Қазақстан Республикасының патент заңы 1999 ж. 16 шілдедегі № 427-I
Қазақстан Республикасының Заңы
(09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 ж. 22 қарашадағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 6 баптар)
2-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектілерінің патентке (6 - 9 баптар)
қабілеттілігінің талаптары
3-тарау. Авторлар мен патент иеленушілер (9 - 11 баптар)
4-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға (11 - 16 баптар)
ерекше құқық
5-тарау. Қорғау құжатын алу тәртібі (16 - 29 баптар)
6-тарау. Қорғау құжатының қолданылуын тоқтату және (29 - 32 баптар)
қалпына келтіру
7-тарау. Авторлардың, өтініш берушілердің және (32 - 35 баптар)
патент иеленушілердің құқықтарын қорғау
8-тарау. Қорытынды ережелер (35 - 38 баптар)
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер
Осы Заң мақсатында мынадай ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) бюллетень - өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімдік басылым;
2) патенттелген өнеркәсіптік меншік объектілері - қорғау құжаттары берілген өнеркәсіптік меншік объектілері;
3) ерекше құқық - өнеркәсіптік меншік объектісін өз қалауы бойынша кез келген әдіспен пайдалануға патент иеленушінің мүліктік құқығы;
4) лицензиялық шарт - патент иеленуші (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) өнеркәсіптік меншік объектісін белгілі бір түрде уақытша пайдалану құқығын беру шарты;
5) интеллектуалдық меншік объектілері - интеллектуалдық қызмет нәтижелері және азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсетуді дараландыру құралдары;
6) өнеркәсіптік меншік объектілері - өнертабыстар, пайдалы модельдер және өнеркәсіп үлгілері;
7) қорғау құжаттары - осы Заңға сәйкес берілген алдын ала патенттер мен өнертабыс пен өнеркәсіп үлгілеріне патенттер, пайдалы модельдерге патенттер;
8) Париж конвенциясы - кейінгі өзгертулерімен және толықтыруларымен қоса алғанда, 1893 жылғы 20 наурыздағы өнеркәсіп меншігін қорғау жөніндегі Париж конвенциясы;
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
9) патенттiк сенімдi өкiлдер - жеке және заңды тұлғалардың уәкiлеттi орган және сараптама жасау ұйымы алдындағы өкiлдiгiне заңдарға сәйкес құқық берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
10) патент иеленушi - қорғау құжатының иесi;
11) қызметтiк өнертабыс - қызметкердiң өз қызметтiк мiндеттерiн немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындау кезiнде жасаған өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi;
12) патентке қабiлеттілік жағдайлары - өнеркәсiптік меншiк объектілеріне құқықтық қорғауды берудiң осы Заңда көзделген жағдайлары.
2-бап. Патент заңы реттейтiн қатынастар
1. Осы Заңмен өнеркәсiптiк меншiк объектілерін жасауға, құқықтық қорғау мен пайдалануға байланысты мүлiктiк, сондай-ақ оларға байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастар реттеледi.
2. Интеллектуалдық меншiктiң өзге объектілерін (селекциялық жетiстiктер, интегралдық микротәсiм топологиялары, тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары, тауар шығарылатын жерлердiң атаулары және басқалар) қорғау өзге заң актілерімен реттеледi.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Осы Заңның ережелерi қорғау құжаттарын уәкiлеттi орган берген өнеркәсiптiк меншiк объектілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттар негiзiнде патенттер берiлген өнеркәсiптiк меншiк объектілеріне қолданылады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4-бап. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган
1. Өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрi уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының ?кіметi айқындайтын және өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгілердi қopғay саласындағы мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) өнертабыстарды, пайдалы модельдердi және өнеркәсiптiк үлгiлердi құқықтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыруға қатысу;
2) өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және өнеркәсiптiк үлгiлерге қорғау құжаттарын беру;
3) өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың қызметiне бақылау;
4) хаттамаларды жазу және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау, әкiмшiлiк жазалар қолдану;
5) осы Заңда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-1-баппен толықтырылды
4-1-бап. Сараптама жасау ұйымы
1. Сараптама жасау ұйымы - мемлекеттік монополияға жатқызылған салаларда (өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғау саласында қызметтер көрсету) қызметтi жүзеге асыратын уәкiлеттi органға ведомстволық бағынысты ұйым.
