырған сезiктiнi, айыпталушыны сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыруға шағымдану осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген қосымшалармен бiрге осы Кодекстiң 110-бабында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Сот отырысы барысында судья тараптардың дәлелдерiн тыңдап, қылмыстық iзге түсу органдарынан талап етiлген қылмыстық iстiң материалдарын, ал қажет болған жағдайда - дәрiгерлiк комиссияның қорытындысын қарай келiп мынадай:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) сезiктiнi, айыпталушыны медициналық мекемеге орналастыру немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын өзгерту және сезiктiнi, айыпталушыны медициналық мекемеден босату туралы шешiмнiң күшiн жою туралы дәлелдi шешiмдердiң бiреуiн шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 112-бап өзгертілді
112-бап. Соттың үкіміне, қаулысына шағым жасау,
наразылық бiлдiру
Бiрiншi сатыдағы соттардың үкіміне, қаулысына шағым жасау, наразылық бiлдiру осы Кодекстiң 46-тарауының ережелерiне сәйкес берiледi. Заңды күшiне енген соттың шешiмiн қайта қарау туралы шағым жасау, наразылық бiлдiру, өтiнiштер осы Кодекстiң 50-тарауының ережелерiне сәйкес берiледi.
14-тарау. Қылмыстық процеске қатысушы адамдар
туралы қорытынды ережелер
113-бап. Процеске қатысушы деп тануды талап ету құқығы
1. Қылмыстық процестiң қатысушысы болып табылмайтын адамдардың оған осы Кодексте көзделген негiздер болған кезде, олардың жәбiрленушi, жеке айыпталушы, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың заңды өкiлдерi және өкiлдерi деп тануды талап етуге құқығы бар. Аталған адамдардың арыздарын (өтiнiштерiн) олар алынған кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрмей қылмыстық процестi жүргiзушi орган қарауы тиiс. Қабылданған шешiм туралы өтiнiш берушi дереу хабарландырылады, оған тиiстi қаулының көшiрмесi жiберiледi.
2. Өтiнiш берушi тиiстi қаулының көшiрмесiн алғаннан кейiнгi бес тәулiктiң iшiнде өзiнiң өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартылғанына немесе оны шешудi кейiнге қалдырылғанына прокурорға, сотқа шағымдануға құқылы. Егер қаулының көшiрмесi шағым берiлген кезден бастап он тәулiктiң iшiнде алынбаса, өтiнiш берушi оны процеске қатысушы деп тану туралы өтiнiш жазып прокурорға, сотқа жүгiнуге құқылы.
3. Қайтыс болған немесе қылмыс нәтижесiнде өзiнiң еркiн саналы түрде бiлдiру қабiлетiн жоғалтқан адамның жақын туысы, жұбайы (зайыбы) егер оның құқықтық мұрагерi болғысы келсе, өзiн жәбiрленушi деп тану туралы талап ете алады. Аталған өтiнiштi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен қылмыстық процестi жүргiзушi орган қарайды.
114-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысты адамдарға
олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру және
оларды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мiндетi
1. Қылмыстық сот iсiне қатысушы әрбiр адамның өз құқықтары мен мiндеттерiн, ол таңдаған айқындаманың құқықтық салдарын бiлуге, сондай-ақ оның қатысуымен өтiп жатқан iс жүргiзу iс-әрекеттерiнiң маңызы мен оған танысу үшiн ұсынылған iс материалдарының мазмұнын ұғынуға құқығы бар.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысушы әрбiр адамға оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттердi түсiндiруi, осы Кодексте көзделген тәртiппен оларды жүзеге асырудың мүмкiндiгiн қамтамасыз етуi тиiс. Адамның өтiнiшi бойынша қылмыстық процестi жүргiзушi орган оның құқықтары мен мiндеттерiн қайталап түсiндiруге мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган процеске қатысушыларға қарсылық бiлдiру мәлiмделуi мүмкiн болатын адамдардың тегiн және олар туралы басқа да қажеттi деректердi хабарлауға мiндеттi.
4. Қылмыстық процеске қатысушы жағдайына ие болған адамға оның қатысуымен iс жүргiзу iс-әрекетiн жүргiзу басталғанға дейiн және ол процеске қатысушы ретiнде қандай да болмасын позицияны бiлдiргенге дейiн оның құқықтары мен мiндеттерi мiндеттi түрде түсiндiрiледi. Сот олар қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында түсiндiрiлген, түсiндiрiлмегенiне қарамастан соттың отырысына келген процеске қатысушыға оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттердi түсiндiруге мiндеттi.
5. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган олардың қатысуымен болатын iс жүргiзу iс-әрекетi басталар алдында куәгердiң, аудармашының, маманның, сарапшының мiндеттерi мен құқықтарын түсiндiруге мiндеттi. Куәнiң құқықтары мен мiндеттерiн алдын ала тергеу органы одан бiрiншi рет жауап алар алдында және соттың отырысында қайталап түсiндiруге мiндеттi.
3-бөлім. Дәлелдемелер және дәлелдеу
15-тарау. Дәлелдемелер
115-бап. Дәлелдемелер ұғымы
1. Оның негiзiнде анықтаушы, тергеушi, прокурор, сот осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген әрекеттердiң болғандығын немесе болмағандығын, айыпталушының бұл әрекеттi жасағандығын немесе жасамағандығын және айыпталушының кiнәлiлiгiн не кiнәлi емес екендiгiн, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын заңды түрде алынған iс жүзіндегі деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Қылмыстық iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар iс жүзіндегі деректер сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң көрсетулерiмен; сарапшының қорытындысымен; заттай айғақтармен; iс жүргiзу әрекеттерiнiң хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 116-бап өзгертілді
116-бап. Дәлелдемелер ретiнде рұқсат етiлмейтiн iс жүзіндегі деректер
1. Iс жүзіндегі деректер, егер олар осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып, процеске қатысушыларды олардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларды қысу жолымен немесе қылмыстық процестiң өзге де ережелерiн бұзумен, оның iшiнде:
1) қинау, күш қолдану, қорқыту, алдау, сонымен бiрге өзге де заңсыз iс-әрекеттер арқылы;
2) оларға түсiндiрмеудiң, толық немесе дұрыс түсiндiрмеудiң салдарынан туындаған қылмыстық процеске қатысушы адамдардың өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты жаңылуын пайдалану арқылы;
3) iс жүргiзу iс-әрекетiн осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның жүргiзуiне байланысты;
4) iс жүргiзу iс-әрекетiне қарсылық бiлдiруге жататын адамның қатысуына байланысты;
5) iс жүргiзу iс-әрекетiн жүргiзудiң тәртібін айтарлықтай бұза отырып;
6) белгiсiз көзден, не сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
7) дәлелдеу барысында осы заманғы ғылыми білімге қайшы келетiн әдiстердi қолдану арқылы алынып, олар iстi тергеу немесе сотта қарау кезiнде алынған iс жүзіндегі деректердiң дұрыстығына ықпал етсе немесе ықпал ету мүмкiн болса, дәлел ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп танылуы тиiс.
2. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде iс жүзіндегі деректердi дәлелдеме ретiнде пайдалануға жол бермеушiлiктi, сондай-ақ оларды шектеп пайдаланудың мүмкiндiгiн өз бастамашылығы бойынша немесе тараптардың өтiнiшi бойынша процестi жүргiзушi орган белгiлейдi.
3. Егер бұлар қылмыстық iс материалдарының түгендеу тiзiмiне кiргiзiлмесе, сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң және куәнiң көрсетуiн, сарапшының қорытындысын, заттай айғақтарды, тергеу және сот iс-әрекеттерiнiң хаттамаларын және өзге де құжаттарды айыптаудың негiзiне жатқызуға болмайды. Куә ретiнде алдын ала жауап алу барысында сезiктi, айыпталушы берген айғақтар дәлелдер ретiнде танылмайды және айыптау негiзiне алынбайды.
4. Заңды бұзу арқылы алынған дәлелдемелер заңдық күшi жоқ деп танылады және айыптаудың негiзiне жатқызыла алмайды, сондай-ақ осы Кодекстiң 117-бабында аталған кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдаланыла алмайды.
