3) үкiмнiң немесе iс бойынша басқа да түпкiлiктi шешiмнiң орындалғандығы туралы растау алынуы бойынша - егер ол оны атқару жөнiнде арнаулы шаралар қабылдауды қажет ететiн болса, аяқталады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 16.03.01 ж. № 163-II Заңдарымен 53-бап өзгертілді
53-бап. Құпиялылықты сақтау
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында осы Кодексте және басқа да заңдарда көзделген мемлекеттік құпияларды (мемлекеттік, әскери және қызметтiк құпия, жедел-іздестіру қызметі, анықтау және алдын ала тергеу құпиясы) мен өзге де құпияларды (коммерциялық құпия, қызмет бабында пайдалануға арналған ақпарат, дәрiгерлiк, жеке құпия және құпияның кез келген басқа да түрлерi) құрайтын алынған мәлiметтердi қорғау жөніндегі шаралар қолданылады.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган мемлекеттік және өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтi хабарлауды немесе берудi ұсынған тұлғалар тиiстi құжаттарды сақтаудың қажеттiгiне сiлтей отырып, көрсетiлген талапты орындаудан бас тарта алмайды, бiрақ одан қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн көрсетiлген мәлiметтердi алудың қажеттiгiн растайтын, тиiстi iс жүргiзу қызметiнiң хаттамасына енгізуге жататын түсiндiрме алуға құқылы.
3. Процеске қатысушылардың мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтермен танысу тәртібі заңдармен айқындалады.
4. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтi қамтитын дәлелдер соттың жабық отырысында зерттеледi.
5. Өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтi, сондай-ақ жеке өмiрiнiң iшкi сырын ашатын дәлелдер, аталған мәлiметтердiң жариялану қаупi төнген адамдардың сұрауы бойынша соттың жабық отырысында зерттелуi мүмкiн.
6. Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты бұзудың, жеке немесе отбасылық құпияны жариялаудың нәтижесiнде адамға келтiрiлген зиян заңда көзделген тәртiппен өтелуге тиiс.
7. Анықтау және алдын ала тергеу деректерiнiң құпиялығын сақтау тәртібі осы Кодекстiң 205-бабымен белгiленедi.
8. алып тасталды
6-тарау. Iс жүргізу мерзімдері
54-бап. Мерзiмдердi есептеу
1. Осы Кодексте белгiленген мерзiмдер сағаттармен, тәулiктермен, айлармен, жылдармен есептеледi.
2. Мерзiмдердi есептеу кезiнде мерзiмнiң өтуi басталатын сағат пен тәулiк есепке алынбайды. Бұл ереженiң ұстау кезіндегі мерзiмдердi есептеуге қатысы жоқ.
3. Мерзiмдi есептеу кезiнде оған жұмыс уақыты емес уақыт та кiредi.
4. Мерзiмдi тәулiкпен есептеу кезiнде мерзiм оның ақырғы тәулiгiнiң жиырма төрт сағатында аяқталады. Мерзiмдi айлармен немесе жылдармен есептеу кезiнде мерзiм соңғы айдың тиiстi күнiнде аяқталады, ал егер бұл айдың тиiстi күнi болмаса, мерзiм осы айдың соңғы күнi аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы жұмыс күнi емес (демалыс, мереке) күнге келсе, онда ұстау, қамауға алу, үйiнде қамауда ұстау және медициналық немесе арнаулы оқу-тәрбие мекемесiнде болуы кезіндегі мерзiмдi есептеу жағдайларын қоспағанда, одан кейiнгi бiрiншi жұмыс күнi мерзiмнiң ақырғы күнi болып саналады.
5. Адамды қылмыс жасады деген күдiк бойынша ұстаған кезде мерзiм осы шара iс жүзiнде қолданылған сәттен (сағаттан) бастап есептеледi.
