ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 359-бап жаңа редакцияда
359-бап. Апелляциялық сатыдағы сот актілері
Апелляциялық саты iстi қарау нәтижелерi бойынша сот актiсiн қаулы түрінде шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 360-бап жаңа редакцияда
360-бап. Апелляциялық қаулының мазмұны
1. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында:
1) қаулының шығарылған уақыты мен орыны;
2) соттың атауы, сот құрамы;
3) апелляциялық шағым немесе наразылық берген адам;
4) шешiмнiң, апелляциялық шағымның немесе наразылықтың, iстi апелляциялық сатыда қарау кезiнде оған қатысушы адамдар табыс еткен дәлелдемелердiң, түсiнiктемелердiң қысқаша мазмұны;
5) сотты өз қорытындысын жасауға әкелген себептер және сот басшылыққа алған заңдарға сiлтеме;
6) сот қаулысы көрсетiлуге тиiс.
2. Апелляциялық шағым немесе наразылық қанағаттандырылмай қалдырылған жағдайда сот сол бойынша шағым немесе наразылық дәлелдерi дұрыс емес немесе шешiмнiң күшiн жоюға негiз болып табылмайды деп танудың себептерiн көрсетуге мiндеттi.
3. Шешiмнiң толық немесе бір бөлiгіндегі күшiн жойған және iстi жаңадан қарауға берген жағдайда сот iстiң қандай мән-жайларын анықтау қажеттiгiн, қандай дәлелдемелердi зерттеу керектiгiн көрсетуге, бірiншi сатыдағы сот жасауға тиiстi басқа да iс-әрекеттердi көрсетуге мiндеттi.
4. Бірiншi сатыдағы соттың шешiмiнiң күшiн жойған және жаңа шешiм шығарған кезде апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында сол бойынша бірiншi сатыдағы соттың шешiмiнiң күшi жойылған негiздер, апелляциялық сатыдағы соттың қорытындылары және оның шешiмi көрсетiлуге тиiс.
5. Осы Кодекстiң 230-232-баптарында көзделген жағдайларда және тәртiпте апелляциялық сатыдағы сот кеткен қате жазбалар және анық арифметикалық қателердi түзету туралы мәселенi қарауға, қосымша қаулы шығаруға немесе оның мәнiн өзгертпей шығарылған қаулыны түсiндiруге құқылы. Апелляциялық сатыдағы соттың аталған мәселелер жөніндегі қаулысы шығарылған күнiнен бастап күшiне енедi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 361-бап алып тасталды
361-бап. алынып тасталды
362-бап. Іс апелляциялық тәртіппен қаралғаннан кейін түскен апелляциялық шағымды немесе наразылықты қарау тәртібі
1. Белгіленген мерзімде немесе өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіргеннен кейін берілген апелляциялық шағым немесе наразылық басқа шағымдар бойынша іс қаралғаннан кейін апелляциялық сатыдағы сотқа түскен жағдайда, сот мұндай шағымды немесе наразылықты өзінің іс жүргізуіне қабылдауға міндетті.
2. Апелляциялық сатыдағы сот өзінің бұрын шығарған актісінің күшін жояды және аталған шағымда немесе наразылықта оның күшін жоюдың негізі көзделсе, істі толық көлемінде қарайды.
363-бап. Апелляциялық сатыдағы сот нұсқауларының міндеттілігі
1. Іс жүргізу әрекеттерін жасау туралы нұсқаулар, апелляциялық сот ұйғарымындағы деректер, бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған және іс қайтадан қаралуға берілген жағдайда сол істі қайтадан қараушы сот үшін міндетті болып табылады.
2. Істі апелляциялық тәртіппен қарайтын соттың қайсыбір дәлелдеменің дұрыстығы немесе дұрыс еместігі туралы, бір дәлелдеменің екіншісінен артықшылығы туралы, сондай-ақ жаңа істі қарау кезінде қандай шешім шығарылуы тиіс екендігі туралы мәселелерді алдын ала шешуге құқығы жоқ.
