6) трансфер-агенттiк;
7) депозитарийлiк;
8) бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда ұйымдастыру жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1)-7) тармақшаларында аталған қызмет бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет болып табылады.
3. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң белгiлi бір түрiн немесе өзара қоса атқаратын түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар өзiнiң қызметiн үйлестiру мақсатында өзiн-өзi реттейтiн бір ғана ұйым құрады.
4. Бағалы қағаздар рыногындағы лицензиялауға жататын қызметтi жүзеге асыру тәртібі осы Заңмен, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен, өзін-өзi peттeйтін ұйымдардың және лицензиаттардың ішкі құжаттарымен белгiленедi.
Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң түрлерiн қоса атқарудың талаптары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
5. Клиенттердiң ақшасы мен бағалы қағаздарын лицензиаттар өздерiнiң активтерiнен бөлек есепке алады және олар банкрот болған немесе ерiктi түрде таратылған жағдайда тарату массасына енгiзiлмейдi.
6. Бағалы қағаздар рыногында көрсеткен қызметтерi үшiн лицензиатқа клиенттiң сыйақы төлеуiнiң талаптары мен тәртібі лицензиаттың iшкi құжаттарымен және (немесе) лицензиаттың өз клиентiмен жасалған шартымен белгiленедi.
7. Лицензиаттардың қаржылық есептілік аудитiн жүргiзудiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
46-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) жарғылық капиталын қалыптастыру
1. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) жарғылық капиталын қалыптастыру тек қана ақшалай Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.
Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
Заңды тұлға акцияға төленген ақы және (немесе) басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесi ретiнде енгiзiлген активтер сомасын шегере отырып, өз капиталы шегiнде өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) акцияларын төлеуге құқылы.
2. Мәмiлелердiң нәтижесiнде пруденциалдық нормативтер және қаржылық тұрақтылықтың уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген өзге де көрсеткiштерi немесе өлшемдерi (нормативтерi) бұзылмайтын жағдайда, лицензиат акцияның он және одан да көп (халықтық акционерлік қоғамда - бес және одан да көп) процентi тиесiлi акционерлерден өз акцияларын сатып алу жөнiнде мәмiлелер жасасуға құқылы.
47-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары мен акционерлерi
1. Жеке және заңды тұлғалар - Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидентi еместер осы баптың 2-тармағында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулердi ескере отырып, өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары және акционерлерi бола алады.
2. Мыналар:
1) тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн оффшорлық аймақтарда тiркелген заңды тұлғалар;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған заңды тұлғаларға қатысы бойынша аффилиирленген тұлғалар;
3) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары, акционерлерi) болып табылатын тұлғалар өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшысы және акционерлерi бола алмайды.
Қазақстан Республикасының резидентi емес заңды тұлға өзiнде уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiне сәйкес рейтинг агенттiктерiнiң бірiнiң талап етiлетiн ең төмен рейтингi болған жағдайда зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөніндегі қызметтi жүзеге асырғысы келетiн (жүзеге асыратын) өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) акцияларын сатып ала алады.
48-бап. Өтiнiш берушiге қойылатын біліктілік талаптары
1. Өтiнiш берушi лицензия алу үшiн мынадай біліктілік талаптарына сай болуға тиiс:
1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленген тiзбеге сәйкес біліктілік куәлiктерi бар қызметкерлердiң болуы;
2) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес, бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға қажеттi бағдарламалық-техникалық құралдары мен жабдықтары болуы;
3) өтiнiш берушiнiң бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыру талаптары мен тәртібін белгiлейтiн iшкi құжаттары бағалы қағаздар рыногында белгiлi бір қызмет түрiн жүзеге асыру тәртібін белгiлейтiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінiң және тиiстi өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарының талаптарына сәйкес болуы;
4) бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң тиiстi түрi үшiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген пруденциалдық нормативтер мен қаржы тұрақтылығының өзге де өлшемдерiн (нормативтерiн) сақтауы;
5) осы Заңға және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген талаптарға сәйкес құрылымдық бөлiмшелердiң болуы; 6) өзiн-өзi реттеушi ұйымның өтiнiш берушi мен оның лицензия алу үшiн табыс етiлетiн құжаттарының осы Заңға және осы өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарына сәйкес талаптарына сәйкестiгi туралы қорытындысы болуы.
2. Лицензиаттың iшкi құжаттары уәкiлеттi органмен ол белгiлеген тәртiппен келісілуге тиiс.
3. Бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн жеке адамдарды оқыту, оларға аттестация жүргiзу мен біліктілік куәлiктерiн беру, сондай-ақ біліктілік куәлiктерiн иеленушiлер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзған жағдайда біліктілік куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұру немесе қайтарып алу тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
49-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) сақтауға мiндеттi пруденциялық нормативтерi, қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерi (нормативтерi)
1. Өтiнiш берушi (лицензиат) бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң тиiстi түрiне қатысты уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген пруденциялық нормативтердi және қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерiн (нормативтерiн) сақтауға мiндеттi.
2. Лицензиат уәкiлеттi органға пруденциялық нормативтердiң, қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерiнiң (нормативтерiнiң) сақталуын сипаттайтын көрсеткiштердiң есептерiн, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiп пен мерзiмде табыс етуге мiндеттi.
3. Пруденциялық нормативтердiң, сондай-ақ пруденциялық нормативтер мәнiнiң сақталуы мен есеп айырысу тәртібін сипаттайтын көрсеткiштердiң, өтiнiш берушi (лицензиат) сақтауға тиiстi қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерiнiң (нормативтерiнiң) түрлерi бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң әр түрiне қатысты уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
50-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi лицензиялау
1. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру үшiн лицензиялар берудiң талаптары мен тәртібі осы Заңмен және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
2. Лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттарды уәкiлеттi орган қарайды және өтiнiш берушi мен ол табыс еткен құжаттар осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптарына сәйкес болған жағдайда бір ай мерзiмнен кешiктiрмей лицензия бередi.
Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген негiздемелер бойынша лицензия беруден бас тартуға құқылы.
3. Егер лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттарды қарау процесiнде осы құжаттарда өтiнiш берушi, оның құрылтайшылары немесе олардың қызметi туралы дәйектемесiз мәлiметтер бар екенi анықталса, уәкiлеттi орган ол құжаттарды қарау мepзiмiн тоқтата тұруға құқылы. Өтініш беруші ескертпелердi жойғаннан кейiн және құжаттарды тапсырғаннан кейiн олардың қарау мерзiмi қайта жаңғыртылады. Уәкiлеттi органның құжаттарды кейiнгi қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.
51-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру. Лицензияны керi қайтарып алу және қолданылуын тоқтату
1. Уәкiлеттi орган мынадай:
1) лицензия алу немесе лицензиаттың қызметi туралы есептi қарау үшiн табыс етiлген құжаттарда дәйектемесiз ақпарат анықталған;
2) лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттардағы өзгерістер туралы ақпарат берiлмеген;
3) осы Заңда белгiленген біліктілік талаптары сақталмаған;
4) лицензиат өзiн-өзi реттейтiн ұйымнан шыққан немесе шығарылған;
5) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметiн регламенттейтiн заңдары, сондай-ақ өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар мен лицензиаттың iшкi құжаттары бұзылған;
6) уәкiлеттi органның нұсқамасы орындалмаған;
7) лицензияның қолданылуын ерiктi түрде тоқтата тұру туралы жазбаша өтiнiш болған;
8) егер лицензиат қызметкерлерiнiң біліктілік куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұру немесе керi қайтарып алу нәтижесiнде оның қызметi біліктілік талаптарына сәйкес болмаған;
9) мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы заңдарының бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы мәлiметтердi табыс ету жөніндегі талаптарын орындамаған жағдайларда лицензияның қолданылуын алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
2. Уәкiлеттi органнан лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама алғаннан кейiн бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыру заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi жойылған жағдайда, уәкiлеттi орган лицензияның қолданылуын қайта жаңғырту туралы шешiм қабылдайды және бұл туралы лицензиатқа жазбаша хабарлайды.
4. Уәкiлеттi орган лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi жойылмаған жағдайда және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де негiздер бойынша лицензияны керi қайтарып алуға құқылы.
Соттың лицензиатқа бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға тыйым салу туралы заңды күшiне енген шешiмi болған кезде уәкiлеттi орган лицензияны керi қайтарып алуға мiндеттi.
5. Лицензияның қолданылуы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген негiздемелер бойынша тоқтатылады.
6. Лицензиат уәкiлеттi органның лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе оны керi қайтарып алу туралы хабарламасын алғаннан кейiн оның клиенттер алдындағы мiндеттемелерiн орындау тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
52-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы есептер
1. Лицензиаттар уәкiлеттi органға бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы есептер беруге мiндеттi.