5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған бұзушылықтармен алынған iс жүзіндегі деректер тиiстi құқық бұзушылықтар мен оларға жол берген адамдардың кiнәлiлiгiн дәлелдеу фактiсi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
117-бап. Қылмыстық iс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайлар
1. Қылмыстық iс бойынша дәлелдеуге:
1) оқиға мен қылмыстық заңда көзделген қылмыс құрамының белгiлерi (қылмыстың жасалу уақыты, болған жерi, әдiсi және басқа да мән-жайлары);
2) қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi кiмнiң жасағандығы;
3) адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаудағы кiнәлiлiгi, оның кiнәсiнiң нысаны, жасалған әрекеттiң себеп-дәлелдерi, заңдық және iс жүзіндегі қателiктер;
4) айыпталушының жауаптылығының дәрежесi мен сипатына әсер ететiн мән-жайлар;
5) айыпталушының жеке басын сипаттайтын мән-жайлар;
6) жасалған қылмыстың зардаптары;
7) қылмыспен келтiрiлген зиянның сипаты мен мөлшерi;
8) әрекеттiң қылмыстылығын жоққа шығаратын мән-жайлар;
9) қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлар жатады.
2. Кәмелетке толмаған адам жасаған қылмыстар туралы iс бойынша дәлелдеуге жататын қосымша мән-жайлар осы Кодекстiң 481-бабында көрсетiлген.
3. Қылмыс жасауға ықпал етушi мән-жайлар да қылмыстық iс бойынша анықтауға жатады.
118-бап. Дәлелсiз анықталатын мән-жайлар
Егер тиiстi құқықтық рәсiмдердiң шеңберiнде керiсiнше дәлелденбесе, мына мән-жайлар:
1) жалпыға белгiлi фактiлер;
2) осы заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсiпте жалпы қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
3) заңды күшiне енген соттың шешiмiмен белгiленген мән-жайлар;
4) адамның заңды бiлуi;
5) адамның өзiнiң қызметтiк және кәсiби мiндеттерiн бiлуi;
6) олардың бар екендiгiн растайтын құжатты ұсынбаған және ол арнаулы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа да мекеменi көрсетпеген адамда арнаулы даярлықтың немесе білімнiң болмауы дәлелсiз анықталған болып саналады.
119-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң,
куәнiң айғақтары
1. Сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтары ол осы Кодекстiң 26-тарауында белгiленген тәртiппен анықтау немесе алдын ала тергеу процесiнде жауап алуда олар жазбаша немесе ауызша нысанда хабарланған мәлiметтер.
2. Сезiктi өзiне қарсы туып отырған сезiк жөнiнде, сондай-ақ iс бойынша маңызы бар өзiне белгiлi өзге де мән-жайлар мен дәлелдемелер туралы айғақтар беруге құқылы.
3. Айыпталушы өзiне тағылған айыптау бойынша, сонымен бiрге iс бойынша маңызы бар, өзiне белгiлi өзге де мән-жайлар мен дәлелдемелер жөнiнде айғақтар беруге құқылы.
4. Айыпталушының қылмыс жасаудағы өзiнiң кiнәсiн мойындауы оның кiнәлiлiгi бар дәлелдемелердiң жиынтығымен расталған кезде ғана айыптау негiзiне жатқызылуы мүмкiн.
5. Жәбiрленушiден iс бойынша дәлелдеуге жататын кез келген мән-жайлар туралы, сондай-ақ сезiктiмен, айыпталушымен, басқа да жәбiрленушiлермен, куәлермен өзiнiң өзара қарым-қатынасы туралы жауап алынуы мүмкiн. Егер ол өзiнiң хабардарлығының көзiн көрсете алмаса, жәбiрленушi хабарлаған мәлiмет дәлелдеме бола алмайды.
6. Куәдан кез келген iске қатысты мән-жайлар туралы, оның iшiнде айыпталушының, жәбiрленушiнiң жеке басы туралы, өзiнiң олармен және басқа да куәлармен өзара қатынасы туралы жауап алынуы мүмкiн. Егер ол өзiнiң хабардарлығының көзiн көрсете алмаса, куә хабарлаған мәлiмет дәлел бола алмайды. Куә ретiнде жауап алуға жатпайтын адамдардың хабарлауы дәлел болып табылмайды.
7. Айыпталушының жеке басына сипаттама беретiн деректер туралы айғақтар айыптаудың негiзiне жатқызыла алмайды және дәлел ретiнде жаза тағайындаумен немесе жазадан босатумен байланысты мәселелердi шешу үшiн ғана пайдаланылады.
8. Осы Кодексте белгiленген тәртiппен жауап алу кезiнде қылмыстық iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдауға немесе ұғынуға қабiлетсiз деп танылған адамның айғақтары дәлелдеме болмайды.