364-бап. Апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюдың не оны өзгертудің негіздемелері
1. Апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға немесе оны өзгертуге:
1) іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберінің дұрыс анықталмауы және дұрыс айқындалмауы;
2) бірінші сатыдағы сот белгіленген іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбеуі;
3) бірінші сатыдағы сот шешімінде баяндалған қорытындылардың істің мән-жайына сәйкес келмеуі;
4) материалдық нормалардың немесе іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы негіз болып табылады.
2. Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күшін бір ғана үстірт пікірлер бойынша жоюға болмайды.
365-бап. Материалдық құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы
Материалдық құқық нормалары, егер сот:
1) қолданылуға тиісті заңды қолданбаса;
2) қолданылмауға тиісті заңды қолданса;
3) заңды дұрыс түсіндірмесе;
4) заңға ұқсас қалыпты немесе құқыққа ұқсас қалыпты дұрыс қолданбаса, бұзылған немесе дұрыс қолданылмаған деп есептеледі.
366-бап. Іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылуы және дұрыс қолданылмауы
1. Бірінші сатыдағы сот шешімінің күші мына жағдайларда, егер:
1) істі бұл істі қарауға құқығы жоқ судья қараса;
2) сот, істі сот отырысының уақыты мен орны хабарланбаған, іске қатысушы адамдардың біреуі болмаған жағдайда қараса;
3) істі қарау кезінде сот ісі жүргізіліп отырған тіл туралы ереже бұзылғанда;
4) сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселелерді шешкенде;
5) шешімге судья қол қоймағанда немесе шешімде көрсетілгеннен басқа судья қол қойғанда;
6) істе сот отырысының хаттамасы болмағанда;
7) істе осы Кодекстің 255-бабына сәйкес жасалуы міндетті жеке іс жүргізу іс-әрекетінің хаттамасы болмағанда шағым, наразылық дәлелдеріне қарамастан жойылуға тиіс.
2. Басқа да іс жүргізудің бұзылуы орын алған жағдайда, егер бұл бұзушылық істі дұрыс шешпеуге әкеп соқтырса немесе әкеп соқтыруы мүмкін болса, шешімнің күші жойылуға тиіс.
367-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту немесе арызды қарамай қалдыру арқылы шешімнің күшін жою
Осы Кодекстің 247, 249-баптарында аталған негіздер бойынша іс жүргізуді қысқарту немесе арызды қарамай қалдыру арқылы сот шешімінің күші апелляциялық тәртіппен жойылуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 368-бап жаңа редакцияда
368-бап. Апелляциялық сатыдағы сот қаулыларының заңды күшiне енуi
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары қабылданған күннен бастап заңды күшiне енедi.
369-бап. Істі бірінші сатыдағы сотқа қайтару
Апелляциялық сатыдағы сот істі қарағаннан кейін оны бірінші сатыдағы сотқа қайтарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 42-тарау алып тасталды
42-тарау. Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу
43-тарау. Қадағалау тәртібімен іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 384-бап жаңа редакцияда
384-бап. Сот қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қарау
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қадағалау алқасының қаулыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы барлық соттарының заңды күшiне енген актілері, осы тарауда көзделген негiздер болған сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қадағалау алқасының қаулыларын қайта қарауға және iстi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қадағалау алқасында қайталап қарауға ерекше жағдайларда, осы алқа қабылдаған қаулы адамдардың өмiрiне, денсаулығына не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауiпсiздiгiне орны толмас ауыр зардаптар әкелетiндiгi туралы деректердiң анықталуына байланысты енгiзiлген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы немесе Қазақстан Республикасы Бас прокурорының наразылығы бойынша жол берiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 385-бап өзгертілді
385-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне шағым жасауға, наразылық келтіруге құқығы бар тұлғалар
1. Соттың заңды күшiне енген шешiмдерiне, ұйғарымдарына, қаулыларына және сот бұйрықтарына тараптар және апелляциялық шағымдар беруге құқығы бар iске басқа да қатысушылар iстi қадағалау тәртібімен қайта қарауға өкiлеттi сотқа тiкелей шағымдана алады.