55-бап. Мерзiмдi сақтау
1. Егер шағым, өтiнiш немесе өзге де құжат мерзiм аяқталғанға дейiн почтаға тапсырылса, оны қабылдауға уәкiлеттi адамға берiлсе немесе мәлiмделсе, ал күзетпен ұсталушы не медициналық мекемеге орналастырылған адамдар үшiн, - егер шағым немесе өзге де құжат күзетпен ұстау орнының немесе медициналық мекеменiң әкiмшiлiгiне мерзiм аяқталғанға дейiн тапсырылса, мерзiм өтiп кеткен болып саналмайды. Шағымды немесе өзге де құжатты почтаға тапсыру уақыты почта штемпелi бойынша, ал оны қабылдауға уәкiлеттi адамға немесе күзетпен ұстау орнының немесе медициналық мекеменiң әкiмшiлiгiне тапсыру уақыты - бұл ұйымдар кеңсесiнiң немесе лауазымды адамдарының қойған белгiсi бойынша айқындалады.
2. Лауазымды адамдардың белгiленген мерзiмдi сақтауы iс жүргiзу құжаттарында тиiстi көрсетумен расталады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы адамдарға тапсырылуға жататын құжаттардың алынғандығы iске қоса тiгiлген олардың қолхатымен расталады.
3. Iс жүргiзу мерзiмдерi тек осы Кодексте белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана ұзартыла алады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 56-бап өзгертілді
56-бап. Мерзiмдi өткiзiп алудың салдары және оны қалпына келтiру тәртібі
1. Мерзiм аяқталғаннан кейiн процеске қатысушылармен жасалған iс жүргiзу әрекетi жарамсыз болып саналады.
2. Дәлелдi себептермен өткiзiлiп алынған мерзiм, мүдделi адамның өтiнiшi бойынша, анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе iс жүргiзiп отырған судьяның қаулысымен қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Бұл орайда мерзiм, егер қылмыстық процестi жүргiзушi органның тиiстi шешiмiмен өзгеше көзделмесе, басқа адамдар емес, оны өткiзiп алған адам үшiн қалпына келтiрiледi.
3. Мүдделi адамның өтiнiшi бойынша белгiленген мерзiм өткiзiлiп алып шағым жасалған шешiмдi орындау өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiру туралы мәселе шешiлгенге дейiн тоқтатыла тұруы мүмкiн.
4. Мерзiмдi қалпына келтiруден бас тартуға осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым (наразылық) жасалуы мүмкiн.
2-бөлім. Қылмыстық процеске қатысушы
мемлекеттік органдар мен тұлғалар
7-тарау. Сот
57-бап. Сот
1. Сот, сот билiгi органы бола отырып, қылмыстық iстер бойынша әдiл сотты жүзеге асырады.
2. Кез-келген қылмыстық iс соттың заңды, тәуелсiз, құзыреттi және бейтарап құрамымен ғана қаралады, мұның өзi осы Кодексте белгiленген:
- нақты iстердiң соттылығын анықтау;
- нақты қылмыстық iстердi қарау үшiн соттың құрамын жасақтау;
- судьяларды бөлу;
- iстi шешу функциясын айыптау және қорғау функциясынан бөлектеу ережелерiн сақтаумен қамтамасыз етiледi.
3. Қазақстан Республикасында қылмыстық iстер бойынша әдiл сотты:
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты;
облыстық және оларға теңестiрiлген соттар;
аудандық (қалалық) және оларға теңестiрiлген соттар;
әскери соттар жүзеге асырады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II Заңдарымен 58-бап өзгертілді
58-бап. Соттың құрамы
1. Бiрiншi сатыдағы соттарда қылмыстық iстердi қарауды судья жеке өзi немесе үш судьядан тұратын алқа жүзеге асырады. Әдiл сотты алқадан тұратын сот жүзеге асырған кезде олардың бiрi төрағалық етушi болып табылады.
2. Жаза шарасы ретiнде өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн болатын қылмыс жасаған адамдарды айыптау жөніндегі қылмыстық iстi қарауды бiрiншi сатыдағы сот үш судья құрамында жүзеге асырады. Басқа iстердi бiрiншi сатыдағы соттың судьялары жеке-дара қарайды.
3. алынып тасталды
4. Қылмыстық iстердi аппеляциялық тәртiппен, қадағалау тәртібімен, жаңадан ашылған жағдайлар бойынша қарауды және сот шешiмдерiн қайта қарауды кемiнде үш судья құрамындағы сот жүзеге асырады.