2. Сараптама жасау ұйымының құзыретiне:
1) өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсiптiк үлгiлерге өтiнiмдер қабылдау;
2) өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсiптiк үлгiлерге сараптама жүргiзу;
3) қорғалатын өнертабыстардың, пайдалы модельдердiң, өнеркәсiптiк үлгiлердiң мемлекеттік тiзiлiмдерiн жүргiзу;
4) өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсiптiк үлгiлер туралы мәлiметтердi жариялау;
5) өзiне Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
5-бап. Өнеркәсіптік меншік объектілерін құқықтық қорғау
1. Өнертабысқа және өнеркәсiптiк үлгiге құқық алдын ала берiлетiн патентпен және патентпен, ал пайдалы модельге патентпен куәландырылады.
2. Өнертабыс және өнеркәсiптiк үлгiге алдын ала патент, пайдалы модельге патент өтiнiмге үстiрт сараптама өткiзiлгеннен кейiн берiледi.
Өнертабысқа және өнеркәсiптiк үлгiге патент өтінiмге мәнi бойынша сараптама өткiзiлгеннен кейiн берiледi.
Алдын ала патент және патент өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне басымдықты, авторлықты және ерекше құқықты куәландырады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Өнертабысқа алдын ала патент өтiнiм келiп түскен күннен бастап бес жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiсiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бірақ ол үш жылдан аспауы керек.
Өнертабысқа патент өтiнiм берiлген күннен бастап жиырма жыл бойы күшiн сақтайды.
Заңдарға сәйкес пайдаланылуы үшiн құзыретті органның рұқсаты талап етiлетiн өнертабыс патентiнiң қолданылу мерзiмi патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша ұзартылуы мүмкiн, бірақ ол бес жылдан аспауы керек.
Пайдалы модельге патент өтінiм берiлген күннен бастап бес жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бірақ ол үш жылдан аспауы керек.
Өнеркәсiптiк үлгiге алдын ала патент өтiнiм берiлген күннен бастап бес жыл бойы күшiн сақтайды.
Өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiм берiлген күннен бастап он жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бірақ ол бес жылдан аспауы керек.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Өнертабыс пен пайдалы модельге қорғау құжатымен берiлетiн құқық қорғау көлемi олардың формуласымен, ал өнеркәсiптiк үлгiге қорғау құжатымен берiлетiн құқық қорғау көлемi бұйымның (макеттiң) кескiндерiнде ұсынылған және өнеркәсiптiк үлгiнiң елеулi белгiлерiнiң тiзбесiнде келтiрiлген оның елеулi белгiлерiнiң жиынтығымен анықталады. Өнертабыс формуласына, пайдалы модельге түсiнiк беру үшiн сипаттамалар мен сызбалар пайдаланылуы мүмкiн.
Өнiмдер алу әдiсiне берiлген қорғау құжатының күшi тiкелей осы әдiспен алынған өнiмге де қолданылады.
Егер өзгеше дәлелденбесе, бұл орайда жаңа өнiм қорғау әдiсiмен алынған болып есептеледi.
5. Қорғау құжатын алу құқығы, өтiнiмдi тiркеуден туындайтын құқықтар, қорғау құжатын иелену құқығы және қорғау құжатынан туындайтын құқықтар тұтас немесе iшiнара басқа адамға берiлуi мүмкiн.
6. Осы Заңға сәйкес мемлекет құпия деп таныған өнеркәсiптiк меншiк объектілеріне құқықтық қорғау берiлмейдi. Өнеркәсiптiк меншiктiң құпия объектілерін пайдалану тәртібі заңдармен реттеледi.
2-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектілерінің патентке
қабілеттілігінің талаптары
6-бап. Өнертабыстың патентке қабiлеттілігiнiң талаптары
1. Егер жаңа, өнертабыстық деңгейге жеткен әрi өнеркәсiпте қолдануға жарамды болса, өнертабысқа құқықтық қорғау берiлудi.