2. Заңды күшiне енген сот актiсiне:
1) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөніндегі алқасы мен қадағалау алқасына;
2) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөніндегі алқасына;
3) облыстардың прокурорлары мен соларға теңестiрiлген прокурорлар - облыстық және оларға теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына наразылық келтiруге құқылы.
3. Наразылық осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың өз бастамалары бойынша да, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінімі бойынша да келтірілуі мүмкін. Өтінім наразылыққа қоса тіркеледі.
4. Шағымды, наразылықты іс қадағалау сатысында қаралғанға дейін оны қадағалау тәртібімен істі қараушы сотқа тиісінше арыз беру жолымен жүгінген тұлға кері қайтарып алуы мүмкін. Наразылықты жоғары тұрған прокурордың да кері қайтарып алуы мүмкін. Сот іске қатысушы тұлғаға наразылықтың кері қайтарып алынғаны туралы хабарлайды. Қадағалау шағым мен наразылығын кері қайтарып алу қадағалау сатысында іс жүргізудің қысқартылуына әкеп соғады.
4-1. Осы Кодексте көрсетiлген негiздер болғанда, процеске қатысушылардың шағымдары бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты алқасының төрағасы, облыстық және оған теңестiрiлген соттардың қадағалау алқасының судьялары тиiстi сот сатысына шағым жасалған сот қаулысын қайта қарау туралы ұсыным енгiзедi.
5. Осы Кодекстің 393-395-баптарында көзделген ережелер прокурордың наразылықтарына қолданылмайды және тікелей қадағалау сатысында қаралады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 386-бап жаңа редакцияда
386-бап. Iстi қадағалау тәртібімен қарайтын соттар
1. Облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасы:
1) аудандық және оларға теңестiрiлген соттардың заңды күшiне енген шешіміне, қаулысына, ұйғарымына;
2) облыстық және оған теңестiрiлген соттың азаматтық iстер жөніндегі алқасының апелляциялық қаулыларына қадағалау наразылықтары, ұсынымдары бойынша iстердi қарайды.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөніндегі алқасы:
1) облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың қадағалау алқасының апелляциялық тәртiппен қаралмаған, iстердi бірiншi саты бойынша қарау кезiнде шығарылған шешiмдерiне, қаулыларына, ұйғарымдарына;
2) облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың қадағалау алқасының қаулыларына қадағалау наразылықтары және ұсынымдары бойынша iстердi қарайды.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасы:
1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөніндегі алқасының iстi бірiншi сатыда қарау кезiнде шығарған шешiмдерiне, қаулыларына, ұйғарымдарына;
2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөніндегі алқасының iстердi апелляциялық және қадағалау тәртібімен қарау кезiнде шығарған қаулыларына;
3) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қадағалау алқасының осы Кодекстiң 384-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша қаулыларына қадағалау наразылықтары мен ұсынымдары бойынша iстердi қарайды.
387-бап. Істерді талап етудің және заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың себептері мен негіздері
1. Қадағалау тәртібімен азаматтық істі осы бапта белгіленген себептер мен негіздер болған жағдайда ғана осы Кодекстің 385-бабының екінші бөлігінде аталған прокурорлар және осы Кодекстің 393-бабында аталған судьялар тиісті соттан тексеру үшін талап етуі мүмкін.
2. Осы Кодекстің 385-бабының бірінші бөлігінде аталған адамдардың шағымдары, өтінімдері, сол сияқты осы Кодекстің осы бабының екінші бөлігінде аталған прокурорлардың өз құзыреті шегіндегі бастамасы істерді талап етуге себеп болып табылады.
3. Материалдық нормалардың не іс жүргізу құқығының едәуір бұзылуы соттың заңды күшіне енген шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қарауға негіз болады.
4. Соттың заңды күшіне енген шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын, егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі оларды шығаруда негізге алынған акт конституциялық емес деп таныған жағдайда олар қадағалау тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 388-бап өзгертілді
388-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне шағым жасау, наразылық келтіру мерзімдері
1. Соттың шешімі, ұйғарымы, қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде қадағалау шағымын, наразылығын беруге болады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін, осы Кодекстің 387-бабының төртінші бөлігінде көзделген негіз бойынша сот шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қайта қарау жағдайларында қолданылмайды.