5. алынып тасталды
59-бап. Соттың өкiлеттiгi
1. Сот билiгiнiң иесi ретіндегі соттың өкiлеттiгi заңмен айқындалады.
2. Тек соттың ғана:
1) адамды қылмыстың жасалуына айыпты деп тануға және оған жаза тағайындауға;
2) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын не мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдануға;
3) төмен тұрған сот қабылдаған шешiмнiң күшiн тоқтатуға немесе оны өзгертуге құқығы бар.
3. Қылмыстық процестiң сотқа дейiнгi сатыларында сот осы Кодексте көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша қылмыстық iзге түсу органының шешiмдерiне жасалған шағымдарды қарайды.
4. Егер сотта iстiң қаралуы кезiнде қылмыс жасауға ықпал еткен жағдайлар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы, сондай-ақ анықтау, алдын ала тергеу барысында немесе iстi төменгi тұрған соттың қарауы кезiнде жол берiлген басқа да заң бұзушылықтар анықталатын болса, сот тиiстi ұйымдардың, лауазымды адамдардың немесе басқару функцияларын орындайтын адамдардың назарын қажеттi шаралар қабылдауды талап ететiн заңды бұзудың аталған жағдаяттары мен фактілеріне аударатын жеке қаулы шығаруы мүмкiн. Егер анықталған құқық бұзушылықтар заңға сәйкес әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соқтыратын болса, онда сот қылмыстық iс бойынша шешiм шығарумен бiрге Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексiне сәйкес, өзiне қатысты осы iс бойынша айыптау үкімі шығарылған адамдарды қоспағанда, бұл құқық бұзушылыққа кiнәлi жеке және заңды тұлғаларға әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
5. Сот мұны қажет деп тапса, басқа да жағдайларда жеке қаулы шығаруға, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
60-бап. Судья
1. Өз құзыретi шегiнде iстi жеке-дара қарайтын, соттың отырысын дайындау не оның үкімінiң немесе басқа шешiмiнiң атқарылуын қамтамасыз ету жөнiнде өкiм жасау қызметiн жүзеге асыратын, осы Кодекстiң 59-бабының үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген өтiнiштер мен шағымдарды шешетiн судьяға соттың өкiлеттiгi тиесiлi болады.
2. Iстi судьялар алқасының құрамында қарайтын судья iстi қарауға байланысты туындайтын барлық мәселелердi шешу кезiнде төрағалық етушiмен және басқа да судьялармен тең құқықтарды пайдаланады.
61-бап. Iс бойынша төрағалық етушi
1. Судьялар алқасының құрамында қылмыстық iстi қараған кезде соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы не оған заңмен көзделген тәртiппен уәкiлеттiк берiлген судьялардың бiреуi төрағалық етедi. Iстi жеке дара қараған судья iс бойынша төрағалық етушi болып саналады.
2. Төрағалық етушi сот отырысының барысына басшылық етедi, қылмыстық iстiң әдiл қаралуын және осы Кодекстiң басқа да талаптарының сақталуын, сондай-ақ сот отырысына қатысушы барлық адамдардың өздерiн тиiсiнше ұстауын қамтамасыз ету үшiн барлық шараларды қолданады.
3. Сот отырысына төрағалық етушiнiң өкiмдерi процеске қатысушылардың барлығы және сот залындағы өзге де адамдар үшiн мiндеттi.
8-тарау. Қылмыстық ізге түсу функциясын жүзеге
асыратын мемлекеттІк органдар мен
лауазымды адамдар
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 62-бап өзгертілді
62-бап. Прокурор
1. Прокурор - өз құзыретi шегiнде жедел iздестiру қызметiнiң, анықтаудың, тергеудiң және сот шешiмдерiнiң заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық процестiң барлық сатыларында қылмыстық iзге түсудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын лауазымды тұлға: Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Бас әскери прокурор, облыстардың прокурорлары және соларға теңестiрiлген прокурорлар, аудандық, қалалық прокурорлар, әскери прокурорлар, көлiк прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар, олардың орынбасарлары мен көмекшiлерi, прокуратуралардың қадағалау саласы жөніндегі прокурорлары, аға прокурорлары және прокуратура басқармалары мен бөлiмдерiнiң прокурорлары. Соттың қылмыстық iстi қарауына қатысушы прокурор айыптауды қолдау жолымен мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi және мемлекеттік айыптаушы болып табылады.