2. Лицензиаттардың бағалы қағаздар рыногындағы қызметi туралы есептердi беру кезеңдiлiгi, есептердiң нысандары және оларды табыс ету тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
53-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға шектеулер және тыйым салу
1. Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген жағдайларды қоспағанда, лицензиаттың қаржы рыногындағы қызметке жатпайтын кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.
2. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының бағалы қағаздар рыногындағы қызметi Қазақстан Республикасының осы ұйымдардың қызметiн реттейтiн заң актілерінiң талаптары ескерiле отырып жүзеге асырылады.
54-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) басшы қызметкерлерiне қойылатын талаптар
1. Мыналардың:
1) осы баптың 2-тармағында белгiленген біліктілік талаптарына сәйкес келмеген;
2) заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы бар;
3) лицензиаттың басшы қызметкерi лауазымына кандидатураны келісуге құжаттарды табыс етердiң алдында бір жыл iшiнде қаржы рыногындағы қызметiне байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылған;
4) бұрын банкрот деп танылған ұйымның басшы қызметкерi болған немесе осы адам осы ұйымның басшы қызметкерi лауазымында болған уақытында консервациялауға, санациялауға немесе мәжбүрлеп таратуға ұшыраған адамның басшы қызметкер лауазымын атқаруына құқығы жоқ. Осы талап аталған оқиғалардың бірi туындағанға дейiн әрi кеткенде бір жыл бұрын мұндай ұйымның басшы қызметкерi болған адамдарға қолданылады және ол туындағаннан кейiн үш жыл бойы қолданылады;
5) уәкiлеттi органда келiсу рәсiмдерiнен өтпеген адамның мұндай лауазымды атқаруға құқығы жоқ.
2. Басшы қызметкер лауазымын атқаруға өтiнiш берушiге (лицензиатқа) қойылатын біліктілік талаптары:
1) жоғары білімiнiң болуын;
2) бірiншi басшы және (немесе) оның орынбасары және филиалдың басшысы (банк болып табылмайтын ұйымдар немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйым үшiн) лауазымына кандидатқа және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асырушы құрылымдық бөлiмшелердiң қызметiн үйлестiрудi және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және соның негiзiнде бағалы қағаздар рыногында жасалатын құжаттарға қол қоюға құқығы бар басшы қызметкер лауазымына кандидатқа (банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдар үшiн) уәкiлеттi орган берген тиiстi санаттағы біліктілік куәлiгiнiң болуын;
3) қызметiнiң негiзгi түрi қаржы қызметiн көрсету болып табылатын ұйымда бірiншi басшы немесе бас бухгалтер лауазымына кандидаттың кем дегенде үш жыл, ал басқа басшы қызметкерлердiң кем дегенде екi жыл жұмыс стажы болуын қамтиды.
3. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) басшы қызметкерi лауазымына уәкiлеттi органның келісімiнен өткен кандидат сайлануы (тағайындалуы) мүмкiн.
Уәкiлеттi орган басшы қызметкердiң кандидатурасын келiсу тәртібін белгiлейдi және кандидаттың осы баптың 2-тармағында белгiленген біліктілік талаптарына сәйкестiгi туралы шешiм қабылдайтын біліктілік комиссиясының қызметiн ұйымдастырады.
Басшы қызметкердiң лауазымына сайланған (тағайындалған) адам сайланған (тағайындалған) күнiнен бастап екi ай iшiнде уәкiлеттi органның келісімiнен өтуге тиiс. Көрсетiлген мерзiмде біліктілік комиссиясы кандидаттың осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сәйкестiгiн анықтайды.
4. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайларда:
1) лицензиаттың қызметi процесiнде Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру тәртібін белгiлейтiн заңдарының бұзылғаны анықталса;
2) осындай келісім негiзiнде берiлген дәйектемесiз мәлiметтер анықталса;
3) бағалы қағаздар рыногындағы қызметке байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылса немесе қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық жауапқа тартылса;
4) осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сәйкес еместiгi анықталса, басшы қызметкер лауазымын атқаратын адамға берiлген келісімдi керi қайтарып алуға құқылы.
5. Лицензиаттың басшы қызметiн атқаруына келісімдi уәкiлеттi органның керi қайтарып алуы сол адамның аталған басшы қызметкер лауазымын атқаруға тыйым салуға әкеп соғады.
55-бап. Ұйымдық құрылымға қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруға екi және одан да көп лицензиясы бар лицензиаттың ұйымдық құрылымы қызметтiң әр түрi бойынша жекелеген бөлiмшелерден тұруға тиiс.