Егер ол техника деңгейi туралы мәлiметтерде белгiсiз болса, өнертабыс жаңа болып табылады.
Егер маман үшiн ол техника деңгейi туралы мәлiметтерден айқын кездеспейтiн болса, өнертабыс өнертабыстық деңгейде болады.
Техника деңгейi туралы мәлiметтер өнертабыс басымдық алған күнге дейiн дүние жүзiнде жалпы жұртқа мәлiм болған кез келген мәлiметтердi қамтиды.
Өнертабыстың жаңалығын анықтаған кезде техникалық деңгейi туралы мәлiметтерге бұрынырақтағы басымдықтары болған жағдайларда өнертабыстар мен пайдалы модельдерге (қайтып алынғандардан басқасы) Қазақстан Республикасында басқа адамдардың берген өтiнiмдерi және Қазақстан Республикасында патенттелген өнертабыстар мен пайдалы модельдер кiредi.
Егер өнеркәсiпте, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтауда және қызметтiң басқа да салаларында пайдалануға болса, өнертабыс өнеркәсiпте қолдануға жарамды деп табылады.
2. Құрылғы, әдiс, зат, микроорганизмдердiң, өсiмдiктер мен хайуанаттар клеткаларының тегi, сондай-ақ бұрыннан белгiлi құрылғыны, әдiстi, затты, тектi жаңа мақсатта қолдану өнертабыс объектiлерi бола алады.
3. Мыналар:
1) жаңалықтар, ғылыми теориялар және математикалық әдiстер;
2) шаруашылықты ұйымдастыру және басқару әдiстерi;
3) шартты белгiлер, кестелер, ережелер;
4) ақыл-ой операцияларын орындау ережелерi мен әдiстерi;
5) есептегiш машиналарға арналған бағдарламалар мен алгоритмдердiң өзi;
6) ғимараттар, үйлер, аумақтар жоспарларының жобалары мен тәсiлдерi;
7) бұйымдардың тек сыртқы түрiне қатысты ұсыныстар;
8) Қоғамдық мүдделерге, iзгiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келетiн ұсыныстар өнертабыстар деп танылмайды.
4. Париж конвенциясына қатысушы мемлекет аумағында ұйымдастырылған, ресми немесе ресми деп танылған халықаралық көрмеде өнертабыстың экспонат ретiнде көрсетiлуiн қоса алғанда, өнертабысқа қатысты ақпаратты арыз берушiнiң (автордың) немесе одан бұл ақпаратты тікелей немесе жанама түрде алған кез келген адамның көпшiлiкке жария етуi, өнертабысқа өтiнiм ол ашылған немесе көрмеге қойылған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей берiлген болса өнертабыстың патентке қабiлеттілігiне әсер ететiн мән-жай деп танылмайды. Бұл орайда осы фактiнi дәлелдеу мiндетi арыз берушiге жүктеледi.
7-бап. Пайдалы модельдiң патентке қабiлеттілік талаптары
1. Өндiрiс құрал-жабдықтары мен тұтыну заттарын, сондай-ақ олардың құрамдас бөлiктерiн (құрылғысын) конструкциялық орындау пайдалы модельдерге жатады.
Егер жаңа және өнеркәсiпте қолдануға болса, пайдалы модельге құқықтық қорғау берiледi.
Егер елеулi белгiлерiнiң жиынтығы техника деңгейi туралы мәлiметтерден белгiсiз болса, пайдалы модель жаңа болып табылады.
Техника деңгейi туралы мәлiметтер пайдалы модельге басымдық берiлген күнге дейiн жұртқа мәлiм болған, арыз берiлiп отырған пайдалы модель мақсаттас құралдар туралы дүние жүзiнде жарияланған мәлiметтердi, олардың Қазақстан Республикасында қолданылуы, сондай-ақ олардың неғұрлым бұрынырақта басымдығы болған жағдайларда Қазақстан Республикасына басқа адамдардың пайдалы модельдерге және өнертабыстарға (қайтарып алынғаннан басқа) берген өтiнiмдерi және Қазақстан Республикасында патенттелген пайдалы модельдер мен осы бағыттағы өнертабыстар туралы мәлiметтердi қамтиды.