2. Прокурор айыпталушыға немесе оның iс-әрекетi үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын тұлғаға:
1) өзiнiң дәрменсiз күйiне, айыпталушыға тәуелдi болуына немесе өзге де себептер бойынша талап қою және оны қорғау құқығын өз бетiнше пайдалануға қабiлетi жоқ жәбiрленушiнiң;
2) мемлекеттiң мүдделерiн қорғап талап қоюға құқылы.
3. Прокурордың сотқа дейiнгi iс жүргiзу және iстi соттың қарауы кезіндегі өкiлеттiгi осы Кодекстiң 190, 192 /алтыншы және жетiншi бөлiктерiне/, 197, 289, 317, 396 /үшiншi бөлiгiне/, 458, 460-баптарына сәйкес анықталады.
4. Прокурор өзiнiң iс жүргiзушiлiк өкiлеттiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз болады және заңға ғана бағынады.
5. Бас Прокурор өз құзыретi шегiнде осы Кодекс нормаларының қолданылу мәселелерi бойынша анықтау және тергеу органдарының орындауы үшiн мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды.
Анықтауды және тергеудi жүзеге асыратын органдардың нормативтiк құқықтық актілері олардың құзыретi шегiнде, Бас Прокурормен келісіле отырып, қабылданады.
63-бап. Тергеу бөлiмiнiң бастығы
1. Тергеу бөлiмiнiң бастығы - алдын ала тергеудi жүзеге асыратын органның тергеу бөлiмшесiнiң бастығы мен өз құзыретi шегiнде iс-әрекет жасайтын оның орынбасарлары.
2. Тергеу бөлiмiнiң бастығы тергеу iсiн жүргiзудi тергеушiге тапсырады, тергеушiлердiң жүргiзуіндегі қылмыстық iстер бойынша олардың дер кезiнде iс-әрекет жасауына, тергеушiлердiң алдын ала тергеу және күзетпен ұстау мерзiмдерiн сақтауына, прокурор нұсқауларының, осы Кодексте белгiленген жағдайларда басқа да тергеушiлер тапсырмаларының орындалуына бақылау жасауды жүзеге асырады; iстер бойынша нұсқаулар бередi; алдын ала тергеу жүргiзудi бiрнеше тергеушiге тапсырады; заңда көзделген жағдайларда тергеушiнi iс бойынша iс жүргiзуден шеттетедi; өз құзыретi шегiнде өзiне бағынысты алдын ала тергеудi жүзеге асырушы органның бiр тергеу бөлiмшесiнен қылмыстық iстi алады және алдын ала тергеудi жүзеге асырушы сол не өзге де өзiне бағынысты органның басқа тергеу бөлiмшесiне бередi; аяқталған қылмыстық iстердi прокурорға жолдайды. Тергеу бөлiмiнiң бастығы қылмыстық iс қозғауға, қылмыстық iстi өзiнiң iс жүргiзуiне алуға және бұл орайда тергеушiнiң өкiлеттiгiн пайдалана отырып, жеке-дара алдын ала тергеу жүргiзуге құқылы.
3. Тергеу бөлiмi бастығының қылмыстық iс бойынша нұсқауы тергеушiнiң дербестiгiн, осы Кодекстiң 64-бабында белгiленген оның құқықтарын шектей алмайды. Нұсқау жазбаша нысанда берiледi және атқарылуы мiндеттi, бiрақ ол жөнiнде прокурорға шағымдануға болады. Тергеушiнiң тергеу бөлiмi бастығының iс-әрекетi жөнiнде прокурорға шағымдануы, қылмыстың сипаттамасы мен айыптаудың көлемi, айыпталушыны сотқа беру үшiн iстi прокурорға жолдау туралы немесе қылмыстық iстi қысқарту туралы нұсқауларды қоспағанда, олардың атқарылуын кiдiртпейдi.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 64-бап өзгертілді
64-бап. Тергеушi
1. Тергеушi - өз құзыретi шегiнде қылмыстық iс бойынша алдын ала тергеудi жүзеге асыруға уәкiлеттiк берiлген лауазымды адам: iшкi iстер органдарының тергеушiсi, ұлттық қауiпсiздiк органдарының тергеушiсi және қаржы полициясы органдарының тергеушiсi.