120-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшының қорытындысы - ол осы Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған, қылмыстық процестi жүргiзушi орган немесе тараптар сарапшының алдына қойған мәселелер бойынша осы Кодекстiң 248-бабында көрсетiлген объектiлердi зерттеуде арнайы ғылыми білімiн пайдалана отырып жүргiзiлген нәтижелерге негiзделген қорытындылар. Қорытындыда сарапшы зерттеу кезiнде қолданған әдiстер, қойылған мәселелерге жауаптардың негiздемесi, сондай-ақ iс үшiн маңызы бар және сарапшының өз бастамашылығы бойынша анықталған мән-жайлар көрсетiледi.
2. Сарапшының ауызша түсiнiктемесi ол бұрын берген қорытындыны түсiндiруi бөлiгiнде ғана дәлел болып табылады.
3. Сарапшының қорытындысы қылмыстық процестi жүргiзушi орган үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда оның қорытындымен келiспеушiлiгi дәлелдi болуы тиiс.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 121-бап өзгертілді
121-бап. Заттай дәлелдемелер
1. Егер оларға қылмыс қаруы болды деп ойлауға негiз болса, немесе өзiнде қылмыстың iзi сақталып қалса, немесе қылмыстық әрекеттiң объектiсi болса, сондай-ақ ақша мен өзге де бағалы заттар, қылмысты анықтауға, iстiң iс жүзіндегі мән-жайын белгiлеуге, кiнәлiлердi табуға не айыпты жоққа шығаруға немесе жауаптылықты жеңiлдетуге құрал болуы мүмкiн басқа да заттар мен құжаттар заттай дәлелдемелер деп танылады.
2. Осы Кодекстің 223-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, заттай дәлелдемелер қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысымен iске қоса тiгiледi және үкiм немесе iстi тоқтату туралы қаулы заңды күшiне енгенге дейiн сонда болады. Заттай дәлелдемелердi қараудың және сақтаудың тәртібі осы Кодекстiң 223-бабымен белгiленедi.
3. Үкiм шығару немесе iстi қысқарту кезiнде заттай дәлелдемелер туралы мәселе шешiлуi тиiс. Бұл ретте:
1) қылмыс қаруы тәркiленуге жатады немесе оны белгiлi бiр адам тиiстi мекемеге бередi немесе жойылады;
2) ұстауға тыйым салынған заттар тиiстi мекемеге беруге жатады немесе жойылады;
3) құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтiн заттар жойылуға жатады, ал мүдделi адамдар немесе мекемелер өтiнген жағдайда оларға берiлуi мүмкiн;
4) қылмыстық жолмен жиналған ақша мен өзге де құндылықтар, сондай-ақ заңсыз кәсіпкерлік және контрабандалық заттар соттың үкімі бойынша мемлекеттiң кiрiсiне қаратылуға жатады; қалған заттар заңды иелерiне берiледi, ал соңғылары анықталмаған кезде мемлекеттiң меншiгiне көшедi. Бұл заттардың тиесiлiлiгi туралы дау туған жағдайда бұл дау азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен шешуге жатады;
5) заттай дәлелдеме болып табылатын құжаттар iстiң бүкiл сақталу мерзiмiнiң iшiнде онымен бiрге қалады не осы Кодекстiң 123-бабының үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген тәртiппен мүдделi ұйымдарға немесе азаматтарға берiледi.
122-бап. Iс жүргiзу әрекеттерiнiң хаттамалары
1. Осы Кодекстiң тиiстi ережелерiне сәйкес жасалған, тексеру, көзiн жеткізу, алу, тiнту, ұстау, мүлiкке тыйым салу, хат-хабарларға тыйым салу, хабарларды ұстап алу, телефонмен және басқа да сөйлесулердi тыңдау және жазып алу, зерттеу үшiн үлгiлердi алу, мәйiттi эксгумация жасау, айғақтарды қылмыс болған жерде тексеру, қылмыс болған жерде тергеу экспериментiнде, тергеу әрекеттерiнiң барысында маман жүргiзген заттай айғақтарды зерттеу кезiнде анықталған, қылмыстық процестi жүргiзушi адам тiкелей түсiнген мән-жайларды куәландыратын тергеу iс-әрекеттерiнiң хаттамаларында бар iс жүзіндегі деректер, сондай-ақ сот iс-әрекеттерiнiң барысы мен олардың нәтижелерiн көрсететiн сот отырысының хаттамасында бар қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Дәлелдеме ретiнде қылмыс туралы, табыс етiлген заттар мен құжаттар туралы, айыбын мойындап келуi туралы ауызша мәлiмдеу кезiнде жасалған хаттамаларда, адамдарға олардың құқықтары мен оларға жүктелген мiндеттердi түсiндiрулерде қамтылған iс жүзіндегі деректер пайдаланылуы мүмкiн.