2. Лицензиаттың бір бөлiмше қызметкерлерiнiң функциялары мен мiндеттерiн орындауды екiншi бөлiмшенiң қызметкерлерiне жүктеуге құқығы жоқ.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптарын қолдану ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
56-бап. Жосықсыз мiнез-құлыққа тыйым салу. Бағалы қағаздардың бағасымен айла-шарғы жасау
1. Лицензиаттың:
1) басқа лицензиаттарға және инвесторларға бағалы қағаздар рыногында олардың әрекетiн өзгерту мақсатында кез келген нысанда ықпал етуiне;
2) бағалы қағаздар рыногында қалыптасатын жағдайға ықпал ету мақсатында дәйектемесiз мәлiметтер таратуына;
3) бағалы қағаздар рыногында бағамен айла-шарғы жасауына тыйым салынады.
2. Мыналар:
1) жалған немесе алдамшы мәмiле;
2) екi және одан да көп тараптар арасында шамамен бірдей бағамен және бір мезгiлде қарсы бағыты бар, алдын ала бәтуаласу арқылы жасалатын, орындалуы мұндай мәмiлелердiң тараптарындағы бағалы қағаздар мен ақша санын олардың мұндай мәмiлелер жасалғанға дейiнгi санымен салыстырғанда өзгеруiне әкеп соқтырмайтын мәмiлелер;
3) тараптар арасында, мұндай мәмiле жасалғанға дейiн бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан осы бағалы қағаздардың бағасынан айтарлықтай өзгеше бағамен алдын ала келісім бойынша жасалған мәмiле;
4) бағамен айла-шарғы жасау мақсатында жасалған өзге де мәмiлелер бағалы қағаздардың бағасымен айла-шарғы жасау мақсатында олармен жасалатын мәмiлелердiң негiзгi түрлерi болып танылады.
3. Бағалы қағаздармен мәмiлелердi бағамен айла-шарғы жасау мақсатында жасалған мәмiле белгiлерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және сауда-саттықты ұйымдастырушының (егер мұндай мәмiле оның сауда жүйесiнде жасалған болса) iшкi құжаттарымен белгiленедi.
10-тарау. Бағалы қағаздарын нақтылы ұстау
57-бап. Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды жүзеге асыру тәртібі
1. Бағалы қағаздардың нақтылы ұстаушысы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар орталық депозитарий, кастодиан және брокер-дилер нақтылы ұстау қызметiн көрсетуге құқылы.
2. Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды клиентпен жасалған, лицензиаттың нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты құқықтарын белгiлейтiн шарттың талаптарына сәйкес лицензиат жүзеге асырады.
3. Нақтылы ұстау ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргізу құқығы бар кастодиан және брокер-дилер клиентпен нақтылы ұстау туралы шарт жасалғаннан кейiн күнтiзбелiк үш күн iшiнде клиентке нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке шот және орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесіндегі клиенттiң қосалқы шотын ашуға мiндеттi.
Бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiнде нақтылы ұстауға берiлген мемлекеттік емес бағалы қағаздарды есепке алу орталық депозитарийдiң жеке шоты бойынша жүзеге асырылады, оны ашуды орталық депозитарийдiң бұйрығы негiзiнде тiркеушi жүргiзедi.
Нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке шот ашу тәртібі нақтылы ұстаушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
4. Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды жүзеге асыру тәртібі осы Заңның талаптарына және нақтылы ұстау туралы шарттың талаптарына сәйкес лицензиаттардың iшкi құжаттарымен белгiленедi.
58-бап. Нақтылы ұстаушының мiндеттерi
Нақтылы ұстаушы:
1) клиенттiң жеке шотындағы қателiктер мен ақпаратты бұрмалаудың алдын алу мақсатымен тұрақты бақылауды жүзеге асыруға;
2) нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде бар және клиенттiң жеке шоты бойынша өзгерістер енгізудiң ретiн белгiлеуге немесе қалпына келтiруге мүмкiндiк беретiн ақпаратты сақтауға;
3) осы Заңда белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде клиенттiң жеке шоты бойынша өзгерістер енгізуге;
4) нақтылы ұстау туралы жасалған шартқа сәйкес клиентке анық ақпарат беруге мiндеттi.
59-бап. Нақтылы ұстаушының функциялары. Нақтылы ұстаушының функцияларын жүзеге асыруға байланысты тыйым салу
1. Нақтылы ұстаушының функциялары:
1) клиенттiң бағалы қағаздарын есепке алу және осы бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде олардың болуын қамтамасыз ету;
2) клиенттiң бағалы қағаздарымен жасаған мәмiлелерiн тiркеу;
3) клиенттердiң бағалы қағаздар бойынша құқықтарын растау;
4) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде клиенттердiң мүдделерiн бiлдiру;
5) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты ақпаратты клиенттiң назарына жеткізу;
6) нақтылы ұстау туралы шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де функциялар болып табылады.