2. Тергеушi қылмыстық iс қозғауға, ол бойынша алдын ала тергеу жүргiзуге және осы Кодексте көзделген барлық тергеу қызметiн орындауға құқылы.
3. Тергеушi iстiң жағдайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге барлық шараларды қолдануға, оның қылмыс жасағандығын көрсететiн жеткiлiктi дәлелдер жиналған адамдарға қатысты айыпталушы ретiнде тарту, айып тағу, осы Кодекске сәйкес оған жолын кесу шарасын таңдап алу, айыптау қорытындысын жасау жолымен қылмыстық iзге түсудi жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Тергеушi алдын ала тергелуi мiндеттi iстер бойынша анықтау органдарының осы Кодекстiң 200-бабында көзделген кезек күттiрмейтiн тергеу әрекеттерiн орындауын күтпей-ақ iстi кез келген сәтте iс жүргiзуге қабылдауға және оны тергеуге кiрiсуге құқылы.
5. Тергеушi, заңда прокурордың санкциясын немесе соттың шешiмiн алу көзделген жағдайларды қоспағанда, тергеудiң бағыты мен тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы барлық шешiмдi дербес қабылдайды және олардың заңды және уақтылы атқарылуы үшiн толық жауапты болады. Тергеушiнiң қызметiне заңсыз араласу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады.
6. Тергеушi тергеудегi iс бойынша прокурордың нұсқауларымен келiспеген жағдайда ол жөнiнде жоғары тұрған прокурорға шағымдануға құқылы.
7. Тергеушi өз тергеуіндегі iстер бойынша анықтау органдарының тергелiп жатқан iске қатысты жедел iздестiру материалдарымен танысуға, осы Кодексте белгіленген тәртіппен осы іске қосу үшін оларды сұратып алуға, анықтау органдарына жазбаша, атқару үшiн мiндеттi iздестiру және тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы тапсырмалар мен нұсқаулар беруге және олардан тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзуге жәрдемдесудi талап етуге құқығы бар.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 16.03.01 ж. № 163-II; 16.07.01 ж. № 244-II; 2004.29.12 № 25-III (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.) Заңдарымен 65-бап өзгертілді
65-бап. Анықтау органы
1. Қылмыстың сипатына қарай анықтау органдарына:
1) заңмен белгiленген құзыретiне сәйкес қылмыстың белгiлерi мен оларды жасаған адамдарды табу, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында қажеттi қылмыстық iс жүргiзу және жедел iздестiру шараларын қолдану;
2) алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi iстер бойынша осы Кодекстiң 200-бабында көзделген тәртiппен қылмыстық-iс жүргiзу және жедел iздестiру әрекеттерiн орындау;
3) осы Кодекстiң 37-тарауында көзделген тәртiппен алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi емес iстер бойынша анықтау;
4) осы Кодекстiң 288-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда алдын ала тергеу жүргiзу жүктеледi.