Егер iс жүзiнде пайдалануға жарайтын болса, пайдалы модель өнеркәсiпте қолдануға жарамды болып табылады.
2. Париж конвенциясына қатысушы мемлекет аумағында ұйымдастырылған, ресми немесе ресми деп танылған халықаралық көрмеде пайдалы модельдiң экспонат ретiнде көрсетiлуiн қоса алғанда, пайдалы модельге қатысты ақпаратты арыз берушiнiң (автордың) немесе одан бұл ақпаратты тiкелей немесе жанама түрде алған кез келген адамның көпшiлiкке жария етуi пайдалы модельге өтiнiм ақпарат жария болған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей берiлген болса пайдалы модельдiң жаңалығына әсер ететiн мән-жай деп танылмайды. Бұл орайда осы фактінi дәлелдеу мiндетi арыз берушiге жүктеледi.
3. Осы Заңның 6-бабының 3-тармағында аталған объектiлерге қатысты шешiмдер пайдалы модельдер ретiнде қорғалмайды.
8-бап. Өнеркәсiптiк үлгiнiң патентке қабiлеттілiк талаптары
1. Өнеркәсiптiк үлгiге бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын көркемдiк-конструкторлық шешiм жатады. Егер жаңа, бірегей және өнеркәсiпте қолдануға жарамды болса, өнеркәсiптiк үлгiге құқықтық қорғау берiледi.
Егер бұйымның елеулi белгiлерiнiң өнеркәсiптiк үлгiге көрiнiстерiне берiлген және елеулi белгiлер тiзбесiнде келтірiлген жиынтығы өнеркәсiптiк үлгiге басымдық берiлген күнге дейiн дүние жүзiнде жалпыға мәлiм мәлiметтерде белгiсiз болса, өнеркәсiптiк үлгi жаңа деп танылады.
Өнеркәсiптiк үлгiнiң жаңалығын анықтаған кезде Қазақстан Республикасында өнеркәсiптік үлгiлерге бұрын басқа адамдар өтінiм берген (қайтарып алынғандарын қоспағанда) және Қазақстан Республикасында патенттелген өнеркәсiптiк үлгiлердiң неғұрлым ертеректегi басымдығы да ескерiледi.
Егер елеулi белгiлерi бұйым ерекшелiктерiнiң шығармашылық сипатын анықтайтын болса, өнеркәсiптiк үлгi бірегей деп танылады.
Егер тиiстi бұйымды дайындау жолымен оның көп рет ұдайы өндiрiлуi мүмкiн болса, өнеркәсiптiк үлгi өнеркәсiпте қолдануға жарамды деп танылады.
2. Мынадай шешiмдер:
1) бұйымдардың тек қана техникалық мiндеттерiне негiзделсе;
2) сәулет объектілерінiң (шағын сәулет нысандарын қоспағанда), өнеркәсiптiк, гидротехникалық және басқа да тұрақты ғимараттардың;
3) баспа өнiмнiң өзi;
4) сұйық, газ түріндегі, сусыма немесе сол сияқты заттардан тұратын тұрақсыз нысандағы объектілердiң;
5) қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келетiн бұйымдардың шешiмдерi өнеркәсiптiк үлгiлер болып танылмайды.
Париж конвенциясына қатысушы мемлекеттер аумағында ұйымдастырылған, ресми немесе ресми деп танылған халықаралық көрмеде өнеркәсiптiк үлгiнiң экспонат ретiнде көрсетiлуiн қоса алғанда, өнеркәсiптiк үлгiге қатысты ақпаратты арыз берушiнiң (автордың) немесе осы ақпаратты алған кез келген адамның көпшiлiкке жария етуi өнеркәсiптiк үлгiге өтiнiм ол ашылған немесе көрмеге қойылған күннен бастап алты айдан кешiктiрмей берiлген болса, өнеркәсiптiк үлгiнiң патентке қабiлеттілігiне әсер ететiн мән-жай деп танылмайды. Бұл орайда осы фактiнi дәлелдеу мiндетi арыз берушiге жүктеледi.
3-тарау. Авторлар мен патент иеленушілер
9-бап. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң авторы
1. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн шығармашылық еңбегiмен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады.
2. Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға бірнеше жеке адам қатысса, олардың бәрi оның авторы (қосалқы авторы) болып есептеледi.
Қосалқы авторлардың тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртібі олардың арасындағы келісіммен белгiленедi.
Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға өзінің шығармашылық үлесін қоспаған, авторға тек техникалық, ұйымдық немесе материалдық көмек көрсеткен, не оған құқықты ресiмдеуге және оны пайдалануға ғана жәрдемдескен жеке адам автор деп танылмайды.
3. Авторлық құқық айыруға болмайтын жеке құқық болып табылады және мерзiмсiз қорғалады.
4. Егер Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар таңбаларына үшiншi адамның құқықтары бұзылмаса, автордың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне өз атын немесе арнаулы атау беруге құқығы бар.
10-бап. Патент иеленушi
1. Қорғау құжаты:
1) өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң авторына (авторларына);
2) осы баптың 2-тармағында көзделген реттерде, жұмыс берушiге;
3) олардың құқықтық мирасқорына (құқықтық мирасқорларына), оның iшiнде тиiстi құқықты беру тәртібімен алған адамға (адамдарға);
4) бір-бірiмен келісімдерi болған жағдайда осы тармақта көзделген адамдарға бірге берiледi.
2. Егер жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтiк өнертабысқа қорғау құжаттарының құқықтары жұмыс берушiге тиесiлi болады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Егер жұмыс берушi жасалған өнеркәсiп меншiгi объектiсi туралы автор өзiн хабардар еткен күннен бастап төрт ай iшiнде өтiнiм бермесе, қорғау құжаттарын алу құқығын басқа адамға бермесе және тиiстi объектiнi құпия сақтау туралы авторға хабарламаса, қорғау құжатын алу құқығы авторға көшедi. Бұл жағдайда жұмыс берушiнiң патент иеленушiмен шарт бойынша тиiстi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн өз өндiрiсiнде пайдалануға басым құқығы болады.
4. Қызметтік өнертабыс үшiн авторға сыйақы төлеудiң мөлшерi, талаптары және тәртібі автор мен жұмыс берушi арасындағы келісіммен белгiленедi. Келісімге қол жетпеген жағдайда шешiмдi сот қабылдайды. Егер қызметтік өнертабысты жасаудағы автор мен жұмыс берушiнiң үлестерiн мөлшерлеу мүмкiн болмаса, жұмыс берушi алған немесе алуға тиiстi пайданың жартысына автор құқылы деп танылады.
4-тарау. Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға
ерекше құқық
11-бап. Патент иеленушiнiң ерекше құқығы мен мiндеттерi
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ толықтырылды
1. Патент иеленушiнiң қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн өз қалауынша пайдалануына ерекше құқығы болады.
Патент иеленушi қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектілерін пайдалануға айрықша құқықты осы қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер ресми бюллетеньде жарияланған күннен бастап қорғау құжатының қолданылу кезеңiнде жүзеге асырады.
2. Қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсi бар өнiмдi дайындау, қолдану, жеткізу, сатуға ұсыну, сату, азаматтық айналымға өзге де енгізу немесе осы мақсатпен сақтау, сондай-ақ қорғау әдiсiн қолдану өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалану болып танылады.
Егер өнiмде оны пайдалану күнiне техниканың осы саласындағы белгiлi формуланың тәуелсiз тармағында келтiрiлген өнертабыстар, пайдалы модельдердiң әрбір белгiсi немесе соларға теңдес белгiлер пайдалану әдiсi болса, өнiм қорғалатын өнертабыс немесе пайдалы модель деп танылады, ал қорғалатын әдiс қолданылған деп табылады.
Тiкелей осындай әдiспен дайындалған өнiмдi азаматтық айналымға енгізу не осы мақсатпен сақтау өнiм алудың қорғалатын әдiсiн пайдалану деп танылады.
Егер өнiмде бұйымның ұсынылған кескiндерiнде (макетiнде) көрсетiлген және негiзгi белгiлерiнiң тiзбесiнде келтiрiлген барлық негiзгi белгiлерi болса, қорғалатын өнеркәсiптік үлгiсi бар болып танылады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Патент иеленушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға мiндеттi.