123-бап. Құжаттар
1. Құжаттар, егер олардағы ұйымдар, лауазымды адамдар және азаматтар баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң қылмыстық iс үшiн маңызы болса, дәлелдемелер болып танылады.
2. Құжаттар жазбаша да, өзге нысанда да көрсетiлген мәлiметтердi қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, сонымен бiрге осы Кодекстiң 125-бабында көзделген тәртiппен алынған, талап етiлген немесе табыс етiлген тергеуге дейiнгi тексерулердiң материалдары (түсiнiктеме және басқа да көрсетулер, түгендеулер, тексерулер актілері, анықтамалар), сондай-ақ компьютерлiк ақпаратты қамтитын материалдар, фото және кино суреттер, дыбыс және бейне жазбалар да жатады.
3. Құжаттар iске тiркеледi және онда оның сақталуының бүкiл мерзiмi бойында сақталады. Алынған және iске қосылған құжаттар ағымдағы есеп, есеп беру үшiн және өзге де заңды мақсаттарда талап етiлген жағдайда, олар заңды иесiне қайтарылуы немесе егер ол iс үшiн залалсыз болса уақытша пайдалануға ұсынылуы не олардың көшiрмесi берiлуi мүмкiн.
4. Құжаттардың осы Кодекстiң 121-бабында көрсетiлген белгiлерi болған жағдайларда олар заттай дәлелдеме болып танылады.
16-тарау. Дәлелдеу
124-бап. Дәлелдеу
1. Дәлелдеу iстi заңды, негiзделген және әдiл шешу үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелердi жинаудан, зерттеуден, дәлелдемелердi пайдалануға қабылдаудан тұрады.
2. Айыпталушының қылмыстық жауаптылығы мен кiнәсiнiң бар екендiгiнiң негiзiн дәлелдеу мiндетi айыптаушыда болады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарымен 125-бап өзгертілді
125-бап. Дәлелдемелер жинау
1. Дәлелдемелер жинау осы Кодексте көзделген тергеу және сот iс-әрекеттерiн жүргiзу жолымен сотқа дейiнгi iс жүргiзу және сот талқылауы процесiнде жүргiзiледi. Дәлелдемелер жинау оларды табуды, бекітудi және алуды қамтиды.
2. Тараптардың өтiнiштерi бойынша немесе өз бастамашылығы бойынша қылмыстық процестi жүргiзушi орган iс жүргiзуіндегі қылмыстық iс бойынша осы Кодексте белгiленген тәртiппен жауап алу үшiн немесе сарапшы ретiнде қорытынды беру үшiн кез келген адамды шақыруға; осы Кодексте көзделген iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзуге; Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, ұйымдардан, олардың басшыларынан, лауазымды адамдардан, азаматтардан, сондай-ақ жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың iс үшiн маңызы бар құжаттар мен заттарды табыс етудi талап етуге; уәкiлеттi органдар мен лауазымды адамдардан тексерулер мен тексерiстер жүргiзудi талап етуге құқылы.
3. Осы Кодексте белгiленген тәртiппен iске қатысуға жiберiлген қорғаушы заң көмегiн көрсету үшiн қажеттi дәлелдердi ұсынуға және мәлiметтердi жинауға, оның iшiнде олардың келісімімен адамдардан сұрауға, сондай-ақ он күн ішінде ол құжаттарды немесе олардың көшiрмелерiн беруге мiндеттi ұйымдардан анықтамалар, мiнездемелер және өзге де құжаттар сұратып алуға; қорғауындағы адамның келісімiмен заң көмегiн көрсетуге байланысты туындаған шешудi қажет ететiн мәселелер бойынша арнаулы білімi бар адамдардың пiкiрiн сұрауға құқылы.