3. Егер қадағалау наразылығын келтіру туралы өтінім прокурорға белгіленген мерзім сақтала отырып берілсе, бірақ ол бойынша шешім қабылданбаса, сот наразылық келтіру мерзімін ұзартады. Наразылықта бұл туралы көрсетілуге тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 389-бап өзгертілді
389-бап. Наразылық келтіру
1. Осы Кодекстің 385-бабының екінші бөлігінде аталған прокурор себептер мен негіздер болған жағдайда наразылық келтіріп, оны іспен және өтініммен бірге тиісті сотқа жібереді.
2. Наразылықтың көшірмелерін іске қатысушы адамдарға наразылық келтiрген прокурор жiбередi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 390-бап өзгертілді
390-бап. Наразылықтың мазмұны
Наразылықта:
1) наразылық келтіріп отырған соттың атауы болуға;
2) наразылық келтіріп отырған сот актілері көрсетілуге;
3) сот актілері шығарылған істің мәні баяндалуға;
4) материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы немесе дұрыс түсіндірілмеуі, немесе заңсыз сот актісінің шығарылуына әкеп соққан, іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуы неде екені, не сот актісі шығарылғанда негізге алынған нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі конституциялық емес деп тануы көрсетілуге;
5) наразылық келтірген лауазымды адамның ұсынысы немесе қорытындысы болуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 391-бап өзгертілді
391-бап. Қадағалау шағымының (қадағалау наразылығын келтіру туралы өтінімнің) мазмұны
1. Қадағалау шағымында (қадағалау наразылығын келтіру туралы өтінімде):
1) шағым (өтінім) жолданатын лауазымды адамның аты-жөні;
2) шағым (өтінім) беруші тұлғаның атауы, оның тұрғылықты жері немесе орналасқан орны және істегі іс жүргізу жағдайы болуға;
3) сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының мазмұны көрсетілуге, сондай-ақ тұрғылықты жерін немесе орналасқан орны көрсетіле отырып іске қатысушы тұлғалар аталуға;
4) істі бірінші, апелляциялық сатыларды қарайтын соттар және олар қабылдаған шешімдердің мазмұны көрсетілуге;
5) шағым жасалып отырған, наразылық келтіру ұсынылатын сот шешімі, ұйғарымы, қаулысы көрсетілуге;
6) сот қаулысының заңсыздығы немесе негізсіздігі неде екені және шағым (өтінім) беруші тұлғаның не өтінетіні көрсетілуге тиіс.
2. Егер сот шешіміне немесе ұйғарымына апелляциялық тәртіппен шағым жасалмаса, шағымда (өтінімде) оған шағым жасалмау себептері көрсетілуге тиіс.
3. Егер қадағалау шағымын (өтінімін) іске қатыспаған тұлға берсе, онда шағым жасалып отырған шешім, ұйғарым, қаулы бұл тұлғаның қандай құқықтарын бұзғаны көрсетілуге тиіс.
4. Егер қадағалау шағымы (өтінімі) бұдан бұрын қадағалау сатысына берілген болса, онда бұл туралы және шағым бойынша қабылданған сот шешімі туралы көрсетілуге тиіс.
5. Қадағалау шағымына (өтініміне) шағым берген тұлға немесе оның өкілі қол қоюға тиіс. Өкіл берген қадағалау шағымына (өтініміне) сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын басқа да құжат қоса тіркелуге тиіс.
6. Шағымға (өтінімге) іс бойынша шығарылған шешімнің, ұйғарымның, қаулының сот куәландырған көшірмелері, сондай-ақ төменгі саты шағымды қадағалау тәртібімен қараса, оның шешімі қоса тіркелуге тиіс.
392-бап. Қадағалау шағымын (өтінімін), наразылықты кері қайтару
1. Осы Кодекстің 391-бабында көзделген талаптарға сай келмейтін не осы Кодекстің 388-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен соң берілген қадағалау шағымы (өтінімі), наразылық қаралуға жатпайды және олар берген адамдарға кері қайтарылады.
