2. Үкiм мен қаулыны орындауға кiрiсу бiрiншi саты бойынша iстi қараған сотқа жүктеледi. Үкiмдi орындау туралы өкiмдi судья үкiмнiң көшiрмесiмен бiрге қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес үкiмдi орындау мiндетi жүктелген органға жiбередi. Апелляциялық сатыдағы сотқа қамауда ұсталған адамдарға қатысты iстi апелляциялық тұрғыда қараудың нәтижелерiн хабарлау мiндетi жүктеледi. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде үкiм өзгерген жағдайда үкiмнiң көшiрмесiне апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi қоса тiркелуге тиiс.
3. Егер үкiмде сотталушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасынан, Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы мәселенi қою қажеттiгi көрсетiлсе, үкiмдi шығарған сот Қазақстан Республикасының Президентiне сотталушыны мемлекеттік наградасынан, көрсетiлген атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе біліктілік сыныбынан айыру туралы ұсынысты, сондай-ақ үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енуi туралы анықтаманы жолдайды.
4. Үкiмдi орындаушы органдар оның орындалғаны жайында үкiмдi шығарған сотқа дереу хабарлайды. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi үкiм шығарған сотқа сотталушының жазасын өтеу орны туралы хабарлауы тиiс.
450-бап. Үкiмдi орындауға кiрiсу жайында сотталушының
туған-туысқандары мен азаматтық талапкерге хабарлау
1. Қамауда ұсталған сотталушы қамауға немесе бас бостандығынан айыруға кесiлген үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн қамау орнының әкiмшiлiгi сотталушының отбасын жазаны өтеу үшiн оның қайда жiберiлетiнi туралы хабардар етуге мiндеттi.
2. Азаматтық талап қанағаттандырылған жағдайда сот атқарушысы азаматтық талапкердi үкiмнiң орындалғаны туралы хабардар етедi.
451-бап. Туыстарына сотталушымен жүздесуге рұқсат ету
Үкiм орындалғанға дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы қамауда ұсталып отырған сотталушының ерiне /зайыбына/, жақын туыстарына олардың өтiнiшi бойынша сотталушымен жүздесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
452-бап. Үкiмнiң атқарылуын кейiнгi қалдыру
1. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, бас бостандығын шектеуге, қамауға немесе бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде:
1) жазаны өтеуге кедергi келтiретiн сотталушының ауыр сырқаты болса, - ол сауығып кеткенге дейiн;
2) сотталған әйелдiң жүктi болуы немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса - Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында көзделген тәртiпте;
3) өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдаяттардың салдарынан, сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот белгiлеген алты айдан артық емес мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты - үш айдан артық емес мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
2. Айыппұл төлеу, егер оны дереу төлеу сотталушы үшiн мүмкiн болмаса, алты айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе бөлiп өтелуi мүмкiн.
3. Үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы мәселенi сотталушының оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшi бойынша не прокурордың ұсынуы бойынша немесе өз бастамашылығымен сот шешедi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 453-бап өзгертілді
453-бап. Үкiмдi орындау кезiнде сот қарауға
жататын мәселелер
Соттың жүргiзуiне үкiмдi орындауға байланысты мынадай мәселелердi қарау жатады:
1) жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда айыппұл төлеу түріндегі жазаны қоғамдық жұмысқа тартумен, түзеу жұмыстарына жiберумен немесе қамауға алумен /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабы/, қоғамдық жұмыстарға тартуды бас бостандығын шектеумен немесе қамауға алумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы/, түзеу жұмыстарын бас бостандығын шектеумен, қамауға алумен немесе бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы/, бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 45-бабы/ ауыстыру туралы;
1-1) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынған және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау мен бұлтартпау шарасын таңдау туралы;
2) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамға шығарылған үкiм бойынша тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы;
3) жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабы), жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 71-бабы) туралы, сондай-ақ жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босатуды жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70-бабының жетiншi бөлiгi) туралы;
4) науқастануына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 73-бабы) туралы;
5) шартты түрде соттауды жою немесе сынақ мерзiмiн ұзарту (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабы) туралы;
5-1) бас бостандығын шектеуге сотталған адам үшін бұрын белгіленген міндеттердің толық немесе ішінара күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 45-бабы);
6) соттың айыптау үкімінiң ескіру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазаны өтеуден босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75-бабы) туралы;
7) басқа да орындалмаған үкiмдер болған кезде, егер бұл уақыт бойынша соңғы үкiмде шешiлмесе, үкiмдi орындау (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабы) туралы;
8) қамауда ұсталған мерзiмiн, сондай-ақ емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62, 94, 95-баптары) туралы;
9) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе тоқтату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93, 95-баптары) туралы;
10) керi күшi бар қылмыстық заңның, сондай-ақ рақымшылық жасау актiсiнiң шығуы себептi жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 5-бабы) туралы;
11) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес түзеу жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету туралы;
12) үкiмдi орындау кезiнде туындаған қандай да болсын күмән мен түсiнiксiздiктi ұғындыру туралы;
13) сотталған адамның қайтыс болуына байланысты iс жүргiзудi қысқарту туралы.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 454-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
454-бап. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi шешетiн соттар
1. Осы Кодекстiң 452-бабына сәйкес үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы, жазаның бiр түрiн екiншiсiне ауыстыру (осы Кодекстiң 453-бабының 1-тармағы) туралы, айыптау үкімінiң ескіру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазадан босату (осы Кодекстiң 453-бабының 6-тармағы) туралы, басқа да атқарылмаған үкiмдер болған кезде үкiмдi атқару (осы Кодекстiң 453-бабының 7-тармағы) туралы, оның материалдық жағдайы нашарлаған жағдайда түзеу жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету (осы Кодекстiң 453-бабының 11-тармағы) туралы мәселелердi, сондай-ақ үкiмнiң орындалу кезiнде туындаған күмән мен түсiнбеушiлiктi (осы Кодекстiң 453-бабының 12-тармағы) үкiмдi шығарған сот шешедi.
2. Егер үкiм үкiмдi шығарған соттың қызмет ету ауданынан тыс жерде орындалған болса, бұл мәселелердi атаулас сот, үкiмнiң орындалу ауданында атаулас сот болмаған жағдайда жоғары тұрған сот шешедi. Бұл жағдайда сот қаулысының көшiрмесi үкiм шығарған сотқа жiберiледi.
3. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамға тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту (осы Кодекстiң 453-бабының 2-тармағы) туралы, жазадан мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстыру (осы Кодекстiң 453-бабының 3-тармағы) туралы, науқасына байланысты жазадан босату туралы (осы Кодекстiң 453-бабының 4-тармағы), алдын ала қамауда немесе емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу (осы Кодекстiң 453-бабының 8-тармағы) туралы, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе қысқарту туралы (осы Кодекстiң 453-бабының 9-тармағы), сондай-ақ керi күшi бар заңның шығуы себептi жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету (осы Кодекстiң 453-бабының 10-тармағы) туралы мәселелердi сотталушының жазаны өтеу орны бойынша сот шешедi.
4. Мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату (осы Кодекстiң 453-бабының 3-тармағы) туралы, шартты түрде соттауды жою туралы және осы Кодекстiң 453-бабының 1-1 және 5-тармақтарында көзделген басқа да мәселелердi сотталушының тұрғылықты жерi бойынша сот шешедi.
455-бап. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi
шешудiң тәртібі
1. Осы Кодекстiң 453-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда жазаны өтеуден босату кезiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды үш судья құрамындағы сот шешедi. Жазаны орындаумен байланысты барлық басқа мәселелердi сот отырысында судья жеке дара шешедi.
2. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi жазаны орындайтын органның ұсынуы бойынша сот қарайды, не кәмелетке толмаған адамның түзелуiн қамтамасыз етушi мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынуы бойынша сот шешедi. Сот отырысына өздерiнiң ұсынуы бойынша iс қаралатын органдар мен ұйымдардың өкiлдерi шақырылады.