2. Мыналар анықтау органдары болып табылады:
1) iшкi iстер органдары;
2) ұлттық қауiпсiздiк органдары;
3) қылмыстық жазаларды орындау және қамауда ұстау тәртібімен байланысты қылмыстар туралы істер бойынша - әділет органдары;
4) қаржы полициясы органдары;
5) контрабанда және кеден төлемдерiн төлеуден жалтару туралы iстер бойынша - кеден органдары;
6) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларында шақыру немесе келісім-шарт бойынша әскери қызметiн атқарып жүрген әскери қызметшiлер; әскери жиындарды өткеру кезiнде запастағы азаматтар; әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң азаматтық қызметкерлерi олардың қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты немесе осы бөлiмдердiң, құрамалардың және мекемелердiң орналасқан жерiнде жасаған барлық қылмыстары туралы iстер бойынша - әскери полиция органдары;
7) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы заңдарды бұзу туралы iстер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континентальдық шельфiнде жасалған қылмыстар туралы iстер бойынша шекара бөлiмдерiнiң командирлерi;
8) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларында шақыру немесе келісім-шарт бойынша әскери қызметiн атқарып жүрген өздерiне бағынысты әскери қызметшiлер, сондай-ақ олар әскери жиындар өткеру кезiнде запастағы азаматтар жасаған барлық қылмыстар туралы iстер бойынша; әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң азаматтық қызметкерлерi олардың өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты немесе осы бөлiмдердiң, құрамалардың және мекемелердiң орналасқан жерiнде жасаған қылмыстары туралы iстер бойынша - әскери полиция органы болмаған жағдайда әскери бөлiмдердiң, құрамалардың командирлерi, әскери мекемелер мен гарнизондардың бастықтары;
9) өздерiнiң қызметкерлерi болған елдерiнде жасаған қылмыстар туралы iстер бойынша - Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкiлдiктерiнiң, консулдық мекемелерiнiң және өкiлеттi өкiлдiктерiнiң басшылары;
10) өртке байланысты барлық қылмыстар туралы iстер бойынша мемлекеттік өртпен күресу қызметiнiң басқару органдары мен бөлiмшелерi.
3. Анықтау органының барлық қылмыстар туралы iстер бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу және кезек күттiрмейтiн тергеу қимылдарын орындау жөніндегі құқықтары мен мiндеттерi сол сияқты алысқа жүзу сапарындағы теңiз кемелерiнiң капитандарына, геологиялық барлау партияларының осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған анықтау органдарынан алыстағы басқа да - мемлекеттік ұйымдар мен олардың бөлiмшелерiнiң басшыларына да, көлiк қатынасы болмаған кезеңде жүктеледi.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 66-бап өзгертілді
66-бап. Анықтау органының бастығы
1. Осы Кодекстiң 285-бабында көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында анықтау органы бастығының өкiлеттiгiне өз құзыретiнiң шегiнде Бас басқарманың (Департаменттiң), басқарманың, бөлiмнiң, бөлiмшенiң және анықтау органының өзге де бөлiмшелерiнiң бастықтары ие болады.
2. Анықтау органының бастығы қылмыстың белгiлерi мен оны жасаған адамдарды анықтау, қылмыстарды болдырмау және жолын кесу мақсатында қажеттi қылмыстық iс жүргiзу және жедел iздестiру шараларын қолдануды ұйымдастырады. Жедел-іздестіру қызметінің қылмыстық істі дұрыс шешу үшін маңызы болатын, нақты деректері бар нәтижелерін қылмыстық іске қосу үшін қылмыстық іс жүргізуші органның талап етуі бойынша не өз бастамасымен осы Кодекстің 130-бабында белгіленген тәртіппен жібереді.
3. Анықтау органының бастығы алдын ала тергеу органдары тергейтiн қылмыстар туралы iстер бойынша:
1) кезек күттiрмейтiн тергеу әрекеттерiн жүргiзудi қамтамасыз етедi;
2) прокурордың, тергеушiнiң тапсырмаларын, оның iшiнде жекелеген тергеу және өзге де әрекеттер жүргiзу туралы және жәбiрленушiлердi, куәларды, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да адамдарды қорғау шараларын қолдану туралы тапсырмаларын орындауды ұйымдастырады;
3) соттың тапсырмаларын орындауды ұйымдастырады.
4. Сотқа дейiнгi iс жүргiзудi анықтау органдары жүзеге асыратын қылмыстар туралы iстер бойынша анықтау органының бастығы анықтаушылардың iс-әрекеттерiнiң уақтылылығына және заңдылығына бақылау жасайды және:
1) олардың iс жүргiзуіндегі iстердi тексеруге;
2) жекелеген тергеу және өзге де iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзу, айыпталушы ретiнде тарту, қылмысты саралау және айыптаудың көлемi туралы, iстердi (материалдарды) бiр анықтаушыдан екiншiсiне беру туралы нұсқау беруге;
3) анықтауды бiрнеше анықтаушыға тапсыруға;
4) қылмыстық iс қозғауға және iстi өзiнiң жүргiзуiне қабылдап не жекелеген iс жүргiзу әрекеттерiн орындай отырып анықтауды жеке-дара жүргiзуге құқылы.