4. Сезiктi, айыпталушы, қорғаушы, жеке айыптаушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сондай-ақ кез келген азаматтар мен ұйымдар дәлел бола алатын ауызша да, жазбаша да нысандағы мәлiметтердi, сондай-ақ заттар мен құжаттарды ұсынуға құқылы.
126-бап. Дәлелдемелердi бекіту
1. Iс жүзіндегі деректер олар, iс жүргiзу iс-әрекеттерiнiң хаттамаларында көрсетiлгеннен кейiн ғана дәлелдеме ретiнде пайдаланыла алады.
2. Анықтау және алдын ала тергеу барысында хаттамаларды жүргiзу жауаптылығы тиiсiнше анықтаушы мен тергеушiге, ал сотта - сот отырысының төрағалық етушiсi мен хатшысына жүктеледi.
3. Тергеу және сот iс-әрекеттерiне қатысушыларға, сондай-ақ тараптарға сот талқылауында бұл iс-әрекеттердiң барысы мен нәтижелерi көрсетiлген хаттамалармен танысу, хаттамаларға толықтырулар мен түзетулер енгізу, осы iс-әрекеттердi жүргiзудiң тәртібі мен шарттары жөнiнде ескертулер мен қарсылықтар айту, хаттамадағы жазбаларға өз редакциясын ұсыну, анықтаушының, тергеушiнiң немесе соттың назарын iс үшiн маңызы болуы мүмкiн мән-жайларға аудару құқығы қамтамасыз етiлуi тиiс. Хаттамаға тергеу және сот iс-әрекеттерiне қатысушыларға олардың құқықтары түсiндiрiлгенi туралы белгi қойылады.
4. Ауызша айтылған толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылық бiлдiрулер, өтiнiмдер және шағымдар хаттамаға енгiзiледi, ал жазбаша нысанда жазылғандары хаттамаға қоса берiледi. Сызылып тасталған немесе көшiрiлiп алынған сөздер немесе басқа түзетулер туралы хаттаманың соңына қол қою алдында ескерту жасалады.
5. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасымен танысқан адамдар хаттаманың әр бетіндегі мәтiннiң соңғы жолының астына және оның соңына өзiнің қолын қояды. Сот отырысы хаттамасының бөлiгiмен танысу кезiнде әр беттiң аяғына және осы бөлiктiң соңына қол қойылады.
6. Анықтаушы, тергеушi немесе сот ескертулермен немесе қарсылық бiлдiрулермен келiспеген жағдайда ол туралы қаулы шығарады.
7. Заңдарда көзделген жағдайларда процеске қатысушылардың бiреуi немесе басқа да адамдар тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасына қол қоюдан бас тартқан кезде анықтаушы немесе тергеушi өзiнiң қолымен куәландыратын хаттамаға ол туралы белгi соғады.
8. Сот отырысының хаттамасында жазылған соттың iс-әрекетi туралы жазбаларға заңда көзделген жағдайларда қол қоюдан бас тартылса, ол хаттамада сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы өз қолдарымен куәландыратын белгi соғылады.
9. Хаттамаға қол қоюдан бас тартқан адам бас тартуының себебiн түсiндiруге құқылы және бұл түсiндiру хаттамаға енгiзiлуi тиiс.
10. Егер iс жүргiзу iс-әрекетiне қатысушы өзiнiң дене кемшiлiгiнiң салдарынан хаттаманы өзi оқи алмаса немесе оған қол қоя алмаса, онда оның келісімiмен оның қорғаушысы, өкiлi немесе ол адам сенетiн басқа азамат хаттаманы дауыстап оқиды және оған қол қояды, ол туралы хаттамада белгi қойылады.
11. Дәлелдемелердi бекіту үшiн хаттамалар жасаумен қатар дыбыс жазу, бейнежазба, киноға түсiрiп алу, фотоға түсiру, құймалар, таңбалар, жоспарлар, кестелер дайындау және ақпаратты бейнелеудiң басқа да әдiстерi қолданылуы мүмкiн. Тергеу iс-әрекетiне немесе соттың талқылауына қатысушының дәлелдемелердi бекітудiң көрсетiлген әдiстерiн қолданғандығы туралы тиiсiнше тергеу iс әрекетi хаттамасына немесе сот отырысының хаттамасына пайдаланылған ғылыми-техникалық құралдардың техникалық сипаттамасы келтiрiле отырып белгi соғылады.