3. Осы Кодекстiң 452-бабында, 453-бабының 4, 6, 7, 10, 11 және 12-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда, соттың мәселенi қарауына сотталушының өтiнiшi негiз болуы мүмкiн.
4. Осы Кодекстiң 453-бабының 1, 2, 3, 5, 6, 7, 10 және 11-тармақтарында көзделген жағдайларда сот отырысына өзiне қатысты iс қаралатын сотталушының қатысуы мiндеттi. Сотталушы сотқа ұсынылған материалдармен танысуға, оларды қарауға қатысуға, өтiнiшiн мәлiмдеуге немесе бас тартуға, түсiнiктер беруге, дәлелдемелер ұсынуға құқылы.
5. Сотталушы өзiнiң құқықтарын қорғаушының көмегiмен жүзеге асыра алады. Сот кәмелетке толмағандарға қатысты, сондай-ақ өздерiнiң құқығын қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айыратын дене және психикалық кемiстiктерден зардап шегушiлерге, сонымен бiрге iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамдарға да үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi сот қараған кезде қорғаушының қатысуы мiндеттi.
6. Науқастануына байланысты сотталушыны босату туралы не оны емдеу мекемесiне орналастыру туралы мәселенi қараған кезде қорытынды берген дәрiгерлер комиссиясы өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
7. Егер мәселе үкiмдi орындаудың азаматтық талап бөлiгiне қатысты болса, сот отырысына сондай-ақ азаматтық талапкер немесе оның өкiлi шақырылады. Аталған адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды.
8. Сот мәжілісiне прокурор қатысып отырады.
9. Iстi қарау ұсынуы бойынша iс қаралып отырған органның өкiлiнiң баяндамасымен не өтiнiш иесiнiң түсiнiк беруiмен басталады. Бұдан соң ұсынылған материалдар зерттеледi, сот отырысына келген адамдардың түсiнiктерi, прокурордың пiкiрi тыңдалады, бұдан соң судья қаулы шығарады.
456-бап. Соттылықты алып тастау туралы өтiнiштi қарау
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 77-бабына сәйкес соттылығын алып тастау туралы мәселенi жазасын өтеген адамның өтiнiшi бойынша тұрғылықты жеріндегі сот шешедi.
2. Сот отырысына өзiне қатысты соттылықты алып тастау туралы өтiнiшi қаралатын адамның қатысуы мiндеттi.
3. Қарау өтiнiш бiлдiрген адамның түсiнiгiн тыңдаумен басталады, бұдан соң ұсынылған материалдар зерттеледi және шақырылған адамдардың сөзi тыңдалады.
4. Соттылықты алып тастаудан бас тартылған жағдайда бұл туралы сот алдында қайталап өтiнiш беру бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр жылдан ерте қозғалмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 457-бап өзгертілді
457-бап. Судьяның қаулысына шағым жасау және
наразылық бiлдiру
Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу кезiнде шығарылған сот қаулыларына осы Кодекстiң 47-тарауында белгiленген ережелер бойынша апелляциялық тәртiпте шағым жасалуы және наразылық келтiрiлуi мүмкiн.
10-бөлім. Соттың заңды күшіне енген шешімдерін
қайта қарау жөнінде іс жүргізу
50-тарау. Қадағалау сатысындағы іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 10.03.04 ж. № 529-II Заңдарымен 458-бап өзгертілді
458-бап. Соттың заңды күшiне енген үкiмдерi мен қаулыларын
қадағалау тәртібімен қайта қарау
1. Соттың заңды күшiне енген үкiмдерi мен қаулылары осы тарауда көзделген негiздер болған жағдайда қадағалау тәртібімен қайта қаралуы мүмкiн.