2. Нақтылы ұстаушының:
1) Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмейтiн бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеудi жүзеге асыруына;
2) осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, клиенттiң бұйрығынсыз бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеудi жүзеге асыруына;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, клиенттiң тиiстi жазбаша рұқсатынсыз оның ақшасы мен бағалы қағаздарын өз мүддесiне немесе үшiншi тұлғалардың мүддесiне пайдалануына тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында нақтылы ұстаушының:
1) орталық депозитарийдi;
2) шетелдiк бағалы қағаздарға немесе осы баптың 1-тармағында белгiленген функцияларды жүзеге асырушы шетелдiк ұйымдарға қатысты өзiнiң нақтылы ұстау қызметiн көрсеткен кезде, кастодиандарды қоспағанда, басқа нақтылы ұстаушыға өзiне нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты нақтылы ұстау қызметiн көрсетуге құқығы жоқ.
60-бап. Нақтылы ұстау туралы шарт
1. Нақтылы ұстаушы мен оның клиентi арасындағы құқықтық қатынастар олардың арасында жасалған нақтылы ұстау туралы шартпен реттеледi. Нақтылы ұстау туралы шартқа Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес тапсырма шартының нормалары қолданылады.
2. Нақтылы ұстау туралы шартты жасасар алдында нақтылы ұстаушы клиенттi өзiнiң нақтылы ұстаушы ретіндегі қызметтi орындау талаптарымен таныстыруға мiндеттi.
3. Нақтылы ұстау туралы шартта:
1) шарттың нысанасы;
2) нақтылы ұстаушының клиенттiң жеке шоты туралы коммерциялық құпияны caқтaу жөнiндегі мiндеттемелерiн қоса алғанда, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
3) нақтылы ұстаушының депозитарийге клиент туралы мәлiметтер берудiң талаптары мен тәртібі;
4) клиенттердiң нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздар жөніндегі құқықтарын растау тәртібі;
5) нақтылы ұстаушының көрсеткен қызметiне ақы төлеудiң мөлшерi мен тәртібі;
6) нақтылы ұстаушының клиент алдындағы есептілік нысаны және кезеңдiлiгi;
7) тараптардың шарттың талаптарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi;
8) бағалы қағаздар бойынша кiрiс алу талаптары мен тәртібі болуға тиiс.
Жоғарыда тiзiлiп көрсетiлген ережелерден бөлек шартта Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де талаптар болуы мүмкiн.
61-бап. Нақтылы ұстаудағы бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеу
1. Нақтылы ұстаудағы бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi нақтылы ұстаушы клиенттiң нақтылы ұстауды есепке алу жүйесіндегі шоты және клиенттiң орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесіндегі қосалқы шоты бойынша жүзеге асырады.
2. Орталық депозитарийде осы клиенттi бірдейлендiруге қажетті мәлiметтер болған жағдайда, депоненттiң клиентi орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесіндегі өзiнiң қосалқы шотының жай-күйi туралы үзiндi алуға құқылы.
Нақтылы ұстауды есепке алу жүйесіндегі жеке шоттан үзiндiде көрсетiлген бағалы қағаздардың саны, түрi және санаты туралы мәлiметтер орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесіндегі қосалқы шоты бойынша сондай мәлiметтерге сәйкес келмеген жағдайда орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiнде көрсетiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.
Орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесіндегі қосалқы шоттан үзiндiнi табыс ету тәртібі оның iшкi құжаттарымен белгiленедi.
3. Нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу ерекшелiктерi нақтылы ұстаушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
62-бап. Нақтылы ұстаушының ақпаратты ашуы
1. Нақтылы ұстаушы тiркеушi мен орталық депозитарийдiң талап етуi бойынша, олардың арасында нақтылы ұстау туралы жасалған шартқа сәйкес нақтылы ұстаушыға өздерi жөніндегі мәлiметтердi ашу құқықтарын бермеген клиенттер туралы мәлiметтердi қоспағанда, өзiнiң нақтылы ұстауындағы бағалы қағаздары бар клиенттер туралы мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.
Осы тармақтың бірiншi бөлiгiнде аталған ақпаратты табыс ету тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
2. Нақтылы ұстаушының осы баптың 1-тармағында белгiленген өз клиенттерi туралы мәлiметтер беру жөніндегі шектеу осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік органдарға қатысты қолданылмайды.