2. Сот актісіне шағым жасауға құқығы жоқ адамдардың барлық өтінімдері мен арыздары да кері қайтарылуға тиіс.
3. Егер қадағалау шағымы, наразылық белгіленген мерзім өтіп кеткеннен кейін берілсе және онда қалпына келтіру туралы өтініш жасалса, шағымды, наразылықты қарайтын судьялар аталған мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені шешеді. Осы Кодекстің 388-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда судья бұл мерзімді қалпына келтіруге міндетті.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 393-бап жаңа редакцияда
393-бап. Қадағалау шағымдарын сотта алдын ала қарау
1. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарда қадағалау шағымын алдын ала қарауды осы сот төрағасының тапсырмасы бойынша қадағалау алқасының судьясы ол келiп түскен күннен бастап 15 тәулiк iшiнде жеке-дара жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында қадағалау шағымдарын алдын ала қарау осы сот Төрағасының тапсырмасы бойынша ол келiп түскен күннен бастап 15 тәулiк iшiнде тиiстi алқаларда жүзеге асырылады.
3. Егер қадағалау шағымының және оған қоса тiркелген құжаттардың мазмұны шағым берiлiп отырған сот қаулыларының заңдылығына күдiк тудыратын болса, қадағалау шағымдарын алдын ала қарауды жүзеге асыруға құқылы адамдар iстi талап етiп алдыруға құқылы. Бұл жағдайда қадағалау шағымын бір ай iшiнде алдын ала қарау мерзiмдерi талап етiлген iстiң қадағалау сатысына түскен күнiнен бастап есептеледi.
4. Қадағалау шағымының осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiмен белгiленген алдын ала қарау мерзiмдерiн, дәлелдi себептер болған жағдайда, тиiстi соттың төрағасы не тиiстi сот алқасының төрағасы 1 айдан аспайтын мерзiмге ұзарта алады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 394-бап жаңа редакцияда
394-бап. Шағымды алдын ала қарау бойынша қабылданатын шешiмдер
1. Қадағалау шағымын алдын ала қараудың нәтижелерi бойынша мына шешiмдердiң бірi қабылданады:
1) шағым жасалған сот актілерін қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы;
2) шағым жасалған сот актілерін қайта қараудан бас тарту туралы.
2. Шағым жасалған сот актiсiн қайта қарау туралы ұсынымды:
1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасына;
2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты алқасының төрағасы - облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөніндегі алқасына;
3) облыстық және оған теңестiрiлген соттың қадағалау алқасының судьялары - осы соттың қадағалау алқасына енгiзедi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 395-бап жаңа редакцияда
395-бап. Қадағалау шағымын алдын ала қараудың iс жүргiзу салдары
1. Жоғарғы Соттың Төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы, облыстық және оған теңестiрiлген соттың төрағасы заңды күшiне енген шешiмдi, қаулыны, ұйғарымды қайта қарау туралы ұсынымды қарау үшiн iспен, шағыммен және оған қоса тiркелген материалдармен бірге тиiстi қадағалау сатысына жiбередi.
2. Заңды күшiне енген сот актiсiн қайта қарау туралы ұсыным құзыретiне осы iстi қарау кiретiн қадағалау сатысының соты үшiн мiндеттi. 3. Қадағалау сатысындағы iс ол келiп түскен күннен бастап бір ай iшiнде қаралуға тиiс. Дәлелдi себептер болған кезде iстi қарау мерзiмi iс жүргiзуiнде жатқан қадағалау сатысының негiздi қаулысымен ұзартылуы мүмкiн. Өздерiне қатысты шағым берiлiп отырған сот шешiмi шыққан тараптар мен өзге тұлғаларға қадағалау тәртібімен iстi қарау уақыты және орны туралы хабарлама, сондай-ақ қадағалау шағымының, ұсынымның, наразылықтың көшiрмесi жiберiледi.
4. Шағым берiлiп отырған сот қаулыларын қайта қарау үшiн негiздемелер болмаған кезде қадағалау шағымының авторына жазбаша хабар жiберiледi.