2. Заңды күшiне енуi бойынша қадағалау тәртібімен:
1) айыптау және ақтау үкiмдерiне;
2) соттың бiрiншi сатыдағы сот iсiн жүргiзудi қысқартатын, апелляциялық шағым беруге жататын қаулыларына;
3) апелляциялық қадағалау сатыларындағы соттардың қаулыларына шағым жасалуы, наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасының қаулыларын қайта қарауға және iстi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасында қайта қарауға ерекше жағдайларда, осы алқа қабылдаған қаулы адамдардың өмiрi, денсаулығы үшiн не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауiпсiздiгi үшiн ауыр, орны толмас зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін екендiгі туралы деректердiң анықталуына байланысты енгiзiлген Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы бойынша немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша жол берiледi.
4. Өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан кейін өлім жазасы туралы үкімді қайта қарау осы Кодексте көзделген тәртіппен және негіздер бойынша жүзеге асырылады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 10.03.04 ж. № 529-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 459-бап өзгертілді
459-бап. Заңды күшiне енген сот үкiмдерi мен қаулыларын
қайта қараудың негiздерi
1. Заңды күшiне енген сот үкiмдерi мен қаулыларын қайта қарауға iстi тексеру немесе сотта қарау кезiнде жол берiлген азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар не заңның дұрыс қолданылмауы:
1) кiнәсiз адамды соттауға;
2) орташа ауырлықтағы қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адамдарға қатысты ақтау үкімін негiзсiз шығаруға немесе iстiң қысқартылуына;
3) жәбiрленушi сот арқылы қорғалу құқығынан айыруға;
4) сот тағайындаған жазаның қылмыстың ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкес келмеуiне әкеп соғуы;
5) азаматтық талап қоюдың дұрыс шешiлмеуi;
6) iстiң сотта жаңадан қарауға заңсыз жiберiлуi негiз болып табылады.
2. Заңды күшiне енген сот шешiмдерi де егер:
1) iстi қайта қарау кезiнде осы Кодекстiң 423-3-бабының талаптары сақталмаса;
2) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi сот шешiмiн шығаруға негiз болған актiнi конституциялық емес деп таныса;
3) адамды өлiм жазасына кескен үкiм апелляциялық сатыда қараудың мәнi болмаса, қайта қаралуы мүмкiн.
3. Заңды күшіне енген өлім жазасы туралы үкімдер өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан кейін қайта қаралуы да мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 460-бап өзгертілді
460-бап. Заңды күшiне енген сот үкiмдерi мен қаулыларына
шағым жасауға, наразылық бiлдiруге құқығы бар адамдар
1. Заңды күшiне енген үкiмдер мен қаулыларға iстердi қадағалау тәртібімен қайта қарауға өкiлеттi сотқа тiкелей апелляциялық шағым беруге құқығы бар процеске қатысушылар шағым жасауы мүмкiн.
2. Заңды күшiне енген үкiмдер мен қаулыларға:
1) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөніндегі алқасы мен қадағалау алқасына;
2) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөніндегі алқасына;
3) облыс прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына наразылық келтiруге құқылы.
3. Наразылық осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың өз бастамасы бойынша да, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген процеске қатысушылардың өтiнiшi бойынша да бiлдiрiлуi мүмкiн.
3-1. Осы Кодексте көрсетiлген негiздер болған жағдайда, процеске қатысушылардың шағымдары бойынша, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты алқасының төрағасы, облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасының судьялары тиiстi сот сатысына шағым берiлген сот қаулысын қайта қарау туралы ұсыным енгiзедi.
4. Шағымды, наразылықты iс қадағалау сатысында қаралғанға дейiн оны берген адам керi қайтарып алуы, наразылықты сондай-ақ жоғары тұрған прокурор керi қайтарып алуы мүмкiн.
5. Осы Кодекстiң 463-465-баптарында көзделген ережелер прокурордың наразылықтарына қолданылмайды және тiкелей қадағалау сатысында қаралады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 461-бап өзгертілді
461-бап. Заңды күшiне енген сот шешiмдерiне
шағымдану мерзiмдерi
1. Сотталушының кiнәсiздiгi себептерi бойынша, сондай-ақ неғұрлым жеңiл қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгiне, жазаның қатаңдығына байланысты немесе сотталушының жағдайын жақсартатын өзге де негiздер бойынша айыптау үкімін қадағалау тәртібімен қайта қарау мерзiммен шектелмейдi.
2. Неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгi, жазаның жұмсақтығы себептерi бойынша немесе сотталушының жағдайын нашарлататын өзге де негiздер бойынша iстi қысқарту туралы соттың қаулысына, айыптау үкіміне, сондай-ақ ақтау үкіміне не iстi қысқарту туралы соттың қаулысына шағым жасауға, наразылық бiлдiруге олар заңды күшiне енгеннен кейiн алты ай iшiнде жол берiледi.
462-бап. Заңды күшiне енген сот шешiмдерiне қадағалау
шағымын, наразылығын берудiң тәртібі
1. Қадағалау шағымы, наразылығы оларды қайта қарауды жүзеге асыруға өкiлеттi сотқа жазбаша түрде берiледi. Шағымда, наразылықта iс жүргiзу кезiнде осы Кодекстiң 459-бабында аталған қандай жолсыздықтарға орын берiлгенi және осы жолсыздықтардың шығарылған сот шешiмдерiнде қалай көрiнiс тапқаны көрсетiлуi тиiс.
2. Шағымға, наразылыққа шағым жасалып отырған сот шешiмдерiнiң көшiрмелерi және шағымның, наразылықтың дәлелдерiнiң негiздiлiгiн қуаттайтын өзге де материалдар қоса берiлуi тиiс.
3. Егер шағым, наразылық қадағалау тәртібімен iстi қайта қарауға өкiлеттiгi жоқ сотқа келiп түссе, ол оны осы шағым, қарсылық қаралуға жататын сотқа беруге тиiс.
4. Заңды күшiне енген сот шешiмдерiне шағым берiлуi, наразылық келтiрiлуi олардың орындалуын кiдiртпейдi, бұған осы Кодекстiң 466-бабында көзделген жағдайлар кiрмейдi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 463-бап жаңа редакцияда
463-бап. Қадағалау шағымдарын сотта алдын ала қарау
1. Қадағалау шағымдарын облыстық және оларға теңестiрiлген соттарда алдын ала қарауды ол түскен күннен бастап 15 тәулiктiң iшiнде осы сот төрағасының тапсырмасы бойынша қадағалау алқасының судьясы жеке-дара жүзеге асырады.
2. Қадағалау шағымдарын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында алдын ала қарау тиiстi алқаларда олар түскен күннен бастап 15 тәулiктiң iшiнде осы сот Төрағасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
3. Егер қадағалау шағымы мен оған тiркелген құжаттардың мазмұны шағым жасалып отырған сот қаулыларының заңдылығына күмән тудырса, қадағалау шағымын алдын ала қарауды жүзеге асыруға құқылы адамдардың iстi сұратып алуға құқығы бар. Бұл жағдайда қадағалау шағымын бiр ай iшiнде алдын ала қарау мерзiмi сұратылған iстiң қадағалау сатысына түскен күнiнен бастап есептеледi.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде белгiленген қадағалау шағымын алдын ала қарау мерзiмiн тиiстi соттың төрағасы не алқа төрағасы дәлелдi себептер болған жағдайда, бiрақ 1 айдан аспайтын мерзiмге ұзартуы мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 464-бап жаңа редакцияда
464-бап. Шағымды қарау нәтижелерi бойынша қабылданатын
шешiмдер
1. Қадағалау шағымын алдын ала қарау нәтижелерi бойынша:
1) шағым жасалып отырған сот актiсiн қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы;
2) шағым жасалып отырған сот актiсiн қайта қарау үшiн негiздердiң жоқ екендiгi туралы шешiмдердiң бiрi қабылданады.