Қорғау құжаты бірнеше адамға тиесiлi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану жөніндегі өзара қатынастар олардың арасындағы келісіммен айқындалады. Ондай келісім болмаған жағдайда патент иеленушiлердiң әрқайсысы қорғалатын объектiнi өз қалауынша пайдалана алады, бірақ өзге патент иеленушiлерiнiң келісімiнсiз басқа адамдарға лицензия немесе қорғау құжатын беруге құқығы жоқ.
Патент иеленушi қолданылып жүрген өнеркәсiптiк меншiк объектiсi патенттелгендiгiн көрсететiн ескерту таңбаларын пайдалана алады.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжатын беру туралы мәлiметтер алғаш рет жарияланғаннан кейiн өнеркәсiптiк меншiк объектiсi сондай өтiнiш берiлген күннiң алдындағы кез келген төрт жыл iшiнде үздiксiз пайдаланылмаса, патент иеленушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдаланбаған және тиiмдi коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан ретте, кез келген адам өзiне күштеп ерекше емес лицензия алып беру туралы сотқа өтiнiш жасауға құқылы. Егер патент иеленушi пайдаланбауын дәлелдi себептерге байланысты екенiн дәлелдемесе, сот аталған лицензияны пайдалану шегiн, төлем мөлшерi мен тәртібін белгiлеп, табыс етедi. Төлем мөлшерi қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген лицензияның рыноктық бағасынан төмен болмауға тиiс.
Кез келген күштеп лицензия алып беру бірiншi кезекте Қазақстан Республикасы iшкi рыногының қажеттерiн қамтамасыз етуге тиiс.
Күштеу лицензиясы берiлген адам аталған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану құқығын басқа адамға тек осы объект пайдаланылатын тиiстi өндiрiспен бірге беруi мүмкiн.
Күштеу лицензиясы оны беруге себеп болып табылатын мән-жай әрекетi доғарылған реттерде сот арқылы тоқтатылуға тиiс.
5. Егер патент иеленушi тиiмдi коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн қорғау құжатының басқа иеленушiсiнiң құқықтарын бұзбай пайдалана алмайтын болса, Қазақстан Республикасы аумағында өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға ерекше емес күштеу лицензиясын беру туралы сотқа арыз беруге құқылы.
Аталған лицензияны беру кезінде қорғау құжаты басқа адамға тиесiлi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану шектерiн, төлем мөлшерiн, мерзiмiн және тәртібін сот белгiлеп беруге тиiс. Төлем мөлшерi бұл орайда қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген лицензияның рыноктық бағасынан төмен болмауға тиiс.
Осы тармақ негiзiнде алынған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану құқығы бұл құқық берiлген осы өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжаты берiлген кезде ғана берiлуi мүмкiн.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Патент иеленушi алған қорғау құжатын кез келген жеке немесе заңды тұлғаларға бере алады. Беру туралы шарт уәкiлеттi органда мiндетті түрде тiркелуге тиiс.
7. Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне қорғау құжаты және (немесе) оны алу құқығы мұрагерлiк немесе құқықтық мирасқорлық тәртібімен берiледi.
8. Патент иеленушi қорғау құжатын күшiнде ұстау үшiн жыл сайын ақы төлеп тұруға мiндеттi.
12-бап. Патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзушылық болып танылмайтын әрекеттер
Мыналар патент иеленушiнiң ерекше құқығын бұзу деп танылмайды:
1) конструкциясында қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiлерi бар құралдарды немесе басқа елдердiң көлiк (теңiз, өзен, әуе, жер бетіндегі және ғарыштағы) құралдарын пайдаланған кезде, аталған құралдар Қазақстан Республикасының аумағында уақытша немесе кездейсоқ тұрған және көлiк құралдарының мұқтаждары үшiн пайдаланылып отырған жағдайда қолдану. Егер көлiк құралдары Қазақстан Республикасы көлiк құралдарының иелерiне осындай құқық беретiн елдердiң жеке немесе заңды тұлғаларына тиесiлi болса, мұндай әрекеттер патент иеленушінiң ерекше құқығын бұзушылық болып танылмайды;