5. Осы Кодекстiң 385-бабының бірiншi бөлiгiнде аталған адамдар осы қадағалау сатысына қайталама қадағалау шағымдарын беруi мүмкiн, оларда осы тұлғалардың бастапқы шағымын қарау кезiнде талқыланбаған жаңа дәлелдер келтiрiлген жағдайларда, бұлар алдын ала қарау рәсiмiне әкеп соғады. Қайталама қадағалау шағымы тек қана жаңа дәлелдер шегiнде қаралады. Осы Кодекстiң 385-бабының бірiншi бөлiгiнде аталған адамдар шағым берiлiп отырған сот қаулыларын қайта қарауға негiздер жоқ екендiгi туралы шешiммен келiспеген кезде, жоғары тұрған қадағалау сатысына осындай шағым беруге құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 396-бап өзгертілді; ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 396-бап жаңа редакцияда
396-бап. Сот актiсiнiң орындалуын тоқтата тұру
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Бас Прокуроры және оның орынбасарлары өз құзыретi шегiнде iстi сұратып алумен бір мезгiлде қадағалау тәртібімен тексеру үшiн сот актiсiнiң орындалуын үш айдан аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 397-бап өзгертілді
397-бап. Істі қарау шектері
1. Істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде сот істе бар материалдар бойынша шағым, наразылық дәлелдері шегінде бірінші, апелляциялық сатыдағы соттар шығарған сот қаулыларының заңдылығы мен негізділігін тексереді.
2. Қадағалау сатысындағы сот заңдылық мүдделерін көздеп, қадағалау шағымы немесе наразылық шегінен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген шешімнің заңдылығын толық көлемінде тексеруге құқылы. Сот осы Кодекстің 25-29-тарауларында көзделген істер бойынша бірінші, апелляциялық сатыдағы соттар шығарған қаулылардың заңдылығы мен негізділігін толық көлемінде тексереді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 398-бап өзгертілді
398-бап. Істі қадағалау сатысында қараудың тәртібі, қадағалау сатысындағы соттың шешімдері
1. Қадағалау сатысындағы сот отырысы төрағалық етушінің қандай сот шешімі және кімнің шағымы (наразылығы) бойынша қайта қаралып отырғанын, сот құрамына кімдердің енетінін және сот отырысы залында іске қатысушы адамдардан кім келіп отырғанын жариялауымен ашылады. Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген, шағым (наразылық) берген адамның болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Iстi қарау кезiнде қадағалау сатысының сотына прокурордың қатысуы мiндеттi.
2. Мәлімделген қарсылықтар мен өтінімдер шешілгеннен кейін сот тыңдауды жалғастыру туралы не оны кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды. Сот істі тыңдауды жалғастыру туралы шешім қабылдаған жағдайда төрағалық етуші қадағалау шағымын (наразылығын) берген адамға сөз береді. Егер мұндай адамдар бірнешеу болса, олар өздері ұсынатын сөз сөйлеу кезегін сот назарына жеткізеді. Егер олар келісімге келе алмаса, сөз сөйлеу кезегін сот белгілейді.
3. Шағым (наразылық) беруші адам, өз пікірі бойынша, шағым жасалып отырған шешімнің заңсыз, негізсіз болып табылатынына себептер мен дәлелдерді айтып береді. Содан кейін төрағалық етуші сот белгілеген тәртіппен іске қатысушы басқа адамдарға сөз береді.
Сотқа қатысушы адамдар сөз сөйлегеннен кейiн прокурор iс бойынша қорытынды бередi.
4. Істі қадағалау тәртібімен қараудың нәтижесінде сот кеңесу бөлмесінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бірінші, апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы шешімді өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырмай тастайды;
2) бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және істі бірінші, апелляциялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға жібереді;
3) бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және талап-арызын қарамай тастайды не іс бойынша іс жүргізуді қысқартады;
4) іс бойынша шығарылған шешімдердің біреуін күшінде қалдырады;
5) бірінші, апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы соттың шешімін өзгертеді не оның күшін жояды, материалдық құқық нормаларын қолдануда және түсіндіруде қате жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей, жаңа шешім шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 399-бап өзгертілді