2. Шағым жасалып отырған сот актiсiн қайта қарау туралы ұсынымды:
1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқаларына;
2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқа төрағасы - облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың қадағалау алқаларына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөніндегі алқасына;
3) облыстық және соған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасының судьясы - осы соттың қадағалау алқасына енгiзедi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 465-бап жаңа редакцияда
465-бап. Қадағалау шағымын алдын ала қараудың iс жүргiзу
салдары
1. Жоғарғы Сот Төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы, облыстық және оған теңестiрiлген соттың төрағасы заңды күшiне енген үкiмдi, қаулыны қайта қарау туралы ұсынымды iспен, шағыммен және оған қоса тiркелген материалдармен бiрге қарау үшiн тиiстi қадағалау сатысына жiбередi.
2. Заңды күшiне енген сот актiсiн қайта қарау туралы ұсыным осы iстi қарау құзыретiне кiретiн қадағалау сатысының соты үшiн мiндеттi.
3. Қадағалау сатысындағы iс келiп түскен күнiнен бастап бiр ай iшiнде қаралуға тиiс. Дәлелдi себептер болған жағдайда iстi қарау мерзiмi iс жүргiзуiнде жатқан қадағалау сатысының негiздi қаулысымен ұзартылуы мүмкiн. Өздерiне қатысты шағым жасалып отырған сот шешiмi шығарылған тараптар мен өзге де тұлғаларға iстi қадағалау тәртібімен қарау уақыты мен орны туралы хабарлама, сондай-ақ қадағалау шағымының, келтiрiлген наразылықтың көшiрмесi жiберiледi.
4. Шағым жасалып отырған сот қаулыларын қайта қарауға негiздер болмағанда, қадағалау шағымының авторына жазбаша түрде хабарлама жiберiледi.
5. Осы Кодекстiң 460-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар сол қадағалау сатысына қайтадан қадағалау шағымдарын беруi мүмкiн, бұл шағымдар оларда осы адамдардың бастапқы шағымын қарау кезiнде талқыланбаған жаңа дәлелдер келтiрiлген жағдайда, оларды алдын ала қарау рәсiмiне әкеп соқтырады. Қайтадан берiлген қадағалау шағымы жаңа дәлелдер шегiнде ғана қаралады. Осы Кодекстiң 460-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар шағым жасалып отырған сот қаулыларын қайта қарау негiздерiнiң жоқ екендiгi туралы шешiммен келiспеген жағдайда, жоғары тұрған қадағалау сатысына осындай шағым беруге құқылы.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 466-бап жаңа редакцияда
466-бап. Сот үкімінiң, қаулысының орындалуын тоқтата тұру
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Бас Прокуроры және оның орынбасарлары өз құзыретi шегінде iстi сұратып алумен бiр мезгiлде сот үкімінiң, қаулысының орындалуын қадағалау тәртібімен тексеру үшiн үш айдан аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II Заңдарымен 467-бап өзгертілді
467-бап. Iстi қадағалау сатысында қараудың тәртібі,
қадағалау сатысы сотының шешiмдерi
1. Қадағалау сатысының сот отырысы төрағалық етушiнiң қандай сот шешiмi және кiмнiң шағымы (наразылығы) бойынша қайта қаралып жатқаны, сот құрамына кiмдердiң енетiнi және сот отырысы залында iс жүргiзуге қатысушылардың қайсысы келiп отырғаны туралы хабарламасымен ашылады. Iстi қараудың уақыты және орны туралы тиiсiнше хабардар етiлген шағым (наразылық) берген адамның болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкiндiгiн терiске шығармайды. Прокурордың қадағалау сатысының сот отырысына қатысуы мiндеттi.
2. Мәлiмделген наразылықтар мен өтiнiштер шешiлгеннен кейiн сот тыңдауды жалғастыру туралы не оны кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдайды. Сот iстi тыңдауды жалғастыру туралы шешiм қабылдаған кезде төрағалық етушi қадағалау шағымын (наразылығын) берген процеске қатысушыға сөз бередi. Егер мұндай қатысушылар бiрнешеу болса, онда олар өздерi ұсынған сөз сөйлеу кезектілігiн соттың назарына салады. Егер олар өзара келісімге келе алмаса, онда сөз сөйлеу кезегiн сот белгiлейдi.