5. Анықтау органының бастығы қылмыстық iс қозғау немесе оны қозғаудан бас тарту, тiнту жүргiзу және мүлiкке тыйым салу туралы, айыпталушыны қызметiнен шеттету, айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын таңдау, өзгерту немесе тоқтату туралы, iс бойынша iс жүргiзудi қысқарту, тоқтата тұру, жаңғырту қамауға алынбаған айыпталушыны (сезiктiнi) стационарлық сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптамалар жүргiзу үшiн медициналық мекемеге жiберу, айыпталушыны (сезiктiнi) қамауда ұстау мерзiмiн ұзарту туралы, айыпталушыны этаппен жөнелту, оған iздеу жариялау туралы қаулыларды бекiтедi; қылмыс жасады деп күмән келтiрiлген адамдарды ұстау туралы хаттаманы, айыптау хаттамасын бекiтедi; қылмыс жасауға жағдай туғызатын жағдаяттарды жою жөнiнде шаралар қолдануды қамтамасыз етедi; прокурорға айыптау хаттамасымен бiрге қылмыстық iстi жолдайды.
6. Анықтау органы бастығының қылмыстық iстер жөніндегі нұсқауы анықтаушының дербестiгiн, оның осы Кодекстiң 67-бабында белгiленген құқықтарын шектей алмайды. Нұсқау жазбаша нысанда берiледi және атқарылуға мiндеттi, бiрақ ол жөнiнде прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Анықтаушының прокурорға анықтау органы бастығының iс-әрекетiне шағымдануы олардың атқарылуын тоқтатпайды.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 67-бап өзгертілді
67-бап. Анықтаушы
1. Анықтаушы - өз құзыретiнiң шегiнде қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзудi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттік лауазымды адам.
2. Анықтаушы осы Кодексте айқындалған нысандарда сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң басталуы және жүзеге асырылуы туралы шешiм қабылдауға, заңда оларды анықтау органы бастығының бекітуi, прокурордың санкциясы немесе соттың шешiмi көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес шешiмдер қабылдауға және тергеу мен басқа да iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзуге құқылы.
3. Алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi емес қылмыстық iстер бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу кезiнде анықтаушы осы Кодекстiң 37-тарауында көзделген алынып тасталатындарды қоспағанда, алдын ала тергеу жүргiзу үшiн осы Кодексте көзделген ережелердi басшылыққа алады.
4. Анықтаушы, алдын ала тергеу жүргiзiлуi мiндеттi қылмыстық iстер бойынша кiдiртуге болмайтын жағдайларда анықтау органы бастығының тапсырмасы бойынша қылмыстық iс қозғауға, сондай-ақ шұғыл тергеу әрекеттерi мен жедел iздестiру шараларын жүргiзуге, ол туралы жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей прокурор мен алдын ала тергеу органын хабардар етуге мiндеттi.
5. Анықтаушы соттың, прокурордың, алдын ала тергеу органының және анықтау органының жекелеген тергеу әрекеттерiн жүргiзу туралы, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы тапсырмаларын орындауға мiндеттi.
6. Анықтау органы бастығының нұсқаулары анықтаушы үшiн мiндеттi. Анықтау органы бастығының қылмыстық iстер жөніндегі нұсқауына прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Нұсқауларға шағым жасалуы, қылмыстың саралануы мен айыптаудың көлемi, айыпталушыны сотқа беру үшiн iстi прокурорға жолдау туралы немесе қылмыстық iстi қысқарту туралы нұсқауларды қоспағанда, олардың атқарылуын тоқтатпайды.
9-тарау. Өз құқықтары мен мүдделерін немесе
өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді
қорғап процеске қатысушылар